Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Философия тарихындағы уақыт пен сабақтастық

Мақалада уақыт және ұрпақаралық сабақтастық, адамның іс әрекеттілігі әлеуметтік философиялық аспектіде қарастырылған. Уақыт ұғымы тарихи үрдіс секілді үш өмірлік кезеңді, кешегі, қазіргі және болашақ тіршілікті қамтиды. Тиісінше, адам өз уақытын тарихи сабақтастықта пайымдап, заманауи кезеңде жүзеге асырып, болашаққа ұмтылады. Бұл өз кезегінде оның тарихи жадын, бүгінгі өзектілігін, болашақтағы үмітін білдіреді. Сондықтан мақалада уақыттың әлеуметтік сипаты, адамның уақыттағы мәнділігі, оның жасампаздығы, іс әрекеттілігі арқылы жүзеге асушы мүмкіндік мағынасында зерттелген. Бұл мән А. Бергсонда ішкі жан дүниені тану арқылы созылатын әлеуметтік индивид ретінде, М. Хайдеггерде тағдырлы, толғанысты болмыс иесі, тарихи индивид ретінде, М. Фукода білім күшіне сүйенген, сыни ойы, күмәнданушы қазіргі адам ретінде зерттеледі. Б. Рассел уақытты бағамдауда белгілі бір тарихи кезеңді сол заманның оқиғалары мен мүмкіндігі арқылы бағалауды ұсынады. Мақала теориялық тұжырымдарды салыстыра талдауға құрылған. Тарихи және ұрпақаралық сабақтастық әлеуметтік институттар мен мемлекеттік құрылымдардың әлеуетті мүмкіншіліктерін ашу арқылы көрініс табады және ұдайы өзгерісте болуы шарт. Осы бағыт ұрпақ өзгерісімен, бастамашылдығымен жаңа форматтағы ұрпақтың қалыптасуымен туындайды. Ұрпақаралық сабақтастық бағыты әлемнің барлық зерттеушілерінің назарындағы ауқымды мәселе. Іргелі зерттеулердің ішінен К. Мангейм, Х. Ортеги- и–Гассет, Г. Мейдель, Г. Маркузе, М. Мид, А. Тойнби, Л. Фойер, Т. Морган еңбектерін ерекшелеуге болады. Отандық зерттеушілердің ішінен аталмыш тақырып танымал ғалымдар С.Е. Нұрмұратовтың, Б.Е. Колумбаевтың, К.А.Медеуованың, Г.М. Смагулованың еңбектерінде көрініс табады.

Кіріспе

Ұрпақаралық сабақтастық мәселесі күн тәртібінен түспейтін, толғамы терең дүние. Өткен тарихи жадыны сақтай отырып, ұтымды инновацияларды, жақсы озық идеяларды сіңіріп, болашақ ұрпаққа мирас етіп қалдыру ұрпақ үшін, халықтың даму тарихы үшін, болмысы үшін қажетті терең мәселе. Ұрпақ сабақтастығы арқылы тарихтың үздіксіз сабақтастығы көрініс табады. Жаһандану кезеңінде, әлемдік саясатта өзіндік ықпалы бар Азия және Африка елдерінен Еуропа елдеріне жаппай қоныс аудару түрінде орын алып отырған этникалық миграция барысында дәстүрлер мен ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи үдерістер өзгеріске ұшырауда. Осы орайда тәуелсіз мемлекет ретінде әлемдік саясаттан өзіндік орын алған еліміз үшін ұрпақтар сабақтастығы бойынша зерттеулер өзекті мәселелердің қатарына енеді.

Ғасырлар бойы ұрпақтар сабақтастығы ретінде атадан өскелең ұрпаққа мирас ретінде жалғасын тауып келе жатқан ұлтжандылық, толеранттылық қасиеттер қазіргі еліміздің даму сатысында жалғасын тауып, Қазақстандық қоғам мультимәдениетті әлеуметтік ортаға айналып отыр. Өйткені мультимәдениеттілік халықты көптілді ортаға, толерантты, бейбітсүйгіш әлемге синтездей алды. Еліміздің Астанасын айқындап, түркі тілдес халықтар үшін киелі мекен Түркістан қаласы еліміздің рухани орталығына айналуда.

Зерттеу әдістері

Біздің тақырыбымыздың негізгі мақсаты осы сабақтастықтың адамның өмірлік іс–әрекеттілігі, дүниені түйсінудегі шынайылық пен идеалдылықтың арақатынасын уақыт дәнекерлері негізінде қарастыруды құрайды. Өйткені уақыт бұл сырғып аққан бір сәттік көріністерден тұрғанымен, ол адамның оны мәнмен толықтыруының негізінде тарихи жадқа, естеліктерге айналады. Сонымен бірге осының негізінде, уақытта өткен оқиғалар халықтың ұлттық мақтанышының, рухани тектілігінің сипаттарын береді. Бар болушы болмыс ұрпақтар қызметі арқылы тарихтағы мәніне ие болады. Дегенмен уақыт шексіздік арқылы баяндалатын категория ретінде, ол мәнді уақыттың спектрінде дәлелдейді. Сондықтан мақалада ұрпақ ұғымының уақыт категориясындағы көрінісі, болашақ уақытқа жүктелген үміті салыстырмалы әдіс арқылы көрсетілді. Сонымен қатар мақалада философия ғылымындағы уақыт категориясын зерттейтін А. Бергсонның, М. Хайдеггердің, Б. Расселдің, М. Фуконың көзқарастары мен теорияларындағы ұғымдарды ерекшелеу әдістері қолданылды. Мақаланың өзегін теоретикалық-әдіснамалық қағида құрайды. Өйткені әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың деректік негізін алғашқы дереккөздер құрайды. Сондай-ақ, мультипәндік әдіс арқылы философиялық, тарихи, саяси, әлеуметтік талдау жүргізілген.

Нәтижелер және оларды талқылау

Біздің қоғамның негізгі міндеті, осы мультимәдениеттілік шынайылығын тиімді бір қоғамдық санаға біріктіру арқылы, оның ойлау мен іс-әрекеттіліктегі сәйкестігіне қол жеткізу болып табылады. Бұл таза апперцепция үрдісі неміс классикалық философиясы ұсынған тәсілдердің бірі саналады және қоғамда жинақталған білімдерді шынайылық пен идеалдылық қатынасында транценденталды тұтастыққа айналдыра алуымыз қажет. Осы орайда, бүгінгі ұрпақтар дискурсына тарихтың көптүрлі бейнелерінен ауысқан ойлар, мінез-құлық үлгілері, идеялар мемлекет тәуелсіздігі рухымен объективтілікте тоғыса алуы қажет. Сонда ғана біздің қоғам дүниенің көпбейнелілігін, сезімдігін, ойлауын, тұтастығын бүтіндікке айналдыра алады. И. Кант, Г. Гегель өз шығармаларында мақсат еткен жалпыға бірегей, қажеттілік, ойлау мен іс-әрекеттілік сәйкестігі иірімдеріне бойлап, әлемнің көпжақты бейнелерін өзіміздікіне, менімізге айналдыра аламыз. Дегенмен, біздің қоғам оның ұрпақаралық қатынасы жекелікті мүдде тұрғысынан әрекет жасауын, өзінікін тек менікі деп ойлауын тоқтата алмай отыр. Ал уақыт тарихтағы әрбір үрдістің маңыздылығын объективтілік бағалауда құмға, сағымға айналдырып жібереді. Г. Гегель бойынша «Адам шынайы әрекетті болуы үшін өзін шектеу арқылы барлықта тіршілік жасауы тиіс. Дәл осы шекарада бар болушы болмыстың реалдылығы, оны терістеу түйінделген, дәнекерленген» [1: 231].

