Мақалада жоғары оқу орындарында қазіргі таңдағы ұлттық әдебиетті зерттеу мен оқытудың әдіснамалық мәселелері қарастырылған. Кеңестік дәуірден келе жатқан, бүгінгі талаптарға жауап бере алмайтын ғылыми-әдіснамалық, оқу-әдістемелік концепциялар анықталған. Қазақстанның Тәуелсіздік алуымен бірге ұлттық құндылықтарға, оның ішінде әдеби мұраларға, оны игеру мен оқытуда жаңаша көзқарастар қалыптастыру — педагогика мен әдебиеттану ғылымының бірлесе шешетін маңызды мәселелерінің бірі. Жаһандану процесінің шапшаң жүруі өз талаптарын қойып отыр. Автор қазақ әдебиетін әлемдік әдебиет контексінде зерттеудің өзекті мәселелерін көрсете отырып, оны шешудің жолдарын ұсынған. Әлемдік құбылыстар мен ұлттық әдебиеттер арасындағы ортақ тенденцияларды айқындауда түрлі ғылыми мектептердің қалыптастырған әдістемелеріне, пәнаралық байланыстардың маңызына талдаулар жасалған.
Кіріспе
Ақпараттық технологиялардың буырқана дамуы, жаһандану үдерісінің үдей түсуі адамзаттың қазіргі рухани ұстындары туралы жаңа тұжырымдар жасауға жетелейді. Әлемдік экономиканың бір- біріне кірігуі, байланыстардың артуы мәдениетаралық қатынастардың да еш кедергісіз жүзеге асуына ықпал ететіні де айқын. Мұндай өзгерістердің тұрмыстық салаға игі ықпалдары болғанымен, ұлттық құндылықтар турасында бірнеше мәселелерді де алға тартып отырғаны шындық. Осындай құбылыстарды ескере отырып, кейінгі жылдары ұлттық әдебиетімізді зерттеу мен оқытудың әдіснамалық және әдістемелік бағдарын толығымен жаңаша қарастыру ісі ілгерілегені рас. Алда өз шешімін күтіп тұрған мәселелер аз емес. Солардың бірі — қазақ әдебиетін жаңаша көзқараспен ғылыми тұрғыдан салмақтау және ұлттық әдебиеттің қазіргі кезеңіндегі идеялық-философиялық концепциялары турасында студенттер мен магистранттарға толымды мәліметтер ұсыну.
Зерттеудің деректері мен əдістері
Әдебиетті зерттеу мен оқытуда ғылыми полемикалар мен көзқарастар алуандығы болуы заңды. Әдебиеттің теориясы, қалыптасқан заңдылықтары әр дәуірдің саяси-әлеуметтік, тарихи-мәдени ерекшеліктеріне және әдебиетті зерттеп-зерделеп жүрген ғалымдардың заман талабымен есептесу қабілеттеріне де байланысты. Бұл нені көрсетеді? Бір анығы — кезең ерекшелігіне сай теориялық қағидалар да өзгеріп тұрады. Әдебиет дамуының барша кезеңдеріне жарай беретін теориялар болмайды. Әдебиет теориясы дәуір сұраныстарына сәйкес өзіне дейінгі теориялық қағидаларды терістеп те отыратыны бар. ХХ ғасырдың соңына дейінгі зерттеулерімізде әдебиет теориясының ең негізгі кемшілігі сөз өнеріндегі балама қағидаларды мойындамау еді. Ол маркстік-лениндік әдіснамамен бірге маңыздылығынан біржола айырылғаны белгілі. Яғни нақты бір пішіндер мен мазмұнға жол аша отырып, оны идеалдандыру (мәселен, социалистік реализм) еркін ғылыми ізденістердің өрістеуіне қолбайлау болғаны ақиқат. Бүгінгі әдебиет теориясы баламасыз үстемдік ететін қағидалардан алшақтап, әр алуан концепцияларда басшылыққа алуы қажет. Бұл әр бағыттағы ғылыми мектептердің дүниеге келуіне, жаңа әдістемелердің қолдану аясын кеңітуге септігін тигізері анық.
