Аңдатпа
Математика пәнін оқытуда жаңа инновациялық әдіс-тәсілдерді қолданудың маңызы өте зор екенін, сондықтан, ізденген ұстаздан ғана шығармашыл, дарынды шәкірттің шығуы анықтығын мақалада қарастырған.
КІРІСПЕ
Білімді модернизациялаудың басты мақсаты білім беру жүйесінің тұрақты дамуының және оны ХХІ ғасыр қажеттілігіне сай қамтамасыз етуден тұрады. Қазіргі таңдағы білім беру саясатының ең бірінші міндеті – жоғары сапалы білім беруге қол жеткізіп, әрі оны тұлғаның, қоғамның және мемлекеттің өзекті де, өміршең қажеттілігіне сәйкестендіру. Осының бәрі дами келгенде ұстаздар қауымының тұрақты да, жүйелі қайта даярлануымен кәсіби біліктілігін көтеріп отырудан хабар береді.
Білім беру жүйесін жаңғырту барысында қарастырылған мақсаттарды жүзеге асыру қазақстандық білім беру жүйесінде жаңа көзқарас пен оқытудың жаңаша жолдарын іздестіруді талап етті. Бұл мақсат білім мазмұнының құрылымы мен құрамын өлшейтін, білім беру үдерісін жобалайтын және жүзеге асыратын мұғалімдердің қызметіне деген жаңаша сұранысты туындатты. «Білім берудің жаңа міндеті – білім беру үдерісінің барлық құрылымын: мақсаты, мазмұны, нысаны, құралы, нәтижесі, сондай-ақ, оның қатысушыларының өзара қарым-қатынасын да қайта зерделеуді қажет етті».
Жаңа форматта білім берудің басты мақсаты – әрбір ел үшін маңызды болып табылатын рухани, мәдени және адамгершілік құндылықтардың негізінде жастарды өз елінің мәдениетін құрметтеуге тәрбиелеу; келесі мақсаты – жастарды жылдам өзгертіп жатқан әлемде өзіне сенімді және табысты болуға мүмкіндік беретін дағдылары мен түсініктерін дамыту және өмірлік жағдайларда өз білімдерін қолдануға ықпалын тигізетін сыни тұрғыдан ойлауға үйретуді қамтиды.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Қазіргі заман жас ұрпаққа білім беру мәселесін жаңа деңгейге көтеруді талап етеді. Білім жүйесін жақсарту, білім деңгейін жоғарылату соңғы жылдары мемлекеттік деңгейде жүзеге асуда. Жаңа білім беру жүйесі оқушының білім, тәрбиелеу арқылы жан-жақты дамытуды алдыңғы орынға қояды.
Қазақстандағы білім жүйесі соңғы жылдары үздіксіз жетілдіру және модернизациялану жағдайында келеді. Осыған сәйкес Қазақстан Республикасының «Білім беру» туралы заңы бойынша вариативтілік ұстанымы бекітілген. Ұстаздарға оқытудың тиімді әдістерін пайдалануға, оқу үдерісін кез келген модель бойынша құруға мүмкіншіліктер жасалған және сонымен қатар педагог мамандарды үздіксіз оқыту арқылы әлемдік деңгейдегі білім жүйесін білім беруде пайдалану жолдары қарастырылған.
Білімнің сапалы болуы, болашаққа сенімі мол, бәсекеге қабілетті маман даярлауды қамтамасыз етеді. «Білімді, сауатты адамдар – бұл ХХІ ғасырда адамзат дамуының негізгі қозғаушы күші» – деген Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың сөзінде еліміздің болашағы жас ұрпақтың біліміне деген ерекше көзқарасы жатыр. Иә, егеменді еліміздің келешек білімі көкжиегінде шарықтауы бүгінгі мектеп партасында отырған ұрпағының қолында екені даусыз ақиқат. Сондықтан да осы ұрпағымызды білім нәрімен сусындатар, білім саласының тізгінін ұстаған ұстаздар қауымының мойнына артылар жүк аз емес. Оқу үдерісіне қарыштап еніп келе жатқан жаңа әдістер мен тәсілдерді яғни, жаңашыл ұстаздарымыздың озық идеяларын өз тәжірибесіне енгізіп, қолданып жүрген алдыңғы қатарлы ұстаздарымыздың мамандығына деген сүйіспеншілігіне сүйсіне қараймыз. Бұл орайда қазақстандық мұғалімдерге педагогикалық тәжірибелерін жетілдіруге көмектесу мақсатында Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының көмегі өте зор. Міне, осы үшінші деңгейлі курсқа қатысып, үшінші деңгей бағдарламасын оқып, үйрену арқылы өз тәжірибемізге қолданып, нәтижесіне қол жеткізудеміз. Орта білім беру жүйесінде тәжірибеден өткен және де әлемдік деңгейдегі танымал оқыту тәсілдерінің оқушылардың ойлауына мүмкіндік беретіні сөзсіз. Осы орайда ұлы педагог Ушинскийдің «Бала – балқытылған алтын» деген қанатты сөзі еске түседі. Балаға қалай бағыт берсең, солай өседі. Мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға – мұғалім деп атап көрсеткендей, егеменді еліміздің алғышарттары өркениетті елдер қатарына көтерілуді міндет етсе, өркениетке жету үшін жан-жақты дамыған, рухани бай тұлғаны өсіруде ұстаздар қауымының алдына жаңа міндеттер қойылып отыр.
