Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Ахмет Байтұрсынұлы ХХ ғасырдың басындағы қазақ азаттық қозғалысының рухани көсемі

Мақалада ХХ ғасырдың басындағы Ресей империясының отаршылдық саясатының салдарынан қазақ халқының жерінен, тілінен, дінінен айырылып қалуы күшейген кездегі Алаш зиялыларының тарих сахнасына шығуы туралы айтылған. Қазақстандағы азаттық қозғалыстың жаңа кезеңінің басталуына сәйкес халықтың тарихи санасын оятудағы Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерінің маңыздылығын көрсету мақсатында оның еңбектерін дерек ретінде талдау арқылы азаттық қозғалыстың рухани көсемі, көшбасшысы болған тарихи тұлға ретіндегі рөлі баяндалған. А. Байтұрсынұлының қазақ халқының тарихи тұлғасы және рухани көшбасшысы ретінде қалыптасуы ХХ ғасырдың басындағы азаттық қозғалысымен тығыз байланысты, оны төрт кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең ― 1905 жылғы Қарқаралы петициясы; екінші кезең ― «Қазақ» газетінде атқарған қызметі; үшінші кезең ― Алаш партиясы мен Алаш Орда үкіметінің қалыптасуындағы рөлі; төртінші кезең ― кеңес кезеңіндегі қызметі. Сонымен қатар, А. Байтұрсынұлының практикалық қызметі мен рухани мұрасын талдау оның өмір бойы ұлттық идея үшін күрескені, өз халқының болашағын жақсарту бойынша нақты жоспарларды іске асыруға ұмтылғаны туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді.

Кіріспе

Тарихтың даму үрдісінде азаттық қозғалыстың мақсатын түсіндіру барысында белгілі бір көшбасшылар, тарихи тұлғалар болады. «Тарихты тұлғалар жасайды» деген шындық — жеке тұлғаның рөлі туралы мәселесімен тығыз байланысты. Тұлғаның қасиеттерінің бірі туралы Мұстафа Шоқай «Ұлттық зиялы» деген мақаласында «...Оқыған, тәрбие көрген адамның бәрін ұлттық зиялы қатарына қоса беруге болмайды. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады. Халықты ұлт деңгейіне көтеру, яғни жері, суы, қазынасы, тілі мен діні бір болған халық бұқарасын бірлестіріп, олардың санасын біртұтас саяси, әлеуметтік, ұлттық санаға жеткізуде ұлы тарихи міндеттің маңызды бір бөлігі зиялылардың үстіне жүктеледі» [1; 174–176] деп өз заманында көрсетсе, бүгінгі күндері шетелдік зерттеушілердің еңбектерінде шынайы көшбасшы — тұлға болудың өлшемдері — сенімділік, үміт, оптимизм, табандылық, моральдық пайымдау деумен қатар көшбасшылық теориясы туралы ұстанымдарында көшбасшылық — әр түрлі жолмен анықталып негізделеді дей келе, соның бір белгісі ретінде «көшбасшылық бір топ адамның мақсатқа қол жеткізуіне көмектесетін ықпал ету процесі» деп жазады [2; 262–263]. Осындай тұлғалық қасиетті тарихшы ғалым Л.Н. Гумилев өзінің әйгілі пассионарлық идеясында негіздеген. Ахмет Байтұрсынұлының ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамы үшін атқарған қызметі қазақ халқына рухани жаңа идея берді. Сондықтан да ол зиялылық, тұлғалық, көшбасшылық қасиеттері мол пассионарлық тұлға.

Пассионарлық тұлғалар ғана ұлттық элита бола алады. Ұлттық элита дегеніміз зерек ақыл- ойымен, ұтымды іс-әрекетімен, интеллектуалдық көшбасшылығымен халқының алға қарай дамуына көп еңбек сіңірген, оның өркениетіне белгілі үлес қосқан, ұлтқа үлгілі қабілетті тұлғалар, ұлтының өсуіне елеулі үлес қосқан адам. Шәкәрім қажы айтқандай «ең жақсы адам». Ахмет Байтұрсынұлы осындай қазақтың ұлттық элитасының бірегейі болғандығын дәлелдейтін дерек оның ағартушылық қызметі. Сонымен қатар ХХ ғасырдың басында бүкіл Азия елдерінде метрополия мен езілген халықтардың арасындағы қарама–қайшылықтардың ерекше шиеленісуі ұлт–азаттық қозғалысын күшейтті. Азаттық күрес ұлттық тәуелсіздікті жеңіп алуға, шетелдік үстемдікті, отарлық езгі мен қанауды жоюға бағытталды. Тарихта бұл уақыт «Азияның оянуы» деп аталды.

Кеңестік дәуірде Алаш зиялылары туралы зерттеуге тыйым салынды. Жаңа заман Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін Алаш зиялылары, соның ішінде Ахмет Байтұрсынұлының да елінің болашақ тағдыры мен ұлттық мүддесі жолында күрескен тұлға ретінде зерттеліп, бірнеше еңбектер жарыққа шықты. Атап айтсақ, Р. Нұрғалиев «Ахмет Байтұрсынов. Ақ жол»; «Ахмет Байтұрсынұлы шығармалары» (бес томдық) 1989 ж.; Қ. Көшербаев, Е. Арын, Е. Дүйсенбай «Адамдық диқаншысы»; К. Нүрпейісов «Алаштың күрескер ұлы»; С. Қирабаев «Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері»; Н. Бейсенбекова «Ахмет Байтұрсынұлы еңбектеріндегі — ұлттық мүдде және Тәуелсіз Қазақстандағы ұлттық идеология» және т.б. көптеген арнаулы зерттеулер, мақалалар жазылды.

