Заң шығару қызметі – бұл заң шығарушы субъектілердің заң актілерін жасауға бағытталған саналы, мақсатты қызметі. Заң шығармашылық қызмет санаға негізделген қызмет болғанымен оны қандай да бір жағдайлар себеп етеді. Ол жағдайлар адамдардың еркіне, санасына бағынышты да, одан тыс, тәуелсіз жағдайда да болуы мүмкін. Қоғамдағы кез-келген қызмет, процесс секілді заң шығару қызметі де өмірде болып жатқан түрлі әлеуметтік, саяси, экономикалық т.с.с. процесстерден туындайды,олармен өзара тығыз байланыста болады.Қоғамда болып жатқан жағдайлар құқықтық ережелердің қалыптасуына, оның мазмұнына сөзсіз әсерін тигізеді. Олай болса, заң шығару қызметі қоғамдағы түрлі процесстердің нормативтік байқалуының жолы болып табылады. Заң актілерін шығара отырып, заң шығарушы орган қоғамның экономикалық, әлеуметтік, мәдени, рухани т.б. дамуының деңгейіне сүйенеді.Бұл заң шығарушылардың заң шығармашылығына байланысты жүріс-тұрысы, іс-әрекеті негізделген болып табылатындығын көрсетеді. Заң шығарушы қандай да болмасын әрекетті толығымен өз қалауы бойынша негізсіз таңдай алмайды. Ол әрқашанда белгілі бір қажеттілікпен байланысты болады.
Заң шығармашылығына ықпал ететін объективтік және субъективтік жағдайларды тану мемлекет, қоғам қажет ететін мүдделерді мүмкіндігінше дер кезінде реттестіруге, қоғамның біздің еркімізден тыс, бірақ өмір сүруімізбен, дамуымызбен байланысты объективтік заңдылықтарын дұрыс, өз уақытында анықтауға мүмкіндік береді. Ал, заң шығаруға деген объективтік қажеттіліктерді дер кезінде анықтап, тану, оны заңды реттестіру заң шығармашылығының нәтижесі – заң актісінің тиімді, сапалы болуына жағдай жасайды.
Заң шығару қызметі заң шығарушылардың толығымен өз ойларындағысын жүзеге асыруы емес. Заң шығару қызметін қоса жалпы құқық шығармашылық қызметі белгілі бір күштің, жағдайлардың әсеріне байланысты. Заң шығармашылық белгілі бір дәрежеде халық қалаулыларының санасы мен еркіне байланысты болғанымен біраз шамада оған адамдардың санасынан тыс, оларға тәуелсіз болатын, өз бетінше өмір сүретін құбылыстар да әсер етеді. Осы тәуелсіз күш, құбылыстар (объективтік жағдайлар, факторлар)әркезде де негізгі, алғашқы, мағынасы бойынша анықтаушы болып табылады. Қай кезеңде болмасын объективтік жағдайлар біршама маңызды. Себебі, ол тарихи қозғалыстардың адамдардың санасына тәуелді емес объективтік заңдармен анықталатындығын көрсетуге және тарихтың объективті жүрісі қаншалықты шамада адамдарға, олардың санасы мен ақыл – ойына, іс – әрекетіне т.б. байланысты екенін анықтауға мүмкіндік береді.Әдетте, субъективтік факторлардың дамуы ақыр соңында объективтік жағдайлармен анықталады. Объективтік жағдайлар тұлғаларға қоғамның объективтік заңдылықтарын ұсынады. Алайда, мұндай көзқарас субъективтік факторлар негізгі емес, туынды, қосымша күш болып табылады деген тоқтам жасамайды. Бұлай дейтін себебіміз, объективтік жағдайлармен анықталатын субъективтік факторлар өз кезегінде тиісінше объективтік негіздерді дамытып немесе өзгертіп отырады. Мұндай өзара байланыстылық өз көрінісін қоғамдық дамудың бір сатысынан екінші сатысына өткенде, яғни өтпелі кезеңде неғұрлым анық байқатады. Демек, бұл екі категория өзара байланысты, бірыңғай және де тарихи дамудың екі жағы болып табылады деген қорытынды жасауға болады.
Заң шығарушының тиісті шығармашылық қызметтегі әрекетінің объективтік негіздермен байланысты болуы тек бүгінгі күннің ғана емес, қай кезеңнің болмасын қажеттілігі. Өйткені, заң шығарушының қызметі мен объективтік негіздің, қажеттіліктің байланыстығы депутаттардың санасы мен еркінің маңызының құнсызданбауына жеткізеді және оларға саналы түрде алдына қойған мақсаттарын жүзеге асыруға сенімділік береді.
Қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеудің тиімді, қажетті деңгейде болуы объективтік заңдылықтарды тану қызметінің дұрыс жүргізілуіне байланысты. Заң шығаруға қозғау салатын объективтік негіздерді тану барысында оларды талдау, болашақ заңдылыққа қаншалықты әсер ететінін байқай білу маңызды іс. Демек, заң шығармашылығының объективтік негіздерін тану заң шығармашылығын тиімді жоспарлаудың және заң актісінің болашақта қолданбалы болуын болжаудың қажетті алғышарты болып табылады. Бұдан шығатын қорытынды: заң шығармашылығының объективтік негіздерін танудың ең бір жетілдірілген деңгейін қамтамасыз ету, оның нәтижелерін пайдалану заң ғылымының негізгі міндеттерінің бірі болуы тиіс. Профессор Р.О. Халфина өз еңбегінде объективтік факторларды ғылыми танудың маңыздылығын өте орынды көрсетеді. «Құқық шығармашылығы процесінде объективтік факторларды ғылыми тану – қоғамның алдына қойылған мақсаттарға жету үшін объективтік заңдылықтарды саналы, мақсатқа сай пайдалану тұрғысынан қарағанда құқық шығармашылығы процесінің маңызды кезеңдерінің бірі. Шынайы өмірде объективтік фактор ғылыммен танылған тетік арқылы ықпал етеді. Бұл тетіктің әрекет етуі барысында объективтік заңдылықтар мен адамдардың, қоғамдық құрылымдардың заңдылықтармен келісілген, байланысты жігерлі іс-әрекеттерінің диалектикалық байланысы байқалады» [1, с. 94-95].
Заң шығармашылығына әсер ететін объективтік факторлар бірмаша (экономикалық, табиғи-жағрафиялық, тарихи-қоғамдық жағдайлар, демографиялық жағдайлар, т.с.с.). Адамзаттың бүкіл тарих бойы қалыптастырған өзіндік мәдениеті, тіршілігін жасау жолдары, нақты айтсақ, қазақтарға қатысты жер игеру мен мал бағу сипаты, еңбек етуі мен табыс табуының, күн көрісінің жолдары, салты, ұлттық менталитеті – мұның бәрі олардың өздерінің өсіп-өнуі мен ыңғайлы өмір сүруі үшін ең бір дұрыс, ыңғайлы жолдарды табуының объективтік дәлелі. Олай болса, заң актілерін шығару арқылы тиісті халықтың жүріс-тұрысын реттеуде бұл аталған жағдайлар бастамашы, анықтаушы болуы шарт. Себебі, белгілі бір халықтың табиғи-қоғамдық жетістіктері (әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, мәдениеті, еңбек пен тұрмысының жолдары т.б) оның тарихи кезеңінің барлық дамуында өз бойына сіңірген, саралап қабылдаған жемістері. Мұндай жағдайлар да белгілі бір тұрмыста қалыптасады және оған икемделеді. Осы орайда мына бір пікірге тоқталып кеткен орынды болар. «Адамның батыста, шығыста немесе оңтүстікте тұратынына қарамастан бүкіл адамзаттың жетістіктерін зерттеу және білу керек. Сондай-ақ, бір мезгілде мынаны да ұғыну қажет: кез-келген мәдениет табиғи-қоғамдық жағдайлардың өз «орталарында» жетіледі, нақ осы жағдайларға икемді және бір мәдениетті басқа мәдениетке ауыстыру осы мәдениеттің өзге жетістіктерді қабылдау және сіңіру мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін ескергенде ғана қолданылуы мүмкін. Өзіндік мәдениет адамдардың өмір сүруінің шынайы жағдайын сипаттайды, ал өзгеден алынған мәдениет – жақсы да жаман да болуы мүмкін шамалы жағдайды сипаттайды» [2, с. 59-60].
