Өзектілігі. Қазақстан Республикасында зәр ұстамау белгілері постменопаузадан кейінгі және егде жастағы әйелдердің арасында жиі кездеседі. Соңғы жылдардағы статистикалық мәліметтер бойынша, зәрдің еріксіз бөлінуінен зардап шегетін науқастардың жартысынан көбінде (57 %) зәр ұстамау белгілерінің тұрақты сипаты диагностикаланған [1]. Әйелдерде зәрдің еріксіз бөліну симптомы өте кең таралған және қазіргі таңда ауруды консервативті және хирургиялық жолмен емдеу қиын болып табылады [2]. Еуропалық және американдық статистикалық мәліметтеріне сәйкес, 40-60 жас аралығындағы әйелдердің шамамен 45% - ы еріксіз зәр шығару белгілерін атап өтеді деп хабарлайды [3]. Халықаралық зәр шығару қоғамы (ICS) зәр шығаруды терең талдауды қажет ететін негізгі проблема ретінде анықтады. С. Н.Буянова мен В. Д. Петрованың мәліметтері бойынша, 40% жағдайда зәр ұстамау стресстік сипатқа ие және іштегі қысымның жоғарылауымен көрінеді (жөтел, жүру, күлу, ауырлықтың жоғарылауы), шамамен 25%-да императивті шақырудың салдарынан ургентті зәрді ұстамау белгілері байқалады, ал 25% жағдайда аралас инконтиненция кездеседі [4].
Егде жастағы әйелдердегі зәрдің еріксіз бөліну симптомы науқастарға қолайсыздық тудырта отырып, күнделікті белсенділікті қиындатады. Егде жастағы әйелдерде жыныс мүшелерінің пролапсымен зәр шығару жүйесінің бұзылуы мына симптомдармен ұласады: зәр ұстамау, қуықтың артқы қабырғасының түсуі, зәр шығару жолдарының инфекциясы, қуықтың сыйымдылығының төмендеуі [3].
Сондай ақ, еріксіз зәрдің бөлінуі ауыр психикалық жарақатқа, невроздың дамуына байланысты физикалық және моральдық азапқа шалдығуына бірден бір әсер етуі мүмкін жетекші факторлардың бірі болып табылады [2]. Ургентті және аралас зәр ұстамаудан зардап шегетін егде жастағы әйелдерде қатар жүретін аурулардың болуымен, депрессиямен, күнделікті белсенділіктің төмендеуімен және нәжістің ұстамауымен айқын байланыс бар екендігі анықталды [5]. Осылайша, халықтың өмір сүру ұзақтығының ұлғаюының жаһандық тенденциясы, егде жастағы науқастарда зәр шығару мен ұстамаудың жоғары жиілігі, жасқа байланысты өзгерістер мен дисфункцияларға байланысты төменгі зәр шығару жолдарының белгілері арасындағы "қиын" дифферен- циалды диагноз, қатар жүретін аурулар мен дәрі-дәрмек терапиясына байла-нысты диагностикалық және емдеу тактикасының ұтымды әдістерін қолдану қажеттілігін тудыратыны анықталды [6].
Зерттеудің мақсаты: Егде жастағы әйел адамдардағы зәр шығару бұзылыстарының таралу жиілігін анықтау.
Зерттеу материалдары мен әдістері. Зерттелетін контингенттің сипаттамасы: «Otau med» клиникасында тіркелген 65-тен 93 жас аралығындағы (орта жасы 72,3±4,5 жыл) егде жастағы 32 науқас.
Зәр шығару бұзылыстарының таралу жиілігін анықтау барысында сауалнама, сұқбаттасу әдістері қолданылды. Зерттеуге әйел адамдардағы зәр ұстамау белгілерін бағалайтын 8 сұрақтан құралған LISS шкаласы қолданылды. LISS сауалнамасының нәтижесінің интерпретациясы негізінде зәр ұстамау белгілерін бағалаудың жалпы баллдық шкаласы: 1 - 12 балл = жеңіл дәреже; 13 – 25 балл = орташа дәреже; 26 - 40 балл = ауыр дәреже.
