Қазақстан Республикасы өзiн тәуелсiз мемлекет ретiнде орнықтыра отырып ең басты қазынасы ретiнде адам және азаматтың өмiрi, құқықтары мен бостандықтарын қарастырады.
1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген, әрбір азамат өзінің құқықтары мен бостандығын қорғауға құқылы [1].
Азаматтық іс жүргізу құқық теориясындағы әлі күнге дейінгі даулы мәселелердің бірі – азаматтар мен ұйымдардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруде соттағы өкілдік бойынша өкілдердің іске қатысуы. Адам құқығын қорғауға барынша мән берілетін біздің мемлекетімізде мұндай кемшіліктер сот тәжірибесінде көп кездеседі.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған жолдауында қоғамдағы ең басты игілік – адам және оның өмірі, денсаулығы, бостандығы екендігін ескерте келіп, мұндай асыл қазынада құқыққа қайшы әрекет етушілерге заңды жауапкершілік қолдануы қажеттігін бірнеше рет айтқан еді. Қоғамдық қатнастарды реттеуші құралдардың бірі – заң саласы [2, 35].
Адвокатура азаматтардың барлық жағдайда құқықтары мен бостандықтарын заң тұрғысынан көмек берiп қорғайтын бiрден-бiр заңи ұйым болып табылады. Оның заң көмегiн көрсету түрлерi мен әдiстерi және құқықтық негiздерi әр алуан, өзiне тән ерекшелiктерiмен ерекшеленедi.
Азаматтық iсте адвокаттың қатысуының негiзi – тапсырма бойынша iске асырылады және де оның iс жүргiзудегi өкiлеттiгi сенiмхатта белгiленедi.
Сотта өкiлеттiк процессуалдық сипатқа ие. Бiр тұлғаның (өкiлдің) екiншi тұлғаның (өкiлдік берушi) атынан процессуалдық құқықтары мен мүдделерiн қорғауға және бiлдiруге бағытталған әрекетi – сотта өкiлдiк ету деп белгiленген. Бұл құқықтық қатынастың негiзi әрi бастауы, азаматтық-құқықтық шарт, келісімде болады, яғни осы келісім негiзiнде екi тараптың арасында құқықтық қатынас пайда болады. Адвокат өзiне жүгiнiп келген азаматтың азаматтық iс жөнiндегi азаматтық процеске дейiнгi немесе процессуалдық өкiлеттiк басталғанға дейiн заң кеңесін береді. Яғни адвокат пен өкiлдік берушiнiң қарым-қатынастары заң кеңесін берген кезден басталады [3, 35].
Әлемдік нарық заңдылықтарына негізделген қоғамдық қатынастар тереңдей түскен сайын еліміздің конституциялық құрылысы да іргесін бекіте түсіп, заңның мәртебесі өсіп келеді. Халық заңды мүдделерін сот арқылы қорғау мүмкіндіктерін неғұрлым белсендірек пайдалана түсті. Бұл елдегі әділеттілікті атқарудың өркениетті үрдістерінің қалыптасуына тыныс беріп отыр. Сөйтіп елімізде жүзеге асырылып жатқан сот құқықтық реформасының екінші кезеңінің міндеттерін шешуге қолайлы алғышарттар жасалынуда. Сол себепті атқарылған жұмыстарды талдаудың мәні бар.
Сондықтан азаматтарға кәсіби деңгейі жоғары құқықтық жәрдем көрсету бүгінгі күні аса маңызды конститцуиялық қағида болып табылады. Бұл қағида ата заңымыз ҚР Конституциясының 7-тарау, 35-бабымен бекітілген [1].
Ал құқықтық мемлекет құру мақсатында қолға алынып отырған реформа жағдайында жеке тұлғаның құқықтық қорғалуын жан-жақты қамтамасыз ету бірінші кезекті міндет боулы тиіс. Бұл ретте құқықтық жүйе саласында болсын, қоғамдық немесе әлеуметтік қарым-қатынастар саласында болсын адвокатураның жөні бөлек, орны ерекше.
Бүкіл өркениетті әлемнің сан ғасырлық тәжірибесіне сүйене отырып, саяси демократияландыру және нарықтық қатынастарды жолға қою үстінде қалыптасқан жаңа жағдайлар адвокатура жүйесінің де күн талабына сай қайта құрылуын талап етеді. Алайда, республикамызда жүзеге асырылып жатқан құрылымдық өзгерістер екпіні адвокатура жүйесіне әлі күнге дейін жете алмай-ақ қойғаны өте өкінішті-ақ. Оны айтасыз, адвокатураның қазіргі хал-ахуалын дағдарыс ретінде бағалауға толық негіз бар. Және мұның бірқатар себептері бар.
