XX ғасырдың алғашқы жартысындағы Қытай қазақ поэзиясының тағы бір арнасы болып қосылған арнау жырларының төркін-тегі, табиғаты, өзіндік ерекшелігі, сондай-ақ үздіксіз өсіп-өркендеп, кемелдену үстінде келе жатқан аса икемді бір поэзиялық жанр екендігі сипатталып, оның жерлік, дəуірлік сипаты өте айшықты болып, əр туындының тарихи артқы көрінісін тануға зор мүмкіндік беретіні айқындалды. Əсіресе сатираның да, дидактиканың да, лириканың да көркем сипатын танытқанымен, арнау поэзиясының ішінде сатиралық арнаулардың басым орында тұратыны сол кездегі елдің қоғамдық-əлеуметтік, саяси жағдайы жəне мəдени-əдеби тірлігіндегі өзгерістер мен жаңалықтар себепші болатыны пайымдалып, олардың деректік, тəрбиелік құнының жоғары болатыны Шыңжаң қазақ əдебиетіндегі ұлы тұлғалар Ақыт, Əсет, Таңжарық, Көдек, Асылқан, Отарбай, тағы басқа ақындардың туындылары арқылы дəлелдей түседі.
Арнау өлең шығармашылығы XX ғасырдың алғашқы жартысында Қытайда жасаған қазақ ақындарындағы тағы бір түрлі əдеби ауқым болып, ақындар қоғамға, болмысқа, не бір жекеге болған көзқарасын, тұрғы-танымдарын бейнелеуде арнау өлеңдердің алуан түрін пайдаланған. Сол арқылы да өз тұсындағы қоғамның сан-алуан қайшылығын, шынайы бет-бейнесін, қараңғы, сұрқия кербақпа жақтары мен жағымсыз мінез-құлықтарды, тоғышарлықты əшкерелеп, діттеген мақсаттарына жетіп отырған. Демек, арғы тарихы ауыз əдебиетінен бастау алған арнау өлеңдер XX ғасырдың алғашқы жартысындағы Қытай қазақ поэзиясының тағы бір арнасы болып қосылған. Қазақ арнау жырларының төркін, тегі тым тереңнен басталатыны анық. Арысын айтсақ, ең ескі тұрмыс-салт жыры болып зерттеліп жүрген жоқтау өлеңдерін де арнау өлеңдерінің бір саласы деуге болады. Оны қаза болушының «тірі күндегі кереметтері, адамгершілігі не артында қалған қайғылы адамдардың мұң мен зары өлең сөзбен айтылады, осыны зарлай арнау дейміз» [1; 140], деп шешендік арнаудың бір түрі ретінде зерттеліп тұрақтанған жері де бар. Арнау жырларының шығу тегі мадақ жырларымен тығыз байланысты жағы да бар. Өйткені ертеде мадақ жырлары адам өміріндегі ерекше оқиғаларды, адам батырлығын, мінез ірілігін, табиғаттың ерекше құбылысын мақтауға арналған. Осындай арнау сарыны орхон-енисей ескерткіштеріндегі қағандықты, қағанды мақтаумен астарласып та жатса, «Қорқыт Ата кітабындағы» бағыттамалы бата-тілектер, өлең-жыр үлгілері де осы тектес жырлардың табиғатын танытады. «Түркі тілдер сөздігінде» естелікке алынған жырлардың ішінде табиғат жырлары, тұрмыс-салт жырлары, дидактикалық, лирикалық жыр үзінділерінің көбі белгілі нысанаға бағытталған болып, арнау өлеңдік сипат алатындығын байқауға болады. Қазақ хандығы дəуіріндегі жыраулық поэзияның бір бөлімі шешендік арнаулардың ерекшелігін бойына сіңірген. Сондықтан жырау жырлары да негізінен ханға, батырларға, халыққа қаратылған үгіт-насихаттық мазмұн алып, арнау өлеңдерінің үлгісін аңдатады.