Автор бұл пікірінде тек мәдениетті ғана қарастырады, бірақ бұл заңдылық өзге де жағдайларға тән. Бұл айтылғандардан шығатын қорытынды: заң шығарушы заң шығарушылық қызметті жүзеге асыруда халықтан оның ұзақ уақыт бойы, тер төге отырып қалыптастырғанын бөліп алмай, әрқашан біртұтастықта қарауы тиіс. Бұл мәселені бұдан 85-90 жылдай бұрын қазақ елінің көсемі Ахмет Байтұрсыновтың түсіне білгенін ғалым Сәкен Өзбекұлы өз зерттеуінде көрсетіп кеткен болатын. Жалпы, Ахмет Байтұрсынов ұлттық мемлекеттердің парламенттері шығарған заңдардың мазмұны мен мағынасын жергілікті ұлт өкілдерінің ұлттық психологиясының этникалық ерекшеліктерін, олардың шаруашылық ұйымдастыру факторларын ескеріп қабылдауды жан-тәнімен талап етеді. Расында да, халықтың бүкіл тарих саласында қалыптастырған әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрін мемлекеттің ескермей, мойындамай қабылдаған заңдарының белгілі бір қоғамдық қатынастарды реттеудегі құқық мүмкіндігі шамалы болмақ және ондай заңның халық арасынан қолдау табуы екі талай. Өз пікірін дана қайраткер Ахмет Байтұрсынов былай мәлімдейді: «әр халықтың бұрыннан жүріп келе жатқан дағдылы жолы бар. Ол жолды түзеткенде жарамды жеріне тимей, жарамсыз жерін ғана өзгерту тиіс. Олай етпесе, соныдай ойып салған жолмен жұрттың көбі жүрмей, бұрынғы дағдылы жолмен кете береді. Әсіресе, көзі ашылып, көңіліне сәуле түспеген қараңғы халық болса, ондай жаңадан салған жат жолмен жүру оған тым қиын, сондықтан законның түп үлгісі бір болғанымен, әркімнің бойына қарай киім пішкен сияқты әр халықтың қалпына, салтына, мінезіне қарай заң шығарылады» [3, 248 б.].
А.Байтұрсынов заң шығарушының өз ісінде халықтың тарихи қалыптасқан қоғамдық жағдайларымен жай ғана есептесуін емес, сондайақ тиісті мәселені ескере отырып заң шығару халықтың өсіп-өнуіне, қалпын түзеуіне жағдай жасайтындығын көрсетеді. Шынында да, заң шығарушы өз халқының әдет-салтын, ұлттық менталитетін жақсы білмесе, оның шығарған заңы халықтың азып-тозуына болмаса, өсуіне, жандануына әкеп соқтырмайтындығы хақ.
Заңменен реттелуге қажетті қоғамдық қатынастарды таңдау, ол қатынастарға заңи акт нысанын беру заңи ережелерді жасауда қандай-да бір жүрістерді таңдау мүмкіндігіне негізделеді. Ол объективтік негіздермен байланысты және объективтік қажеттілік шегінде болады. Объективтік негіздер шартты болуы және даму процесінде өзгеріп отыруы мүмкін. Осы уақытқа дейін тарих көрсеткендей, олар әрбір кезде де таңдау мүмкіндігін шектейді. Адам табиғат пен қоғам заңдылықтарынан еркін, бөлек емес. Ол өзі өмір сүріп жатқан қоғаммен біртұтас, оның мүшелерінің бірі. Белгілі бір тұлға өз қызметінде саналы немесе санасыз, ерікті немесе еріксіз болуы мүмкін. Бірақ, ақыр соңында ол, әр кезде де объективтік заңдылықтарға сүйенеді. Бұл дәлелденген түсінік. Олай болса, заң шығаруда депутаттар да осы заңдылыққа мойынұсынуы керек.
Объективтік негіздер (экономикалық, табиғи-жағрафиялық, тарихи-қоғамдық жағдайлар, т.с.с.) заң шығаруға себеп бола отырып, заңда өз көрінісін табардан бұрын заң шығаруға қатысушылардың санасында таразыланып, қаралуы тиіс. Заң шығармашылығын туындаушы объективтік негіздерді зерттеу, тану, оларды тиісінше заңның мазмұнында көрсету – бұл адамның саналы қызметінің нәтижесі. Демек, объективтік факторлар тиісті шығармашылық қызметке себеп болады, ал оны өз уақытында танып, дер кезінде қажет заңды қабылдау – субъективтік факторлардың, яғни санаға бағынышты қызметтердің іске асуының нәтижесі. Объективтік факторларды тану негізінен заң жобаларын жоспарлау сатысында жүргізіледі деп айтсақ артық болмас. Өйткені, жоспарлау барысында заңмен реттелуге тиісті қатынастар мен әлеуметтік қажеттіліктер анықталады. Ал, заңдар шығаруға деген мұндай қажеттіліктерді табу, анықтау заң шығармашылығының шынайы объективтік негіздерін тану қызметінің жемісі болып табылады. Жоспарлау кезінде объективтік факторларды зерттеу, талдау, қорыту, олардың заңдар мазмұнының белгіленуіне әсерін байқау әрекеттері жүргізіледі. Олай болса, жоспарлау заң шығармашылығына қозғау салатын жағдайларды анықтау арқылы реттеуші процесстердің үзіліссіз өтуін қамтамасыз етеді. Жоспарлау негізінде өзекті әлеуметтік мәселелер анықталып, ішкі және сыртқы объективтік негіздердің тікелей немесе жанама әсер етушілігі ескеріледі. Заң шығару қызметінің жемісті болуы жоспарлаумен алдын ала анықталады. Бұл аталғандардың бәрі жоспарлаудың заң шығармашылығының объективтік негіздерін танудағы рөлі мен қажеттігін дәлелдейді.
