Бахия Атшабаров өмір жолының беймәлім беттері

Мақалада тәуелсіз Қазақстан тарихында айтарлықтай із қалдырған, оның дамуына елеулі үлес қосқан, әлемге аты танымал ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы Бахия Атшабарұлы Атшабаровтың тұлғалық бейнесі қарастырылған. Авторлар ғалымның есімі медицина саласындағы әлемдік деңгейдегі танымал тұлға екенін, сонымен қатар 1957–1960 жылдары Семей ядролық полигонында сыналған сынақтардың зардаптарын Қазақстанда ең бірінші болып зерттеген Б.А. Атшабаровтың азаматтық позициясын, өз ұлтының патриоты ретіндегі бейнесінің ұзақ жылдар бойы аталмай келгендігін, беймәлім болғанын айтады. Сонымен қатар, оның көрнекті ғалым, ұйымдастырушы, патриот екендігін айқындайтын тұлғалық бейнесі методологияның жалпы ғылыми және арнайы әдістері арқылы талданған. Кеңестік дәуірде Семей полигонында жүргізілген ядролық сынақтардың зардаптары туралы әртүрлі пікірлер болғандықтан, мақала авторлары объективті түрде қарастыру тәсілін негізгі ұстаным ретінде басшылыққа алған. Сол арқылы Б.А. Атшабаровтың тұлғалық бейнесін көрсеткен.

Кіріспе

Қазақстан тарихында еліміздің медицина ғылымының қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті тұлғалардың бірі — Бахия Атшабаров. Ол 1919 жылы 1 қыркүйекте Семей губерниясының Қарқаралы уезі Берікқара болысына қарасты № 1 ауылының Қарақуыс деген жерінде дүниеге келген. Бастауыш мектепті 1933 жылы бітіріп, содан кейін ол Қарқаралы педагогикалық училищесінің дайындық тобының бірінші курсында, ал 1934 жылы — Қарағанды педагогикалық училищесінің дайындық тобының екінші курсында оқыған. 1935 жылы Бахия Атшабаров Қарқаралы зооветтехникум түсіп, оны 1938 жылы үздік бітіріп шыққан. Зооветтехникумның басшылығы оған жоғары оқу орнында білімін жалғастыруды ұсынған. Ұсынысты қабыл алған соң, сол жылы Алматы мемлекеттік медицина институтына түсіп, аталған оқу орнын 1942 жылы үздік аяқтаған. Бұл кезде соғыс жүріп жатқандықтан майданға аттанған. Соғыста 1946 жылға дейін болып, Кеңес армиясы қатарында 32-ші танк полкінің санитарлық қызмет басшысы — аға дәрігер міндеттерін атқарған. Соғыстан кейін ғылым жолына түсті: 1946–1950 жж. — ҚазКСР ҒА аспиранты, 1950–1951 жж. — ҚазКСР ҒА Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтының кіші ғылыми қызметкері, аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, директордың орынбасары, ал 1952–1984 жж. — осы институт директоры болды. 1984–1996 жж. — ғылыми кеңесші, ал 1996 жылдан — Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Гигиена және кәсіби аурулар ғылыми-зерттеу институтының Құрметті директоры, одан кейін — Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығының Құрметті директоры болған. Бұдан шығатын тұжырым — Бахия Атшабаров есімі медицина ғылымы мен денсаулық сақтау жүйесінде барынша танымал тұлға екені шындық.

КСРО кезінде Б. Атшабаровтың ғалым әрі азамат ретінде жасаған ерлікке пара-пар қызметі солақай саясатқа байланысты ұзақ жылдар бойы айтылмады, оның ашқан жаңалықтары тек шетелдерге ғана танымал болды. Ол ғалымның жетекшілігімен 1957–1960 жылдары қазақ халқының қасіреттерінің біріне айналған Семей ядролық сынақ полигонының зардаптарына байланысты жүргізілген ғылыми экспедицияның нәтижелері еді. Ядролық полигон маңында тұрған жергілікті халықта кездескен белгісіз ауруға, адам организміндегі патологиялық ауытқу құбылысына «сәулелік ауру», яғни «Қайнар синдромы» деп ат қойған да ғалым Б. Атшабаров болатын. Ол тек ауру мәселесін ғана емес, ядролық жарылыстардың қоршаған ортаға, ондағы жан-жануарларға тигізетін әсерін ашық жеткізді. Азаматтық ұстанымы мықты ғалым ядролық сынақтардың зияндылығы туралы ашық әрі қорықпай батыл айта білді. Өкінішке орай, кеңестік идеологияға байланысты оның айтқандары көпшілікке жетпеді, ашық жазылмады. Сол себепті 1957–1960 жж. Б. Атшабаров жетекшілік еткен ғылыми экспедицияның 12 томдық материалдарына «құпия» деген белгі соғылып, жауып тасталды. Тек Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана Семейде жүргізілген ядролық сынақ зардаптары жайлы ашық айтыла бастаған кезде ғана, оның есімі халыққа танымал бола бастады.