Қуатты әрі тәуелсіз қорғау болмаған жерде әділетті сот шешімі (үкімі) орын алуы мүмкін емес. Бұл ретте республикамыздағы адвокатура қызметін екінші дәрежелі, мән-мағынасы мардымсыз, маңызы төмен сала ретінде қабылдайтын құқықтық нигилизмнің түп-тамырын жою аса өзекті мәселе. Олай болса, қоғамымыз бен мемлекетімізге тек прогрессивті құқықтық сана-сезім ғана емес, келешекке кепілдік болар адвокатура да қажет. Олардың жеке адамдар мен қоғамдық ұйымдарға тиімді және өз дәрежесіне лайық қызмет көрсете білуі жалпы демократиялық даму процесінің көрсеткіші болып табылады. Өйткені азаматтық іс бойынша кәсіби адвокаттардың қатысуы біршама кедергілерге ие болса, бұл мәселе қылмыстық істер бойынша өз шешімін бастан тауып, ешқандай дау тудырмауда. Оның себебі қылмыстық істер бойынша тек қана лицензиялы адвокаттар ғана іске жіберіледі. Өйткені адвокат пен прокурор сотпен қатар істің заңды негізді шешілуіне ықпал ететін бірден бір тұлға. Азаматтық істер бойынша кез келген тұлға өкілдік берушінің келісімімен, нотариус арқылы Азаматтық іске қатысуға сенімхат алып іске қатыса беретін. Ол тек қана адвокат емес, ол заңгер болмаса да, яғни жай жұмысшы ма, педагог маман ба, тарихшы не әдебиетші ме назар аударылмайтын. Өйткені заңда солай белгіленген болатын. 2014 жылдың 17 қараша айында ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің 59-бабының 7-тармақшасына № 254-V санды ҚР Заңымен мынадай өзгерістер енгізілген. «Іске қатысатын адамдардың өтінуімен сот рұқсат еткен жоғары заңгерлік білімі бар басқа да адамдар тапсырма бойынша сотта өкіл бола алады» дей келе, осы кодекстің 62-бабында, яғни өкілдің өкілеттіліктерін осы 59-бабының 7-тармақщасында аталған өкілдің өкілеттілігі сот отырысының хаттамасына кіргізілген сенім білдірушінің сотта берген ауызша түрдегі өтінішінде көрініс табуы мүмкін» делінген [4]. Бұл да болса қуанарлық жай. Негізі, азаматтық іске кез келген азаматтың өкіл болып қатысуы кәсіби адвокат – өкілдердің мәртебесіне біршама нұқсан келтіру еді. Өйткені дәрігердің орнына барып кез келген адам емдеу шараларын жүргізетін болса, оның салдары неге соқтыратыны айтпаса да белгілі. Біз заңға енгізілген осы өзгерістерге бірқатар оң қадамдар жасалынды деп жатырмыз. Енді осыдан тағы бір мәселе туындайды. «Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңы бойынша бізде білім беру жүйесінде бакалавриат және магистратура ұғымдары бар. Бакалавр – жоғары білім берудің тиісті білім беру бағдарламаларын меңгерген адамдарға берілетін академиялық дәреже» [5] деп айтылса да, практикада ол аяқталмаған жоғары білім» деп есептеледі, яғни кәсіби білім беру бойынша бізде осы заңда магистратура – жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын меңгерген адамдарға берілетін академиялық дәреже делінген. Сондықтан болашақта Жоғары Сот Қаулыларында бакалавр не магистранттардың өкіл болу өкілеттіліктерін ажырата білген де дұрыс деп ойлаймын. Өйткені азаматтық іс бойынша адвокаттардың кәсіби кеңес пен көмек беруі соттардың ол іс бойынша әділ заңды шешім шығаруына көп көмек болар еді. Жоғарыда айтқандай, «соқырішекке» ота жасау үшін тіс дәрігерлері қатыспайды ғой. Сондықтан адвокаттардың қызметi тар ұғымды, пендешілікті мүдделеріне емес, заңдылық пен құқықтық қағидалықты орнықтыруға тіреліп тұр.
