Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Мәңгілік ел» идеясын ұсынып, мемлекеттік тілді мәңгілік тіл ретінде қалыптасатынына баса назар аударған болатын. Елбасы өз сөзінде: «... Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн» – деп мемлекеттік тілдің болашағын біржола бағамдап, нүктесін қойды [1, 13 б.]. Мемлекеттік тіл жөнінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбааев 2005 жылғы Қазақстан халқына жолдауында: «ХХІ ғасырда кәсіби білімі мен мемлекеттік тілін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық. Біз болашақтың жоғары сападағы білікті кадрлар қорын жасақтауға тиіспіз. Осы заманғы білім беру жүйесінсіз әрі алысты барлап, кең ауқымда, жаңаша ойлай білетін осы заманғы басқарушы кәсіби мамандарсыз біз инновациялық экономика құра алмаймыз» [2, 19 б.] деп баяндаған болатын. Өркениетті елдер мемлекеттік тілін ту етіп көтереді. Себебі, қай мемлекеттің болмасын мемлекеттік тіл елдің шығу тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптары мен теңдессіз тарихи құндылықтарын дәріптейді. Осы баға жетпес ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан сан ғасырлық құндылықтар мемлекеттік тілдің негізін құрап, содан нәр алады. Қай мемлекет болмасын өзінің сөйлеу мәдениетін тек ана тілінде ғана қалыптастыра алады. Туған ана тілінен нәр алған сөйлеу мәдениетінің өзегі тереңде. Сондықтан қазіргі таңда барлық салалар бойынша мемлекеттік құзырлы органдардың соның ішінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері мемлекеттік тілде іс-құжаттар жүргізу, ауызекі немесе телефон арқылы сөйлесу, мемлекеттік тілде қызметтік этиканы сақтау арқылы заман талабына сай сөйлеу мәдениетін қалыптастыру кезек күттірмейтін өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Қазақ халқы дүниетанымға, сыпайы сөйлеуге, мақал-мәтелге, шешендік нақыл сөздер мен орамдарға өте жетік және олардың дұрыс та, орынды терең мән беріліп айтылуына ерте кезден-ақ қатты ден қойып, ерекше бағалай білген. Қазіргі таңда мемлекеттік тілді қолдау саясатын жүргізу барысында көптеген азаматтар тілді тек «аса маңызды қатынас құралы», өзара түсінісіп, пікір алысудың тәсілі, рухани мұрамызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп қана отырады дап түсінеді. Ол түсінік жеткіліксіз. Адамзат өміріндегі тілдің мән-мағынасы мен қызметі, міндеті мен мүмкіншілігі бұлармен ғана шектелмейді. Мемлекеттік тіл өркениеттілікке жетуге, кәсіби сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға, салт-дәстүр мен әдет-ғұрып қағидаларын насихаттауға шексіз қызмет атқарады. Осы бағытта алып қарағанда біз заңгерлердің сөйлеу мәдениетін қалыптастыру барысында мемлекеттік тілді ұлттық мәдениеттің негізі өзегі деп қарастыра аламыз.
Жоғарыда айтылған ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан рухани құндылықтарымыздың ішінде шешендік нақыл сөздер арқылы заңгерлердің сөйлеу мәдениетінің тамырын тереңнен іздеп, басқа ұлттың тарихынан емес, қазақ халқының біртуар сөзге шешен, ақылға бай, тумысынан зерек ойлы, бала биден дана би дәрежесіне дейін бұқара халықтың көңіліне кір салмай өткен дана бабаларымыздың дара жолдарын заман талабына сай жаңғырта отырып тиімді пайдалана білуі – талабы жаңарған жаңа замандағы заңгерлердің кәсіби сөйлеу мәдениетінің үлгісін әлемге айғақтайды.
ХХ ғасыр орыстандыру яғни «қазақ тілінің буынына балта шабу» саясаты кезінде қазақи шешен сөйлемек түгілі жай қазақ тілінде мінберден баяндама жасаудың өзі қиын болғаны белгілі. Бірақ соған қарамастан қазақ зиялылары ағарту ісінен, сөйлеу мәдениетінен кенде болған емес. Қазақ халқының қаймақтары атанған заңғар зиялыларымыздың ұлттық рухани құндылықтарымызды бұқара халыққа, өскелең ұрпаққа дәріптеймін деп репрессия құрбандығына айналғаны тағы бар. Осындай қиын-қыстау ауытқуларды бастан кешірген қазақ қоғамында ұлттық тарихи құндылықтарымыз оның ішінде шешен сөйлеу мәдениетінің шет қалғаны рас.
1991 жылы Қазақстан Республикасы егемендігін алып, тәуелсіз, зайырлы, демократиялық мемлекет атанған соң дербес құқықтық мемлекет құрдық. Құқықтық мемлекет құру үшін құқықтық мәдениет қалыптасуға тиіс. Құқықтық мәдениетке кәсіби сөйлеу мәдениетін игергенде ғана қол жеткіземіз. Кәсіби сөйлеу мәдениетінің қалыптасуы мемлекеттік тіл яғни, ана тілімізге тікелей тәуелді. Өркениетке жетудің алғышарттарының бірі құқықтық мемлекет құру. Құқықтық мемлекетте әрбір азаматтың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасы бірге жетіледі. Құқықтық сана әрбір азаматты құқықты құрметтеуге, заң талаптарын мүлтіксіз орындауға, қыл-мыс зардабын түсініп, оны жасамауға және екінші тұлғаның қылмыстық әрекетке бармауына ықпал етуге көмектеседі. Осындай құқықтық мемлекетте құқықтық мәдениетті дамыта отырып, бұқара халықтың назарына құқықтық сананы енгізу үшін заман талабына сай кәсіби сөйлеу мәдениеті қалыптасқан заңгер мамандар керек. Сондықтан заңгер мамандардың бұқара халыққа және іске қатысты тараптарға заң талаптары мен нормативтік құқықтық актілердің қолданылу аясын және жазалау мақсатын мемлекеттік тілде кәсіби түрде түсіндіре білсе, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне деген халықтың сенімі артып, халықтың түрлі қылмыстарға бармасы анық.