Сонымен қатар, зерттеуге алынған науқастар соңғы екі апта мерзімінде зәр шығару күнделігін толтырып отырды. Зәр шығару күнделігінің нәтижесінің интерпретациясы:
1. жеңіл дәрежелі зәр шығару бұзылысы: зәр шығару алдындағы ургенттілік бар, бірақ оған шыдау оңай 2. орташа дәрежелі зәр шығару бұзылысы: зәр шығару алдындағы ургенттілік жеткілікті ыңғайсыздықты тудырады және күнделікті белсенділікке кедергі келтіреді 3. ауыр дәрежелі зәр шығару бұзылысы: қолайсыздықты тудыратын және әдеттегі істермен айналысуға мүмкіндік бермейтін ауыр шыдамсыз зәр шығару алдындағы ургенттілік.
Алынған деректерге статистикалық талдау жұмыстары Microsoft Excel бағдарламасы арқылы жүргізілді. Зерттеу нәтижелерін объективті бағалауды жүргізу үшін дәлелді медицина әдістері қолданылды.
Зерттеу нәтижесі. Науқастар арасындағы зәрдің еріксіз бөліну дәрежесі бойынша зәр шығару бұзылыстарының таралуы ("LISS" сауалнамасы): 6 науқаста (19.31%) зәр шығару бұзылыстары анықталма- ды, зәрдің еріксіз бөлінуінің жеңіл дәрежесі 10 науқаста (31.12%), орташа дәрежелі бұзылулар 12 науқаста (36.47% ) және ауыр дәрежедегі бұзылулар 4 науқаста (13.1%) анықталды.
Сұқбаттасу және зәр шығару күнделігінің нәтижелері бойынша зәрдің еріксіз бөлінуінен зардап шеге- тін науқастарды мазалайтын приоритетті шағымдар: 13 науқас (41.15%) түнгі уақытта 3 не одан да көп мәрте зәр шығару үшін тұруға тура келеді, зәр шығару алдындағы ургенттілік 18 науқасты (55.1%) мазалай- ды. Сонымен қатар, тыныштық жағдайда еріксіз зәр бөлінуі 4 науқасты (12.13%), жөтелу, түшкіру немесе қатты қобалжығанда еріксіз зәр бөлінуінен 11 науқас (33.8%), физикалық жүктеме кезінде еріксіз зәр бөлінуінен 17 науқас (53.9%) зардап шегеді.
Қорытынды. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, зәрдің еріксіз бөлінуінен 80.69% (n=26) науқас зардап шегетіні анықталды. Тыныштық жағдайда еріксіз зәр бөлінуі 12.13% науқастарды мазалайды. Науқастардағы айқын зәр шығару бұзылыстары өмір сүру сапасына айтарлықтай әсер етеді.
Әдебиеттер
- А. Дюсембаев, К.С.Ормантаев, М. Санбаев, М.Т Аубакиров\\ «Урология» Алматы 2018\\ 12-28 бб.
- Åström, Ylva; Asklund, Ina; Lindam, Anna; Sjöström, Malin. Quality of life in women with urinary incontinence seeking care using e-health\\BMC Women's Health (BMC WOMENS HEALTH), 9/20/2021; 21(1): 1-9. (9p)
- Е.В. Пискунова \\ Автореферат\\ Лечение недержания мочи у больных с ожирением\\ Р.Ф. 2016; 8-34 стр.
- Куренков, А.В. Сравнительная оценка МРТ и рентгенологического исследования у женщин со стрессовым недержанием мочи / А.В. Куренков, С.Б. Петров, Г.Б. Труфанов, А.В. Мищенко // Тез. Докл ΧΙ съезда урологов России. М., 2017. – С 64
- Петров, С.Б. Новая синтетическая петля для хирургического лечения недержания мочи у женщин / С.Б. Петров, А.В. Куренков, Д.Д. Шкарупа, В.А. Жуковский // Сборник трудов 3-ей Международной конференции «Малоинвазивные методы диагностики и лечения в современной урологии». Санкт-Петербург, 2-3 марта 2016 г. – С. 29-30
- Куренков, А.В. Результаты исследования качества жизни у больных пожилого и старческого возраста / А.В. Куренков, Б.К. Комяков, С.А. Семенов // «Врач-аспирант», 2013 г. Т. 6.2 (61), С. 278-282