Мақалада қазақ мәтіндеріндегі терең, жан-жақты талдау жасау негізінде ар, ұят, ұждан ұғымдарының мәні ашылған. Ар, ұят және ұждан ұғымдарының бір-бірінен айырмашылығы, Шәкәрім салған ар ілімінің басты мақсаты, Шәкәрімнің үшінші анығы — ұжданның ар түсінігімен байланысы, қазақ мақал-мәтелдеріндегі ар мен ұятттың алатын орны, қазақтың ұлы тұлғаларының осы ұғымды зерделеуі, ар мен ұят ұғымының өткені, қазіргі кезеңі кеңінен сараланып, оның болашағына мән берілген. Ар ұғымының ағылшын тіліндегі аудармасы «conscience», орыс тілінде «совесть», ұят ұғымын ағылшын тілінде «shame», орыс тілінде «стыд» дегенді білдіреді. Ал ұждан ұғымының Шәкәрімдік метаұғым яғни, ар деп берілуі нақты әрі дәл еместігі зерделеніп, қазақ ұғымындағы «ұят» түсінігінің орыс тіліндегі «стыд» емес, «совесть» екені дәлелденген. Қоғамдық мәдениетті ұят ұғымынсыз қалыптастыру мүмкін болмағандықтан, осы ұғымды дұрыс қолдану жолдары көрсетілген.
Кіріспе
Қазақ баласы үшін ұят ұғымы асыл қасиет болып табылады. Көзге көрініп тұрған зат болмаса да, қоғам мәдениеті үшін бұл ұғым өркениетті, дамыған заманда ауадай қажет. Ұят ұғымы сақталмаған қоғамда мәдениет туралы ой қозғаудың өзі қисынсыз, сондықтан арлы заманда тіршілік ету — адамзаттың негізгі арманы. Жылдар жылжып, заман өзгеріп жатса да, пенде үшін адами құндылықтарды сақтау маңыздылығы басты қажеттілік екені белгілі болып тұр. Қазақ мәдениетінде бала өмірге келгеннен бастап «бала тәрбиесі» басты міндет болады, сол тәрбиенің басты мақсаты адам бойында адами құндылықтарды дұрыс қалыптастырып, адам баласының адам болып қалуын көздейді. Ұят ұғымы жер бетінде адамға ғана қатысты түсінік болғандықтан, әуел бастан құдайдың адам баласына берген асыл сыйы деп қабылданады. Бала тәрбие арқылы өз айналасында нені істеген дұрыс болады, нені істегені бұрыс болатынын біліп өседі. «Ұят болады» деген ұғымның санаға сіңуі адамды адами жолдан тайдырмай, бауырмалдық, қамқорлық, мейірімділік, әділеттілік жолынан адастырмайды. Алайда қоғамда орын алып жатқан ұятсыз әрекеттер көбеймесе, азайып жатпағанын күнделікті ақпарат жүйелерінен де, күнделікті өмірде түрлі әрекеттерден көріп те, естіп те, оқып та жатырмыз. Қоғамдағы мұндай келеңсіз құбылыстар көкірегі ояу, көзі ашық азаматтарды ойландырмай қоймайды. Тек ойланып қана қою аз, олардың түпкі себептерін анықтап, зерттеп, салдарларын жою үшін ұтымды жолдарын ұсыну керек.
Сондықтан осы мақаланың басты мақсаты «ұят» ұғымының қазақ мәдиениетіндегі орнын анықтау болып табылады. Қазіргі таңда бүкіл дүние жүзінде технологияны неғұрлым дамыта отырып, сол арқылы адам өмірін, тіршілігін жеңілдету басты міндет болып есептеледі. Дегенмен технология дамып, адамның еңбек ету әрекеттері жеңілденгенімен, қылмыс түрлері жарыса дамып бара жатыр. Сол себепті бүгінгі күні әлемнің психологтері, философтары мен тіл мамандары адами құндылықты білдіретін ұғымдарға аса назар аударып жатыр. Қазіргі қоғамдағы ұят пен ар ұғымдарының қабылдануы мен көрініс табуы тұрғысынан мақалада қозғалатын мәселелер өзекті болып табылады. Ұят ұғымның мақсаты айналаға әділеттілікпен қарау болғандықтан, дәл қазіргі қоғам үшін осы ұғымның маңыздылығы басты бағыт болып табылады.
Қазақ мәтіндерінде «ұят» деген ұғымды ең биік адамдық қасиеттерге жатқызады. Адамның адам екендігін танытатын бірден-бір көрсеткіш — «ұят» ұғымы. «Ұят» арқылы адамның адамдық деңгейінің қандай екенін аңғаруға болады. Сондықтан тал бесіктен жер бесікке дейін әрбір қазақ баласы өз ұяты үшін өмір сүреді, оны қастерлейді, сақтау үшін күреседі. Қазақ тілінде «Өлімнен ұят
Хат-хабарларға арналған автор. Email: unisoversin@mail.ru күшті», «Ақылың болса, арыңды сақта, Ар, ұят керек әр уақытта», «Ұятсыз адам иттен де жаман», «Ұяттан кіретін тесік таппадым» сияқты мақал-мәтелдер мен тіркестердің көптігі және қазақтың белгілі ақын-жазушыларының барлығы аталмыш ұғымнан айналып өтпегені «ұят» ұғымының семантикалық құрылымына үңіле отырып, белгілі бір модель құру қажеттігін тудырып отыр.
