Түйін
Қазақстанда дәрілік заттар фармацевтикалық зауыттарда өндіріледі және дәріханаларда жасалынады. Дәріханалар мен фармацевтік өндірістердің жұмыс жағдайлары мен дәрілік препараттарды дайындау арнайы нормативтік-құқықтық құжаттармен нормаланған. Дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін дәріхана өндірісіндегі жұмыстарды дұрыс ұйымдастыру, процестерді дұрыс орындау қажет.Осыған байланысты бұл жұмыста фармацевтикалық ұйымдардағы маңызды рәсімдердің бірі - қызметкерлер мен келушілердің дәріхана мен дәріхананың өндірістік бөліміне кіру ережелері қарастырылады.
Түйінді сөздер: дәрілік заттар, дәріхана, дәріхана ұйымы, асептикалық блок, сапа үшін жауапты тұлға.
Жұмыстың мақсаты: Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың айналысы аясындағы нормативтік-құқықтық құжаттардың негізінде дәріхана мен дәріхананың өндірістік бөліміне кірудің әмбебап ішкі құжаттамасын құру.
Зерттеу материалдары мен әдістері.Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 27 мамырдағы № 392 бұйрығы.Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 19 наурыздағы № 232 бұйрығы. Фармацетика саласындағы ҚР-ның
нормативтік- құқықтық құжаттарын оқып үйрену.
Талқылау және оның қорытындылары.Дәрілік заттарды дәріхана жағдайында дайындау олардың өндірісте шығарылуын толықтырып отырады, себебі отандық өндірістің дамуы әлі күнге дейін ем алушылардың әртүрлі жасына байланысты, әсіресе жаңа туылған нәрестелерді, қарт ауруларды дәрілік заттармен, емдік - косметикалық препараттармен және фитопрепараттармен сұранысты толығымен қамтамасыз ете алмай отыр.
Заңнамалық құжаттарды зерделеп, осы заңдардың кейбір маңызды тармақтары баяндалады.
Дәрілік заттар - аурулардың профилактикасына, диагностикасына және оларды емдеуге, сондай-ақ организмнің жай-күйі мен функцияларын өзгертуге арналған фармакологиялық активті заттарды білдіретін немесе оларды қамтитын заттар: дәрілік субстанция, табиғаттан алынатын дәрілік шикізат, дәрілік ангро- және балк-өнімдер, дәрілік препараттар, медициналық иммундық-биологиялық препараттар, парафармацевтикалар [1].
Дәріхана - халықты және денсаулық сақтау ұйымдарын дәрілік заттармен, медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау жүйесіне жатқызылатын дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласындағы объект [1].
Дәрілік заттардың дәріханалық өндірісі - дәрілік заттарды дәрігердің рецептті және емдеу - профилактикалық орталықтарының талабымен дайындау, сондай-ақ материалдар мен шикізаттарды алу, сапасын бағалау мен оларды таратумен анықталады[2].
Дәріхананың негізгі міндеті - тұрғындарды және дәрі-дәрмектермен қамтуға бектілген емдеу- профилактикалық, басқа да мекемелерді дәрілік заттармен, медициналық бұйымдармен, фармацевтикалық және парафармацевтикалық тауарлармен уақытында, сапалы турде үзіліссіз қамтамасыз ету.
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министірінің 27 мамыр 2015 жылғы №392 бұйрығына сәйкес бөлшектеп сату дәріханасы мыналарға бөлінеді: - дәрілік заттарды дайындау құқығы бар дәріханалар
- дайын дәрілік препараттар дәріханасы.
Дәрілік заттарды дайындау құқығы бар дәріханалардың құрылымына келетін төмендегідей бөлімнен тұрады:
- рецептуралы-өндірістік бөлім;
- рецептісіз дәрілік препараттарды сату бөлімі;
- дәріханалардан босатылуға рұқсат етілген медициналық мақсаттағы бұйымдарды және
дәріханалық басқа тауарлардың түр-түрін сату бөлімі [3].
Санитариялық киім - шикізатты, қосалқы материалдар мен дайын өнімді механикалық бөлшектермен, микроорганизмдермен ластанудан қорғауға арналған персоналдың қорғаныш киімінің жиынтығы [1]. Асептикалық жағдайларда жұмыс істейтін персонал жұмыс алдында (асептикалық блок шлюзінде) орындалатын өндірістік операцияларға (дайындау, бақылау, өлшеп-орау) сәйкес түксіз матадан жасалған стерилді санитариялық киім киеді [1].
Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласындағы объектілердің қызмет көрсететін персоналы үшін санитариялық-тұрмыстық үй-жайларда киім ілетін орындар жұмыс істейтіндердің саны бойынша, жеке және санитариялық киімді, аяқ киімді және бас киімді бөлек сақтауды қамтамасыз ететін, жабылатын шкафтармен жабдықталады[1].
Асептикалық жағдайлардағы жұмыс үшін (дәрілік нысандарды дайындау, құю, қаптау учаскесінде) халат, қалпақ, резеңке қолғаптар, төрт қабатты дәке таңғыш және бахила, бір рет қолданылатын қол сүртетін сүлгілер (сулықтар) бар стерилді санитариялық киім жиыны пайдаланылады. Стерилді санитариялық киім, сүлгі (сулықтар) асептикалық блоктың шлюзінде сақталады [1]. Шлемі бар шалбарлы костюм, көзге арналған ойығы бар шлем-капюшоны бар комбинезон, бахила пайдаланылады. Персоналда стерилді санитариялық киімнің астында көлемді, түкті киімнің болуына жол берілмейді[1].
Дәріханаларда жоғары сапалы дәрілік заттарды дайындау тек өндірістік орта факторларының дәрілік препараттарға, жұмысшыларға да қолайсыз әсеріне қарсы тұратын санитарлық тәртіпті қатаң сақтағанда ғана мүмкін болады.
Дәрі - дәрмектерді дайындау, қаптау, бақылау, дәрілік заттарды сату, дәріханалық ыдыстарды өңдеу ісімен айналысатын қызметкерлер, уақытша қызметкерледі қоса алғанда, алдын - ала және мерзімді медициналық байқаудан өтеді және медициналық кітапшалары болады [1].
Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналасы саласындағы мекемелердің қызметкерлеріне екі жиын санитарлық киім және санитарлық аяқ киім беріледі [1].
Дәрілік препараттарды дайындайтын дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласындағы субъектілер (бұдан әрі - дәрілік препараттарды дайындайтын дәріхана) үшін:
- дәрілік препараттарды дайындауды жүзеге асыратын дәріхананың және оның өндірістік бөлімдері басшысының, сондай-ақ дәрілік препараттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың сапасын бақылауды жүзеге асыратын қызметкерлердің жоғары фармацевтикалық білімі және мамандығы бойынша кемінде үш жыл жұмыс өтілі;
- дәрілік препараттарды тікелей дайындауды және дайындалған дәрілік препараттарды босатуды жүзеге асыратын қызметкерлердің жоғары немесе орта фармацевтикалық білімі;
- аудан орталығында және ауылдық жерде жоғары фармацевтикалық білімі бар маман болмаған жағдайда дәріхананың және оның өндірістік бөлімдері басшысының орта фармацевтикалық білімі және кемінде үш жыл жұмыс өтілі болуы тиіс [4].
Зерттелген материалдардың нәтижесінде дәріхананың дәрі дайындау бөліміне кіру процесінің жүзеге асырылуы баяндалады.
Ұйым басшысы дәріхана қызметкерлерінің санитарлық киімдері мен жеке киімдерін бөлек сақтайтын шкафтармен қамтамасыз етілуін қадағалайды.
Сапа үшін жауапты тұлға (СЖТ) осы рәсімнің дәріхананың өндіріс бөлімі қызметкерлерімен жүзеге асырылуына жауапты болып табылады.
Дәріхананың өндіріс бөлімінің қызметкері рәсімнің сақталып отыруына жауапты.
Дәрілердің сапасы үшін жауапты тұлға - дәріханалық ұйымдардың қызметін жүзеге асыруда дәрілік заттардың және уәкілетті орган бекіткен тізбеге сәйкес дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар және медициналық техникаға қатысы жоқ дәріханалық тауарлардың түр -түрінің сапасын, қауіпсіздігін сақтауды, тиімділігіне, қоршаған ортаға және адам денсаулығына, өмірге зиян келтіруі мүмкіндігіне байланысты жол берілмейтін қауіп жоқтығын қамтамасыз етуге жауапты тұлға [3].
Дәрілік заттарды дайындау жағдайларына санитарлық - гигиеналық шаралардың кешенін сақтау кіреді.