XVIII—ХІХ ғасырдағы қазақ халқы отаршылдыққа қарсы қолына қару алып күресті. ХХ ғасырдың бас кезінде Ресей империясының — отарлау жүйесі күшейді. Сонымен қатар метрополияда ұлттық-либералдық, демократиялық қозғалыс өрістеді. Отаршылдық саясат Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуын тежеді. Осындай жағдайда қазақ даласындағы азаттық қозғалыс жаңа сипатқа ие болды. Бұл кезеңдегі азаттық үшін күрес — оқу– білім, рухани ояну арқылы ұлттың өз құқығын қорғауымен сипатталып, азаттық пен демократиялық– ағартушылық идеялар негізгі ұстанымға айналды. Азаттық қозғалыстың жаңа кезеңінде ұлтының болашағын ойлаған қазақ зиялылары тарих сахнасына шықты. Олар күрестің бейбіт жолын таңдап, отаршылдықтан құтылу үшін күресті. Қазақ зиялылары оқу–білімді, ағартушылықты бостандыққа жеткізетін жол деп таныды. Солардың ішінде Ахмет Байтұрсынұлы ағартушылықты ұлт–азаттық қозғалыстың қайнар көзі деп санады. Қазақ ұлт–азаттық қозғалысының бірден–бір көсемі Әлихан Бөкейхан болды. Ол қазақ даласындағы ұлт-азаттық қозғалысты еуропалық демократиялық, конституциялық, парламенттік күрес жолына бағыттады. Ал, Ахмет Байтұрсынұлы ұлт-азаттық қозғалысына гуманистік, ұлттық сипат беріп, жаңа демократиялық күрес жолын негіздеді. Себебі оны қазақ қоғамындағы надандық, қараңғылық, кертартпалық, ұлттың рухани ұйқыдан оянбауы, құлдық санадан шыға алмауы, таланған жері толғандырды. Сондықтан ол өзінің іс-әрекетін қазақ азаттық қозғалысының осындай кемшіліктермен күресуге бағыттады.

Зерттеу әдістемесі

Мақаланы жазу барысында зерттеу жұмыс және дереккөздермен жұмыс жасаудың жалпы және жеке ғылыми әдістері қолданылды. Тарихи–хронологиялық әдіс арқылы А. Байтұрсынұлы белсенді қатысқан ХХ ғасырдың басындағы оқиғалар хроникасын қарастыруға болады. Оқиғаларды түсіну және оларды бағалау үшін ретроспективті әдіс қолданылды, ол ХХ ғасырдың басындағы оқиғалар мен құбылыстарды қазіргі заманғы түсіну мен қабылдау тұрғысынан қарастыруға мүмкіндік береді. Өткен ғасырдың басындағы қазақ қоғамының рухани көшбасшысы ретінде А. Байтұрсынұлының тұтас бейнесін қалыптастыруға мүмкіндік берген өмірбаяндық әдісті орталық деп атауға болады. Оның еңбектері мен сөйлеген сөздері негізінде мақалада пайдаланылған дереккөздерді құрайды, олармен жұмыс жасау кезінде талдау, синтездеу, түсіндіру әдістері қолданылды. Түсіндіру әдісі автордың құжаттарды жасау кезінде болған жағдайды, құжаттың жоспарын және жоспарды жүзеге асыру әдісін жақсы түсінуге мүмкіндік жасайды. Талдау әдісі әрбір нақты дереккөздегі ақпараттың нақты тарихи шындыққа сәйкестігін анықтауға мүмкіндік берді. Синтез әдісін қолдану Ахмет Байтұрсынұлы белсенді қатысқан ХХ ғасырдың басындағы оқиғаларды қайта жаңарту және оның осы оқиғалардағы рөлі мен орнын анықтауға көмектесті.

Талдау

Ахмет Байтұрсынұлының тұлға, көшбасшы, рухани көсем ретіндегі өмір жолы туралы алғашқы зерттеулер 1923 жылы оның 50 жасқа толуына байланысты жазылды. Сондай еңбектің бірі Мұхтар Әуезовтің «Ақаңның елу жылдық тойы» атты мақаласы «Ақ жол» журналында жарияланды. Осы мақаласында А.Байтұрсынұлын оқыған азамат, алғашқы шыққан көсем, «Қазақ» газетінің негізін салушы, мектеп ашып қазақ балаларын оқытқан ұстаз, қазақ жастарының тәрбиешісі болып атқарған қызметі, игі істері өзіне орнатылған мәңгілік ескерткіш деп баға бере келе былай дейді: «... Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ақаң түрлеген ана тілі, Ақаң салған әдебиеттегі елшілдік ұран — «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қанжылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер- білім саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақта тарих ұмытпайтын істер болатын...», – деген пікірі Ахмет Байтұрсынұлының тарихтағы рөлін жоғары бағалаған алғашқы еңбек болып табылады [3; 20].

Совноркомның төрағасы болып тұрған кезде Сәкен Сейфуллин 1923 жылы 28 қаңтарда Орынбордың Свердлов атындағы театр үйінде Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойына арналған жиналыста «... Қазақ халқын байға, кедейге бөлмей, намысын бірдей жыртты, арын бірге жоқтады... Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқыбасқан қалың қазақтың ұлт-намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған заманында жалғыз-ақ Ахмет еді», – деп [4; 29], оның ағартушы, ұстаздық, әдебиетші қызметіне үлкен баға беріп, «А. Байтұрсынұлындай ұлт жанашырларын көзі тірісінде бағалай білуіміз керек» деген қорытынды жасайды. Осы мақаласын 1923 жылы 30 қаңтар күні «Еңбекші қазақ» газетінде жариялаған. Сондықтан Сәкен Сейфуллинді ахметтанудың негізін салушылардың бірі деп санаймыз.

