Нарықтық механизмде əлеуметтік қорғау қызметін мемлекет жүзеге асырады. Сондықтан ол тұрғындар жағдайының кепілі болып табылады. Əлеуметтік кепілдемелер бере отырып, мемлекет өзінің тұрғындары алдындағы басты міндетін орындайды. Бұл Қазақстан Республикасы Конституциясының өзінде көрсетілген.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 28-бабына сəйкес «Қазақстан Республикасының азаматтарына жалақы мен зейнетақының ең төменгі мөлшеріне, жасы келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда жəне өзге де заңды негіздерде əлеуметтік қамтамасыздандырылуына кепілдік беріледі».
Конституцияның 24-бабында:
- Əркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кəсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар. Еріксіз еңбекке соттың үкімі бойынша не төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол беріледі.
- Əркімнің қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін нендей бір кемсітусіз сыйақы алуына, сондай-ақ жұмыссыздықтан əлеуметтік қорғалуға құқығы бар.
- Ереуіл жасау құқығын қоса алғанда, заңмен белгіленген тəсілдерді қолдана отырып, жеке жəне ұжымдық еңбек дауларын шешу құқығы мойындалады.
- Əркімнің тынығу құқығы бар. Еңбек шарты бойынша жұмыс істейтіндерге заңмен белгіленген жұмыс уақытының ұзақтығына, демалыс жəне мереке күндеріне, жыл сайынғы ақылы демалысқа кепілдік береді [1].
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ə.Назарбаевтың Қазақстан халқына 2014 жылғы «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» Жолдауына сəйкес анықталған бағыттардың бірі əлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту болып табылады. Осыған орай еліміздегі мемлекеттік əлеуметтік кепілдемелер мен стандарттар жүйесіннің ерекшелігін қарастыру аса маңызды. Əрине, ең бірінші кезекте біз халықаралық талаптар мен шарттарды қарастыруымыз қажет [2].
1952 жылғы Халықаралық Еңбек Ұйымының əлеуметтік қамтамасыз етудің (ең төменгі) минималды нормалары туралы (102) конвенциясы əлеуметтік қамтамасыз етудегі міндетті əлеуметтік жəрдемдер тізімін анықтайды:
- Медициналық көмек.
- Уақытша жұмыссыздық бойынша жəрдемақы.
- Жұмыссыздық бойынша жəрдемақы.
- Қарттық бойынша зейнетақы.
- Жұмыста алған зияны мен жарақаты бойынша зейнетақы.
- Отбасылық жəрдемақы.
- Мүгедектік бойынша зейнетақы.
- Асыраушысын жоғалту бойынша жəрдемақы.
Жоғарыда көрсетілгеннің біріншісінен басқасы ақшалай формада жүзеге асырылады.
Аталған конвенцияны қабылдай отырып, мемлекет жəрдемақының ең аз дегенде үш түрін қолдануы қажет, сонымен бірге оған ең төменгі қамтамасыз ету міндеті жүктеледі. Жəне де берілген конвенция шетел азаматтарының теңдігін қамтамасыз етеді.
Əлеуметтік кепілдемелер — бұл азаматтардың конституциялық құқықтарын жүзеге асыруға бағытталған заңмен көрсетілген мемлекет міндеттемелерінің ұзақ мерзімді əрекет ету механизмі. Əлеуметтік кепілдемелердің негізі ең төменгі əлеуметтік стандарттар болып табылады.
Ең төменгі (минималды) əлеуметтік стандарттар — бұл əлеуметтік қорғаудың ең төменгі деңгейін бекітетін Қазақстан Республикасының заңдарымен орнатылған нормалар мен нормативтер жиынтығы. Мемлекеттік ең төменгі стандарттар жүйесін келесі салалардағы өзара байланысты мемлекеттік ең төменгі əлеуметтік стандарттар құрастырады:
- Еңбек ақы орнату.
- Зейнетақылық қамтамасыз ету.
- Білім беру.
- Денсаулық сақтау.
- Мəдениет.
- Əлеуметтік қызмет көрсету.
- Тұрғындарға коммуналдық қызмет көрсету.
Стандарттар Қазақстан Республикасының үкіметімен немесе заңдарымен орнатылады.