Алайда, біздің қоғам тәуелсіздік эйфориясында әлі де болса, дүниені, қоғамның қызметін, мемлекеттің мүддесін шынайы бағалай алмай отыр және өзінің бүкіл іс-әрекеттілігін шектілікте, бар болушы болмыстың мәнінде бүтіндік арқылы ойлана алмай отыр. Г. Гегель теориясында уақыт үздіксіз жылжушы, шексіз прогресс, бұл шексіздікте ойлау міндетті түрде жеңіліске ұшырайды. Яғни, адам ұрпақтар арқылы өз әлемін тануда оны терістей алуы қажет. Сондықтан философия ғылымында бір біріне қарама қарсы, қайшылықты ойлаудың орын алуы заңды құбылыс саналады. Адам мен қоғамның қатынасындағы мұндай үрдістерді профессор Б.Е. Колумбаев уақыттағы адамның күресі, оның жан дүниесі мен рухының асқақтауы арқылы түсіндіреді. Атап айтқанда: «Ия, адам уақытпен күреседі. Дегенмен есепті уақыт иллюзиорлы. Сонымен «мәңгі оралуды» адам түрлерінің тұрақты айналымы ретінде меңзеуге болмайды, керісінше мәңгілікке топостан жоғары уақыттағы өзіндік қалықтау ретінде меңзеу керек. Ал, бұл жан дүниелік, рухани көтерілуді білдіреді» [2: 237].

Уақыттың тарихи континуумындағы сабақтастығын және біруақыттылығын зерттеуде, қазіргілікті анықтауда бірнеше философиялық теориялар бар. Қазіргілік теориясын адамның болмысына, оның дүниетанымын талдауда да тарихи талдау, бихевиористік, эволюциялық теориялар өзара қайшылықты, бірақ заман ағысына сай өз ойларын ұсынады. Бұл ой өз кезегінде адамның болмысының шектілігі мен дүние шекарасынан тыс қалыптасуында философиялық дискуссияға түсуде тіпті күрделене түседі. Олардың қатарына А. Бергсонның, М. Хайдеггердің, Б. Расселдің, М. Фуконың теорияларын аламыз. А. Бергсон уақытты түсіндіруде қолданған ұғымдары өмір, сана, интуиция және жан дүние категориялары арқылы көрініс береді. Өйткені А. Бергсон уақыт адамның санасына тікелей, таза формасында берілген және адам сол уақыттағы ерекшеліктерді өзінің жан дүниесіне тереңдеу арқылы санасының созылуында бағалайды деген ойды дамытады. Уақыт санмен өлшеуге келмейді және оны өлшеуге ұрынатын болсақ, онда қайтадан кеңістіктік орналасуға тап боламыз. А.Бергсон: «Біз бұл ұзақтықты біртіндеп тұтас материалдық дүниеге тартамыз және бізге дүние тұтас, бүтін болып көрінеді. Сана кеңістіктің түрлі нүктелерінде жүзеге асатын, күтілмеген оқиғаларды тұтас мезеттік қабылдауда ұстап қалуымен орын алады», – деген ойын білдіреді [3: 42]. А. Бергсон бойынша сана сезім және интуиция уақытты ерекшелеп, оны сапалық көп мәнділікке айналдыруда өзінің санасының деректеріне дейін созылуға ұшырайды. Ал, созылу адам санасының шынайы уақыты ретінде бірізділікке ие, бірақ бұл бірізділікте сәттер қатар тізбектік орналаспайды. Созылу бұл уақыттағы мәнділікті адамның бүкіл жан дүниесінен, ішкі күйзелісінен, тінінен өткізу арқылы оның ойлауын қалыптастырады. Сезу арқылы ойлану бұл өмірлік іс әрекеттілікті өзіңнің танымың арқылы бағамдау және дүниеде бар заттар туралы ойлану, соның шегінде шынайылықты түзуді білдіреді. Яғни, санамыз уақыттағы сәттерді бірізділікте анықтап, олардың жалғастықты өзгерісін, динамикасын зерттейді.

А. Бергсонның теориясы бойынша:

  • адам санасының барлығына бір табиғат тән, олардың барлығы бірдей ағыс жылдамдығына, бір мүмкіндікке, бір ұзақтыққа ие;
  • қатар орналасқан саналардың сыртқы тәжірибелік аймағы ортақ және әрбір сананың ұзақтықта қозғалуына қарай ішкі ерекшелігі бар, барлығы соңында бір тәжірибеге құйылып, бір ұзақтықта өрістеледі;
  • ұзақтық материялық дүниенің барлық оқиғаларына тең таралады, барлық заттардың бір ағысы бар және уақыт өткеннен бүгінге қарай тоқтаусыз аққанда ерекшеліксіз сипатқа ие болады;
  • сана арқылы еске алу қалыптасады және ол өз кезегінде ұзақтықты біртұтас қабылдау арқылы заттардың ішіне орналасып, формаларды қалыптастырады;
  • ұзақтықта уақыт созылмайды және оны сыртқы қатынаспен өлшей алмаймыз. А. Бергсон, «Уақытты қозғалыс арқылы өлшеу екі сипатқа ие, олар: біздің саналы өміріміздің ағындарының бір бөлігін құрайтын дене сезімдерінің қасиетімен ұзақтыққа ие болуы, екіншісі, көзбен көру, түйсіну арқылы кеңістіктік белгілерге ие болуы, траекторияларды сипаттауы және бейнелеуі орын алады. Толассыздықта із қалуы тиіс және сол із кеңістіктің бөлігін құрау арқылы өлшеуге келеді», деп пайымдайды [3: 47].