Соңғы жылдары адвокаттардың сенімді және кәсіби кадрлық әлеуетін қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ықпалды шаралар қолдану және адвокаттар қауымына кір келтіретіндерден арылу мәселелеріне қоғам тарапынан айырқша назар аударылуда. Оның өзіндік орны да бар. ең алдымен оларды жоғары оқу орындарында даярлау мәселесіне жете көңіл бөліну қажет. Мәселен, адвокаттарды мақсаткерлікпен және тиімді даярлауды жүзеге асыру үшін оқу орындары алдымен болашақ адвокаттардың сапалық қасиеттерін анықтап алуы керек. Солай бола тұрса да, бұған әлі де жете мән берілмеуде. Соның салдарынан адвокаттардың сапалық қырлары әлі де ашылмай келеді. Бұған, әсіресе, жергілікті жерлерде, аудандарда заңды көмек көрсететін адвокаттардың тікелей қатысы бар. Сондықтан адвокаттар туралы қазір айтылып, жазылып жүрген анықтаманы әлі де айқындап, толықтыра түсу керек сияқты. Біздіңше, кәсіби құқықтық білім мен практикалық қызметте оны пайдалана білумен бірге, адвокаттарға анықтама берген кезде жалпы барлық заңгер мамандар үшін қажет сапалық қасиеттер көрініс табуы керек. Оның ішінде терең білім қалыптасқан дағды және дүние-танымы сияқты қасиеттер қажет [6].
Талап тұрғысынан алғанда санаттар арасында қандай айырмашылық бар? Атап айтқанда, заңгер мамандарға, қойған талапты адвокаттарға да бола ма. Сапалық жағынан алғанда заңгер мамандарға да, адвокаттарға да қойылатын талап бірдей болуға тиіс. Былай алып қарағанда, талап қою нысанды айғақтаса, ал сапа субъекті жағынан бейнелейді. Алайда, түптеп келгенде мазмұны бірдей: мемлекет пен қоғамның барлық адвокаттарға қоятын талаптары бірдей. Ал, талап пен сапаның айырмасын нақты мамандар ғана ажыратады.
Сөз жоқ, адвокат та заңгер маманға қажетті барлық сапалық қасиеттер болуға тиіс. Ол еліміздің саяси мақсатын айқын көре білуі керек, ғылыми және практикалық дайындықтан өткен өз мамандығын жетік меңгерген болуы қажет. Бүгінде адвокат – іскер ұйымдастырушы, шешен, еңбекті ғылыми ұйымдастырудың принциптерін тәжірибеде тиімді пайдалана білетін білікті маман болуы тиіс. Ол адамдармен жұмыс істей білуге, әріптестерінің пікірімен санасуға, қолжеткенге сын көзбен қарауға міндетті. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі заманғы адвокат – жоғары мәдениетті, көпқырлы, білікті де білімді, нағыз зиялы адам. Әрбір адвокат басшы қызметте істей алады, яғни оның ұйымдастырушылық бейімділігі бар деген сөз. Атап айтқанда, оның осы заманғы ғылыми басқару жайында, басқару, сөз өнері және сот аудиториясын басқарудың басқа да қырлары хақында түсінігі болуы керек. Адвокат өзінің негізгі қызметіне қарамастан бірінші кезекте құқықтық тәрбиелеу жөніндегі жұмысты ұйымдастыра білуі тиіс. Бұл да олардан ұйымдастыра білу бейімділігін қажет етеді. Адвокат сонымен бірге ұйымдастырушылық және тәрбиелік, басқа да қызметтерді атқаратын ведомствоаралық және қоғамдық ұйымдардың қызметіне де белсене қатысады.
Адвокаттың жоғары дәрежеде дамыған құқықтық санасы болуы керек, өмір мен құқықтың тікелей байланысының айқын көре білуі, оның қоғамдық қатынастарды реттеудегі рөлін білуі тиіс.
Білімділік пен біліктілік және кәсіби әдеп қалыптарын сақтау адвокаттар үшін ең қажетті қасиет. Сондықтан да ол оның әрбір қызметтік іс-қимылында көрініс табуға тиіс. Құқықтық мемлекеттердің қазіргі кезеңдегі құрылымында адвокаттардың кәсіби және жеке өзінің білім сапасына қойылатын талап жоғары болып отыр. Сондықтан адвокаттардың өз қызметіне жоғары жауапкершілікпен қарауын қамтамасыз ету мақсатында олардың шеберлігін шындап, іскерлігін арттыра түсу қажет. Сонда ғана адвокаттық қызметке деген сенім арта түсері анық.
Әдебиеттер
- Қазақстан Республикасының Конституциясы. 1995 жылғы 30 тамызда респубикалық референдумда қабылданған 21 мамыр 2007 жыл № 284-1 ҚР Заңымен енгiзiлген өзгерiстермен толықтырулар. – Алматы: Жеты Жарғы, 2012.
- Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасы// 27.08.2009. – Астана.
- Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан экономикалық,әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. – Алматы, 2012. – 35 б.
- Алауханов Е.О. Адвокатура және адвокаттық қызмет. – Алматы,
- Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі. 13.07.1999 ж. – Алматы: «Юрист» баспасы,
- Қазақстан Республикасының Заңы. Білім туралы 27.07.2011 ж. – Алматы: «Юрист» баспасы,
- Правила профессиональной этики адвокатов принятое решением Алматинской городской коллегий адвокатов. 20 августа 2011 года.