Барлық ақшалай мемлекеттік ең төменгі кепілдемелер тұрғындардың өмір деңгейінің мемлекеттік стандарттарымен анықталуы қажет. «Өмір деңгейі» ұғымы адамдардың рухани жəне материалдық қажеттіліктерінің қанағаттандыру процесін көрсетеді.
Өмір деңгейін анықтау үшін өмір сүрудің ең төменгі деңгейі деген ұғым пайдаланылады. Өмір сүрудің ең төменгі деңгейі — тұлға дамуы мен ұдайы өндірістің қалыпты қызметі үшін қажетті өмір сүру қаражаттарының минимумын сипаттайды [3].
Қазақстан Республикасының 1999 жылдың 16 қарашасындағы «Өмір сүрудің ең төменгі деңгейі туралы» Заңына сəйкес: «Өмір сүрудің ең төменгі деңгейі — көлемі бойынша минималды тұтыну қоржынына сəйкес келетін бір адамға қажетті минималды ақшалай табыс». Оның көлемі тұрғындарды əлеуметтік қорғау жəне еңбек бойынша құзыретті органмен ең төменгі тұтыну қоржынынан сай орнатылады. Ол республика мен оның аймақтары бойынша квартал сайын есептеледі.
Өмір сүрудің ең төменгі деңгейі келесі жас-жыныстық топтар бойынша есептеледі:
- Балалар: 1 жасқа дейінгі, 1–3 жас, 4–6 жас, 7–10 жас, 11–13 жас.
- Жасөспірімдер мен ерлер: 14–17 жас, 18–29 жас, 30–62 жас, 63-тен жоғары.
- Жасөспірім қыздар мен əйелдер: 14–17 жас, 18–29 жас, 30–57 жас, 58-ден жоғары.
Өмір сүрудің ең төменгі деңгейі келесі формуламен есептеледі:
ВПМ = СПК + РНТ, (1)
мұндағы ВПМ — өмір сүрудің ең төменгі деңгейінің мөлшері; СПК — тұтыну қоржынының құны;
РНТ — азық-түліктік емес тауарларға шығындар.
Ең төменгі тұтыну қоржыны – бұл заттай жəне құндық формадағы тауарлар мен қызметтердің минималды жиынтығы. Тұтыну қоржынын арнайы өкілетті статистикалық орган азық-түліктерді тұтынудың нормаларына сəйкес есептейді. Формуласы келесідей:
СПК = (p1 * q1n / 12 + p2 * q2n / 12 + ... + pi * qin / 12), (2)
мұндағы СПК — тұтыну қоржынының құны; pi — i-ші азық-түлік өнімінің орташа бағасы; qin — бір жылдағы n-ші жас-жыныстық топтың i-ші өнімін тұтынудың ең төменгі көлемі.
2006 жылдан бастап тұтыну қоржыны өмір сүрудің ең төменгі деңгейінің 60 % құрайды. Егер тұтыну қоржынын анықтауда аймақ бойынша тауар бағасы туралы ақпарат болмаса, республика бойынша сол тауардың орташа деңгейі есептеледі.
Өндірістік емес тауарлар мен қызметтерге деген өзге шығындар үлесі Қазақстан Республикасының Үкіметімен орнатылады. Есептеу формуласы келесідей:
РНТ = (СПК / ДПК) * ДНТ, (3)
мұндағы РНТ — азық түліктік емес тауарларға шығындар; СПК — тұтыну қоржынының құны; ДПК — азық-түлік тауарларына шығындар; ДНТ — азық-түліктік емес тауарлар мен қызметтер шығындарының нақты үлесі.
Өмір сүрудің ең төменгі деңгейі жыл сайын келесі көрсеткіштерді есепке алу үшін пайдаланылады:
- кедейшілік деңгейі мен өмір сүру деңгейін анықтау үшін;
- əлеуметтік саясаттың бағыттарын жəне тұрғындарды əлеуметтік қолдау шараларын анықтау үшін;
- ең төменгі өлшемдерді, яғни ең төменгі жалақы, зейнетақы, əлеуметтік төлемдерді, анықтау үшін.
Кедейшілік табалдырығы — адамның ең төменгі қажеттіліктерін өтеуге қажетті табыс деңгейі, ол республикадағы экономикалық мүмкіндіктерге байланысты орнатылады. Бұл көрсеткіш республика бойынша квартал сайын есептеліп отырады жəне тұрғындарға əлеуметтік көмек көрсетудің критериі болып табылады.