Адамның кеңістікте өрістелген объектілерді бүтіндікте қабылдап, ой қорытуы оның санасының өзге тірі жаннан артықшылығы болып саналынады және ол өз кезегінде біруақыттық өлшемін білдіреді. Сонымен бірге уақыт адамға дайын күйінде берілген, ал, оның сапалығы қоғамдық, әлеуметтік мәнмен толтырылуынан қалыптасқан. Мұндағы адамға әлемнің дайын күйінде берілуі сананың ол дүниені тұтас қабылдауымен түсіндіріледі. А. Бергсонның әлеуметтік индивиді бұл өзінің санасының сырт қылығында ерекшеліксіз ағып бара жатқан уақытты өмірінің мәніне айналдыру және сол уақыттағы жасампаздығын жалғастырумен шынайылықта жасайды. Халықтардың ұрпақ ұғымына мән беруінен, осы жасампаздық әрекеттің негізінде шынайылықты түрлендіруге деген ұмтылысынан туындайды. Жасампаздық және адамның шығармашылығы барлық уақытта өзектілікті ұғым. Атап айтқанда, адам әлде қоғам немесе мемлекет өзінің тарихи уақытын, миссиясын және өзектілігін жоғалтып алмауы керек. Сондықтан адам санасы сыртқы тәжірибелердегі ерекшеліктерге дейін, қатар орналасқан саналардың тәжірибесіне дейін үлкейіп тани алады және уақыттық тізбекке қайшылықсыз ере алады. Сонымен, А. Бергсон бойынша әлеуметтік индивид уақытты қабылдауда бірмәнділікті түзбейді. Уақыт ағысы өзеннің сарқырап аққан суы секілді қайтымсыз ағуда, бірақ оның тамшыларын үзіп алу арқылы санамыздың жарқылынан өткіземіз. Интуиция ол жарқылдың бар байлығын көру, бағалай алу арқылы интеллектуалды ой тұтуға тастайды. Өйткені таза тәжірибе ретіндегі уақыт сәттері біздің толғануымызға негіз жарататын болса, онда интеллект көп жағдайда материямен жақсы үйлеседі. Шынында кешегі саяси тарихтағы террорлық әрекеттердің қайбірі болмасын халықтың санасында сайрап тұр және оны біздің халық интуитивті деңгейде қабыл алады. Сонымен бірге бұл зобалаң жылдардың салған жарасы тарихи есімізде, жадымызда орнығып қалуы арқылы оның ойлы, зерделі іс әрекеттілігін қалыптастыруы керек.

Бұл жағдайдың ұлттық және халықтың санасында архетиптер ретінде орын алуын және оның музейлік экспозициялар арқылы жадымызда үнемі жаңғырып отыруын К.А. Медеуова зерттеп жүр. Ғалым, мәдени кеңістік пен ұрпақтардың сабақтастығында жадтың көрініс табуына, ерекшеліктеріне, аспектілеріне ерекше мән береді. «Аймақтық музейлердің тәжірибелерін талдау жадтың спецификалық фильтрлерінің бар болуына идеологиялық ұғымдармен бірге концептуалды фреймдерде ықпал ететінін көрсетті. Олар: музейлік қозғалыс, аймақтық ерекшеліктер, туристік потенциал, аймақтық экономикалардың дағдарысы, қоғамдық ұйымдардың белсенділігі және республикалық және жергілікті бюджетке тәуелділік, т.б.» деген түрде толғам жасайды [4: 453]. Тиісінше, К.А. Медеуова осы зерттеуінде өзектілікке айналдырған мәселесі, ол біріншіден мәдени кеңістікте еліміздегі халықтың мәдени-тарихи дамуына қарай сакральды мекендерді адамның өткен тарихын еске салатын объект ретінде ғана қарастырмай, оның әлеуметтік-экономикалық шарттарын жарату арқылы ұлттық сана сезімді оятуды, білімдерді дамытуды көздейді.

Екіншіден, тәуелсіздік жылдарында тарихи мәдени кеңістікте ұлттың тарихын бағалауға академиялық білімі бар маманның да, қарапайым шежірешінің де орын алып, халықты адастыруын, кейде уақыттың еншісінде қалған естелігімізді рулық мақсатқа пайдалану тенденциясы барын көрсетеді. Еліміздің тарихи-мәдени орындары бренд ретінде туризмді дамыту потенциалын да ескереді. К.А. Медеуова, жадтың мәдени кеңістіктегі үш өлшемін төмендегідей түрде айрықшалайды:

  1. «Ұжымдық жадтың кеңістік пен уақыттық шекарада анықталу өлшемдері. Бұл ұжымдық жад музейлік фронтирдің метафорасы арқылы анықталады.
  2. Тарихи жадты ерекшелеудің методологиялық позициясын еске алу, тарихи тәжірибе рефлексиясы ретінде мәдени капиталды және өзіндік жазуды анықтауға мүмкіндік береді.
  3. Аймақтардың брендтік стратегиясын, мәдени ескерткіштердің потенциалын қолдану үшін таңдап алынған. Бұл мәдени географиялық немесе орын потенциалық меритерий ретінде таңдалады» [4: 453].

Неміс философы М. Хайдеггер адамның экзистенцияға берілу, шому арқылы үш уақытқа бірдей ене алатын мүмкіндігі негізінде, «өткен уақыттағы» көне заттың мәнділігі бойынша «қазіргілікте» мазмұндалғанын зерттейді. Яки, адам болмысы сана болмысы ретінде уақыттың біртұтастығына түйінделген. М. Хайдеггер тарихы және адамның тарихилығын түсіну үшін оны онтология негізінде қарастыру керектігін ұсынды және феноменология әдісіне жүгінді. Адам өмірлік іс әрекеттілікте тарихи бірізділігін сақтай отырып, ұрпақтар сабақтастығына позитивтілікте, феноменологиялық бағыттылығында қатыса алатын мүмкіндік иесі. Адам мән сипатында дүниеде қазіргілікте бар, яки, ол ешқашан «өткен» бола алмайды. Керісінше адам өткен уақыттың тұрақтылығын түсіну арқылы қазіргісімен болашағын анықтай алатын болмыс иесі. Ғалымның тұжырымының арнасынан, тарихи сананың негізінде өзіндік толғаныстарға, өздікке ие және дүниедегі болмыстың өзектілігі қамқорлық ізгілігі арқылы орын алады, деген тұжырымдар жасаймыз. М. Хайдеггер енгізген «DaSein» — осы қазіргі болмысты болушы болмыспен, адамды қатысушы мән ретінде зерттейтін сала. Ол үшін болмыс тарихилықтың мәнін білдіреді, ал «Дазайн» осы дүниедегі – болмыс ретінде қазір болу, мәннің айқындылығы, адамның уақыттылықтағы толғаныстары, оның онтикалық, онтологиялық аспектіде өмір сүруін қарастырады. Фенеменология осы қазір санада бар оқиғаларды, қатынастарды зерттеп, ол бізге болмыс шындығына жарықтың түсуі арқылы, оны көруге мүмкіндік береді. «Уақыттық ұғымдардағы фенемонология ол феномендер туралы ғылым болмайды, ол бар нәрсені ұғыну ғылымы» [5: 298].

