Сот құрылысында барлық деңгейдегі судьялар айрықша орын алады, өйткені судья – бұл Қазақстан Республикасындағы сот билігінің өкілі. Ол конституциялық тәртіппен сот төрелігін жүзеге асыру және өзінің міндеттерін кәсіби негізде орындау өкілеттіктеріне ие. Обьективті және байыпты сот ісін жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында судьяларға белгілі бір талаптар қойылады.
Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы конституциялық заңының 29 бабы бойынша: Аудандық соттың судьясы болып:
1) жиырма бес жасқа толған;
2) жоғары заңи бiлiмi, мiнсiз беделі және заң мамандығы бойынша кемiнде екi жыл жұмыс өтілі бар; 3) біліктілік емтиханын тапсырған (мамандандырылған магистратурада оқуды бітірген және онда біліктілік емтиханын тапсырған адам оқуы аяқталған күннен бастап бес жыл бойы емтихан тапсырудан босатылады); 4) медициналық куәландырудан өткен және судьяның кәсiби мiндеттерiн атқаруға кедергi келтiретiн ауруларының жоқтығын растаған; 5) сотта тағылымдамадан ойдағыдай өткен және соттың жалпы отырысының оң пiкiрiн алған (мамандандырылған магистратурада оқуды бiтiрген және онда біліктілік емтиханын тапсырған адам оқуы аяқталған күннен бастап бес жыл бойы тағылымдамадан өтуден босатылады) Қазақстан Республикасының азаматы тағайындалуы мүмкiн.
Заңгерлік кәсібі бойынша кемінде он бес жыл жұмыс стажы немесе кемінде бес жыл судьялық жұмыс стажы бар және тиісті облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысын алған азамат облыстық соттың судьясы бола алады. Жұмыс iстеп жүрген судьялар үшін тиісті облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысы талап етілмейді. Тиісті облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысына Жоғарғы Соттың жалпы отырысына шағым жасалуы мүмкін. Тиісті облыстық соттың немесе Жоғарғы Соттың жалпы отырыстарының қорытындысын кандидат Жоғары Сот Кеңесіне ұсынады.
Заң мамандығы бойынша кемiнде жиырма жыл жұмыс стажы бар немесе кемінде он жыл судьялық жұмыс стажы бар және Жоғарғы Соттың жалпы отырысының оң қорытындысын алған азамат Жоғарғы Соттың судьясы бола алады [1].
Судьяның лауазымы депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтерді қоспағанда, өзге де ақы төленетін жұмысты атқарумен, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кірумен сайыспайды.
Судьялар партияларға, кәсіптік одақтарға кіре алмайды, қандай да бір саяси партияны қолдап немесе оған қарсы сөз сөйлеуіне болмайды.
Биылғы жылы өткізілген республика судьяларының VI сьезінде сот жүктемесін азайту, «Медиация туралы» заңның халық арасында кеңінен насихатталуына, қолдасуына жағдай туғызуына, судьялық лауазымға үміткерлерді іріктеу талаптарын әлі де болса көтеру мәселелері сөз болды. Және сот құрылымына қосымша 450 судьялық бірліктің қарастырылуына, судья көмекшісі лауазымының еңгізілуі жоғарыдағы мәселелерді тарқатуға мүмкіндік берері анық. Жалпы, судья болу заңгер мамандығын меңгерген кез келген жанның арманы. Бірақ, адам тағдырын таразылайтын бұл лауазымға таңдау жоғары болғаны дұрыс. Өйткені, сауатты жоспар құрмайынша, сол жобаны іске асыратын, жұмыстың тетігін білетін мамандарды дұрыс таңдап алмайынша кез келген салада көздеген нәтижеге жету қиын.