Ахмет Байтұрсынұлының тарихи тұлғасы туралы академик, тарихшы Манаш Қозыбаев былай деген: «Қазақ халқы «олжалы жерде үлестен», «ордалы жерде орыннан», «жоралы жерде жолынан» қалмауын ойлаған, «ұлттық құтқару майданының» сардары, ХХ ғасырдағы ұлттық ренессансының бастауы Ахмет Байтұрсынов планетарлық ойшылдар қатарынан орын алары даусыз» [5; 409].

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ азаттық қозғалысының рухани көсемі ретінде ерекше көңіл бөліп, арнайы мақалалар жазған мәселелері мыналар: билік, сот, заң, қазақтың Ресей Мемлекеттік думасына қатысуы, қазақ жерін отарлау және жалдау, шекара, бастауыш мектептер, оқу жайы, білім жарысы, қазақ тарихы, тарихи деректер, қазақтың ата-тегінің жазылуы туралы және тағы басқалар.

Ол ең алдымен ХІХ ғасырдағы ағартушылар қозғалысын жаңа сатыға көтеріп, ұлтымыздың ерекше болмысын сақтап, оны өркениетті халықтармен жарыстыруға қажет алғышарттар көрсетті. Ал оқу-білімді, ағартушылықты ұлт-азаттық қозғалысының қайнар көзінің бірі деп танып, соны насихаттады. Сонымен қатар, он үш жасар бала Ахмет патша үкіметінің әділетсіздігінен әкесінің зардап шеккен тағдырын көріп, сол әділетсіздікті ұмытпай, азаттық үшін күресетін адам болатындығы туралы ойын «Анама хат» деген өлеңінен көреміз. Осы өлең оның болашақтағы азаттық күрес жолына түсуіне себепші болған.

Сондықтан Ахмет Байтұрсынұлының тарихи тұлға, рухани көсем ретіндегі рөлінің қалыптасуын, ХХ ғасыр басындағы азаттық үшін күресін шартты түрде төрт кезеңге бөліп қарастыру дұрыс деп санаймыз.

Біздің пікірімізше, қазақ еліндегі 1905 жылы «Қарқаралы петициясын» жазып, дайындалуы азаттық үшін күрестің алғашқы кезеңі болады. Екіншісі, 1913 жылы «Қазақ» газетін шығару арқылы азаттыққа күресудің әр түрлі жолдарын насихаттауы. Үшіншісі, 1917–1920 жылдары Алаш партиясының және Алашорда үкіметінің құрылу кезіндегі азаттық, егемендік ел болу жолындағы қызметі. Төртіншісі, 1922–1925 жылы Халық ағарту комиссариаты ғылыми әдеби комиссиясының, қазақ өлкесін зерттеу қоғамының төрағасы болып қызмет атқарған жылдары ұлттық мүдде үшін күресудің жаңаша ұстанымдарын көрсеткен. 1925 жылы жарық көрген «Жаңа мектеп» журналында халық ағарту ісінің ең негізгі және күрделі мәселелерін шешу үшін Әлихан Бөкейхан және тағы да басқа қазақ зиялыларымен бірлесіп ағарту ісін реформалау, мектеп ісін қайта құру, Қазақстанда оқу ісін дамыту сияқты мақалалар жазып ұлттық мүдде үшін қызмет жасады.

Азаттық күрестің біз бөлген шартты түрдегі алғашқы кезеңінде, Алаш зиялылары қазақ халқы азаттыққа қару көтеріп, қантөгіс жолымен емес, билікке, саяси-әлеуметтік, экономикалық-құқықтық талаптар қою арқылы, өркениетті жолмен жетудің тәсілдерін іздестірді. Ол үшін алдымен орыс империясының құрамындағы жұрт ретінде қазақтар өздерінің заңды құқықтарына кепілдік беруді талап етті. Ондай талаптарды қоюға Орталық Қазақстандағы 1905 жылдың желтоқсанындағы әйгілі Нілді мыс қорыту зауытындағы жұмысшылар көтерілісі де себеп болды.

Сондықтан еліміздің тарихында тұңғыш рет отаршыл империяның ең жоғарғы билік орындарына талап — азаттық қозғалыстың алғашқы манифесі «Қарқаралы петициясы» арқылы берілді. Бұны азаттық қозғалыстың бірінші кезеңі деуге болады.

Бұл құжатта Алаш зиялыларының қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғаудың бірі сайлау жүйесі туралы былай делінген «...Болыстарды, ауыл старшындарын және олардың хатшыларын тек сауатты қазақтардан ғана тағайындау, бұл қызметтеріне кірісер кезде олардың бәрі де ант қабылдап, ешқашан қызмет бабын пайдаланып, халыққа қиянат жасамауға уәде етуге тиіс. Шаруа бастықтарының орнына бітістіруші судьялар қызметін енгізу. Сайлау науқаны кезінде мүдделі топтардың арасындағы күрес пен алауыздықты болдырмау үшін шектен тыс әділетсіздігі, немесе өзіне қолайлы белгілі бір кандидаттың сайлануына мүдделі екені белгілі болған әкімшілік өкілдері қызметінен босату. Екіншіден, әкімшіліктің ондай босатылған өкілдері уездің мүлде өзге болыстарынан шақырылған адамдармен алмастырылуы тиіс. Үшіншіден, өздерінің жағымсыз қылықтары әшкереленген адамдарды жаңа сайлауға жібермеу. Қазақ халқы өкілдерінің Ресей империясынын заң шығарушы ең жоғары органы Мемлекеттік думаға сайлануы қажет...» [6; 33–39].

