Қазақ халқы өзінің көне дәуірлерден басталатын тарихы, адамгершілік пен ұлағатты тағылымдарға толы рухани-мәдени қазыналары бар халық, әлемдегі өзге халықтар мен ұлттар алғашқы тобырлық тіршіліктен бас көтерген кездерде бірін-бірі аяусыз құл етіп қанап, бір-бірінің құқықтарын аяққа езіп, теңдікті, әділдікті, еркіндікті, бостандықты жоқ қылып жатқан кездің өзінде- ақ ата-бабаларымыз ақ пен қараны ажыратып, обал мен сауапты терең түсініп, еркіндік, теңдік, бостандық, әділеттік, адамгершілік секілді категорияларды ту етіп көтеріп, нағыз демократиялық сипаттарға толы қағида-ережелерін жасап, тұрмыс-тіршіліктерін осы қағидаларға сүйеніп алып барып, өмір сүріп жатты. Бұл дәріптеу емес шындық.
Ата-бабаларымыздың өмір сүруінің бастаулары - пәк, таза, мөлдір, иірімі терең де тұңғиық, өн бойы толы дүниесаулық өнеге мен үлгі.
Өкінішке орай, әлем жұртшылығын таңдандыратын осынау алтын қазыналар әртүрлі себеп- салдар нәтижесінде тарих сахнасынан ысырылып, елеусіз қалып келді. Тек еліміз өз тәуелсіздігін алып, егеменді мемлекет болғаннан кейін елеусіз қалып келген асыл мұраларымызды өгейсітпей өз ұрпақтарына қайта қайтаруға мүмкіндік туып отыр.
Қазіргі жүріп жатқан жаһандасу процесі көлеңкеде қалып қойған халықтар мен ұлттарды жұтып, өз болмыстарынан айыруы оп-оңай. Мұндай қауіптен құтылудың бірден-бір жолы әрі қорғанышы, ұлттық қасиеттерін сақтап, ұрпақ бойына сіңірген, өміршеңдігі мен тұтастығына қуат беретін идеология қалыптастырғанда ғана сақтауға болады. Ал көлеңкеде қалып қоймай, бүгінгісі мен болашағының мызғымас қажеттілігін алдын ала ойлап, өздерінің өткендерін бүгінгі күнмен сабақтастыра зерделегендердің қобалжитын реті жоқ. Қайта оларды бойға сіңіру мемлекет идеологиясының негізін құрайды, оны әлемге паш етеді. Себебі, жаһандасу процесі барлық халықтар мен ұлттардың өзара тіл табысуының кілті – тұрмыс-тіршілік қағидаларын демократияландыру, ақпараттар ағынын жиілету, заңдарын гуманизациялау деп санайды. Ал дәстүрлі қазақ қоғамындағы өркениеттілік идеялар жаһандасу қойып отырған талаптарды қанағаттандырады. Еуразия деп аталатын ұлан-асыр кең аумақта шаруашылық пен тұрмыстық, дүниетанымдық ой-сезімдер ерте оянып, адамзат баласы армандаған рухани-мәдени бітім-болмыстарын жаратты. Оны ұрпақтан- ұрпаққа қасиеттеп табыстап, дамытып отырды. Өйткені бұл мұралар адамзат өркениетімен өзектес, етене жақын әрі қажетсінулерін қанағаттандыр алатын алтын қазыналар еді. Мұны жақсы түсіне алған әрі бұл алтын қазыналардың қайта түлеуіне бас болып жүрген академик С.З. Зиманов «Бір кездері ежелгі қазақ даласындағы ұрпақтар мұрасы болып табылатын заңдылық пен әділ соттың «Алтын ғасыры» қайтадан біздің тарихымыздың алтын бетіне айналуда және болашақта жалпы өркениеттік мұрасына да айналар деген үміт бар» [1, 10 б.] деп жазуы жайдан-жай емес.
Кез келген өмірлік қағида-ережелер бірден алтын қазына болуы екіталай. Ал дәстүрлі қазақ қоғамында жаратылған қағида-ережелер мен өркениеттілік идеялар қоғамдық құрылыс ұзақ тарих жолында дамып не құлдырауына қарамай, беделі мен қызметі өміршедігін көрсете алды.