Сот шешімдерінің бұзылуы мен өзгеруіне судьялардың теориялық дайындықтарының төмен болғандығы, тәжірибелерінің аздығы, материалды және іс жүргізу заңдарының талаптарын сақтамау сияқты жағдайлар себеп болды. Мысал ретінде Шымкент қаласы Абай аудандық сотының судьясы Ғани Сасбұқаев 2-3 беттен тұратын бір үкімнің өзінде 72 әріптік қате жіберген. Ал Түркістан қалалық сотының судьясы Батырхановтың әрекеті тіпті сорақы. Мансабына мастанған судья қызмет бөлмесінде хатшыны ұрып соққан. Жалпы, былтыр Оңтүстік Қазақстанның аудан және қалалық соттарында тоғыз жүзге жуық қылмыстық және 24 мыңнан астам азаматтық іс қаралыпты. Жоғарғы сотта сол шешімнің 4 пайызы қайта өзгертілген. Күші жойылған үкімдердің 57 пайызы сот тергеуінің сыңаржақтылығы мен толық жүргізілмеуіне қатысты [2].
Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәми бейне байланыс арқылы облыстық және оған теңестірілген соттардың төрағаларымен және судьяларымен, судья әдебі жөніндегі өңірлік комиссиялардың жетекшілерімен, облыс орталықтары мен қала маңында орналасқан аудандық соттардың төрағаларымен жұмыс кеңесін өткізді. Бейне байланыста сот төрелігін жүзеге асырудың қазіргі жағдайы туралы мәселе қозғалып, биыл-ғы 9 айдағы атқарылған жұмыстарға қысқаша шолу жасалды. Республика бойынша сот актілерінің 9,5 пайызына шағым түсіп, әрбір екінші сот шешімінің күші жойылған. Ал осы мерзімде аудандық соттардың 1796 адамға қатысты үкімі де қате деп танылды. Бұл көрсеткішті былтырғымен салыстырсақ, 2 пайызға жоғары болып отыр. Сондай-ақ жергілікті соттардың 6 мыңға жуық шешімдерінің күші жойылған. Мұнан өзге, қадағалау және кассациялық сатыдағы соттар Алматы қаласы соттарының 45 шешімін, Астана қаласы соттарының 18 шешімін және Шығыс Қазақстан облысы соттарының 16 шешімін қалпына келтіріпті. Жалпы, биыл 39 судья тәртіптік жауапкершілікке тартылып, оның 8-і жұмыстан шығарылған және 2 судья сотталған. «Биыл екі мыңға жуық адам судьялар қателігінің құрбаны болды. Сот билігі беделінің төмендеуі мен судьяларға деген сенімсіздіктің басты себебі осында. Осының нәтижесінде біз қоғаммен түсінісе алмай жүрміз», – деді сөз орайында Жоғарғы сот төрағасы Қ. Мәми [3].
Б. Кайыповтің пікірі бойынша нақты бір бағытта неғұрлым көп жұмыс атқарса, сол сол бағытта жана түседі. Сондықтан да, судья болуды қалайтын жас заңгерлерге мынандай кеңестер бергім келіп отыр. Өз білімдеріңізді арттыруға күш салыңыздар, қиындықтарға кез болудан қорықпаңыздар, алдарыңызға мақсат қойып оларға жетуге жігермен ұмтылыңыздар [4, 39].
Қазақстан 2050 стратегиялық бағдарламасына сай, Елбасы әлемдегі ең өркендеген, дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу межесін қойып отыр.Ол үшін экономикалық, әлеуметтік және саяси бағыттар бойынша барлық саланы жетілдіру керек.Соның ішінде сот жүйесі де алдыңғы қатарлы болу қажет [5].
Бүгінде Қазақстан кәсіби судьялар корпусы бар заманауи сот төрелігіне ие. Елде жалпы, әкімшілік, экономикалық, қылмыстық, ювенальдық және қаржылық юрисдикциядағы 378 сот қызмет көрсетеді. Оларда қатаң біліктілік таңдауынан өткен 2214 судья жұмыс істейді. Мейлінше ауыр қылмыстар бойынша қылмыстық істер алқа билердің қатысуымен қаралады. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау деңгейін арттыру мақсатында тұтқындауды сот санкциясымен жүзеге асыру институты енгізіліп, табысты жүргізілуде. Қазақта «билік айту оңай, біліп айту қиын» деген сөз бар. Әділ қазылық ету – кез-келген судьяның қасиетті парызы. Ол үшін заңды бес саусақтай білу жеткіліксіз. Ең бастысы, би адал, әділ болуы керек. Қазы – халықтың ожданы. Ол қара қылды қақ жарған әділ болса, даугерлер төреліктің дұрыстығына күмән келтірмейді. Айыпкер заң бұзғанға зауал бар екенін түсінеді. Біз Мәңгілік Ел боламыз деп, кемел мемлекет құруды көздеген халықпыз. Сот төрелігінің әділдігі мен жедел, әрі толық орындалуы
– кез-келген елдің кемел болмысының көрінісі. Сот жүйесінің дамуы тоқтап қалатын құбылыс емес, оны үздіксіз жетілдіріп отыру керек. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береміз. Ал, судьялар, сіздерден әрқашан жоғары біліктілік пен әділдік, адалдық талап етіледі [6].
