Криминология ғылымында қылмыс зардаптарын қылмыстық-құқықтық тұрғыда ғана емес, қылмыстың әлеуметтік зардаптары тұрғысында зерттейді. Бұл дегеніміз қылмыстың әлеуметтік зардаптары қоғам үшін орасан зор және маңызды екенін көрсетеді. Себебі, қылмыстың басты қаупі қылмыстың істелуінде емес, қылмыскер зұлымдықты (іс-әрекетті) жасау арқылы жетуді көздеген туындауы мүмкін салдардан көрінеді.
Меншікті талан-тараждау қылмыстылығының мүмкін болатын әлеуметтік салдарын анықтау барысында төмендегідей салдарлар есепке алынуы мүмкін:
- Криминогендік фактор ретінде, яғни жаңа қылмыстарды туындататын фактор ретінде болады;
- Қылмыстық құқық теориясында немесе криминологияда ескерілгенімен, бағалық тұрғыда көрініс таппауы мүмкін (500 мын мен 700 мын теңге зардап келтірген қылмыскерлер бірдей жаза мерзіміне кесілуі мүмкін т.б.);
- Криминологиялық болжамдар үшін маңыздылыққа ие болады.
Меншікке қарсы қылмыстар бойынша Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасы жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есептер жөніндегі комитетінен алынған мәліметтерге назар аударсақ, меншікке қарсы қылмыстардың жалпы қылмыстылық ішінде алатын орнының жоғары екенін аңғаруға болады. Мәселен 2010 жылы республикамызда тіркелген жалпы қылмыстар саны 131 896 болса, оның ішінде меншікке қарсы қылмыстар 89 004 құраған. 2011 жылы тіркелген жалпы қылмыстар саны 206 801 болса, оның ішінде меншікке қарсы қылмыстар 165 493 құраған. 2012 жылы тіркелген жалпы қылмыстар саны 287 681 болса, оның ішінде меншікке қарсы қылмыстар 233 642 құраған. 2013 жылы тіркелген жалпы қылмыстар саны 359 844 болса, оның ішінде меншікке қарсы қылмыстар 280 346 құраған. [1]
Өзіміз көріп отырғандай, соңғы 5 жылдықта елімізде жүргізіліпжатқанқылмыстарменкүресшараларынақарамастан, сонымен қатар мемлекет тарапынан күресу аппараттарының (құқыққорғау органдарының) саны мен сапасы артқанына қарамастан қылмыстылық көрсеткіштері төмендеу орнына артып отыр. Оның бірнеше себептерін көрсетуге болады:
- қылмыстылықпен күрес бойынша мемлекеттік аппараттар жұмысының өзара үйлесімі мен күшейтілген режимдегі жұмысы;
- аталған топтағы қылмыстардың латенттік деңгейі өте жоғары, тіркеуге жетпеу немесе тіркеуден жасырылу фактілері көптеп анықталып, жалпы қылмыстылық санының артуына әкелді;
- істелген қылмыстық іс-әрекеттер үшін қолданылатын жазалардың қатаңдауы;
- қылмыстылықтың алдын алуға байланысты кешенді криминологиялық болжамдардың жүргізілмеуі;
- әлемдік жаһандану жағдайында қылмыс істеу құралдары мен тәсілдері үнемі жетілдіріле түсіп қылмыстармен күрес шараларының алдын орап кетуі;
- 2010-2012 жж бастап қылмыстар бойынша барлық арыздар мен хабарламалар құқыққорғау органдарында біріңғай тіркеу жүйесін енгізу нәтижесінде сапаға емес санға таласу жағдайларының орын алуымен түсіндіріледі.
