Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Қазақ əдебиеті мен ғылымының көгіне жарқын жұлдызын қалдырған биік тұлға

 Кіріспе сөз

Соңғы 10–15 жылда біз кеңестік қасаң ұғымдардан біртіндеп арылып, өткен тарихымызға басқаша көзқараспен қарай бастадық. Тəуелсіздік тағылымынан туындаған шапағат лебі «ақтаңдақтар» астарын қауғалай қопарып, ондаған жылдар волюнтаристік қоқыстың шаңдағында қалып келген ұлы шындықты жарқырата ашып, өз қолымызға қайтарып беруде.

Сəкен, Бейімбет, Ілиястарды дидарластырған ХХ ғасырдың жетпісінші жылдар қуанышы қазақ жұрты үшін ұлы қуаныш. Əлихан, Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек, Міржақыптармен табысқан тағдырымыздың жөні басқа!

1988 жылы Шəкəрім бастаған бірнеше арысымыз ақталып, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей болды. Енді міне, лирикалық жырдың асыл маржан жауһарын тізе білген Мағжан Жұмабаев, қазақ тілін ғылыми жүйеге тұңғыш түсіріп берген, ондаған жылдар əліппесінен сауат ашқан Ахмет Байтұрсынов, ғажап əдебиетші Жүсіпбек Аймауытов тектес асылдарымыз, Шəкəрім Құдайбердиев секілді кемеңгеріміз туған халқына қайтып оралуын зор бақыт деп толық санауға болады.

Бір қызығы, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың алғашқы он жылдығы қазақ халқы үшін айрықша бір оқиғаларға, ерекше бір таланттарға толы кез болды. Абай, Ыбырай, Шоқан өмір сүрген. Артына өлмес мол мұра қалдырған. Бұлардың ізін баса Əлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Мұхтар Əуезов, Құдайберген Жұбанов, Мағжан Жұмабаев, Шəкəрім Құдайбердіұлы дүниеге келді. Өнер мен мəдениеттің небір айтулы дүлдүлдері мен аса дара саңлақтары жарқырай көрінген. Тек өкінішті жері — көбінің ғұмыры қысқа болған.

Шəкəрімнің жастық шағы туралы деректер

Əр халықтың тарихында ерекше қадірлі, киелі жерлер бар. Ол — ел өмірінің ұлы белестерін айғақтайтын, яки салқар көштей ұзақ тарихтың қадау-қадау оқиғалары өткен орындар мен сол халықтың ұлы перзенттерін дүниеге келтіріп, олардың ерлігі мен ғажайып талантының ашылуына куə болған мекендер. Орыстар үшін Михайловское мен Ясная Поляна, немістер үшін Веймар, итальяндықтар үшін Флоренция, ағылшындар үшін Стратфорд-он-Эйвон қандай ыстық болса, қазақтар үшін Шыңғыстау жері соншама киелі де қасиетті. Өйткені бұл жерде халқымыздың үш кемеңгер суреткері дүниеге келіп, өздерінің өлмес жырларын толғаған, олар: Абай, Шəкəрім, Мұхтар Əуезов. Сарыарқаның кіндік тұсында, алыс сахарада жатқан Шыңғыстау сияқты аймақтың үш алыпты туып, сөз өнерінің əлемдік биігіне көтеруі адамзат тарихында сирек кездесетін құбылыс [1].

Шəкəрім Құдайбердіұлы (1858–1931) — ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы ірі тұлғалы ақын, жазушы, философ, тарихшы, композитор. Оның шығармашылық қызметі өмірінің қиын кезеңдерінде өтті. Ол əр түрлі жанрларда: поэзия, проза, дастан, эссе, аударма, жылнама тарихтары жəне т.б. жазды.

Шəкəрім — ұлы Абай Құнанбайұлының немере інісі. Өскенбайдың бəйбішесінен Құнанбай жалғыз. Құнанбайдың Күңке деген бəйбішесінен Шəкəрімнің əкесі Құдайберді жалғыз екен. Қысқа ғана ғұмыр кешіп, небəрі 37 жасында дүние салған. 1866 жылы əкесі өлгенде Шəкəрім жетіден сегізге шығар кезінде қалған. Шəкəрім жетім қалған кездерде Абай 21 жаста болған.

Шəкəрім бес жасында ауыл молдасына оқуға беріледі де онда жеті жасына дейін оқиды. Бұл туралы ол:

Бесімде оқу білсін деп

 Ата-анам берді сабаққа.

Жеті жаста жетім боп,

Түскендей болдым абаққа, —дейді.

Əкесінен жеті жасынан айрылған Шəкəрімді атасы Құнанбай жетімдігін сезінбесін деген оймен бетінен қақпай еркебұла ғып өсірсе керек. Бір қызығы, Шəкəрім бала кезінде ұста болыпты. Оған бұл өнерді өзінің шешесі үйретті деген сөз бар. Жүйрік ат мініп, құмай тазы ертіп, қыран бүркіт ұстаған Шəкəрім жастық шағының біраз жылын сауық-сайран, саятшылықпен өткізген екен. Ол жөнінде ақынның өзі: «Қажы марқұм мені «жетім» деп аяп, қысып оқыта алмай, жетімді сылтау етіп, ойыма не келсе, соны істеп, ғылымсыз өстім» деп өкіне еске алады. Оны жөнге келтіріп, ақылға салған сол кездің өзінде ел ақылшысы болып танылған дана-данышпан Абай болатын.

Өскен ортасының аса бай дəстүрлері мен Абай ағасының тəрбиесі табиғатынан зерек Шəкəрімнің жетімдік көрмей өсуіне ғана емес, оның талантты ақын, парасатты ой иесі болуына зор ықпал жасады. Шəкəрімнің өзі кейінірек былай деп жазады: «Əкеміздің бір шешесінен туған Ибраһим мырза, қазақ ішінде Абай деп атайды, сол кісі мұсылманша һəм орысша ғылымға жүйрік һəм алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек дана кісі еді, ержеткен соң сол кісіден тағлым алып, əр түрлі кітаптарын оқып, насихатын тыңдап, аз ғана ғылымның сəулесін сездім».

Кезінде арнайы оқу орындарында оқып білім алмаса да, өз бетінше ізденіп жəне Абай ағасының жетекшілігімен жан сарайын байытқан Шəкəрім Құдайбердіұлы өз заманында қазақ арасындағы аса білімдар, ғұлама ойшыл азаматтардың бірі атанды. Араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік білді. Білімін кеңейтіп, барынша ізденуге, көп оқуға ден қойды.

Абайдың балалары Ақылбай мен Мағауия, Шəкəрім мен Көкбай Абай айналасындағы ақындар легіне кіреді. Шəкəрім — Абай бұлағын əрі қарай дамытамын деп бүкіл өмірін ізденумен, жалықпай, талмай еңбек етумен өткізеді. Ол Абай ағасының салған соқпағымен қараңғы елге күн нұрындай сəуле түсіргісі келді. Осы жолда талай-талай жауһар дүниелер жазды. Шындыққа толы көркем дастандар, ойлы да мағыналы өлең-жырлар, сұлу да нəзік əндерді жарыққа шығарды.

Шəкəрім Абайдың поэтикалық мектебінің өкілі жəне жалғастырушысы ретінде

Шəкəрім творчествосының басым көпшілігі — поэзиялық шығармалар. Ақының поэзиялық шығармаларының мазмұны өте бай; сала түрі өте мол.

Егер тақырыптық жəне жанрлық мазмұн тұрғысынан қарасақ, Шəкəрімнің поэзиясында азаматтық лирика да, философиялық лирика да, махаббат лирикасы да, табиғат лирикасы да бар. Ода, элегия, сонет, тарихи баллада, халық өлеңдері түрінде жазылған шығармалар да кездеседі. Бұл жағынан Шəкəрім қазақ лирикасын айтарлықтай жаңғыртып байытты, поэзия мəдениетін дамытты [2].

Шəкəрім өзінің ұлы ұстазы сияқты, ең алдымен, қазақтың күшті дамыған байырғы поэтикалық мектебінен, поэтикалық тілінен нəр алған, сол тілдің бай мұрасын: образдар дүниесін, образдарды беретін сөздер мен фразеологизмдерді орынды əрі молынан пайдаланған. Өзінің «Ескі ақындық» атты тамаша өлеңінде:

Ескі жырдың ұйқасы

Бірі қысқа, бірі ұзын.

Буындары бұзық деп,

Біз баспаймыз ол ізін.

Неге бұлай айтты деп,

Сынамаймыз негізін.

Ойлай келсең, ескі жыр

Салады тұлпар жүрісін,

Міне, байқа мұнысын.

Кейде жорға, кейде жел,

Бұлдыр қағып асар бел.