Дәріханаға сырттан кіру. Дәріхана қызметкері дәріханаға кірер алдында міндетті түрде аяқ қиімдегі шаңды қағып, аяқ киімін арнайы тағайындалған жерде және киімін киім ауыстыратын бөлмеде ауыстырады.
Дәріхана қызметкерінің киім ауыстыруы. Дәрілік заттардың айналасы саласындағы объектілердің қызмет көрсететін персоналы үшін санитариялық - тұрмыстық үй - жайларда киім ілетін орындар жұмыс істеушілердің санына байланысты жеке және санитариялық киімді, аяқ киімді және де бас киімді бөлек сақтауды қамтамасыз ететін жабылатын шкафтармен жабдықталады. Бұл киімдерде дәріхана қызметкері ассептикалық блок пен ассистенттік бөлмеден басқа барлық дәріханалық үй-жайларда жүруіне рұқсат етіледі.
Санитарлық тораптарға кіру. Дәріхана қызметкері санитарлық тораптарға алдында халатты/ жоғарғы медициналық киімін шешеді.
Дәріхана сыртына шығу. Дәріхана қызметкері сыртқа шығуға тиіс болған кезде, жұмыс киімі мен аяқ киімін жеке киімге ауыстырады. Дәріхана сыртына жұмыс киімімен шығуға тиым салынады.
Асептикалық блок пен ассистенттік бөлмеге кіру.Асептикалық блок - микробиологиялық және басқа да ластанудан сақтану мақсатында арнайы бөлініп, жабдықталып пайдаланылатын дәріхананың бөлмесі. Асептикалық блок шлюзден, асептикалық бөлмеден (дәрілік формалар дайындалатын), стерилизациялау және дистилляциялау бөлмелерінен тұрады. Асептикалық блоктың бөлек кіру есігі немесе басқа бөлмелерден шлюз арқылы бөлінеді. Блокка кірер жерде дезинфекциялық ерітінділермен суланған резина ковриктері төселінеді.
Асептикалық блоктың шлюзінде стерильденген киімдерді сақтайтын шкаф, киінуге арналған отырғыш, қол жуғыш, айна, электрқұрғатқыш орналастырылады.
Асептикалық блок қызметкерінің аяқ - киімі жұмыстың алдында және жұмыстан кейін дезинфекциялық ерітінділермен өңделініп, жабық шкафтарда сақталады. Асептикалық блокта жұмыс істеуге арналған жеке шәркелер бактерицидті сәулелегіші бар арнайы шкафтарда сақталынады.
Шлюзге кірердің алдында қол жуады, аяқ киім, бахила, халат, шәрке, бетке әр төрт сағат сайын ауыстырылатын ауа өткізетін таңғыш киеді, соңғы кезекте қолды дезинфекциялайды. Ерітінді құю, шөлмектерді тығындау учаскесінде жұмыс істейтін персонал өңделген қолына стерильді резеңке қолғаптар киеді.
Асептикалық блоктың сыртына стерильді санитариялық киіммен шығуға жол берілмейді.
Асептикалық жағдайларда жұмыс уақытында мыналарға жол берілмейді: косметиканы пайдалану және аэрозолдық дезодоранттарды қолдану, сағаттар мен әшекей бұйымдарын тағу.
Келушілерді алып жүру.Рецептуралы-өндірістік бөлім басшысы дәріхананың өндірістік бөлімдеріне келушілерді алып жүруді өз бөлімінің қызметкеріне тапсырады. Ассистенттік және ассептикалық блокқа келушілерге қосымша санитарлық киім беріледі.
Қорытынды.Қорытындылай келе, мақалада дәріхана мен дәріхананың өндірістік бөліміне кірудің әмбебап ішкі құжаттамасы дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың айналысы аясындағы нормативтік-құқықтық құжаттардың негізінде құрылды. Құжаттамаға сәйкес, дәріхана қызметкерлері мен келушілер дәріханаға, санитарлық тораптарға, шлюзге, асептикалық блок пен ассистенттік бөлмеге кірер кезде қойылатын басты міндет - санитарлық талаптарды тиісінше сақтау.
Әдебиеттер
- Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 19 наурыздағы № 232 бұйрығы.
- Сағындықова Б. А., Анарбаева Р.М. Дәрілердің дәріханалық технологиясы. - Алматы: « Эверо », 2011. - 5-27 б.
- Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 27 мамырдағы № 392 бұйрығы.
- Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 23 қаңтардағы № 27 бұйрығы.