Тәуелсіз Қазақстан Республикасының саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан даму, өркендеу процесі берік орын алды. Елімізде жылма-жыл алға өрлеушілік, дүниежүзілік деңгейге көтерілуге қадам басқандық айқын көрініс беруде. Тәуелсіздік алғаннан бері көптеген реформалар жүзеге асты. Мемлекетімізде екі мәрте 1993 жылы және 1995 жылы Конституция қабылданды.
Мемлекетіміздің құқықтық негізі берік орнады. Осы аз уақыт ішінде Қазақстан Республикасында көптеген кодекстер – қылмыстық, қылмыстық атқару, азаматтық, азаматтық іс жүргізу, әкімшілік және т.б. қабылданды. Осындай заңдылық нормалардың қабылдануы құқық бұзушылықтың алдын алуға және қылмысты құбылыстармен пәрменді күрес жүргізуге құқықтық негіз жасап берді.
Мемлекетімізде орын алып жатқан осындай оңды жетістіктерімізбен бірге қоғамның одан әрі серпінді дамуына кедергі келтіріп жатқан теріс құбылыстар да бар. Сондай қоғамға жат құбылыстардың бірі – жасөспірімдер, кәмелеттік жасы болып табылады. Қылмыстық көрсеткіші де жылма-жыл өсуде.
Қазақстан Республикасының үшінші мыңжылдықтың табалдырығын тәуелсіз ел ретінде аттап, құқықтық-демократиялық мемлекет негізін қалыптастыруға кірісе бастаған кезде оның жан-жақты проблемаларын оқып үйрену мен зерттеудің қажеттілігі артып, оған үлкен мән берілуде.
Әсіресе мұндай қажеттілік қазіргі таңда жастар проблемасын мұқият зерттеп, жаңа көзқарастармен өзгертіп, қайта қарау заңды кұбылысқа айналуда. Жаңа ғасырдағы Қазақстан жастарының қал-жағдайына және дамуына кейде жағымды, ал кейде теріс ықпал етуде, яғни жастар проблемасы бүгінгі таңда бірқатар теріс факторлардың әсерінен асқынып отырғаны баршаға белгілі.
Бүгінгі таңдағы білім алудағы қиындықтар, жастар ұйымының қызметін үйлестіретін бірегей орталықтың жоқтығы, жасөспірімдердің бос уақытының шамадан тыс молдығы, олардың арасында бақылаусыздық пен қараусыздықтың болуы, тағы басқа осы сияқты жағдайлар кәмелетке толмағандар қылмыстарының күрт өсуіне негіз болып отыр [1].
Әрине, қай қылмыстың алдын-алуда әуелі жалпы тәрбие, оның ішінде құқықтық тәрбие негізгі құрал болып есептеледі. Сондықтан да ҚР Президентінің 1995 жылдың маусымының 14 жұлдызында шыққан, «жалпыға бірдей құқықтық білім мен тәрбие беру туралы» қаулысының негізгі талаптарын іске асырып, жастарға өз дәрежесінде жеткілікті құқықтық тәрбие беруді дұрыс жолға қою үлкен жұмыс. Өйткені, құқықтық тәрбие жастар мен жасөспірімдердің бойында құқықтық талаптар құрметтеу сезімін қалыптастырып, азаматтардың санасына құқық пен міндеттің бірлігін сезіндіреді, олардың өздерін дұрыс ұстап, әсіресе кәмелетке жасы толмағандар арасындағы қылмыстық әрекеттерінің алдын алуға мүмкіндік туғызады.
Кәмелетке толмағандардың қылмыстылығы мәселесі әрқашанда, қандай қиын қыстау заман болмасын кез келген халықты алаңдататын мәселе. Оның себебі бүгінгі жасөспірімдер елдің, ұлттың ертеңгі болашағы болып табылатындығында.
Қылмыстың алдын алу олардың негізгі көрсеткіштеріне байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Алайда, басты шара – Президентіміз Н.Ә. Назарбаев көрсеткендей, «Өтпелі кезеңдерді бастан кешіп жатқан қоғамды, мемлекеттік экономика әлі сақталып тұрған тұста, жекеменшік институттары әлі қалыптасып біте қоймаған кезде, мемлекетіміздің қызметінің орасан зор маңызға ие болатындығы мемлекет тарапынан қалыптасқан шаралардың бәрінің мәні де, ықпалы да қоғамдағы тәртіп бұзушылық пен қылмыстың әуелі алдын алуға бағытталған» [2].