Кейде арындап, кейде шап,

Адымын алыс құлаштап,

Алады кейде тынысты,

Солғындатып жүрісті,

Осындай жырды ұнатыңдар! —

дей келіп, бұрынғы ақын-жыраулардың өлең-жырларына:

Сырына баға берсеңіз,

Таңқаларлық ісі бар,

Көңілді тартар күші бар,

Асықпай тыңдап шыдаңдар, —

деп, байыппен қарауға шақырады. Осы арқылы өзіне дейінгі қазақ поэзиясының көркемдік дүниесін мойындайды. Мойындайды да, қабылдайды.

Шəкəрім Абай жолын жалғастырушы шыншыл ақын болғандықтан, ұстаз жолымен ол да қара басының қамынан халық мүддесін жоғары қойды. «Қазақтың жаманы болмас» өлеңінде ақын халық рухындағы ашулы, ащы сөзін айтты:

Бұл елде адалдық бар ма,

Ондайын байқадыңдар ма?

Істейді нені де болса,

Наданға арамдық ар ма?

 Ар сатар шайға да болса,

Бір асам майға да болса.

Ізденіп табады, жейді

Арамды қайда да болса.

 Жуаны қылады зорлық,

Момынның көргені қорлық.

Теп-тегіс қулық пен ұрлық,

Ал енді қайтіп ел болдық?

Кезінде ғұлама Абай да, ал кейіннен Шəкəрім де қазақ халқының артта қалғандығын, мешеулігін аяусыз сынға алғаны белгілі. Ақын:

Жұқпайды екен айтқан сөз

Ғылымы жоқ наданға.

Кеудесінде болса көз,

Жұғар мұндай адамға.

Ондай адам қазақтан

Көп туса осы заманға,

Босар еді-ау азаптан

Қазақ шығып самалға, —

деп жаны күйзеле толғанады. Бірақ бұл сынау — басқа, қазақ халқын мəдениеттен жұрдайсың, жазу- сызуың болмаған, сондықтан да артта қалғансың деп сынау емес, жаңа заман талабынан туындайтын сынау, өркениет биігінен сынау.

Шəкəрім Құдайбердіұлы ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ өмірі болмысындағы оқиғалар мен құбылыстарға қызу үн қосты. Ақынның «Дүние жəне өмір»,«Адамшылық», «Жастық туралы», «Шаруа мен ысырап», «Махаббат пен құмарлық», «Мақтау мен сөгіс» секілді өлеңдері өзінің идеялық бағыты жөнінен ақылгөйлік-ағартушылық, əлеуметтік- əшкерелеушілік сипатта болып келеді. Бұл жерде мысал ретінде Шəкəрімнің «Адамдық борышың» атты керемет өлеңін келтіруге болады:

Адамдық борышың —

Халқыңа еңбек қыл.

Ақ жолдан айнымай

Ар сақта, оны біл.

Талаптан да, білім мен өнер үйрен, Білімсіз,

Өнерсіз,

Болады ақыл тұл.

Мақтанға салынба,

Мансаптың тағы үшін;

Нəпсіңе билетпе

Басыңның бағы үшін.

Өміріңді сарп қып өлгеніңше,

Жоба тап. Жол көрсет,

Келешек қамы үшін.

 Қайтадан қайырылып,

Қауымға келмейсің.

Барыңды,

Нəріңді тірлікте бергейсің,

Ғибрат алар артыңа із қалдырған, Шын бақыт, —

Осыны ұқ, Мəңгілік өлмейсің!.

Шəкəрім өзін ұлы Абайдың шəкіртімін деп санаған. Оның барлық шығармашылығынан Абай дəстүрін, Абай салған саланың бағыт-бағдарын байқауға болады.

Абай мектебінен тағлым алғандардың көбісі белгілі бір тақырыпты өздерінше жырлап, бірімен бірі іштей сөз сайысына түсіп отырған. Мəселен, Шəкəрім «Талап пен ақыл» деген өлеңінде:

Ынсап, ұят, ар, рақым, сабыр, сақтық,

Талапқа алты түрлі ноқта тақтық.

Алтауының ішінде ынсап əділ,

Өзгесінің тізгінін — соған ұстаттық, —

деп ынсап, ұят, ар, рақым, сабыр, сақтық хақында толғанады.

Абай мектебінен шындалып өскен Шəкəрімнің шығармашылық өнері Абай мұраларымен сабақтас, тақырыптас, өзектес. Кемеңгер Абай секілді, Шəкəрімнің аса көп көңіл бөліп, жете тексеріп, тереңіне үңілген мəселесі — мораль, ар, ұждан мəселелері. Ол нəпсі, өзімшілік, мақтаншақтық, зорлық, алдау, мансапқорлық, дүниеқұмарлық, рақымсыздық сияқты жаман мінездерден аулақ болуға шақырады.

«Мейірім», «Ынсап», «Əділет»,

«Шыдам», «Шыншыл», «Харакет»,

Түп қазығы: «Ақ ниет» —

Бұл жетеуін ел қылу», —

деп жастарды ізгілікке, адамгершілікке жетелейді. Ақынның 21 жасында жазған «Жастық туралы» өлеңінің ұйқасы да, өлшемі де өзгеше. Абайдың «Сегіз аяғымен» тамырлас. Өлеңде қыз сұлулығымен қоса жастықтың алаулаған жүрек бұлқынысын, ыстық сезім, ар-инабат мəселелерін ақын əсерлі зерделейді. Өлеңнің бірінші шумағы мынадай:

Гауһардай көзі, Бұлбұлдай сөзі

Жаннан асқан бір пері.

Жүзі бар айдай, Мінезі майдай,

Өзгеден артық сол жері,

Дариядай ақыл мол еді,

Жан ғашығым сол еді.

Шəкəрім Құдайбердіұлының табиғатты жырлайтын өлеңдері — ұлы Абайдың ақындық дəстүрінен нəр алған сабақтастықты нақ айқындайтын көркемдік пен танымдық өлшемдері қатар өріліп, бүкіл шығармашылығына сəуле шашып тұратын синкретті туындылар. Бір ерекшелігі, Шəкəрім қажы табиғаты жеке-жеке пейзажды сурет кескіндері емес, барлығы да бір құдайдан жаратылғанын паш етіп тұратын тірі бүтіндік. Əсіресе ақынның «Əбден толып жарық ай», «Ақыл құсы адаспай аспандаса», «Шам жардан жарықпын деп күнəлі боп», «Тауық неге шақырар сағат сайын», «Тəңірі мен жан» сынды табиғатты жырлайтын көлемді өлеңдері жоғарыдағы ойымызды айғақтай түседі.

Адамгершілік, ар-ұждан жөніндегі Шəкəрім толғаныстарын Абайдың ой-пікірлерін əрі қарай жалғастыру, жетілдіріп дамыту үрдісі деп білу керек. Абай сияқты Шəкəрім да 1879 жылы жазылған

«Жастарға» деп аталатын өлеңінде халықты бақытқа, жақсы өмірге жеткізудің бірден-бір жолы — ғылым мен өнерде, мəдениет пен еңбекте, адалдық пен əділдікте деген ой айтады жəне қазақ жастарын соған үндейді:

Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,

Арам айла, зорлықсыз мал табалық,

Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік.

Бір білімді данышпан жан табалық.

Өлең жастарға айтылатын тілек түрінде жазылған. Бұл Абайдың салып кеткен соқпағы, Абай дəстүрі.

Өзінің алғашқы шығармаларының бірі — «Жастарға» атты өлеңінде ақын өзіне де, өзгеге де Абайды бағыт сілтеуші, жолбасшы ретінде ұсынды. Өлеңде жас ақынның сезімталдығы мен көрегендігі танылды. Сол кезде небары отыздан жаңа асқан Абайдың кемеңгерлігін, даналығын, парасатын бағалай білудің өзі Шəкəрімнің осы қасиеттерін дəлелдей түседі.

Шəкəрім Абайды көзі тірісінде жəне кейін де өз өлеңдеріне қосып жырлаған. Абай тақырыбындағы өлеңдеріне оның «Кəрілік — шал деген бір ат қылғандай», «Абай марқұм өткен соң өзіме айтқан жырларым», «Жолама қулар маңайға» деген өлеңдерін жатқызуға болады. Əсіресе ақынның элегия сарынында жазылған «Абай марқұм өткен соң өзіме айтқан жырларым» деген өлеңін ерекше атап өткен жөн. Бұл өлең — естінің сөзін ұқпас ортада өз жалғыздығын сезінуден, торығудан, Абайды сағынудан туған өлең. Осы бір өлеңді оқып отырсаңыз, ұстазы Абайға мұңын шағып, шер тарқатып тұрған Шəкəрімді көргендей боласыз.

Дарынды ақын Абайды заманның озық ойлы адамы ретінде бағалайды жəне оның терең сезімді, өткір тілді, сыншыл екендігін айтады:

Ақылы дария Абайдан,

Таусылмас қоры кен қалар.