Еліміздің сот жүйесі де тәуелсіз. Ел тәуелсіздік алғаннан бері сот жүйесінде ауқымды реформалар жүзеге асырылып, халықаралық стандарттарға сәйкес сот төрелігі атқарылуда. Судьяларға үміткерлерге қойылатын талаптар жылдан жылға күшейтіліп келеді. Тәуелсіздікке дейін судьяларды халық сайлайтын болса, 90 жылдарда депутаттар сайлауымен тағайындалатын. Ал 1996 жылдан бастап Жоғары кеңесінде біліктілік емтиханын тапсырып, тағылымдамадан өткен азаматтар ғана Елбасының жарлығы мен судьялыққа тағайындалады [7, 31].
Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы конституциялық заңының 30 бабы бойынша Соттың судьясы, төрағасы, сот алқасының төрағасылауазымына кандидаттарды іріктеу:
Судья қызметіне кандидаттарға тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, қай нәсілге және ұлтқа жататынына, жынысына, саяси көзқарасына, діни нанымына және өзге де мән-жайларға қарамастан қызметке орналасуға тең құқық қамтамасыз етіледі.
Жергілікті және басқа соттардың судьялары қызметінің бос орындарына кандидаттар іріктеуді Жоғары Сот Кеңесі бос орынға орналасуға өтініш берген, талаптарына сай келетін адамдар арасынан конкурстық негізде жүзеге асырады. Жоғары Сот Кеңесі конкурстың нәтижелері бойынша жергілікті және басқа соттардың судьялары қызметінің бос орындарына кандидаттарды қызметке тағайындау үшін Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынады.
Аудандық сот төрағасының бос лауазымына кандидатураны тиісті облыстық соттың жалпы отырысының шешімі негізінде Жоғарғы Сот Төрағасы енгізген ұсыну бойынша Жоғары Сот Кеңесі баламалы негізде қарайды. Облыстық соттардың төрағалары мен сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьяларының бос лауазымдарына кандидатураларды Жоғарғы Соттың жалпы отырысының шешімі негізінде Жоғарғы Сот Төраға-сы енгізген ұсыну бойынша Жоғары Сот Кеңесі баламалы негізде қарайды. Аудандық сот төрағасының бос лауазымдарына кандидатуралар, әдетте, жұмыс істеп жүрген судьялардың немесе судья лауазымында кемiнде бес жыл жұмыс өтілі бар адамдардың арасынан ұсынылады.
Облыстық соттардың төрағалары мен сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидатуралар, әдетте, жұмыс істеп жүрген судьялардың немесе судья лауазымында кемiнде он жыл жұмыс өтілі бар адамдардың арасынан ұсынылады. Бұл ретте аудандық сот төрағасының, облыстық соттардың төрағалары мен сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Сот судьяларының және сот алқалары төрағаларының лауазымдарына кандидаттарды іріктеу кезінде кадр резервінде тұрған адамдарға басымдық беріледі. Жоғарғы Соттың сот алқасының төрағасы лауазымына кандидат Жоғарғы Сот судьяларының арасынан ұсынылады. Жоғары Сот Кеңесі жергілікті және басқа да соттар төрағаларының, сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидаттарды лауазымға тағайындау үшін Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыным жасайды. Жоғарғы Соттың Төрағасы лауазымына кандидатураны Жоғары Сот Кеңесі қарайды. Жоғары Сот Кеңесі Жоғарғы Сот Төрағасының, судьясының бос лауазымдарына кандидаттарды Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына ұсыну үшін Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыным жасайды [1].