Ұлы Абай да өз тұсындағы қоғамның қайшылығын, қазақ сахарасының сүреңсіздігін, қазақтың мінін айыптауда арнау өлеңдерді өткір құрал ретінде пайдаланған. «Болыс болдым мінеки» («Күлембай болысқа арналған») атты əйгілі сатиралық арнау өлеңінде билік ұстағандарды халыққа жанашыр болуға үгіттесе, «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» сынды өзіне қарай бағытталып, арналып жазылған бірқатар өлеңдерінде өзі арқылы өзгеге өнеге көрсету, жаңалыққа жетелеу, өнер, ғылым үйренуге ынталандыру мақсаты көзделген.
Демек, арыдан бастау алған арнау өлеңдерінің үздіксіз өсіп-өркендеп, кемелдену үстінде келгендігін көруге болады. Сонымен бірге əр дəуірдің арнау өлеңі өз тұсының қоғамдық сипаттамасының айнымаған мазмұндық туындысы екендігін аңғарамыз.
Міне, осындай құнарлы топырақтан өсіп-өнген арнау өлеңдері XX ғасырдың алғашқы жартысындағы Қытай қазақ поэзиясының үлкен бір арнасы болғандығын ұлы Абайдан тікелей ақындық тəлім қабылдаған Шыңжаң қазақ əдебиетіндегі ұлы тұлғалар Ақыт, Əсет, Таңжарық, Көдек,Асылқан, Отарбай, тағы басқа ақындардың туындылары дəлелдей түседі. Бұл дəуірде шағын, қысқа өлеңдер шоғырындағы арнау жырлары қорының қомақты болуына қарамай, аса икемді бір поэзиялық жанр ретінде тұлғаланды. Бірақ осы арнау өлеңдері бүгінгі күннің талабы тұрғысынан қазірге дейінгі басылым көріп жатқан жоғары оқу орындарының оқулықтары мен қатысты еңбектерінде арнаулы, жүйелі түрде ауызға алынып, зерттелген жоқ.
Дегенмен осы дəуірдегі арнау өлеңдері өзінен бұрынғы дəуірлердегі тектес поэзияның сипатын дəстүрлі тұрғыдан танытумен бірге, өзіндік ерекшеліктерімен де көзге түседі. Ең алдымен, арнау жырларының жерлік, дəуірлік сипаты өте айшықты болып, əр туындының тарихи артқы көрінісін тануға зор мүмкіндік берді. Таңжарық өз заманының, өз қоғамының тудырып отырған қылмысын əшкерелеу үшін, ел билеген жергілікті мансаптыларды, бай-манаптарды, билік ұстаған билеушінің халыққа салған қиындығын ақын «Шың Шысай суретіне», «Сатылқанға», тағы басқаларға өлеңдерімен аша білді. Ал Əсеттің «арнау өлеңдері қазақтың атқа мінер би болыстарына, шен- шекпенді бай манаптарға, молда бақсыларға, сондай-ақ өнерпаздарға, адалдық үшін маңдай терін ағызған ел қалаулыларына қаратылып» [2; 54], өмірінің соңғы кездерінде өзі кездескен нақты оқиғаларға, істерге байланысты туындаған. Сол себепті бұл арнау өлеңдерінің өңірлік, дəуірлік болмыс келбеті едəуір айқын деуге əбден болады. Отарбай Дүйсенбіұлының «Ажыгуңге», «Арқалыққа» арнаған жырларының Алтай өңіріндегі нақты билік ұстағандар мен халық тұлғалары арасындағы қайшылықты халықтық тұрғыдан жырлаған көркем де өрелі арнау өлеңдері есептеледі. Өз дəуіріндегі халыққа ең керекті, айтпаса, көтермесе болмайтын маңызды тақырыптарды да ақындар өз ортасына, ыңғайына қарай арнау өлеңдерінде көрегендікпен, көркемдікпен жырлай білді. Ақыт, Əсет, Таңжарық, Көдек, Арғынбек, Шылбы, Отарбай, Асылқан, тағы басқа ақындардың жырларының, оның ішінде арнау өлеңдерінің басым көбінде, момын, ұйқыда жатқан елді жаңалыққа, өнер-білімге шақырған, отырықшыл мəдениет қалыптастыруға үндеген, неке теңдігін, бас бостандықты дəріптеген мазмұндар басым болды.