Әрі қарай талдауымызды жалғастыратын болсақ, осы меншікке қарсы қылмыстар арасында бөтеннің мүлкін талан тараждаудаумен байланысты қылмыстардың үлес салмағы жылдар бойынша төмендегідей картинаны көрсетеді:
2010 жылы Ұрлық (175-бап)59988; Бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін иелену немесе ысырап ету (176-бап) – 2006; Алаяқтық (177-бап)– 10115; Тонау (178-бап) – 10734; Қарақшылық (179-бап) – 1591; Ерекше құны бар заттарды талан тараждау (180-бап) – 4.2011 жылы Ұрлық (175-бап) – 121617; Бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін иелену немесе ысырап ету (176-бап) – 2266; Алаяқтық (177-бап) – 15909; Тонау (178-бап) – 18117;Қарақшылық (179-бап) – 1962; Ерекше құны бар заттарды талан тараждау (180-бап) – 3.2012 жылы Ұрлық (175-бап) – 178461; Бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін иелену немесе ысырап ету (176-бап) – 2479; Алаяқтық (177-бап) – 23262; Тонау (178-бап) – 20269;Қарақшылық (179-бап) – 1666; Ерекше құны бар заттарды талан тараждау (180-бап) – 4.2013 жылы Ұрлық (175-бап) – 210204; Бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін иелену немесе ысырап ету (176-бап) – 3757; Алаяқтық (177-бап) – 36405; Тонау (178-бап) – 18837;Қарақшылық (179-бап) – 1361; Ерекше құны бар заттарды талан тараждау (180-бап) – 4. [1]Аталған жылдар ішінде тек қана қарақшылық қылмыстарының саны азайған, қалған қылмыс құрамдарының саны жыл артқан сайын артып отырғанын байқаймыз. Яғни, ауыр және аса ауыр қылмыстар қатарына жататын бөтеннің мүлкін қарақшылықпен талан-тараждау қылмыстарының деңгейі осы жылдар аралығында төмендегенмен, басқа құрамдар бойынша қылмыстардың саны артқан. Ал ҚР ҚК 180бабы «Ерекше құндылығы бар заттарды ұрлау» құрамы бойынша қылмыстар салыстырмалы түрде аз әрі бір деңгейде сақталып тұр.
Қылмыс зардабы мәселесіне Л.В. Кондратюк және B.C. Овчинский өздерінің «Криминологическое измерение» атты еңбегінде криминалдық мінез-құлықты биологиялық, экономикалық, демографиялық, әлеуметтік, саяси, рухани-этикалық контекстік көпөлшемді жүйеде қарастырып, биологиялық, психикалық және рухани тұрмыс секілді үш кеңістікті өлшеммен өлшейді. Осылай адамның жүріс-тұрысы оның өзінің ішкі дүниесіндегі рухани жағдаймен, сонымен қатар онымен қатынасқа түсуші қоғамның рухани жағдайымен тікелей байланысты деп ұйғарады. Және осы ұйғарымды басшылыққа ала отырып қылмыстылықтың құнының мәселесін шешуге тырысады. Сонымен қатар, авторлар, мысалы: кісі өліміне байланысты қоғамға келтірілетін залал өлшеу үшін жәбірленушінің орташа жалақы көрсеткішін, жасын және орташа өмір сүру ұзақтығын есепке ала отырып келесі формуланы ұсынады: Ус=(t-t2)S. t-орташа өмір сүру ұзақтығы, t2-жәбірленушінің жасы, S-жәбірленушінің орташа жалақы көрсеткіші. (tt2) – жәбірленушінің орташа өмір суруге мүмкін жасы.
Ал, осы қылмыс түрімен келтірілген жалпы залалды есептеу үшін (Усо), жеке залалды (Ус) жалпы жәбірленушілер санына көбейтеміз(N): Усо=УсN. Осы формулаға сәйкес, бір қылмыстың залалын анықтау үшін: Ус=Усо/N сүйенуге болатынын қарастырады. [2, 8-13]. Әріқарай ол И.А. Ильинге сілтеме жасайды «Зұлымдық – адам бар жерде бар, және бұл жерде адам денесі емес, оның жан дүниесі мен рухани әлемі – қайырымдылық пен зұлымдықтың шынайы орналасатын жері» [3, 23] .
М.Х. Хутыз «Энциклопедия права» атты еңбегінде «өзінің құқықтық табиғаты бойынша құқықбұзушылық қоғамға қауіпті болып табылады, өйткені қоғамдық қатынастарға белгілі бір зиян келтіреді немесе мұндай зиянды нақты тудыру қауіпін төндіреді... Зиянның болуы – әрбір құқықбұзушылықтың міндетті белгісі [4, 111]. Ол болмаса іс-әрекеттің қоғамға қауіптілігі болмас еді» – дейді.