Қатысу деп дүниедегі өзге мәндерден ерекшеленетін, өзіндік болмысы, өздігі бар және жердегі тұтас әлемге бірден бір жауапкершілікті мәнді айтамыз. Ол мән адамның өмірі және болмысы арқылы жарқырап көрінеді. Сондықтан адам уақытта онтикалық болмысқа және онтологиялық болмысқа бірдей ие тіршілік иесі. Экзистенциялық тұрғыдан алған адамның өмірі өз өзіне түсініктілікте экзистентті қалыптасады, ал, оның өзі түзген құрылымдарының өзара байланыстылығы экзистенциал деп аталады. Экзистенциалдың мақсаты адамның мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін адамның өзі арқылы, өзі туралы ойлауы, мені арқылы қалыптасуын білдіреді. М. Хайдеггер адамның болмысының құрылымын үш түрлі элементтің негізінде анықтайды. Олар: әлемдегі болмыс, алға ұмтылу және бүкіл әлемдік, адамзаттық құрамындағы болмыс. М. Хайдеггердің адамы Г. Гегельдің ойланушы адамы секілді өз тіршілігінде өткіншілігін, уақыттың өлшеулі екендігін түсіне алатын қабілет иесі. Дегенмен М. Хайдеггердің пікірінше, адамда өзінен ешқайда ұзап шықпайтын қасиет түйінделген. Сондықтан адамның міндеті өзіндік сананы адамның өз болмысы қасиетінен шығарып, оның жасампаздығына жол салу болып табылады. Бұл алға ұмтылуды М. Хайдеггер жоба ретінде көздейді және адамның алға ұмтылысымен ерекшеленеді және ол өз өзін жобалайтын болмысқа ие. Адамның өмірі биологиялықта және ішкі уақыттылықта күнтізбедегідей өлшеулі. Бұл паңдықтың емі уақыттылықтың уақытшалығын мәннің ұғынуы және тарихтан жалғасқан өмірдің, тағдырдың сабақтары. М. Хайдеггер осы туралы ойланып, «адамды талқылаудағы сұраққа әлі де жауап берілмеді» дейді. Бұл жерде өткеннің адамның алдынан тәжірибе, бағдар ретінде шығатынын білдіреді. Бұл бағдар адамның өздігін талқыға салғанымен, мәдениеттің үлгісі ретінде ұрпақаралық сабақтаста еркіндік өлшемі ретінде шығуы қажет.

М. Хайдеггер: «Уақыт кез келген болмыс түсініктілігінің көкжиегі ретінде жарыққа шығады», – дейді [6: 17]. Бұл уақыттағы ерекшелікті анықтау арқылы және оны талдау экспликациясында көрініс береді. Бұл ерекшелік уақыттылық арқылы, яғни тарих оқиғалары, табиғат үрдістері және уақыттан тыс мәннен, кеңістікті қалыптастырудан құралады. М. Хайдеггер адамның мәнін осы адам мен мәңгіліктің арасындағы құзды іздеп тауып, оны еңсере алатын қабілетінен көреді. Ол құз қазіргілікте өлімді өлімсіздікпен алмастыру, клондау, космос жүйесінен адамға ұқсас тірі жанды іздеу секілді ғылымның талпыныстарынан байқалуда. Бұл туралы М. Хайдеггер уақыттан тыста, уақыттан үстемде адам әлемінде әрекетті болып, өз кезегінде уақыттық «уақыттағы адамды» білдіреді, болмыс уақыттан шығады, оның модификациясы уақытта өрбиді деген ойда болады. Сондықтан М. Хайдеггер адам сүреңсіз уақытта өз болмысының мазмұнын тану үшін өзін қоршаған дүниедегі тарихилық ізгілікте зерттеудің үш тәсілін ұсынады. Бұл тәсілдер бір бірімен өзара байланысты және бір мәселені үш тараптан қарастырады. Олар: адамның мұрагерлік қағидасы, өмірлік өзара байланыстар жүйесі және қайта орнына келуші субъект концепциялары. Ендеше, осы ұмтылыстар адамның мүмкіндік ретінде, өз болмысын түсініктілікте бағамдауға деген экзистенцияны білдіреді. «Бұл түсініктілік оның болмысының мүмкіндігін ажыратып, оны басқарады. Оның өзіндік және барлық кезде оның «ұрпағына» өткеннің адамның соңынан ермейтінін, барлық кезде алдынан шығатынын білдіреді» [6: 20].

Бұл жерде өткен адамның алдынан тәжірибе, бағдар ретінде шығады. Ұрпақаралық сабақтастықта адам жаңа ұрпаққа өз ойын таңушы, басқарушы ретінде көрінбейді, олар оның дәстүрлерді меңгеруіне негіз жасайды. Сондықтан адамның қайта орнына келудегі экзистенциясында өздік жойылады, оның орнына ұрпақтық топтасу келеді. Мұралық мүмкіндікте алдыңғы аға буынға адалдық сақталынып, тарих өз қуатын экзистенциялық өзіндік оқиғасынан алып, өз қайнарларынан сусындайды. Және де ұрпақтық сабақтастықта адамдар өз дәуірінің батырларын іздеп, таңдау мүмкіндігіне ие болады. Дегенмен жаңа ұрпақ аға буынды қайталауды емес, өз мүмкіндігін, өз жолын таңдайды. Әйтседе адамның тарихи мұрагерлігінде дәстүрлер сабақтастығы сақталады. Ол бір жағынан ұрпақты жаңаға үйретумен бірге ескі, өткенмен арадағы өзара байланысты сақтайды. Дегенмен М. Хайдеггер осы дәстүрлердің арасындағы сабақтастыққа өзге мәдениеттің, ұғымның кірігуіне қатысты байқаған қайшылықты, күресті әдісті талдайды. Тарихи сабақтастықта адам тарихтың стихиялығындағы құпиялықты ашуға ұмтылады, ол өз әлеміне құлау, икемделу қабілетіне ие. Сонымен бірге адамға оның құрылымдық өзара байланыстарына, яки экзистенциалға тарихтың да қоятын сұрағы бар. Адам экзистенцияға берілуде өзі құлап, орныққан икемділікте, оның жарық сәулесінде өзін талқылай алады және де тарихтың жасырын сырларына қармалып қалады. Дәстүрлерде сондай адамды таңдау еркінен айырып, өзінің тұйығына тастайды. М. Хайдеггер жаңа дәстүрлер ескі дәстүрлерді мансұқтап, мүлдем жарамсыздыққа душар етеді. Тиісінше, ол ескі дәстүрлердің орнына жайғасып алған соң, оған ескі дәстүрлік әдісте қатынас жасап, ескі құндылықтан еш өзгеріссіз әдіспен басқаруға көшеді деген ойды білдіреді. Біз бұл сабақтастықты үзудегі әдісті қазіргілікте, өзіміздің қоғамдағы діни қатынастардағы діндік ұйымдардың арасындағы күрестен көріп отырмыз. Ескі сопылық мұсылманшылықты мансұқ еткен жаңа діни топтар, орнығып алған соң, сол ескіліктің сарынына қайта түсіп жатыр. Өмірлік ортадағы заттық болмыс, ескі дәстүрлер мен жаңа дәстүрлердің идеялық күресі адамның болмысының шынайылығын жоғалтуына түрткі болып, кейде оның өз өзінен, ортасынан жатсынуына алып келеді. Яки, адам өзін зат пен ортаның ықпалына тастайды және өзін зат ретінде қарастырады. Сонымен бірге адамдардың өзін басқаның орнында көруі орташалық құбылысын тудырады. Бұл орташалық адамдардың бір бірін алмастыруында ерекшеліксіз, тұлғалықсыз жалпы басқаға айналуына жол салады. Ендеше, бұл адам болмысының бір біріне кірігуі, жиі алмасуы қазіргіліктің сипатын білдіреді.