Бүгінде Б. Атшабаровтың ең бірінші болып Семей ядролық полигоны зардаптарын кешенді түрде зерттегендігі туралы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың [1], жазушылар М. Сәрсекенің [2], С. Досжанның [3] еңбектерінде жазылып, ғалымға әділ баға берілді, бұл беймәлім болып келген тұлғаны қоғам қайраткері ретінде танымал етті.

Зерттеу әдістері

Мақаланы жазу барысында жалпы ғылыми (талдау және синтез, логикалық және жіктеу әдістері) және арнайы (өмірбаяндық) әдістері басшылыққа алынды. Жалпы ғылыми әдістер арқылы ғалымға қатысты деректер мен ғылыми зерттеулер жинақталып, жүйеленіп, осы мақала тақырыбына байланысты керекті мәліметтер сарапталды.

Персоналистика тарихының әдіснамасы белгілі бір адамның ойын сипаттауды, жай ғана жеткізуді ғана емес, оның мәнін терең түсінуді де болжайды. Бұл олардың мазмұны мен қалыптасу шарттарын жан-жақты талдауды талап етеді, әсіресе жеке хаттар тәрізді дереккөздер кешенімен байыпты жұмыс істеуді талап етеді.

Өмірбаяндық әдіс Б. Атшабаровтың ішкі әлемін түсінуге, оның өмірлік жағдайларын қайта қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

«Тұлға» — «факторлардың қатынасы» — «дәуір» ұғымдарының қарым-қатынастары жиынтығын тұтас түрде қарастыру керек. Яғни, тарихта тұлғаның орнын және белгілі бір тұлғаның іс-әрекетінде тарихтың қалай көрінетінін талдаудың маңызы ерекше. Ол үшін тұлға мен қоғамның, тұлға мен тарихтың өзара байланысын түсіну үшін тарихи-генетикалық, тарихи-салыстырмалы әдіс сияқты бірқатар жалпы және арнайы әдістер мен зерттеуді қолдану қажет. Олар жоғарыда аталған үш маркер арасындағы байланысты ашады: тұлға, факторлардың ара қатынасы және дәуір. Факторларды анықтау кезінде басты назар тұлғалық принципті, объективті тарихи заңдылықтарды және кездейсоқ факторды нақтылауға аударылады.

Осы әдістер арқылы мақалада Бахия Атшабаровтың көрнекті ғалым, ұйымдастырушы, патриот екендігін көрсететін тұлғалық бейнесі сипатталды. Қазақстандағы медицина саласының дамуына қосқан жеке үлесі айқындалды.

Мәселені талқылау

Б. Атшабаровтың әріптесі ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Профилактикалық медицина академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бегалы Нұрманұлы Айтбембет 2017 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне жариялаған «Академик Атшабаровтың ерлігі неге ескерілмейді?» деген мақаласында «Бақия Атшабаровтың ғылымдағы жолы соқпақты, әйтсе де айқын әрі жемісті болды» деп өте дұрыс жазған. Оны бірнеше дәлелмен нақтылай отырып, Б. Атшабаровтың танымал тұлға екенін былай көрсетуге болады:

Біріншіден, қарапайым аспиранттан академикке дейін жетті, аға қызметкерден директорлық дейінгі сатыға көтерілді;

Екіншіден, медицина саласының жаңа бағыттарын қалыптастырды. Атап айтсақ:

  • еңбек гигиенасы және кәсіби патология;
  • қорғасын интоксикация жағдайындағы жүйке жүйесінің күйі;
  • жануарлар организміне химиялық заттардың жалпы токсикалық әсерінің патогенезі;
  • парабиоз мәселелері;
  • физиологияның, патофизиологияның және бас сүйек ішілік қысымның мәселелері;
  • ядролық сынақтардың зиянды әсерінің дәлелі;
  • ауыл тұрғындарының денсаулықтарын жақсарту туралы тұжырымдама;
  • эндемикалық зоб ауруының эпидемиологиясы;
  • Ертіс өзенінің бір бөлігін Арал ауданына беру жобасынан бас тартуға уәждің негізсіздігінің қалыптасуына ерекше еңбек сіңіріп, мұрындық болды [4: 24–27];

Үшіншіден, «Атшабаров мектебінен» өткен бірнеше қазақстандық медицина саласының ғалымдарын шығарды (оның жетекшілігімен 15 докторлық, 35 кандидаттық диссертация қорғалған);

Төртіншіден, ғалым ретінде 200-ден аса ғылыми еңбек жазып қалдырды, оның ішінде 11 монография мен 7 авторлық куәліктің иегері.

Ең маңыздысы оның есімі Семей өңірінде ядролық қаруды сынаудың салдарынан осы аймақта табылған жаңа аурудың түрі әлемдік медицина әдебиетіне «Қайнар синдромы» патологиясы деген атаумен енуі арқылы дүние жүзіне танымал болды. Бұған негіз болған 1957–1959 жылдары Семей өңірінде ядролық қаруды сынау жергілікті тұрғындардың денсаулығына әсерін зерттеу бойынша құрылған арнайы экспедициялық зерттеулердің басында ғалым Б. Атшабаров тұрды.

Б. Атшабаровтың әлемдік медицина саласында кеңестік кезеңнің өзінде-ақ танымал ғалым-тұлға болғандығын дәлелдейтін бірнеше құжаттар бар. Оны неміс ғалымы Д. Штефеннің Б. Атшабаровқа жазған хаттарынан көруге болады. Сол хаттардың кейбірінен үзінділер келтірейік. 1970 жылдың шілде айының 22-нде жазылған хатта былай делінген: «... Я рад, что могу Вам сообщить, что теперь впервые смог упомянуть в одной публикации о Вашей книге о нервном поражении, обусловленном свинцом. Публикация появилась в № 4 за 1970 г. журнала «Stadtehygiene». Однако, рецензия, которую я приготовил для журнала «Zbl. Arbeitsmedizin», еще не получена. Вашу книгу я проработал довольно оснавательно, и в своей книге о скрытом свинцовом отравлении посвящу Вашей нейротоксикологии 10 страниц...» [5: 202], ал 1970 жылғы қазан айының 17-а күнгі хатында: «Глубокоуважаемый господин профессор! Я рад сообщить Вам, что в статье «Скрытое отравление свинцом и исключительно массовое явление?», опубликованной в журнале «Selecta» 14 сентября 1970 г., я мог упомянуть Вашу фамилию и уделить некоторое внимание Вашим достижениям. Кроме того, медицинское издательство теперь все же решило издать мою книгу, с правом проверки специалистом по производственной медицине. Как я Вам уже написал, в это книге я поместил обзор вашего исследования объемом 12 страниц, точнее говоря, последнюю главу...» деген [5: 207]. Бұл бір ғана неміс ғалымының хаттарындағы қазақ ғалымы Б. Атшабаровтың еуропалық ғылыми ортаға танымал екендігін көрсетеді. Шетелдік ғалымдардың, ғылыми орталықтар тарапынан ғалымға жазылған біршама хаттар бар. Оларды деректік тұрғыдан өз алдына жеке талдауды қажет ететіндіктен, біз Б. Атшабаровтың эпистолярлық мұрасы туралы алдағы уақытта жазатын боламыз.

Жазушы Сәуле Досжан Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күнге орай 2020 жылы 29 тамызда «Айқын» газетіне берген сұхбатында былай дейді: «Қасірет пен Тағдыр» деген кітабымды жазу барысындағы іздеп тапқандарымнан және Семей өңірін аралап, ел ішіндегі өмірді көріп, оқыған кітаптарымнан, ғаламтордан, бұқаралық ақпарат құралдарынан көргендерімнен қорыта келе, «Полигон жайлы алғаш дабыл қаққандар шындығында кімдер екен?» деген ойға қалдым. Семей полигоны зардаптарын 1957 жылдан бастап алғаш зерттеп, дабыл қағуға кіріскен адам көрнекті ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтының директоры болған Бахия Атшабаров екен» [6].