Сонымен қатар аталған құжатта ұлттың болашағы үшін көтерілген басты талаптың маңыздысының бірі жер мәселесін шешу болды. Өйткені, XX ғасырдың бас кезінде жер мәселесі одан әрі шиеленіскен еді. Себебі, қазақтардың дәстүрлі көшіп-қонып жүрген қыстаулары мен жазғы жайлаулары тартып алынды. Оларды Ресейден қоныс аударып әкелген орыс шаруаларына берді. Сондай-ақ қазақтардың орман байлығын еркін пайдалану құқығына тыйым салынды, тұзды және балық өсетін көлдерді де тартып алды.

Соған орай Қарқаралы петициясында тартып алынған жерлерді өзінің бұрынғы заңды иелеріне қайтарып беру; қазақ жеріне басшылық жұмысқа келетін қызметкерлердің қазақ тілін білуі және іс- қағаздарын қазақ тілінде жүргізу тиіс деген талаптар қойылды.

Азаттық манифесі — Қарқаралы петициясында Алаш зиялылары қазақ халқының саяси сана- сезімінің оянуына ықпал етті және соның негізінде патша үкіметі қазақ халқының пікірімен санасуға мәжбүр болды. Ол талаптар Ресей империясының отаршылдық саясатты тоқтата қоймасада қазақтар Ресейдің I, II Мемлекеттік думаларына депутат болып сайланды.

Қазақ халқының ұлттық мүддесі үшін азаттық күресте оның рухани оянуының маңыздылығын терең түсінген Ахмет Байтұрсынұлының 1909 жылы Петербург қаласында жарық көрген «Қырық мысал» атты аударма өлеңдерінің тарихи маңызы жоғары. Соның бірі «Аққу, шортан һәм шаян» өлеңі. Сол мысал арқылы қазақ қоғамындағы алауыздық, бірліктің болмауын сипаттайды және әркім өз пайдасын ойлап, ауызбірліктің жоқтығы, қоғам үшін қаншалықты қауіпті жаман қасиет екенін көрсетіп, олардың игі істің соңына жетуге кедергі болатындығын қарапайым қазақ танымына түсінікті сөздермен жазған:

«Жүк алды Шаян, Шортан, Аққу бір күн,

Жегіліп тартты үшеуі дүркін-дүркін.

Тартады Аққу көкке, Шаян кейін,

Жұлқиды суға қарай Шортан шіркін» [7; 47].

Бұл мәселелер қазіргі таңда өзекті болып табылады. Осы мысалдың негізі идеясы қазақ елін тұтастық, ынтымақ, бірлікке шақыру арқылы ұлттық мүдде — азаттыққа жетудің жолын айқындайды.

Ал, «Қасқыр мен қозы» аудармасында сол дәуірдегі адамдардың кейіптерін аңдармен салыстырып, жұмбақтай отырып тура жеткізеді. Ресей империялық отаршылдығының зорлық- зомбылығын және ауқатты байлардың халыққа көрсеткен қысымын сынайды:

«...Қасқырдың зорлық болды еткен ісі,

Ойлаймын: оны мақтар шықпас кісі.

Нашарды талай адам талап жеп жүр,

Бөріден артық дейміз оның несі?» [7; 64].

Бұл салыстырмалы өлеңінен қоғамның әлеуметтік мәселесін, адамдардың мінез-құлқын көруге болады. Сонымен бірге, ХХ ғасырдың басында қоғамдағы адамның жаман қасиеттерін сынап, көрсететін шығармаларының бірі «Қартайған арыстан» өлеңі. Бұнда автор, кезінде ормандағы аңдардың патшасы болған арыстанның ұсақ аңдарға көрсеткен үстемдігі, оның қартайған кезінде одан кек алуға ұмтылғанын аңдардың іс-әрекетін сипаттау арқылы, бүгінгі біздің қоғамдағы билік басындағы адамдарға — басына бақ қонған кезде жамандық жасамай қамқор болмаса, оның биліктен түскен шағында аңдар секілді қарапайым халықта сыйламайды, кегін алуға ұмтылады деген тұжырымды көруге болады.

Ол өзінің аударма өлеңдері арқылы ұлттың мүддесі бірлік, ынтымақ екенін ерекше көрсеткен тұлға. Соның бір дәлелі «Үлес» деп аталатын өлеңінде елін, жерін жаудан қорғамай, бір-бірін жау көріп, бір-бірімен таласып, өз пайдасын ойлап жүргенде, сырттан елге қауіп-қатер төнетінін білмейді деп, бүгінгі қоғамды сақтандыратын әлеуметтік саяси мәні бар ой қорытады.

Қазақ халқының рухани санасының оянуы — отаршылдықтан құтылудың басты жолдарының бірі деп түсінген А. Байтұрсынұлының 1911 жылы жызылған шығармаларының бірі — «Маса». Бұл шығармасында ол әлеуметтік, қоғамдық ойлар азаматтық идеяларды көтереді. Халықтың мүддесін ойламайтын қызмет үшін абыройын сататын қайырымы жоқ сараң байлар туралы және зорлық- зомбылыққа қарамастан бостандық пен еркіндік жолында күресетін тұлғалар туралы жазған. Оның бұл шығармасы азаттық қозғалысының мазмұнын одан әрі тереңдеткен тарихи маңыздылығы жоғары еңбек.