Осындай жаңа педагогикалық технологиялардың жиынтығы болып табылатын, жаңа формат тәсілінің теориялық негіздеріне сүйене отырып практикаға енгізіліп жатырған жеті модульден құралған бағдарламаның біздің өмірімізде алатын орны ерекше болмақ. Әлемдік тәжірибеге негізделе отырып жасақталған бұл бағдарлама оқушылардың қалай оқу керектігін үйреніп, соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлелін нанымды жеткізе алатындай, сенімді, сыни пікір-көзқарастары жүйелі дамыған, танымдық қызығушылығы мен мүмкіндігі жоғары оқушыны қалыптастыруды мақсат етеді.
Қазақта жеті санын қасиетті санға теңесе, біз үшін де осы бағдарлама мазмұнындағы жеті модульдің қасиеті ерекше болды. Біз қолданып жатырған бағдарламаның түрлі тәсілдерді жинақтағанына қарамастан, бірнеше оқыту негіздері қамтылған. Бұл біліктілікті арттыру бағдарламасының негізгі мазмұны 7 модуль түрінде берілген:
- Оқу мен оқытудағы жаңа тәсілдер;
- Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету;
- Оқуды бағалау және оқытуды бағалау;
- Оқытуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану;
- Талантты және дарынды балаларды оқыту;
- Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту;
- Оқытудағы басқару және көшбасшылық.
Бұл 7 модульдің барлығы да математика сабақтарында қолдануға ыңғайлы әрі тиімді. Соның ішінде бірінші модульға тоқталар болсақ, оқыту мен оқытудағы жаңа тәсілдерді әрдайым жандандырып, жанартып отыру қажет. Өмір бойы өзін-өзі оқытудың қажеттілігін мойындау және оның әдістерін таңдау білім берудің негізі.
Оқыту барысында негізгі факторларға тоқталар болсақ, оқушылардың білім алу үдерісін түсінуі, нені оқу керектігін үйренуі, өзін-өзі реттеуі, оқу нәтижелерін бағалауды игеруі. Оқушылармен жұмыс жасау барысында олардың пайымдаулары, көзқарастары мен білім деңгейлерін анықтап алу қажет. Оқушылардың нені игере алмайтындығын бақылау арқылы әртүрлі әдістерді пайдалана аламыз. Оқушылар өздері оқудың қажетті екенін, оны өмірде де өз қажетіне қолдана білу керек екенін сезінуі керек. Сонда ғана олардың оқуға деген ынтасы артады.
Сыни тұрғыдан ойлау – бақылаудың, тәжірибенің, ойлау мен талқылаудың нәтижесінде алынған ақпаратты, ойлауға, бағалауға, талдауға және синтездеуге бағытталған пәндік шешім екенін білеміз. Біз өз іс-тәжірибемізде сыни тұрғыдан ойлау әдісін көп қолдандық. Ол оқушылардың ойлана білуіне, өз оқуына таңдау жасау, басқалардың идеяларына күмәнмен қарау қабілеті ретінде түсіндіріледі. Сыни тұрғыдан ойлау әдісін сабақта пайдалану жақсы жетістіктерге жеткізеді деген ойдамыз. Байқағанымыздай оқушылардың пәнге деген, оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында келешекте осы әдісті көбірек қолданысқа еңгізу қажет, өйткені оқушылардың ойлау деңгейінің әртүрлілігіне байланысты, әрқайсынан әртүрлі идеялар шығады. Олар идеяларға күмәнмен қарай отырып, ақпараттың дұрыс немесе бұрыс екендігіне қол жеткізеді, пікір алмасады және өз пікірін дәлелдей алады. Қарама-қарсы айтылған пікірлерді сыни тұрғыдан ойлай отырып, шеше алады. Дұрыс және нанымды жауаптарды қайтаруды үйренеді. Дәстүрлі оқытуда көбінесе оқушылардың ойларын тыңдай бермейді, ал, осы сыни тұрғыдан ойлауды дамытуда олардың пікірлерін тыңдап, өзгелердің де пікірін тыңдай білуіне жағдай жасалынады. Сыни тұрғыдан ойлау баланың оқуға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, кез келген нәрсені бақылап, талдай алатын, озық ойлы, білімді, өзін- өзі реттей алатын тұлғаны тәрбиелеуде көп көмегін тигізеді.