Арнау жырларының жанрлық табиғаты айшықты, көркемдік деңгейі биік болды. Бұл тұста туған жырлар нағыз дəуірге, қоғамдық өмірге байланысты болып, нақтылы объекттерге бағытталды, шешендік пен шеберлік те тығыз ұштасқан болды, сатираның да, дидактиканың да, лириканың да көркем сипатын танытты, сан жағынан да сапа жағынан да аса икемді бір поэзиялық жанр ретінде тұлғалана алды деуге болады.
Арнау жырларының тағы бір ерекшелігі олардың деректік, тəрбиелік құнымен байланысты. «Əдебиет адам баласына ой саларлық, көркем ғибрат берерлік мектеп болса, өз міндетін орындағаны» деп білсек [3; 98], əдебиеттің əрбір жанрына сондай міндет жүктеледі деген сөз. Ендеше, арнау жырлар белгілі бір объектіге ғана бағытталған болса да, өз заманы, өзі жасаған өңірлердегі бүкіл халықтың хал-күйін, қоғамдық, əлеуметтік жағдайдың сан алуан қатпарларын, топтар мен жіктердің ортасындағы қайшылық қақтығыстарды, жеке тұлғалардың болмыс-бітімін, жан дүниесін, олардың өмір сүрген ортасын т.б толып жатқан жайлардың бəрінен хабардар етті. Сонымен бірге бұл арнау өлеңдер өткірлігімен, тұжырымдылығымен, тартымдылығымен халық көңілінен орын алып, ел арасына тез тарап үлгерді. Сыртқы дүниеден, жаңалық атаулыдан құр алақан қалып, тау сағалап, өзен жағалап көшіп жүрген халықтың санасына сəуле төгіп, рухани дүниесіне сілкініс тудырды, рухани жақтан серпілтіп қана қойған жоқ, бұдан кейінгі өмірлерінде не істеу керек екендігін, қандай ортада өмір сүріп жатқандығын көз алдыларына жайып салды. Сол себепті бұл кездегі арнау жырларының тəрбиелік маңызы да аса жоғары болған деп қортындылауға болады.
Жалпы осы тұстағы Шыңжаң қазақ əдеби туындыларының ішіндегі дəуір ауқымына сай жарыққа шыққан төл туындылардың мазмұндық ыңғайына үңіліп көрсек, өз дəуірінің ащы шындықтары, халық тұрмысының алуан қырлары, экономикалық хал-күйі, мəдениет өресі, қоғамның қатпарлы мəселелері, табиғаттың, туған мекеннің сай-саласы, түрлі жіктегі адамдар бейнесі т.с.с толып жатқан тақырыптағы мəселелер сөз болды. Бұл дəуірдегі поэзияның тақырып аясы кеңейді, мазмұн-мəнері жаңаланды, бұрынғыдай мадақ-марапаттау азайып, сын, əшкерелеу көбейді. Сөйтіп, жасампаздық бағыты біртіндеп сыншыл реализм бағытына ауысты. Бұлай болуына сол кездегі елдің қоғамдық-əлеуметтік, саяси жағдайы жəне мəдени-əдеби тірлігіндегі өзгерістер мен жаңалықтар себепші болды. Сондықтан да зиялы қауым өкілдері, əсіресе халық жағында тұрған ақындар қауымы сол тұстағы кертартпа үкіметтің зұлымдығын əшкерелеп, жергілікті атқа мінерлердің кемшіліктерін, қатыгездіктерін танып, болашаққа үлкен үміт пен сеніммен қараған олар өздері танып жеткен шындықты жеріне жеткізіп, батыл айтуға, халыққа өткір тілді шығармалары арқылы үгіт-насихат айтуға бейім болды.