Ағылшын философы Б. Рассел уақыт категориясын зерттеуде уақытқа үңілу, қозғалыстардың қазіргілікте оқиғалар арқылы орын алатынын, естеліктердегі оқиғалардың бірізділігі, ол уақытты тәжірибелерде сақтайды, қазіргілік мәнді мезет, уақыттың түпкі негізі деген концепцияларды ұсынады. Өйткені Б. Расселдің адам танымы мен эпистемологиялық іс әрекеттілігіне қатысты уақыттағы тарихи бірізділіктің сақталуын қолдайды. Мысалы, ол «Біз өз білімдерімізді келесі ұрпаққа өткізуге тырысқанда, өміріміздің өткен тарихында орын алған жағдайларға, мәліметтерге сүйеніп әрекет жасаймыз. Өйткені тарихтың еншісіне айналған тәжірибе бізге болашақта қателеспейтін дұрыс шешімдер қабылдауға негіз болады. Э. Дюркгеймнің тілімен айтқанда бүгінгінің адамының бойында өткеннің адамы бар», – деген көзқарасын ұсынады [7: 228].

Сонымен бірге Б. Расселде уақытта адам сенімінің екі қайнары кездеседі. Олар: қазіргінің шегінде болатын өзгерістерді қабылдау және адамның еске алулары, жады арқылы қалыптасады. Б. Расселде бұл еске алу сабақтастық категориясы ретінде танымның алғышарты болып табылады және ол қазіргі естелік ретінде өткен оқиғалармен корреляциялық байланыста болады. Мысалы, қазіргі қазақстандық тәуелсіз қоғам өзінің XIX ғасырдың бастапқы кезеңіндегі іс әрекеттілігін, оны еске алу арқылы ұрпақты құндылықтық, рухани тәрбиелеуге, тарихтың сабағын шынайылықта қайта бағалауға негіздеме қалыптастырып отыр. Алашорда идеясының, оның азаматтық құндылықты бағдарларын басшылыққа алу қазіргі қоғам үшін жаңа идея ретінде қолданып отыр. Бұл біруақытта қазіргілікке және өткен уақытқа тән және еске алулардың барлығы логикалық қисындылықты білдірмейді. Б. Расселдің ұрпақтар арасындағы сабақтастықтағы байланыстарды анықтауда уақытқа үңілу әдісін ұсынады. Яғни, ол «Менің күнделігімде жазылған өткен оқиғаларға қатысты, мен олар туралы тек хронологиялық тәртіпте, қазіргіден алшақтай отырып ойланамын, сонда жазылған мерзімді күндер негізінде қорытынды жасаймын. Бұл алайда мағыналы білімдерді көздейтін процесс болып саналады, себебі, мен біздің уақытты тануымызға негізделетін мәліметтер туралы ойланамын», – дейді [7: 228]. Бұл әдістің негізінде біз тарихта орын алған оқиғаларға сол дәуірдегі жағдайлар тарапынан объективті бағалауды жүргізе аламыз. Уақытқа ену бұл сол замандардағы халықтың, ұрпақтың әрекетін сол тарих уақыты арқылы ойлануды және шешімдерін саралауды білдіреді. Кез келген ұрпақты біржақты кінәлау мүмкін емес. Сондықтан оны бағалауда, ол оқиғаларды талдауда жан жақты көзқарасты ұстануымыз қажет. Ұрпақта болашаққа үміт болады. Үміт терезенің ар жағындағы күннің сәулесіндей елестейді. Өкінішке орай, бұл бір сағым қуған уақыт болды. Геноцидке ұшырады, негізін жоғалтты. Бұның соңы өздеріңіз білетіндей құлдық, қорқаулық сананың оянуына түрткі болды. Ұрпақтың бар ойы жан бағу, өзін асырау, ол өз кезегінде тілдік маргинализмнің пайда болуына әкеліп соқты. Б. Рассел барлық оқиғалар қатар өмір сүреді және олар қабаттаспайды деген пікірді ұстанады.

Осы көзқарасқа ішінара қарсы пікірлер М. Фуконың «Сөздер және заттар» шығармасында бар. М. Фуко бойынша сабақтастық біруақыттық емес, ол бірізділікті. Өйткені біруақыттылықта ерекшеліктерді орнықтыру мүмкін емес, олардың арасында тек ұқсастық ғана бар. М. Фуко адамның эпистемалар негізіндегі тарихи тәжірибелер сабақтастығының үш аспектісін ұсынады. Олар: өмір тарихы, еңбек тарихы және тіл тарихы. Ілім, ия болмаса сөйлеуші субъект адам болмысының шекарасын, оның соңғылығы мен шектілігін анықтауда осы үш өлшемді кеңістіктің сабақтастық ұқсастығында өзгеріске түседі. М. Фуконың бұл ұқсастықты уақыт пен кеңістіктегі өрістелуін А. Бергсон мен Б. Рассел секілді тек еске алулар, яки адамның жады арқылы, ол өзіне қабылдаған еске алуларын екі есе зорайтып көретіндігін келтіреді. М. Фуко: «Қазіргі адам өзінің алдыңғы тарихымен үнемі байланыста болады. Ол тірі жан ретінде өз өзін, өзінің бастапқылығын тарихи өмірдің терең қатпарларынан анықтайды, соған ұмтылады», – дейді [8: 349]. Дегенмен М. Фуконың адамның өмір сүруіндегі болмыстық мүмкіндікті анықтауда Ф. Ницшенің ойларының іздері көрініс береді. Яки, адам сабақтастық арқылы тарихи мүмкіндікте көрінгенімен, ол өз өмірін өзі қайта жасаушы субъект.

