Тарихы 1801 жылдан бастау алатын Бөкей ордасы өзіндік орны бар, маңызды саяси құрылым болды. Хандық негізін қалаушы Бөкей хан Еділ мен Жайық аралығындағы шүйгін жерлерді халық шаруашылығы үшін пайдалануды көздеді. Бөкей ордасы Қазақстанның саяси-құқықтық тарихында белді орын алды. Бөкейден кейін Жәңгір 1824 ж. ортасында император І Александрдың арнайы жарлығына сәйкес хандық билікке ие болды. Ол Ресей империясымен тығыз қатынастар құра отырып, бірқатар прогрессивті реформаларға жол ашады. «Жәңгір хан билігін кеңейтіп, Ордадағы басқару жүйесін орталықтандыру арқылы далалық хан билігін күшейтуде Ресей самодержавиелік басқару үлгісін ұстанды» [1, 109 б.].
Мұндағы басты мақсат қол астындағы халықты жаңа заман сарынына сәйкес отырықшылыққа үйрету еді. Ең алдымен Жәңгір ханның саяси реформаларына көз тігейік. Жәңгір хан Бөкей ордасында Қазақ хандығында бұрын-соңды болмаған абсолютті монархиялық дәстүрлерді енгізді.
«Алғырттан тарғырт ел дарқан, Патшадан халық қонысын кең тапқан. Қараңғыда кампас көрмей жөн тапқан,Қарбаласта халық жинамай сөз тапқан» [2, 366 б.], –дейді Алаша Байтоқ жырау Жәңгірдің абсолютті билігін көрсету үшін. Халық өкілеттігінің шектеліп, биліктің бір орталыққа шоғырлануына жағдай жасады.
Бұл сол кездегі заман талабы болатын. Ресейдің басқа аймақтарына қарағанда Қазақстанда феодалдық қатынастар баяу дамыды. Бұл бірқатар факторларға байланысты еді.
Алдымен, көшпелі мал шаруашылығы жағдайында толыққанды билікті орталықтандыру мүмкіндігі шектеулі. Оның үстіне ханды көтеру дәстүрі ханды орталық билікті толыққанды пайдалануын шектеп, элитаға тәуелді етіп қойды. Осыны түсінген Бөкей атадан балаға қалатын, орталықтанған аппараты бар, жергілікті феодалдарға тәуелсіз, монархиялық билік жүйесін құруға тырысты.
Содан соң феодалдық қатынастардың дамуына кедергі келтіретін негізгі фактор феодалдық экономиканың негізі болып табылатын жерге жеке меншіктің болмауы еді. Мұны түсінген Жәңгір әкесінің жолын қуып, орталықтағы билікті нығайту мақсатында Орда иелігіндегі жерлерді жеке меншікке берді [1, 109 б.].
Бұл қатынастардың дамуы қоғамда біртекті қатынас тудырмады. Жәңгір хан өзі Астраханда орысша оқып, монархизм рухында тәрбиеленді. Экономикадағы дворяндық бағыттың дамуы осы Жәңгірдің ішкі саясатының негізгі қозғаушы күші еді. Мәдени салада жаңа ағымдарға жол ашып, ғылым, білімнің дамуына негіз жасады. Дамыған хандыққа сапалы шенеуніктердің қажет болуы жаңа типтегі мектептердің ашылуына септігін тигізеді. «Ол хан ордасында қазақ балаларына арнап тұңғыш рет жалпы білім беретін мектеп ашты, оның тұсында қазақ жастары Орынбордағы Неплюев кадет корпусында білім ала бастады. Жәңгір қазақ халқының тұрмыстық заттарының және мәдениет тарихының музейлік коллекцияларын Қазақстандағы алғашқы құрушылардың бірі болды, Қазан университеті жанындағы ғылыми қоғамның құрметті мүшесі болды» [1, 109 б.].
Осылайша Жәңгір өзінің басты миссиясын классикалық түсініктегі орталықтанған абсолютті монархиялық мемлекет құру деп біледі. Мұны Алаша Байтоқ жыраудың Жәңгір хан дүниядан қайтқан соң айтқан келесі сөздері дәлелдейді:
«Құдай үшін салдырған,
Құлазып қалды ақ мешіт.