Əсіресе ақындардың арнау өлеңдерінің сатиралық бояуының қанық болуы да осы бір ауқымға байланысты деуге болады. Жалпы бұл тұстағы арнау өлеңдерінің жарыққа шығуына нақтылы орта, нақтылы адам, нақтылы кезең, нақтылы оқиға себеп болып отырғандықтан, шығармаларының реалистік сипаты да күшті болып келеді. Ақындардың дəстүрлі əдебиеттің ең ұтымды тұстарын пайдалануы, суырып салма ақындық таланты, табанда тауып айтатын айтқыштығы, шешендігі қатарлы қасиеттері негізінде арнау жырларының тууы да өте табиғи деуге болады. Демек, сол арнау поэзиясының ішінде сатиралық арнаулардың басым орында тұруы да тегін емес. Өйткені онда ақындардың махаббат-қарғысы мен алуан əлеуметтік ауқымды бейнелейтін мазмұндар қамтылған болып, халық санасын ояту мақсаты көзделген.
Сатира латын тілінен келген сөз болып, өзі суреттеп отырған оқиғаны, құбылысты немесе кейіпкерді өткір сынға алып, əжуаға айналдыратын көркемдік бейнелеу тəсілі деп білсек, қазіргі заман қазақ поэзиясындағы сатиралық арнаулардың ең үлкен ерекшелігі жеңіл, мағынасыз юморға қол артпай, ашты шенеу, жеріне жеткізе мінеу, терең əшкерелеу жағының басым болып келетіні осы анықтамаға сай келіп тұр. Бір бөлім арнау өлеңдерінде жеңіл əзілдік сипат, күлдіргілік бояуы күшті болғанымен, оның да астарында маңызы бар келемеждеу сипатының тұнып тұрғанын аңғарамыз. Демек, сатиралық арнау өлеңдері арналған объектінің кім, не болғанына қарай əртүрлі сипат алатынын айтуға болады.
Бірінші, сарказмдік, немесе шенеулік, сипатты арнау өлеңдер.
Таңжарық өз заманының, өз қоғамының тудырып отырған қылмысын əшкерелеу үшін ел билеген мансаптыларды, бай-манаптарды, билеушінің халыққа салған салығын сатиралық арнау өлеңдерінде тіл қанжарымен түйреп тастайды. Ақын «Шың Шысай суретіне» дейтін өлеңінде:
Отырсың қара залым түсің қашып,
Біз жүрміз айдауыңда асыпсасып.
Армансыз дүниеден өтер едім,
Қаныңды бір ұрттасам жалғыз қасық, — деп Шың Шысайдың залымдығын бетіне басып, аса өшпенділікпен, өңменінен өткізе айтса, «Билеушіге» деген өлеңінде:
Қарамай айналаңа көз жіберіп, Дүниеге жалғыз ғана туғандайсың. Бір ұртың у, бір ұртың қанға толып, Өтірік əділмін деп сумандайсың, — деп келетін жиырма алты тармақтан тұратын бір ұйқаспен түсетін өлеңінде аса бір үлкен шеберлікпен сол бір билеушінің қоғамдық топтағы қылмысын əшкерелеп, қатыгез, алдамшы заң саясаттарының төркінін ел алдына жайып салады. Мұндағы аталып отырған құзғын, құмай, қасқыр, сауысқан сол топтың, билеушінің белді мансаптыларының алуан характерін көз алдыңызға келтірсе, «шықылықтау», «сумаңдау», «қылмаңдау», «ыржаңдау», тағы басқа қимылдық суреттеулер арқылы олардың алуан түрлі айла тəсілдерінің, зұлымдықтарының шын кесапатын кестелі, образды тілмен келістіріп соққылайды. Мұндай сарказмдік тəсілмен айтылатын өткір сын, «Сығай зəңгіге», «Мақсұтқа», «Уголинге», «Лауға бару» «Оу, жақсылар», тағы басқа қатарлы өлеңдерінен де айқын көрінеді.