Осылайша құрылған ғылыми экспедицияға байланысты тағы да бір қысқаша, бірақ маңызы зор мәліметті көрсетуді дұрыс деп есептейміз. Ол мәлімет осы ғылыми экспедиция жетекшісі болған Б. Атшабаровтың «Заблуждения, ложь и истина по вопросу оценки влияния на здоровье людей испытания атомного оружия на Семипалатинском ядерном полигоне» деп аталған еңбегінде былай деп жазылған: «... В начале 1957 г. ко мне, директору института, обратились из Минздрава Казахской ССР с вопросом, как я оцениваю возможность изучения радиактивного загрязнения территории республики и выяснения его влияния на здоровья людей. Вопрос был поставлен в порядке предложения — не возмусь ли я за изучение этой щекотливой проблемы.

К сделанному предложению Министерства здравохранения республики я отнесся с пониманием, не сомневался в необходимости проведения научных исследований по вопросам поднятой проблемы, но в то же время видел трудности в их проведении, связанные с вхождением в сферу влияния могущественного военно-промышленного комплекса (ВПК). Видимо, эти трудности и натолкнули Министерство здравохранения обратиться ко мне с предложением, не находя у себя исполнителя такой ответственной работы.

Я подумал о том, что, в конечном счете, кому-то надо взяться за решение этой научной задачи, и обратился к президенту Академии наук Казахской ССР Канышу Имантаевичу Сатпаеву с ходатайством о разрешении Институту краевой патологии организации экспедиционных исследований по изучению радиоактивного загрязнения территории Семипалатинской области и выяснению влияния его на здоровья людей.

К.И. Сатпаев принял ожидаемое решение — санкционировал проведение научных исследований согласно предложенной мною программе...» [7: 51–52].

Бұдан біз Семей өңірінің радиоактивті ластануының зардаптарын зерттеу туралы ұсынысты өзі жасағанын анық байқаймыз. Ғалым тарапынан осындай батыл ұсынысты академик Қ.И. Сәтпаевтың қолдағанын көреміз. Бұл жерде екі қазақ ғалымының туған жер және ондағы адамдардың тағдырларына, болашағына байланысты көзқарастарының ортақ, ұстанымдарының бір екендігі анық сезіліп тұр, сондай-ақ екі ғалымның бірін-бірі іштей түсінуі де байқалады. Осы мәселеде екі тұлғаның ұлтжанды, шоқтықтары биік азамат екені даусыз.

Б. Атшабаров басқарған ғылыми зерттеулер қорытындысының нәтижелері 12 томнан тұрды. Экспедиция нәтижелері тоталитарлық жүйенің солақай саясатына байланысты кеңестік дәуірде ашық жарияланған жоқ. Өйткені Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев «Бейбітшілік кіндігі» атты еңбегінде жазғандай «Заман қиын болатын. Жарылыстан жер сілкінгенін сезінгенде немесе тіпті шайдай ашық күні екінші күнді көргенде де ешкім ашу-ыза білдіре қойған жоқ. Ереуілдер, наразылықтар туралы әңгіме болуы да мүмкін емес-тін. Бұрынғы КСРО-ның басшылары сынақтар өткізгенде сол кездегі Қазақстанның халқы түгілі, бюрократиялық билік тобымен де ақылдасқан жоқ. Өйткені Қазақстан КСР-інің басшылары орталықтан тағайындалып, сонда орнынан алынатын. Мәскеу бұйрығын қалт етпеу мансаптан айрылмаудың бірден-бір жолы болатын. Қойдың бауыздалар шағында да үн шығармауы деген осы ғой...» [8: 54].