Диалогтік оқыту баланың білімін жетілдіруде көбірек қолданылады, сондықтан білім сапасын арттыруға көп көмегін тигізеді. Диалогтік оқыту тек қана математика саласында емес барлық пәндер үшін тиімді оқыту түрі болып табылады. Әсіресе тіл дамыту кезінде немесе басқа тілді үйрену барысында көп көмегі тиеді. Осы пәнге қатысты айта кетер болсақ, көбінесе теориямен практиканы ұштастырып оқытады, Ы. Алтынсарин: «Балаға айтып түсіндіргеннен гөрі, қолымен ұстап, көзімен көріп, мұрнымен иіскеп түсіндірген сабақ ұғымды» деген. Яғни бала теорияны меңгерумен қатар тәжірибе жүзінде де қалай жасау қажеттігін ұғынуы керек.
Оқуды тиімді бағалау білім беру үдерісіндегі жаңа тәсілдердің барлығымен байланысты. Бағалау оқыту барысында ілгерілеу қадамдарын айқындау мен қолдау көрсету үшін қажет. Бағалаудың екі түрі қарастырылған: формативті бағалау және жиынтық бағалау. Формативті бағалау оқыту үшін бағалау болып табылады, ал жиынтық бағалау – оқытуды бағалау. Жиынтық бағалауды оқудың қорытындысын шығаруда, оқудың алға ілгерілеуін тіркеу мақсатында қолданамыз. Оқыту үшін бағалауда оқушы өзін-өзі реттеу арқылы өз білім деңгейін бағалайды, білімін жақсартады, сабаққа деген белсенділігін арттырып, қызығушылығы оянады, өзін-өзі, бірін-бірі бағалауды үйренеді.
Қазіргі уақытта білім беру үдерісінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ) қолдану қажеттілігі туып отыр. Осыған байланысты білім берудегі әдіс-тәсілдер жаңарып отырады. Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану қазіргі кездегі заман талабы болғандықтан оған басты назар аударуымыз қажет. Жаңа ақпараттық технологияларды білім беру үдерісінде қолдану біршама жетістіктерге апаратын жол. Ақпараттық-коммуникациялық технологияны қолдану мұғалімдерге де оқушыларға да қолайлы. Сабақта теория мен практиканы ұштастырып, екеуі бір-бірімен өзара тығыз байланыста болады. Тәжірибелік жұмыс жасау барысында бала теориялық білімін шыңдайды. Конфуций: «Маған айтып берсең – ұмытып қаламын, көрсетсең – есте сақтаймын, өзіме жасатсаң - үйренемін» деген. Конфуций айтуы бойынша бала қолымен жасағанда ғана жақсы түсінеді, есте сақтайды. Сондықтан да сабақта АКТ пайдалану қажеттілігі туындайды. АКТ-ны қолдану нәтижесінде оқушылардың өз бетімен ізденісі, қызығушылығы, белсенділігі, сенімділігі артады. Дарынды және талантты оқушылардың да білімін шыңдауда осы АКТ-ның қосар үлесі мол. Оқушылардың көшбасшы болуына да АКТ мүмкіндік береді. Өйткені оқушы үйінде басқа бағдарламаларды өздігінен меңгереді де оны сыныптастарына көрсетіп, қандай мүмкіндіктері бар екенін түсіндіре отырып, оларды үйретеді.
ҚОРЫТЫНДЫ
Қазіргі таңда ХХІ ғасырдың жан-жақты, зерделі, дарынды, талантты, өзін-өзі дамытып, жауапты шешім қабылдауға қабілетті жаңашыл тұлғаны қалыптастыру бағытындағы білім беру ісі бүгінгі күн талабы. Демек, жаңа инновациялық әдіс- тәсілдерді пайдалану білім сапасын арттырудың бірден-бір жолы. Оқыту үрдісінде оқушылардың білім қорын молайтуға, белсенділігін арттыруға, шығармашылық қабілеттерін жетілдіруге көмегі зор. Топта жұмыс жасай отырып төмендегідей топтық жұмыстарының артықшылығы байқалды:
- топта барлығы жұмыс жасайды;
- бір-біріне сыйластық болады;
- әр адамның өзіндік ерекшеліктері байқалады;
- сенімділік пайда болып, өзіндік “мен” қалыптасады;
- ұжымдық жауапкершілік қалыптасады;
- қайырымдылық сезімі дамиды;
- бір отбасы қалыптасады.
Білім беретін ұстаздар өз пәнін жетік меңгерген, теория мен практиканы оқушылар бойына сіңіре алатын шығармашыл, ізденімпаз, ең бастысы еңбекқор болуы қажет. Оқушылардың арасынан осындай ұстаздар шықса онда ұстаздың еңбегі жанғаны белгілі. Математика пәнін оқытуда жаңа инновациялық әдіс- тәсілдерді қолданудың маңызы өте зор. Сондықтан, ізденген ұстаздан ғана шығармашыл, дарынды шәкірттің шығары анық.
Әдебиеттер тізімі
- ҚР “Білім туралы” Заңы. Алматы 2008.
- Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан-2030» іс-қимылда: табысқа он жыл.// Қазақстан-2030» Стратегиясының 10 жылдығына арналған конференцияда сөйлеген сөзі.2007.
- Назарбаев Н. Ә. «Жаңа әлемдегі - жаңа Қазақстан» атты жолдауы. 2007.