М. Фуко адамның тарихи сабақтастығын уақыттық өзгерісте анықтай отырып, оны бастапқылық, ой, заттар ұғымдары негізінде талдап, оны қоғамдық еңбек бөлінісі негізінде синтездеуге тырысады. Себебі, адамның шекті болмысы үш кеңістіктік өлшемде өрістеліп, заттардың бастапқылығын танып, оны игере алады. Дегенмен адам өзінің бастапқылығын анықтауға ұмтылғанымен, оны уақытта өзі туындап, үзілген жерінен ғана бағамдайды. Тиісінше, бұл үш өлшемді кеңістік адамның дүниеге енуі негізінде уақыт дәнекерлігін туындатады. Бұл уақыт дәнекерлігі адамның заттық болмысқа деген қажеттілігінің негізінде адам өміріне шексіз үстемдікке ие болады. Алайда, М. Фуко адам заттың дүниеге келуіне дейін орын алғанымен, адам заттарға иелік жасау арқылы оның мәнін ашады деген көзқараста болады. Біз бұл ойды қазіргі жаңа технологиялардың адам өміріне баса көктеп кіруімен түсіндіре аламыз. Өйткені, қазіргі заманда бұл уақыттағы дәнекерлік қашықтықтан білім беру технологияларынан бастап, медицина, ғылым салаларына ұтымды енгізілуде. Дегенмен бұл үрдіс адамға объективті түрде үстемдігін таңғанымен, оның шарттарын өмір үрдісіне енгізу адамның өзінің іс әрекеттілігіне байланысты. М. Фуко адам бұл заттардың бастапқылығын тек ойлау, ойдың негізінде күдікке алады және ол уақытпен бірге оған тән қозғалысты да күдікке алады деген көзқарасты білдіреді. М. Фуко: «Уақыт тек ойда тоқтатылады және өз кезегінде ойдан уақыт сырғып ағып кете алмайды», – деген пікірді жазады [8: 350]. Бұл жерде ойдың, ойлаудың сүйеніші ақыл болғаннан кейін, Гегель ұсынған «ақыл ғана дүниені тұтастығында және қайшылығында» тани алады деген әдісінен қашып кете алмаймыз. Сондықтан да біздің ұрпақтарға сабақтастықты синтезге айналдыру үшін қазіргі заман білімімен бірге ойлау дағдысының қалыптасқаны жөн. Өйткені адам ойлау мәдениетін қалыптастырмай уақыттағы көпбейнелікті, ерекшеліктерді еңсере алмайды. Яки, әдеттегі санасындағы тойшылдық дерттен құтыла алмай, болмысындағы жалғандыққа ұрынады. Сондықтан М. Фуко адам өзінің табиғатының бастапқылығын толық ұға алмауы себепті, уақыт аралықтарындағы кеңістіктерде дағдарып қалады. Сондықтан бастапқылықты жетелейтін ой және ол әрбір заманның көрінісінде жаңа дискурсияларды қалыптастырады. М. Фуко бойынша тек ой ғана зат пен адам үшін қарама–қарсылықты орнатып, олардың арасына ассиметрияны енгізеді. Бұл жердегі басты мақсат, ол адам уақытының түзу сызықтық жылжуының реалды уақыт белгісі болғанымен, адамның өмірлік іс әрекеттілігінде жаңа бейнелерді түзу және оның бірізділігіне қайтару арқылы қайта орнына келу мүмкіндігін беру болып табылады.

Дегенмен М. Фуко тарихтағы сабақтастық пен дискурсиялардың бір бірін толықтырғанымен, олардың сыртқы шекарасы перспективаны тану мәселесінде екіге айырылатынын зерттейді. М. Фуконың пікірінше сабақтастықта бірізділік барда, дискурсияда біруақыттылық орын алады. Бұлар «дәстүр ұғымы өзінің бөлігінде соған ұқсас: оның мақсаты феномендер жиынтығына ерекше уақыттық мәртебе беруде біруақыттылық пен бірізділікте сәйкеседі және ол сәйкестік уақыт пен кеңістіктің ортақтығы арқылы байланысады» [9: 61]. Өйткені М. Фуко археология тарихты да, дискурсты да тұтас бақылауға алатын құндылықтар, ал дискурсиялар қоғамдық мәселенің белгілі бір уақыттағы көрінісін орта талқысына алып шығады. Сондықтан дискурсивты формацияларда ерекшеліктер көп түрлікке ие де, ол тарихи сабақтастықта дәстүрлер формасында тұрақты өлшемдерге ие деген көзқарасты ұстанады. Бұл өз кезегінде дискурсивті формациялардың элементтерінің уақыттағы жаңаның белгісі ретінде өзінің тарихилығына қарсы шығатынын және түрлі мазмұны бар оқиғалардың оны үнемі шабуылдайтынын меңзейді. М. Фуко: «Дискурс өз өздігінен түзілмейді, ол белгілі бір ережелер жиынтығының нәтижелері болады. Дискурс тарих ұсынған жиынтықты дәл сол формада қабылдамайды және оны күдікке алады. Бұл күдік тарихтың жұмбағын шешу үшін, оны қайта құру үшін және мүмкіндіктерді қалыптастырып, тексеру үшін туындайды. Дискурстың өзінде құпиялылық, мүдделелік бар», – деген пікірін білдіреді [9: 95].

Біздің қазіргі қоғамымызда тәуелсіздік жылдарынан кейін туындаған жан жақты дискурсивті орталар түзіліп отыр. Солардың бірі конформист адамдардың артып кетуі. Бұл адамдардың әлеуметтік тобының әрбірінің өзіндік жасырын мүдделері бар және олар сол мүдделерін көпшіліктің арасына сыналап насихаттауға тырысуда. Мысалы, қоғамдағы маскулинистік көзқарастың артуы және оны әйелдің қоғамдық қызметіне қарсы қолдануы жиілеп барады. Қазақ халқы қызға қырық үйден тиым салғанымен, оның еркіндігін өзінің өмір сүру ортасында шектемеген. Дегенмен бұл қазақ қызы толыққанды еркін болды, жайқалып өсті дегенді білдірмейді, ия, қазақ қызы дәстүрліліктің құрбаны болды. Алайда, ол түрік халықтарының бір бөлігі ретінде өзінің дүниетанымдық сабақтастығында қыз болашақ ана деген оймен оның бет бейнесін физикалықта, әлеуметтікте аспектіде тұмшалап, қатаң рамкаларға салмаған.

Тарихи сабақтастықта көп әйел алу орын алды және ол қазақ дәстүрінде өзінің өміршеңдігін байқатты. Бірақ, бұл тенденцияны қазіргі қоғамдық перспективаға алып шығу дегенді білдірмесе керекті. Біздің М. Фуконың дискурсивті формация бойынша ондағы жасырынған мүдделердің ортаға ықпалын қарастыратын болсақ, ол көп жағдайда мынадай тізбекте орын алып отыр. Мысалы, қыз бала әлі күнге дейін тек дене формасында көрініс беруде және олардың өз пікірін, мүддесін қорғауға тартылған қозғалысы «батыс мәдениетіне еліктеген әйелдер, алай болғанда да феминдік теңдікке ие» деген ой перденің артқы жағында жасырынған басқа топтың басқалай мүддесін білдіреді. Біздің жағдайымызда көп әйел алуды заңдастырайық деген әсіре діншіл немесе дүрмекке еріп жүрген көпшіліктің ұпайының түгелденуіне, насихатын екі қайта күшпен таратуына жол ашып беруіміз мүмкін. Әлде сол топтың қақпанына түсіп, қараңғылық әлеміне сүңгіп кетуімізде мүмкін. Дін Жаратушының аманаты ретінде ол жақсылық пен имандылық жаршысы, алайда әсіре діншілдік өте қауіпті құбылыс. Мысалы, қазіргі солтүстік Ауғанстан территориясында Талибан қозғалысының қайта жандануы, көптеген түркі тілді ауылдарды басып алуы, біздің еліміздегі ұқсас жасырын ағымдарға қозғау салуы мүмкін. Сондықтан дискурс екі бір–біріне байланысы жоқ мәселені қозғағанымен, ол түрлі мүдделердің негізінде түйіседі. Яки, біруақытта қатар дискурстың тіршілігі бар, бірақ олар сол мәселе талқысы шешімін тапқаннан соң жаңа, өзге бағытқа интеграцияланып кете береді.