Ақыттың өмірі əділетсіздікпен, жауыздықпен күресіп өткен өмірі, халықты білімдендіру, мəдениетке жетелеу жолында жүрек қаны сарқылғанша ізденіп, еңбектенген өмір болғандықтан, бір бөлім арнау өлеңдері үлкен жақтан насихаттық сипат алғанымен, ащы сатираға, жеткізе шенеуге бейім жыр шумақтары да кездеседі. «Билерге» деген өлеңінде:
Əділдік жоқ арсыз би, Ақыреттен қамсыз би. Əрбіреуге жалтаққой, Айтқан сөзі нəрсіз би. Ісі қайдан жөн болсын, Елді қалай меңгерсін. Табансыз тайғақ жаман би, Ойсыз, мисыз сабан би. Оқу да жоқ, тоқу жоқ, Шариғатқа шабан би.
Ескі заңмен гүмпілдер, Қарсы шауып қабан би, — деп келетін жыр жолдарында елге еңбек етіп, əділ билік айтудың орнына, өз құқығын пайдаланып, арсыздықпен, зұлымдықпен, түрлі айламен елді қан қақсатып, сүліктей сорып, обалды ететін билерді шетінен сипатына қарай тізе отырып, қылмысын əшкерелейді.
Көдек шығармаларының бір биігі болған «Кең текесін» мазмұн аясы кең, тілі мірдің оғындай, көрегендікпен, келешек туралы болжам айтқан əдемі сатиралық арнау өлең деуге болады. Оны «толғау» ретінде талдау жасаушылар бар. Ал өлеңнің өн бойындағы «Парақор алты ақалақшы» туралы айтқанда, солардың қолында есеңгіреп күй кешкен қарапайым халықтың ашындырған күйін шертсе, Гоминдаң билеушілері Яң Зыңшың, Бу Дутың, Шың Шысайлар туралы айтқанда «Алпыс түрлі айласы бар» түлкі тектес сипатын масқаралайды. Жалпы «Кең Текес» деп аталған бұл өлеңде «соншама кең, соншама көркем Текес табиғатының орнында адам сезімін сергітерліктей бірде-бір көрініс жоқ. Қайта оның орнында соншама сүркей, соншама тымырсық өмір бейнесі, қанау мен қаналудың шын бояуы ащы суреттері жатқанын» көруге болады [4; 101].
Есімін бүкіл қазақ білген əйгілі əнші, сазгер, айтыскер ақын ретінде Əсет ақын талай той мерекелер мен əйгілі астардың төрінде өнер көрсеткен, халықтың құрметіне бөленген өнер иесі болғандықтан, оның мадақ түріндегі арнау жырларының болуы табиғи. Алайда ақын халықтың ақыны əрі көрген-білгені, ойына түйгені көп тұлға болғаны себепті, халық жағында тұрып, атқа мінерлердің, бай-болыстардың мінін бетің-жүзің демей шықпыртып отырып бетіне баса білді. Атап айтсақ, «Құрман қажыға», «Алашқа», «Сейіт ешенге», «Болыстарға», «Жабықпай мен Мешпетке», тағы басқа өлеңдері елге танымал жеке тұлғаларға арналған сатиралық сипаты бар арнау өлеңдер болып табылады.
Отарбай Дүйсенбіұлының «Ажыгуңге», «Жəке биге сəлем де» қатарлы арнау өлеңдері өткір сатиралық арнау жырларының тартымды үлгісі. «Əсіресе ақын сол Ажыгуңмен сөйлескен кездерден бастап, Ажының Арқалықтай ел қорғанын отқа итерген жайын көргеннен бастап, ол мынау шындық пен жала жайында, халық пен өктемдік жайында, теңсіздік пен теңдік жайында түсініп жетіп» санасында үлкен сілікіністің туылуы ақынның арнау өлеңдерінің сатиралық бояуын күшейткен деуге болады [5; 12].
Рабат басқалардан шешенақсың, Серкедей қой бастаған көсемақсың, Бар малын бес жүз үйдің жиып алдың, Көз жасы, мұрын боғы кеселі атсын ... деп «Рабатқа» төнген қыршынынан қиылған жас ақын Асылқан Мыңжасарұлының артында қалған санаулы арнау жырларының ішінде де осындай сарказмдік жақсы жыр жолдары кездеседі.