Кәмелетке толмағандар деп қылмыс жасаған кезге қарай жасы он төртке толған, бірақ он сегізге толмаған адамдар танылады. Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстық істер дәл қазіргі таңда белең алуда.
Қылмыстылықпен күресуде мемлекет көптеген ұйымдастырушылық шараларын іске қосуда. Қазақстан Республикасының Президенті 2003 жылы 10-қыркүйекте қылмыспен қарсы күрес мәселелері бойынша Республикалық кеңесте сөйлеген сөзінде қылмыспен күрес ортақ іске үлес қосқандық деп атап көрсетіп, осы істі жүзеге асырудың нақты он түрлі жолын қадап айтты.
Бұл міндеттерді жүзеге асыруда мемлекеттік өкімет және басқару органдарының қызметін одан әрі жетілдіруді, елімізде құқықтық мемлекет құру ісінде сапалы заңдарды қабылдауды өрістету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда мемлекеттік билік органдарын әділеттілік, заңдылық, жариялылық, ізгілік принциптерін басшылыққа алған мінсіз қызметі өте қажет.
Кәмелетке толмаған қылмыскерлердің жасаған қылмыстары арасында тонау, қарақшылық, қасақана кісі өлтіру, денсаулыққа зиян келтіру, зорлау секілді қылмыстар кең тараған, ұрлық және бұзақылық қылмыстарының 75-80 % кәмелетке толмағандардың үлесінде.
Криминологтардың көптеген зерттеулері кәмелетке толмағандардың қылмыстылығы бұл негізінен топтық қылмыс екендігін дәлелдеп отыр. Еліміздегі кәмелетке толмағандардың топтасып қылмыс жасау деңгейі алаңдатарлық деңгейде екендігі статистикалық мәліметтер көрсетуде.
Жасөспірімдердің арасында рецидивист қылмыскерлердің саны соңғы бес жылда 42,7 % өскен. Кәмелетке толмағандардың топтасып қылмыс жасауының ерекше жоғары болуы – олардың жастық психологиялық және басқа да ерекшеліктеріне сай нормадан ауытқу емес, қайта оған сай болу. Ересек және бозбалалық жасөспірімдік шақта кәмелетке толмаған адам үшін қоршаған орта араласу, ой бөлісу, жаңа мәлімет алудың қайнар көзі болып табылады. Құрдастары арасында өзін жоғары көрсету осы жастағылар үшін маңызы өте үлкен.
Жасөспірімдер, кәмелетке жасы толмағандар қолымен іске асатын қылмыстың қаңдай түрімен күрес жүргізсек, ол болашақтағы ересектердің жалпы қылмысымен күресуге бағытталған бірден-бір дұрыс жол екені сөзсіз. Кәмелеттік жасқа толмаған балалар қылмысын болдырмай алдын алу үшін оларға қылмыстыққұқықтық шаралармен әсер ете отырып, тиімді нәтижесін күту – жеткіншектердің өмір жолын дұрыс таңдап, адам болып қалыптасуына өз әсерін тигізсе керек.
Кәмелетке жасы толмағандар арасында қылмыстың өсуіне басты себеп ретінде олардың қоғамға жат әрекетті мас күйінде істеуін алуға болады. Қылмыс істеп, сотталған жасы толмағандардың 1144-і (100%) қылмыс істеу кезінде мас күйінде болғанын сот-тергеу нәтижесі көрсетсе, бас бостандығынан айырылып, сотталған 20-сы (1,7%) құрайды. Мас болғандықтан, қылмыстық әрекетке барған. Жасы толмағандар қылмысы ересектер қылмысымен салыстырғанда, тигізер зардабының аздығымен сипатталатыны белгілі. Сонымен қатар, жасы толмағандар қылмысынан пайдакүнемдік пен күш көрсету арқылы пайдакүнемдік ниет пен мақсатты көздегендіктері айқын көрінетініне көз жеткізуге болады [3].