Жақсыдан қазына пұл қалар.

Солмайтын жасыл гүл қалар.

Шəкəрімнің осы өлең шумақтарын оның өзіне де арнап айтуға болады. Себебі əдебиетіміздің солмайтын гүл дестелерінің қатарына М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, С.Торайғыров, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, М.Дулатовтармен бірге Ш.Құдайбердіұлы да қосылды емес пе?!

Шəкəрім өлеңді 8–9 жасында-ақ жаза бастайды. Бірақ бертін келе Абай өлең жаза бастаған кезде, өз ағасымен қатар жарысқысы келмей, өлеңді аз жазатын болыпты. Ақын өлеңді Абай қайтыс болғаннан кейін ғана көп жазатын болыпты.

Шəкəрімнің өзі тірі кезінде Семей қаласындағы «Ярдам» («Жəрдем») баспасынан «Қазақ айнасы» (1913 жылы, кейбір деректерде 1912 жылы) атты кітабы басылып шықты. Оған ХІХ ғасырдың 70–80-ші жылдардан бастап 1910 жылдарға дейін жазылған өлеңдері кірді.

Ақынның біздерге «Ұмытылған» деген бүркеншек атымен жазған үш томдық өлеңдерінің қолжазбалары аштық жылдарынан (1932) аман-есен қалған кіші ұлы — Ахат арқылы жетті. Осы өлеңдер топтамасында Шəкəрімнің ақындық кредосы туған елінің өсуі, өрлеуі, көркеюіне қызмет етуге, «мен жетелеп өлемін өрге қарай қазақты» деген ірі мақсатқа, мүддеге сəйкес екендігі көрсетілген.

Шəкəрім Құдайбердіұлы ақындық міндетті биік бағалай келіп, «Ақындарға» атты өлеңінде өз кредосын былай ұсынады:

Өлең айт дарын өрге өрлегендей,

Сезімді қозғап, тəтті ой кернегендей.

Жанды сөз бойды ерітіп, маужыратып,

Əлдилеп жыр бесігі тербегендей.

Қауымның қалауына тап келгендей,

Болғанын, болашағын айт көргендей.

Керістен тартып жырды жебелі оқтай,

Дəл тигіз қалағанға қас мергендей.

Сүйсініп ақынға елі мəн бергендей,

Өлеңмен өміріне сəн бергендей.

Қадалып жүрегіне ақ қанжардай,

Оятсын ойкүйезді жан бергендей.

 Ерікті билеп алсын айтылған жыр,

Сырты — гүл, жарасымды, ішінде сыр.

Жаныңның лəззат алар жарығындай,

Мəңгілік өшпейтұғын төгілсін нұр.

 Үйіріліп көкейіне ұйып жатсын,

Тазартып жүрек кірін жуып жатсын.

Қаңсыған шөл даланы қанықтырып,

Жыр тасып, дариядай құйып жатсын.

 Арыңның болсын өлең айнасындай,

Көрікті, көптің ортақ пайдасындай.

Жосылып жатсын артта жортқан жолы,

Арынды асқақ өзеннің арнасындай.

Сонымен, Шəкəрім поэзиясы интеллектуалдық тереңдігімен, байсалды, сазды үнімен, табиғи сұлулығымен, нақтылығымен баурайды. Оның өлеңдерін саралап оқыған оқырман ақынның терең əлеуметтік-психологиялық, тəрбиелік-теологиялық проблемаларды көтеріп отырғанын бірден-ақ ұғынады. Шəкəрім поэзиясының құндылығы — осындай жаңа, қуатты идеяларды астарлап болса да жеткізе білуінде.

Поэма жанрында жемісті еңбек етуі

Шəкəрім Құдайбердіұлының поэма жазу үлгісі — қазақ əдебиетінде шоқтығы биік тұрған, жаңа бір сапаны аңғартатын тың дүниелер. Поэмалары тақырыптық құрылымы жағынан айрықша. Өзінің шығармаларында ол ескі салт-дəстүр, əдет-ғұрып түсініктен туатын əлеуметтік теңсіздік мəселесін көтерген.

«Қалқаман–Мамыр», «Еңлік–Кебек», «Қодардың өлімі»,«Нартайлақ пен Айсұлу»,«Ұмытылғанның өмірі» поэмалары — соның көрінісі. Ақын философиялық ой-толғаныстарын осы поэмалар арқылы береді.

«Қалқаман–Мамыр» мен «Еңлік–Кебек» поэмалары 1912 жылы жеке-жеке кітап болып жарық көрді. «Қалқаман–Мамыр» поэмасын Шəкəрім «Қазақ тілінде тарихи хикая» деп атап «Ұмытылған» деген бүркеніш лақап атпен жариялаған. Бұл шығармада махаббат, бас бостандығы əңгімесіне тарихи фон етіп қазақ халқының «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» аталатын Отан соғысын алуында ұлт тағдыры мен жеке адам тағдыры арасындағы орайластықты табуға деген алғашқы талпыныс барлығы сөзсіз.

Заман шындығы поэманың өн бойында айқын көрінеді:

Мың жеті жүз жиырма үшінші жыл

Қазақ, қалмақ атысқан, мұны да біл, —

 Осы жол — бар қазаққа белгілі жол

«Ақтабан шұбырынды» дегенің сол, —деп, немесе дейді.

Поэманың басты кейіпкерлері — жас жігіт Қалқаман мен ару қыз Мамыр. Олар бір-біріне ғашық болып, қосылады. Алайда олардың тағдырына зұлым қара күш араласады. Ескі салт-сананы қуаттаушылар, рушылдық қоғам өкілдері жастардың бір рудан шыққандығын, «дəстүр бұзып» некеленгенін сылтау етіп қуғындайды. Елін сағынып төркіндеп келе жатқан Мамырды қатыгез туысы Көкенай садақ оғымен дəл жүректен атады. Жазықсыз жап-жас ару мінезі қатты, рақымсыз Көкенай садағаның оғынан жан тапсырар алдында «ісім жөн, қөнілім хақ» дей келіп, «мойныңа менің қаным халал болсын! Болма енді Қалқаманның қанына ортақ, өлтіртпе, тілегім сол, екі қан ауыр болар бір өзіңе, айырған екі асықты оңа ма екен, деп тұрсың алғыс айтар кім өзіңе», — деген ауыр сөздермен зұлымдық қаһарын қайырмақ болады. Қалқаман амандығын тілейді, алайда қоқаңдаған өңкей билер Қалқаманды да ұстап алып, өлтірмекші болады. Бұл арада рулар шуласуын, шиеленісін, адам құрбанысыз тарқатуға бітім іздеген Бабаң қарттың жан күйзелісі нанымды баяндалады. Бабаң «Қалқаман жүйрік атпен шауып өтсін, Көкенай сонда атсын, өлтірсе, оғы тисе, өзі айтқан жол, аман кетсе, түк те жоқ, бітімі сол», — деген шартты айтады. Шарт орындау кезінде Көкенай атқан садақ оғы Қалқаманның оң жақ қара санына өтеді де, аман қалады. Оның аман қалғанына жастар қуанып, тойламақ болып бір төбеде жарасын таңып жалғыз отырған Қалқаманды елге жүр деп шақырады.

«Аямай елім оққа байлаған соң, кетер ме өлгенімше іштен зарым» деп Қалқаман сұмдығы, озбырлығы мол Тобықты елін тастап, Бұқара жаққа жөнеліп, сол жақта өсіп-өніп, ұрпағы үлкен қауым болады. Поэмада өмір тауқыметіне, озбырлыққа, өктемдікке, қиындық, кедергілерге мойымай, қасқая қарсы тұрып, еркіндік аңсап, өз еңбегі арқылы өсіп-өнген Қалқаман образы жасалған, жастарға үлгі етілген [3].

Шəкəрімнің «Еңлік-Кебек» дастаны тікелей Абайдың тапсыруымен жазылған. Ұлы ұстаз Еңлік пен Кебек арасындағы оқиғаны өлеңмен жырлап шығуды Шəкəрім мен Мағауия ақынға қатар тапсырады. Соның нəтижесінде ғашықтық туралы екі дастан өмірге келеді. Кезінде Абай екі дастанды салыстырып, əрқайсысына лайықты баға берген.

«Еңлік-Кебек» поэмасының алғашқы нұсқасы «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз» деген атпен 1892 жылы «Дала уалаяты» газетінің 31–39 сандарында басылған. Бұл поэма 1900 жылы «Дала уалаяты» газетінде «Қазақтың тұрмысынан хикая» деген атпен қайта басылды. Мұнда мазмұны, сюжеттік желісі бұрынғы қалпында қалған. Тек адам, жер-су аттары өзгерген. Поэмаға ақын қысқа кіріспе жазған:

Өткен адам болады көзден таса,

Өлді, өтті, оны ешкім ойламаса,

Ол кетсе де белгісі жоғалмайды,

Керектісін ескеріп, ұмытпаса.