Ахмет Байтұрсынұлы ХХ ғасырдың басындағы қазақ — азаттық қозғалыстың рухани көсемі ретінде анық таныла бастаған уақыттың бірі 1913 жылғы шыққан «Қазақ» газетімен тығыз байланысты. «Қазақ» газетінің алғашқы санында ол өзінің «Құрметті оқушылар» деп аталатын мақаласында газеттің не үшін керектігі туралы былай дейді: «Газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газета солай керек... Жұрттың білімді, пікірлі көргені көп, көсемдері оқығаны көп ғалым адамдары газета арқылы халықтың алдына түсіп — жол көрсетіп, жөн сілтеп басшылық етіп тұрады... Газета халыққа білім таратушы... Газета халықтың даушысы...». Осы мақаласында автор білімді, өнерлі халықтар мерзімді басылымдардың пайдасын жақсы көп біледі, сондықтан оларда газет-журналдары көп екендігін көрсетеді. «...1907 жылғы санаққа қарасақ, Русияда сол жылы екі 2173 есімді газет һәм журнал шыққан екен. Соның 1396-сы орыс тілінде, 867-сі басқа тілде басылыпты. Сол 867-нің ішінде біздің татар қарындастарымыздың 30 шамалы газета, журналдары болды. Бізде біреу де болмады...» [8; 9–10].

Газетті шығарудың тарихи объективтік негіздемесін жасай отырып, патша үкіметінің рұқсатын алғаннан кейін ұлтымыздың бұрмаланып келген (киргизы, киргиз-кайсаки, инородцы) тарихи атауы «Қазақ» деп берумен қатар, газеттің рәміздік-бейне ретінде киіз үй белгілеп, оның түндігін батыстан ашылуын «Қазақ ішіне еуропа ғылым-өнері таралсын, «Қазақ» газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі, әрі сырт жұрт жағынан күзетшісі болсын» деп түсіндіруі, оның ұлтжандылық тарихи тұлғасын көрсетеді.

А. Байтұрсынұлының өмірі, қызметі қазақтың саяси-әлеуметтік, экономикалық жағдайының жақсаруының барлық салаларын қамтитын ой-пікірлері, идеялары оны ХХ ғасырдағы ұлттық ренессанстың басында тұрған, әлемдік ойшылдар қатарынан орын алған, азаттық қозғалыстың рухани көсемі ретінде ел тек бүгінгіні ойласа, менікі ертеңгі үшін өмір сүремін деген пікірде болған. Ол ұлттық мүдде үшін күрескен тұлға. Ұлттық мүдде дегеніміз ұлттың саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани өміріндегі қажеттіліктер. Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерінің барлығы осы мағынада жазылған. Тәуелсіз ел болу жолындағы оның ұстанымдары бүгінгі Қазақстан Республикасының жаһандану жағдайындағы жастарға ұлттық құндылықтар негізінде тәрбие беру, кәсіби шеберлікті жетілдіру, біліктілікті арттыру, ақпараттық инновациялық технологияны меңгеру, бәсекеге қабілетті ел болып, әлемнің дамыған елдерінің қатарына кіру сияқты стратегиясымен үндесіп жатыр. Стратегиядағы осы мәселелерді шешудің жолдарын Ахмет Байтұрсынұлы өз еңбектерінде ХХ ғасырдың басында жазып қалдырған. Оның пікірінше ел болашағы оқу орнындағы үш тіреуге (қаржы, оқу құралы, мұғалім) байланысты «... Оқу құралдардың ішіндегі ең қымбаты — оқу кітаптары... Оқу кітаптары оңды болмаса оқу да оңды болмайды... Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді... Тәртіппен жасалған оқу құралдары мен оқытуға тәртіппен оқыта білетін мұғалім керек» [3; 261].

Ел Президенті Қасым–Жомарт Тоқаев жастардың білімі мен тәрбиесіне мемлекеттік тұрғыдан ерекше көңіл бөлу керектігін айтқан [9]. Ал, Ахмет Байтұрсынұлы болса ол туралы өз заманында былай дейді: «...Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шықсын! Балам деп бағып, оқытып, адам қылғаннан кейін жұртым деп танымаса, сонда өкпелеу жөн ғой... Баланы ұлша тәрбиелесең ұл болмақшы. Құлша тәрбиелесең құл болмақшы...» [8; 261].

Қазіргі Қазақстан мемлекетінің даму стратегиясында бәсекеге қабілеттілікті арттыру басты мәселе деп көрсетілсе, Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінде бұл мәселені тұжырымдап, болашақта жетістіктерге жету үшін ұлттық мүддені сақтау туралы ой-пікірлері «Білім жарысы» атты мақаласында берілген: «...Білімді жұрттарда білім жарысы деген болады. Ол жарыста бәйгеге түсе алатындар білімділер, зейінділер қатыса алады... Білімді жұрттардың білім жарысына келсек, оның мағынасы да, көздеген мақсаты да басқа... Неше түрлі ғылым, өнер — бәрі де тіршіліктің ауырлығын азайту үшін, рақатын молайту үшін шығарылатын нәрселер... Осыған ақылы жетіп, есі енген жұрттар ғылым мен өнерді бірден-бірге асыруға тырысады. Асыру үшін әртүрлі істер істейді. Сол істердің бірі — білім жарысы...», – дей келе [3; 258], ол Европадағы «Нобель» сыйлығы туралы айтып, оның жұртқа пайдалы үлгі аларлық жақсы іс екенін қазақ даласына жеткізген.

