Nitrarai schoberi l. биологиялық ерекшеліктері мен фармацевтикадағы мүмкіншіліктері

Республиканың фармацевтика саласындағы дәрілік заттардың импортына тәуелділігін жүйелі түрде азайту отандық шикізат көздерін, өндіріс қуатын және ғылыми-техникалық мүмкіншілікті пайдалану қажет. Шикізат көзі ретінде Қазақстанның флорасындағы алуан түрлі дәрілік өсімдіктері бола алады. Өсімдік текті дәрілік заттар химиялық жолмен алған препараттарға қарағанда артықшылықтары көп, ағзаға теріс әсері аз және экономикалық тиімді болып келеді.

Осындай дәрілік өсімдіктің бірі- Nitraria Schoberi L., Nitrareacea тұқымдасына кіретін Nitraria L. туысының қазақстандық түрлерi жүйелi түрде зерттелмеген, осыған байланысты химиялық құрамын зерттеп, потенциалды биологиялық белсенді заттарды анықтап және жаңа фармацевтикалық өнімдер алу өзекті.

Әлемде Nitraria L. туысының 10 шақты түрлері Nitraria billardierei DC., Nitraria pamirica L.I.Vassiljeva, Nitraria retusa (syn. Nitraria senegalensis Poir.), Nitraria schoberi L., Nitraria sibirica Pall., Nitraria sphaerocarpa Maxim., Nitraria tangutorum Bobrov және т.б кездеседі. Олар солтүстік Африка, Аустралия, кейбір Еуропа елдерінде және көбінесе Азияның шөлді аймақтарында таралған. Ақтікендер физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты галофитті өсімдіктер [1].

Шобер ақтікені (Nitraria Schoberi L.)- субтропикалық ормандар мен эоцен дәуірінің саванналарының реликт өсімдігі. Рели́кт (лат. relictum — қалдық) биологияда — тірі ағза, заманауи биотада немесе белгілі-бір аймақта сақталған ата-тектерінен қалған топ, кеңірек таралған немесе өткен геологиялық дәуірде үлкен рөл атқарған. Тамыры 3,5 м тереңдікке дейін тармақталып, жер асты суларына жетеді. Шобер ақтікені - бағалы құм нығайтқыш өсімдік, өз бойынан үштен бір, ал кейде үштен екі бөлікке дейін құм ұйындыларына төзеді. Бұтақтары ұйылған жерлерінде жаңа өскіндер пайда болып, құмды одан әрі нығайта түседі [2].

Бұталар 2 м дейін бұтақталып өседі, жапырақтарының ұзындығы 2 см тығыз, сопақтау келеді. Гүлдері бұтақтарының ұшында шеткі беткейінде орналасқан. Шобер ақтікені көбінде 7-8-жылы гүлдей бастайды. Гүлдеуі мамыр айынан шілдеге дейін. Кішігірім ақ түсті гүлдері бір күнде ашылып, 2-3-күні сола бастайды. Энтомофилия жолымен тозаңданады. Гүлдері әдетте аралармен және Rhaebus қоңыздарымен тозаңданады. Жемістері гүлденуден кейін, 35-40-күндері шілде-тамыз айларында піседі. Өзіндік бұталар кем дегенде 15 жыл өседі [3].

Шобер ақтікені жемістерінің дәмі тәтті, аскорбин қышқылына бай болып келеді [4]. Олар жеуге жарамды, жануарлар мен құстарға қорек бола алады. Сонымен бірге, жемістерінен жіп пен мата бояуы алынады. Ақтікендер туысының өсімдік экстракттарының фармакологиялық белсенділігі 1960 жылдардан бастап зерттеле бастады, құрамындағы екінші реттік метаболиттер серотониндік белсенділікті көрсетті [5]. Соңғы уақытта Nitraria Schoberi L. түрі антиоксиданттық [6], микробтарға карсы (Staphylococcus aureus, Pseudomonas aeruginosa, Enterobacter aerogenes, Klebsiella pneumoniae және Acinetobacter lwoffii және т.б. грам оң және грам теріс бактерияларға), антифунгидциттік (Aspergillus niger мен Candida albicans) [7], вирусқа карсы (H3N2 мен H5N1 субтипті тұмау А) [8] және қабынуға қарсы белсенділігі бар екендігі туралы деректерде айтылған. Ақтікен құрамындағы алкалоидтар, фенолды қосылыстар, яғни флавоноидтар мен проантицианидиндер өсімдікке емдік қасиеттер береді [9].

Әдебиеттер

  1. Бобров Е.Г. О происхождении флоры пустынь Старого света в связи с обзором рода Nitraria L. // Бот. журн., 1965. – Т. 50, № 8. – С. 1053–1067.
  2. Бобров Е.Г. Об азиатских видах рода Nitraria L.//Советская ботаника,1946.–Т.14,№1.– С. 19–30.
  3. Петров М.П. Хозяйственное значение селитрянок // Известия АН Туркменской ССР. 1964. №2. С. 41–45.
  4. Zhang F., Zhao Y., Liu Y., Suo Y. Comparative analysis of water-soluble vitamins in fruit powders of Nitraria, wolfberry and sea buckthorn grown in Qinghai-Tibetan Plateau. Shipin Kexue, 2010, vol.31, №2, p.179-182.
  5. Raheleh Zaree, Mona Farhadi, Zeinab Mohammdzadeh, Golam Reza Goudarzi. Extraction and comparison of alkaloids in different organs during different phonological periods of Nitraria schoberi // Annals of Biological Research, 2013.-№ 4 (2).-P.130-135.
  6. Javad Sharifi Rad, Seyedeh Mahsan Hoseini Alfatemi, Majid Sharifi Rad, Marcello Iriti. Free Radical Scavenging and Antioxidant Activities of Different Parts of Nitraria schoberi L. // Journal of Biologically Active Products from Nature, Volume 4, 2014 - Issue 1.
  7. Javad Sharifi-Rad, Seyedeh Mahsan Hoseini-Alfatemi, Majid Sharifi-Rad, Jaime A. Teixeira da Silva. Antibacterial, antioxidant, antifungal and anti-inflammatory activities of crude extract from Nitraria schoberi fruits // 3 Biotech, 2015.- 5(5).- P.677–684.
  8. Патент № RU2615376C1. Противовирусное средство на основе экстракта культуры "бородатых корней" ("hairy roots") селитрянки Шобера (Nitraria schoberi L.) / басылымға шыққан уақыты - 04.04.2017.
  9. Du Q., Xin H., Peng Ch. Pharmacology and phytochemistry of the Nitraria genus (Review) // Molecular Medicine Reports. 2015. Vol. 11. N1. Pp. 11–20.
Жыл: 2018
Қала: Шымкент
Категория: Медицина