Негізгі бөлім
Қазақ әдебиеттану ғылымында толыққанды әдебиет теориясын қалыптастырған А. Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» сынды іргелі еңбегі әдебиет заңдылықтарын ұлттық көркем ойлау ерекшеліктерімен тығыз байланыста алуымен құнды. А. Байтұрсынұлы негіздеген теориялар мен терминдер біздің ұлтқа ғана тән эстетикамен сабақтастырылғаны кейінгі зерттеулерге басты бағдар болуы тиіс еді. Қ. Жұмалиевтің «Әдебиет теориясы» (1938), Е. Ысмайыловтың «Әдебиет теориясының мәселелері» (1940), З. Қабдоловтың «Әдебиет теориясының негіздері» (1970) сынды теориялық еңбектер көп жылдар қажеттілігімізді өтегенімен, олардағы ұлттық әдебиет мысалдарының қамтылуы жетімсіз болатын. Бұл еңбектердегі теориялық қағидалар ең әуелі орыс, сосын орыс теорияшыларының Еуропа елдерінің әдебиетінен келтірген мысалдары тұрғысынан жазылғанын да мойындауға мәжбүрміз. Әдебиет теориясын оқытуда бүгінге дейін осы еңбектерді басшылыққа алып келе жатқанымыз да жасырын емес. Жаңа ғасырда дүниеге келген К. Ахметовтің «Әдебиеттану әліппесі» (2000) де біраз жаңашылдықтары болғанымен, алдыңғы зерттеулерде қалыптасқан жүйеден шығандап кеткен жоқ.
Әдеби категориялар турасында өрістеген теориялық ой-пікірлер еуропалық және орыс әдебиетінің мысалдары арқылы өрістеді. Анығында, ол елдердегі әдебиет теориясы образ, сюжет, стиль, әдеби ағым, бағыт т.б. ұғымдардың бізде пайда болған классикалық түрлері бар да, олардың басқа елдердің әдебиетіне таралған аналогтары немесе ұқсас құбылыстары бар деп үйретіп келді. Мысалы орыс әдебиеттанушылары әдеби бағыт мәселесіне келгенде өздеріндегі бағыттарды «классикалық» деп, еуропалық емес, яғни әдебиеті өзіндік, бөлек сатымен дамыған елдердегіні «типологиялық ұқсас» бағыттар деп шектейді. Әрине кезінде Волков, Поспеловтар ұсынған «әдебиеттегі қайталанушылық» теориясының да негізі бар екенін, қазақ әдебиетінің дәстүрлі дидактикадан, өлең құрылысының фольклорлық қалыпты формаларынан, ортағасырлық шығыс классикалық поэзиясының әсерінен бірте-бірте батысеуропалық әдебиетке, әлемдік классикаға жақындасу арқылы драма, прозаның эпикалық формалары сияқты жанрлардың дүниеге келуіндегі «әдеби алмасулардың» болғанын ұмытпаймыз. Оны А. Байтұрсынұлы да айналып өтпеген. Ол Еуропадан ауысып келген және келуі мүмкін әдеби құбылыстардың сырын ашу қажет деп санаған. «...Бір жұрт екінші жұрттан әдебиет жүзінде үлгі алу жалғыз бізде болған іс емес, барша жұрттың басында болған іс. Осы күнгі әдебиеттің түп үлгісі грек жұртынан алынған. Грек әдебиетінен үлгіні Рум алған, Европадағы басқа жұрт алған. Біздің орыс та әдебиет үлгісін Европадан алып отыр, біз орыстан алып отырмыз», – дейді [1; 144].
Алайда, әлемдік әдебиеттегі белгілі бір көркемдік-эстетикалық құбылыстар ұлттық топыраққа келіп орныққанда сол ұлттың тарихи-мәдени ерекшеліктеріне, әдебиетіндегі дәстүрлік негіздерге сай синтезделеді. Сондықтан да ондай құбылыстарды ұлттық әдебиетімізден таза күйінде кездестіреміз деу қателік болып шығар еді. Біз адамзаттың көркемдік дамуы мен ұлттық әдебиет арасындағы байқалмай қалмайтын ортақ сипаттарды әдеби дамудың жалпы заңдылықтарына жатқызғанымызбен, ұлт тарихындағы, қоғамдық санадағы ерекшеліктерді, әдеби-мәдени дәстүр өзгешеліктерін үнемі естен шығармағанымыз игі.
