ХХ ғасырдың аяғы – ХХI ғасырдың басында Қазақстан өз тарихында жаңа кезеңмен ерекшеленді, бұл мемлекеттік емес институттардың белсенділігімен, олардың қоғамдық қатынастардың барлық салаларындағы ісәрекетімен байланысты болды. Азаматтық қоғамның негізгі қолданысы тұлғаның түрлі материалдық, рухани-мәдени және өзге қажеттіліктерін толық қанағаттандырылуын қамтамасыз етуге қолайлы жағдай туғызу бо лып табылады. Дамыған азаматтық қоғам жағдайында азаматтардың мүмкіндіктері мен қабілеттерінің толыққанды жүзеге асырылуына, шынайы халық билігіне, тұлғаның қоғамның әлеуметтік-экономикалық, рухани және өзге де салаларында таңдау жасауға еркіндігіне алғышарттар жасалады. Тұлға мен мемлекеттің арасында делдал бола отырып, азаматтық қоғам мемлекеттің заңға бағынуын, қоғамдық институттардың мемлекеттік билікке бақылау орнатуын, мемлекеттің тұлғаның жеке өмірінің барлық салаларына араласпауын, азаматтардың және қоғамдық бірлестіктердің құқықтары мен бостандықтарының және заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз етеді.
Азаматтық қоғамды құруға бірнеше факторлар ықпал етеді, олардың қатарына азаматтық, әлеуметтік және саяси құқықтарды мойындау, түрлі салалар бойынша ұйымдар, ассоциациялар құру, бұқаралық ақпарат құралдарының еркін, әрі көппікірде жұмыс істеуі, саяси партияларды қаржыландыру, орта тапты қалыптастыруда шағын бизнесті дамыту үшін қайырымдылық мекемелерінің заңдастырылуы, өзін-өзі басқаруды негізгі институттарға беру жатады.
Азаматтық қоғамсыз демократиялық, құқықтық, әлеуметтік, зайырлы мемлекеттің өмір сүруі мүмкін емес, сондай-ақ, азаматтардың құқықтары, еркіндіктері және заңдық мүдделері қорғалмайды. Азаматтық қоғам барлық қоғамның гүлденуге қол жеткізуін, ел халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайының артуын, қоғамның рухани-мәдени дамуын, мемлекеттің заңға бағынуын көздейді. Азаматтық қоғамның қалыптасуы Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясының негізінде мемлекеттік биліктің және қоғам өмірінің барлық салаларының реформалануы нәтижесінде жүзеге асады. Ол биліктің мемлекеттік құрылымдарымен мемлекеттік емес құрылымдар қоғамдық бірлестіктердің, ассоциациялардың, қозғалыстардың, одақтардың, үкіметтік емес ұйымдардың іс-әрекеттерінің тең ынтымақтастығы мен үйлестірілуіне бағытталады.
Қазақстанның тарихында алғаш рет Конституция азаматтық қоғамның тұрақты жұмыс істеуіне негізді қамтамасыз етуде. Ол саяси өмірдің демократиялық бастауларын, жеке меншіктің негізін және кәсіпкерліктің еркіндігін, тәуелсіз сот жүйесінің өмір сүруін, мемлекеттің әлеуметтік міндеттерінің құқықтық рәсімделуі мен жүзеге асуына кепілдік береді.
Дәл осы факторлар дербес тұлғаның, азаматтылықтың қалыптасуына, адамдарды ортақ және топтық мүдделерді қанағаттандыру үшін өзін-өзі ұйымдастырудың катализаторы рөлін орындайды.
Қазақстан тарихында алғаш рет «халық» сөзі ұлттық менталитет үшін аса маңыздылыққа ие болып отыр, ол нақты сипат алып, біздің мәдениетіміз бен қоғамдық өмірімізде қолданыстағы ұғымға айналып отыр.
Марк Тулий Цицерон өз дәуірінде: «Мемлекет – халықтың игілігі, ал халық – адамдардың кез-келген бірлестігі емес, ол құқық және ортақ мүдде мәселелері бойынша келісіммен біріккен көптеген адамдардың бірлестігі» [1] деген еді. Ол барлығына теңқұқықтылық азаматтық қоғам мен мемлекеттің тұрақтылығының кепілі болып табылады деп есептеді. Нақ осы принцип біздің Конституциямызда бүгінде көрініс тапқан.
Осылайша, Конституция – қазақстандық қоғам өмірінің барлық қырларына нәтижелі ықпал ететін, қолданыстағы құжат. Ол – барлық қазақстандық заңнаманың өзегі.