Ақындардың бұл тұстағы сатиралық арнау өлеңдерінің бір тобы ирониялық, эпиграммалық сипат алады. Өлеңдердің мазмұнында, əсіресе өздері жасаған ортада өмір сүрген жекелердің басындағы белгілі міндерін ашып беруді, сол арқылы оғаштарын түзетуді мақсат еткен деуге болады. Сондықтан бұл топтағы сатиралық арнау өлеңдер оқырмандарды күлдіру үшін емес, белгілі жақтардан тəрбие беру үшін жазылып немесе айтылып жатқанын аңғарамыз.
Мысалы, Таңжарықтың «Қарынбайға» («Қарынбайда жер үйге ұста болды») жақыны болса да жанына батырып, Қарынбайдың қыс қамына ерте кіріспей, уақытын өткізіп барып жер үй қазған тірлігін əзілге сүйеп сынайды. «Қыс келмесе, аюдың апанындай қазар еді» деп оның еңбекке қыры жоқтығын, жалқау кейпін ашып, оқырманын ойландырады. «Омармысың» деген арнау өлеңінде өзіне таныс кедей жігіттің сəлемін алған соң, сондағы айтқаны:
Уағалайкумассалам, Омармысың,
Осы үйге сауыншы болғанбысың? Шілденің ыстығында шалбар киіп, Қарашы бейшараның обалдысын. Бүйткенше өзіңше еңбек етпеймісің, Талаптансаң, мақсатқа жетпеймісің. Бір серпілмей осылай кете берсең, Бір өмір езілумен өтпеймісің, — дейтін бұл өлеңінде сəлемді əзілдей алып, жай ғана қызық үшін айтып отырған жоқ, анау бір алпамсадай атпал азаматтың біреудің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген күлді көмеш, сүреңсіз кейіпіне сын айтып, бұл тірлігінің ер азаматқа сай тірлік еместігін, «шілденің ыстығында шалбар киіп» мəдениеттен жұрдай болған қалпын сынайды. Ендеше, бұл өлең солтұстағы қаншалаған жалшы, жарлы жақпайлардың санасына сəуле түсіріп, жаңа мəдениетке, жаңа тірлікке бейімделуіне түрткі болғаны шындық.
Бұдан басқа, «Медресе діңгегіне жазылған өлең», «Мышан мампаңға хат», «Далдаға», «Əбденбайға», «Тоғыз шалға», «Мұқанға», тағы басқа өлеңдері түгелдей ақынның жақын адамдарына, құрбы-құрдастарына, жолдасына, сол қоғамдағы өзіне таныс оқиғалараға арналып, мақсатты туған жырлар болғандықтан, ақынның осы зілсіз əзіл арнау өлеңдерін келешекке дейтін сенімін оятып, қисығын түзетіп, асауын жуасытып, өмірге ойлы көзбен қарауға жетелеген жырлар деген жөн.
Əсеттің айналасындағы адамдардың мінезіне, іс-əрекетіне, тірлігіне сын көзбен қарап, əркімнің өз бойындағы олқылықтарын түзетуге шақыратын зілсіз сатиралық арнау өлеңдері бар. «Таңғытқа» дейтін арнау өлеңінде:
Тəкеңді жұрт сайлаған басшылыққа,
Алты жұмық ереді атшылыққа.
Қойы мың, жылқысы жүз, кемел дəулет, Жалғыз-ақ ақыл-ойы тапшылықта, — деп ақын қарсы алдындағы объектісінің атын атап, түсін түстеп, оның «малға бай, ақылға кедей» бейнесін келеке етіп, жұртқа жария етсе, «Бір қызға» деген өлеңінде:
Қылаңдап қырық құбылып тұрғанда қыз, Артына қолаң шашын бұрғанда қыз. Əкеңнің емін еркін оң жағында, Бізіндей етікшінің жылмаңда, қыз. Əр елден мен сендейді көп көргенмін, Көтеріп өзіңді өзің бұлданба, қыз. Қалжың айтса, кекектеп жаратпайсың, Атадан сенен басқа туған ба, қыз, — деп, ақын өзінің көп көрген көрегендігі негізінде, қыз баланың өзіне лайық тəрбиелі болу керектігін ескертіп, мінездегі кемістігін бетіне басады. Жалпы, ақынның бұдан басқа, «Қонжа Ілгідайға», «Молдаға», тағы басқа бірталай сатиралық шығармаларында бұндай ерекшеліктер өте көп кездеседі.
