Кіріспе
Жастардың кәсіби потенциалы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етуші негізгі факторлардың бірі болып табылады. Жоғары кәсіби потенциал негізінде мемлекеттің даму деңгейін айтарлықтай көтеруге болады. Сондықтан әрбір мемлекет өз елінде кәсіби мамандардың болуына және оларды қалыптастыруға мүдделі. Қоғамның барлық саласы кәсіби мамандарды қажет етеді. Әсіресе, инновациялық технология дамыған ХХI ғасырдың жастардан күтер талабы да өте жоғары. Күннен-күнге техника жылдам дамып, кез келген кәсіби маман иесі өз мамандығы бойынша біліктілікпен қатар, кәсіби маман болу үшін жаңа технологиялық өзгерістерді игеруге мәжбүрлі болып отыр. Бұдан ұғатынымыз жастардың кәсіби потенциалының қалыптасуы үздіксіз жетілдіруді, дамуды қажет етеді.
Негізгі бөлім
Жастар дегеніміз – қоғамға сіңу мен тұлға болып қалыптасуға қажетті білім, дағды, икемділік, адамгершіліктік принциптер мен ережелерді игеру негізінде жетілу кезеңінен өтетін әлеуметтік-демографиялық топ болып табылады. Бұл топтың жас мөлшеріне келетін болсақ, әрбір елде жастарға берілетін жас аралығы әртүрлі қарастырылған. Өйткені, жастар қоғам дамуының сипатына тәуелді нақты-тарихи құбылыс болғандықтан, жастарға қатысты қатып қалған жас аралығын айта алмаймыз. Дегенмен БҰҰ жастар деп 13 – 30 жас аралығын бекітеді. Әрбір мемлекет осы жас аралықтары бойынша өз еліндегі жастар тобына қатысты жас мөлшерін анықтаған. Соның ішінде Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатында жастар деп он төрт пен жиырма тоғыз жас аралығындағы әлеуметтік-демографиялық топты көрсеткен [1].
Әрбір жастың қоғамда атқарар өз қызметтері мен өзіне тән ерекшеліктері бар. Сол сияқты жастар тобының да бұл қоғамдағы негізгі ерекшеліктері мыналар болып табылады:
- жастар әлеуметтік қауымдастық және ерекше мәдени жүйешік ретінде түсіндіріледі (жастар субмәдениет және т.б.);
- жастар бәріне тән ортақ өмірлік жағдайларға және қоғамның әсер етуімен байланысты мінез-құлық пен сана ерекшеліктеріне ие;
- жастар арасында да дифференциацияның болуы [2, 145 б.].
Сондай-ақ, әрбір ғалым жастар ұғымы- на әртүрлі анықтама береді. Әлеуметтанушы И.С. Конның айтуынша, жастар деп әлеуметтік жағдай ерекшелігіне және басқа да әлеуметтік-психологиялық қасиеттерімен ерекшеленетін әлеуметтік-демографиялық топты атаймыз. [3, 375 б.]. Ал В.Т. Лисовскийдің анықтамасы бойынша, жастарды нақты тарихи жағдайларға байланысты 13 – 16 жастан бастап 29-30 жасқа дейінгі жас аралықтарындағы белгілі әлеуметтік рөлдерді меңгеретін және орындайтын кәсіби, мәдени және т.б. әлеуметтік қызметтерді өзіне сіңіретін, әлеуметтену кезеңінен өтетін жас буыны ретінде анықтайды [4, 35 б.].
Жалпы жастардың әлеуметтік мәртебесі келесідей факторлармен анықталады:
- жастар – бұл қоғамның бөлігі (әлеуметтік табы және қабаты), оның дамуының жемісі және оның өндіруші құралы;
- жастар әлеуметтік-демографиялық топ ретінде шешім қабылдау барысында толықтай құқыққа ие емес тәуелділікте болуы;
- жастардың негізгі міндеттері өздерін кәсіби, отбасылық, моральдық-адамгершіліктік тұрғыда анықтау болып табылады [5, 109 б.].
Сонымен жастардың нарықтық экономикада өздерін кәсіби анықтауы, өзін-өзі еңбек саласында жүзеге асыруы біршама қиындықтарды тудырады. Нарықтық экономиканың басты ерекшелігі бәсекелестік болғандықтан, жастардың өз саласы бойынша бәсекеге лайықты, кәсіби потенциалының жоғары болуы өте маңызды. Жастардың потенциалына байланысты және оларды жүзеге асыруына байланысты олардың қоғамдағы орнын анықтауға болады.