Әр түрлі авторлар әр түрлі пікірлер білдіруі заңды. Дегенмен криминология үшін ең бастысы қылмыс зардабының құны деуге болады. Қылмыстылықтың көптеген әлеуметтік салдары шын мәнінде түбегейлі зерттелмейді, математикалық (статистикалық) тұрғыда бағаланбайды, жалпыланбайды, нәтижесінде қылмыстылықпен күрестің құқықтық негіздерін қалыптастыруда ескерілмейді.
Жасырылған қылмыстылық шынайы картинаны бұзады, ал ескерілмеген қылмыстылық қоғамға қаншаға түсетін біз білмейміз. Мәселен, меншікке қарсы қылмыстар арасында жұмыссыздық факторы қылмыс істеудің басты себебінің бірі болуы мүмкін. Өйткені адам қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін бөтеннің мүлкін талан-тараждауы, жасырын немесе ашық түрде ұрлауы әбден мүмкін. Ал егер мемлекет азаматтарын жұмыспен толықтай қамту үшін жағдайлар жасайтын болса бөтен меншікке қол сұғушылық фактілері азаяр еді.
Оны Оңтүстік Корея елінің қылмыстылық бойынша мәліметтері беріп отыр. Ол елде мемлекет тарапынан азаматтарын қолдау нәтижесінде халықтың 90 пайызы жұмыспен қамтылған, меншікке қарсы қылмыстардың үлес салмағы жалпы қылмыстылық ішінде бар болғаны 35 пайызды құрап отыр [5, 8].
Сонымен қатар, «Жұмыссыздар мен тұрақты түрде табысы жоқ адамдар арасындағы қылмыстылықтың заманауи тенденцияларын анықтағанда олардың қылмыстылығының пайдакүнемдік-күштеу сипатын айту қажет. Бірінші орынға ұрлық, тонау, алаяқтық, қорқытып алушылық, бандитизм, кісі өлтіру мен есірткі заттары мен қарудың заңсыз айналымымен байланысты қылмыстар шығады» деп көрсетеді И.А. Неупокоева [6, 85].
АҚШ ғалымдары R.W.Gillespie, R.B.Freeman,S.K. Long және A.D. White өздерінің зерттеу жұмыстарында жұмыссыздық пен меншікке қарсы қылмыстылықтың ара-қатынасын терең зерттеп, олардың ара-қатынасының тығыздығына көздерін жеткізбеді. [7]
АҚШ -тың басқа криминологтары Э.Аллан және Д.Стеффенсмейер бұл байланысты қылмыскердіңжасы, меншіккеқарсықылмыстың түрі және жұмыссыздық деңгейінің көрсеткішіне сәйкес қарстыру керек деп тұжырымдайды. Бұл көзқарасты 14-17 жастағы жұмыссыз азаматтар ғана меншікке қарсы қылмыс жасауға талпыныста болады, ал 18-24 жастағы азаматтардың меншікке қарсы қылмыс жасауы жұмыссыздықпен байланысты емес деп S. Baron,Hartnagel, C. Britt қолдайды. Ал, G.LaFree: тек жұмыссыздық ақ нәсілді азаматтардың қылмысқа баруына тән, қара нәсілділердің қылмыс жасауы жұмыссыздықпен байланысты емес дейді. Д.Кантора мен К. Ланда керісінше жұмыссыздық меншңкке қарсы қылмыстардың азайуына әсер етеді. Жұмыссыз азаматтың ұзақ уақыт үйінде отыруы қылмыскерлердің оның меншігіне қарсы қылмыс жасау қаупін төмендетеді, сонымен қатар жұмыссыздық өндіріс пен тұтынушылықтың тоқтауына әкеліп, мүліктің құны жойылып, қылмыскерлерді аз қызықтырады деп ойын түйіндейді.[8]
Соныменқатар,мүліккеқарсықылмыстардың құны туралы мәліметтерді қылмыстардың қоғамға қауіптілігін есептегенде пайдалануға болады. Қылмыстардың қоғамға қауіптілік дәрежесін көрсететін индекстер криминологтар үшін қашанда қызықты. Әдетте мұндай индекстер тіркелген жалпы қылмыстылық пен сотпен тағайындалған жаза негізінде есептеледі [12, 164].
