Парламенттің заң шығару қызметі өмірде болып жатқан әлеуметтік, саяси, экономикалық процестерден туындайды, олармен өзара тығыз байланыста болады. Бұл процестер заң ережелерін қоса алғанда жалпы құқықтық ережелердің қалыптасуына сөзсіз әсерін тигізеді. Заң актілерін шығара отырып, Парламент қоғамның әлеуметтік, экономикалық, мәдени, рухани т.б. дамуының деңгейіне сүйенеді. Әрі Парламенттің заң шығару қызметі адамдардың қажеттіктері мен мұқтаждықтарынан, мақсаттары мен мүдделерінен туындалады.
Ұғымдық-анықтамалық категория ретінде қарастырсақ, фактор – бұл белгілі бір істің, құбылыстың себепшісі болатын қозғаушы күш [1, 23 б.].Теория және практика заң шығару қызметіне әсер ететін, оның негізі болатын екі факторды белгілейді: объективтік және субъективтік.
Заң қызметіне әсер ететін объективтік факторлар (негіздер)– бұл заң шығарушылармен қоса жалпы адамдардың санасынан тыс, оған тәуелсіз болатын құбылыстар, ал заң шығармашылығына әсер ететін субъективтік факторлар – бұл мемлекеттің, оның органдары мен жеке тұлғалардың санасы мен еркіне байланысты, заңдар шығарудың себепшісі болатын қозғаушы күш. Қандай қызметтің болмасын субъективтік факторы ол сана мен әрекеттің байланысының көрінісі. Өйткені, сана мен әрекет байланысып, бірікпесе, адамдардың қызметінде жүзеге аспаса, онда субъективтік фактордың да болмайтындығы өте мүмкін жағдай. Осы мәселеге қатысты Б.А.Чагиннің мынадай ой-пікіріне тоқталуды жөн санап отырмыз: «өз ойлары мен санасының шегінде қалатын адам қоршаған шындықтың құбылыстарына тікелей әсер ете алмайды. Егер қандай-да бір ілім не идея өз көрінісін адамдардың, топтар мен партиялардың әрекеттерінде таппаса, онда олар тарихи процесстің ілгерілетуші күші сипатына ие болмайды, яғни субъективтік фактор болып табылмайды» [2, 34 б.].
Дәл бүгінгі күні заң шығармашылығына көп әсер етіп жүрген субъективтік факторлардың ең бір ықпалдысы – саяси факторлар. Халықтың, заң шығарушылардың санасы мен еркі қоғамның саяси өмірінде, мемлекеттің және әртүрлі қоғамдық құрылымдардың қызметінде қалыптасады. Саясаттың, саяси факторлардың заң шығармашылығына тигізетін әсері өте зор.
Мемлекеттің заң шығару қызметі сол мемлекеттің саяси қызметінің негізгі бір жағын білдіреді. Заң шығару қызметін реттейтін нормалардың өзінде-ақ мемлекеттік саясаттың көлеңкесі, қоғамдық-саяси қатынастар байқалады. Демек, саяси практиканың заң шығармашылығына әсерінің күштілігі соншалық, оны заңдарды сөзсіз қалыптастыратын факторлардың қатарына енгізу қажет.
Саяси факторлардың заң шығармашылығына тигізер ықпалын әр кезде де байқауға болады. Мысалы, Кеңес заманында мемлекеттік саясат коммунистік партияның заң шығармашылығындағы басшылық рөлін белгіледі. Ғылыми коммунизм теориясын анықтай отырып, коммунистік партия кенес заңдарының басым бағыттары мен негізгі міндеттерін анықтау арқылы заң шығармашылығына қозғау салды. Өйткені, коммунистік партия съездері мен Кеңес Одағының коммунистік партиясының орталық комитетінің пленумдарының шешімдері кез-келген заң актілерінің негізі болды. Коммунистік партияның маңызды заң жобаларын бүкілхалықтық талқылауға қоюына бастамашы ретінде болуы да оның заң шығармашылығы қызметіндегі басшылық рөлін көрсетеді.
Қоғамдағы саяси топтар саясатының заң шығармашылығына әсер етуін тарихтан көруге болады. В.И.Ленин өз уақытында таптық күрес пен заң шығару қызметінің байланысын өз еңбектерінде көрсетті, яғни «заңдар таптық күресте күштердің арақатынасын білдіреді», – деп жазды ол. Қазан революциясы кезінде В.И.Ленин заңдардың таптық күреспен, олардың революциялық қызметімен байланысын былай белгіледі: «біз үшін революциялық бастау маңызды, ал заң оның нәтижесі болуы тиіс» [3,б.345].