Зерттеу әдістері
Зерттеуде қазақ тілінде жазылған мақал-мәтелдер, маржан сөздер, нақыл сөздер, сөздіктер, қазақ афоризмдері мен ұлы ғұламалары Анақарыс (Анахарсис), Тоныкөк, Тоқсары, Әбу Насыр әл-Фараби, Махмұд Қашқари, Қожа Ахмет Иассауи, Төле Әлібекұлы, Сырым Датұлы, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердиевтің еңбектеріндегі тұжырымдамалар негізінде герменевтикалық және салыстырмалы әдістер арқылы талдау жасау қолданынады.
Барлық адам «ұят» ұғымын жақсылықты жаманнан ерекшелейтін ұғым ретінде түсінеді, бірақ бұл ұғымды тереңірек қарастыратын болсақ, шынайы табиғаты мен қызметін анықтау қиынырақ болады. Ұяттың табиғаты мен қызметіне тереңірек үңілсек, «туа біткен бе әлде тәрбиенің арқасында қалыптаса ма, егер туа біткен нәрсе болса, онда неге барлық адамдарда болмайды, егер қоршаған ортаның ықпалынан қалыптасады десек, бұл ықпал неге кейбір адамдарға әсер етпейді» деген сұрақтар туындайды. Адами құндылықтар мен нормаларға деген адамның көзқарасы өзгеруі мүмкін немесе бір кезде ұят болып саналатын түсініктер уақыт өте келе қалыпты жағдайға айналуы мүмкін.
Дегенмен, қазақ мәдениеті үшін «ұят» ұғымының орны ерекше десек те, осы ұғымға синоним ретінде жүретін «ар, ұждан, ождан» деген сөздер бар. «Арсыз адам, ұятсыз адам, ұяты жоқ», тіпті екеуін бір сөз қылыпта «ар-ұяттан жұрдай» деген тіркестермен айтылады. «Ар» ұғымының мағынасының тереңірек екені белгілі болғанымен, қаншалықты тереңде, неге ар менен ұят бірге жүреді, екеуі бір ұғым ба, жоқ әлде бөлек нәрсе ме деген сұрақтарға жауаптардың ара-жігі герменевтикалық және салыстырмалы әдіс арқылы ашылады.
Нәтижелер мен оларды талқылау
«Ұят» ұғымының қазақ сөздіктерінде түсіндірілуі
Жалпы ағылшын немесе орыс тіліндегі сөздіктерде ұят ұғымы адамның адами құндылықтарын суреттейтін ұғымдар ретінде көрсетілген. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде ұят дегеніміз ол адамның ары, намысы, әдебі деп береді де ал, «ар» ұғымын адамға ғана тиесілі асыл қасиет, ол ұят, намыс деп көрсетеді [1: 58]. Бұл анықтаманы зерделесек, ұят дегеніміз — адамның ары, ал «ар» ұғымы — адамның ұяты, демек, ар мен ұят — бір ұғым немесе бір ұғымды білдіретін түсінік деген сөз. Сонымен қатар қазақ тілінде «ар-ұят» деген де тіркес қолданылады. Қос ұғымның қосарланып келуі екеуінің мағынасының бір екенін көрсетеді.
Тағы да осыған ұқсас баламамен Абай тілі сөздігінде «ар» ұғымын адамның адамгершілік қасиеті, оның ұяты және намысы деп айқындайды [2: 51]. Мұқағали сөздігінде «ар» ұғымына адамның адамгершілігіне тән ізгі қасиеті, ожданы, ұяты, намысы деп түсіндірсе, «ұят» сөзін адамның ары, намысы, ұжданы деп зерделейді [3: 89, 955]. Бұл сөздіктерді зерттей келе, ар мен ұяттың адамның адамгершілігін анықтайтын өлшем ретінде беріліп, бір ұғымдық синоним ретінде анықталатынына көз жеткізуге болады.
Қазақ Совет Энциклопедиясында «ар, ұят» ұғымын тұлғаның өз бойындағы адамшылық қасиеттеріне ұждан тұрғысынан өз-өзіне баға беруі деп түсіндіреді [4: 394]. Аталған сөздікте ар мен ұятты адамның өз әрекетіне ұждандық тұрғыдан деп көрсетілуі, «ұждан» ұғымының ар мен ұяттың қосындысы екенін аңғаруға болады. Қазақ тілінде адамның ұялуы екі түрлі болады, біріншісі адамның қоршаған ортасына қатысты болса, мысалы өзінің бұрыс әрекеті үшін қоғамнан ұялу, елден ұялу, ағайын-туысқандарынан ұялу, ал екіншісі — адамның өзінен ұялуы немесе адамның құдайдан ұялуы. Адамның қоршаған ортасынан ұялуы — ұят, ал өзінен немесе құдайынан ұялуы — ар деген ұғыммен жүреді. Қазақ тілінде ар ұғымының мағынасының тереңірек екенінің себебі адамның өзі мен құдайы айналаға қарағанда биіктеу болуының себебінде. Егер де біреуге әділетсіздік жасап, ол адам сізді кешірмесе, ондай құбылыспен адам өмір сүре алады, ал егерде сол әділетсіздік үшін өзіңізді кешіре алмасаңыз, өмір сүру оңай нәрсе емес. Бұл дегеніміз адамның сыртқы ұятқа қарағанда, ішкі ұяты күшінің басымырақ екенін, яғни, ар ұғымының түбінің тереңірек екендігін білдіреді.