Жоғарғы Сот басқа да соттық білім беруді ұйымдастырушылармен бірлесіп елдің сот корпусының кәсібилігін арттыруға бағытталған шараларды қабылдауда. Судьяларға үздіксіз соттық білім беру нысандарының бірі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Сот төрелігі институтында біліктілікті арттыру курстар Судьялардың біліктілігін арттырудың оқу жоспары мен жоспар-кестесіне сәйкес ұйымдастырылады. Судьяларды оқыту міндетті түрде бүкіл еңбек қызметі жолында бес жылда бір рет жүргізіледі. Біліктілікті арттыру курстарының оқу жоспарларын Жоғарғы Сот Төрағасының келісімі бойынша Академия Ректоры бекітеді. Оқыту бағдарламаларын жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осылайша, көбінесе оқушылар топтарын барынша тиімді қалыптастыру үшін Судьялардың және сот жүйесіндегі қызметкерлердің біліктілігін арттырудың 2014 жылға арналған жоспар-кестесі мен оқу жоспарын әзірлеу кезінде судьялардың мамандануы ескеріледі, мамандандырылған экономикалық соттардың судьяларын оқыту үшін жеке бағдарлама көзделген.
Судья лауазымына алғаш рет тағайындалған судьялардың практикада теориялық білімдерін қолдану бойынша оқытуға, төрешілік дағдыларға ие болуға, істерді қарастырудың кәсіби техникасын меңгеруге, сот процестерін жүргізуге, процессуалды құжаттарды жасауға барынша мұқтаждығын ескере отырып, 1 жылға дейін еңбек өтілі бар, судья лауазымына алғаш рет тағайындалған судьялардан құралған жеке тыңдаушылар топтары қалыптастырылды.Лауазымға тағайындалу кезінде басымдыққа ие болу үшін магистранттар барлық конкурсанттар арасында ең жоғары дайындыққа ие болуы тиіс.Қазіргі уақытта алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін мамандандырылған магистратурадағы болашақ судьяларды дайындау деңгейін арттыруға бағытталған шараларды әзірлеу туралы мәселе пысықталуда. Магистранттар екінші оқу жылынан бастап соттарда практикадан өтуі тәртібімен оқу процесін қалыптастыру жоспарлануда. Практика бағдарламасына сот отырыстарына қатысу, сот актілері жобаларын дайындау, істердің белгілі бір санаттары бойынша сот практикасын зерделеу енгізілуі тиіс [8]. Судьяларды іріктеуде келгенде әр елдің тәжірбиесі әрқилы. Мәселен, Ресейде біздің елдегі секілді судьялыққа үміткерлер 25 жастан бастап іріктеледі. Көршілес Қырғызстан мен Өзбекстанда судьялықтың белгіленген шектік жасы 30 жас Англия мен АҚШ-та үміткердің жасынан гөрі еңбек өтіліміне көбірек басымдылық беріледі. Сондықтан, бізде де судья болғысы келетіндердің жасына ғана емес еңбек өтіліміне көп назар аударған дұрыс. Өйткені адам тағдырының таразылау оңай емес. Осыған орай үміткерлердің шекті жасын көтеріп, жұмыс өтілімі көп болғаны заңды түрде бекітілген орынды. Біздің елімізде тек судьялар академиясын бітірген жастарға ғана басымдылық көрсетіліп, оларға оқуды бітіре салып бірден конкурсқа қатысуға мүмкіндік берілген. Судьялар академиясының білімі терең, онда теоретик ғалымдар мен бірге практикалық дәрісті Жоғарғы сот судьяларының өткізетіні белгілі. Дегенмен, теорияның тәжірбиеде қолдануды біршама алшақтық болатыны жасырын емес. Осыған орай академия шәкірттерінің де сот саласында кемінде екі жылдық жұмыс өтілі болғанын талап ету керек секілді [9]. Судья кадрларын іріктеуде заң мамандығын игерген тұлғалар мен жоғары заң оқу орындары бітірушілерінің судьяға заңмен қойылатын міндеттерді қаншалықты атқара алтындығын зерттеген жөн.