 Ақыл деген денеге егулі дəн

Суғарылса кіреді оған да жан.

Ақылдың өсіп-өніп зораймағы –

Көрген-білген нəрседен ғибрат алған.

 Естіп-біліп, көз көріп, ойға салмақ,

Өткен істен адамзат бір үлгі алмақ.

Қызықпақ, не жек көрмек, жиіркенбек,

Бастан кешкен əр істен белгі қалмақ.

Поэманың мазмұнына көз жүгіртсек, Тобықты руында Кебек деген батыр болады. 20-ға келгенде жас батыр атырапқа аты жайылған Нысан абызға келіп болашағына бал аштырады. Арада бірнеше жыл өткен соң, абыздың айтқаны дəл келеді. Аң қуып, боранда адасқан Кебек Қаражартастың түбінде Шыңғыстың шақпақ тастарынан малына ықтасын жасап, киіз үйде отырған Найман руынан шыққан Еңлік атты арумен танысады. Жас батыр қызға құлай ғашық болады. Ақырында қызды Кебек батыр алып қашады. Тобықты мен Найман арасында жанжал, барымта басталады. Дауласқан екі ру биге жүгінеді. Тас бауыр билер Кебек пен Еңлікті ат құйрығына байлап өлтіртеді. Тауда төрт айлық бала шырқырап жылап қалады.

«Еңлік-Кебек» поэмасы негізінде М.Əуезов осы аттас трагедиясын жазды. Мұхтар Əуезовтің бірінші рет өзі қойған «Еңлік-Кебек» пьесасында рольдерді орындағандар — Абай мен Əуездің ұрпақтары. Еңлік пен Кебек қайғылы оқиғасын Абай аузынан естіп, бүкіл қазақ даласына кең таралған дастан жазған Шəкəрім жас Мұхтардың кеңесшісі болған екен. Əсіресе билер айтысын қатал бақылап, көптеген түзетулер енгізіпті.

Шəкəрім Құдайбердіұлының «Қалқаман-Мамыр» жəне «Еңлік-Кебек» поэмалары идеялық- көркемдік мазмұны жағынан ХХ ғасырдың басындағы қазақ əдебиетінің үздік шығармалары қатарына жатады. Бұларда ақынның демократиялық, халықтық жəне гуманистік көзқарасы бейнеленген. Ақын жас жүректердің жарқын да қайғылы махаббаты туралы жырлай отырып, бас бостандығы идеясын алға тартады, оның мұраттары үшін күреске шақырады.

Шəкəрім творчествосындағы тағы бір көркем шығарма — «Нартайлақ пен Айсұлу» поэмасы. Бұл дастанда оқиғалар қазақ өмірінің салт-дəстүрі, күйбің тіршілік, жер-су аттары, жеке адамның жетілуіне, сүйіспеншілікке тосқауыл, өлім, зұлымдық əрекеттер мен адамның дұрыс жолына келтірген кедергілер мен бөгеттер аясында өрбиді. Шығармада əке-шешесінен жетім қалған апалы- сіңлілі Айсұлу, Нұрсұлудың қайғылы тағдыры, еріксіз ұзатылуы, көрген қорлықтары, ізгі жүректі Нартайлақтың оларға көмектесуі əңгімеленеді. Поэмада ақ ниетті, адамшылығы мол Томан бейнесі тамаша суреттелген:

Бір күң бар Балқыбекте Томан деген,

Күн сайын сөгіс естіп таяқ жеген.

Отауда жалғыз жатқан Айсұлуды

Еш адам одан басқа елемеген.

Томанды зорлық пен зомбылық, қара ниетті іс-əрекеттер де жаншылта алмайды. Айсұлудың аманат қылған баласын Нартайлаққа тапсырады [4; 23, 24].

Сонымен Шəкəрім Құдайбердіұлы поэмаларының ұлттық нəрі жағынан Абайдан кейін ерекше көзге түскен ақын. Оның дастандарына шыншылдық, суреткерлік, терең психологизм, философиялық ой-тұжырым кеңдігі тəн болып келеді. Сондықтан да ақынның «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек»,

«Нартайлақ пен Айсұлу», «Қодардың өлімі» атты кең тынысты эпикалық поэма-дастандары ұлттық əдебиетіміздің інжу-маржандары болып толық саналады.

Көркем проза саласына үлес қосуы

Шəкəрім Құдайбердіұлы көркем проза саласында да елеулі мұра қалдырды. Ол 1925 жылы «Əділ-Мария» атты роман жазды.

Шығармада қазақ ауылының 1910 жылдардағы өмірі қамтылған. Роман бас бостандығына ұмтылыс, əйел теңдігі сияқты мəселелерге үн қосқан құнды туынды. Шығармада Əділ мен Мария атты ғашық жастардың өмірі бейнеленген. Кезінде ұлы Абай бастаған реалистік əдебиетке тек шыншылдық, суреткерлік қасиет бұл шығарманың бойына мол сіңірілген. Абай өлеңдерінде бейнеленетін табиғаттың əсем көркі, ауыл мен даланың күнделікті қам-қарекеті романда көркем өрнекпен зерленген.

Шəкəрімнің көлемі шағын болса да, мазмұны терең «Бəйшешек бақшасы», «Шын бақыттың айнасы», «Мəнді сөздер» атты прозалық миниатюраларын ерекше атап өткен жөн. «Бəйшешек бақшасы» деп аталатын əңгімелер топтамасы ойшыл қаламгердің білімі толысқан, əлем əдебиетінің жауһарларынан мол сусындаған кезінде жазылған сияқты. Өйткені бұл топтамаға енген шығармалардың бірқатарының сюжеттік желілерінің ертеректегі Шығыс əдебиетінен алынғаны байқалады. Бұл кезде ақын араб жəне парсы тілдерін жете меңгерудің нəтижесінде Шығыс əдебиетінен жан-жақты хабардар болған. Араб, парсы, түрік тілдерін жетік білгендіктен, ол осы халықтардың ғасырлар бойы қалыптасқан қазыналарына еркін бойлап, солардың озық үлгілерін қазақшаға аударып, халқының игілігіне айналдырды.

Шəкəрімнің өмірлік мəні жағынан да, жазылу стилі жағынан да оқшаулау тұрғаны «Шын бақыттың айнасы» атты шығармасы. Белгілі ғалым, профессор Балтабай Əбдіғазиұлы осы шығарма туралы өз ойын былай түсіндіреді: «Жалпы табиғаттағы даму процесі тəрізді адам өмірі де жоқтан барға, аздан көпке, кішіден үлкенге қарай ұмтылған тынымсыз керуен іспетті ғой. Балалық шақ, жастық кезең, бозбала, жігіт ағасы, т.с.с. болып жалғасып жатқан ағынды дүние. Əр кезеңнің өз қызығы, өз таным-түсінігі бар. «Шын бақтың айнасындағы» оқиға желісі де, міне, осы заңдылық бойынша өрбиді. Айта кететін бір мəселе, Шəкəрімнің 1988 жылы жарық көрген шығармалар жинағында «Шын бақыттың айнасы» деген тақырыппен берілген осы туындының дұрыс атауы, біздіңше, «Шын бақтың айнасы» тəрізді.

Өйткені Шəкəрімнің шығармашылығы туралы ғылыми еңбектерде, ең бастысы, Шəкəрімнің өз қолданысында да соңғы атау жиі аталады.

«Шын бақтың айнасында» тек қана Шəкəрімнің жеке өмірі емес, сол кезеңнің тұтас психологиясы бейнеленеді. Қоғамның, ондағы адамдардың тұтас та толық суреті көз алдымызға келеді. Соларға қарай отырып, адамгершілік, мораль, имандылық туралы тағы да ойға батамыз» [5].