Қазіргі таңда заңгерлердің сөйлеу мәдениетінің жоғары формасы ретінде шешендік сөйлеу мәдениеті кең көлемдегі мәдениеттің ажырамас бір бөлігі қалпында қатты сезілуде. Шешендік өнер тек мемлекеттік тілмен ғана дамиды, шырқау шегіне жетеді. Мемлекеттік тілде шешендік өнерді меңгерген заңгерлер өзінің кәсіби сөйлеу мәдениетін қалыптастырады. Қазіргі кезде зиялы адамның сүреңсіз де мәнсіз сөйлеуі, яғни кәсіби маманның сөйлеу мәдениетінің төмендігі адам баласының оқи және жаза білмеуі секілді ыңғайсыз көрінуі тиіс. Сөйлеу мәдениетіне баса мән бере отырып, аса сергектік танытқан араб халқы «сөйлемесе кесек, сөйлесе есек» мәтелімен шымбайға батыра айтқан.
Заманында Аристотель күллі адам баласының белгілі дәрежеде шешендіктану іліміне қатыстылығын анықтай келе: «Кәсіби іскер бизнесмен, заңгер, саясаткер, менеджер, дін саласын уағыздаушы өз кәсібінің шарықтау шегіне жеткісі келсе, сөйлеу өнерін (сөйлеу мәдениетін) жете меңгеруі тиіс. Себебі оларға халықпен үнемі қарым – қатынас жасауға, әңгімелесуге, кеңес беруге, шаршы топ алдында сөйлеуге тура келеді. Ал шаршы топ алдында сөз сөйлеу үшін, не айтатыныңды білу аздық етеді, бұған қоса, қалай айту керектігін білген жөн. Іскер маман өз сөзінің ерекшеліктерін көз алдына елестете білуі, тыңдаушыларға әсер ететін сандаған факторларды ескеруі, сөйлеу мәдениетін меңгеруі тиіс» [3, 29 б.] – деп өз ойын түйіндейді. Сонымен бүгінгі таңда шешендік қажеттілік. Бұл қазақ қоғамы үшін заңдылық та, себебі тілдік қатынастың барлық түрлерін игерген жоғары мәдениетті іскер адамдарға қоғамның қажетсінуі айқын аңғарылуда. Осыған орай елбасының халыққа жолдауындағы ұтымды ұстанымына және ғұлама Аристотелдің ше-шендіктану ілімін негізге ала отырып, қызмет бабында қолданыста жүрген қазақ тіліндегі өзара қарым-қатынас пен шешендік өнер арқылы қоғамдағы заңгерлердің сөйлеу мәдениетінің деңгейін көтеру мен кәсіби сөйлеу мәдениетін қалыптастыру мәселесін шешу жолдарын ұсынамыз.
Қазіргі қоғамның мәдени даму сатысы заңгерлерден кең тұрғыда алысты барлап, кең ауқымда, жаңаша ойлай білуді, жаңа заманның даму заңдары бойынша кәсіби қимыл-әрекетті үйлестіре білу қабілеттілігін талап етеді.
Кәсіби сөйлеу мәдениетіне ие болу – адамның жер бетіндегі тіршілік атаулының бәрінен жоғары сатыда екендігін танытатын, адамды адам етіп тұрған адамзат баласының ұлы қабілеттерінің бірі. Ал, заңгерлердің кәсіби сөйлеу мәдениетінің қалыптасуы – егеменді, тәуелсіз мемлекетіміздің әлемдегі дамыған өркениетті елдер қатарына енудің алғышарттарының бірі болып табылады.
Қазақтың дала заңына бағынған заңгерлері – билер өз заманында сөйлеу мәдениетін терең игеріп, қолданысқа енгізе білген.
Ессіздің сөзі, естілер де қалар
Есті сөз, ел көңіліне қонар
Екі ауыз сөзбен ердің құнын шешкен
Жетім менен жесірдің мұңын шешкен
Қазақта ешкім болмас биден озар – деген қазақ нақылынан қазақ қоғамындағы билердің көрегендігін, данышпандығы мен шешендігін және кәсіби сөйлеу мәдениетін өз заманында шарықтау шегіне жеткізіп, меңгергендігін байқаймыз.
Қорыта келе, мемлекеттік тілдің ерекшеліктерін және қазақ халқының ертеден қалыптасқан байырғы сөйлеу мәдениетін ескере отырып, халықтың игілігіне жарата білсек, тәуелсіз құқықтық мемлекетіміз Елбасымыз айтқандай бәсекеге қабілетті де өркениетті 30 елдің қатарынан көрінеріне сенімдіміз.
Әдебиеттер
- Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2014 жылғы Қазақстан халқына жолдауы. – Астана, 2014.
- Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2005 жылғы Қазақстан халқына жолдауы. – Алматы, 2005.
- Қыдыршаев А. Іскерлік шешендіктану қағидалары. – Орал.