М. Жұмабаев шығармашылығының мысалында қазақ топырағындағы романтизм әдісінің эволюциясын зерттеген әдебиеттанушы Е. Тілешовтің: «...әдебиеттану ғылымымыздың әдеби бағыт, ағым, көркемдік әдіс, стиль мәселесінде әлі де кенже қалып отырғанын айтуға тиіспіз. Осындай күрделі мәселелерді көрсете алған бірде-бір теориялық еңбектің жоқтығы, ал жоғарғы оқу орындарына арналған «Әдебиет теориясы» оқулықтарындағы мәліметтерге өте аз орын берілуі және олардың өзі негізінен дайын тұрған орыс әдебиетінің мысалымен түсіндірілуі мәселені шешпек түгілі, шешуге де ұмтылмайтынын жасыруға болмайды», — дегеніне келісуге тура келеді [2; 28].
Әдебиет теориясы ұлттық ерекшеліктерге сай бағамдалып, тың терминдермен пайымдау А. Байтұрсыновтан кейін тарихи-саяси ахуалға сәйкес тиылып қалғаны белгілі. Академик З. Қабдолов «Ахаң жоқта біздегі әдебиет теориясы басы жоқ кеуде секілді еді. Ал басы жоқ дене бола ма? Қайтейік, болады деп келдік...» дейді. Ол арнау өлеңдер туралы қисындарын саралай келіп «Әдеттегі дәстүр жалғастығының заңына орай осы үш түрлі арнауды әрқайсымыз өзімізше пайымдап, қисындап, кейде тіпті қиыннан қиыстырып, біз де (Жұмалиев те, Ысмайылов та, Қабдолов та) кітаптарымызға кіргіздік. Бірақ амал не, бұл жаңалықты тапқан Ахаң екенін кезінде ашып айта алмай, Қажекеңе сілтеме жасауға мәжбүр болдық», — деп жазады [3; 386]. Бұлай мойындау нағыз ғұламаға тән азаматтық, керек десеңіз Ахаң алдындағы арылу сынды. Теориялық толғамдарды қазақ әдебиетінің өзіндік даму теориясына орайластыру Е. Ысмайыловтың жоғарыда атаған еңбегінде біршама жалғасын тапқанымен, оның да тағдыры шырғалаңға айналып кетті.
Маркстік-лениндік әдіснама тың пайымдауларға негізделген әлемдік теориялық еңбектермен танысуға толық мүмкіндік бермеді. Уоллек пен Уореннің осы саладағы еңбегі жетпісінші жылдардың аяғында ғана бізге жетті. Ал сол кезде әлем герменевтикалық, семиотикалық, фрейдистік, психо- аналитикалық, интуитивистік, структуралистік мектептердің жемісін көріп отырған еді. Қайта «жылымық» кезеңдегі салыстырмалы тұрғыдағы еркіндік бізге мифологиялық, әдеби-тарихи, биографиялық, компаративистік мектептердің өрістеуіне жол салды.
Ақыры маркстік-лениндік әдіснаманы айтқан соң мына жайтқа да тоқтала кету керек. Қазіргі таңда Алаш қайраткерлерінің шығармашылығы аса ыждаһатпен зерттелуде. Ал осы тенденция соцреализмді ұстанған шығармашыл тұлғаларды екінші кезекке ысыруда. Ал осы екі бағытты ұстанған қаламгерлерді дихотомиялық тұрғыдан, яғни қос жарып бір-біріне қарсылықта қарастыру әдеби үдеріс заңдылықтарына тұтастай баға беруге кедергілерін тигізбей қоймайды. Сондықтан да тоталитарлық жүйе эстетикасының теориялық негіздері турасында нақты тұжырымдар қажет.
