Социология

Мақалада Қазақстан қоғамының жаһандану үдерісіндегі құндылық бағдарлары мен социомəдени даму тенденциялары қарастырылған. Жаһанданудың көп қырлы феномен екендігі аталып өтеді. Əлемді жаһандану үдерісі қамтығанын, тəуелсіздік алған елдердің əлемдік қауымдастықта интеграцияға ұмтылуларын атайды. Жаһанданудың біздің  қоғам  үшін  жаңа  саяси  стратегия-  сын тауып, Қазақстан халықтарының дəстүрлі мəдениетінің құндылықтарын батыс қоғамының құндылықтарымен қоса алып жүретін, бəсекеге қабілетті халықтың мəдениетін жаһандану контексінде қалыптастыру керектігі қарастырылады.
2012

Бұл мақалада қазіргі қоғамдағы əлеуметтік проблемалар, олардың шешу жолдары мен əдістері баяндалады. Сондай-ақ əлеуметтік қызметкердің кəсіптік тұлғасы жəне маманға қойылатын талаптар, əлеуметтік қызметкердің əртүрлі лауазымдық міндеттері сипатталады.Мақалада қазіргі заманға тəн болып отырған кері əдеттермен күресудің жалғыз жолы – жас ұрпақты əдептілік нормаларына сай тəрбиелеудің маңыздылығы айтылады. Жас ұрпақты əдептілікке тəрбиелеу ісінде ұлттық философияның, ұлттық құндылықтардың алатын орны ерекше. Сондықтан болашақ əлеуметтік қызметкерлерді даярлау ісінде олардың бойына моральдық принциптерді сіңіру маңызды. Мақалада шығыс ойшылдарының, оның ішінде əл-Фарабидің даналық, ізгілік, мейірімділік туралы ойларына мысал келтірілген. Əлеуметтанушы В.А. Канкенің өркениет дағдарысы туралы пікірлеріне, Дж. Роулздың ақпараттық қоғамдағы əділдік қағидалары туралы ойларына сілтеме жасалған.Қазіргі заман мамандарының бойында гуманизм принципінің болуы шарт. Гуманизм əлеуметтік қызметкердің бойында гуманизм принципі мейірімділік, қарапайымдылық, мұқияттылық, сезімталдық, нақтылық, əдептілік қасиеттердің болуын міндеттейді.Сондай-ақ мақалада Қазақстан Республикасының көп ұлтты жəне көп конфессиялы мемлекет екендігі ерекше айтылып, осыған сəйкес, елімізде əртүрлі этникалық топтармен əлеуметтік жұмыстың өзіндік технологиясының қалыптасып отырғандығы баяндалған. Осы орайда, авторлар ұлтымызға тəн мейірбандық қасиеттерге тоқталған. Мақалада əлеуметтік қызметкердің тұлғалық жəне кəсіптік сапалары мен қасиеттері кеңінен талданады, əлеуметтік қызметкердің тұлғааралық сапаларына ізгілікті қасиеттерді, психикалық талдау жүргізе білуді,  педагогикалық біліктілік негіздерін білуді жатқызады. Мақалада əлеуметтік қызметкердің атқаратын функциялары, əлеуметтік қызметкердің құқықтық қатынастар жүйесіндегі білім сапасын көтеру маңыздылығы, қоғам үшін əлеуметтік қызметкердің маңыздылығын арттыру туралы жазылған. Авторлар əлеуметтік қызметкердің міндеттері қатарына Қазақстан Республикасының Заңдарын, арнаулы əлеуметтік қызметтерді ұсыну жөніндегі өзге де нормативтік-құқықтық актілерді, арнайы педагогика, психология жəне əлеуметтік жұмыс негіздерін білуді жатқызады.
2013

Қазақстан қоғамының барлық салаларындағы прогрессивтік əлеуметтік өзгерістер басқа да факторлармен қатар, модернизация ұғымымен байланысты. Модернизация Қазақстанды социумды басқарудың командалық-əкімшілік əдістерінен барлық өркениетті елдерде қолданылып отырған индустриалдыинновациялық əдістерге бағыттау мақсатын көздейтін түбегейлі саяси, экономикалық, əлеуметтік  жəне мəдени өзгерістер жүргізумен байланысты. Жаңарудың басты ерекшелігі – мемлекеттің ұлттық мүддесіне негізделген өзіндік стратегиясы мен тактикасының болуы. Қазіргі тұлғаға қоғам тарапынан ұлттық мақсаттарға сапалық жағынан сай келетін қабілеттіліктер мен дағдыларды қалыптастыру секілді үлкен міндет жүктелген. Тұлғаның дамуы қоғамның дамуымен тығыз байланысты. Қоғамның жаңа өркениетті сатыға көтерілуі өз кезегінде тұлғада жалпыадамзаттық, гуманистік үлгілерге сəйкес сапалық қасиеттердің қалыптасуын əкеледі.Тұлғаның дамуындағы басты тенденция оның əлеуметтік құбылыстардың объектісінен субъектісіне айналуы. Қоғамның инновациялық мүмкіншіліктерін ескере отырып, тұлғаны дамытуда ұлттық құндылықтардың да рөлін атап өту керек.Мақалада бірқатар əлеуметтанушылардың көзқарастары мен теориялары талданған.
2013
Гендерлік теңсіздік: салыстырмалы талдау