1995 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы елімізде толыққанды азаматтық қоғамның қалыптасуына жол ашты. Алайда, азаматтық қоғамның қалыптасу процесі ұзақ өтпелі кезеңді және мемлекет тарапынан көмекті қажет етеді.
Қазақстандағы қалыптасу кезеңіндегі азаматтық қоғамның басты қызметтеріне мыналар жатады: азаматтардың заң шығару қызметтеріне қатысуы; азаматтық қоғам институттары тарапынан мемлекеттік билікке бақылау орнатылуы; азаматтық қоғам институттарының мемлекеттік билікті жүзеге асыруға қатысуы; қоғамдық институттардың сот әділдігін орнатуға қатысуы; мемлекеттік саяси билікке қолдау көрсету немесе оған қарсы тұру; мемлекеттің биліктің материалдық көмек беруі; тәрбие және білім беру қызметтері; халықтың денсаулығын сақтау; қоршаған табиғи ортаны қорғау; құқық бұзушылықтан азаматтар мен олардың бірлестіктерін аластату; жеке құқықтары, бостандықтары мен заңдық мүдделерін жүзеге асыруда құқықтық белсенділік; тұлғаның құқықтық мәртебесін жүзеге асыруда мемлекеттік биліктің қызығушылығын қалыптастыру.
Ата Заңның алғашқы бабында-ақ, еліміздегі азаматтық қоғамның қызметінің басты принциптері бекітілген. Ең алдымен, Конституцияның 1 бабын қарастыруымыз қажет, онда Қазақстанның өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтыратындығы, оның ең қымбат қазынасы– адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары екендігін нақтыланған [2]. Бұл мемлекетте жүзеге асырылатын түрлі салалардағы іс-әрекеттер адам және оның еркін дамуы мен қолайлы жағдайда өмір сүруі жасалатындығын аңғартады.
Адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықтары заңдардың мәнін, мазмұнын, заң шығарушы және атқарушы биліктердің қызметін анықтайды, сот төрелігімен қамтамасыз етіледі. Мемлекет құқықтық, демократиялық бола тұра билеуші аппараттан, ең алдымен адам және қоғамның ерігін білдіретін әлеуметтік қызметке айналады.
Азаматтық қоғам және қазақстандық қоғам өмірінің барлық салаларындағы демократиялық қайта құрулар мен реформалар бір уақытта жүргізілуі керек.
ҚР Конституциясы Қазақстанды демократиялық мемлекет ретінде орнықтыратынын жариялай келе, президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет екендігін бекіткен (2 бап).
Мемлекеттің демократиялық сипатын ата заңның 3 бабында «Мемлекеттiк билiктiң бiрден-бiр бастауы – халық. Халық билiктi тiкелей республикалық референдум және еркiн сайлау арқылы жүзеге асырады» деген жолдарынан аңғаруға болады.
Сонымен қатар, мемлекеттік билік республикамызда конституциялық негізде үш тармаққа (заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына) бөлiнген және олардың арасында тежемелік және тепе-теңдік принципі сақталған (3 бап).
Елде азаматтық қоғамды қалыптастыру және демократияны дамыту өзара тығыз байланысты: азаматтық қоғам неғұрлым дамыған болса, мемлекет соғұрлым демократиялырақ болады.
Конституцияның 5 бабында белгіленген еліміздегі идеологиялық және саяси әр-алуандылықтың танылуы сынды демократиялықпринциптер мемлекетте азаматтық қоғамның дамуы үшін маңызды элемент болып табылады. Нақты бір идеологиядан бас тарту, плюрализмнің мойындалуы елдің саяси өмірін нұрландырады, азаматтарға өзі таңдаған көзқарасын, ұстанымын ұстануға мүмкіндік береді.
Елдің саяси өмірі үшін маңызды болып табылатын саяси алуандылық негізінде азаматтармен қатар, барлық әлеуметтік-саяси және басқа да бірлестіктердің мемлекеттің ішкі істеріне қатысуға мүмкіндік тудырады. Бұл елдегі халық билігінің толыққанды жүзеге асуына, саяси ісқимылдарға жаңа топтардың енуіне, заңды саяси оппозицияның қалыптасуына, көпппартиялық жүйенің кеңінен қанат жаюына жол ашады.
Саяси алуандылық принципін жүзеге асыру қоғамға кері әсерін тигізбес үшін Конституцияның 5 бабының 3 тармағында «Мақсаты немесе iс-әрекетi Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруге, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бiрлестiктер құруға және олардың қызметiне, сондайақ заңдарда көзделмеген әскерилендiрiлген құрамалар құруға тыйым салған».