Ұят ұғымын адамның ішкі және сыртқы ұяты деп екіге бөлуіміздің себебі Шәкәрім энциклопедиясында «ар, ұят, ұждан» ұғымдарын жекелеп зерделеуінде, аталған ұғымдарға бөлек түсінік беріледі. «Ар» ұғымын адамның адами санасы, яғни адамның өзіне қатысты ұялуы, «ұят» дегеніміз адамның ішкі толқынысының сыртқы көрінісі, ал «ұждан» дегеніміз адамның асыл қасиеттерінің жиынтығы деп көрсетеді [5: 107, 701, 696]. Аталған сөздіктерден шығатыны ар деген сөзді орыс тіліне «совесть», ағылшын тіліне «conscience» және ұят ұғымын «стыд» немесе «shame» деп аудару дұрыс емес, оның себебі қазақ тіліндегі ұяттың мағынасы ағылшын немесе орыс ұятынан тереңірек болуында. Егер ағылшын ұяты қысылу, қымтырылу, масқара болу сияқты адамның психологиялық әрекетін көрсететін болса, қазақ ұятының мағынасы философиялық тереңірек мағынада өрбиді. Қазақтың ұяты адамның көңіл күйімен қатар қоршаған ортасының алдындағы міндеті ретінде суреттеледі. Қазақтың ұяты атадан балаға келе жатқан тәрбиесі, адамдық парызы мен борышын сақтауы болғандықтан, қазақ тіліндегі ұятты орыс тіліне «совесть», ал ағылшын тіліне «conscience» деп аудару әлдеқайда дұрыс болары сөзсіз. Ұждан ұғымы Шәкәрімнің ар ұғымына берген метатүсінік деп оны ар ұғымының синонимі ретінде көрсетілуі де қисынсыз. Шәкәрім өзінің «Үш анық» еңбегінде көрсеткен ұждан ұғымы адамның ішкі ұяты мен сыртқы ұятының қосылуы, яғни ұждан екі ұяттан тұрады: біріншісі — ұят, екінші — ар. Шәкәрім тек адамның ішкі ұятының анықтығын көрсеткісі келсе, адамдарға түсінікті сөзбен «ар» деп бере салар еді. Шәкәрімнің ұждан деп көрсетуі ол тек қана адамның ары емес, оның ұяты да екенін білдіреді. Қысқаша айтқанда ар, ұят, ұждан ұғымы орыс және ағылшын тілінде жекелеп көрсетілмейді, бұл ұғымдар бір түсінікпен «совесть» немесе «conscience» болып шығады.
«Ұят» ұғымының қазақ мақал-мәтелдерінде көрсетілуі
Ұят ұғымының ағылшын тіліндегі ұяттан тереңде екенін, «Өлімнен ұят күшті» деген тіркестің өзі «ұят» ұғымының барлығынан жоғары екенін меңзейді. Сондықтан бұл ұғымның ағылшынның «shame», орыстың «стыд» деген ұғымынан мағынасы жоғары екенін тағы да бір дәлелдейді. Төмендегі мақалдардан адамның ұяты сыртқы және ішкі ұяттан тұратынын аңғаруға болады:
«Жігіттің құны жүз жылқы, Ары мың жылқы» (Адамның яғни ішкі ұяты, адамның өзі);
«Ұрымен жақын болсаң, ұятқа қаларсың» (Сыртқы ұяты, досыңның әрекетіне жауапты болу);
«Ұялмаған бұйырмаған астан ішер» (Сыртқы ұят, басқа адамдардың алдында әдептілік сақтауды білмеу);
«Бар барын жейді, ұятсыз арын жейді» (Ішкі ұят, адамда адами сананың болмауы);
«Бермегенді беріп ұялт» (Сыртқы ұят, біреуге адами қасиеттің жоғарылығын білдіру);
«Ұлы сөзде ұяттық жоқ» (Сыртқы ұят, ақиқатты мойындау әдепсіздік емес);
«Ұлдың ұяты әкеге, қыздың ұяты шешеге» (Сыртқы ұят, ұлың мен қызыңның әрекетіне жауапты болу);
«Жақсымен жолдас болсаң, жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң, қаларсың ұятқа» (Сыртқы ұят, жақының үшін міндетті болу);
«Көрмесе — жат, көріспесе — ұят» (Сыртқы ұят, жақындарыңның алдындағы парыз);
«Келгенше, қонақ ұялар, келген соң, үй иесі ұялар» (Сыртқы ұят, қонақ алдында адами міндеті, парыз);
«Қонақ қонса, ет пісір, ет піспесе, бет пісір» (Сыртқы ұят, үйге келген адамды адамша қабылдау міндеті) [6: 42-187].
Көрсетілген мақалдарды зерделейтін болсақ, ар мен ұят ұғымы мағынасының бір екенін, екеуінің адамның адамгершілік қасиетті қамтитынын көрсетеді, тек айырмашылығы — адамның елден ұялуы және адамның өзінен ұялуы. Мақалдарда қазақ мәдениетінде ішкі ұятқа қарағанда сыртқы ұят туралы көбірек айтылатынын байқауға болады. Адамның ары адамның ұятынан тереңде деп айтқанымызбен, іс жүзінде сыртқы ұяттың жоғары екенін көрініп тұр. Адамның ішін ешкім көріп жатқан жоқ, ең бастысы — сыртқа көрсетпеу, яғни сыртқы ұятты сақтау. Бұл қазақ тіліндегі «елге қайтып қараймын, жұрт не ойлайды, елден ұят болады» деген тіркестердің де қазақ мәдениетінде тәрбие арқылы санаға сіңіп, сыртқы ұяттың әрекеті ішкі ұятқа қарағанда басымдау екенін тағы бір айқындайды. Егер де ар ұғымының мағынасы ұят ұғымынан терең болу керек болса, қазақ мәдениетіндегі ішкі ұяттың сыртқы ұяттан төмендеу болуының өз себептері бар.
Біріншіден, жаугершілік заманнан қалыптасқан бірге болу, бірге жеңу, бірлікте болу деген ұжымдық мәдениет адамның өзі, ішкі қалауы деген түсінікті жойып жіберген. Ең бастысы бастың амандығы болған заманда адамның ішкі қалауының маңыздылығы шынымен де маңызды емес шығар. Көппен бірге болудың арқасында жауды жеңу санасы адамның сыртқы ұятының басым болып кетуіне жол береді.