Қазіргі заманда біздің қоғамдағы барлық жастағы адамдардың құқықтық санасында өзгеріс бар, соның ішінде жиі байқалатын кәмелетке толмағандардың құқықтық санасының бұзылуы алаңдатушылық туғызады. Осылайша бұзылған құқықтық санамен күрестің маңызы зор және ондай өзгерістің салдарын жою жұмысын жалпы мемлекеттік көлемде іске асыру керек.
Білім беру мазмұны тікелей мынадай негізгі мақсаттарға жетуге бағытталуы керек: баланың тұлғасын, талантын, ақыл-ойы мен дене қабілеттерін дамыту, адам құқықтары мен оның негізгі бостандықтарын құрметтеуге тәрбиелеу, атаанасын, бала тұратын, туған және өзінен бөлек өркениетті елдердің тілін, құндылықтарын құрметтеуге тәрбиелеу, өзара түсіністік, тыныштық, шыдамдылық, еркек пен әйелдің тең құқылығы, халықтар арасындағы, этникалық және діни топтар достығы, сондай-ақ жергілікті халыққа құрмет рухындағы саналы өмірге әзірлеу.
Кәмелетке толмағандардың қылмысын ерте алдын алудың негізгі құралы құқықтық сананы дұрыс тәрбиелеу және қолайсыз отбасын декриминализациялау, бұған құқықтық нормаларды жетілдіру және балаларды тәрбиелеудегі азаматтардың жауапкершілігін арттыру шаралары енеді.
Мына жайды атап өту керек, қолайсыз отбасында өскен кәмелетке толмағандардың бұзақы болу мүмкіндігінің жоғары болуы соншалықты, осындай отбасыдан шыққан кәмелетке толмағанның қоғамға қарсы немесе аморалды бағдар алмай, иә болмаса құқық бұзушылық жолына түспеуі өте сирек кездесетін жағдай. Отбасы кәмелетке толмағандар тұлғасының қалыптасуына жас ұрпақ тәрбиесіне қатысатын басқа әлеуметтік институттардан гөрі көбірек белсенді ықпал етеді.
Бүгінде кәмелетке толмағандарды тәрбиелеуде оң нәтижеге жету үшін қолайсыз отбасыларына ықпал ету жүйесін өзгерту қажет, мұндай бұзушылықтар үшін тек қана ата-аналық құқынан ғана айырып қоймай, бас бостандығынан айыруды қарастыратын ата-аналардың кәмелетке толмағандарды тәрбиелеудегі жауапкершіліктің тиімді институттарын құру керек, бұндай институтты құрмайынша кәмелетке толмағандардың оң бағыттағы құқықтық санасын қалыптастыру туралы айту мүмкін емес, себебі балаларға тәрбие және бұл өмірде дұрыс бағыт беру үшін жауапкершіліктің мүлдем жоқтығын айтуға болады. Ата-аналарының балаларды тәрбиелеуге құқығы (сонымен қоса және осы үрдістің құқықтық құрамына) ата-аналық құқықтарының ішіндегі ең маңыздыларының бірі.
Сонымен бірге, қазіргі жағдайда білім беру мен тәрбиелеу деңгейіне жалпы әлемдік талаптың күшею тенденциясы ата-аналарға балаларға қатысты көп міндет пен көп жауапкершілік жүктейді.
Кәмелетке толмағандардың қылмысын алдын алудың жалпы әлеуметтік шараларының жүйесінде кәмелетке толмағандарды еңбекпен қамтамасыз етуге жетекші, басты орын беру қажет.
Әлемдік практика көрсеткендей нарықтық қатынастар адал және әділ еңбекті қажет етеді. Ал, еңбекке адамгершілік қатынасты бала жасынан тәрбиелеу керек. Осыған орай жұмыссыздықтың ұдайы көбеюіне байланысты еңбекке орналасу саласының жаңа жағдайында басты міндет кәмелетке толмағандар мен жастарды жұмысқа орналастыруда, кәсіби қайта бағыттауда, даярлауда және қайта даярлауда көмектесу болып табылады. Кәмелетке толмағандардың бос уақытын ұйымдастыру мәселесі – экономикалық тұрақсыздық пен әлеуметтік-мәдени дағдарыс жағдайында кешенді көзқарасты қажет ететін ең күрделі және қиын шешілетін мәселе [4].