Шəкəрімнің «Мəнді сөздер» деп аталатын шағын прозалық туындысын жазу барысында, əрине, Абайдың «Қара сөздерінің» ықпалы болғаны анық. Мұнда автор өз ойларын афоризм түрінде өрнектейді:

  1. Өтіріктен тілін тыя алмаған адам арамдықтан ындынын тыя алмас.
  2. Мен зияны тиер деп күдіктенген кісіме — жылы жүзбен күле қараймын. Мұным —пішініммен айтқан өтірік.
  1. Адам баласы зиянкес болғандықтан, амалсыз талай осындай іс істеледі.
  2. Адам топ əскерді алдап, өлімге апар алса да, өзіне зұлымдықты қойғыза алмайды.
  3. Мен тарыдай жақсылық қылсам, таудай зұлымдылығымды жасырғалы қылам. Сөйтіп жүріп, адам танудан ұялмаймын.
  1. Адамдар — мал, мақтан үшін соғысып, өзі жек көретін өлімге жанын тапсырады.
  2. Сақ адам сандығын бекіте алады.
  3. Есті адам тілін тыя алады. Бірақ ешкім ойын тыя алмайды.
  4. Бас көзі жұмылады, көңіл көзі жұмылмайды. Бəріне қанағат қыл да, адал еңбек қыл. 11.Ешкімге ерік қақпасы ашылған жоқ.
  • .Қызыл гүлге қызығып сайраған бұлбұл гүл соларын білгенде сорламай қайтсін.
  • .Егер ақылым да, жаным да біржола жоғалатын болса, мен — жанып өшкен отпын. Дүниені өртесем де, ешкім мені жазалай алмайды,
  • .Дүниеде сыры өзімен бірге көмілетін адам бар ма екен?
  • .Терең ой, түзу тəжірибеге бар адам ғайыптан хабар береді. Əулие дегені сол болса керек. Дүниеге қызығатын көзімді топырақ баспай тұрып, бейнеттен құтыла алмаймын, осынша тəтті көретін өмірден татпай тұрып ащы деген өлім жақсы болса керек.

17.Адамнан жаман жанды жоқ, мені жамандаған кісі өзінен жаман қыла ала ма? 18.Тəтті сөз тауып айта алмайтын ақын, мені неге күндейсің?

  • .Мені сен, сені мен жаратқам жоқ қой!
  • .Шынның дуанасы өнерсіз мақтаншақтың басын он тиынға алмаймын.
  • .Жоқтың егіндігіне бір бидай еге алмасаң, барлық қырманнан жалғыз арпа да ала алмассың! Молдалар: «Жан денеден шыққанда қатты қайғырады», — дейді. Өтірік айтады, неге десеңіз: жан ақылмен бірге шығатын болса, дене тұтқынынан құтылғанына қуанса керек. Егер ақыл жоғалатын болса, қайғыруды білмесе керек.
  • .Дүниенің қайғысы ақ жауындай үзілмей жауса да, қуаныш анда-санда найзағайдай жарқ етеді де өшеді, бұл неліктен? Бұл адам баласының қиянатының көптігі — мейірімінің аздығынан.
  • .Зор дұшпаннан қандай сақтансаң, ұзақ жаудан сондай сақтан.
  • .Арыстан көрнеу келеді. Қара құрт пен шаян жасырынып шақса да, уыты аса зиянды.
  • .Осы өмірден басқа өмір жоқ болатын болса, жаралыспен жағаласып, адамдармен арпалысып өмір сүргенше, жасамаған артық емес пе?

«Мəнді сөздер» Абайдың қарасөздері секілді еркін стильде жазылғанын көріп отырмыз. Эссе түрінде жазылған осы шығармада халық өмірінің үздіксіз көш-керуенінің өне бойынан лағыл тастардай теріп алынған осынау асыл ой түйіндері ойшыл қаламгердің жүрек таразысынан өтіп қысқа-қысқа афоризмге бергісіз сөз маржандары болып төгіледі.

Халқын əлемдік мəдениет үлгілерімен таныстыру бағытындағы қызметі

Шəкəрім — өзінің əлемдік танымымен айқын көрінетін демократ, ағартушы, насихаттаушы, өз заманындағы озық идеялы тұлға. Ол батыс еуропалық жəне орыстың революциялық-демократиялық философиясымен, ағартушылықтың барлық бағыттарымен, Батыс пен Шығыстың көркем мəдениетімен жақсы таныс болды. Сондықтан ол қазақ халқын əлемдік мəдениет үлгілерімен таныстыру бағытындағы қызметін өте жемісті жүргізе алды.

Шəкəрімнің осы тұрғыдағы еңбегін үш салаға бөліп қарауға болады. Оның бірі ақынның əлем əдебиетінің озық ойлы өкілдерін өз өлеңдерінде насихаттап отыруы десек, екіншісі оның Л.Н.Толстой сияқты заңғар қаламгермен тікелей хат алысып, шығармашылық байланыста жүруі. Ал үшінші сала — Шəкəрімнің өзге елдер əдебиетінің үлгілі шығармаларын қазақшаға аударуы. Шəкəрім Шығыстың Қожа Хафиз, Физули, Науаи секілді жарық жұлдыздарын, А.С.Пушкин мен Л.Н.Толстойды қастерледі. Əйгілі «Лəйлі-Мəжнүн» дастанының Физули жырлаған нұсқасын қазақша жырлап берді. Хафиздің бірқатар өлеңдерін, А.С.Пушкиннің «Дубровский», «Боран» атты шығармаларын, Л.Н.Толстойдың алты əңгімесін, американ жазушысы Гарриэт Бичер Стоудың «Том ағайдың балағаны» атты романын аударды.

Абай өлген соң Шəкəрім өз ұстазының өнегелі дəстүрлерін одан əрі жалғастыруға ұмтылады.

Оның Лев Толстой творчествосына деген құмарлығы да осы жылдардың үлесінде.

Л.Н.Толстойдың «Три сказки» деп аталатын бір жинағы 1903 жылы, Абай заманында жарық көрген. Шəкəрім осы кітаптан «Асархидон патша», «Үш сауал» хикаяларының негізгі желісін сақтай отырып, қазақ ұғымына жақын етіп өлеңмен аударған.

Ақын жиырмасыншы жылдары Толстойдың басқа шығармаларын да аудара бастаған. Орыс халқының ұлы ойшылының көзқарастырының халық үшін, жеке адам үшін маңыздылығын жан- тəнімен түсінген Шəкəрім:

... Танбаймын, шəкіртімін Толстойдың,

Алдампаз, арам сопы кəпір қойдың.

Жанымен сүйді əділет ардың жолын,

Сондықтан ол иесі терең ойдың.

Толстой кəпір емес, кəпір өзің,

Дін емес, бəрі алдау айтқан сөзің.

Көңілің соқыр, надансың, бейлің қара, 

Нұр жарығын қалайша көрсін көзің?!

Көнбеймін дінді теріс бұрғанына.

Сопының бара қойман құрбанына.

Ақиқат сырымды айтсам –

Толстойдың Мың сопыны алмайтын тырнағына... —

деп, адамның ішкі рухани еркіндігін жоғары қойған Толстойдың көзқарасын өте жоғары бағалап, өзі осы жолда Толстойды ұстаз тұтқан еді.

Шəкəрім Толстоймен хат алысып тұрыпты деген сөз ел арасында бүгінге дейін аңыз болып айтылады. Қазақтың кемеңгер ақыны орыстың ұлы жазушысымен хат жазысып, пікір алмасқанын кейінгі жылдары С.Ақатай, Ғ.Есім, Ғ.Боқаш, тағы басқа ғалым-зертеушілер талдап-таразылап жүр.

Ал кейбір білеміз дейтіндер Толстой өкпе ауруына шалдығып, науқастанып қалғанда Шəкəрім оны қазақ сахарасына келіп, қымыз ішіп, емделіп қайтуға шақырған деседі. Тіпті, оны айтасыз, соған орай бұл осындай тілекпен сонау бір қиырдағы Ясная Полянада жатқан графқа өзінің шабарманын арнайы жіберген де көрінеді. Қалай болған да, Толстой алыстағы Шыңғыстауға жете алмағанмен, Шəкəрімнің ақылымен башқұрт еліне барып, қымыз ішіп емделгені тарихи шындық [6].

Ақын қазақ халқын орыс мəдениетіне жақындастыру процесіне белсене кіріседі:

Оятқан мені ерте — Шығыс жыры,

Айнадай айқын болды əлем сыры.

Талпынып орыс тілін үйренумен,

Надандықтың тазарып кетті кірі, —

деп жырлайды ақын бір өлеңінде. Жалпы, қазақ ақынының өлең мəдениетіне жетік болуы Шығыс жəне орыстың классикалық поэзиясымен жете таныстығын аңғартса керек. Абай өнегесі арқылы жас кезінде-ақ Пушкин, Лермонтов, Некрасов лирикасын құлағына сіңіріп өскен жас талант бертін келе, сол алыптар ауылына өзі де барып, өнімді олжа тауып қайтады.

Шəкəрімнің көркем аудармада ұстаған жолы — үлкен рухани тəжірибе, тағлым, үлгі. 1924 жылы Семей қаласында «Дубровскийдің əңгімесі», ал 1936 жылы Алматының «Əдебиет майданы» журналында «Боран» («Метель») аудармалары басылып шығады (екеуі де Пушкиннің шығармалары). Сөйтіп, қазақ қаламгері əдеби ерлік жасады. Шəкəрім «Дубровский əңгімесін» бастамастан бұрын

«Сөз алдынан» деп 124 жол кіріспе береді. Шығыс классиктерінде мұншалықты кіріспе кейде тарау- тарауға түсіп, ұзаңқырап кететіні де бар. Шəкəрім оған бармай тура жолды таңдап алады, яғни не себепті қолға алғанын, осы сөздің қазаққа керектігін, кімнен, қалай қабылдарын қысқаша баян ете кетеді.