Қазір социалистік реализмді мансұқтау оңай. Алайда әдісті маркстік-лениндік идеяларға ешқандай шұбасыз қараған қоғамның ойлап тапқан категориясы ретінде біржақты айыптай беруден гөрі (әрине оның догмалық постулаттарын ұмытпаймыз) оның реализм теориясынан қаншалықты жырақ кеткенін немесе классикалық реализм талаптарымен қаншалықты жанаса алған тұстарын сараптап көруіміз керек. Нағыз соцреалистер кімдер еді? Социалистік реализм көкейкестілігінен мүлде айрылған, енді біржола тарих қойнауына кеткен, қайтып оралмайтын құбылыс па? Әлде классицистік идеалдарға негізделген саяси генезистегі эклектикалық кездейсоқ дүние ме?
Қазақ әдебиетімізде соцреализмнің әдебиеттің халықтығы, партиялылығы, таптығы, тарихи оптимизм, социалистік гуманизм, интернационализм сияқты қағидалары жүзеге асқан әр түрлі деңгейдегі шығармалар дүниеге келді. Академик С. Қирабаевтың «Жасырмай айтсақ, біздің бүгінгі профессионалды, әлемге танылған әдебиетіміз — сол жылдардың жемісі. Сол жылдар әдебиет жанрларын байытып, жетілдірді», — деген байламына келіспеуге болмайды [4; 12]. Соцреализм бағытындағы ұлт әдебиеті өкілдерін айтпағанның өзінде Томас Мор, Кампанелла, Сен-Симон, Фурье, Оуэн, М. Горький, А. Серафимович, А. Фадеев т.б. утопиялық болса да тарихи прогресті көкседі. Бұлардың әлемдік мәдениетте ірі бағыт болған классицизммен де үйлесетін тұстары болды. Зерттеуші Б. Майтанов: «Ойлап қарасақ, «сыншыл» реализм де, «социалистік» реализм де, ең озық үлгілеріне үңілсек, бір реализм. Ал «социалистік реализмнің» жадағай тәсілге түскен өзара ұқсас шығармаларын «неоклассицизм» терминімен таңбалайық» дейді [5; 323]. Мұның да жаны бар тәрізді. Зерттеуші Н.Жуанышпеков те «социалистік реализм — неоклассицизм» дейді.
Ал «социалистік реализм» деген терминнің өзіне келетін болсақ, одан мүлде ат тонымызды ала қашып, әлдебір құбыжық сияқты көрудің реті жоқ деп білеміз. «Социалистік реализм» көркем әдебиеттегі әлеуметтік талдаудың өзінше принциптерін ұстанған жазушылар шығармашылығындағы ортақ тенденцияларды теориялық тұрғыдан сипаттауға қолданылатын эстетика саласының термині болып ұғынылуы қажет.
Нəтижелер мен олардың талқылануы
Әдебиет теориясы әдебиеттанудың терминологиялық аппаратын жетілдірумен, әдеби дамуға сай тың терминдерді қалыптастырумен айналысады. Әлемдік әдеби үрдістегі ортақ құбылыстар табиғатын тарихи-салыстырмалы тұрғыда қарастыру барысында зерттеушілерді үнемі тығырыққа тіреп отырған терминологиялық мәселелер бар. Мысалы, әлі күнге дейін «әдеби бағыт», «әдеби ағым», «әдеби топ», «әдеби мектеп» түсініктерін бір-бірінің орнына қолданып келе жатқанының куәсіміз.
