Еңбек этикасы, еңбек өнімділігі мәселелері кез келген қоғамдағы өзекті тақырыптардың бірі болып табылады. Себебі еңбек басымдыққа жеткен қоғам әрқашан басқа мемлекеттерден бірнеше табан алда болған және алда болатынын әлемдік тәжірибе мен ғалымдардың ой-пікірлері дәлелдеп отыр. Мақалада Конфуцийдің, М. Вебердің, Ли Куан Юдің, Махатхир Мохаммадтың және т.б. ғалымдардың еңбек этикасы мен еңбек өнімділігіне қатысты ой-пікірлері сарапталады. Дамудың үлгісіне айналған «Азия барыстарының» дамуындағы еңбектің рөлі мен еңбектің маңыздылығын арттыруға арналған мемлекеттік іс-шаралар салыстырылып талданады. Тарихы, салт-санасы, менталитеті, діні, мәдениеті бір Корея халқы 1945 жылдан кейін социолизмдік даму бағытын алған Солтүстік Корея және капитализмдік даму бағытын алған Оңтүстік Корея деп екіге бөлінді. Әртүрлі даму жолды таңдаған ұлты бір екі мемлекеттің жеткен жетістіктері, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мақалада сипатталады. Еңбек өнімділігі жоғары мемлекеттердің санатына Жапония мемлекетін қоса аламыз. Екінші дүниежүзілік соғыста үлкен жеңіліске ұшыраған Жапонияның экономикалық және әлеуметтік салалары әлсіреген еді. Дегенмен соғыс аяқталғаннан кейінгі 25-30 жылда Жапония әлемдегі ең қарыштап дамыған мемлекеттердің қатарына қосылды. Жапония әлемге техника мен технологияның ең жаңа түрлерін алып келді. Өмір сүруге ең қолайлы мемлекеттердің алдына шыққан Жапонияның дамуында еңбектің рөлі қарастырылады. Мемлекеттің дамуындағы еңбектің орны сипатталып, еңбекқорлықтың қалыптасуына мемлекеттік саясаттың, діннің, ділдің, психологияның, халық дәстүрінің әсері мен ықпалы талданады. Мақалада әлеуетті мемлекеттердің не себепті басқа қоғамдардан дамуы тұрғысынан алда болатындығы сарапталған. Адамның еңбегін жеңілдететін, мемлекеттің дамуына әсерін тигізетін түрлі факторлардың оң және теріс тұстары көрсетілген.
А.Б. Алтынбеков
2013