Осы сөзін айтты деп кейбір қауым,

Ұрмай соқпай болар-ақ менің жауым.

Нені айтты деп сұрамас, кім айтты дер,

Білмей жүріп өзінің ауру-сауын, —дейді ақын кіріспе сөзінің аяқ жағында. Демек, ол «Дубровский əңгімесіне» оқушысын алдын ала дайындап алады.

«Дубровский» Пушкинде 19 тараудан тұрады. Шəкəрім сол тараулардың ізімен жүріп отырады, артық-ауыс кетпейді. Пушкиннің «Дубровскийі» он тоғызыншы тараумен, яғни Дубровскийдің шет елге өтіп кетуімен, тамамдалады. Шəкəрімнің қолынан шыққан «Дубровскийдің əңгімесі»:

Кетті де заграница — бөтен елге,

Жайылды қызыл өсек талай жерге.

Жаны ашыр ма, ақылы жанасар ма,

Біздің қазақ сорлының бұндай ерге?

Залым кім, парақор кім, жазасыз кім?

Қайсысы ақ жүректі, қайсысы сұм?

Кекті кім, кекті жеңіп көшірген кім?

Білдің бе күшті екенін махабаттың? —

деген сөздермен бітеді. Сөйтіп, ХХ ғасыр басында əлемдік пушкинианаға тыңнан келіп қосылған қазақ дастанын жаңа қырынан байытты. Бір сөзбен айтқанда, Шəкəрім жазған «Дубровский əңгімесі» Пушкин хикаятының аудармасы емес, соның қайта қазақша өлеңмен жырланған формасы [7].

Шəкəрім — Шығыс елдерін көп аралаған адам. Алып Азияның бірнеше ірі қалаларында болып, олардағы дүниежүзілік кітапханаларда білім нəрін бойына жинап, санасына сіңіре түскен. Мысалы, Шəкəрім қажы Иранның үлкен кітаптарының бірі «Авестаны», соның негізінде қаланған зороастризм дінінен, бастаушысы Заратуштрадан хабары мол болған. Ал, «Қорқыт, Қожа Хафиз түсіме енді де» деп басталатын өлеңіне əндер шығарғанын көрдім» деп жазады баласы Ахат Шəкəрімұлы [8].

Əкесінің бай кітапханасы жайлы Ахат Шəкəрімұлы мынандай деректер берген. Қажы атамыз кітаптарына адал қарап, өте мұқият болыпты. Жыл сайын кітаптарын тазалықтан өткізіп отырыпты. Құран, Інжіл, Таурат, Забур, «Мың бір түннің» барлық томдары, Будда, зороастризм діндері жайлы кітаптар, тарихқа, философияға байланысты шығармалар, Аристотель, Платон, Сократ, Авиценна, Ұлықбек, Шопенгауэр, Кант, Луи Пастер, Гомер поэмалары, Байрон, Щедрин, Крылов, Гоголь, Некрасов, Пушкин, Лермонтов, Толстой, Фирдоуси, Науаи, Сағди, Низами, Физули секілді даңқтылардың дастандарын Шəкəрім қажы көз қарашығындай сақтаған. Солардың бəрі 1931 жылы надандардың жауыз колымен отқа оранып кете барған [9].

Шəкəрімнің Шығыс алыптарымен жарысқа түскенде көтерілген жаңа биігі, жаңа тауы — ол «Лəйлі-Мəжнүн» дастаны. Бұл поэмасын ақын 1907 жылы жазған. Поэманың кіріспе алғы сөзі «Шолпан» журналында да, С.Сейфуллин бастырған кітапшада да жазылмай келген. Алты кіріспе өлеңнің бір жерінде Шəкəрім былай дейді:

Бұрынғы бəйітшіні білемісің,

Мен айтсам, оны кім деп күлемісің.

Сабырбай, Жанақ, Шөже, Кеншімбай деп,

Түк білмей онан өзге жүремісің.

Науаи, Сағди, Шамши, Фзули бар,

Сайхали, Қожа Хафиз, Фердаусилар.

Бəйітші елден асқан шешен болып,

Əлемге сөздің нұрын жайған солар.

Мəжнүннің Лəйліменен аз жұмысы.

Əні сол шын ғашықтың қылған ісі,

Бұлардың əфсанасын жазған адам –

Фзули Бағдади деген кісі.

Шəкəрімнің айтуына қарағанда, «Лəйлі-Мəжнүн» əңгімесін Шығыстың бірнеше ақындары жазған, араб тілінде айтылып жүрген əңгіме сияқты. Солардың бəрін оқыған Шəкəрім қазақтың өзіне лайықты «Лəйлі-Мəжнүнін» жазған көрінеді.

Бұл поэманы жарыққа шығарған қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Əуезов. Ол 1922 жылдың соңында Орынбордағы лауазымды қызметіне қолды сілтеп, Ташкентке кетіп қалған. Келген бойда Орта Азия университетіне еркін тыңдаушы болып қабылданып, əрі сол кезде енді құрылған

«Шолпан» журналын шығарысуға қызу кірісіп кеткені белгілі фактілер.

«1923–24 жылдары, — дейді ұлы жазушының ағасы Разақ Самарханұлы, — Мұхаңның жазғандары елге тарап, беделі мейлінше шырқаған шақ. Кездескенде үлкен де, кіші де сөзін тыңдайтын, құрметтеп, сыйлайтын дəрежеге жеткен».

Үлкен-кіші «құрметтеп, сыйлайтын дəрежеге жетті» деген Разақтың сөзі мынадай оқиғаны да еске салады. Ташкентке сапары алдында Мұхтар туған еліне келгенінде жерлестері қошеметпен қарсы алып, жолыңа деп қаражат жағын да жинасады. Үлкендер арасынан Шəкəрім ақ батасын берген екен. Ол өзінің ең көлемді туындысы — «Лəйлі-Мəжнүнді» Мұхтардың қолына ұстатып тұрып, «дастанды жарыққа шығар, қалқам, ал қаламақысын өзің пайдалан, менің жолыңа көмегім осы» деп табыстапты деседі. Бұл шығарма Ташкентте шығып тұрған «Шолпан» журналында жарық көреді [10]. Ал, 1935 жылы Сəкен Сейфуллиннің басшылығымен кіріспе сөзі жазылған «Лəйлі мен Мəжнүн» поэмасы жеке кітап болып басылып шықты.

Қорытындылай айтқанда, «Лəйлі-Мəжнүн» дастаны он бір буынды, астарлы, поэтикалық сөз қолданыстар мен бейнелі оралымдарға бай туынды. Сондықтан да Шəкəрімнің басқа поэмаларына тоқтап жатпай-ақ, осы шығарманы алғанның өзінде, оның ақындық тұлғасы аса іріленіп, біздің поэзиямыздың тарихын да ірілендірді.

Философ, тарихшы, ойшыл ретінде танылуы

Шəкəрім Құдайбердіұлының философ, тарихшы, ойшыл ретінде танылуына себепкер болған «Үш анық», «Мұсылмандық шарты», «Түрік, қырғыз, қазақ һəм хандар шежіресі» атты еңбектері кезінде жеке-жеке басылып шықты. Олардың жазылуына ақынның ұлы ұстазы Абайдың ықпалы аз болмаған.

Шəкəрім «Үш анық» деп аталатын философиялық трактатын жазуға даярлықты 1898 жылдан бастап кірісіп, отыз жылдай ізденіп, жиған-тергенін өз ой көрігінен өткізіп қорытындыны 1928 жылы аяқтаған. Сол кезде Ресейдің, Еуропа елдерінің баспа сөздерінде спиритизм, телепатия сияқты мəселелерді идеалистік тұрғыдан түсіндіретін көптеген материалдар басылғаны белгілі. ХІХ ғасырдың аяғы — ХХ ғасырдың басында гипноз, телепатия құбылыстарын идеалистік тұрғыдан түсіндіру əбден мүмкін еді. Ол кез түгілі, қазіргі ғылымның шарықтаған мезгілі — ХХІ ғасырдың басында да экстрасенстік, телепатиялық құбылыстарды материалистік тұрғыдан түсіндіру толық шешімін тапқан жоқ.