Меншікке қарсы қылмыстардың құнын білу үшін біздің зерттеуіміз жеткіліксіз. Біз тек осы жұмыста қылмыстылықтың құнының неден, қандай құрамдас бөліктерден тұратындығын түсініп көрмекпіз. Бұл мәселеге қатысты криминологияда түрлі көзқарастар бар. Мәселен, М.М. Бабаев, В.Е. Квашис «қылмыстылық құны» туралы кең және тар мағынада қарауды ұсынады: – кең мағынада қылмыстылық құны – бұл қылмыстылық нәтижесінде іс-әрекетпен тікелей немесе жанама түрде әлеуметтік (экономикалық, адамгершілік, құқықтық және т.б.) құндылықтарды негативті өзгеріске ұшыратумен себепті байланыста болатын, сондай ақ қылмыстылықпен күрес және қылмыстылықтың алдын алуды ұйымдастырумен байланысты нақты зиян, [10, 246]; – тар мағынада қылмыстылықтың құны – бұл келтірілген зиянның құндық-бағалық көрінісі, ол мыналардан тұрады: 1) қоғамға қауіпті қылмысты іс-әрекеттің тікелей және жанама түрдегі зардабынан, 2) мемлекет пен қоғамның қылмыстылықпен күрес және құқықбұзушылықтардың алдын алуға жұмсайтын шығындарынан (әлеуметтік пайдалы және объективтік түрде қажетті) тұрады [10, 248].
Л.В. Кондратюк пен В.С. Овчинский де қылмыстылықтың құнын құрайтын элементтерді өздігінше бағалауға тырысты [2, 228–256]: а) криминалдық экспансия құны (жымқырылған игіліктің құны); б) криминалдық агрессия құны (адам өмірі мен денсаулығына қолсұғушылық құны) ; в) криминалдық алдау құны. Мұнда авторлар мемлекет пен қоғамның қылмыстылықпен күресу мен оның алдын алуға жұмсайтын шығындарын қоспайды.
Шетел криминологиясында қылмыстылық құнының мазмұнына қатысты түрлі пікірлер бар. БҰҰ тапсырыстарымен жұмыс істейтін World Federation аналитикалық тобы қылмыстылық құны ретінде қылмыстық ұйымдардың активтерін түсінеді. [2, 255].
Американдық криминолог Х.Г. Деммерт қылмыстылықты құрайтын үш компонентті көрсетті: 1) қылмыстық мінез-құлықтан келетін тікелей зиян; 2) қоғамның қылмыстылықтың алдын алумен, қылмыскерлерді қылмыстық жауапқа тартумен байланысты шығындары; қылмыскердің өзінің жоғалтулары (мысалы, қылмыс істеуге кеткен немесе жазасын өтеуге кеткен уақыты құқыққа сай өнімді қызметке жұмсалуы мүмкін еді) [13, 2–5]. Ұлыбритания Ішкі Істер Министрлігінің 2000 жылғы «Экономические и социальные последствия преступности» [14], атты баяндамасында қылмыстылық құнын келесі компоненттерден тұрады деп көрсетеді: 1) «қылмысты күтетін құн» (costs in anticipation of crime қылмыстың құрбанына айналу тәуекелін азайтумен байланысты қоғамның шығындары (қорғау жүйесіне, қылмыстан сақтандыруға, өзге де қауіпсіздік шараларына жұмсалатын шығындар); 2) қылмыс жәбірленушісіне қылмыс істеу нәтижесінде келген зиянды ақшалай бағалау; 3) қылмыстық юстиция жүйесін ұстап тұруға кететін шығындар. Соңғы екеуін «қылмыстылыққа реакцияның құны» (costs in response to crime) деп атайды. Бұл баяндамадан Ұлыбритания үкіметінің қылмыскердің өзінің шығындарын, қылмыс құрбанының отбасының шығындарын, және өзге де жанама зардаптарды қоспайтынын көреміз. Көріп отырғанымыздай, қылмыстылық құнына қылмыс істеу нәтижесінде келетін зиянның кіретіні даусыз. Бағалауға тек қана тікелей негативтік салдар емес, жанама зардаптар да кіруі қажет. Олар қоғамға үлкен соққылар (зардаптар) әкеледі.