Осы жерде «потенциал» терминіне келетін болсақ, бұл ұғым әр контекстте әр түрлі түсіндіріледі. Мысалы, кеңестік энциклопедиялық сөздік бойынша «потенциал» (лат. potentia – күш)
«жасырын мүмкіндіктер, күш, қуат» деген мағынаны білдіріп, қандай да бір шешімді қабылдау, жоспарларды жүзеге асыру, белгілі бір мақсаттарға жету үшін қолында бар немесе қажет кезінде қолдана алатын мүмкіндіктердің, құралдардың, қорлардың қайнар көзі; жеке адамның, қоғамның, мемлекеттің мүмкіндіктері» ретінде қарастырылады [6, 1058 б.]. Ағылшын тіліндегі сөздіктер бойынша «потенциал» ұғымына «қуат, күш» деген аударма беріледі [7, 586 б.]. Ал
С.И. Ожеговтың орыс тілі сөздігінде «потенциал» қандай да бір қарым-қатынастағы күштің деңгейі, бір нәрсеге қажетті құралдардың жиынтығы деп түсіндіріледі» [8, 561 б.].
Сонымен қатар әрбір адамның бойында ісәрекеттің қандай да бір түріне потенциалының бар екенін айтуға болады. Өмір барысында адам алдына мақсат қойып, оны жүзеге асырады. Дәстүрлі түсінік бойынша потенциал дегеніміз тұлғаның шешім қабылдау, іс-әрекеттерді жүзеге асыру және тұлға болып қалыптасу мүмкіндігін білдіреді. Потенциалды зерттеу бойынша М. Вебер, Н. Макиавелли, З. Фрейд, Л.С. Выготский, Н.Г. Чернышевский, М.В. Виноградов және т.б. айналысқан. Ал психологиялық тұрғыда потенциал деп өзін рухани дамыту және өмірлік қиындықтарды жеңе білу қабілетін қарастырады. Потенциал индивидтің өзін-өзі жетілдіруге ұмтылуына байланысты кейбір жағдайларда толықтай немесе жартылай пайдаланылуы мүмкін. Бәріміздің өміріміз түрлі кедергілерден, қиындықтар мен сынақтардан тұрады. Өз қорқынышымызбен күресіп, кедергілерді жеңу біздің потенциалымызды ашады. Философиялық тұрғыда, потенциал – бұл адам ішіндегі энергия. Бірақ адам өз потенциалын толықтай пайдаланбайды, тіпті пайдаланған болса, оны елестету мүмкін де емес.
Әлеуметтану ғылымы потенциалды белгілі мақсаттарға жетуге ықпал ететін рухани және материалдық мүмкіндіктердің жиынтығы ретінде қарастырады. Потенциал – бұл қандай да бір мақсатқа жету, шешім қабылдау үшін қолданылатын адамның ішкі қайнар көзі, рухани қоры.
Адам өзінің ішінде қандай таланттың жасырынып жатқанын білмейді. Біздің ойымызша, ішкі потенциалды ашу үшін алға мақсат қойып, соған жету үшін ұмтылуы тиіс. Бойындағы еріншектікті жеңіп, жетістіктерге жетуге тырысу керек.
Тіпті «потенциал» термині ерте грек философтарының ойларында да кездеседі. Аристотель өзінің бір ғылыми еңбегінде «потенциал» ұғымына тікелей адамның белсендігімен жүзеге асатын ішкі күш ретінде анықтама береді.
Тұлғаның потенциал құрылымын қарастыра отырып, В.В. Соколов оның мынандай элементтерін көрсетеді:
- кәсіби потенциал (адамның кәсібилігін сипаттайтын білім дағдылар);
- жұмыс істеу потенциалы (индивидтің өндірістік-еңбектік іс-әрекеттерге қабілеті);
- білім потенциалы (индивидтің интеллектуалдық қабілеті);
- шығармашылық потенциал (индивидтің шығармашылық өзін-өзі жүзеге асыру қабілеті);
- – рухани потенциал (адамгершіліктік қасиеттер).
Сондай-ақ М.А. Нугаев әлеуметтік потенциалдың субпотенциалын анықтап көрсетеді:
- Инновациялық-шығармашылық – танымдық іс-әрекетті және мәселелі міндеттерді шығармашылық шешу қабілеті, индивидтің ұмтылысы және тапқырлығы.
- Кәсіби-біліктілік – еңбектік іс-әрекет жағдайында қолданылатын икемділік пен дағдылардың жиынтығы.
- Рухани-адамгершіліктік – индивидтің қоғамда ұстанатын адамгершіліктік ережелері мен принциптерінің жиынтығы.
- Интеллектуалды– адамның қоғамдағы кәсібилік және біліктілік деңгейін анықтайтын индивидтің интеллект деңгейі, оның білім тереңдігі, шығармашылық қабілеті.
- Психосоматикалық – бұл индивидтің өмірлік қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында жүзеге асырылатын рухани және физикалық мүмкіндіктер [ 9, 1340-1341бб. ].