Сондықтан М. Фуко бойынша дискурстың алғашқы реалдылығы кеңістікте пайда болып, ол талқыға алынып, рефлексивті қатынастар жүйесі арқылы өзінің рекациясын білдіреді, тәжірибе ретінде орнығады. Дискурс идеяларды тасымалдайды, талқыға шығарады, бірақ, ол өзін генезис алдында әлсіз сезінеді. Өйткені дискурстар тарихтағы бірізділікке ықпал жасай алмайды, ол уақытшалық сипатқа ие. Дискурстар кеңістікте уақытша өрістеледі, яки тарихты тұтасымен өзгерту деген ойға бекінбейді, қайшылықты мойындамайды, өмірдегі бинарлық оппозициялардан бас тартуды ұсынады. Яки, адам ер және әйел деген екіжақты оппозицияның, иерархиялардың көрінісі емес, ол бүтіндіктің сипатын білдіреді.

Халықтардың антропологиялық ерекшеліктерін зерттеуші ғалым К. Леви Строс ұрпақтар сабақтастығын туысқандық байланыстардың мәдени өлшемін анықтаушы ұғым және статикалық модельдің өркениеттегі жалпы тарихын түзу моделі ретінде қарастырады. Ұрпақ шексіз тізбек субъектісі ретінде адам тіршілігінен басқа ешқандай тірі жанда кездеспейді. Мәдени ерекшеліктерді әлеуметтік қатынастар арқылы анықтайды. Ал, К. Леви Строс бойынша кеңістік пен уақыт әлеуметтік қатынастарды жиынтықтайды және жекелей қарастыруда есептік өлшемі болып табылады. Тиісінше, «Әлеуметтік қатынастар әлеуметтік кеңістік пен уақытта қорытылып, олар әлеуметтік құбылыстарды тек толтырушы қасиетке ие. Адам қоғамдары өзінің құрылымына қарай бұл өлшемдерді түрлі бейнелерде өзіне елестеткен. Уақыт бақылаушының уақытынан дербес және шектелмеген; уақыт бақылаушының әрекеттегі (биологиялық) уақытымен шектелген және тәуелді; уақыт өзінің сипатына қарай түрлі элементтерге, біртектілерге ыдыраған және ыдырамаған» [10: 334].

Бұл көзқарастар халықтардың діни, мифологиялық және өркениеттік саналарының әлеуметтік бейнені қалыптастырудағы рөлімен байланысты түсініледі. Мұндай дискурстар қазақ дүниетанымы мен философиясында да бар ұғым және ол көп жағдайда батыстық мәдениет құндылықтарымен қарама қарсылыққа келеді. Мысалы, европалық батыс философиясы адамның өмірлік іс әрекеттілігін, оның идеялық тұжырымдарын түпкілікті өзгерту арқылы дамыту идеясына негізделген. Қоғамдық болмыс бір идеялық күрестің алаңы секілді көрінеді. Ал, қазақ халқының дүниетанымы адам өзгеріске белгілі бір шарттарды жастық ерекшелігіндегі органикалық жетілу нүктелеріндегі өзгерістерді, өзі уақыты келгенде түйсіну арқылы қолжеткізеді деген пікірді ұстанған. Бұл біздің жыл қайыру фольклорымыздан анық көрінеді. Яки, он үште отау иесі деген сөз, дәл сол он үш жасында бала отау құрады дегенді білдірмесе керек. Бұл бала он үш жасында оң солын танып, елдің мәселесіне қатысады, өзінің ойын ұсынады деген ой.

М. Фуко идеялар тарихын құндылықтық формалау, салыстырмалы формалау түрлеріне жіктеп, оның дискурстар алаңын екі мәнге бөлетінін атап көрсеткен. Олар: ескі, беймәлім, дәстүрлі, ортақ ұғымдық элементтердің жаңа, қайталанушы, тұпнұсқалы, ауытқушы элементтер қарсылығына ұшырайтынын зерттейді. Мақсаты ақиқатты ортаны, ұйқыдағы сананы оятуды, әрбір жаңа форманың қазіргі жаңа ландшафты түзуін модельдеу болып табылады. Мұндағы басты ерекшелік, ол батыс мәдениетінің қалалық өркениетке жылдам ауысып, оның әлеуметтік-экономикалық, технологиялық шарттарын ерте игеруінде орналасқан. Қазақ қоғамы менталитеті бойынша дәстүрлі қоғам және туысқандық байланыстар өте жоғары деңгейде дамыған. «Туысқандық жүйелер, фонемалық жүйелер сияқты адамның бейсаналы ойлау деңгейінде жасақталған» [10: 44]. Бұл ұрпақтар сабақтастығында деректерді халықтардың тарихи санасында болуы себепті, генетикалық түрде, бейсаналы қабылдауын білдіреді. Екінші жағынан халықтардың өз ұрпағын ұлттық сана сезім иесі ретінде тәрбиелеуге ұмтылысымен байланысты. К. Леви Строс ұсынған туысқандық жүйедегі авункулат әдісінің екінші түрі біздің халықтарда кездеседі. Бұл сабақтастық өз кезегінде ер азаматтың үш жұртын анықтауымен және соның ішінде адамның жақсы болуы нағашыдан деген туысқандық тәрбиемен сәйкеседі. Ұрпақ тәрбиесінде ана тәрбиесі арқылы нағашының да рөлінің ықпалы сақталған. Сонымен бірге біздің халықта туысқандықтың бейсаналы деңгейде қалыптасқан және мойындалған таным формалары көп. К. Леви Строс алғашқы қауымдық өмір сүру формалары бар қоғамдарда адамдардың уақыт моделін қабылдаудағы сызықтық және циркулярлық формаларын бөледі. Олар хоппилерде: әже мен нағашы ата арасындағы оралушы, бос, статикалық уақыт; Ego (әйел) линиясы бойынша әже, ана, әпке, қыз, қыз немере арасындағы прогрессивті уақыт; әпке мен әпкенің баласы арасындағы тұрақты, сәйкесуші ауысуымен анықталатын толқынды, цикликалық уақыт; зуньилерде Ego (әйел) линиясы бойынша ананың анасы мен ана мен қыз арасындағы тұйықталған тұйықталған жүзік түріндегі орналасқан линияның циркулярлық құрылымына жіктеледі.

Қазақ қоғамындағы ұрпақаралық қатынас патрилинейлік тізбек бойынша жалғасқан, бірақ бала тәрбиесіне барлық туысқандар мәртебелік ерекшеліктеріне қарамастан тең қатысқан. Жігіттің үш жұртынан өзге түп нағашы, жиеншар, бөле, немере аға секілді туысқандық байланыстары қатаң сақталады. Кейде қазақтың фольклорында әкесінің жасы үлкен туысқанның бүкіл ауылға өз билігін жүргізуге тырысатын қасиеті және бар. Мұндай жағдайда ол туысқанның өз жасына қарамай, оның әкесінің жасымен билікті өлшейді. Бұл әлеуметтік қатынастар адамның өмірлік іс әрекеттілігін шектеуге ұмтылмастан, сол ортаға үйлесімді сіңісіп кеткен. Осы қатынастардың өзара әрекеттілігіндегі туысқандық, достық сезімдер некенің экзогамиялық немесе эндогамиялық сипатына байланысты өрбиді. Қазақ халқында қалыптасқан туысқандық жүйе өзге мұсылман халықтарынан біршама ерекшеленеді. Қазақ тарихында қарындас, апаларға, қыз баласына деген ерекше сүйіспеншілік, үлкен ілтипатқа негізделген қатынастар айқындалады. Басқа мұсылман қоғамындағы отбасылық, некелік байланыстарда туысқан қыз балалар әйел заты ретінде бағаланады, оған дін және дәстүрлері бейімдейді.