Заңда белгіленген судья өкілеттігінің ауқымы мен сипаты судьялыққа үміткерлерге қойылатын талаптардың жоғарылығын айғақтайды. Сот кадрларының, сондай-ақ судьялардың арнайы дайындықтан өтуі, кәсіби деңгейінің дәрежесін іріктеу мәселелері мемлекеттік деңгейге көтерілді және бұл туралы Президент те бірнеше рет айтып өтті. Судья заң білімін игерген және оны белгілі бір жағдайда қолданатын тұлға ғана емес, сондай-ақ, ол сот билігін жүзеге асыратын басшы, ұйымдастырушы болып табылады. Жаңа кезеңдегі басшыға қойылатын талаптар тек қана жоғары-ғылыми білгірлігі ғана емес, сонымен қатар басшы мінез-құлқының тұлғалық қасиеті де ескеріледі. Кадрлармен жұмыс жөніндегі мұндай талаптар іс жүзінде қолданылады және қазіргі жағдайда одан әрі дами түсуде. Судья кадрларын ғылыми негіздеп, іріктеу бірнеше кезеңдерден тұруы керек.
Бірінші кезеңде, кәсіби бағдар мен кәсіби іріктеу жүргізуге негіз болатын тұлғаның психикалық сапасына қойылатын талаптардың қысқаша жиынтығын қарастырған жөн. Бұл сот кадрларының кәсіби бағдар мен іріктелуіне байланысты мәселелерде пайдаланылуы мүмкін.
Басқа да мамандықтар сияқты судья кәсібіне қолданылатын талаптар туралы мәселенің қойылуы орынды. Ал, іріктеу туралы айтатын болсақ, ол судьяның мәртебесін шешу үшін негіз беретін ерекше жол.
Екінші кезеңде, болашақ судьяның кәсіби нәтижелілігін қамтамасыз етуге кепіл бола алатын құқықтық және психологиялық өлшемдер қарастырылады. Судья болуға жарамдылық өлшемі объективті немесе субъективті сипатқа ие болады. Олардың біріншісі өзгеруге бейім, ал екіншісі тұлғаның жеке психологиялық түсінігімен байланысты.
Үшінші кезеңде судьялыққа үміткердің қасиеттерін және судья міндетін орындау үшін қажетті талаптар жиынтығын қарастырамыз. Бұған судьялыққа үміткерлер туралы алдын-ала ақпарат жинау, олардың қызметінің табыстылығы, заң қызметіне бейімділігі, заң мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі немесе жоғарғы оқу орындарындағы үлгерімін сипаттайтын мәліметтер жөніндегі ақпараттар кіреді. Судьяның қоғамдағы ерекше әлеуметтік және құқықтық мәртебесін ескерсек, судья болу үшін, тек қана жоғарғы заң білімі мен екі жыл қызмет істеуі, мүлтіксіз өмірбаяны аздық ететінін уақыттың өзі айқындады. Тағылымдамадан өту кезінде үміткер өзінің судья мантиясын киюге лайық екендігін сезініп, оған психологиялық, кәсіби және мо-ральдық дайындығы әбден пісіп жетілуі керек.
Судья қызметін жүзеге асырудың құқықтық және психологиялық алғышарттары болашақ судьяның кәсіби қызметінің нәтижелігін қамтамасыз етудің негізгі кепілі болуы мүмкін. Кәсіби жарамдылық өлшемдерінің деңгейін жасау мақсатқа сай объективті, сондай-ақ, субъективті негізі бар талаптарды ұсынады. Соңғысы оның тізімін анықтауды қажет етеді. Өйткені судья қызметі үшін жеке бастың көптеген қасиеттері бірдей еместігі ескертіледі [10, 62].
Осы орайда қазiргi қолданылып жүрген заңға судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптарға «мемлекеттiк тiлдi, орыс тілін, ағылшын тілін жетiк меңгерген, 35 жастан асқан, сот магистратурасын бiтiргендер, жұмыс өтілімі 8 жылдан жоғары» деген қосымша енгiзiлсе деген ұсыныс бiлдiргiмiз келедi.
Қоғамда жиi кездесетiн әртүрлi даулы мәселелер бойынша қарапайым халықпен жақын жұмыс жасайтын, сот билiгiн жүзеге асыратын судьялар. Сол себептi, олардың өмір тәжірибесі бай, сөзге шешен, бұқара халыққа өз қызметiн толық түсiндiре, көрсете бiлуi олардың басты мiндетi. Судьялыққа тағайындау үшін қолданыстағы заңда көрсетілген шарттарды дұрыс орындау міндетті болып табылады.