Ақ мешітті сақтаған,
Хан сәләмат күнінде,
Бұқара байтақ халық үшін.
Бағанасын лағыл тастан қақтырған,
Төбесін һәм алтынмен жаптырған» [2, 366 б.].
Қазақстан тарихында Жәңгір ханның сіңірген еңбегі зор. Бөкей мен Жәңгір хандардың негізгі мақсаты – артта қалған халықты жаңа жолға итермелеу болатын. Осы мақсатта мемлекеттік аппарат пен қоғамдық реформалар Қазақ даласындағы қатынастарды жаңа сапалық деңгейге көтеру миссиясын атқарды. Жердің жеке меншікке берілуінен туындаған қатынастар қазақ баласына оңай соққан жоқ, көшпелі мал шаруашылығынан отырықшы шаруашылық жүргізудің тиімділігі айқындала бастады. Салық реформасының нәтижесінде тұрақты қазына пайда болды. Бұл да қарапайым халық тарапынан дұрыс бағаланбады. Құқықтық реформаның нәтижесінде меншікке қарсы жасалған қылмыс қатаң жазаланатын. Қазақ жер қатынастарында айтарлықтай жаңа ұғым – сервитут қалыптасты. Мұнда малын жаюға бара жатқан адамдар өткені үшін алым төлеу-төлемеу мәселелері терең қарастырылады. Жәңгір ханның мақсаты жәй абсолютті монархияны құра салу емес, оның мақсаты өркениетті, білімдар монархия құру болатын. Бұл мәселені жүзеге асыру үшін мешіт, т.б. діни-ағартушылық мекемелерді кеңінен ашу тәжірибесі қалыптасады.
Жалпы саяси-құқықтық тұрғыдан қарар болсақ, Жәңгір хан реформаларының прогрессивтік мәнін түсіну қиын емес. Бұл реформалар Бөкей хандығын жаңа формацияға: классикалық түсініктегі абсолютті монархияға негізделген феодалдық мемлекетке алып келді деп тұжырымдауға болды.
Бөкей Ордасының негізін қалаушы туралы мәліметтер аз болғанымен, оның Әбілқайыр ұрпағы екендігі айқын. Кіші жүздегі хандық жүйенің реформалануы нәтижесінде қалыптасқан билікке қарсы бой көтерушілердің бірі ретінде белгілі.
Бөкейдің негізгі саяси мақсаты – Кіші жүздегі билікті тартып алу болғандығы белгілі. Ол белді саяси қайраткер, күшті билеуші ретінде кеңінен танылды. Бөкей сұлтан Кіші жүздегі саяси билікке қол жеткізе алмаған жағдайда, өзінің жеке ордасын құрып, қалай болғанда да хандық мансапқа, атаққа қол жеткізуді көздеді. Бұл істе Бөкей өзінің інілері Қаратай мен Орманның, басқа да ықпалды сұлтандардың күшіне сүйенеді.
Алдымен Есім, сонан соң Айшуақ, ал одан кейін Жантөре хандарға ықпалды оппозиция құра алған Бөкей өзінің түп мақсатына жету үшін Оралдың арғы бетіне көшеді. Нәтижесінде, Қазақстанның саяси картасында жаңа саяси күш – Бөкей немесе Ішкі орда пайда болады. Бұл хандықты құруда Ресейдің, Бөкей билеушілерінің де өз мақсаттары болды.
Саяси-экономикалық тұрғыдан Мәскеумен тығыз байланысты хандықтың пайда болуы саяси экспансияға жол ашатындығы белгілі. Бөкейді хандық билікке көтергенде ежелден келе жатқан барлық дәстүрлердің сақталғандығын ерекше атап өткен жөн.
