Статьи, год 2016

Мақалада қан мен жанды, иман мен ақылды тоғыстыратын, ақылдың қателігін дұрыстайтын жүрек хақында кеңінен қарастырылды. Жаратушынының бар екенін түсіну — ақылдың міндеті, алайда оны қабылдау-қабылдамау — жүректің міндеті. Имандылық та, күпірлік те жүректен орын алмақ. Жүрек — рухани сырлардың қайнар көзі. Жүрек ақылдың шеңберінен асып, метафизикалық əлемге бойлайтын адам бойындағы ерекше қасиет. Авторлар жүректің танымы, түрлері, сипаттары мен атаулары жəне ислам ғұламаларының жүрек туралы көзқарастарын зерттеді. Адам баласы кеудесіндегі азғындық сезімдерден арылып, мақаламызда қарастыратын кемел сипаттарға ие болып, жаратылысына сай ғұмыр кешуі үшін жүректі таза қалпында сақтап оған ерекше мəн беру керек. Себебі адамды адам қалпында сақтайтын — жүрек. Ислам дүниетанымында жүректің ақылдан үстемдігі, оның рухпен байланысы баяндалды. Сондай-ақ Əбул Қасым Махмұд ибн Ахмед Имад ад-дин əл-Фарабидың (əл-Фариаби) «Халисат ал-хақайқ» трактатындағы жүрек түсінігі негізге алынды.
2016

Мақалада Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) 2001–2006 жж. аралығындағы қауіпсіздік саясатының нормативтік жəне институционалдық негізінің қалыптасуы қарастырылды. 2001–2006 жж. аралығындағы Орталық Азия аймағындағы объективті өзгерістердің көрінісіне айналған ШЫҰ-ның қауіпсіздік саясаты, террористік қауіп-қатермен күресуге бағытталған ШЫҰ саясатының негізгі кезеңі зерттелді. Осы жылдарда қабылданған ШЫҰ-ның негізгі құжаттарына салыстырмалы талдау жасалып, олардың маңыздылығы айқындалды. Авторлар ШЫҰ-ның терроризммен күресу жөніндегі Конвенциясын терроризммен күресу саласындағы негізгі халықаралық келісімдермен байланыстырып талдады. 
2016

Мақалада 2004–2014 жж. аралығындағы Қазақстандағы либералдық-оппозициялық бағыттағы газеттердің егемендік алған жылдардан күні бүгінге дейінгі атқарған рөлі, тəуелсіз ақпараттың ерекшелігі мен артықшылығы, жұртшылықтың көзқарасы, халыққа тигізген ықпалы, демократиялық сипаттары, ой еркіндігі, сөз бостандығы, қоғамға əсері қарастырылды. Авторлар егемендіктің алғашқы жылдарынан күні бүгінге дейін жарық көрген либералдық-оппозициялық газеттерге шолу жасап, саралау негізінде жазылған зерттеулерін қарастыра отырып, оның қоғам өміріне тигізген əсерін, демократияның даму деңгейін, отандық журналистика тарихында алар орнына талдау жасады. Сонымен қатар ғалымның осы кезеңдегі қазақ халқының өміріндегі елдегі өзгерістерге, оқиғаларға деген көзқарасын айқындады. Либералдық-оппозициялық басылымдардың қоғамдық-саяси орнын, мемлекеттік мүдде тұрғысындағы еңбегін зерттеуде «Заң», «Жас алаш», «Тасжарған», «Ұлт Таймс», «Алатау», «Общественная позиция» секілді қазақ, орыс тіліндегі баспасөз материалдарымен бірге, Т. Калееваның «Сөз бостандығы жəне ақпарат алу құқығы туралы сарапшы шолуы», Г. Ахметованың ICBCB: «Сөз бостандығы — ел болашағының кепілі» бола ала ма?» атты іргелі еңбектерін жəне Интернет ресурстарын зерттеу жұмысына кеңінен пайдалана отырып, Қазақстандағы журналистиканың даму деңгейін көрсетті.
2016

Мақалада қазақ халқының ұлылығы мен даңқын арттыруда зор рөл атқарған əйгілі Есім ханның өмірі мен қызметі суреттелген. Есім ханның қолбастаушысы, биі, заң шығарушысы болған Жиембет жыраудың шығармашылығына басты көңіл бөлінген. Жиембеттің 1620 ж. ойраттармен (қалмақтармен) болған шайқаста даңққа бөленгені, 1627 ж. Қазақ ордасынан бөлініп, өз хандығын құрмақшы болған Ташкент ханы Тұрсынның көтерілісін басуда маңызды рөл атқарғандығы айтылған. Жиембет шығармашылығының күшті сезімдерге толы екендігі, жаңа образдарға терең бойлайтындығы айтылған; оған айрықша стиль, өмірге философиялық көзқарас, халық өмірінің тарихи жолын алдын ала көре білуі тəн екендігі көрсетілген. Марғасқа жырау Жиембет секілді хан билігі мен халық арасында аралық тұлға, оның сөзге шебер талант, терең білімді болғандығы туралы қорытынды жасалған. Жиембет жəне Марғасқа жыраулардың да мұралары өз зерттеушілерін табатындылығына сенім білдірген.
2016

Мақалада келесі мəселелер қарастырылған: репатрианттардың əлеуметтік, физикалық жағдайларда өз уақыттарын игеруі жəне шекараларын ұлғайтуы, оларды белгілі бір кезеңдерге координациялау жүйесін құру жəне осы бағыттарға, кезеңдерге өздерін ғана бейімделіп қана қоймай, туған-туыс пен өскелең ұрпаққа да бағыт-бағдар бере білу.
2016