Өмір сүрудің ең төменгі деңгейі ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы мөлшерін анықтауда пайдаланылады.
Əлеуметтік қорғаудың қаржылық көздері:
- мемлекеттік бюджет;
- мемлекеттік бюджеттен тыс қорлар: а) зейнетақы қоры;
ə) əлеуметтік сақтандыру қорлары;
б) жұмыспен қамту қорлары;
в) республикалық жəне аймақтық қорлар;
г) мемлекеттік емес қаржы көздері (жеке жəне қоғамдық мейірімділік қорлары).
Еңбек ақы саласындағы орнатылатын ең төменгі стандарттар келесідей болады:
- жалақының ең төменгі деңгейі;
- бюджет саласы қызметкерлерінің еңбек ақысын өтеудің ортақ тарифті сеткасы.
Ең төменгі (минималды) жалақы — ұдайы өндірістің қалыпты жағдайларын қамтамасыз етуге арналған жұмысшының жалақы деңгейі. Жалақының ең төменгі деңгейі кепілді сипатқа ие. Оның көлеміне сыйлықтар, қосымша ақы енбейді. Ең төменгі жалақының деңгейін анықтау, əдетте, өмір сүрудің ең төменгі деңгейін есептеумен анықталады. Өмір сүрудің ең төменгі деңгейі баға деңгейін ескергендегі тауар мен қызметтерге минималды қажеттіліктерді қанағаттандырудың нормативтері бойынша есептеледі.
Ең төменгі жалақы көлемінің тұтынудағы минимумға сəйкес келуі экономиканың тұрақтылығын жəне өндірістің жоғары деңгейін сипаттайды. Дағдарыс жағдайында минималды жалақы деңгейі экономикалық жағдайға байланысты бекітіледі.
Көптеген дамыған елдерде қазіргі кезде ең төменгі жалақы туралы нормативтік актілер əрекет етеді. Заңдық бекітілген минималды жалақы АҚШ-та, Францияда, Испанияда, Португалияда, Нидерландыда бар. Бельгия мен Грецияда минималды жалақы Ұлттық Ұжымдық келісіммен, ал Италия, Германия, Данияда салалық келісіммен анықталады. Ұлыбритания мен Ирландияда минималды жалақы деңгейін жалақы бойынша арнайы кеңестер реттейді. Олар үш жақты негізде (мемлекет, кəсіпкерлер, кəсіподақ) əрекет етеді [4].
Қазақстанда минималды жалақы заңдық негізде бекітіледі. Егер минималды жалақы 2007 ж. 9752 теңгені құраса, 2015 ж. ол 21364 теңге деңгейіне дейін өсті. 1-кесте арқылы біз минималды жалақы деңгейі динамикасының өзгеруін көре аламыз. Соңғы тоғыз жылда минималды жалақы 2,2 есе өсті.
Зейнетақылық қамтамасыз ету саласындағы əлеуметтік стандарттар ретінде ең төменгі мемлекеттік зейнетақы мөлшері қарастырылды. 2014 ж. оның деңгейі 21736 тг құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 14 %-ға өсті. Осы кезеңдегі орташа зейнетақының өсімі орта есеппен 13%-ды құрады (2-кесте).
Сондай-ақ кестеден біз 2007–2014 жылдардағы республика бойынша зейнетақының төменгі, орташа мөлшерінің өзгерісін айқын көре аламыз жəне осы өзгерісті графиктік түрде де көрсетуге болады (сур. қара).
1999 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Қазақстан Республикасындағы зейнетақылық қамтамасыз ету туралы» Заңына сəйкес, бұрын əлеуметтік зейнетақы алуға құқығы бар тұлғалар (мүгедектер, жетімдер, жесірлер жəне т.б.) мемлекеттік жəрдемақы жүйесіне ауыстырылып, мемлекеттік жəрдемақы ала бастады. Мемлекеттік жəрдемақыларды алушылардың саны мен олардың орташа мөлшерін 3-кесте арқылы көре аламыз.
3-кесте мəліметтеріне сəйкес, 2007 жылмен салыстырғанда 2014 ж. мемлекеттік əлеуметтік жəрдемақыларды алушылар саны 3,4%-ға, ал олардың орташа мөлшері 38,1 %-ға өскеніне куə боламыз.