Шəкəрім «Үш анық» деген еңбегінде Еуропа, Ресей баспа сөздеріндегі телепатия, спиритизм жөніндегі материалдарға сүйене отырып, біріншіден, затшылдық ғылым жолындағы таным мен, екіншіден, дін жолындағы теологтардың дүниетанымы бірінші, екінші анық деп көрсетеді. Осыдан кейін өзі ғұмыр бойы шарқ ұрып ізденіп тапқан жолы үшінші анықты ұсынады. Ол үшінші анығы Абайда кеңінен сөз болған мораль философиясындағы жан құмарына барып ұштасатын ұждан туралы күрделі проблеманы көтереді. Мұнысы Шəкəрімнің ұзақ жылдары созылған ғылыми- творчестволық ізденіс үстінде келіп туған ой қорытындысы ретінде берілетін негізгі ой тезисі:

Еңбекпенен, өрнекпенен

Өнер ойға тоқылса,

Жайнар көңіл, қайнар өмір

Ар ілімі оқылса,

деп тұжырымдалған танымда жатыр. Яғни Шəкəрімнің «Үш анықтағы» мақсаты ар түзейтін бір ғылымды табу болғандықтан, өмір бойы осы жолда ізденген [11].

Шəкəрім Құдайбердіұлының арманы дүниені, ортаны, ақиқатты бос көзбен көрмей, ақыл көзімен көру еді. Өзінің «Үш анығындағы» мəселе — адам өмірі, оның дүниемен тұтастығы. Яғни өлім соңында тіршілік бар. Ол — ұждан: «Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді... Өлімнен соң бір түрлі тіршілік бар. Екі өмірге де керекті іс — ұждан. Ұждан дегеніміз — ынсап, əділет, мейірім» [12].

Сонымен, үшінші анық — ұждансыз — адамды елестету мүмкін емес. Себебі ол адамның ішкі рухани əлемі болып саналады. Бұл адамның тірі өміріндегі адамгершілігі, парасаттылығы, ұрпағына деген білімі мен табысты тəрбиесі.

Жаныңа қызық жалғанда,

Неменең қалды арманда.

Бұл жалғанда не серік,

Тəңірі алдына барғанда, —

деп толғанған дана ойшыл. Немесе

Несін сүй, несін сүйме ерік өзіңде,

Нəпсің де ақылың да тұр көзіңде.

Сынау үшін жаратқан бір Иең бар,

Тексерілмей қалмайсың бір кезінде,

деп Шəкəрім бабамыз Тəңір алдындағы дұрыс жол ар-ұждан екендігін ашық айтқан. Жəне ұждансыз адамның жүрегін ешбір ғылым, ешбір өнер тазарта алмайды деп өз ойын түйіндейді.

Кемеңгер ойшыл өз заманының озық əдебиетімен, əлеуметтік, философиялық ой-тұжырым- дарымен жете таныс, жан-жақты білімді адам болғанын айта кету керек. Оның:

Философ сөзін оқыдым,

Талайын ойға тоқыдым.

Кітабын да көргемін

Əулие мен сопының, —деп айтуы шындық сөз.

Шəкəрім шығармалары ойлау операцияларына тікелей ықпал етеді. Оның идеялық мазмұны азаматтық сапаларды дамытады, интеллектуалды даму бағытына жол салатындай болып келеді. Осындай ғұлама жазбаларынан, ақынның еңбектерінен оқытумен тəрбиенің барлық принциптерін таба отырып, халық ұстазы болғандығын байқау қиын емес.

Іздедім, таптым анығын,

Тастадым ескі танығын.

Ақиқат нұрдың жарығын

Жарылды жүрек көргенде, —

деп, басқа елдерге саяхат шегумен білім мен өнерге сусап барған ойшыл дарын Шығыс жəне Батыстан, орыстың классик əдебиеттерінен зерделі білім нұрын алған. Осылайша көркем шығарма саласында өзінің ізгілікті ойларын халқына деген ақ, адал ниеттерін поэзия арқылы өрнектейді.

Шəкəрімнің тұжырымдарының ішінде ерекше орын алатыны — дүниетаным мəселелері жөніндегі ой-пікірлері. Оның ойынша, дүниені танып-білу үшін ақыл керек, ғылым керек. Тек дене сезімі шын білім бере алмайтындығын дəлелдейді:

Дене сезіміне нанба! Сағым су ма екен?

Барын көрсең таяу бар сол маңға.

................................................

Радийді бұрын біліп пе ең,

Электр ұстап көріп пе ең?

Бəрін де тапқан таза ақыл

Аспанда ұшып жүріп пе ең? — дейді.

Шəкəрімнің творчествосы философиялық толғауларға бай. Мысалы, ақын өмір туралы философиялық ойларын былай деп тұжырымдайды:

Үш-ақ түрлі өмір бар; бəрі де мас,

Бір рəуішті болады шал менен жас.

Ең керекті дегенің — ортаншы өмір,

Түгел қолың жетпейтін бір жанталас.

Қапы өткізбе сол кездің бір сағатын,

Өкініші қалмайды, кетсе ағатың.

Күні-түні дей гөрме, ғылым ізде,

Қалсын десең артыңда адам атың.

Өмірдің басы — бала, ортасы — адам,

Қартайып, шал болған соң кетті шамаң.

Мақтап жүрген өмірің осы болса,

Үш-ақ ауыз өлеңмен болды тамам.

Сонымен, ақын бұл өлеңінде адам өміріне «ортаншы өмір» деген ұғымды қолданады. Бұл — адамның жастық шақ пен кəріліктің арасындағы белсенді өмірі. Шəкəрімнің айтуынша, міне, осы жылдары уақытыңды босқа өткізбей, ғылымға үңілсең, одан өзіңе керек қазынаны тауып ала білсең— өмірлік мұратыңа жеткенің. Бас-аяғы үш шумақтан тұратын өлеңнің идеясы — адам баласын, Абай айтқандай, «ержеткен соң түспеді уысыма» деп өкініште қалдырмау.

Өз заманында Шəкəрімнің сахара халқымен рухани байланыста болуына баспасөздің ықпалы зор болды. Шəкəрімнің баспасөз беттерінде халыққа танымдық философиялық тұрғыдан ықпал жасаған, ой салған бірнеше мақалалары жарық көрді. 1912 жылы «Айқап» журналында ол: «Білімділерден бес түрлі сөздің шешуін сұраймын, бес сауал мынау:

  1. Алланың адамды жаратқандағы мақсұты не?
  2. Адамға тіршіліктің ең керегі не үшін?
  3. Адамға өлген соң мейлі не жөнінен болсын рахат-бейнет (сауап, азап) бар ма?
  4. Ең жақсы адам не қылған кісі?
  5. Замана өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма? Қай түрлі жауап берсеңіз де дəлеліңіз не? — деп жазды.

Шəкəрім сонау 1912 жылы білімділерге қойған сауалдарында өзінің «философия жағына салынып» жауаптар іздегенін жасырмайды. Жан сыры, жаратушы міндеті, дін сыры, адамның ары,əдеті, нанымы, құмары, нысабы, тағы басқа жөнінде «қырықтан аса бергенінде» ой кешіп, Абай секілді дүние сырына үңілуге бет бұрғанын ашық айтады. Шəкəрімнің ойшылдығы əлгі сұрақ- сауалдарды қоюынан-ақ аңғарылады.

Бұл күндері осы сауалдардың əрқайсысына жеке-жеке еңбек арнауға болады. Қазіргі кезде қазақ ғалымдары арасында ондай ізденістер бар. Мысалы, белгілі ғалым, академик Ғ.Есім өзінің «Шəкəрім» атты еңбегінде осы бес сауалдың жауабын іздейді. Толғамдар жасайды. Ой тарқатады. Пікір жарыстырады. Жауап демейді, «сауалға ізденіс дейді» [13].

Абай 29-ға, Шəкəрім 16 жасқа толған кезде 1874 жылы Құнанбай қажыға барып қайтқан. Бабасының қатаң өсиетін орындау үшін Абай өлгеннен кейін Шəкəрім 1905–1906 жылдары Меккеге барып қайтады. Сонау техника дамымаған, ұшақ атаулының түске де кірмейтін кезінде Құнанбай атасының жолын қуып, Меккеге барып, қажы атанғаны өз алдына бір төбе. Осы сапары туралы Шəкəрім Құдайбердіұлы бір естелігінде былай дейді: «Меккеге барам деп шықтым. Ары бара жатқанда Стамбулда 13 күн болып, бері келе жатқанда 13 күн болып, қанша тарихты ақтарып, керек кітаптарды поштамен үйге жіберіп отырдым. Меккенің де, Мəдинəнің да тарихтарын ақтардым. Бірақ жол қатынасы жайсыз болып, Египетке баруға рұқсат ала алмадым. Сол кездері шығыс, батыс ғалымдарымен көп сөйлесіп, олардың ой-пікірлерімен, Шығыс, Батыстың ертедегі ғалымдарының шығармаларымен танысып, оларды жаздырып алдым. Александр салдырған кітапханада қызмет еткен ғалымдардан сұрап, керекті кітаптарды жаздырып алдырдым. Абайдың ақыл-кеңесі болмағанда мен ол жерлерге бармаған да болар едім».