Осылардың ішіндегі кәсіби потенциал жастардың тұлға болып қалыптасуында алар орны ерекше. «Кәсіби потенциал» категориясын тәжірибелік сияқты, теориялық тұрғыдан да зерттеу өте маңызды.
«Кәсіби потенциалды» қалыптастыру мәселесін зерттеудің теориялық-әдіснамалық негіздері толықтай зерттелмеген. Кәсіби потенциалдың қалыптасуының негізгі аспектілері шетелдік, ресейлік және отандық ғылымда біршама зерттелген. Тақырып бойынша зерттеулерді мынандай құрылым бойынша бөліп көрсетуге болады:
- кәсіби потенциалдың дамуының жалпыфилософиялық және әдістемелік аспектілерін зерттеушілер (Б.Г. Ананьев, В.А. Ганзен, Ю.М. Забродин, В.И. Жуков, Л.И. Иванько);
- кәсіби потенциалдың дамуының жалпыәлеуметтік амалдары (В.С. Боровик, В.И. Верховин, A.Б. Здравомыслов, В.А. Мансуров, Г.В. Осипов, В.Г. Подмарков, М.Н. Руткевич, Ж.Т. Тощенко, А.К. Уледов, В.А. Ядов );
- кәсіби потенциалдың дамуының психологиялық аспектілері бойынша (Е.С. Креславский, С.И. Макшанов, Л.А. Петровская, Е.В. Сидоренко);
- кәсіби потенциалдың қалыптасуының қазіргі еңбек нарығындағы ерекшелігі және қажеттілігі бойынша (В.В. Гордеев, Е.Е. Ермакова, Ю.В. Лясникова, О.А. Колесникова, К.Г. Кязимов, А.Л. Маршак, П.Н. Новиков, Г.И. Осадчая, B.А. Похвощев, Ф .Т. Прокопов, Д.Г. Щипанова);
- шетелдік қайнар көздер бойынша (Э. Дюркгейм, К. Леан, Лавье, А. Маслоу, Д.Маркович, П. Сорокин, Р. Штольберг, Д. Фельдман, М. Форверг).
Ресейлік зерттеуші Пуртова И.А. қазіргі жастардың кәсіби потенциалының қалыптасуына байланысты біршама зерттеулер жүргізген. Оның «Қазіргі жастардың кәсіби потенциалы туралы мәселе жайында» деген мақаласында осы мәселеге қатысты бірқатар ғалымдардың берген анықтамалары келтірілген. Сол анықтамаларға тоқталар болсақ, менеджментке сәйкес, А.А. Деркач, Ю.В. Синягиннің пікірінше, кәсіби потенциал ресурс тұрғысында «кәсіби жетістіктерде орын алатын оның ішкі ресурстарының жаңартылып тұратын өзін-өзі басқарушы жүйесі» ретінде қарастырады. Кәсіби потенциалдың ең басты міндеті оның жүйелілігі».
Ал Б.Б. Таташовтың ойынша, «тұлғаның кәсіби потенциалы деп адамның тұлғалық дамуының түрлі мүмкіндік векторларын қамтамасыз ететін адамның ерекше ұйымдасқан ішкі жаңартылушы ресурстарының, сондай-ақ кәсіби іс-әрекетте тұлғаның әлеуметтік-маңызды жетістіктеріне ықпал етуші индивидуалды жүйесі».
В.Н. Марков тар мағынада, тұлғаның кәсіби потенциалы деп өз мамандығы шеңберінде тұлғаның жетілуін айтса, ал кең мағынада кәсіби ісәрекет саласы ерекше нақты белгіленген потенциалды қарастырады .
Психология ғылымы бойынша, «кәсіби потенциал – кәсіби іс-әрекетті меңгеру және оны жетілдіру үшін қажетті мүмкіндіктер мен қабілеттердің жиынтығы» .
Педагогикалық тұрғыда Ф.Д. Рассказов, Т.О. Катербарг былай деп анықтама береді: «Педагогтың кәсіби потенциалы – бұл кәсіби таңдау жағдайында саналы кәсіби іс-әрекет түрінде орын алатын адамның ішкі тұлғалық ресурстарының (психофизиологиялық ерекшелігі, қажеттіліктері, қабілеттері, құндылықтық бағыт-бағдарлары, ұстанымдары, жеке тұлғалық сапасы, білімі, дағдылары және т.б.) жиынтығын біріктіретін күрделі динамикалық тұлғалық білім».
Әлеуметтану ғылымы шеңберінде В.В Гаврилюк, В.В. Майер, В.В. Масленков, Н.И. Скок, Д.Ю. Трушников, Ш.Ф. Фарахутдинов «кәсіби потенциал деп адамдық потенциалдың еңбектік қарым-қатынас саласында өзін-өзі көрсетуі» деп анықтама береді.