Көшпелілердің рухани-мәдени мұралары өзінің үш мың-жылдық тарихында шыңдалып, биік дәрежеге көтерілді. Мұндай биік дәрежеге жетуге, әрине, кең даладағы еркіндік, адам құқығын қастерлей білу, әділеттік пен заңдылықты бекем ұстану әсер етті. Көшпелілердің таным-түсінігі орасан кең болып, өмір сүруін жеңілдетті. Адам қасиеттерінің ең асылдары өмір салтына айландырылып, қабілет-күші мен ақыл-парасат өзара үндесіп жатты. Сол дәуірлерде қалыптасқан әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер қоғамдық қатынастарды реттеуде, үйлестіруде зор қызмет атқарды әрі әлі де атқаруға бейімді. Өйткені олардың бәрі де қоғам мүддесімен үндесіп жатыр. Адам құқығын терең түсіну, адамды құрметтеу, «адам күні адаммен» екенін білу, сол үшін кез келген адамды жатсынбай, бауырына тарту, туысқандық сезімді жоғалтпау дүние-малға қызықпау, еркіндікті, теңдікті, әділдікті, бостандықты бірінші орынға қою көшпелі өмір салтының бұлжымас заңына, қағида-ережесіне айналды. Ата-ананы сыйлап-құрметтеу, сіз-біздік, жаңа түскен келіннің ізеттілігі, қонақжайлылық іспетті сұлу қасиеттер – сол өмір салтының жемісі.
Табиғаттың өзі көшпелілердің танымдық сезімін, ой-өрісін ерекше кемелдендіріп жетілдірді. Қоршаған орта, кең дала ой-сезімдерінің шарықтап өсуіне көп әсер етіп, адам мен табиғат, қоғам мен адам және олардың арасындағы қарым-қатынас, адам өмірі мен мәні, адам құндылығы өмірдің мәңгілік емес екендігі, адам адаммен ғана адам екендігі жайлы ойланып-толғануға мәжбүр етті. Бұл фәнидің жалғандығы күні ертең жинаған мал-мүлкін бір тиын, ажалға ара түсе алмайтынын ұғынуға жол ашты. Сондықтан да көшпелілер мал-дүниеге қызықпады. Оны қолдың кірі немесе бір жұттық деп санады. Адам өмірге келгеннен соң адами құндылықтарға: ар-ұятқа, намысқа, абыройға ие болуы тиіс. Ал олардан арылу, жоғалту адамдық болмыстан айырады деп санап, сол үшін «малым - жанымның садағасы, жаным - арымның садағасы» деп абырой-намысты бірінші орынға қойды. Әрине, абырой- намысты сақтайтын күш – әділдік, қайырымдылық, адамгершілік, имандылық. Бұл категорияларды бұлжытпау сақтау үшін тәртіп, түзу жолды нұсқайтын қағида-заңдар қажет болды. Мұны қалыптастыру ұзақ мезгілді қажет етті. Қоғамдық ойлау шеңбері отбасынан басталып, қоғам мен қауымдастық тарапынан қатты қадағаланды. Міне, осы өркениеттік идеялардан барып әдет-ғұрып құқық жүйеміз қалыптасты. Көшпелілердің ойлау қабілеті тұрмыс-тіршіліктің барлық салаларымен қабысып, араласты, белсенді рөл ойнады. Нәтижеде көрініс тапқан тәртіптік құқық нормалары баршаның орындауларына міндеттелді. Әрі бұл міндет зорлық-мәжбүрлеу әдісі арқылы емес, өз ризалықтарымен орындалды.
Көшпелілерде қоғамдық тәртіп басты орынға қойылып әрі біркелкілігімен, сабақтастығымен, ізгіліктігімен сипатталды, ал құқықтық өмірі тікелей дүниетанымдық ой-сезімдерімен араласып, ажырамастай сомдала түсті. Бұл көшпелілердің өмір сүруін жеңілдетті, бір-біріне жат емес, баршасы да адам екенін айғақтап, бірін-бірі жатсынбады. Ол жолында көптеген нығайтқыш механизмдер ойластырылды. Оның алғашқысы – туыстық. Оны нығайту үшін жеті атаға дейін қыз беріп, қыз алыспауды қағида етті. Бұл әрбір ұрпақтың екі жүз жылдан артық туыстығын айғақтады. Ол аз дегендей қызды алысқа аттандырып, алыстан қыз алып, дәстүр-салтын ғана байытпай, құда- жетжаттығын, алыс елмен аралас-құраластығын арттырды, құданы мыңжылдық деп құдайындай сыйлады. Арадағы сыйластық-татулық үзілмейтін желілерді ойластырды. Барған қыз сол жаққа сіңіп кететін етіп «әмеңгерлік» заңын қалыптастырды. Одан қала берді нағашы-жиен, дос-жаран секілді желілерді ширата түсіп, үзілуіне жол бермеді. Нәтижеде қалың ел жымдасып, ынтымағы арта түсті. Мұндай қағида-ережелерсіз ұлан-асыр кең далада тіршілік ету қиынға соғар еді.