Дүниенің бір түкпірі — Мекке-Мəдинə сапарынан оралған соң Шəкəрім қажының бүкіл жан- дүниесі, болмыс-бітімі біржола өзгеріп кетті десе де болады. Оның үстіне ердің жасы елуге тақап қалған-ды. Жер көріп, ел көріп ақыл тоқтатқан, білім нəрінен молынан сусындай бастаған Шəкəрім ендігі жерде өлеңге де, ойғада жүйрік еді.

Меккеге қажылық сапармен барған ақын өмірден көрген-білгендерін философиялық ой- тұжырымдарымен түйіндейді. Исламның неғұрлым ортодоксалды қисындарын халық пайдасына қарай «жақсарту» мақсатымен «Мұсылмандық шарты» трактатын жазып шығарды.

Шəкəрімнің бозбала шағында оның білімділігін сезген Абай оған қазақтың шежіресін жинауды тапсырады. Абайдың осы тапсырмасын жүзеге асыру жолында Шəкəрім ел ішіндегі түрлі əңгіме- аңыздарды жинаумен қатар, Батыс пен Шығыстың əйгілі ғалымдары Əбілғазының, Жүсіп Баласағұнның, Радловтың, Березиннің, Аристовтың, Левшиннің, басқа да қытай, араб, парсы зерттеушілерінің еңбектерімен танысады. Оларда айтылатын түрлі топшылаулар мен тұжырымдарды сараптай отырып, осылайша жинаған материалдары негізінде ол 1911 жылы Орынборда «Түрік, қырғыз, қазақ һəм хандар шежіресі» кітабын өз қаражатымен жариялады. Шəкəрімнің бұл еңбегі 1918–1924 жылдары «Абай», «Шолпан» («Венера») журналдарында үзінді болып басылды.

Шəкəрім шежіресінде қамтылған мəселелерді атап қана өткеннің өзінде мазмұны байлығы көзге түседі. «Шежіредегі» мынадай тараулар — «Қазақтың қайдан шыққаны», «Қазақтың үш жүзге бөлінгені», «Ұлы жүз жайлы туралы», «Кіші жүз», «Орта жүз», «Арғын», «Əмір-Темір нəсілі»,

«Шыңғыс хан», тағы басқа мəселелердің қойылысы, деректері, түрік жұртының арғы аталары туралы бұрынғы жазбаларда айтылған, пікірлерді автор өзінше сұрыптаулары қызық.

Кейбір деректердің, аңыздардың мазмұнын келтіреді де Шəкəрім «ертегі сықылды қисынсыз сөз» деп келіспей немесе «өз ойынша, төменгі сөзге қисындырамын» деп ой-пікір жарыстырады, айтқаны дəлелді болу үшін оқыған кітаптарына сілтемелер жасайды. Сөйтіп, ол қазақ тарих ғылымында осы күнге дейін дұрыс, терең, ғылыми шешім таппай келе жатқан қазақтың қайдан шыққаны, үш жүзге бөліну себептері, атақты адамдары, олардың таңбалары, тағы басқа ерекшеліктері сияқты проблемаларды зерттеу, шешу қажеттігіне көңіл бөлген, қозғау салған [4; 34, 35].

Өз заманының шежірелі де шерлі ақыны Шəкəрім Құдайбердіұлының алдындағы басты мақсаты— адам бойындағы мінез кемшіліктерін түзеу, түзететін əдіс іздеу. Ол тəсіл, яғни, айла-амалдың ең бастысы — адам санасына сөзбен əсер ету. Осындай бағыттағы ойларды жүзеге асырудағы сөз қолданысы, сөз қисынын келтіруде Шəкəрім өзіндік өте жақсы өрнектер тапқан. Ол адамшылыққа шақыратын, адамгершілікті насихаттайтын көптеген мақал мен мəтелдер жазған.

1968 жылы Ахат Шəкəрімұлы Құдайбердиев ақынның басқа қолжазбаларымен бірге 137 мақал мен мəтел тапсырыпты. Ол қолжазбалар қазір Қазақстан Ғылым академиясы Əдебиет жəне өнер институтының Қолжазба орталығында 404-ші папкіде сақтаулы. Соның ішінен төменде келтірілген біразын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз:

  1. Ерінбеген емер, қажымаған жеңер.
  2. Қас екеніңді қабағыңнан танимын.

Сараң екеніңді тамағыңнан танимын.

  1. Қорқаққа пана болмас қалың тоғай, Жалқауға бүгінгіден ертең оңай.
  2. Қайғы қан аздырады, мылжың ми тоздырады.
  1. Ұрыспай айырылған ұялмай көріседі.
  2. Қазан қолыңды күйелейді, Жаман жүзіңді күйелейді.
  3. Сыйлай берсең, сараң да мырза болады.
  4. Сойыл күшін соққы көрген біледі.
  5. Қонымды киім — бойға көрік.
  6. Шешеннің нақылы ортақ, Көсемнің ақылы ортақ.
  7. Жақсы жүрген жеріне кент салар. Жаман жүрген жеріне өрт салар.
  8. Жолдағы құйрықтан қолдағы өкпем артық.
  1. Əр нəрсе сынарында өзінен мықтыға жолығады.
  1. Адасқанды артындағы біледі, Жаңылғанды жанындағы біледі.
  2. Аттан жығылғанды бөрі аңдиды.
  3. Əзілде кек жоқ, өсекте шек жоқ.
  4. Тасын ала берсең, тау да таусылады. Тамшысын ала терсең, көл де таусылады.
  5. Көнені керек етпесең, жаңа табылмайды. Байлауды керек етпесең, жара жазылмайды.
  6. Кіжінері бар да, килігері жоқ, Түнерері бар да, жауары жоқ.
  7. Еріншек егіншіден ерінбеген масақшыозады.
  1. Ортаның малын олжа көрме, ол — халықтың дəулеті.

Оны шашқанын мырза көрме, ол — халықтың нəубеті.

  1. Көрмеген көлде естілмеген қаздың даусы бар.
  2. Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек.
  3. Жақсы жатырқамайды, Жалқау жарытпайды.

Əңгі тыңдамайды, Аңқау аңдамайды.

  1. Сіз деген — əдеп, Біз деген — күмəн.
  2. Ақ сауыттың жағасы бар, жеңі жоқ. Шын жақсының ашуы бар, кегі жоқ.

Біз бұл шағын мақалада Ш.Құдайбердиевтің дүниеге көзқарасының тек кейбір жақтарын ғана қарастырдық. Əсіресе оның философиялық ой тұжырымдарын толық зерттеу — болашақтың ісі.

 

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Оразалинов О.Ш. Абай елі: Альбом-шежіре. — Алматы: Өнер, 1994. — 6-б.
  2. Тəжібаев Ə., Сəтбаева Ш. Шəкəрім Құдайбердиев / Шəкəрім Құдайбердиев шығармалары: Өлеңдер, дастандар, қара сөздер. — Алматы: Жазушы, 1988. — 13-б.
  3. Сəтбаева Ш.Қ. Шəкəрім Құдайбердиев. — Алматы: Қазақ ССР Білім қоғамы,
  4. Ізтілеуова С. Шəкəрімнің сырлы сөзі: Зерттеу. — Алматы: Арыс,
  5. Əбдіғазиұлы Б. Мен тарыдай жақсылық қылсам, таудай зұлымдығымды жасырғалы қылам: Шəкəрімнің шағын прозасы туралы // Қазақ əдебиеті. — 2001. — № 45 (2727). — 9 қараша. — 4-б.
  6. Сейсенұлы Д. Абайдың асыл шəкірті // Егемен Қазақстан. — 2007. — 3 қараша. — 5-б.
  7. Күмісбеков Ө. Шəкəрім жəне Пушкин // Егемен Қазақстан. — 2006. — 14 қараша. — 5-б.
  8. Шəкəрімұлы А. Менің əкем, халық ұлы — Шəкəрім // Шəкəрімтану мəселелері. — Семей — Новосибирск: Талер-Пресс, 2006. — 210-б.
  9. Күмісбаев Ө. Шəкəрім жəне Шығыс əдебиеті // Егемен Қазақстан. — 2008. — 27 ақп. — 8-б.
  10. Омаров А. Шəкəрім жəне Мұхтар // Егемен Қазақстан. — 2008. — 22 наур. — 9-б.
  11. Мырзахметов М. Шəкəрімнің «Үш анығы» / Үш анық. — Алматы: Қазақстан; «Ғақлия» ғылыми-əдеби орталығы,— 4-б.
  12. Құдайбердіұлы Ш. Үш анық. — Алматы: Қазақстан; «Ғақлия» ғылыми-əдеби орталығы, 1991. — 6-б.
  13. Қайырбеков Ə. Шəкəрім қажының Сəбеңе хаты // Егемен Қазақстан. — 2006. — 22 наур. — 5-б.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.