Қазақстан Республикасының Конституциясы заңнамалық негізде адам және адамның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын ең қымбат қазынасы ретінде бекітті [1, 4 б.]. Қоғамның ілгерілемелі дамуының және тұрақты өмір сүруінің, қазақстандық азаматтардың өмір сүру деңгейі мен лайықты шарттарын құрудың конституциялық шарты болып құқықбұзушылықтардың алдын алу мен жолын кесу, қылмыстылықпен күресу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету танылады. Осының барлығы мемлекеттің құқық қорғау жүйесінің міндеттерін қайта қарауға, адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған қорғаушылық және құқықты қалпына келтірушілікті жүзеге асыру бағытында құқық қорғау органдарының рөлін концептуалды өзгертудің қажеттілігіне әкеліп соқты.
Кеңестік кезеңнен біршама уақыт өтті. Қылмыстық-процессуалдық заңнаманы реформалау жүргізілді, бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, қылмыстық процестің концепциясы өзгертілді, бұл қылмыстық процестің жарыспалылық бастамаларының елеулі кеңеюіне алып келді. Қылмыстық қудалау органдары мен айыпталушының теңқұқылығын процессуалды қамтамасыз етуге бағытталған жаңа қылмыстықпроцессуалдық нормаларды қабылдау, процессуалдық әрекеттердің санын ұлғайтты.
Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасында, басым бағыттардың бірі ретінде сот өндірісін тараптардың жарыспалылығы мен теңқұқылығы негізінде жүзеге асыру қарастырылған деп көрсетілген.
Қылмыстық құқық аясында адамның табиғи, ажыратылмас құқықтары мен бостандықтарына негізделген, қорғалуға тиісті, әлеуметтік құндылықтардың жаңа иерархиясы принципті түрде анықталған. Сонымен бірге қылмыстық-процессуалдық заңнаманы одан әрі жетілдірудің қажеттілігі көрсетілген. Басты мақсат ретінде адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған, қылмыстық сот өндірісінің негізге алынатын қағидаттардың нақты нормаларын одан әрі жүйелі жүзеге асыру айқындалады [2, 10 б.; 3, 31 б., 48 б.].
Қылмыстық процестің қағидалары оның институттарының мазмұнын, қылмыстық сот өндірісіне еліккен тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік берілгендігін анықтайды.
Демократизация, диспозитивтік бастамалардың кеңеюі бағытындағы қылмыстық-процессуалдық құқықтың даму үрдісі, қылмыстық сот өндірісінде тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы қағидасының орны мен рөлін анықтауға мүмкіндік берді.
Аталған қағида Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 23 бабында бекітілген. Алайда, қолданыстағы қылмыстық-процессуалдық заңнамада тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы қағидасының мазмұнына толықтай сәйкес келмейтін нормалар бар екендігін айта кету керек. Осыған орай қылмыстық істер бойынша сот әділдігін жүзеге асыру кезінде аталған қағиданы іске асырумен байланысты мәселелер бүгінде маңыздылардың бірі болып отыр.
Құқық шығармашылықта да, ғылымда да жарыспалылық қағидасының мазмұнын анықтау кезінде, қарама-қарсы тараптың пікірлеріне қарсы болуда тараптардың тең құқылығына назар аударылатын. Мысалы, қылмыстық процесте айыптау соттан бөлінгендігі, айыпталушы қорғану құқығына ие екендігі, ал сотқа сот талқылауына басшылық ету, мән-жайларды зерттеу мен істі шешу тиесілі екендігі айтылатын. Процессуалдық заңнама дәл осындай процестің құрылымын қолдайтын.