Осы уақыттан бастап Кіші жүзде бір-біріне тәуелсіз екі хандық орнады деуге болады. Кіші жүз шеңберінде екі хандықтың пайда болуы экспансиялық саясаттың емес, Кіші жүз ішіндегі алауыздық пен саяси қарсыластықтың нәтижесі деп қарастырады. Хандық билікке тән барлық дәстүр нормаларын сақтап отырған Бөкей хандығында шынымен ерекше бедел мен ықпалға ие болғандығын айта кетейік. Алайда Кіші жүз көлемінде көптеген тайпалар Бөкей сұлтанды заңды билік иелеріне қарсы күресуші тұлға, Жантөре ханның өліміне қатысты тұлға ретінде белгілі болғандығын айта кеткен орынды. Осы орайда жаңа хандықтың пайда болуы және оппозицияның белді тұлғаларының Бөкей хандығының маңайында шоғырлануы – Кіші жүзде саяси тұрақтылық факторына айналды.
Хан ішкі және сыртқы саясатты тәуелсіз кейіппен жүргізуге тырысқанымен, шын мәнінде, толыққанды тәуелділік сақталды деп айтуға болады. Бөкей ордасының тұңғыш ханы Бөкейдің саяси-құқықтық көзқарастары әдет-ғұрыптық шеңберден шыға қоймайды. Бұған қосымша өзінің билігінде Ресей империясына арқа сүйеген Бөкей Ресей нормаларын бағыт етіп ұстады деп қарауға болады.
Жалпы, Бөкей көп жағдайда дәстүршіл билеуші, тәжірибелі басшы ретінде белгілі. Оның ұлы Жәңгір далалық дәстүрлі билікке талас режимінде өскен қайсар мінезді, прогресшіл, Ресей ықпалында өскен белді қайраткер, адуынды билеуші ретінде болатын. Жәңгірдің хандық билікке келуімен Ресей басшылығы тарапынан хандықтың ішкі саясатын бақылау мен қадағалау тоқтатылып, жаңа басшылыққа толық сенімділік білдірілді.
Жәңгірдің біртұтас шаруашылық құруға тырысқандығы байқалады. Ресейдің ірі феодалдық иеліктерін шаруашылықтың ең үлкен шыңы деп қабылдаған Жәңгір Бөкей ордасын біртұтас шаруашылық кешенге айналдыруға тырысты. Оның үстіне Шығайдай оппозицияны жеңген Жәңгірдің саяси арқасүйері Ресей империясы тарапынан жақсы одақтас іздеуі де заңдылық. Жәңгір билікте дәстүрлі жолдарды сақтамаған, Ресейдің билік жүйесін ұстанғанын, экспансиядан одақтас тапқанын прогресс қажеттілігі деп ұққан жан.
Бөкей ордасындағы хандық биліктің қалыптасуына ықпал еткен екі кезеңді бөліп қарастыру қажет. Бірінші кезең (Бөкей кезеңі) – ол дала билеушілерінен ерекшеленбейтін кезең. Орта жүз билеушілері секілді хандық билік әлсіз, ал мемлекет ыдыраңқы болатын. Ал екінші кезеңде (Жәңгір кезеңі) хандық билік нығайып, абсолютті монархияның барлық дерлік қасиеттеріне ие бола бастады.
Екінші кезеңде патшалық Ресейдің ішкі саясатқа араласпау саясатын қолданған Жәңгірдің тұсында орын алғандығын айта кетуі керек. Ресей империясымен қатынастардың жақсаруы Бөкей ордасының билеушісінің позицияларын нығайтып отырды. Жәңгірдің тағы бір мақса-ты – Қазақ хандығы мен Ресей империясының арасында дәнекер болу еді. Сондықтан, сауда-экономикалық қатынастарын дамыту үшін, бірқатар ірі жәрмеңкелер, мектептер ашылып, мәдени қатынастар нығайды. «Ханның біршама ішкі дербестігі болды. Ол дербестік қаржысалық, жер бөлу, рулық-территориялық басқару, халықты шаруашылық жағынан орналастыру түрінде жүзеге асты» [3, 85 б.].