Екіншіден, қазақ мәдениеті «жалғыздық» ұғымына қарсы, «жалғыздық тек құдайға жарасады» деп адам баласының жалғыз болмауының өзі адамның міндеті ретінде қабылданады. Мұның астары адамның өмірге ұрпақ әкелуді мақсат етуі екенін көрсеткенімен, адамның ішкі ұятының сыртқы ұяттан төмендеуі болды.
Үшіншіден, халықтың білімсіздігі еді, білімсіз адамның ішкі танымы өз-өзін тани алмаса керек, сондықтан ішкі танымы жоқ адам сыртқы таныммен өмір сүруге мәжбүр болады. Бұл дегеніміз қазақ мәдениеті алдымен сыртқы ұятпен өмір сүргенін көрсетеді. Сыртқы ұят адамның қоршаған орта алдында адами міндеттерін сақтау болғандықтан, тек осы бағытта өмір сүру адам баласының жеке қалауы деген ұғымды жойып, ардың іс жүзінде ұяттан төмен тұруына алып келді.
«Жігіттің құны жүз жылқы, ары мың жылқы» деген мақалдың өзінде адамның ішкі ұятын көрсететін сияқты болғанымен, түптеп келгенде жігіттің айналасына істеген ісі арқылы сыртқы ұятын көрсетіп тұр. Егер де осы мақалда жігіттің құнын оның арынан бөлмей, «Жігіттің құны — баға жетпес қазына» деп, жігіттің өзінің жеке-дара тұлға екенін айқындап, жігіттің өз қалауының жоғары екені көрсететін болсақ, қазақ мәдениетіндегі қоғамдық қалау отандық тілек мәдениетінде көрініс бермей, эгоизмдік бағытта кетер еді. Бұл жігіттің қоғамдық міндетінің жоғары екені көрсетіп тұр.
«Ұрымен жақын болсаң, ұятқа қаларсың» деген мақал жаман адамнан бойыңды аулақ ұстау, егер бойыңды аулақ ұстамасаң, сенің өзің де сондайсың, сыртқы ұятты сақтамайсың деген болар еді. Егер дәл осы мақалды ағылшын мәдениетіне ауыстырсақ, бұл мақалды қабылдамас еді, себебі ағылшын мәдениетінде «сен басқа адамсың және сен досыңның әрекеті үшін ұятқа қалмайсың».
Қазақ мәдениетінде қонаққа деген құрмет өте жоғары, үйге келген адамды сыйлап, қошеметтеу — мәдениет пен дәстүрдің ең әдемі түрі. Сондықтан болар, қазақ мақалдары «ар, ұят» ұғымын қонақпен көп байланыстырады. «Бермегенді беріп ұялт» мағынасы қолы қатты, сараң, тас адам болмауды, қолыңда артық нәрсе болса, бөлісуге үндеп тұр. Қолда барыңды беру, бермесе де беру — біреуге сараңдығын астарлы түрде түсіндіру, сол адамды ізеттік жолына салудың таптырмас жолы. Қатесін түсінген адам екінші рет басқаша әрекет етеді. Беру — ол сенің ізетің, адамгершілігің, көмегің болып есептелсе, ағылшын мәдениеті бұл мақалды біреудің саған қарыз еместігін, оның өзінің нәрсесінің саған беруге міндетті еместігін сол үшін оған ренжудің де, оны ұялтудың да қажет емес екендігін көрсетеді. Адам өзі санасы жетіп, жүрек қалауымен бермесе, одан сол нәрсені талап етіп, беруді үйретудің өзі адамдық іске жатпайды.
Қазақта туған-туысқан жетерлік; адамның көпшіл, бауырмал болуы, ағайын-жекжатпен араласуы — адамгершіліктің сипаты. «Көрмесе — жат, көріспесе — ұят» деп «ұят» арқылы адамға міндеттеме қояды да, сол міндетті орындайды. Мүмкін ол адам жат болуға даяр шығар, бірақ негізгі мақсат адамның өз жағынан бауырмалдығын таныту, ара-қатынасын үзбеу болып табылады. Индивидуалдық мәдениетте мұндай ұятты адамның өзін-өзі қинауы, тіпті, керісінше ұятсыздығына жатқызады. Себебі көңіліңіз қаламай, көріскенше, қаламасаңыз, сол адаммен қарым-қатынасыңызды үзе беріңіз.
«Баланың ұяты — әкеге, қыздың ұяты — шешеге» деген ұғым — қазақ мәдениетінде ұл мен қызды тәрбиелеудегі басты міндет. Бала адами жолдың қандай екенін әке-шешенің тәрбиесі арқылы ұғынады. Әке-шеше өмірден өткенше, баланың әрекеттеріне жауапты болады. Ата-ананың атына кір келтірмей өмір кешу — адамзаттың міндеті. Оларды жерге қаратпай, масқара атаққа жеткізбей өсу — ұл мен қыздың адамдық парызы. Әр ісіңді адами тұрғыдан қадағалап, баға беріп отыру — әке мен шешенің міндеті. Алайда бала деген сіздің асыраған итіңіз немесе мысығыңыз емес, бала әке- шешенің қалауымен өмір сүруі қаншалықты дұрыс? Неліктен адамның бар өмірі баланың ісіне араласумен өтуі керек? Баланы бақтың, қақтың, бере алған тәрбиеңді бердің, ары қарай сол баланың ісіне ұятты болу дұрыс па?