Кәмелетке толмағандардың ауытқуларына қарсы бағытталған жалпы әлеуметтік шаралар көбінесе құқық қорғау қызметі арқылы арнайы және жеке-дара қарсы іс-қимылмен жүзеге асырылуға тиіс.
Жасы толмағандар қылмысымен күреске бағытталған күнделікті жұмыс Қазақстан Республикасы саясатының негізгі құрамдас бөлігі дейтін болсақ, ол жасы толмағандардың қылмысы мен жасөспірімдер (9-13) құқық бұзушылығын болдырмай алдын алудағы шаралардан өз көрінісін тапқан.
Жасы толмағандар қылмысын алдын алуда маңызды болып саналатын тәрбиелік сипаттағы шаралар. Мұндай тәрбиелік сипатқа ие болған шаралар құқық қорғау органдарына, жасы толмағандар ісі жөніндегі комиссияға өз көмегін тигізсе де оның жеткіліксіздігі күнделікті іске асып жатқан жат әрекеттерден көрініп, жаңа келелі істерді талап етеді.
Жасөспірімдердің құқық бұзушылығымен жүргізілетін профилактикалық жұмыстың тиімділігі – оқу-ағарту, жасы толмағандар ісі жөніндегі комиссия қызметкерлерінің бірлесе отырып, олардың ішкіш ата-анасына азаматтық-құқықтық шара қолдануы тиісті орындардан талап еткен өтініштерінен көрінеді. Мұндай шара қолдану арқылы үнемі ішімдікке салынған ата-ананы ойландырып, бала тәрбиесіне көңіл бөлуге жұмылдырған болар еді. Әрине, ол шара бірден тиімділігін бермесе, бірте-бірте жүзеге асары сөзсіз [5].
Болашақтың тірегі жасөспірімдер тәрбиесінің тиімді болуы күн тәртібінен түспейтін актуалды мәселе. Бос уақыттың шексіздігі, оны дұрыс пайдалана алмау, педагогикалық тәрбиелеудің жеткіліксіздігі жасөспірімдер арасында жаман әдеттің кең таралуына, моральдық, құқықтық нормалардың бұзылуына алып келеді.
Жасөспірімнің жеке басында пайда болатын жағымсыз қылықтардың қалыптасуы олардың тұрған жерлеріндегі тәртіпсіз жасөспірімдермен араласуының нәтижесінен құқық бұзушы жасөспірімдер шығатынын дәлелдей түскендей. Кәмелетке толмағандар туралы дербес бөлімнің Қазақстан заңдылығында пайда болуы бірінші рет. Қылмыстық заңда кәмлетке толмағандарға арналған арнайы бөлімінің пайда болуы бұл еліміздің қылмыстық заңының жоғары даму деңгейін көрсетіп отыр.
Кәмелетке толмағандардың арасындағы қылмыстылықпен күресу – қылмыстылықпен күресудің басты бағыттарының бірі.
Қорытындылай келгенде кәмелетке толмағандардың қылмыстылығы мәселесі қазіргі кезде тек криминологтарды толғандыратын мәселе емес, бұкіл халқымызды толғандыратын мәселе екендігін айтқым келеді.
Егеменді де өркениетті елдің бүгіні мен ертеңін өрге бастырар – бүгінгі өрендер. Болашақтың тізгінін ұстайтын олардың атқарар әрекетінің түп тамыры бүгінгі күнмен тығыз байланысты. Сондықтан қазіргі жағдайда жасы кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен күрес жүргізу мәселесі жалпы мемлекеттік деңгейде алған бағыттағы міндеттердің бірі болып табылады.
Әдебиеттер
- Назарбаев Н.Ә. Ғасырлар тоғысында. – Алматы, 1996. – 145 б.
- Нормативные акты и материалы по вопросам защиты прав несовершеннолетних. – Алматы, 2007. – 197 с.
- Мауленов Г.С. Основные характеристики преступности в Республике Казахстан. – Алматы, 1999. – 160с.
- Нарикбаев М.С. Уголовная ответственность несовершеннолетних. // «Правовая инициатива». – 1998. – №1. – С.
- Бегалиев К.А. Предупреждение безнадзорности п правонарушений несовершеннолетних. – Алматы, 1990. – 198 с.