Біздің қоғамда социализмнен қалған бірқатар жеңілдіктер сақталған. 1999 жылға дейін республикада əлеуметтік жеңілдіктердің біртұтас жүйесі əрекет етті. Коммуналды қызметтерді өтеу, протездеу, қала көлігіндегі ақысыз жол жүру, медициналық көмек, санаториялық емдеу, дəрі-дəрмек жəне газетке жазылуға жеңілдіктер т.б. 1999 жылдың басында көрсетілген жеңілдіктер саны 140-қа жуық болса, 1999 жылдан бастап олардың көлемі елеулі қысқартылды. Соғыс ардагерлері мен кейбір тұрғындарға көрсетілетін жеңілдіктер ортақ мемлекеттік ақшалай жəрдемақымен ауыстырылды, алайда оның көлемі бұрын көрсетілген ақысыз жеңілдіктер құнын толық баса алмады.
Білім беру саласындағы мемлекеттік стандарттар келесідей:
- бюджет деңгейлері тарапынан қаржыландырылатын білім беру мекемелеріндегі ақысыз қызметтер жиынтығы;
- мемлекеттік білім беру мекемелеріндегі топтар мен кластардың шекті толтырылу нормалары мен нормативтері;
- оқушыларды əлеуметтік-экономикалық қолдаудың нормалары мен нормативтері;
- мемлекеттік білім беру мекемелерінде ақысыз білім алушы студенттер санының нормативі мен стипендия көлемі.
Қазақстан Республикасында 2014 жылғы білім беру мекемелерінің саны: мектепке дейінгі ұйымдар — 1179, жалпы білім беретін мекемелер — 8157, кəсіптік техникалық мектептер — 307, колледждер — 415, жоғары оқу орны — 181.
Қазіргі күні білім беру саласы өзінің дамуында сапалық тұрғыдан жаңа кезеңін бастан кешіріп жатыр. Осы саладағы жоғары жетістіктерге жету үшін, ең алдымен, ұстаздар құрамын қайта даярлау, материалдық техникалық база мен жаңа білім беру əдістемесін енгізу міндеті тұр.
Денсаулық сақтау саласындағы ең төменгі кепілдемелерді анықтау дегеніміз — ол аймақтағы 1000 тұрғынның дəрігерлермен, аурухана орындарымен, амбулаторлы мекемелермен қамтамасыз етілу көрсеткіші.
Қазақстан бойынша барлығы 55509 мамандандырылған дəрігерлер, 119 581 орта медициналық қызметкер өз жұмысын жүргізеді. 10 000 адамға шаққанда мамандандырылған дəрігерлер 36,5 адам, ал орта медициналық қызметкерлер 78,6 адамды құрайды.
Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 11 наурызындағы «2015–17 жылғы республикалық бюджет туралы» Заңының 11-бабына сəйкес 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап:
- Ең төменгі жалақы мөлшері — 21364 теңге.
- Базалық зейнетақы төлемі — 3000 теңге.
- Ең төменгі зейнетақы мөлшері — 23692 теңге.
- Орташа айлық есептік көрсеткіш — 1982 теңге.
- Өмір сүрудің ең төменгі деңгейі 21364 теңге көлемінде орнатылды.
Президенттің кезекті Жолдауы арқылы еліміз кешенді бағдарламаларға ие бола отырып, оларды жүзеге асыру барысында шын мəнінде жаңа Қазақстан құруға жол ашпақ. Қазақстан шын мəнінде жаңа əлемде сүруге мүмкіншілігі зор.
Əлеуметтік қорғау саласындағы негізгі кепілдемелер мен минималды стандарттарды қарастыру мен талдауды жүзеге асыру оларды қамтамасыз ететін заңнамалық негіздерді жетілдірусіз мүмкін еместігін мойындау қажет.
Əдебиеттер тізімі
- Қазақстан Республикасының Конституциясы. — [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: http: www.akorda.kz. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 2014 жылдың 11 қарашасындағы «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» Қазақстан халқына Жолдауы. — [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: http: www.akorda.kz.
- Кузярина А. Изменения в социальном законодательстве в регулировании прожиточного минимума, условий назначения и размеров государственных пособий // Труд в Казахстане. — 2006. — № 2. — C. 33–36.
- Человеческое развитие в Казахстане: учебник / Под общ. ред. Н.К.Мамырова и Ф.Акчуры. — Алматы: Экономика, 2003. — 436 с.
- Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің Статистика жөніндегі комитеті. — [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: http: www.stat.gov.kz