Қазақстандағы азаматтық қоғамның конституциялық негізін қарастыра келе, экономикалық жүйенің негізін реттеуші нормаларға көңіл бөлу қажет.
Мәселен, ҚР Конституциясының 6 бабында елімізде мемлекеттік меншік пен қатар, жеке меншіктің танылатындығын және бірдей қорғалатындығы жазылған. Сонымен қатар аталған баптың, 3 тармағында жер, сондай-ақ заңда белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жеке меншiкте де болуы мүмкiн екендігі аталған.
Нарықтық экономика негізін құру мақсатында Конституция бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық дамуды республика қызметінің түбегейлі принципі ретінде атай отырып (1 бап), азаматтардың заңды түрде алған қандай да болсын мүлкiн жеке меншiгiнде ұстай алуына кепілдік береді; сондай-ақ, әркiмнiң кәсiпкерлiк қызмет еркiндiгiне, өз мүлкiн кезкелген заңды кәсiпкерлiк қызмет үшiн еркiн пайдалануға құқықты бекітеді (26 бап).
Азаматтық қоғам еркін адамдардың қауымдастығы ретінде мемлекет мен экономика арасындағы арақатынасты бейнелейді. Азаматтық қоғамның онтологиялық негізі нарық және ондағы қатынастар болса,мемлекеттікі – саясат және саяси қатынастар, ал азаматтың негізі – меншік. Экономикалық қатынастар саяси және құқықтық орнықтыруды қажет еткендіктен, мемлекет мен азаматтық қоғам институттарының байланысы қажет.
Азаматтық қоғам – көп бөлігі өз жеке мүдделері бар меншік иелерінен тұратын қоғам. Жеке меншік азаматтық қоғамның дамуының іргетасы. Сондықтан, елде орта таптың қалыптасуына барынша жағдай жасалуы тиіс. Ол үшін, атап айтар болсақ, мемлекеттік меншікке бақылауды, басқарушылықты қамтамасыз ету керек, ең бастысы – ортақ меншіктің жекешелендірілуінде заңдылық пен әділеттілік орнауы тиіс. Адамдарды мемлекетке тәуелсіз ететін экономикалық қатынастар өзге қоғамдық қатынастардың дамуына жол ашады, бұл азаматтық қоғам институттарының дамуына елеулі ықпал етеді.
Негізінен, азаматтық қоғам – адамдар бақуатты және лайықты өмір сүретін ғана қоғам болмауы керек, сонымен қатар, ол адамдар өздерін демократияның толыққанды қатысушы ретінде сезінетіндей қоғам болуы қажет.
Аталған мәселе, яғни қоғамның әлеуметтік негізі де қолданыстағы Конституцияда жарқын көрініс тапқан. Конституцияға «әлеуметтік мемлекет» терминінің енгізілуі мемлекеттің нақты әлеуметтік саясат жүргізуге міндетті екендігін және адамдардың лайықты өмір сүруіне жауапкершілікте болатындығын дәлелдейді.
ҚР Конституциясында әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттары «Адам және азамат» бөлімінде былайша баяндалады: Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттiң қорғауында болады; Қазақстан Республикасының азаматы жасына келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңды негiздерде оған ең төменгi жалақы мен зейнетақының мөлшерiнде әлеуметтiк қамсыздандырылуына кепiлдiк берiледi; Ерiктi әлеуметтiк сақтандыру, әлеуметтiк қамсыздандырудың қосымша нысандарын жасау және қайырымдылық көтермеленiп отырады; Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар; Республика азаматтары заңмен белгiленген кепiлдi медициналық көмектiң көлемiн тегiн алуға хақылы; Мемлекеттiк және жеке меншiк емдеу мекемелерiнде, сондай-ақ, жеке медициналық практикамен айналысушы адамдардан ақылы медициналық жәрдем алу заңда белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша жүргiзiледі; Азаматтардың мемлекеттiк оқу орындарында тегiн орта бiлiм алуына кепiлдiк берiледi (27,28,29,30 баптар).