Қазақтың қан тазалығын сақтауға деген бұл ұмтылысы, бұрындары жеті атаға дейін, қазіргі кезде он не он екі атаға дейін созылып жатқан рулық ұрпақ сабақтастығы екенін айрықшалаймыз. Бұл мәселе, басқа да мұсылман бауырлар халықтар үшін түсініксіз. Аталмыш мәселеде К. Леви Стростың антропологиялық зерттеулерінде, «Туысқандық құрылымның өмір сүруі үшін адам қоғамында барлық уақытта бар отбасылы қатынастардың үш түрі болуы қажет, олар: қандық туысқандық, қасиеттер қатынасы және туылғандар қатынасы, яғни ағаның қарындасқа, ерлі-зайыптылар арасындағы, ата-ана мен бала арасындағы қатынастар» деген тұжырым жасалынады [10: 59].

Қазақ халқының бұл мәдениетін медицина, писхология ғылымдары және әлемнің басқа халықтары да түсіністікпен қолдайды. Қазақ халқы дүниеге келген балаға өзінің шыққан тегін, руын және жеті атасын есіне салып отырады. Туысқандық статикалық құбылыс емес дегеніміз, бұл осы отбасылық байланыстардың қалалық урбанизацияда шағын, дара отбасылардың негізінде, кейде эгоистік ойдың күшеюімен бұзылулары орын алады.

Екінші жағынан, бұл қазақ халқының туысқандық жүйесіндегі құдаласу дәстүрін білдіреді. Қазақ дүниетанымында «құда мың жылдық, күйеу жүз жылдық» түсінігі ұрпақаралық сабақтастықта бар, тек оның рәсімдік формалары заманның үлгісіне қарай жаңарып отыр. Халықтың дүниетанымының өзі Орта Азиялық туысқандарының дүниетанымына қарағанда осы діни шарттардың туысқандық жүйеге қатты немесе әлсіз ықпалымен анықталынады. Біздің елде қыз елдің өрісі және ырысы саналған. Бұл өмірлік әрекеттілікте адамдар арасында байланыстар мен дәстүрлі сабақтастық халық ірі әлеуметтік топтарға ауысқан сайын үзіле береді. Яки, адам қалалық мәдениетке, технологиялық үрдіске интеграциялануда, сол ортаға әлеуметтенеді және тиісінше құндылықтарға өзгерістер енеді. Осы өзгеріс өз кезегінде ауыл адамының қалалық мәдениетке енуінде маргиналдануына түрткі болады. Бұл процессті К. Леви Строс «Леви минимумы» ретінде анықтайды және оның екі әдісі бар, бірі қаланың абсолютті шамасының адамның иерархиялық жағдайы арасындағы ортақтықты орналастыру мен некелер санымен анықталатын изолят құрайды. Яки тұжырым бойынша құндылықтар, оның ішінде шағын, дара отбасыларда, әлеуметтік ынтымақтастық бірліктерде дәстүрлер жақсы сақталады және ол заманның өзгерістерімен дәлелденген.

Қорытынды

Мақаланың өзегін құраған уақыт және адам категориялары тарихи үрдісте сабақтастық, жалғастық және уақыттағы созылу арқылы орын алатыны зерттелді. Бұл зерттеу барысында айқындалған негізгі құндылық, ол мемлекеттігімізді нығайтуда тарихтың өткенінен сабақ алу арқылы, қазіргіліктің өзінде болашақты дұрыс анықтай білуіміздің қажеттігі туралы еді. Өйткені, А. Бергсон бойынша адам тарихи ес, сананы өзінің ішкі жан дүниесінен өткізу арқылы уақытқа тұтасымен, толықтай бағалау қабілетімен созылатын болса, онда М. Хайдеггер бойынша қатысу субъектісі адам тарихи жалғастық тұтастығында біруақытта өткен мен қазіргілікке және болашаққа толғану, дүниедегі болмыс, қамқорлық күйлері арқылы тартылады. Тек дүниедегі болмыс адамнан әлдеқандай алыс бір, тылсым әлемді емес, дәл осы қазіргі феномендерде бар болушы қатынасты талап етеді. М. Фуко адамның уақыттағы мәнін білімге құштарлықтан іздейді. Себебі, М. Фуконың көзқарасынша билік пен адам қатынасында адам тек дене, үкіметтік мүдделердің құралы ретінде ғана зерттеледі. Сондықтан мемлекеттілікті нығайтуда адам, азамат, ұлт, қоғам және ел өз уақытын дұрыс бағалауы, рационалды ойлауды қалыптастыру қажет. Өйткені біздің қоғамдарды дамытушы құндылықтар уақытта ғылым, білім және технологиялар арқылы анықталады.

 

Әдебиеттер тізімі

  1. Гегель Г. Энциклопедия философских наук. — Т. 1: Наука логики / Г. Гегель. — М.: Мысль, 1974. — 451 с.
  2. Колумбаев Б.Е. Хроно-топос человека / Б.Е. Колумбаев. — Караганда: Изд-во НАО «Карагандинский университет имени академика Е.А.Букетова», 2021. — 457 с.
  3. Бергсон А. Длительность и одновременность / А. Бергсон. — 2-е изд. — М.: Добросвет, 2013. — 160 с.
  4. Медеуова К.А. К вопросу о типологии практик памяти в Казахстане [Электронный ресурс]. / К.А. Медеуова. — Режим доступа https://cyberleninka.ru/article/n/k-voprosu-o-tipologii-praktik-pamyati-v-kazahstane
  5. Кенни Э. Қазіргі заман философиясы / Э. Кенни. — Алматы: Ұлттық аударма бюросы, 2019. — 298 б.
  6. Хайдеггер М. Бытие и время / М. Хайдеггер. — М.: Ad Marginem, 1997. — 451 с.
  7. Рассел Б. Человеческое познание его сферы и границы / Б. Рассел. — Киев: Ника-центр, 2001. — 555 с.
  8. Фуко М. Слова и вещи: Археология гуманитарных наук / М. Фуко. — СПб.: Гуманитарная академия, 1994. — 405 с.
  9. Фуко М. Археология знания / М. Фуко. — 2-е изд. — СПб.: Гуманитарная академия, 2012. — 451 с.
  10. Леви Строс К. Структурная антропология / К. Леви Строс. — М.: Академический проект, 2008. — 554 с.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.