Осындай қиын әрі күрделі жағдайларда Қазақ КСР Ғылым академиясы медицина саласының ғалымы Б. Атшабаровтың жетекшілігімен ғылыми зерттеулерді жүргізген. Сонымен қатар осы зерттеулер туралы мынадай ақпараттар берген: «... Сол аймақта (Семей полигоны — авт.) радиологиялық, клиникалық және ветеринарлық бағыттарда кең көлемді зерттеулер жүргіздік. Ең алғаш рет ядролық сынақтардың өңір халқының денсаулығына зияндылығы жөнінде бұлтартпас анық әрі жүйелі мәліметтер алынды. Экспедиция нәтижелері Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіндегі арнайы кеңестерде әскери-өнеркәсіп кешені өкілдерінің қатысуымен екі мәрте талқыланды. Біздің өтінішімізбен Қазақстан басшылығы 1958 жылы Одақтық үкімет алдында Семей облысының кейбір аудандарына атом бомбасы сынақтарынан зардап шегушілер ретінде көмек көрсету жөнінде мәселе қойды. Көп ұзамай Алексей Косыгин қол қойған зардап шегуші аудандарға материалдық жеңілдік туралы қаулы қабылданды. Алайда кейіннен әскерилердің қысымымен бұл құжаттың күші жойылды. Олардың ойынша, бұл атом сынағының адамдар денсаулығына зияндылығын мойындаған айғақ болар еді...» [9: 5].

Полигонның зардабы туралы 1958 жылы Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті мен республика үкіметіне хат жолдап, онда Семей полигонындағы атом қаруының сынағы адамдарда сәуле ауруының таралуына әкелгендігін жазған. Осы жағдайға байланысты қандай іс-шаралар қабылдау қажеттігі туралы мәселе көтерген. Бірақ Б. Атшабаровтың бұл өтінішіне Қазақстан үкіметі жауап бермеген. Ол түсінікті де. Өйткені Орталықтың мүддесіне қарсы шығу ешкімнің құзырында жоқ. Тіпті Орталық Б. Атшабаровтың экспедициясы жұмысын тоқтатуды тапсырып, партиялық- әкімшілік тұрғыдан жазалауды талап етті. Сонда Орталықтың келтірген дәйектері мынадай болды: «Б. Атшабаров экспедициясының ғылыми-зерттеу бағдарламасында қасақана атом қаруы сынақтарының адамдар денсаулығына зиянды әсерін ашуды мақсат етіп қойған. Ал бұл Кеңес мемлекетінің мүдделеріне қайшы келеді және әлем жұртшылығы алдында КСРО-ның беделін түсіреді. Абыройға орай, Қазақстан үкіметі әскерилердің бұл өктем талабын талқылай келе, қабыл көрмепті...» [9: 5]. Уақыт өте келе Б. Атшабаров экспедициясының ғылыми нәтижелері республика мен КСРО басшылығына мәлім болғандықтан, әскери-өнеркәсіп кешені абайлап әрекет ететін болды. Екі жылдық мароторийден кейін, 1961 жылдан бастап өте қауіпті жер бетіндегі жарылыстарды тоқтатты. 1962–1963 жылдары кеңістіктегі сынақтарға көшті, содан кейін тек жерасты сынақтары ғана өткізілетін болды.

Бұл экспедицияның қорытындылары биполярлы әлемнің екі алпауыты болған мемлекеттер АҚШ және КСРО арасындағы ядролық қаруды сынаудан туған бәсекелестік пен жарысты тоқтатып, келісім жасауға негіз болды, яғни Кеңестер Одағы 1963 жылдан бастап ауада, жерүстінде атом және сутегі бомбаларын сынауға тыйым салу жөнінде АҚШ-пен келісім жасауға мәжбүрледі. Себебі бұл екі елдің ядролық қарулары Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау үшін ең көп қауіп төндіретін еді, сол себепті КСРО және АҚШ арасындағы ядролық қарусыздану жөніндегі екіжақты келіссөздерге ерекше назар аударылды. Сөйтіп 1960-шы жылдардың соңына қарай басталған қарусыздану, ядролық қару таратпау мәселелеріне қазақ ғалымы басқарған экспедицияның қосқан үлесі зор болды. Сондықтан 1957–1959 жылдарғы Б. Атшабаров жетекшілік жасаған экспедицияның ең басты тарихи маңызы осында еді. Кейіннен экспедиция зерттеулерінің нәтижесінде алынған ақпараттар Қазақстанда белгілі ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің бастауымен құрылған «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалыстың жүруі барысында үлкен леп берді. Нәтижесінде Семей ядролық полигонындағы сынақтарды тоқтатуға әкеліп, Семей полигоны жабылды. Бұл — Атшабаров экспедициясының екінші тарихи маңызы.