Адам баласы сыртқы ұятты тәрбиеден алады, ол адамның айналасы үшін қоғам алдындағы парызы болса, ішкі ұят адамның өз қалауы, өз танымы арқылы дамиды, адам өсу барысында өзі көргенін көңіліне тоқиды, санасымен зерделейді, одан кейін ұждандық ұғымда өмір сүруі тиіс. Ұждандық ұғым — адамның ішкі ұяты мен сыртқы ұятының бір-бірімен тепе-теңдігін табуы, Шәкәрім айтқан ұжданның анықтығы, егер адам сыртқы ұятпен өмір сүрсе, адамның жеке «Мен» деген түсінігі жойылып, адам тек қоршаған ортаның қалауымен ғана өмір сүреді. Егер адам тек ішкі ұятпен өмір сүрсе, адамда эгоизмдік қасиет басым болып кетеді, яғни мен қалаймын, мен өзім білемін деген сияқты түсінікпен өмір сүріп, адам баласы қоғаммен санасуды доғарады, сондықтан осы екеуінің ортасын тауып, тепе теңдікте ұстау адам баласының басты мақсаты болып табылады. Бұл ұғым ұждан деп аталады.
Ұяттың ұлы күшін сезінуге адамдық сана арқылы ғана жетесің, мысалы, «ақылың болса арыңды сақта, ар-ұят керек әр уақытта» деп, адамға ар-ұяттың қажет екенін, оны түсіну ақылыңа байланысты екенін білдіреді. Ақымақта ардың болмайтыны түсінікті болғанымен, ақыл арқылы арды сақтау мүмкін бе? Ақылдың да дұрысы және бұрысы болады. Егерде балаға қандай да бір әрекетті істеуді дұрыс деп тәрбиелесе, сол баланың санасы соны істеген дұрыс деп есептейді. Атом бомбасын ойлап тапқан физиктер өз кезеңінің ең ақылды ғалымдары болды, алайда сол ғалымдардың ешқайсысы ардан аттап жатырмыз деп ойлаған жоқ, оның себебі: сол кезде олардың санасында «жауды жеңу» деген міндет тұрды. Қарапайым халықты зар жылатып, арды аттап кеткенін ешқайсысы байқаған жоқ, керісінше, жауды жеңуге ат салысқаны үшін өз арының алдында өздерін биік ұстап, мақтан тұтты. Сондықтан сыртқы ұят тәрбие арқылы бағытталатын болса, ішкі ұят тәрбиеге бағынбайды. Себебі ішкі ұят, ішкі қалау адамның махаббаты арқылы келеді. Бір нәрсені сүюге адам баласын тәрбиелеу мүмкін емес, өйткені махаббат әркімде әрқалай болады, махаббаттың ортақ заңы болмайды.
Ар-ұяттың адам бойында болуының әйел адамға қарағанда, ер адамда болу міндеттілігі де көп мақалдарда кездеседі. Ар мен ұяттың ағылшын мәдениетінде жынысқа қарап бөлінуі кездеспейді, себебі ағылшын мәдениеті адамды жеке тұлға деп қарастырып, тұлғалық мәдениетті бір жақты белгілейді. Ал қазақ мәдениетінде ер адамның орны, ақылы, тәрбиесі әйел адамға қарағанда басымырақ екені байқалады. «Ары жоқ жігіттен ары бар қыз артық», «Арын сатқан ер оңбас», «Арыстанға темір шынжыр ар емес», «Жақсы аттың жалын сақтағанша, жақсы жігіттің арын сақта», «Керуен көркі нарымен, Батыр көркі арымен», «Ары таза жігіттің жаны таза», «Ер жігіттің ұялғаны — өлгені», «Ар-намысы бар жігіттің жолдасы бар жолында, ар-намысы жоқ жігіттің ұяты бар қолында» деген сияқты мақалдарда ар мен ұяттың сақталуы мен қажеттілігі ер адамдарға міндетті екені аңғарылады. Қазақ ұғымында ұл баланың орны әрқашан ерекше, ұл үйдің иесі, тірегі сол ұрпақты жалғастырушы, сондықтан ұл баланың ары қыз баланың ары мен ұятынан маңыздырақ болады. «Қан, жан, тек, ру» сияқты ұғымдардың сақталуы, санаға сіңуі де ішкі ұяттың төмендігін береді.
Қазақ мәдениетінде «абырой, намыс» деген ұғымдарға үлкен мән берілген, намысты бермеу, абыройды сақтау үшін адамдар басын өлімге тіккен. «Ұят бар жерде абырой төгілмейді, абырой бар жерде ар шапаны сөгілмейді» деп ұят пен ардың бірге жүретінін, ұяттың сыртқы құбылыс екендігі, сондықтан оның төгілетінін, ардың ішкі құбылысы екендігі, сондықтан оның сөгілетінін айтқан.
Қазақ тілінде жазылған мәтіндер ар мен ұяттың ұғымынан гөрі арсыздық, ұятсыздықты көп қозғаған. Егер ар мен ұят ақыл арқылы қалыптасады десек, ақымақтықты ар мен ұяттың жоқтығы деп есептейміз. Адам өмірге ақымақ болып немесе ақылды болып келмейді, бірақ ары қарай сол ақылды дамыту әркімнің өз қолында. Ақылы дамыған, саналы адам ары мен ұятын тепе-теңдікте сақтайды. Тек қана ары мен ұяты үйлесім тапқан адам өмірдегі шынайы еркіндікті сезінеді. Шәкәрім салған ар ілімінің мақсаты сыртқы әлемде қоршаған орта үйретеді, алайда ішкі ұятты да үйренуді ұмытпау керек екендігін көздеген.