Азаматтық қоғамның тағы бір көрсеткіші мемлекеттік билік пен олардың лауазымды тұлғаларына тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) еркіндігі болып табылады. Қоғам өз ішінде болып жатқан оқиғалармен,мемлекеттік проблемалармен және оларды мемлекеттік билік органдарының қалай шешіп жатқандығы туралы, әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени дамуды жақсарту және саяси жағдайды тұрақтандыру мақсатында қандай шаралар жүргізіп жатқандығынан хабардар болулары қажет. БАҚ болып жатқан процестер және мемлекеттік қолдануындағы әдістермен қоғамды ақпараттандыра отырып, мемлекеттік органдардың іс-әрекеттеріне баға береді, осылайша қоғамдық бақылау орнатады. Өз кезегінде, мемлекет ұдайы санасып отыратын қоғамдық пікірден хабардар болуы тиіс. Бұл туралы Конституцияның 20 бабында: Сөз бен шығармашылық еркiндiгiне кепiлдiк берiледi. Цензураға тыйым салынады.
Әркiмнiң заң жүзiнде тыйым салынбаған кез-келген тәсiлмен еркiн ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиясы болып табылатын мәлiметтер тiзбесi заңмен белгiленедi, – делінген.
Елбасы 2005 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздегі идеология алуандылығына тоқталап келіп, БАҚ туралы: «Қазақстанда сөз бостандығына цензура жоқ; мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдары құрылып, жұмыс істеуде. Осы орайда бұрынғы шақырылған Парламентте БАҚ еркіндігін шектеу әрекеті байқалғанын, ондағы дүдәміл заң жобасына тоқтау салынды, мемлекет өзінің баспасөз бостандығы жолындағы бағытының мызғымайтындығын тағы да қуаттап берді» – деген тұжырымдар жасаған болатын [3].
Медиялық орталық ашықтығы мен бәсекелестігі тетіктерін күшейту, журналистер құқықтарының сақталуына кепілдік беру деңгейін жоғарылату, БАҚ жауапкершілігін күшейту мәселелері елімізде азаматтық қоғамның маңызды институты ретінде бұқаралық ақпарат құралдарын дамытудағы негізгі міндет ретінде айқындалған.
Қазақстандағы азаматтық қоғамның өмір сүруінің және оның дамуының кепілі – мемлекеттік билік органдары, сондай-ақ, тұлғаның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қабілетті мемлекеттік емес институттар, яғни үкіметтік емес ұйымдар болып табылады. Үкіметтік емес ұйымдар Қазақстандағы азаматтық қоғам институттарының ішіндегі мейлінше қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі болып табылады. Олардың қызметі туралы Ата Заңда: қоғамдық бiрлестiктер заң алдында бiрдей. Қоғамдық бiрлестiктер iсiне мемлекеттiң және мемлекет iсiне қоғамдық бiрлестiктердiң заңсыз араласуына, қоғамдық бiрлестiктерге мемлекеттiк органдардың қызметiн жүктеуге жол берiлмейтіндігі жазылған (5 бап).
Үкіметтік емес ұйымдар халықтың ең әлеуметтік белсенді топтарын біріктіреді және жаңа проблемаларды шешуде дәстүрлі емес әдістерді көп пайдалану арқылы тиімді әрекет етеді.
Азаматтық қоғам құрылымындағы үкіметтік емес ұйымдардың рөлі мен мәні негізінен олардың азаматтық бастамаларды қалыптастыру мен ілгері жылжыту қабілеттерімен тұжырымдалады. Осы ұйымдар мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы бітістіруші рөл атқарады.
Конституция – келешек Қазақстанның мінсіз бейнесі, оның қоғамдық-саяси құрылысы, әлеуметтік-экономикалық қатынастары, азамат пен мемлекет арасындағы өзара қатынастардың, ұлттық менталитеті мен мәдениетінің көрінісі. Бұл тұрғыда Конституция құқықтық ортаның тұрақтылығын құра отырып, елдің көптеген онжылдықтарының даму бағытын бейнелейді.
Сонымен, қазақстандық қоғам өмірінің барлық салаларындағы демократиялық қайта құрулар, конституциялық негіздердің реформалануы, мемлекеттер арасындағы интеграциялық процестер Қазақстанда азаматтық қоғамның қалыптасуы үшін шынайы алғышарттарды құруда. Қазақстанда шынайы, дамыған азаматтық қоғамның қалыптасуына толық негіз бар. Ол ең алдымен, ел дамуының тарихи және заманауи тәжірибесін, сондай-ақ, шет елдердің оң тәжірибесін ескере қолға алынған.
Әдебиеттер
- 1 Цицерон Марк Туллий. Диалоги: О государстве; О законах. – М., 1994. 2 Қазақстан Республикасының Конституциясы. – 1995 ж.
- 3 ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2005.