Еліміздің ұлттық идеологиясының басты бір саласы біліктілікті жетілдіру мәселесі. Осы тұрғыдан алғанда азаттық қозғалысының рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ» газетінде жарияланған, бүгінгі күні де өзектілігін жоймаған «Қазақша оқу жайынан» деген мақаласында былай дейді: «Мал бағатындар мал бағуын жақсы білерге керек, ел бағатындар ел бағуын жақсы білерге керек. Бала оқытатындар бала оқытуын білерге керек. Бала оқытуын жақсы білейін деген адам, әуелі, балаларға үйрететін нәрселерін өзі жақсы білерге керек, екінші, баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам боларға керек... Бұл күнгі ғылымды жұрттарда бала оқыту жұмысы бала оқыту ғылымын оқып шыққан адамдардың қолында... Мұғалім мұғалімдік ғылымын оқып шыққан адамдардан болуы тиісті...» [8; 139] деген тұжырымынан әр саладағы қызмет жасайтын адамдардың өз мамандығын терең білуі және білікті болуы керектігін нақты көрсеткен.

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тарихы және тарихи тұлғалары туралы да көптеген мақалалар жазып, солардың негізінде қазақ халқының рухани оянуына үлес қосты. Осы жолда ол Абайдың рухани мұрасының тарихи маңыздылығын және қазақ мәдениетіндегі орнын жан-жақты талдап, дәлелдеп, «Қазақтың бас ақыны» деген мақала жазған. Онда Абайдың өмірбаяны, өлеңдері және оның жиырма жасында ел ішіндегі дау-дамайларды шешуге қатысып, шешен, би атанғандығын баяндап, оны бүкіл қазақ даласына таныстырады. Абай сияқты тұлғаның өз заманында мұсылманша, орысша оқыған білімінің арқасында қазақ халқының бас ақын болғандығын баяндайды. Әділетті заман болса Абай Алаштың атақты биінің бірі болар еді деп баға берген. Сонымен қатар осы мақаласында қазақ даласына жер аударылып келген Гросс және Михаэлис сияқты тұлғалардың Абайдың ақын болып қалыптасуына рухани ықпал жасағандығын көрсетіп: «...Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек... Абайды қолымыздан келген қадірлі жұртқа таныту үшін мұнан былай кейбір өнегелі, өрнекті сөздерін газетаға басып, көпке көрсетпекшіміз» [10; 161–162.]. Қазақ елінің тәуелсіздігін армандаған, азаттық қозғалыстың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы қазақ рухын ояту жолында тарихи жырлардағы батырлардың ерліктері туралы және азаттық жолында күресіп ерлікпен мерт болған батырларды, билерді жоқтау өлеңдер арқылы, олардың ерлігін тағылым ретінде көрсеткен. Жыршылардан тарихи маңызы бар тарихи жырдың бірі «Ер Сайын» жырын жазып алып, өңдеп, кітап етіп бастырған. Сонымен қатар, халық әдебиетінің ерлікті көрсететін мұраларының бірі «23 жоқтау» атты жинақты бастырып шығарған. Сол жинақтың ішінде қазақ елінің батыр ұлдарын жоқтаған жырлар арқылы қазақтың төрт ғасырлық тарихи оқиғаларын көрсетеді. Ел басына түскен ауыртпашылықты жеңе білген ерлердің ерлігін, батырлығын, билердің біліктігін, тарихи тұлғалардың парасаттылығын көрсету арқылы ХХ ғасырдың басындағы отаршылдықтың және кеңестік биліктің әділетсіздігін көріп отырған қазақ халқына рухани күш бергенін көреміз. Сол жоқтаулардың ішінде Қаз дауысты Қазыбек би, Бопай батыр, Нысанбай жыраудың Кенесары мен Наурызбайды жоқтауы және т.б. жырларды тағылым ретінде насихаттауынан Алаш зиялыларының саяси билікке наразы болғанының дәлелі.

Сонымен қатар Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың тарихы» деп аталатын мақалалар жазып, онда тарихты шежіре, үйретуші, халықты түзу жолға салушы, келешек күннің қандай болатындығын көрсетуге болатын құрал деп бағалайды. Осы мақалаларында қазақ пен қырғызды айырмайтын тарихи жазушыларды сынайды. Қазақты қырғыз деп атау қателік, қазақ өмір бойы қазақ болып қалады деген пікір білдіре келе былай дейді: «... Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел қайда жүріп, қайда тұрғандығын... келешекте басына қандай күн туашағына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өз тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады. Дүниеде өңге жұрттар қатарында кем, қор болмайын, рақым құрып қалмасын деген халық өзінің шежіресін иманы дәрежесінде ұғып — білуге тиіс болады...» [8; 22, 32.] деген концептуалдық пікірі бүгінгі күні ұлттық тарихты жазу мен насихаттауда негізге алатын ұстанымдардың бірі екендігі заңды.

Тарихтың дұрыс жазылуын негіздеген, қазақ қоғамы мен мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосқан ұлт ұстазы — қазақ балаларының білім алуына ерекше көңіл бөліп, көптеген еңбектер жазған. Онда «...Біз әуелі елді түзетуді, бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек... болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі... неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде, оқу ісімен түзеледі... жастардың да заманы жетер. Жаңалыққа жастар мойын бұрып, қайырлар, халық түзелуінің үміті жастарда. Сондықтан жастардың қалай оқып, қалай тәрбиеленуі — бәрінен бұрын ескеріп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс...» [3; 252]. Мақаланың негізгі идеясы қоғамдағы әділетсіздік білімсіздіктен туады, сондықтан оқу ғана қоғамды өзгертуші күш бола алады. Қазақ жастары ана тілінде сауат ашып, ұлттық білім алған жағдайда отаршылдыққа қарсы азаттық күрестің мәнін түсіне алады деген сенімде болып, халықты рухани оятуға бағытталған.

Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерінде көтерілген бүгінгі күніде өзектілігі жоғары мәселенің бірі ― ел экономикасының негізгі бағыттарын дамыту болған. Оның пікірінше, ел шаруашылығының халыққа қажетті салаларының жеткілікті дамымауы азаттық алуды тежейді дейді. Сол жайында «...Қазақтың осы күні сатып алмайтын нәрсесі жоқ, сол алған нәрселерінің бірінде қазақ өзі істеген емес. Қазақ пайдаланып отырған шөп шабатын, киім тігетін машиналар, соқа сайман, арба шана, киім-кешек, ыдыс-аяқ — бәрі де завод–фабрикаларда істеліп шыққан. Бұл істеліп шыққан нәрселердің сүйегінен іс ақысы он есе қымбат. Бұлай болғанда қазақ басқа жұрттың өнерін қымбатқа сатып алып отыр...» деумен қатар өзге жұрттан артта қалушылықтың бірі қолдағы малдың көптігіне сеніп, малдың асылын ұстауды және оның тұқымын асылдандырумен айналыспайды, жерді аздырмайтын білімді меңгеруге ұмтылмайды деп кемшіліктерді жоюдың практикалық маңызына ерекше көңіл бөлген [3; 110]. Яғни, ол қазақ халқының басқаларға тәуелді болып отырғандығын айта келе, өз алдымызға жұрт болып тәуелділіктен құтылудың жолы өнер-білімді үйрену, оқу, ғылымды меңгеру деп санайды. Бұндай қорытындыдан тәуелсіз Қазақстанда ғылыммен білімді, технологияны жетілдіру арқылы шикізатқа тәуелділіктен құтылудың жолдарын көруге болады.

Ахмет Байтұрсынұлының азаттық жолындағы күрестің рухани көсемі ретіндегі рөлі «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 21 қарашадағы № 251 басылымында шыққан «Алаш» партиясының бағдарламасының жобасын дайындаудан көруге болды. Бағдарламаның тоғызыншы бөліміне ерекше назар аударсақ: «білім беру ордаларының есігі барлығына ашық және тегін; барлық адамдарға міндетті білім алу талап етіледі. Бастауыш мектептерінде оқыту тек ана тілінде жүреді, қазақтар орта мектептер мен университеттерді өзінің тілінде оқиды. Білім беру жүйесі дербес түрде тәуелсіз: билік білім беру жұмысына араласпайды, профессорлар мен оқытушылар белгілі конкурс негізімен тағайындалады, жаңадан кітапханалар ашылады» [11]. Осы құжаттың мазмұны қазақ халқының болашағы оқу-біліммен байланысты екенін нақтылайды.

Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлы «Алаш» бағдарламасының таптық емес, ұлттық мүдде тұрғысынан, реформаторлық рухта жазылуына ықпал етті. Сонымен қатар бағдарламаның мазмұны қазақ елінің сол кездегі геосаяси, демографиялық жағдайын ескеріп, дайындалды. Және бұл бағдарлама қырғыз, башқұрт, түрік елдерінде жаңадан құрыла бастаған саяси партияларына үлгі болды. Біздің ойымызша, бағдарламаның барлық тарауларынан Алаш зиялыларының теориялық білім дәрежесінің жоғары екенін көрсетіп, Алашорда үкіметін құрылуына ықпал етті.

Сонымен қатар ұлт мүддесі үшін жұмыс жүргізіп, кеңес үкіметі мен алашордалықтардың арасын жарастырып, ұлттық келісімге жеткізді. Қазақ революциялық комитетінің төрағасының орынбасары қызметін атқара жүріп, Қазақ автономиясының құрамына барлық қазақ жерін жинаудағы еңбегі ерекше. Сол кезеңде Челябі губерниясына еніп кеткен Қостанай уезін қазақ өлкесіне қайтару үшін М. Сералинмен бірге В.И. Ленинге арнайы хат жазып, Советтердің бүкілодақтық атқару комитетінде, РКП (б) Орталық Комитетінде арнайы талқыланудың нәтижесінде 1920 жылы 26 тамызда Қостанай уезі Қазақ автономиясының Торғай облысының құрамына енгізілді [12; 84–86].

Ахмет Байтұрсынұлы сөздік қорымызға «Ана тілі» деген терминді енгізді. Ол қазақ балаларының ана тілінде оқып білімін жалғастыру үшін оқулықтар жазып, мектептерде, медреселерде оқуға ұсынды. Сонымен қатар осы мақсатқа жету үшін қазақ тілін, оның дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын талдап, «Әліппені», «Тіл құралын» жазу арқылы қазақ тілін білім алу, ғылым саласындағы коммуникация құралына айналдырып, қазақ халқын сауаттандырып, оның рухын жаңа бір деңгейге көтерді. Ана тілінде оқулықтар жазып, тіл ұлттың тірегі деген тұжырымға келіп, былай дейді: «...Егерде біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда, тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек». Бұндай іс-әрекеттерден Ахмет Байтұрсынұлының ұлт мүддесін ойлап, ел болашағына деген жанашырлығын, алыстан болжайтын, көрегендігін байқаймыз. Бұл сөзі қазіргі күні де Тәуелсіз Қазақстанда өзекті мәселелердің бірі.