1993 жылы Қазақстан Республикасының Конституциясы бірінші рет саяси алуандықты бекітті. Басшылық рөлге ие болған коммунистік партияның орнына бірнеше саяси партиялар келді. Қазақстанда көп партиялы жүйенің қалыптасуына саясиланған қозғалыстардың даму кезеңдері себеп болды. 1993 жылы көппартиялы қызмет Конституциямен рұқсат етілгенге дейін – 1986 жылдың күзінен бастап осы кезеңге дейінгі аралықта жастардың саясиланған клубтары, «Невада-Семей» саяси жалпы ұлттық қозғалысы, социал-демократиялық партия, «Алаш», «Желтоқсан», т.б. партиялары пайда болды. Ал, 1991 жылы «ҚазССР қоғамдық бірлестіктері туралы» заңы қабылданды, саяси аренадан коммунистік партия кетті, КСРО күйреді. Міне, осылардың бәрі Қазақстанда көп партиялы жүйенің қалыптасуын жеделдетті. Қазақстанда саяси партиялар мен саяси қозғалыстар мемлекетіміздің саяси процесінің дамуына әсер етеді. Олар билік үшін, оны жүзеге асыруға қатысу үшін күресетін ұйым. Саяси процестің барлық сатыларында саяси өмірге, азаматтардың саяси еркін қалыптастыруға қатыса отырып, бүгінгі күнде саяси партиялар мен қозғалыстар мемлекеттік шешімдерді қабылдауға, заң шығармашылығына қозғау салуға, оларды жүзеге асыруға белсенді қатысады.
Саяси құрылымдардың мемлекеттің саяси өміріне қатысуынан өзге, заңды жасаудың саяси негіздері болып Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты, ішкі, әскери саясаты табылады. Заңдарды шығаруға саяси практика неғұрлым нақты жолдармен де әсер етеді. Мысалы, сайлау, референдумға қатысу, бейбіт жиналыстар, митингілер, демонстрациялар, шерулер мен тосқауылдар ұйымдастыру және өткізу әрбір азаматтың конституциялық құқығы. Азаматтар осындай шараларды жүзеге асыру арқылы мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына, саяси қызметтің нақты салаларына: экологиялық, ұлттық, мәдени т.б. саясатқа, мемлекетті басқару ісіне араласа алады. Демек, заңды митингілер, демонстрациялар мен дауыс беру т.б. шаралармен заңдылықтың өзгертілуіне қозғау салуға, әсер етуге болады. Белгілі бір тұлғалар мемлекеттің заң шығармашылығына тікелей ықпал етсе, оппозициядағы құрылымдар да өздерінің құқықтық талаптарының өтуі үшін ұйымдық түрде күресе алады. Мемлекеттің саяси факторлары мен заңдылықтың арақатынасын Р.О.Халфина былай белгілейді: «Саясат пен заңдылық арасында органикалық байланыс бар. Саясат пен құқық арасындағы органикалық байланыс олардың бірдей болуын білдірмейді. Құқық (заң) саясатқа сіңіп кетпеуі керек. Ол қоғамдық қатынастарды рет-теуде өзінің ерекше орнын алады» [4, 105 б.].
Заң шығармашылығының субъективтік факторларының келесі бірі – идеологиялық факторлар. Заңдардың шығарылуына қозғау салатын және оны жасайтын идеологиялық факторлар – ол мемлекеттік идеология, құқықтық сана және өзге де қоғамдық саналар (рухани, моральдық, ұлттық саналар т.б.).
Мемлекеттік идеология заң шығаруда негізгі рөлді атқарады. Өйткені, заң шығармашылығы мемлекеттік идея арнасында жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясы мемлекетімізді демократиялық, құқықтық, әлеуметтік және зайырлы мемлекет ретінде орнықтыратынын бүкіл әлемге паш ете отырып, оның ең қымбат қазынасы (адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары) мен қызметінің түбегейлі қағидаларын бекітті. Тиісінше, мемлекеттік идеология еліміздің өркендеп өсуі, заңның жоғарылығын қалыптастыру, адамдардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты нығайту т.б. бағытында қалыптасады. Олай болса, осы бағытқа сай келетін идеялар мен тұжырымдарды қамтиды. Сондай-ақ, мемлекеттік идеологияда қоғам өмірінің экономикалық, саяси, әлеуметтік және рухани қатынастары да өз көрінісін табады. Ата заңымыз адамның, жалпы бүкіл Қазақстан халқының өмірін, мүддесін жоғары қоятындықтан, мемлекеттік идеология да қандай-да бір жеке топтардың емес, бүкіл халықтың мүддесін білдіруі керек. Демек, ол қоғамдағы бүкіл қатынастарды Қазақстан халқы мүддесінде реттеп, бекітудің құралы, тиісінше бағытта заңдар шығарудың себепшісі болуы шарт [5, 4-6бб.]. Алайда, мұндай міндеттерді мемлекеттік идеология тікелей өзі емес, қоғамдық-саяси институттар арқылы жүзеге асырады. Мемлекеттік идеологияның өзін белгілі бір тұлғалар қалыптастырады. Мемлекеттік идеология заң шығармашылығына әсер ететіндіктен, ол тиісті заң арқылы бүкіл қоғамдық процестерге де ықпалын тигізеді. Ал, мұндай ықпал кері, қате болмауы үшін оны қалыптастыратын тұлғалар да бұл мәселеге аса назармен қарауы керек. Күні кешегі тарих тиімсіз идеяның қалыптасуынан Парламенттің қажетсіз, сәтсіз заң шығарғанына куә болды. Нақты айтсақ, Ресей Федерациясына еліктеуден ҚР Парламентінің тиісті заңымен Республикамызда мемлекеттік тергеу комитеті (ГСК) құрылған болатын. Дер кезінде таратылғанымен, оның мамандарға моральдық жағынан залалы, өзге де кемшіліктері аз болған жоқ. Қазақстанның мемлекеттік идеологиясы ұлтшылдық, әлеуметтік жікшілдік, ұлттық астамшылық, рушылдық, қатыгездік идеологияларынан бас тартатындығын мәлімдейді. Мұның өзі Республика Президенті мен Парламент депутаттарына, Республика Үкіметіне тиісті әрекеттерге жол бермейтін заң жобаларын енгізу және қабылдау міндетін қояды.