«Ұят» ұғымың ұлы ғұламалар еңбегінде
Қазақ тіліндегі жазылған ар мен ұят ұғымын Анақарыс (Анахарсис) жазбаларынан бастап саралайтын болсақ, Анақарыс адамдардың топастығына нала болып, «ақымақтардың арасында ақылды болудың өзі ақымақтық» деп көрсетеді. Адамдардың ақымақтығы өз заманындағы адамдардың тек сыртқы ұятпен өмір сүруі деп, қоғамдық міндет қалай болса, солай өмір сүруге тиіссің деген ойды айтады. Анақарыс өз жазбаларында «Еркін адам дегеніміз өз қалауымен, өз заңдарымен өмір сүретін адам» деп ар ұғымының негізгі мағынасын ашып көрсеткен. Бұл жерде ар ұғымының ішкі құбылыс екені анық көрсетіледі. [7: 15-16]. Анақарыстың ағасы тәрбиемен бойына сіңген сыртқы ұятпен өмір сүрген, өмірде не дұрыс деп үйретілді соны дұрыс көрді де, інісінің өз қалағанын істегенін түсіне алмады. Анақарыс болса, шетелге шығып ел көрді, жер көрді, санасы өзгерді де, ішкі әлемінің әмірімен өмір сүре бастады. Алайда сыртты ғана танушы ағасы інісінің ісін сатқындық деп танып, туған інісін аямастан өлтіріп тастады. Ішкі әлемді танымай өмір сүргендер қоғамды белгілі бір міндет деп қарап, басқа жағына үңілуге санасы жетпейді. Қазіргі қоғамдағы терроризмді де осыған жатқызуға болады.
Шығыс Түркі Қағандығының негізін қалаушылардың бірі Тоныкөк «Жеңілістің өзінен де ұяты жаман» деп айтты [7: 18]. Тоныкөктің қалауы мен тілегі жауды жеңіп, түрік тайпасын құру
болғандықтан, егер одан жеңілсе, өз арының алдында жер болатынын айтады. Мұндағы «ұят» ұғымы ағылшын тіліндегі қызару, қымсылу түріндегі ұят емес, бұл адамның жеңіліске ұшырағандағы ішкі әлемі. Бұл тағы да ұяттың мағынасының тереңірек екенін айқындайды. Сол кездегі қоғам ішкі әлемді тани алмағандықтан, сыртқы әлеммен өмір сүрді, қысқаша айтқанда адамдардың сол кездегі бар ары сол болды. Біздің заманға келіп жеткен осындай ұят басқа, көлеңкелі ұятқа айналды, елдің алдында ұят болмас үшін адамдар айлаға, қулыққа бет бұрды. Бұл тағы да қазақ мәдениетінде іс жүзінде ардың ұяттан кейін қалғанын көрсетеді.
Ұяттың ардан жоғары шыққанын біздің заманымызға дейінгі шамамен VII ғасырларда өмір сүрген скифтік әулие Тоқсары тұжырымдарынан көруге болады, ол адамгершілік қасиеттердің ең жоғарғысы ретінде «достық» деген ұғымды суреттеді. «Досыңның арына тигені, өзіңнің арыңа тигені» деп «ар» ұғымының екі адамдық түсінігін берді. Бұл тағы да бауырмалдық тәрбиемен келген жан-жағыңдағы адамдарға міндеттіліктің ішкі ұяттан сыртқы ұяттың жоғары екенін ұғындырады [7: 17].
Әлемге әйгілі ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби «Адамның жақсы әрекеттер жасауға да, жаман әрекеттер жасауға да туа бітті мүмкіндігі мен қабілет қарымы жетеді» деп арсыз, ұятсыз болып адамның тумайтындығын айтады. Адамның дені сау, ақыл есі дұрыс болып дүниеге келуі, яғни ақылы мен парасатының болуы құдайдың осы адамзатқа берген сыйы болады. Ұлы ойшыл «ақыл- парасат» ұғымына өте көп мән берген, себебі адамның бақытқа жетуі тек ақыл арқылы екендігін дәлелдеген. Әйгілі ойшылдың «Ар-ождан алдындағы адалдық өз қадір–қасиетіңе, ізгі әрекеттеріңе байланысты», «мінез бен ақыл жарасса, адамгершілік ұтады», «тәрбиелеу дегеніміз — адамның бойына білімге негізделген этикалық құндылықтар мен өнер қуатын дамыту» деген тұжырымдарын саралай келгенде, «ар мен ұят» ұғымының мәні адам ақылының әлемдік санаға жетуі деп есептеледі [7: 24]. Ар дегеніміз адам ақылының әлемдік санаға жетуі десек, сол «әлемдік сана» дегеніміз не? Әлемдік сана дегеніміз — сол тәрбиемен берілген ұятты ішкі ұятқа қосып, ұждандық санаға жету.
Бүкіл қазақ мәтіндерінің мақсаты адамның саналық ар мен ұятын оятудан тұрады. Біреудің жаман істерін әшкерелеу, оны оқырманға суреттеп жеткізу оқып отырған пенденің адами санасын арттыруға бағытталады. Атадан балаға жалғасып келе жатқан қазақ тәрбиесі ұяттан басталып ұятпен аяқталатынының да себебі ұят дегеніңіздің адамның өзі екендігін білдіру болып табылады. Ұятпен бірге ғана адам өз адамдық қасиетін сақтай алады, ұят арқылы ғана адам баласы жер бетін мекен етушілерден ерекшеленеді. Ар мен ұятты білім арқылы дамиды десек, білімі жоқтардың барлығы ұятсыз деп айта аламыз ба немесе білімін шетелде жетілдіріп жүргендер арлы адамдар деп корытындылау дұрыс па? Мұның жауабы білімсіз адам ұятсыз емес, тек, білімсіз адамға ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін о баста үйретсе, бойына сіңдірсе, сол үйретілген дағдыларымен қалыптасып қалады. Адамның сыртқы ұяты есту, көру арқылы келсе, ішкі ұят сана, таным, түйсік арқылы келеді. Білімі тасып кеткендердің барлығын да арлы деп айтуға болмайды, себебі ішкі менімен ғана өмір сүріп, қоғаммен санаспай кетуі мүмкін. Мұндағы адамның басты міндеті — екі ұятты қосып, бір ұғымға айналдыру. Ол ұғым — ұждан.
