АННОТАЦИЯ
Жалпы адамға бүкіл өмірінде бар болғаны 4,5 - 5 грамм йод қажет екен. Бірақ күнделікті азық- түлікте йод мүлдем болмаса баланың бойы өспей, алқым без ауруы өршіп, меңіреулік сияқты дерттердің пайда болуына әкеліп соғады. Йод аса ауыр жұмыс жағдайындағы адамдарға, екіқабат әйелдерге өте қажет элемент. Йод тапшылығының кесірінен екіқабат әйелдердің түсік тастауы немесе баланы өлі тууы сияқты жағдайлар жиі орын алады. Ана құрсағындағы сәбиге йодтың қажетті мөлшері түспеген жағдайда ақыл-есі кем болып туылатынын зерттеулер дәлелдеген. Екіқабат әйелдердің ағзасына күніне йод 180-250 мкг мөлшерде қабылдануы керек.
Кілт сөздер: Йод тапшылығы, қалқанша безі, тиреоидты гормондар, тұзды йодтау жөніндегі ұлттық бағдарламалардың жүзеге асуы.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуі бойынша йод тапшылығы — ақыл-ой кемістігіне себеп болатын басты себептердің бірі. Қазақстан халқының төрттен бір бөлігі 15 жасқа дейінгі балалар болса, елімізде жылына 350 000 сәби дүние есігін ашады екен. Бірақ ірі қалалар болмаса, шалғай ауылдардағы әр отбасының балалары күн сайын дәруменге бай тағамдарды тұтынады деуге болмас. Әсіресе, экологиялық ахуалы нашар өңірлердегі сәбилердің денсаулығы арнайы көңіл бөлуді қажет ететіні белгілі. Баланың бес жасқа дейінгі тамақтану нормасы өз деңгейінде болмаса, бойының өсуі мен ақыл-ойының жетілуі кешеуілдеп, денсаулығында ақаулықтар пайда болады. Бір ғана йодтың жетіспеуінің өзі баланың интеллектуалды тұрғыдан дамуын шектейді. ЮНИСЕФ мамандарының зерттеуі бойынша йод тапшылығы сезілген аймақтарды мекендейтін балалардың интеллектуалдық деңгейі басқа өңірдің жеткіншектерімен салыстырғанда көп есеге кем көрінеді. Ғалымдардың айтуынша, йод тапшылығы айқын байқалған өңірлердегі тұрғындардың 1-10 пайызы кретинизм (меңіреулік) ауруына шалдықса, 5-30 пайызында психикалық аурулар білінеді. Бұндай ауруы бар балалардың оқуы нашар, тіпті ойлау қабілеті кем болуы мүмкін. Көп жағдайда ортаға бейімделе алмайды. Йод жетіспеушілігі анық байқалған аймақтар тұрғындарының 30-70 пайызы ақыл-есі кем болады екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жер бетіндегі тұрғындардың 1,5 миллиарды йод тапшылығын көруде. 650 миллион адам эндемикалық зоб дертінен зардап шегіп отыр.
Мақсаты:
1.Йодтың адам ағзасына көрсететін әсерлерін талдау 2. Студенттерге йодтың маңыздылығы
және организмдегі қызметі туралы анықтама беру. 3. Йодқа бай тағам көздерін ұсыну.