Көдек Маралбайұлының да қалжың сипатын алатын «Ажар жеңгем», «Сембайға», «Алты адамға», «Жамалға», «Сəйдуге», «Қайнарбайға», «Молдырахманға», «Əміреге», тағы басқа көптеген эпиграммалық, ирониялық өлеңдері бар. Бұл шығармалар қарапайым ауыл адамдарынан тартып, атқа мінер ел билеушілеріне дейін қамтып, əрбірінің жеке басындағы міндерін, ізгілікке жат, оғаш қылық- əрекеттерін сықақ етеді. «Ажар жеңгем» деген арнау өлеңі салпы етек, салақтау жеңгесінің қыйылып айтқан талабына сай нақ майданда жарыққа шыққан туынды.
Ажар жеңгем өзі аппақ, Қарамайды балаға. Кір қожалақ бет аузы, Үсті-басы сары-ала. Жыртылғанға жібі жоқ, Түйме үзілсе, қадама. Қурайды ат қып Ақай жүр, Үйде де ойнап, далада. Көңілі шат қуаныш, Жабысқан кір жағаға ...
деп, жалғастырады, ыдыс-аяғын да таза жумайтын, үй жұмысына жоқ болғанымен, «əңгімесі мен күлкісі бітпейтін» бір ғана жеңгесіне айтқан қатаң сыны, ащы əзілі болғанымен, мұндай өлеңдер өз тұсында ел арасына таралып, көптеген отбасының құтын кетіретін əйелдер үшін жаман əдеттен сақтандыратын тəрбиелік маңызы зор болғаны анық. Жалпы қай дəуірде де болсын осындай түр əйелдерге, қыздарға үлкен ескерту де бере алатын, шағында болса, шарапаты бар құнды өлең деуге болады. Ақынның барлық əзілдік өлеңдерінде де мұндай ерекшеліктер менмұндалап тұрады.
Демек, бұл дəуірдегі ақындар сатиралы арнау өлеңдерінің қайсы бірінде болсын, мейлі өткір тілмен жеріне жете шенесін, мейлі астарлы əзілмен мысқылдасын, мейлі өз кейіпкерінің нашар мінезін жұртқа бетің-жүзің демей жайып салсын, қатаң əшкерелесін, жалпы жақтан халықтық рух, адамгершілік қасиеті, ізгі тірлікті, жағымды мінездемені дəріптеген ой пікірлерін алға тартып отырады. Егер əдеби шығарма «өзінің сиқырлы күші арқылы адамдар жүрегінен біртіндеп жол табады, олардың көңіліне мысқалдап енеді, сол арқылы олардың мінез-құлқына, күллі тұрмысынаəсер етеді» делінсе [6; 22], сатиралық арнау өлеңдері бұл жағында ең көрнекті тəрбиелік өнімге ие деп тұжырымдауға əбден болады.
Əдебиеттер тізімі
- Бопайұлы Б. Сөз саралау өнері / Б. Бопайұлы. — Шыңжаң: Жастар-өрендер баспасы, 2007. — 173 б.
- Смайылова Н. Сахара бұлбұлы, жырдың дүлдүлі / Н. Смайылова. — Шыңжаң: Жастар-өрендер баспасы, 2008. — 213 б.
- Қирабаев С. Кеңес дəуіріндегі қазақ əдебиеті / С. Қирабаев. — Алматы: Білім баспасы, 2003. — 198 б.
- Көдек шығармалары. — Шыңжаң: Халық баспасы, 2005. — 213 б.
- Отарбай жырау. — Шыңжаң: Халық баспасы, 2004. — 140 б.
- Əбілқақұлы М. Толғаныс / М. Əбілқақұлы. — Бейжің: Ұлттар баспасы, 2010. — 221 б.