Қазақстан экономикасының индустриялық-инновациялық дамуын талдай отырып, 1990-шы жылдардың екінші жартысында Қазақстанда экономиканың құлдырауы тоқтағанын, ал 2000 жылдан бастап белсенді өсу фазасы басталғанын айта кету қажет. Экономиканың жылдам қарқынмен өсуінің негізі елдің экспортында басты бағытты иеленетін шикізат секторы болды (әсіресе, мұнай, қара және түсті металл өнімдері).
КСРО-ның таралуымен Қазақстан шикізат кенорындарын, атап айтқанда инвесторларға тартымды жағдайларда мұнайды игеру үшін шетелдік капиталды тарта бастады, бұл 1990-шы жылдардың соңында өзінің нәтижелерін берді. Осымен қатар елде ұлттық инновациялық жүйені қайта құру мақсатында ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті басқару мен ұйымдастыруда жеткілікті дәрежеде түбегейлі реформалар болып жатты. Бұл реформалардың барлығы үнемі ойдағыдай іске асырылды деп айтуға болмайды, қазіргі уақытта елді индустриялық-инновациялық дамытудың оңтайлы үлгісін іздестіру үдерісі жалғасуда, бұл белгілі бір дәрежеде стратегиялық мақсатты – әлемнің 50 едәуір бәсекеге қабілетті елінің қатарына кірумен байланысты.
Ұлттық экономиканың ашық сипаты, жаһандану үдерістерінің жылдамдауы, Қазақстанның әлемнің дамыған елдеріне қатысты экономикалық өсудің озық қарқынымен тұрақты даму жолына түсу мақсаты ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігіне және сәйкесінше, оның айқындаушы факторы болып табылатын Қазақстанның өнеркәсіп кешеніне қойылатын талаптарды қалыптастырады.
Жалпы қабылданған көзқарасқа сәйкес экономиканың бәсекеге қабілеттілігі орташа мерзімді болашақта экономикалық даму қарқынын сақтайтын институционалдық және экономикалық іс-шаралардың кешені ретінде анықталады.
Женева менеджмент мектебі (IMD) [1] есептейтін жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингі бойынша 2012 ж. Қазақстан өткен кезеңмен салыстырғанда 4 позицияға көтеріліп, 32-ші орында (1-сурет). Посткеңестік кеңістіктегі елдердің арасында Эстония – 31 орында, Литва – 36 орында, Ресей – 48 орында, Украина – 56 орында.
Елдің бәсекеге қабілеттілігі жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің өсуінің жалпы индексімен Global Competitiveness Index (GCI), экономикасы ашық елдер үшін көп факторлы үлгінің көмегімен есептелетін ықпалдасқан көрсеткішпен өлшенеді және әрқайсысы бойынша жыл сайын Дүниежүзілік экономикалық форум (Давос) елдердің рейтингін белгілейді. 2013 ж. әлемнің 148 елі үшін жасалған GCI бойынша соң- ғы рейтингке сәйкес Қазақстан Ресейді басып озып (64-ші), 50-ші орынды иеленеді (Қосымша Г қараңыз).
Жаһандық бәсекеге қабілеттілік туралы есептер авторларының пікірі бойынша (the Global Competitiveness Report), елдің экономикалық өсуі халықаралық саудадағы оның ашықтығымен, мемлекеттік саясаттың сапасымен, қаржы жүйесінің тиімділігімен, мобильділігімен, қоғамдық институттардың сапасымен едәуір тығыз байланысты. Жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің басты кешенді факторлары болып: 1) институттар; 2) инфрақұрылым; 3) макроэкономикалық орта; 4) денсаулық сақтау және бастапқы білім беру; 5) жоғары білім мен оқыту; 6) тауар нарықтарының тиімділігі; 7) еңбек нарығының тиімділігі; 8) қаржы нарықтарының дамуы; 9) технологиялық даярлық; 10) нарықтың мөлшері; бизнестің тиімділігі танылады.