Кейінгі жылдары тарихи-әдеби және теориялық еңбектерде жаппай қолданысқа еніп кеткен «поэтика» ұғымы «стильді» терминологиядан мүлде ығыстырып шығармаса да, біраз дәлсіздіктер туғызғанын атап өтуіміз қажет. Кей кездердегі ғылыми еңбектерде «әдіс», «стиль», «поэтика» сөздерінің әдебиеттанушылық, лингвистикалық мағыналарына тереңдеп мән бермеушілік те байқалып қалып жүргені жасырын емес. Бұл ұғымдарға арналған фундаменталды еңбектердің, ғалымдардың әлемдік деңгейде мойындалған жұмыстары бар екеніне қарамастан бір-бірінің орнын алмастырып алушылық бой көрсетпей қалмайды. Мысалы, «Абай поэтикасы», «М. Әуезов поэтикасы», «М. Мақатаев поэтикасы» т.б. деген сыңайдағы тіркестер қолданылатын ғылыми еңбектерде олардың көркемдік әдісі, негізінен суреткердің өзіндік стилі мен сол стилі арқылы әдебиет тарихынан алатын орны бағамдалады. Осы сыңайдағы еңбектерде зерттеушілер жазушы шығармашылығын әдебиеттанудың бірнеше категориялары арқылы қарастыруды мақсат тұтады да, суреткер талантын анықтайтын бірнеше критерийлерді «поэтика» ұғымына біріктіре салады.
Өкінішке орай, біздің бұл орайдағы теориялық зерттеулеріміз ұлттық әдебиетті нақты-тарихи тұрғыдан алып зерттеуден көп кешеуілдеп қалды. Реализмді, романтизмді, сентиментализмді, символизмді, натурализмді т.б. бірде әдіс, енді бірде бағыт, ағым немесе стиль деп олардың нақты қай категорияға тиесілі екенін анықтап беруде әлі де көп кедергілер, тұманды жақтары мол.
Әдебиет теориясына арналған еңбектерде аталған ұғымдарды бір-бірімен алмастыра қолдану терминологиялық анықсыздықтар әкеліп соқтырмай қоймайды.
Ғылымда әбден орныққан әдебиеттің тектері — «эпос — лирика — драма» сынды теориялық үштағанды қазір «проза — поэзия — драматургия» үштағаны ығыстырып шығарғаны байқалады. Яғни, мазмұн мен түр ерекшеліктерін жанр шарттарымен тығыз байланыстыра зерттеу тенденциясы белең алды. Өткен ғасырда эпос, лирика, драма тектерінің бір-біріне кірігіп, нақты шекаралары солғынданып бара жатты. Тектер арасындағы байланыс-әсерлерді лирикалық, прозалық, драматургиялық жанрлардың өзара алмасулары жылдамдата түсті. Мысалы, лирика мен прозадағы драматизмнің күшеюі, әңгіме-повестердегі автордың субъективті-эмоционалдық белгілерінің тым айқын көрінуі арқылы прозадағы лиризм ұғымының пайда болуы, сондай жағдайлардың драмалық жанрларда да айшықталуы т.б. Кейінгі кезеңде өмір құбылыстарын игерудің эпикалық, лирикалық, драмалық тәсілдері қабаттаса келіп көркем ой формалары өзгеріске ұшырап жатыр (Мұны әдебиеттің ерте бастауларындағы синкретизммен шатастыруға және болмайды).
Көп өзгерістер әдебиетке модернистік эстетиканың келуімен байланысты. Модернизм қалыпты образды бұзып тіпті абстракцияға айналдырды, дискурсты бұзды, сюжетті тұтастығынан айырды, бейнелеу тіліне батыл эксперименттер жасады. Көркем шығарманы әдеби-теориялық талдауда осы күнге дейін қолданып келе жатқан сюжеттік-композициялық талдау берерін беріп болғанға ұқсайды. Өйткені кейінгі буын қаламгерлерінде классикалық, эпикалық сюжет түрлері жоқтың қасына айналды. Әуелі салдары айтылып, сосын себептері термеленетін немесе салдары мүлде айтылмайтын фрагментарлы сюжетті шығармалар қатары көбеюде. Тіпті логикалық тұтастықтан мүлде айрылған коллаж сипатындағы сюжеттер кездеседі. Ең бастысы сюжет жанрды құраушы негізгі категория екеніне күман туа бастады.
Бұрын автор — мәтін — оқырман тізбегі біртұтас қарастырылса, қазіргі әлемдік әдіснамада бұл ұғымдар автономдық мағынаға ие болды. Көркем шығарма мәтінінің автордан тәуелсізденуі, «автордың өлімі» сияқты түсініктер ғылыми айналымға түсіп үлгерді. Яғни әлемдік теориялық әдебиеттануда көркем шығарманы мәтін деп қарастыруға анық ойысу байқалады. Керек десеңіз, постмодернизм теорияшылары қаламгер мен оқырманды бір деңгейден қарастырады.