Б. Атшабаров экспедициясының ғылыми тұрғыдан құндылығын Елбасы Н. Назарбаев орыс тілінде шыққан «Эпицентр мира» кітабында жазған: «Впервые достоверные и систематические данные о пагубном воздействии испытаний на Семипалатинском ядерном полигоне были получены в результате широкомасштабных медико-экологических исследований, проведенных Академией наук Казахской ССР. Руководил исследованиями и возглавлял научные экспедиции профессор Бахия Атчабаров. Экспедиция вела исследования в радиологическом, клиническом и ветеринарном направлениях» [1: 64]. Бұл жерде Елбасының өзі Бахия Атшабаров жетекшілік еткен экспедиция бірінші рет ең шын, анық әрі жүйелі мәліметтер бергендігін әділ бағалайды, бұл оның ерекше, қайталанбайтын тұлға екенін нақты көрсетеді.

Б. Атшабаров жетекшілік еткен экспедицияның зерттеулерінің 12 томдық талдауы мен деректері әлі күнге дейін аса құнды, ол өзінің өзектілігін жойған жоқ. Кеңестік дәуірде «өте құпия» деген белгімен сақталған ғылыми есептер тәуелсіз Қазақстанның зерттеушілерін қызықтыруда. Ол болашақтың еншісінде...

Академик Б. Аташабаровтың бойындағы ғылыми дарындылығының негізі оның білімділігімен қатар, көрегенділігінде, кең көлемде ойлай білуінде жатыр. Б. Атшабарұлын өзінің ұстазы деп есептейтін академик Төрегелді Шармановтың айтқан мына пікірі ерекше назар аудартады: «... Бір ғана ғылымдық тұжырымдамасын — қорғасынның салдарынан уыттануды жою жолдарын қарастырсақ, бұл орайдағы денсаулық сақтау тәжірибесіне енгізген тиімді шаралардың халық денсаулығына тигізген әсері зор және ғылымға кеткен бар шығынды өтеп қана қоймай, кез келген ғалым үшін мақтан болары сөзсіз. Мұндай еңбектерінің саны мол еді...

... Институттың қабырғасында әлемде бірінші болып Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп алғашқы медициналық-санитарлық көмек бойынша жұмыс істеген орталық ашылды, тағам гигиенасы бөлімінің Мәскеу тамақтану институтының бөлімшесіне айналып, кейіннен Тәжікстанда, Түркіменстанда, Қырғызстанда бөлімшелері бар, ірі Орталық Азия Тағамтану институты болып құрылуы ең әуелі Бахия Атшабарұлының арқасында жүзеге асты...» [10]. Сонымен бірге Т. Шарманов ұстазы туралы ойын былай деп сабақтайды: «... оның қайсар ғалым екендігін айтып өту қажет. Кезінде көп таралған аурулардың әлеуметтік себеп-негізінің ресми болжамына келгенде кеңес үкіметі жалтарып бақты, туберкулездің өзінің тамырын ашу билік алдында кикілжің туғызып, зерттеушіге секем алғызатын. Бірақ бұл Атшабаровқа тән емес, ол ащы шындықты жайып салып, айтатынын бел- беделден тіксінбестен айтты... Өзінің осы биік деңгейін ол әрдайым дәлелдеумен келді. Мысалы, бас сүйек ішілік қысым туралы соңғы тұжырымдамасы Сәтбаев атындағы сыйлықпен марапатталды...» [10].

Б. Атшабаровқа байланысты тағы бір штрихты айта кетейік. Ол 1961 жылы жоғарыда аталған 1957–1959 жылдарғы ғылыми экспедицияның жұмысы бойынша ұйымдастырылған Мәскеуде өткен қорытынды конференциядан кейінгі оқиға. Бұл туралы Б. Атшабаров былай деп жазады: «... После окончания конференции мы вернулись в Алма-Ату, и я был на приеме у Каныша Имантаевича. Доложили ему о результатах проведенной конференции, об имевшихся разногласиях между нами и ВПК, а также о некоторых новостях последних этапов наших исследований. Каныш Имантаевич, выслушав нас, высказал следующее свое мнение: «Вы своими исследованиями достигли многого. Установили наличие радиактивного загрязнения территории вокруг Семипалатинского полигона, приблизительно наметили его опасные границы, выявили наличие вредного влияния на здоровье людей. Результаты ваших исследований известны советско-партийным органам республики и Союза. Военным признать свои ошибки и промахи — смерти подобно, ибо они за «безопасно» проведенные испытания атомного оружия получили ордена, звания Героя и привилегии.