Оның белгілеген салықтарының негізгі бөлігі қарапайым халыққа түскен ауыртпалық болатын. Бел қайыстырған жағдайлардың қарсылық туғызбауы мүмкін емес еді. Сондықтан, қазақ даласындағы бірқатар ірі көтерілістерге Жәңгір ханның саясаты себеп болды. Қазақ хандығының ұзын ырға жолында біртіндеп қалыптасып келе жатқан феодалдық қатынастардың тез орнауы, тарихи заңдылық тұрғысынан да күрделі болатын.
Жәңгірдің ішкі саясаттағы тұрақтылығы рубасылардың билігін шектеу арқылы ғана жүзеге асты десек те болады. Жердің жеке меншікке берілуі, салық жүйесіндегі өзгерістер, дәстүрлі дала демократиясының институттарының ыдырауы, қоғамдық қатынастардың күрт өзгеруі, қазақ қоғамындағы эволюциялық принциптердің орнын Махамбет пен Исатай бастаған көтеріліске алып келгендігі де заңдылық. Бұл Жәңгір ханның кемшілігінен пайда болған көтеріліс емес, қоғамның кейбір күрделі құбылыстарға дайын болмағанынан туындаған көтеріліс. Өзінің ішкі саясатындағы одақтастарына байлықты аямастан төгіп, қарсыластарын аямай езген Жәңгір қазақ абсолютизмінің шырқау шегіндегі тұлға, қазақтың тұңғыш әрі соңғы абсолютті билеушісі!
Ресей абсолютизмінің қазақ даласындағы ең жақын одақтасы болып табылған Бөкей ордасы шын мәнінде толыққанды отар болды.
«Біреуден қиын-қыстау іс көрсе,
Патшаға жүз көрісіп,
Арызын өзі айтуға жол тартқан» [2, 366 б.], –деп жырлайды Алаша Байтақ жырау.
Классикалық түсініктегі билік институттары енгізіліп, бұрын биліктің орталықтану деңгейінен де жоғары дәрежеге жетті. Ханның жанында консультативтік функцияларды жүзеге асыратын хандық кеңес қызмет атқарды. Бұл кеңеске Жәңгір хан өзінің ең жақын жақтастарын тағайындап отырды. Яғни бұл бұрынғы дәстүрлі хандық кеңестен елеулі өзгерістерге ұшыраған, әлсіз әрі ханның «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстайтын консультативті органы ретінде ғана қалды. Іс жүзінде хан кеңесі хандық абсолютизмнің қолшоқпары болып қалыптасты. Бұл туралы көрнекті заңгер, академик С.З. Зиманов былай деп жазды: «Джангир-хан, опираясь на поддержку правительства, стремился к единовластию во внутренних делах. В его руках была сосредоточена высшая административная, судебная и законодательная власть в ханстве. Он сам разбирал судебные дела, считался судом второй инстанции по делам, решенным родовыми начальниками и ханскими биями; устанавливал новые налоги, ввел телесное наказание, новые виды штрафов за неуплату долгов, понятие «ослушания воли начальства» [4, 106 б.].
Классикалық түсініктегі монархияның ішкі атрибуттарының барлық қасиеттеріне ие болуға тырысқан Жәңгір хан ең жоғарғы сот билігін де, заң шығарушы билікті де өз қолында шоғырландырды.
Рубасылардың шешімдеріне апелляциялық инстанция ретінде қалыптасқан хандық сот, соңғы кезеңде ең жоғарғы инстанцияға айналуын Ресей әкімшілігі тарапынан Жәңгірге артылған үлкен сенім ретінде қарастыруға лайық. Себебі тәуелді хандықтың үстінен қарайтын бірқатар мемлекеттік органдардың, ханның шешімін өзгертуге ықылас білдірген кездері болмады деуге негіз бар.