Көшпелі қоғамда тәртіптілікті қадағалау мен реттеу маңызды болғандықтан, бұл іспен елден озып шыққан, логикалық ойлау және шешім шығару әдісі мол, тілге жүйрік, әділ билер ғана айналысты. Біз билердің ерен қызметі мен атқарған рөлін тәптіштеп айтып жатпай-ақ қояйық, оны оқушылардың өздері де жақсы біледі.
Билер өмірге әкелген қағида-ережелер қоғам көкейінен шығып, оның бастаулары пәк, демократиялық сипаттарды иеленді. Сондықтан да ол қағида-ережелер ұрпақ тәрбиесінде, ел басқару жүйесінде дау- дамайларда, күрделі істерді шешуде, тіпті ас пен тойда сақталынып, өткенімен сабақтастырыла жиналған тәжірибелерде қорытылып, дамытылып, екшелген түрі үнемі үздіксіз қолданыста болып, екінші жағынан тағлымдық-танымдық әрі тәрбиелік рөл атқарды. Сөйтіп, қазақтың ежелгі құқық жүйесі, ұзақ дәуірлер мен адамгершілігін, тәуелсіздігін қорғап, тұтастығын сақтады.
Осы арада Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың: «Біз өзіміздің арғы-бергі ата-бабаларымыздың жүздеген буынының қалдырған өсиетін ақтап, мұраларын сақтап, молайта беру жолында топтасуға тиіспіз» [2, 77 б.], - дей келе, - «Ендігі жерде біз бәріміз бір атаның – қазақ халқының ұлымыз. Ендігі жерде бәріміздің де туған жеріміз біреу - ол жалпақ Қазақ даласы» [2, 87 б.], - деуі немесе, «Бүгінгі қазақ қауымына аса қажет нәрсе - өзіміздің намысшылдық дәстүрімізді дамыту» [2, 92 б.], - дей отырып, - «Жастарымыз салт-дәстүрімізді көздің қарашығындай бағып жүретін, көптің көкейіне үміт отын жағып жүретін, адамзаттың озық ой көгінде ағып жүретіндей болуы тиіс» [2, 122 б.], - деуінің өзі мемлекеттік идеологиямыздың қандай сипатта болуы керектігін көрсетіп тұрғаны жоқ па?
Қазіргі кезде мемлекеттік идеология төңірегінде әртүрлі пікірлер айтылып, талқыланып жатыр. Біздіңше ата-бабаларымыздың ұлылығын, ірілігін өзіміз танып алып, өзгелерге де таныту, ұлттық биік сананы жоғары көтеріп, былғанбаған түйсік пен ар-ұятты биік деңгейге көтеру керек. Ұлттық мәні зор қағида-ережелерімізді ұрпақтар бойына сіңіріп, құқықтық санамызды көтеруді қолға алған жөн. Қазіргі жауапкершілік пен жаза түрлерін қайта қарап, сот жүйесіне күрделі өзгерістер енгізу, сот процесіндегі жариялылық пен әділеттікті бақылаушы қоғамдық ұйымдар құру әрі тәлім-тәрбиелік жақтарына көңіл бөліп, мерзімді баспасөзден, теле-радиолардан көрсету, халықтың белсенді қатысуына жол ашып, қолдап-қуаттауларына ие болу, бәрінен бұрын әділдік, теңдік, адамгершілік, имандылық идеяларын батыл енгізіп, патриоттық, көпшілдік сезімдерді оятып, жұртты адам құқығы мен бостандықтарын құрметтеуге үйрету қажет.
Сонда ғана ата-бабаларымыз қалдырған рухани мұралары идеялогиямыздың қалыптасуына септігі тиіп, қоғамда ымтымақтылық, әділдік орнайды. Сонда ғана қазақ халқы өзінің байырғы Отанында өркениеттілік қағида-ережелермен өмір сүріп, әлемге танылады.
Әдебиеттер
- Зиманов С.З. «Қазақ даласында әділ соттың «Алтын ғасыры болды ма?» // Қазақтың Ата заңдары. 10 томдық. III том.– Алматы, 2004. – 616 б.
- Назарбаев Н.Ә. Туған елім тірегім. – Алматы, 2002. – 144 б.