Қалай десек те, білімнің адам санасының дамуының бірден-бір көзі екені белгілі нәрсе. Қазақ даласында білімнің төмен кезінде ар мен ұятты сақтаудың немесе дамытудың көзі адамның сенімінде болған. Түркістандық ғұлама, әулие Қожа Ахмет Иассауи мәтіндері адамның ішкі ұятын оятудың көзі иманда екеніне сеніп, адамдарды құдайға сенуге шақырды. Осылайша адамның арын дамытуды, ішкі ұятқа үңілуді меңзеді. Ахмет Иассауи ілімі адамның сеніміне үлкен мән беріп, адамның ар мен ұяты дегеніміз адамның адами сенімі дегенге саяды. «Арың сақта, болсаң да малға кедей» деп, қара нан жесең де, адам өзінің жүрегінің таза болу керектігін, «кісі малын қымқырып, ары азғандар оңбайды» деп, арсыздыққа барудың арты жақсылық әкелмейтінін айтады [7: 35-38]. Өкінішке қарай, білімсіз халық құдайды тану жолын да міндеттілікпен ауыстырып, ішкі махаббатпен құдайды сүюді, «солай болуы керек» деген парызбен қабылдап, тағы да сыртқы ұяттың сатысын жоғарылатып жіберді.
Сол кездегі барлық ақын-жыраулар ел сүйгіштіктің, бауырмалдықтың, бірге болудың маңыздылығын дәріптеді. Мысалы, қазақтың белгілі шешені Төле Әлібекұлының «Атадан ұл туса, игі, ата жолын қуса, игі, өзіне келер ұятты өзі біліп тұрса, игі» деген сөздерінен ұят ұғымының «толық міндеттілік, жауапкершілік» екенін аңғаруға болады. Жауапкершілік сезімінің тәрбие барысында үлкен рөл атқарғандығынан, бұл құбылыс біртіндеп, келе-келе шынайылыққа айналып кетті. Бала тағдыры «өзім не қалаймын, өзіме не керек» деген оймен емес, әке-шешенің қалауы не деген түсінікпен өрбіді. Дегенмен ата-ананың өз баласына деген тілегі жаман болмайды, алайда адамның «өзі» деген жеке түсінік бірте-бірте жойыла бастады. Адам өзімнің қалағаным деген мақсатпен емес, менің адамдық міндеттемелерім деген санамен өмір кешті. Егер де сол міндеттемелерді орындамаса, өз айналасының алдында ұят болады деген ұғымға қаныққан пенде ардың қалауында жұмысы болмады. Бұл адамзат ардан жұрдай болып кетті деген сөз емес, бұл адамның жекеше «мен» деген ұғымның «біз» деген түсінікке ауысып кеткенін айқындайды.
Жауапкершілік сезімнің сана арқылы қалыптаса келе, бұл құбылыстардың басқаша негативті үрдіс алуы да болды. Жауапкершілікті орындауға міндетті адам баласы тырысу, талпыну арқылы сол бір сыртқы сезімнің алдында өмір сүрудің бейнесін жасады. Сыртқы сезімді мақсат ете отырып, өмір сүрген адам іші басқа, сырты өзге, екі түрлі пендеге айналады. Екі түрлі пенде өз айналасы үшін өзгеше, ал, шын мәнінде, мүлдем басқа адам болуы мүмкін. Сондықтан болар, кей адамдардың адами қылықтарға жатпайтын жағдайларға барғанына өзге түгілі, өз жақындары таң қалысып жатады. Адамға ғана тән қызару, қымсыну, өз қателігіне ұялу сияқты адами асыл сезімдердің өтірік баламалары санада пайда болды. Кейбір ұят саналатын қылықтар білімсіздік пен ақымақтықтық көріністеріне ие болды.
Қазақ батыры Сырым Датұлы ұяттың ұлы күші туралы «бір аяқ сусын — екі кісінің құны; су табылмаса, шөлдеген өледі, ұяттан тауып бермеген өледі» деп адам бойындағы ерекше бір күштің бар екенін айтады [7: 79]. Ұят күшінің құдіреті адам баласы үшін өте маңызды, осы бір «ұятқа қалмайын» деген түсінік адамға ерекше жігер береді. Бұл жағдай адам баласы үшін жақсы жағынан да, жаман жағынан да ерекше орын алады, себебі ұятқа қалмас үшін адам биік шыңдарға жетеді, алайда сол биік шыңдарды бағындыру үшін ұяттан ада қалуы да мүмкін. Адамның ұяттан ада қалатын жағдайы адамның сыртқы сезіммен өмір сүруінде, яғни ар сияқты ішкі сезіммен санаспауында. Осыдан да болар, қазақ мәтіндерінің басым көпшілігі адам бойындағы «арсыздық» тақырыбында жазылған.
Шыңғысұлы Шоқан адам арының дамымағанына былай деп түсінік береді: «Жабайылығы басым, дамып толыспаған адам өз сезімін өзі билей алмайтын жас бала тәрізді» [7: 107], яғни білімсіз адам өз қалауы, өз жүрегі, өз арманы мен ары дегенді түсінбейді, ол тек айналасы қалай қаласа, солай өмір сүре береді. Шоқанның бұл сөзі білімсіздіктің әсерінен адам тек айналасы қалай өмір сүрсе, тура солай өмір сүріп, адам бір үйретілген ит сияқты болып кететінін аңғартады.