Жәңгір хан Бөкей ордасындағы өзінің шексіз билігін пайдалана отырып, бірқатар салық реформаларын жүзеге асырғандығы белгілі. Мұнда тек көшпелі халықтарға тән салықтар ғана емес, толыққанды мұсылман мемлекетіне тән басқа да көптеген салықтар енгізілгендігі салық жүйесін кемелдендіруге ықпал етті. Яғни Жәңгірдің тұсындағы хандық биліктің реформалану үрдісі мен өзгерісі Жәңгірді шығыстық элементтері бар деспотиялы, орталықтанған билік институттары қалыптасқан, абсолютті монархияның барлық элементтері сақталған қазақ даласында бұрын-соңды болмаған прогрессивті мемлекет құруға ықпал етті. «Власть в ханстве была централизована. Прежняя самостоятельность султанско-бийских владений была ликвидирована, а сопротивление старой родовой знати, тяготевшей к независимости внутренней политике, сломлена» [4, 106 б.].
Ішкі егемендіктің сақталуы хандықты заң жүзіндегі тәуелділіктен құтқармады және хан билігін белгілі дәрежеде шектеп отырды. Бұл Жәңгірдің саяси-құқықтық ойларының белгілі дәрежеде орысшыл бағытта болғандығын айқындайды. Ресейден білім алғанымен ішкі саясатта тек ислам дініне арқа сүйеген Жәңгір өзінің ішкі саясаттағы тірегі ретінде діни элитаны пайдаланып отырды. Сондай-ақ дінді өзінің тірегіне айналдырғысы келген хан жүргізген саясатының негізгі элементі ретінде діни оқу орындарын қолдау мен дін позицияларын қоғамда нығайтуға ден қойды.
«Хиуадан келген Қабыл хан,
Ыстанболдан келген Сейіл хан,
Қырымнан келген қырық әжі,
Қырық әжіге бір қазы,
Намазға күнінде қырық мың шәкірт жиылған,
Баршасы бір имамға ұйыған,
Залымдар жауыз істен тыйылған» [2, 366 б.].
Бұл жалпы жергілікті әкімшілік тарапынан қажетті кадрлар дайындау қажеттігінен таралды. Оның үстіне өзінің Ресей империясымен тығыз қатынастарын тиімді пайдаланған Жәңгір тұсында Ресей қалаларына бай балаларын оқытуға жіберу дәстүрі қалыптаса бастады.
Мәдени-экономикалық қатынастардың дамуы қазақ даласындағы отырықшылық дәстүрді туғызды. Шын мәнінде Жәңгір өзінің билік құрған тұсында Ресейді қуатты етіп көрсеткен саяси жүйені Қазақ даласына енгізу арқылы Қазақ даласын әлеуетті күшке айналдыруға тырысқандығы байқалады. Осы тұрғыдан Жәңгірді еуропашыл деп те қарастыруға болады. Себебі хан өзінің ішкі реформаларының негізгі мақсаты деп Ресей империясы мен Батыс мемлекеттерінің саяси жүйесін қабылдады. Хандық биліктің орталықтануы бұл реформаларды жүзеге асыру үшін маңызды тетік деп білді. Қазақ даласында орын алған бұл реформалар хандық билікті нығайтып қана қойған жоқ, феодалдық қатынастардың дамып, қазақ мемлекеттігінде бұрын орын алмаған мемлекеттік билікті жаңа биік сатыға көтеруге ықпал етті. Қазақ хандығының тұсында бұрын-соңды болмаған мемлекеттік, бюрократиялық институттардың дамуына ықпал еткен бұл процесті бір жақты бағалауға болмайды. Шын мәнінде мемлекеттік билік институттарының кемелденуі мен дамуына ашылған кең мүмкіндіктер хандық биліктің классикалық түсінікте орталықтанып, Бөкей ордасының хандық биліктің шырқау шегінің көрсеткіші болғаны айқын. Қазақ мемлекеттігінің дамуы мен қалыптасуында Бөкей ордасының орны ерекше. Бұған ықпал етіп, мемлекеттік дамуда ерекше еңбек сіңірген Бөкей мен Жәңгір хандардың саяси-құқықтық ойлары мен мемлекетке деген пікірлері екендігінде ешқандай дау жоқ. Әрине, бұл процестердің мемлекеттік егемендік пен тәуелсіздіктен айырылып, Ресей ықпалы күшейгенде орын ал-ғандығы орыс ықпал ету факторын күшейтеді. Алайда, Жәңгір хан реформаларының айтарлықтай тәуелсіз ішкі саяси жағдайда орын алуы, құқықтық тұрғыдан және басқа да жағдайларда ислам дәстүрлері мен қазақ ғұрыптарына арқа сүйеуі бұл мемлекеттік құрылымдардың қазақы болуына ықпал етті.