Мемлекеттік идеологияның алдындағы негізгі міндет – Қазақстанның тәуелсіздігін, қорғанысын күшейту, экономикалық дамуын жетілдіру, шынайы түрде азаматтардың құқықбостандықтарын құрметтеу. Міне, осы мәселелер төңірегінде мемлекеттік идеологияны қалыптастырушылар бірігіп іс-әрекет жасаулары, тиісінше заңдардың шығарылуына қозғау салулары қажет.
Құқықтық сана да заңдар шығаруда негізгі рөл атқаратын идеологиялық факторлардың бірі болып табылады. Оның заң шығармашылығын қоса құқық шығармашылығының қажетті факторы ретіндегі де орнын көрсетіп кеткен ғалымдар бар. Мысалы, Г.С. Остроумов, Е.А. Лукашева өз еңбектерінде құқықтық сананың құқықты жасаудағы рөлін ғылыми әдебиеттерде тегіс бір ауыздан мақұлдайтындығын көрсетеді [6, 40-54 б.; 7, 163-170 б.].
Заң шығармашылығының құқықтық практикалық санаға сүйенбесе тиімді болмайтыны хақ. Құқықтық сана – қоғамдағы құқықтық құбылыстарға адамдардың сезімдерінің, әсерлерінің, көзқарастарының, пікірлерінің, бағаларының жүйесі. Оны заң шығарудың, нормативтік актілердің дұрыс орындалуының, құқықтың сапалы дамуының негізгі шешуші тетігі деуге болады [8, 161 б.]. Заңмен реттелетін қоғамдық қатынастардың күрделілігі, оларды дұрыс қолдану және олардың дамуының ең бір жетік жолдарын анықтау қажеттігі ғылыми сананың заң шығару процесінде болуын талап етеді. Олай болса, идеологиялық негіздер заң шығармашылығы қызметінің мәнін анықтайды.
Барлық кезде де, оның ішінде кез-келген тарихи даму сатыларында субъективтік факторлардың орны болған. Адамдардың шынайы құбылыстар мен процесстер туралы білімдері болмаған кезде де олардың объективтік процестерге әсер ету дәрежесі шамалы ғана болса да болған. Қоғамдық процесс субъектілерінің, яғни адамдардың саналылығы дәрежесінің өсуімен тарихи процесте субъективтік факторлардың рөлі де жоғарылайды, өсіп отырады. Бұл заңдылық заң шығармашылығына да тән.
Әдебиеттер
- Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Қазақ ССР «Ғылым»баспасы. – Алматы, Т.10. – 1983. – 671 б.
- Чагин Б.А. Субъективный фактор. Структура и закономерности. – М.: Мысль. – 218 с.
- Ленин В.И. Полн. соб. соч. – Т.31. – М.: Политиздат, – 671 с. – Т. 17. – М.: Полит. Литературы, 1980. – 655 с.
- Научные основы советского правотворчества. Отв. ред. Р.О. Халфина. – М.: Наука, – 320 с.
- Сапарғалиев Ғ. Қазақстанның бірыңғай мемлекет ретіндегі идеологиясының мәселелері. // Ақиқат. № 9-10, 1999
- Остроумов Г.С. Правовое сознание действительности. – М.: Наука, – 174 с.
- Лукашева Е.А. Социалистическое правосознание и законность. – М.: Юрид. лит., – 344 с.
- Жоламан Қ.Д., Мұхтарова А.Қ., Тәукелов А.Н. Мемлекет және құқық теориясы. – Алматы: ҚазМЗУбаспа полиграфия орталығы, 1999. – 320 б.