Йод - адамның қалыпты өсуі мен дамуы үшін қажетті микроэлемент. Ағзаның қалыпты дамуын
қолдау үшін йодтың азғантай ғана мөлшері қажет: бар болғаны 100 - 150 мкг. Йод органикалық және органикалық емес қосылыстар күйінде ауамен, тағаммен, сумен бірге ішек-қарын жолдарына түсіп, қанға, жасушалар мен тіндерге және йод минералынсыз қызмет ете алмайтын мүше - қалқанша безінің жасушаларына жеткізіледі.Пішіні көбелекке немесе қалқанға ұқсас қалқанша безі мойынның алдыңғы жағында орналасқан, «қанатшалары» көмейді алқымдайды. Қалқанша безінің қызметіне жүрек соғысының жиілігі, дене температурасы, тағам өнімдерін «жағу» жылдамдығы тәуелді, ал бездің өзінің қызмет етуі ағзаға түсетін йодтың көлеміне байланысты.[1]
Ағзада шоғырланған йодтың 80%-ы (15-20 мг) қалқанша безінде болады. Йод осы маңызды мүшенің гормондарының түзілуі үшін қажет. Мұнда әрекет ететін бастауышы йод болатын тироксин және трийодтирионин гормондары түзіледі. Йодты гормондардың қызметі әртүрлі. Қарапайым мысал: қалқанша безінде гормондар болмаған жағдайда бақашабақ бақаға айнала алмайды. Бұл - гормондардың жануарлар әлеміндегі маңызы зор екенін көрсетеді. Йод диетаны сақтауды жеңілдетеді, артық майларды ыдыратып отырады, бойдың дұрыс өсуіне септігін тигізеді, қосымша энергия көзі рөлін де атқарады, шаш, тырнақ, тері және тістің саулығын қамтамасыз етеді.
Адамның йодқа күндік қажеттілігі 1,5*10-4 - 3,0*10-4 г құрайды және су мен жұмыртқа, балық, жемістер сынды құрамында йод болатын өнімдермен толығып отырады. Балалар мен жүкті балалар үшін бұл шама жоғары.
Адамдарға ұсынылатын йод тұтыну деңгейі
- йод нәрестелік ұрықтың өнуі, дамуы үшін ықпал етеді;
- сары дененің қызметін ынталандырып, жүктіліктің алғашқы кезеңін қорғайды;
- иммундық жүйенің қалыптасуына ықпал етеді;
- эмбриогенез үрдістерін реттейді;
- мидың құрсақішілік дамуын қамтамасыз етеді;
- анаболикалық әсері бар, сондықтан тіндердің өсуі мен бөлінуін бақылайды;
- ағзадағы барлық алмасу үрдістерің реттеуге қатысады.
Тағам өнімдеріндегі йодтың мөлшері мен оны тағам арқылы тұтыну:Көкөністер: қызылша, салат, шпинат, қызанақ, сәбіз, картоп, орамжапырақ, пияз, бұршақ, сарымсақ (30 мкг/кг);Жеміс - жидектер, жаңғақтар: құрма, алма, жүзім, шие, қарақат, шабдалы, фейхоа, грек жаңғағы (30 мкг/кг);Сүт өнімдері: ірімшік, сүзбе, сүт ( 50 мкг/кг). Зерттеу материалдары мен әдістері: 1.Анкеталық сұрақтар арқылы йодтың төмендеуіне әкелетін жағдайларды анықтау. 2.Студенттердің тағам рационын талдау. Диагностикалау:Йодтың жетіспеушілігін анықтаудың ең жиі кездесетін түрі-қалқанша бездің өлшемдерінің ұлғаюы(зоб), ол көзге көрініп, саусақпен басқанда білінеді. Қалқанша бездің өлшемдерін нақты анықтау үшін ультрадыбыстық зерттеу жүргізіледі. Қалқанша бездің көлемі келесі формуламен анықталады: Көлем=[ (Қ1 x E1 x Ұ1) + ( Қ2 x E2 x Ұ2 ) ] x 0,479
Мұнда: Қ - қалыңдығы, Е - ені, Ұ- қалқанша бездің әр бөлігінің ұзындығы. Қалқанша бездің барлық көлемі оның бөліктерінің көлемдерінің қосындысынан тұрады. Әр бөлігінің көлемі Қ, Е, Ұ шамаларын бөліктің эллипсоидтық құрылымының түзету коэффициентіне - 0,479 көбейту арқылы табылады. Қалқанша бездің көлемі, егер ультрадыбыстық зерттеу нәтижесінде ерлерде-25 мл, әйелдерде -18 мл шамасынан асса, бұл - зобтың айқын белгісі.