Вы должны быть довольны тем, что на некоторое время испытание атомных устройств было приостановлено. В этом считайте есть определенная заслуга проведенных вами исследований, так что ваши исследования достигли определенной цели и по всей вероятности результаты их будут учитываться в дальнейших государственных мероприятиях в этом направлении. Ваши недруги, говорил он, все годы от меня добивались, чтобы я запретил проведение ваших исследований. но этого нельзя было делать, ибо запрет, т.е. остановка исследований, не был как в интересах народа, так и выяснении истины»...» [11: 168–169]. Бұл академик Қ. Сәтбаевтың пайымдауы, Б. Атшабаров басқарған ғылыми экспедиция жұмысына берілген әділ баға. Сол уақытта Қ. Сәтбаевтан артық ешкім әділ баға бере алмағаны һақ.

Ғұлама ғалымдарға тән ерекше қасиеттерімен өмір сүрген Б. Атшабаровтың тағы бір бейнесін ашқымыз келеді. Оны біз Б. Атшабаровтың 90 жылдық мерейтойында сөйлеген сөзі арқылы көрсетуді дұрыс деп есептедік: «...Әр адамның өмір сүру жолында өзіндік арман болады ғой. Менің де көкейімде талай арман болған. Олардың көбі орындалды, шүкір. Бір әттеген-айы, соның ішінде біреуі орындалмай келеді. Ол қазақ халқының, әсіресе, ауыл тұрғындарының денсаулығы, өмір сүру жағдайы түзеліп, жоғары дәрежеге жетуі еді. Ғылыми зерттеулер қазақтың денсаулығының нашарлығы тамақтану кемшілігімен байланысты екенін анықтады, әсіресе, С витаминін пайдаланудың аздығы. Яғни, ауыл тұрғындарын жаңа әлеуметтік тұрмысқа көшіру қажет. Ол дегенім әрбір қазақ қысы-жазы көкөніс, жеміс-жидекті мол пайдалануды әдетке айналдырып, нормаға сай тамақтануы керек. Ендігі арман-мақсат — халықтың денсаулығын дұрыстап, жоғары сатыға көтеру. Және салауатты өмір салтын ұстануға халық та ынталы болып, бұл бағытта үкіметтің тиянақты саясаты болса екен деймін» [4: 192].

Яғни, оның арманының өзі жеке басының немесе отбасының мүддесі емес, қазақ халқының, оның ішінде ауыл тұрғындарының өмір сүру және әлеуметтік жағдайын ойлауының өзі ғалымның ұлылығын көрсетеді, сонымен қатар өзіне тән азаматтық қасиетімен дараланып тұрғандығын айқындайды. Осы тұсты Б. Атшабаровтың тағы бір ерекшелігімен толықтырғанды дұрыс деп есептейміз. Ол ғалымның сонау 1958 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне жарияланған «Тазалық — денсаулықтың кепілі» атты мақаласы туралы. Бұл мақаланың негізгі мазмұны ғалымның жоғарыда айтқан сөздерімен мәндес. Яғни, ауыл тұрғындарының денсаулық жағдайының төмендігі, әлеуметтік- тұрмысының өте нашар болуы мәселесін көтерген. Нәтижесінде «Мәдениет және тұрмыс» журналы пайда болды. Бұл басылым кеңестік дәуірде әрбір қазақ отбасының үйінен табылатын. Сол кезден бастап 30 жылдан артық уақыт бойы ғалым Б. Атшабаров аталған журналдың редакциялық алқа мүшесі болды және журналдың денсаулық сақтау, Қазақстандағы медицинаның мәселелері мен сұрақтарына жауап берді. Міне, ғалымның өмір бойы ұстанған ұстанымы — қазақ халқының денсаулығын сақтау мәселесі еді. Ол осы ұстанымына адал болды және оны армандарының бірі етті.