Біздің пікірімізше, судьяға үміткерді іріктеу практикасы бұл заңға өлшемді енгізу қажеттілігі туралы қорытынды жасау үшін негіз беріп отыр. Өйткені, олар бұл практикада болатын дамудың бағытын бейнелейді. Бұл проблеманың шешіміне жақындау үшін, сірә негізгі мәселені біліп алу керек: біз жоғарғы заң оқу орындарынан не күтеміз – кәсіби қызметтің дағдысы мен іскерлігін қалыптастыруға байланысты мақсатты бағыттағы арнайы дайындықты немесе кең салалы жан – жақты мамандар даярлауды қамтамасыз ету, негізін қалау, осындай іскерлікті болашақта иемдену үшін жағдай жасауы қажет пе, мұндай баламалылық заң білімін алу үшін көрсетілген төрт жылдық мерзім екі бағытты да үйлестіретін тиісті әзірлікті қамтамасыз етуі екіталай, солай болса да көптеген ғалымдар мұндай қосарланудың мүмкін екенін көрсетеді.
Осы мәселе бойынша А.М. Лариннің болжамы студент жоғарғы оқу орнына түсе отырып, ертең оны қандай жұмыс күтіп тұрғанын білетін болса, онда тергеуші даярлаудың мақсатты бағыты қамтамасыз етіледі, деп болжайды [11, 6].
Біз жалпы заңгер мамандар дайындауға байланысты мәселелерді қозғадық, өйткені, тек негізінен осы кәсіптің үлгісінде жоғарғы заң оқу орындарында дайындықты мамандандыру қажеттілігі дәлелденді. Судьяның кәсіби дайындығының екінші маңызды кезеңі оны тағайындаудың алдындағы тағылымдамадан өтуі болып табылады. Жоғарғы оқу орнын бітірген жас мамандардың жыл ішінде сыннан өтуі аудандық соттың көлемінде жүзеге асырылғаны жөн. Кадрларды даярлау сапасы елдегі мемлекеттікқұқықтық жұмыстарды барынша көтеру туралы уақыт талабына толық жауап беруі тиіс. Олар сот әділдігі органдарының әкімшілік және шаруашылық аппаратының қазіргі талаптарына да толық жауап беруге тиісті.
Заңгерлерді арнайы даярлау негізінен үш кезеңде жүзеге асырылады: біріншісі – жоғарғы заң оқу орнында, екінші – жоғарғы оқу орнын бітірген соң тағылымдамадан өту, үшінші – қайта даярлау, еңбек қызметі үрдісінде шеберлікті шыңдау. Мамандар қалыптастырудың осы кезеңдерінің әрқайсысының ерекшелігіне, бұған сәйкес судьялардың кәсіби даярлығын жетілдіруге бағытталған.
Әдебиеттер
- Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы заңы 2000 жылы 25 желтоқсандағы N 132 Алматы: Юрист. 2015.,255б zakon.kz
- Жоғарғы Сот төрағасы Оңтүстік Қазақстан облысының сот орындары шығарған үкімдерін қатаң сынға алды http://ktk.kz/
- Жоғарғы сот төрағасы соттардың жұмысын сынға алды http://egemen.kz/2013
- Заң Республикалық құқықтық ғылыми – практикалық журналы №11 2014 ж. – 40 б.
- ҚР Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы 14 желтоқсан 2012ж Астана http://www.inform.kz/
- ҚазақстанРеспубликасы судьяларының VI съезді Астана, 20 қараша, 2013 жыл. http://www.akorda.kz/
- Заң Республикалық құқықтық ғылыми – практикалық журналы №12 2014 ж. – 40 б.
- Судьялардың кәсіби деңгейін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс http://sud.gov.kz/
- Заң Республикалық құқықтық ғылыми – практикалық журналы №11 2013 ж. – 40 б.
- Шарипов Ш.Судьяның тәуелсіздігі: Оқу құралы. – Алматы: Данекер, 2003. – 207 б.
- Ларин А.М. Проблемы расследования в советском уголовном процессе:автореф. дис…д-ра юрид. наук. – М., – 38 с.