«Бұ ханнан соң хан да жоқ,
Қазаққа енді бұрынғыдай кеңдік заң да жоқ,
Атамыз Адам сілбінен,
Мұндай болып өткен пенде жоқ» [2, 366 б.].
Жырауды толғандырып отырған мәселенің ең маңыздысы шектеулі болса да, ішкі тәуелсіздікті хан өлімінен кейін де сақтап қалу. Яғни мұнда жаңа мемлекеттік құрылымдардың пайда болуына қарағанда ескі құрылымдарды заман талабына сай өзгерту, икемдеу деп қабылдауға болары сөзсіз.
Хан билігінің кеңеюі ру билеушілерінің билігінің шектелуімен бірге жүрді. Енді рубасылар жекелеген рулардың билеушілерінен, хан билігінің өкілдеріне айналды. Бұл процестер билер тарапынан наразылық тудырып отырғандығы және белгілі.
Жалпы тұрмыс пен шаруашылық жүргізудің күрделенуі халық пен ескі билеушілер тарапынан қарсылық туғызды. Бұл қарсылықтың ең ірі көріністерінің бірі – Махамбет пен Исатай көтерілісі. Көтерілістің ең айқын себептері – жаңа жер қатынастары, дәстүрлі шаруашылық пен билік принциптерінің өзгеруі, далалық элитаның жаңа билік жағдайларына икемделе алмауы, олардың дәстүрлі өкілеттіктерінің шектелуі, т. б. болатын. Жаңашылдық халыққа да оңай тимеді. Тұрақты салықтардың енгізілуі мен оның тұрақты түрде ұлғайып отыруы халық тарапынан наразылық туғызды. Бұл қақтығыстарда Жәңгір жаңа ықпалды элитаға арқа сүйегенін ескерсек, қазақ қоғамындағы реформаларға деген пікірдің біржақты болмағандығын байқаймыз.
Дәстүрлі қоғам жаңа заман талаптарын толық игере алмады. Оның заман талабына сай өзгеруіне ықпал ететін реформалар бірден халық қолдауына ие болуы екіталай еді. Өз заманының озық ойлы өкілдерімен тұрақты, жақсы қатынаста болған Жәңгір халықтың артта қалуының себептерінің бірі – білім беру жүйесінің кемелсіздігінен деп білді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін мұсылманша дәріс беретін бірнеше оқу орындары ашылды. Бұл оқу орындарында шариғат пен әліпбиден басқа бірнеше маңызды базалық дәрістер берілді.
«Байтаққа патша хан болған,
Қараңғы үйге шам болған,
Дүнияға қылған ісі даң болған,
Әділ бір туған ақ сұңқар,
Байтағың енді бір көрерге зар болған» [2, 367 б.].
Мұнда ханның тек әділдігі ғана емес, білім беріп, халықты қараңғылықтан құтқарғандығы айтылады.
Ресейге оқуға жіберілген оқушылардың рухани азғындамауы үшін бұл діни дәріс беру орталықтарының маңызды болғандығы айқын. Мәдени қатынастардың тереңдеуі қазақ қоғамында қайшылықтар тудыруы ықтимал еді. Сондықтан мұсылман дәстүрлеріне негізделген мектептер– заман талабы. Оның үстіне дінді өзінің ішкі саясатының тірегі ретінде қолданғысы келген Жәңгір кейбір ислами ғұрыптарды күшпен енгізуге мәжбүр болды. Діни қызметкерлер мен қожалардың көбеюі орданың діни негіздерін нығайту мақсатынан туған. Ресей мәдени құндылықтарына қарсы қолданатын діни бағыт халық тарапынан қолдау тапты. Бұл кейін қазақты шоқындыруға қарсы діни оянушылыққа ұласты. Мемлекеттің негіздерін ұлғайту үшін ең маңызды факторлардың бірі – аймақтық рулық элитаны әлсірету миссиясын да хан тиімді жүзеге асыра алды. Осылайша халықты ру мен тайпа шеңберінен шығарып, тұтастандыру процесінжүргізді.