Қорытынды

Қазақтың ірі тарихи тұлғасы Қаныш Сәтбаев және Александр Порфирьевич Полосухин тәрізді аса көрнекті ғалымдармен бірге жұмыс істеп, үлкен тәжірибе жинақтаған Бахия Атшабаров үлкен ғалым болып қалыптасты. Ғалымның 1957–1960 жылдары жетекшілік еткен ғылыми экспедициясы барысында ядролық сынақтардың Семей өңіріндегі тұрғындардың өміріне тигізетін әсерін ғылыми тұрғыдан анықталды. Оның сынақтарды тоқтату туралы айтқандары, азаматтық позициясы ұрпақтардың есінде мәңгіге сақталады. Б. Атшабаровтың «Қайнар синдромы» деп тұжырымдаған патология әлемдік медицина әдебиетіне аурудың жаңа түрі ретінде енгізілуі, оның дүние жүзіне танымал ғалым, тұлға екендігін көрсетеді.

Б. Атшабаровтың терең білімі, еңбекқорлығы, ұстаздық тәжірибесі, әріптестері мен шәкірттеріне деген қамқорлығы ескерусіз қалған жоқ. Оның медицина ғылымына сіңірген еңбегін мәңгі есте сақтау мақсатында 2009 жылы С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде академик Б.А. Атшабаров атындағы Іргелі және қолданбалы медицина ғылыми-зерттеу институты ашылды. Бұл ғалымның отандық медицина саласында атқарған ұзақ жылдарғы еңбегіне көрсетілген құрмет еді. «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасында айтылған «... Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген жолдар жерлесіміз тұлға-ғалым Бахия Атшабарұлы тәрізді тұлғаларды танып, білуге арналғандықтан, алдағы уақытта оның есімін ұлықтауды оның туған өлкесі Қарағанды облысында жүргізген дұрыс.

 

Әдебиеттер тізімі

  1. Назарбаев Н.А. Эпицентр мира / Н.А. Назарбаев. — Астана: Елорда, 2001. — 294 с.
  2. Сарсеке М. Семипалатинская трагедия. Документально-историческое повествование / М. Сарсеке. — Астана: Фолиант, 2016. — 952 с.
  3. Досжан С. Қасірет пен тағдыр: роман / С. Досжан. — Нұр-Сұлтан: Фолиант, 2019. — 360 б.
  4. Атшабаров Б. Өнегелі өмір / Б. Атшабаров. — Алматы: Қазақ университеті, 2019. — 395 б.
  5. Печерских В.Е. Азаттығы асқақ ғалым. Ученый. Гражданин. Патриот: сб. док. и материалов о враче, ученом, организаторе здравоохранения Казахстана Бахие Атчабаровиче Атчабарове / В.Е. Печерских, А.К. Еркенова. — Алматы: Print_express, 2019. — 534 с.
  6. «Қасірет пен тағдыр» — елдің шері мен қайғысы — жазушы Сәуле Досжан [Электрондық ресурс]. Қолжетімділік тәртібі: https://aikyn.kz/68486/as-ret-pen-ta-dyr-eld-sher-men-ay-ysy.
  7. Атчабаров Б.А. Заблуждения, ложь и истина по вопросу оценки влияния на здоровье людей испытания атомного оружия на Семипалатинском ядерном полигоне / Б.А. Атчабаров. — Алматы, 2002. — 200 с.
  8. Назарбаев Н.Ә. Бейбітшілік кіндігі / Н.Ә. Назарбаев. — Алматы: Атамұра, 2003. — 256 б.
  9. Дабыл: 1957-1960 жылдары Семей полигоны маңайына тұңғыш ғылыми экспедиция ұйымдастырған ғалым Б. Атшабаровпен сұхбат. Әңгімелескен Қ. Аманжол. // Егемен Қазақстан. — 2009. — 8 қыркүйек. — Б. 4.
  10. Шарманов Т. Ақиқат жанкештісі / Т. Шарманов // Егемен Қазақстан. — 2018. — 14 маусым.
  11. Атчабаров Б. Воспоминания о Каныше Имантаевиче Сатпаеве. — Вып. 187/ Б. Атчабаров / В кн.: Өнегелі өмір /под ред. Г.М. Мутанова. — Алматы: Қазақ университеті, 2019. — 395 с.
Жыл: 2022
Категория: Тарих