Ауылшаруашылық өндiрiстi мемлекеттiк реттеудiң қажеттiлiгi мемлекет азық-түлiкпен жəне басқа да ауылшаруашылық тауарлармен қамтамасыз ету үшін қажетті жағдайларды жасауға өз халқының алдында жауаптылығымен түсіндіріледі.
Ауылшаруашылығының дамуын мемлекеттiк реттеу деп осы саладағы коммерциялық ұйымдардың шаруашылық қызметiн ұйымдастыруға мемлекеттiң нормативтiк актiлердi шығаруы арқылы əсерi етуін айтуға болады. Мұндай реттеуiнiң ең маңызды құралдарының бірі болып сатып алу, салық, баға, несие, сақтандыру, сыртқыэкономикалық саясат болып табылады, яғни көбiнесе экономикалық əдiстер.
Қазақстан Республикасының «Агроөнеркəсіптік кешенді жəне ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заңына сəйкес, агроөнеркəсiптiк кешендi жəне ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеу азық-түлік қауiпсіздiгін, агроөнеркəсіптік кешен өнiмi нарықтарының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, кəсіпкерлiктің тиiмдi жүйесiн құруға, отандық өнiмнiң бəсекелестiк артықшылығын қолдауға, сондай-ақ, өсiмдiк шаруашылығын, мал шаруашылығын, балық шаруашылығын, ауыл шаруашылығы шикiзатын қайта өңдеудi жəне тамақ өнеркəсiбін дамыту үшiн жағдай жасау арқылы ауыл халқының тұрмыс деңгейiн көтеруге, ветеринариялық-санитариялық жəне фитосанитариялық қауіпсiздiктi, техникалық жарақтандыру мен басқа да iлеспе қызмет салаларын қамтамасыз етуге, ауылдық аумақтардың əлеуметтiк жəне инженерлiк инфрақұрылымын дамытуға бағытталған [1].
Ауыл шаруашылығын реттеу экономикалық, құқықтық, ұйымдастыру - əкiмшiлiк жəне əлеуметтiк шаралардың жүйесінен тұрады.
Ауыл шаруашылығын мемлекеттiк реттеудiң пəні болып ауылшаруашылық коммерциялық ұйымдардың өндiрiстiк-шаруашылық, əлеуметтiк жəне басқа да қызмет салаларындағы аграрлық қатынастар табылады.
Нарықтық аграрлық қатынастарды реттеу ерекшелiктері:
- əртүрлi табиғи-климаттық факторлар, яғни ауылшаруашылық тауар өндiрушiлердi табиғиғ апат жағдайларынан болуы мүмкін тəуекелден қорғауға бағытталған құқықтық шаралар жүйесiн қалыптастыру - ауылшаруашылық өндiрiстi сақтандыру;
- табиғи факторлар, ауылшаруашылық нарықтың экономикалық жағдайына тəуелдi болатын ауылшаруашылық өнiмдерінің бағасының тұрақсыздығы;
- өндiрiстiк циклдiң ұзақтығына байланысты ауылшаруашылық өндiрiсіне инвестиция салу тартымдылығының əлсiздігі.
Аграрлық қатынастарды мемлекеттiк реттеуiнiң əдiстерi жүктелген міндеттер мен функцияларды жүзеге асыру үрдісінде аграрлық құқықтық қатынастарға қатысушыларға мемлекеттiк басқару органдарының əсер ету əдiстерiнiң жиынтығы болып табылады.
Ауыл шаруашылығын мемлекеттiк реттеудiң əкiмшiлiк жəне экономикалық əдiстерiн бөліп көрсетуге болады. Əкiмшiлiк əдiстерді қолдану ауылшаруашылық тауар өндiрушiлердің қолданыстағы заң нормаларын орындауларына, ауылшаруашылық мақсатындағы жер учаскесін жəне басқа да табиғи ресуртарды ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету, ауылшаруашылық өнімнің сарасын, тұтыну нарығының қорғалуына бақылауды жүзеге асырумен байланысты. Əкiмшiлiк əдiстер аграрлық құқықтық қатынастардың қатысушыларына қатысты мемлекеттiң ұйғарымдар, тыйым салу, нұсқаулар арқылы көрініс табады жəне мемлекеттiк билiк күшiне негiзделеді.