2012 ж. Қазақстан дамудың 2-ші сатысынан (тиімді даму сатысы) дамудың 3-ші сатысына (инновациялық даму сатысы) өткен, экономикасы бар ел ретінде рейтингке алғаш рет қатысқанын айта кету қажет. Барлық өткен жылдарда Қазақстанды 1-ші сатыдан (факторлық даму сатысы) 2-ші сатыға өтпелі экономикалы елдер тобына жатқызып келген. Елдің даму сатысын Дүниежүзілік экономикалық форум екі өлшемнің негізінде: адам басына шаққандағы ЖІӨ және табиғи ресурстар экспортының үлесі негізінде анықтайды.
2013 ж. Қазақстан позициясының жақсаруы бәсекеге қабілеттіліктің барлық дерлік факторлары бойынша байқалды. Ең маңызды жетістік инновациялық әлеует факторы бойынша белгіленді (84; +19), ол бойынша Қазақстан өзінің рейтингін 19 позицияға жақсартты. Сондай-ақ, бәсекеге қабілеттіліктің өсуінің күшті қозғаушы күші тауарлар мен қызметтер нарығының тиімділігін жақсарту (56; +15) және қаржы нарығының дамуы (103; +12) болды (1-кесте).
1-кестенің графикалық көрінісі төмендегі жапырақшалы диаграммада берілген (2-суретті қараңыз).
Дүниежүзілік экономикалық форум егер олар 50 орын бойынша рейтингте 1-ші орынды иеленетін болса факторларды бәсекелестікті артықшылықтар ретінде айқындаған. Мысалы, 111 индикатордан Қазақстан 27 индикатор бойынша бәсекелестікті артықшылықтарға ие (2-кесте).
GCI 111 индикаторынан 82 индикатор бойынша жақсару, 21 индикатор бойынша төмендеу байқалады, 6 индикатор бойынша өзгеріс жоқ.
Қазақстанда бизнесті жүргізу үшін едәуір қиындық тудыратын факторлар деп сұрақ қойылғандар, сыбайлас жемқорлықты (18,9%), қызметкерлер біліктілігінің төмен болуын (13,3%), тиімсіз мемлекеттік бюрократияны (8,8%) және қаржыландыруға қол жеткізуді (8,5%) белгіледі (3-сурет).
Ел экономикасының, атап айтқанда өнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін қазіргі заман талабында арттыру және қысқа тарихи кезеңнің ішінде (30 жылға дейін) әлемнің экономикалық және технологиялық жағынан дамыған елдерінің қатарына кіре алған елдердің (Израиль, Ирландия, Оңтүстік Корея, Финляндия және т.б.), олардың экономикасын дамытудың инновациялық үлгісін бекітумен байланысты.
Әлемнің экономикалық және технологиялық жағынан дамыған елдеріндегі, сондай-ақ экономикалық өзгерістер жақсы жағына қарай өсуші елдердегі экономикалық өсудің басымдықты доктринасына айналған экономиканы дамытудың инновациялық үлгісінің мәні инновациялық үдерістер арқылы шаруашылық айналымға алдыңғы қатарлы технологиялар, ғылыми-техникалық әзірлемелер мен басқа да ғылыми-техникалық саланың зияткерлік меншік құқығының басқа да объектілері секілді ой еңбегінің өнімдерін кеңінен енгізу, сондай-ақ оларды коммерцияландыру немесе әлеуметтік-экономикалық әсер алу мақсатында тиімді ұйымдастырушылық-басқарушылық шешімдер енгізу болып табылады. Экономиканы дамытудың инновациялық үлгісін бекітудің дәлелі оның барлық салаларына инновациялық үдерістерді тарату болып келеді.
References
- Overall ranking and competitiveness factors. IMD World Competitiveness, 2013 // http://www.imd.org/uupload/imd.website/wcc/Overall_ranking_5_years.pdf
- The global Competitiveness Report 2013 – 2014 // http://www3.weforum.org/docs/WEF_GlobalCompetitivenessReport_2013-14.pdf--