Әдебиеттану ғылымы басқа ғылым салаларымен тығыз байланыста әрекет жасайды. Кейінгі уақытта тіпті аса дәлдікке қарай ұмтылған әдебиеттануда кибернетикалық әдістеме деген де бар. Мәтін машинаға (компьютерге) арнайы бағдарлама енгізу арқылы тексеріледі. Мысалы, «Илиада» мен «Одиссея» бір автордың қолынан шыққаны осылайша дәлелденді. М. Шолоховтың «Тынық Донының» авторлығы (Крюковтыкі делінген) турасындағы дау-дамайды шешуде де осы тәсілге жүгінгені белгілі. Әрине мұндай ғылым салаларының жетістіктерін пайдаланғанымен, әдебиеттанудың өзіндік әдістемелерін жоққа шығара алмайды.
Көркем ойлау ерекшеліктерінің заңдылықтарын тануда ең бастысы — лингвистика. Бұрыннан-ақ әдебиеттанушы мен тілтанушының ортақ зерттеу алаңы, яғни кондоминимумы болатын. Олар баяндау, троп пен фигура, стиль т.б. Ал қазіргі таңда тіл білімі мен әдебиеттану әдістемелері бұрын- соңды болмаған жақындықты басынан өткеруде. Онсыз да әлсіз шекара солғынданып бара жатыр. Қазір лингвистика көркем шығарма стилін зерттеуде бізді тың әдіснамаға бағыттап, әдістемелік идеялар ұсынып отыр. Тіпті құрылымдық лингвистика мектебі құрылымдық-семиотикалық әдебиеттануға серпін беріп отыр.
Мәтінді белгілі бір құрылым ретінде қарастыратын қазіргі мәтін лингвистикасы біршама дамып кетті деп айта аламыз. Мәтінді талдау мен зерттеуде лингвистиканың бұл жас саласы бізге біраз әдістемелерге жүгінуімізге айрықша ықпал етуде. Яғни мәтін теориясында бірлесе атқаратын, күш жұмылдыра қарастыратын жаңа теориялық мәселелер алдымыздан шығуда. Я болмаса, әдебиеттанушының өзі лингвистиканың жаңа бағыттарын игеріп, әмбебап зерттеушіге айналуы тиіс. Онсыз мәтінді сөйлеу әрекетінің шығармашылық нәтижесі ретінде қарау, концептуалдық мәнін ашу мүмкін емес. Мысалы, интертекст, цитация, реминисценция, нарратив, аллюзия т.б. ұғымдар тіл білімі мен әдебиеттану қапталдаса қарастыратын жалпы филологиялық категориялар. Әсіресе алғашқы мәтіндер мен кейінгі мәтіндердің қарым-қатынасынан туындайтын мәселелер постмодернистік нышан танытқан шығармаларда айрықша маңызға ие.
Қазақ әдебиетінде постмодернизм бар ма? — деген сауалға әр түрлі жауаптар беріліп жүр. Ол пікірлерде бірізділік байқалмайды. Оның теориялық аспектілеріне келгенде де қарама-қайшылықты көзқарастарға тап боласыз.
Итальяндық философ, семиотик Умберто Эконың (атақты «Имя Розы» романының авторы) «меніңше постмодернист» деген терминді біреуді мақтағанда қолданатын болдық. Сонымен қатар, оны өткен ғасырларға қарай тартып бара жатырмыз. Әуелде бұл термин соңғы жиырма жылдағы, кеше ғана өткен ғасырдағы қаламгерлерге арналатын, бара–бара ХХ ғасырдың басына апардық, келешекте постмодернизм категориясы Гомерді де қамтитын болады» деп жазғаны бар [6; 460].