Мақалада автор қазақ қоғамындағы теңдік жəне теңсіздік мəселесіне тоқталған, оның ішінде əйел теңсіздігі тақырыбы көбірек баяндалған. Шығыс менталитетінің жəне қоғамда қалыптасып қалған көзқарастардың гендерлік теңсіздікке əсері де айтылып кеткен. Бұл мақалада автор «Гендер» ұғымына анықтама берген жəне де оның теориялық-əдіснамалық негізіне талдау жасаған. Сонымен қатар Қазақстан Республикасында гендерлік саясаттың қалыптасу ерекшеліктеріне тоқталған. Қазақстан қоғамындағы гендерлік теңсіздіктің факторлары қарастырылып, гендерлік теңсіздік бойынша сандық мəліметтер көрсетіліп, еркектер мен əйелдер дискриминациясы туралы айтылған. Сондай-ақ еркектер мен əйелдердің арасындағы тең құқық үшiн күресі, олардың қоғам өмipiнe бiрдей қатысуы, яғни əйелдің, ананың, қыздардың, үй шаруашылығындағы əйелдiң жəне т.б. құқықтарын сақталуы туралы жазылған. Бұл мақалада Қазақстан Республикасындағы гендерлік саясаттың ерекшеліктері, гендерлік білім беру мəселесі, қоғамдық-саяси өмірде əйелдердің гендерлік теңдікке қол жеткізуі «гендер»,«гендерлік саясат», «гендерлік теңдік», «гендерлік рөл» ұғымдарының анықтамалары кеңінен зерттелген жəне де қоғамдық-саяси өмірдегі, отбасындағы гендерлік теңдікке қол жеткізудің жолдары, əлеуметтенудің гендерлік аспектілері, қазіргі кезеңдегі Қазақстан əйелдерінің құқықтық жағдайы мəселелері кең ауқымда сараланып, аталып көрсетілген. Автор Қазақстан саясатындағы гендерлік теңдік жəне теңсіздік мəселесіне кішігірім зерттеу жүргізіп, ол зерттеудің нəтижелерін осы мақалада ұсынған. Осы зерттеу қорытындысы бойынша, Қазақстан қоғамында, соның ішінде саясатта гендерлік теңсіздік бар. Теңсіздіктің себебі – шығыс менталитеті мен «əйел саясатқа көп араласпауы керек» деген сияқты көзқарастар. Саясаттағы теңсіздіктің мысалы – əйел депутат пен министрлердің аз саны; əйелдер саясаттың əлеуметтік, денсаулық сақтау сияқты бағыттарында басым болуы қажет; əйелдер саясатта 25 пайыздай үлеске тиесілі деген тоқтамға келген.
2013

Мақалада білімге негізделген инновациялық экономика дәуіріндегі интеллектуалды ресурстар, капитал теорияларына талдау жасалған. Білім экономикасы постиндустриалды экономика мен инновациялық экономиканың дамуының жоғарғы кезеңі тұрғысынан қарастырылған. Интеллектуалды капитал мен адам капиталы қоғамның постиндустриалды дамуының қайнар көзі ретінде талданған. Батыс ғылымындағы интеллектуалды капитал теориясының Қазақстан қоғамының модернизациялануы жағдайындағы өзектілігі ашып қарастырылады.
2013
Қазіргі  отбасылардың әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктері

Зерттеудің мақсаты – қазіргі отбасылардың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен үй шаруашылығының кіріс деңгейі көрсеткіштерін сипаттайтын негізгі статистикалық мәліметтер беру және отбасының негізгі мәселелерін дәйектеу. Әлеуметтік-демографиялық және әлеуметтік-экономикалық тұрғыда отбасы үлгісіне қатысты әртүрлі болатын зерттеу жүйесін дамыту бойынша ғылыми негізделген кепілдемелер және әдістемелік (қолданбалы) нұсқамалар дайындау.Зерттеуде жүргізу үдерісінде экономикалық және статистикалық сараптау, салыстыру және сараптама, сондай-ақ дәйектеу арқылы баға беру сияқты әдістері пайдаланды.Бірегейлігі/құндылығы: алынған тұжырымдамалар теоретикалық тұрғыдан демографиялық жағдайдың деңгейі жоғары болғанда, заманауи отбасылары мәселелері өз шешімін тапқан кезде маңызды, сондай-ақ жастарды отбасылық өмірге дайындау барысында, рухани тәрбиелеу, мәдени және тарихи дәстүрлерді, отбасылық құндылықтарды сақтауға үйрету  кезінде негізгі тұрғыдан маңызды.Зерттеу нәтижелері: Қазақстан Республикасы халқының демографиялық жағдайы бойынша зерттеулік жұмыстар жоғарыда көрсетілген өзекті мәселелерді толықтай қамтыған кезде ғана оларды шешуге көмегін тигізеді.Отбасы, сәбидің дүниеге келуі, отбасы мүшелерінің денсаулығы, білім алу, сапалы өмір сүруге талпыну.Ата-аналар отбасы мәселелеріне қатысты жауапкершілікті сезген кезде ғана мемлекет тарапынан пайдалы шешілімдер таба алады. Алынған ең маңызды нәтижелер төмендегідей қорытындыланады:көпбалалы отбасылар, жалғызбасты аналар, мүгедек балалары бар отбасылар, студенттер, нарықтық қарым- қатынасқа көшкен жұмыссыз отбасыларының экономикалық жағдайлары туралы статистикалық сипаттамалар берілген;төменгі кіріс көлемін, денсаулық сақтау және білім беру (оның ішінде мектепке дейінгі мекемелер) салаларының ақылы қызмет көрсетуге ауысуы, кіріс көздерінің тұрақсыздығы, жұмыссыздық, әсіресе жастар арасында жұмыссыздықтың көбейуіне қатысты салыстырмалы сараптама дайындалды.
2013
«азия барыстары» және протестанттық еуропа мемлекеттерінің дамуындағы еңбек этикасының рөлі

Еңбек этикасы, еңбек өнімділігі мәселелері кез келген қоғамдағы өзекті тақырыптардың бірі болып табылады. Себебі еңбек басымдыққа жеткен қоғам әрқашан басқа мемлекеттерден бірнеше табан алда болған және алда болатынын әлемдік тәжірибе мен ғалымдардың ой-пікірлері дәлелдеп отыр. Мақалада Конфуцийдің, М. Вебердің, Ли Куан Юдің, Махатхир Мохаммадтың және т.б. ғалымдардың еңбек этикасы мен еңбек өнімділігіне қатысты ой-пікірлері сарапталады. Дамудың үлгісіне айналған «Азия барыстарының» дамуындағы еңбектің рөлі мен еңбектің маңыздылығын арттыруға арналған мемлекеттік іс-шаралар салыстырылып талданады. Тарихы, салт-санасы, менталитеті, діні, мәдениеті бір Корея халқы 1945 жылдан кейін социолизмдік даму бағытын алған Солтүстік Корея және капитализмдік даму бағытын алған Оңтүстік Корея деп екіге бөлінді. Әртүрлі даму жолды таңдаған ұлты бір екі мемлекеттің жеткен жетістіктері, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мақалада сипатталады. Еңбек өнімділігі жоғары мемлекеттердің санатына Жапония мемлекетін қоса аламыз. Екінші дүниежүзілік соғыста үлкен жеңіліске ұшыраған Жапонияның экономикалық және әлеуметтік салалары әлсіреген еді. Дегенмен соғыс аяқталғаннан кейінгі 25-30 жылда Жапония әлемдегі ең қарыштап дамыған мемлекеттердің қатарына қосылды. Жапония әлемге техника мен технологияның ең жаңа түрлерін алып келді. Өмір сүруге ең қолайлы мемлекеттердің алдына шыққан Жапонияның дамуында еңбектің рөлі қарастырылады. Мемлекеттің дамуындағы еңбектің орны сипатталып, еңбекқорлықтың қалыптасуына мемлекеттік саясаттың, діннің, ділдің, психологияның, халық дәстүрінің әсері мен ықпалы талданады. Мақалада әлеуетті мемлекеттердің не себепті басқа қоғамдардан дамуы тұрғысынан алда болатындығы сарапталған. Адамның еңбегін жеңілдететін, мемлекеттің дамуына әсерін тигізетін түрлі факторлардың оң және теріс тұстары көрсетілген.
2013