Бұл сонымен қатар қылмыстық процесс тараптарының дәлелдемелерді ұсынудағы тең құқылығы, олардың дәлелдемелерді зерттеуге қатысуы, өтінімдерді беру, сот жарыссөздеріне қатысу және т.б. туралы мақалалардың мазмұнынан шығады. Қылмыстық процесс теориясында тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы қағидасы мазмұнының маңызды элементі болып, тек соттың ерекше құқығы ретінде істі мәні бойынша шешуді тану емес, сондай-ақ істің мәнжайларын белсенді зерттеу бойынша соттың құқықтары мен бостандықтарын тану, объективті шындықты орнату белгіленген. Аталған қағиданы бағалау кезінде, дәлелдемелерді зерттеу мен бағалау, процесс қатысушыларының құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау мен қорғау, айыптау мен қорғау процессуалдық қызметтерін жүзеге асыру, істі шешу әдісі ретінде оның мәніне баса назар аударылатын.
Тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы қағидасы қылмыстық процестің жаңа идеологиясындағы негізгілердің бірі болып табылады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі қылмыстық процестің жарыспалылық нысанын жүзеге асырумен байланысты мәселелерді белгіледі. Жарыспалылық сот өндірісіндегі процессуалдық жағдайдың мә-селелігі, аталған қағиданы дәлелсіз құқықтық регламентациялаудың нәтижесінде пайда болды. Оны соттың заңның нақты нормасын қолдану арқылы әдеттегідей тәсілмен, тараптардың құқықтары мен мүдделерін бұзбай отырып шешуі мүмкін емес.
Аталған қағида жалпы процессуалдық болып табылады, оның негізінде анықтау, тергеу, прокуратура және сот органдарының барлық процессуалдық қызметі қалануы тиіс. Бұл қағида айыптау мен қорғаудың маңызды қылмыстық-процессуалдық функцияларының істі соттың шешу функциясынан айырмашылығын қарастырады.
Тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығын қамтамасыз ету – демократиялық сот өндірісінің маңызды шарттарының бірі болып табылатындығы күмәнсіз. Кең мағыналы қағида бола отырып, ол дәлелдемелерді зерттеу мен бағалау тәсілінен, процесс қатысушыларының өздерінің мүдделерін қорғау амалдарынан, үш дербес процессуалдық функцияны жүзеге асыру тәсілінен тұрады.
Зерттеудің жеке дара пәні болып, тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығының қылмыстық процестің жекелеген сатыларында көрініс табуы танылады. Әрбір саты бір бүтіннің бөлігі, ол қылмыстық процесс құрылымының жалпы заңдылықтарына бағынады, алайда өзіндік бір ерекшелікке ие. Сондықтан да аталған қағида сот өндірісінің сатылары үшін де, қылмыстық процестегі тараптардың тең құқылығы үшін де маңызды.
Тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы қағидасын қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатыларында қолдану өзекті мәселе болып қала бермек.
Заңи әдебиеттерде сотқа дейінгі саты тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы тұрғысынан қарағанда іс жүзінде қарастырылмаған, сондықтан да бұл мәселе өзектілердің бірі болып қалып отыр. Ол тек басқа мәселелерді зерттеу: алдын ала тергеуді соттық бақылау, алқабилер институтының құрылуы мен дамуы, қылмыстық сот өндірісінің нысандарын дифференциациялау шеңберінде ғана қарастырылады.
Егер тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы қағидасы сотқа дейінгі сатыда жұмыс жасамаса, онда ол айыптау жағына алдын ала тергеуді айыптау бағыттылығымен жүргізуге мүмкіндік береді. Олардың айыптау бағыттылығына қарсы келетін бірден-бір жақ – ол тиімді қорғаныс. Осы жерден біз тағы да тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы қағидасының әлсіз жұмыс жасайтынын атап өте аламыз, себебі бүгінгі күнде алдын ала тергеу кезінде қорғаушының құқықтары айыптау жағына қарағанда көбінесе болмашы, жеткіліксіз болғандықтан, қорғау жағына, қылмыстық қудалаудың тегеуріне қарсы тұру қиын.
С.М. Жалыбин дұрыс айтқандай: «бізде тараптар тең құқылы екендігі жайында айтуға ешқандай мүмкіншілік жоқ, себебі прокурор мен адвокат бастапқыдан-ақ тең емес жағдайда болады. Егер айыптауды қолдаушы прокурор барлық материалдарға ие болса, адвокат құқықсыз жақ болып табылады. Бұл қылмыстық процесте айыптау мен қорғау жақтары тең деп айтуға мүмкіндік бермейді» [4, 113 б.].