Қорытынды

Қорыта келгенде Ахмет Байтұрсынұлын ұлы тұлға ретінде және ХХ ғасырдың басындағы азаттық қозғалыстың рухани көсемі болғандығын көруге болады. Бала жасынан әділетсіздік пен отаршылдық саясаттың қатігездігін өз отбасынан көріп, бар өмірін осы әділдікті орнату жолындағы күреске арнайды. Қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, «Әліпбиін» араб графикасымен жазып, ғылыми түрде латын графикасына қарағанда бізге жақын екенін дәлелдеп берді (Баку, 1926 ж.). Ұлт ұстазы деген атаққа көзінің тірісінде ие болғаны және оның атқарған жұмыстары бүгінге жеткен рухани мұрасы оның азаттық қозғалыстың рухани көсемі болғандығын дәлелдейді. Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы өз халқының ғана емес, әлем халықтарының мұрасының бір бөлігі болып саналады. Сондықтан оның туғанына 150-жыл толу мерекесін ЮНЕСКО-ның халықаралық деңгейде тойлану туралы шешімі қабылданды. Ғалымның еңбегі барлық адам баласына қол жетімді болуы керек деген ойдамыз. Өзге алашордалықтар секілді Ахмет Байтұрсынұлы қазақ халқының болашақта үлкен жетістіктерге жетіп, бәсекеге қабілетті болатынына кәміл сенді және осы жолда өмірінің соңына дейін қызмет қылды. Осы айтылған сөздердің тарихи маңыздылығы ұлттық мүддені ойлаудың айқын көрінісі. Ұлт ұстазының негізгі өсиетінің бірі — рудың намысы емес, ұлттың намысы үшін басқалардан кемшілік көрмей, әлемдік деңгейдегі ұлттық мемлекет болу үшін қызмет жасау.

Дамудың, азаттықтың дәуірі болған ХХ ғасырда Қазақ елі отаршылдықтан зардап шекті. Одан алып шығады деп бір ұлттың сенгені тек оқыған азаматтар еді. Елдің егемендігін қалпына келтіріп қана қоймай, озық, өркениетті елге айналдыруды көздеген қазақ зиялылары дәл осы заманда «қараңғы қазақ көгіне күн болып өрмелеп шықты».

Ұлт мүддесі үшін және ХХ ғасырдың басындағы азаттық қозғалысының рухани көсемі ретінде Ахмет Байтұрсынұлы өзінің серіктерімен қандай уақыт болмасын қазаққа үлгі болды. Бұл тұлғалардың еңбектерін зерттей отырып, олардың мазмұнынан бүгінгі күннің негізгі ұстанымдары — халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, ана тілінің құзыретін көтеру, ана тілінде білім алу, жердің үстіндегі, астындағы байлықтары халыққа тиесілі болу мәселелерінің сабақтастығын көруге болады. Сонымен қатар жақсылық пен әділеттілікті, адалдық және парыз, намыс пен ар-ождан, оқу мен еңбектің не екенін осы шығармаларынан көруге болады. Олардың өмірлік ұстанымы — халқының болашағын жақсарту үшін үлкен жоспарлар құру және оны жүзеге асыру мақсат етілді. Тіл — халықтың негізі болып табылады. Бұл ұстанымдар бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық иделогиясының бастауы болып саналады.

Мақала № 05–ВГ–22 «Ахмет Байтұрсынұлы азаттық қозғалыстың рухани көсемі» деп аталатын академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің гранты шеңберінде орындалды.

 

Әдебиеттер тізімі

  1. Шоқай М. Таңдамалы. 1-том / М. Шоқай. — Алматы: Қайнар. —1998. — 512 б.
  2. Нортхаус П. Көшбасшылық: теория және практика / П. Нортхаус. — Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры, 2020. — 560 б.
  3. Байтұрсынұлы А. Ақ жол: өлеңдер мен тәржімелер / А. Байтұрсынұлы. — Алматы: Жалын, 1991. — 464 б.
  4. Оспан С. Сәкен Сейфуллин — ұлт руханиятының көшбасшысы / С. Оспан, Н. Сапиянова. — Нұр-Cұлтан: Кәусар, 2019. — 472 б.
  5. Қозыбаев М. Ахмет Байтұрсынов — ХХ ғасырдың ұлы реформаторы / М. Қозыбаев. — Алматы: Баспалар үйі, 2009. — 448 б.
  6. Движение Алаш: сб. док. и материалов. Апрель 1901–декабрь 1917 г. — Т. 1. — Алматы: Алаш, 2004.— 552 б.
  7. Байтұрсынов А. Шығармалары: Өлеңдер, аудармалар, зерттеулер / А. Байтұрсынов. — Алматы: Жазушы, 1989. — 320 б.
  8. Қазақ газеті. 1913 жыл / Құраст.: С.О. Смағұлова, Ғ.Қ. Әнес, Т.А. Замзаева. — Алматы: Арыс, 2009. — 450 б.
  9. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы // «Егемен Қазақстан». — 2021 жыл. — 2 қыркүйек.
  10. Байтұрсынұлы А. Бес томдық шығармалар жинағы. 1-том / А. Байтұрсынұлы. — Алматы: Алаш. — 2003.— 408 б.
  11. Бейсенбекова Н.А. Әлихан Бөкейхан — ұлт мақтанышы / Н.А. Бейсенбекова, Л.К. Шотбакова, Г.М. Смагулова. — Қарағанды: Гласир, 2016. — 198 б.
  12. Протоколы Революционного комитета по управлению Казахским краем (1919–1920 гг.): сб. док. — Алматы: Ғылым, 1993. — 277 с.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.