Нәтижелерді талқылау: Зерттеу жұмысы ҚазҰМУ базасында жүргізілді. Жалпы медицина факультетінің 3 курс студенттері (79 студент: 27 ұл, 53 қыз) қатысты. Сауалнама 10 сұрақтан, арнайы 3 жауаптан тұрды. ( мысал ретінде тек екі диаграмма көрсетілді)
Зерттеу нәтижесі бойынша студенттердің тағам рационында йоды бар тағамдардың, көкөністердің жетіспейтіні анықталды. Тамақтану режимі бірқалыпты емес, ас тұзын мөлшерінен артық қолданады. Студенттердің 58% йод препараттарын қабылдаған, бұл зерттеу барысында анықталды. Сондықтан, бүгінде йодтың жетіспеушілігі студенттердің интелектуалды қабілетінің төмендеуімен қоса еңбекке қабілеттілігінің азаюы жағдайларына әкеліп соғуда.
Йодтың адам ағзасындағы құрамы мезгілге байланысты: қыркүйек пен қаңтар айлары аралығында йодтың концентрациясы төмендейді, ақпан айында жаңадан көтеріле бастайды, ал мамыр мен маусым аралығында йодтың құрамы ең жоғарғы деңгейіне жетеді. Бұл ауытқу әлі күнге дейін жұмбақ болып қалуда.
Қазақстанда йод жетіспеушілігі түсік тастау, баланың ақыл-ойының кеш дамуына әкеп соғатын негізгі фактор болып отыр. Бұл тұрғыда ЮНИСЕФ халықаралық ұйымдармен, Қазақ тағамтану академиясымен бірлесіп бағдарламалар қабылдауда. Қазақстан тұзды йодтау жөнінен алдыңғы қатарда тұрған елдің бірі екенін 2009 жылы төрт халықаралық ұйым ( IDDICC, WHO, UNICEF, GAIN) құжатнамалық негізде тіркеген. «Аралтұз» сияқты сапалы йодталған тұзды өндіретін кәсіпорындардың бұл жетістікке жетудегі үлесі қомақты. Алайда соңғы кезде шет елден келетін 10 пайыз мөлшердегі сапасыз тұз өнімдері бұл жетістікке біраз көлеңкесін түсіруде. Әлемдегі 110 мемлекетте йод жетіспеушілігі бар екені анықталған. Бүгінде йод мөлшерінің қажетті деңгейде болуына әлемнің дамыған елдері қатты мән беруде. Мәселен, АҚШ үшін йод тапшылығын жою даму саясатының экономикалық тиімді мақсаттарының бірі болып табылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2014 жылы ғылыми зерттеу жұмыстары аясында йодталған тұзды үй жағдайында тиімді мөлшерде пайдалану жөнінде нұсқаулық шығарды.
Қорытынды: Йод жетіспеушілігі медициналық мәселе болғанмен оны медициналық тұрғыдан
шешу мүмкін емес. Яғни йодтың аздығынан ауруға шалдыққандарды медициналық жолмен емдейміз деген бос сөз. Теледидардан күнделікті жарнамаланып жатқан дәрі-дәрмектер де көмектеспейді. Бір ғана жол бар, ол — күн сайын дұрыс тамақтану, йодталған тұзды мөлшерімен тұтын. Әрине, тек йодталған тұзды тұтыну арқылы ағзаға қажетті элемент толық мөлшерде қабылданады деуге болмайды. Тұзды көп мөлшерде пайдаланудың зиянды екені белгілі. Сондықтан жалғыз йодталған тұзбен йод тапшылығы жойылады деуге болмас. Йод қандай өнімдерде көбірек болады десек, йодтың мол мөлшерін қамтитын өнімдердің басында балық, балық уылдырығы, қарақұмық (гречка), құрма, теңіз қырыққабаты, сұлы, сүт және сүт өнімдері, нан, қызылша, сәбіз, жеміс-жидектер тұр. Сондай-ақ, «Жылдам қорытылатын жылқы етінің құрамында А, В дәрумендері, никотинамид, темір, кобальт, фосфор, кальциймен қатар йод та бар» дейді ғалымдар.
ӘДЕБИЕТТЕР
- .Ә. Нұрмұхамбетұлы. «Клиникалық патофизиология». Алматы: «Эверо», 2010. - 682 бет
- . Ә. Нұрмұхамбетұлы. Ұрық дамуы мен балалық шақ ауруларының патофизиологиясы.- Алматы, 2004 - 2526 бет