Қылмыстық сот өндірісінің демократиялық бастамасы ретінде тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы туралы ой-пікірлерді ғалымзаңгерлер XX ғасырдың ортасынан бастап білдірген болатын. Мысалы, М.С. Строгович өзінің «Кеңестік қылмыстық процестің және жарыспалылық қағидасының табиғаты» атты жұмысында (1939 жылғы) тараптардың жарыспалылығы жайында сөз қылған. Аталған ғалымдар өз кезеңінде жарыспалылық қағидасын тараптардың тең құқылығынан ажыратқан болатын. Тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы кеңестік кезеңде тек шектеулі шектерде болған. Уақыт өте келе жарыспалылық алдын ала тергеу сатысында күдіктіге және айыпталушыға қорғану құқығын ұсыну туралы мәселе қозғалғанда көрініс таба бастады. Күдікті ұстау кезінде ғана емес, сондай-ақ бұлтартпау шарасын таңдағанда да қорғауды дербес қорғаушының қатысуынсыз жүзеге асырды, ал айыпталушы өзінің құқықтарын жеке дара іске асырды, себебі қорғаушы іске тек алдын ала тергеу біткен кезден және оған танысу үшін іс материалдары берілген кезден бастап қана қатыса алатын.
Соңғы жылдары отандық ғылымда жарыспалылық мәселесіне қатысты маңызды зерттеулер К.А. Мамимен, А.Н. Ахпановпен жүргізілген болатын. Ал басқа ғалымдар, өздерінің жарияланымдарында тараптардың тең құқылығын және процестің жарыспалылығы мәселесін қозғай отырып, тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы қағидасын қылмыстық сот өндірісінің қағидасы ретінде танумен (немесе теріске шығарумен) шектелетін; оның мазмұнын жеке немесе кінәсіздік презумциясымен, күдіктінің, айыпталушының қорғануға құқығын қамтамасыз ету қағидасымен бірге қарастыратын.
Қағида әдетте терең талдаусыз, оны құраушы элементтерін жеке дара зерттеусіз, іске асу механизмдерінсіз қарастырылатын. Осыған орай тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы қағидасын қылмыстық процестің сотқа дейінгі, сонымен қатар соттық сатыларында іске асыру мен әрекет ету шарттарын толыққанды зерттеу және оны тәжірибелік қолданудың оңтайлы шарттарын әзірлеу қажет. Осы жерден қылмыстық процестің барлық сатыларында тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы қағидасын іске асыру механизмімен байланысты қылмыстық-процессуалдық нормаларды сапалы және тиімді жаңартудың қажеттілігі туындайды. Тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы қағидасы қылмыстық процестің барлық жүйесі үшін анықтаушы және шешуші мәнге ие, себебі онымен процесс субъектілерінің жағдайы, олардың құқықтары мен бостандықтары, бір-бі-рімен және сотпен арақатынасы анықталады.
Қорытындылай келе, тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы қағидасы қылмыстық сот өндірісінің сотқа дейінгі, сондай-ақ соттық сатыларында да іске асырылуы тиіс, аталған қағиданы ұстану барлық тараптардың құқықтарының толық іске асуына мүмкіндік береді және оларды қамтамасыз етудің кепілі болып табылады.
Әдебиеттер
- Қазақстан Республикасының 30 тамыз 1995 жылғы Конституциясы (өзгерістермен және толықтырулармен). – Алматы: Юрист, – 40 б.
- Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасы// «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесі.
- Қазақстан Республикасы Президентінің 20 қыркүйек 2002 жылғы № 949 Жарлығымен мақұлданған Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасы. – Алматы: Жеті-Жарғы, 2002. – 56 б.
- Жалыбин С.М. Защита граждан в уголовном судопроизводстве. – Алматы, 2002. – 285 б.