Қылмыстық жолмен тапқан ақша неменеге жұмсалды деген сұраққа мынадай жауап алынды: а) заттар сатып алдым – 23,7%, жолдастарымды сыйладым – 9,4%, жақындарыма сыйлық сатып алдым -7,2 %, көңілдесіме сыйлық сатып алдым – 4,1%, автомобиль, мотоцикл сатып алдым – 4,8 %, үй, пәтер, саяжай сатып алдым – 13,6%, аудио, бейне, радио аппаратура алдым 9%, есірткі сатып алдым – 4,7%, құмар ойын ойнадым – 2,8%. Осы мәліметтерге қарап, біз қылмысқа материалдық тапшылықтың негіз болғанын көреміз.
Сотталғандардың тұрмыстық өмірін зерттегенде біз мынаны анықтадық: олардың 37,4%-і қылмыс жасағанға дейін жақсы жабдықталған жайлы пәтерде; 26,9%-і өз үйінде, 16,1%-і жатақханада тұрған, 2,6%-і бөлме жалдап тұрған, 16,3%-інің тұрақты тұратын жері болмаған.
Сондықтан қылмыстылық құнын анықтауға мүмкіндік беретін индекстік қылмыстарды таңдағанда жалпы қылмыстылықтың 60 пайызын құрап отырған меншікке қарсы қылмыстар да сөзсіз кіреді. Меншік қатынастарына қол сұғатын қылмыстар мен олардан келетін зардаптардың ғылыми негізделген құнын білу методологиясы арқылы бұл кеселдің алдын алу шараларының тиімділігі бар немесе жоқ деп айтуға болады. Жеңіс пен жеңіліс дәл осы методолгияға байланысты десек, меншікке қарсы қылмыстардың құнының негізінде меншікке қарсы қылмыстардан келетін зардаптармен күресу тиімділігін арттыруға мүмкіндік ашылады.
Әдебиеттер
- http://service.pravstat.kz/portal/page/portal/POPageGroup/Services/Pravstat
- Кондратюк Л.В., Овчинский ВС. Криминологиче¬ское измерение / Под ред. К.К. Горяинова. М.,
- Ильин И.А. О сопротивлении злу силой. -М., 2005. С.
- Энциклопедия права: Учеб.пособ. (М.Х. Хутыз., П.Н. Сергейко) Кубан.гос.ун-т.-М., «Былина»., -157с.
- Демидов Ю.Н. Проблемы борьбы с преступностью в социально-бюджетной сфере. -М., -185с
- Неупокоева И.А. Современные тенденции преступности среди безработных и лиц, не имеющих постоянного источника дохода. // Совершенствование государственной политики противодействия правонарушающему поведению: Межвуз.сборник науч.тр.-Омск.: Омская академия МВД России., -248с
- Криминология/под ред. Дж.Ф.Шели/ Пер. С англ.– СПб.: Питер, 2003, 279с.
- Криминология/ под ред. Дж.Ф.Шели/ Пер. С англ.– СПб.: Питер, 2003, 280с.
- Лунеев В.В. Курс мировой и российской криминологии : учебник: в 2 т. – Т.1: Общая часть. – М., 2011. – 1003 с.
- Бабаев М.М., Квашис В.Е. Цена преступности: проблемы теории и практики // Российский криминологический взгляд. – 2009. – № 2. – С. 246–259.
- Квашис В.Е. «Цена» преступности как криминологическая проблема // Уголовное право. – – № 6. – С. 94–102
- Бородин С.В. Квалификация преступлений против жизни. – М.; Юридическая литература, -452c
- Demmert, H. G. Crime and Crime Control: What are the Social Costs? Stanford University, Hoover Institution, Center for Econometric Studies of the Justice System. 1979.
- Brand , Price R. (2000), The Economic and Social Costs of Crime, Home Office Research Study 217, Home Office, London. – URL: http:// www.homeoffice.gov.uk /rds/ pdfs/ hors 217.