Адам баласының арының оянуы дегеніміз — адамның білімді азық етуі, егер тамақ ішу адамның тән қалауы болса, адамның жанын тойдыру үшін білім керек. Тәннің қалауымен өмір сүре берген адамда жан қалауы сырт қалып қояды. Осыдан болар, қазақ ақын-жазушыларының ішінде қартайған шағында өмірден күліп кетудің орнына, қайғы арқалап, өкінішке толы мәтіндер жазып кеткендері жетерлік. Бұл қазақ мәдениетінің тәні тоқ, жаны аштық мәдениетке жататынын білдіреді. Осындай жаны аш мәдениетке жаны шын ашып күйінген адам қазақ даласында қазақтың асыл да, дана ойшылы Абай Құнанбаев болды. А. Құнанбаев өзінің бірінші қара сөзінде қазақ баласының басындағы өмірге керек міндеттемелерді көрсетеді, яғни олар — ел бағу, мал бағу, ғылым бағу, дін бағу, бала бағу. Бұл орта жасқа келген адамның адам баласының атқаруы керек нәрселерді орындамағаны, орындай алмағанын көріп-біліп, санасында саралап отырып, күңіренгені еді [8: 3-4]. Қазақ мәдениетінде жаугершілік замандағы ұжымдық пен тұтастықтан кейін «елің, жұртың, бауырың, балаларың үшін» деген ұғым қалыптасқан. Автордың ойы барлық нәрсені бағуы тиіс адам «жан бағу» ұғымында шаруасы болмағанын білдіреді. Жан бағу деген қара басын асырау емес, бұл жердегі жан бағу жан қалауы, яғни ар қалауы еді. Қаншама жыл аш жатқан жан қалауының азық тілегені еді. Ар білім арқылы келеді десек, ал ғылыммен айналысу — білімнің даму шегіне жету. Алайда неге ғылыммен айналысқан ғалым неге ар қалауын тауып, жан бағу жолына түспеді? Неге өкінеді? Абай ар қалауын тапты, жан қалауын түсінді, мүмкін кеш түсінген болар, бірақ ар жолын ұқты. Дегенмен сүріп отырған ортасында «ар қалауы» деген түсінік болған жоқ, ардың не екенін түсінейін деген де адам болған жоқ. Мыңдаған санаға бір сананың, бір адамның қарсы шығуы өзгелерге сол адамды ала бөтен, жынды адам деп көрсетері анық. Сондықтан ең дұрыс жол ақ қағазға жаза беру болды, күндердің күнінде біреудің ұғатынына сенді.
Қорытынды
Қорытындылай айтқанда, қазақ мәдениетіндегі ар мен ұят — адамның асыл сезімі, адамның өзін қоршаған айналасындағылардың алдындағы міндеті, білім мен тәрбиенің жемісінен пайда болатын адам бойындағы ерекше құбылыс. Ағылшын мәдениетіндегідей, ар мен ұят екі түрлі дүние емес, бұл қос ұғым — адам бойындағы адами қасиеттерге жауап беретін адами сезім. Мұндай адами сезімге қол жеткізудің жолы — білімде, білім арқылы ақыл мен сананың үйлесім табуы. Сонымен бірге ар дегеніміз — адамның ішкі сезімі болса, яғни адамның өзінен ұялуы, ал, ұят дегеніміз — сыртқы сезім, яғни өзгеден ұялу. Бұл дегеніміз қазақ тіліндегі ұят, ар, ұждан деген ұғымдардың орыс тіліне аударғанда «совесть», ағылшын тіліне аударғанда «conscience» деп ұғыммен ғана сәйкес шығатынын білдіреді.
Ұждан ұғымы ардың Шәкәрім берген метаұғымы емес, ұждан дегеніміз ар мен ұяттың немесе сыртқы ұятпен ішкі ұяттың үйлесім табуы екендігіне күмән жоқ. Адамның санасы ұждандыққа жеткенде ғана бабаларымыз аңсаған арлы заманда өмір сүреміз. Шәкәрім ұжданының анықтығы — адам баласынды қос әлемнің болуы, біреуі — қоршаған ортасы, екіншісі — өзінің ішкі әлемі, ал адам баласының міндеті қос әлемді тепе-теңдікте ұстау болмақ.
- Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі / Ред. басқарған Т. Жанұзақов. — Алматы: Дайк Пресс, 2008. — 864 б.
- Ысқақов А. Абай тілі сөздігі / А. Ысқақов. — Алматы: Өнер, 2011. — 616 б.
- Қалиев Б.Қ. Қазақ тілінің сөздігі. / Б.Қ. Қалиев, Ж.Қ. Түймебаев. — Алматы: Керемет медиа, 2019. – 1064 б.
- Каратаев М.К. Қазақ Совет Энциклопедиясы / М.К. Каратаев. — Алматы, 1977. — 394 б.
- Сыдықов Е.Б. Шәкәрім энциклопедиясы / Е.Б. Сыдықов. — Семей: «Алаш-таным», 2019. — 864 б.
- Тұрманжанов Ө. Қазақтың мақалдары мен мәтелдері / Ө. Тұрманжанов. — Алматы: Көркем әдебиет баспасы, 1957. — 237 б.
- Шаймерденұлы Е. Қазақ афоризмдері / Е. Шаймерденұлы. — Астана: Фолиант, 2017. — 312 б.
- Құнанбаев А. Қара сөздер / А. Құнанбаев. — Алматы: «Көшпенділер» баспасы, 2011. — 184 б.