Хан өзінің билігінің негізгі тірегі ретінде жаңа элитаны қолдағандығы белгілі. «В усилении ханской власти имело значение и то обстоятельство, что в результате передачи лучших земельных участков во владение отдельных категорий знати, освобождения части местной знати от несения общих повинностей и налоговых сборов путем присвоения звания тархана и представления на награждение русскими чинами части знати хану на определенном этапе удалось создать более или менее стабильную социальную опору власти» [4, 106-107 бб.].
Ханның шекаралық шенеуніктерге тәуелділігіне қарамастан ішкі саясаттағы тәуелсіздік ішкі ресурстарды жұмылдыруға тамаша ықпал етті.
Қазақ қоғамындағы келесі бір күшті әлеуметтік топ төрелердің тарихтың бұл кезеңінде өзінің бұрынғы ықпалынан айырыла бастаған кезі болатын. Бөкей ордасындағы сұлтандардың негізгі бөлігі Бөкейді қолдап Кіші жүзден қол үзіп қалған төрелерден тұратын. Бұларды орналастыру үшін Жәңгір қолынан келген көмекті аямады.
Өзінің күшті негізі болатынын түсінген Жәңгір элитаның бұл тобымен үнемі кеңесіп отыра-тын. Бұл формальды емес орган хандық билікке ықпалының күші жағынан алғашқы орындарды иеленетін. Бұл орган формальды болмағандығына қарамастан ішкі саясатқа қарасты сұрақтардың бәрі дерлік осы орган шеңберінде талқылаудан өтетін. Хан Бөкей де, Жәңгір де бірінші сұлтан, сұлтандардың қорғаушысы болып табылатын. Төрелердің санының көп болуы бірқатар қиыншылықтар тудырғандай еді. Алайда өздерінің әлеуметтік қорғанысын қамтамасыз ететін сұлтандардан қызмет аямаған әкелі-балалы екеуі ең өтімді қызметтерді төрелерге берді. Олардың ішінде ең беделді, ықпалды топ Нұралы ханнан тараған ұрпақ болатын. Әбілхайырдан тараған басқа ұрпақтармен қатынасы күрделі екеуі өздерінің басқа туыстарынан қол үзіп қалмауға тырысқандығы белгілі.
Ақсүйектер рөлінің күшеюі, бұқарадан шыққан элитаны ығыстыруға тырысуы әлеуметтік қақтығыстарға да алып келді. Бұл текетірес Бөкей ұрпақтарының жеңісімен аяқталды.
Ішкі саясаттағы өзгерістердің тез орнығуы – орданың Қазақ даласының тарихында толыққанды феодалдық қатынастар қалыптасқан, абсолютті монархиялы мемлекет болғандығының дәлелі. Ал Жәңгір мен Бөкей хандар осы мемлекеттің негізін қалап, дамуындағы ең биік формацияға көтерген тұлғалар ретінде тарихта қалары да белгілі. Осы тұрғыдан қарастырар болсақ, қазақ тарихындағы бұл прогресшіл тұлғалар өз орнын әлі де толық алмағанын айтамыз. Алда бұл саладағы зерттеулер аталмыш Ұлы тұлғаларға әділ баға беретіндігіне сенімдіміз.
Әдебиеттер
- Сұлтанов Т. Қазақ хандығының тарихы. – Алматы: Мектеп, 2003. – 160 б.
- Жеті ғасыр жырлайды. 2 томдық / Құрастырған: Е. Дүйсенбайұлы. – Алматы: Жазушы, 2004. – 1-том. – 400 б.
- Маймақов Ғ. Қазақстан Республикасының саяси-құқықтық тарихы. – Алматы: Ғылым, 2000. – 176 б.
- Зиманов С.З. Россия и Букеевское ханство. – Алма-Ата: Наука, – 171 с.