Сонымен қатар, аграрлық қатынастарды мемлекеттік реттеуде экономикалық əдістердің басым қолданылуы өзекті мəселелрдің бірі болып табылады. Экономикалық əдістер қаржыландыру, салық салу, несие беру, баға белгiлеу жəне сақтандыру арқылы аграрлық құқықтық қатынастардың қатысушыларын экономикалық жағынан қызығушылықтарын арттырып ынталандырады. Қазақстан Республикасының «Агроөнеркəсіптік кешенді жəне ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заңында агроөнеркəсiптiк кешендi жəне ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу шаралары бекітілген.
Олар:1) агроөнеркəсіптік кешен мен ауылдық аумақтар саласында кредит берудi дамыту;
2) агроөнеркəсiптiк кешендi субсидиялау; 3) сатып алу операциялары мен баға интервенцияларын жүргiзу;
4) мамандандырылған ұйымдар құру; 5) агроөнеркəсiптік кешен тауарларының экспорты мен импортын реттеу;
6) агроөнеркəсіптiк кешендi техникалық жарақтандыру;
7) агроөнеркəсіптiк кешендi ақпараттық-маркетингтiк қамтамасыз ету;
8) агроөнеркəсіптiк кешенді ғылыми, нормативтік-əдістемелік қамтамасыз ету жəне ол үшін кадрлар даярлау;
9) ауылдық аумақтардың əлеуметтiк жəне инженерлiк инфрақұрылымының дамуын инвестициялауды жүзеге асыру;
10) ауылды оңтайлы қоныстандыруды ұйымдастыру;
11) ветеринариялық-санитариялық жəне фитосанитариялық қауіпсiздiктi қамтамасыз ету;
12) салықтық, бюджеттiк, кедендiк-тарифтiк, техникалық реттеу шаралары [1].
Аграрлық қатынастарды мемлекеттiк реттеуде аграрлық құқықтық қатынастардың қатысушыларының ерiктi түрде тиісті əрекеттерді таңдау арқылы жүзеге асырылатын ұсыну əдiсі. Мемлекеттік реттеудің ауыл шаруашылығының жəне оның жекелен саларының дамуын болжау, агроөнеркəсіптік кешенді мақсатты бағдарламалар қабылдау арқылы реттеу сияқты əдістерін де назардан тыс қалдырмау қажет. Ауыл шаруашылығындағы қатынастардың дамуы жəне осы саладағы қайта құрулар заң шығарушы мен атқарушы билiк тарапынан аграрлық қатынастарды реттеу əдістерін қайта қарау қажеттiлігін туындатады. Яғни, аграрлық қатынастардың болжау, жоспарлау, агроөнеркəсіптік кешенді мақсатты бағдарламалар қабылдау арқылы реттеу əдістеріне көбірек көңіл бөлу қажет. Жаңа реттеу əдiстерi тек ауылшаруашылық қызметiнің ерікті болуы арқылы ғана тиімді болады. Бұл жағдай өндiрiстiк қызметтi ұйымдастыру нысаны мен түрлерi, өндiрiстiң тиiстi меншiк нысаны мен ұйымдастыру нысанын, шарт қатынастарының серiктестерiн таңдау еріктілігі арқылы жүзеге асады. Яғни, аталған реттеу əдісі ауылшаруашылық қызметінің жеке өз бетінше дамуы, меншікті өз еркімен пайдалану жəне билік ету еркін енгізіп бекітеді, ауылшаруашылық ұйымдарының ауылшаруашылық тауарлы өндірісінің дамуын қамтамасыз етеді.
Демек, агроөнеркəсіптік кешеніндегі қатынастарды мемлекеттік құқықтық реттеу əдістерін зерттеу барысында бірнеше жағдайларға көңіл бөлу қажет, соның ішінде аграрлық қатынастарды реттеу əдістерін таңдау, аграрлық өндірістің қай саласында мемлекеттік реттеуді күшейту қажет, қаржылық жəне материалдық мүмкіндіктерді де назардан тыс қалдырмау қыжет. Нарықтық қатынастардың дамуына байланысты агроөнеркəсіп саласындағы өзгерістер тиісті құқықтық негіздерді қалыптастыру жəне мемлекеттік реттеу əдістерін жетілдіруді қажет етеді.
Мұнда мемлекет мəжбүрлеу аппараты бар саяси ұйым ғана емес, жалпы саяси, экономикалық жəне əлеуметтік функцияларды жүзеге асыру құралына айналады. Бірақ, бұл мемлекеттің əкімшілік реттеу əдістерін мүлде жоққа шығару емес, əкімшілік əдістер арқылы мемлекет аграрлық қатынастарды қажеттілігіне қарай реттеу қажет.