Атап кеткеніміздей, субъективтік фактор бұл адамдардың саналы қызметі. Заң шығармашылығына қатысты айтсақ, ол заң шығармашылығына қатысушылардың интеллектуалдық, моральдық-психологиялық, саяси-ұйымдасқан, санаға бағынышты қызметі. Субъективтік фактор сана мен әрекеттің байланысының көрінісі.
Заңдар шығаруға қозғау салатын субъективтік факторлар реттелуді қажет ететін қоғамдық қатынастарды нормативтік бекітуге бағытталған қызметтің саналығы мен ұйымшылдығын, ер-кі мен әрекеттігін көрсетеді. Олар пісіп-жетілген қоғамдық қатынастардың реттелуін тежеуі немесе жылдамдатуы мүмкін. Саналылық – заң шығармашылығына қозғау салатын субъективтік факторлардың негізгі белгісі, заңдар шығару арқылы қоғам дамуын ілгерілетудің қажетті заңдылығы.Сананың құқықты (заңды) жасауға әсері туралы Г.В.Плеханов былай деп жазады:
«белгілі бір мүддені қорғау үшін оны ұғыну қажет. Сондықтан да құқықтың кез-келген жүйесін сананың жемісі ретінде қарауға болады. Құқық қорғайтын мүдделер адамның санасымен анықталмайды, сондықтан құқықтың мазмұны да өздігімен олармен анықталмайды. Алайда, қоғамдық санамен тиісті мүдденің адамның миындағы көрінісі қабылданатын нысан анықталады» [4, с. 260].
Депутаттардың саналығы заң шығармашылығының барлық сатысында олардың ой-өрісіне, әрекеттеріне өте үлкен әсер етеді. Демек, заң шығармашылығының субъективтік факторларының жалпы көрсеткіші – саналықтың негізінде заңдарда белгіленген тәртіп ережелері халық қалаулыларының ой-өрісінде, кәсіптілігінде жетіледі.
Заң шығармашылығын туындайтын субъективтік факторлар адамдардың сана шегіндегі мынадай қасиеттерін қамтиды: заң шығарушылардың кәсіптілігі, ұйымдасушылығы, адамгершілік-моральдық қасиеттері, құқықтық мәдениеті және т.с.с. Субъективтік факторлар негізінде заң шығаруға қатысушылар объективтік қажеттілікті тауып, белгілі бір идеялар мен теорияларға қаныға отырып, қоғамдық дамудың объективтік заңдылықтарын пайдалануға, оларға тиісті мүдделерге сәйкес белсенді әсер етуге қабілетті болады. Қажетті қатынастарды реттеушілік қызметінің дер кезінде басталуы, оның тиімді және қажетті деңгейде өтуі, заң актісінің сапалы болуы субъективтік факторларға байланысты. Демек, заң шығармашылығының субъективтік негіздері сапалы заңдар шығарудың бір негізі болып табылады. Ол заңның болашақта дұрыс жұмыс істеуінің бүгінгі күнгі алғышарты. Барлық кезде де, оның ішінде кез-келген тарихи даму сатыларында субъективтік факторлардың орны болған. Адамдардың шынайы құбылыстар мен процесстер туралы білімі болмаған кезде олардың объективтік процесстерге әсер ету дәрежесі шамалы болған. Қоғамдық процесс субъектілерінің, яғни адамдардың саналығы дәрежесінің өсуімен тарихи процессте субъективтік факторлардың рөлі де жоғарылайды, өсіп отырады. Бұл заңдылық заң шығарма-шылығына да тән.
Заң шығарушы өзінің саналы қызметін атқаруда заң шығармашылығына әсер ететін факторлардың маңызы мен өзіндік құндылығын бағалау қажет. Заң шығармашылығының даму жағдайын және оның жемісті болуын қамтамасыз ету оған әсер ететін негіздерді жан-жақты, толық ескермейінше болмайды. Мұны бүгінгі күннің заң шығару практикасы дәлелдеп отыр.
Әдебиеттер
- Научные основы советского правотворчества / отв. ред. Р.О. Халфина. – М.: Наука, 1981. – 320 с.
- Атаманчук Г.В. Теория государственного управления. Курс лекции. – М.: юр. лит., 1997. – 400 с.
- Байтұрсынов А. Ақжол. – Алматы, 1991.
- Плеханов Г.В. Избранные философские произведения. – М., 1956. – Т. 11.