Киселева Л. С. адам потенциалының негізгі теорияларын қарастыра келе, «кәсіби-біліктілік потенциал дегеніміз – адамның кәсіби міндеттерін атқару үшін қажетті адамның жан-жақты қабілеті деген пікірге тоқтайды» [10].ъ
Қорытынды
Жастардың өмірінде біліми және еңбектік потенциал жоғарғы маңыздылыққа ие, өйткені білім мен еңбек іс-әрекеті жастардың негізгі өзін-өзі жүзеге асырушы құралдары болып табылады. Осының негізінде жастардың еңбек- тік потенциалын қалыптастыру төмендегідей мәселелерді кепілдендіретін кәсіби білім беру жүйесіне келіп тіреледі:
- сапалы кәсіби дайындық;
- таңдалып алынған мамандық бойынша кәсіби дағдыларды игеру;
- кәсіби дайындық мекемелерінің аумақтық қолжетімділігі;
- жастардың мінез-құлықтарын бақылау негізінде білім алушылардың туыстарымен және басқа да ұйымдармен өзара байланыс орнату;
- білім алушылардың қосымша кәсіби дағдылар мен білім алуын ұйымдастыру;
- білім алушылардың еңбектік потенциалын анықтаудың индивидуалды амалы;
- еңбектік мотивацияны және азаматтық ұстанымды қалыптастыру;
- беделді жұмыс берушілермен өзара әрекеттестік;
- бастапқы еңбек оқуларын және практика өту үшін қажетті оқу-өндірістік комбинат желілерін құрастыру;
- білім алушыларды жергілікті өндіріс орындары мен ұйымдардың іс-әрекеттерімен таныстыру;
Жастардың еңбек потенциалын жүзеге асыру келесідей міндеттерді шешуді қарастырады:
- жастардың жұмысбастылық мәселелерін заңдық реттестіруді қамтамасыз ету;
- жастардың еңбектік іс-әрекет жағдайына бақылау жүргізу;
- бұл әлеуметтік-демографиялық топтар үшін жұмыс орындарын құрастыру;
- жастардың еңбек потенциалын әрі қарай дамыту үшін жағдай жасау [17, 243-245 бб. ].
Көріп отырғанымыздай, жастардың кәсіби потенциалын зерттеу барлық ел ғалымдары үшін өзекті мәселе. Еліміздегі жастардың кәсіби потенциал деңгейін зерттеудің де маңыздылығы өте жоғары. Бәсекеге негізделген нарықтық экономика кәсіби потенциалы жоғары мамандарды дайындауды талап етеді. Бұл мәселені тек теориялық-әдіснамалық тұрғыда ғана зерттеп қою нәтижені жоғарылату үшін жеткіліксіз болып табылады. Мәселенің мән-жайын тәжірибелік сипатта зерттеу, негізгі кедергілерді анықтау бұл сұрақты нақтырақ шешудің көзі болмақ.
Әдебиеттер
- Закон Республики Казахстан от 9 февраля 2015 года № 285-V «О государственной молодежной политике». Электронный ресурс: http://online.zakon.kz/Document/?doc_id=31661446
- Ковалева А.И., Луков В.А. Социология молодежи: теоретические вопросы [Текст] / А.И. Ковалева, В.А. Луков. – М.: Социум, 1999. – 351 с.
- Кон И.С. Молодёжь [Текст]/И.С. Кон //Философский энциклопедический словарь. – М.: Советская энциклопедия, 1989. – 815 с.
- Лисовский В.Т. Духовный мир и ценностные ориентации молодежи России:Учебное пособие. СПб.: СПбГУП, 2000. – 519c.
- Ильинский И.М. Молодёжь и молодёжная политика: философия, история, теория [Текст] / И.М. Ильинский. – М.: Голос, – 696 с.
- Советский энциклопедический словарь. М.: Советская энциклопедия,
- Oxford Russian Minidictionary. Edited by Della Thompson. Oxford University Press, 2006. – 731
- Ожегов С. И. Словарь русского языка [текст]/С.И. Ожегов/ под ред. Н.Ю. Шведовой. – М.: Русский язык,-798с.
- Хисамов А.Р. Личностный потенциал современной молодежи: основные понятия и компоненты структуры // фундаментальные исследования. №5, 2014. С. 1339-
- Пуртова И.А. К вопросу о профессиональном потенциале современной молодежи. Электронный ресурс . http:// studopedia.net/11_55698_purtova-ia-k-voprosu-o-professionalnom-potentsiale-sovremennoy-molodezhi.html
- Ювенология и ювенальная политика в XXI веке. Опыт междисциплинарного комплексного исследования [Текст] / Под ред. Е.Г. Слуцкого. – СПб.: Знание, 2004. – 734 с.