Сондай-ақ, постмодернизм 1970–80 жылдары негізінен Батыс елдерінің мәдени-рухани өміріне қатысты айтылатын. Постмодернизмнің кешегі кеңестік елдер әдебиетіне байланысты сөз бола бастауы 1990 жылдардың еншісіне тиеді. Бірақ постмодернизмнің тұжырымдамасы толық аяқталып, анықтамасы қалыптасып біткен деуге негіздер әлі жоқ. Жуық арада ортақ түйін, келіскен теориялық тұжырымдар болмайтындай. Жанрлық шарттардың бұзыла бастауы да осы постмодернистер тұсында. Өйткені олар үшін қандай да бір конон жазушыны тәуелділікке алып келеді. Сондықтан да оларда айқын бір стиль ұстану бола бермейді.
Алайда әлемдік көркем ой дамуының соңғы кезеңінде пайда болған мәдени-эстетикалық, танымдық құбылыстардан қазақ әдебиеті мүлдем сырт тұрмауы себепті, үлкен мән иелене алмаса да модернизммен қатар постмодернистік құбылыстар да ұлттық әдебиетімізден орын тебе бастады. Әлемдік рухани-мәдени үдеріс қалыптастырған құндылықтарға ортақтасу арқылы ұлттық әдебиеттен модернизмді постмодернистік поэтикамен ұштастыра бастаушылық ұмтылыстарды танимыз. Әрине, қазақ әдебиетінде постмодернизм дәстүрлі поэтикалық құрылымдарды ығыстырып шығарған аса қуатты ағымға айналып үлгерген жоқ. Алайда ол құбылыстың бар екенін, рухани ықпалын үдете беруі мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды.
Қорытынды
Тұжыра айтар болсақ, әдебиет теориясының дамуына орай кей әдіснамалық ұстанымдар белгілі бір әдіснамалардың теориялық және қолданбалы маңызын төмендетті. Алайда қандай филолог болмасын өзіне дейінгі әдебиеттану әдістемелерін толық меңгеруге тиіс. Ғылымда тек белгілі бір әдіснама қанша жерден әмбебап болса да басымдық таныта алмайды. Сөз өнерінің эстетикалық қуатын және мүмкіндігін танып білу өте қиын іс. Еуропацентристік әдебиеттану Шығыстың әдебиеттану тарихы мен әдіснамасымен санаса бермейді. Сондықтан да бізде ғылыми мектептердің алуан түрі қалыптасуы тиіс. Әрбір университеттер мен ғылыми мекемелер өздерінің мектебін қалыптастыруы керек.
Әдебиеттанушы ең бастысы тек қана көркем мәтінмен жұмыс жасауы тиіс. Мәселенің жан- жақты қарастырылуы керек шығар, алайда әдеби нысанның тарихы мен оның айналасындағы жанама фактілерге айналсоқтауы тек кедергі ғана келтіреді. «Ашылған американы» ашып, ойлап табылған «велосипедті» құрастыру қажет емес.
Қазіргі әдебиетті зерттеу мен оқытудың басты әдіснамалық мұраты — шығармашылық үдерістің қос мәнін: әдебиет дамуындағы жаһандық құбылыстар мен ұлттық әдебиеттер арасындағы ортақ тенденцияларды қаперде ұстау. Біршама ілгерілеп келе жатқан Тәуелсіздік жылдарындағы әдебиеттану поэтикалық заңдылықтардың антропологиялық болмысына басты бағдар ұстана отырып дамуы қажет.
Әдебиеттер тізімі
- Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш / А. Байтұрсынов. — Алматы: Атамұра, 2003. — 208 б.
- Тілешев Е. Суреткер және көркемдік әдіс / Е. Тілешев. — Алматы: Арқас, 2005. — 278 б.
- Қабдолов З. Таңдамалы шығармалары. Т. 2 / З. Қабдолов. — Алматы: Санат, 2003. — 528 б.
- Қирабаев С. Көп томдық шығармалар жинағы. Т. 8 / С. Қирабаев. — Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2007. — 448 б.
- Майтанов Б. Әдебиет теориясының қазіргі жағдайы / Б. Майтанов // Қазақ әдебиеті. — 2001. — № 20.
- Эко У. Имя розы: роман / У. Эко; пер. с итал. Е. Костюкович. — М.: Астрель; CORPUS, 2013. — 672 с.