Қазақстан Республикасының шетел субъектілерінің қатысуы бар жер құқық қатынастарын құқықтық реттеу мәселелері Қазақстан Республикасының Жер кодексінің тек санаулы ғана баптармен реттелетіндігінде болып отыр.
Сонымен қатар еліміздің Конституциясында Қазақстан Республикасының мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады және бірдей қолданылады. Меншіктің субъектілері мен объектілері аграрлық қорғау нысандары заңдарымен анықталады. (ҚР Конституциясының 6-бабы). Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Конституциясының 6-бабы 3-тармағына сәйкес «Жер және оның қойнауы, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады. Жер, сондайақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте болуы мүмкін» [1].
Қазақстан Республикасы Конституциясының және 6-бабы 3-тармағын ресми түсiндiру туралы Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің 2003 жылғы 23 сәуірдегі №4 қаулысында Қазақстан Республикасы Конституциясының 6-бабы 3-тармағы, жер қатынастарын реттеу құқығы мемлекетке тиесілі екенін, ол меншiктiң және жер айналымының құқықтық режимдерiн белгiлейтiнiн бiлдiредi. Жердiң жеке меншiкте болуының негiздерiн, шарттары мен шектерiн, сондай-ақ оның субъектiлерi мен объектiлерiн заң шығарушы белгiлейдi. Қазақстан Республикасында тiркелген дипломатиялық өкiлдiктердi орналастыру үшiн шет мемлекеттерге жер учаскелерiн пайдалануға беру, Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады [2].
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 6-бабында былай делінген: «Егер осы кодексте немесе Қазақстан Республикасының өзге заң актілерінде өзгеше көзделмесе, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ шетелдік заңды тұлғалар жер құқығы қатынастарында Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен тең құқықтарды пайдаланады және сондай міндеттер атқарады. Осы кодекстің 6-бабының 7-тармағына сәйкес, басқа мемлекеттердің Қазақстан Республикасының аумағында жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарға сәйкес туындайды. Халықаралық шарттарды ратификациялау айтарлықтай ұзақ процесс, бірақ ол шетел мемлекеттеріне жер учаскелерін беру, тіпті, уақытша пайдалануға беру сияқты маңызды сұрақтарды шешу үшін қажет. Жер учаскелері дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдарға үкіметаралық жалға алу шартын жасасу негізінде беріледі.
Өкілдіктер, халықаралық ұйымдар сияқты өз қызметін Қазақстан Республикасы Конституциясына, 18 сәуір 1961 жылғы дипломатиялық қатынастар жөніндегі Вена конвенциясына, 24 сәуір 1963 жылғы консулдық қатынастар жөніндегі Вена конвенциясының ережелеріне, Қазақстан Республикасының 7 наурыз 2002 жылғы"Қазақстан Республикасыныңдипломатиялық қызметі туралы" Заңына және Қазақстан Республикасыныңөзгеденормативтік-құқықтық актілері мен халықаралық келісімшарттарына сәйкес мемлекет заңнамаларын не халықаралық ұйымдар ережелерін, сондай-ақ халықаралық құқықтың көпшілік мойындаған нормаларын ескере отырып, жүзеге асырады.
Жер учаскелерін, ғимараттар мен құрылыстарды жалға алу Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің келісімі арқылы және республиканың дипломатиялық өкілдіктерін ұстап тұруға арналған шығыстар сметасында қаралған жалға алуға бөлінген жалпы қаржысы шегінде жүргізіледі [3].
Қазақстан азаматтары мен мемлекеттік емес заңды тұлғаларымен қатар шетелдіктерге де мынадай жер учаскелерінің жеке меншікке алуға ортақ тыйым қолданылады. Олар:
- Қорғаныс және мемлекеттік қауіпсіздік, мемлекеттік меншіктегі қорғаныс өнеркәсібі қажеттеріне; Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын қорғау және күзету үшін тұрғызылған инженерлік-техникалық құрылыстар, коммуникациялар орналасқан; кеден қажеттеріне арналған жер учаскелері;
- Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар;
- Орман қорының жері;
- Су қорының жері;
- Магистралдық теміржол желілері мен ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдары;
- Жеке меншік құқығындағы үйлер мен ғимараттардың және оларға қызмет көрсетуге қажетті жер учаскелерін қоспағанда, елді мекендердегі ортақ пайдаланудағы аумақтар орналасқан жер учаскелері [4].
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 20-бабының 2-тармағы бойынша шетел азаматтары мен заңды тұлғаларын жерге жеке меншік құқығының субъектісі деп танылғанымен, олар бір-ақ жағдайда ғана жерге жеке меншік құқығын алуға құқылы. «Тауарлы ауыл шаруашылық өндірісін жүргізуге және орман өсіруге арналған жерді қоспағанда, осы баптың 3-тармағында аталған мақсаттарға арналған жер учаскелері шетел азаматтарының, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдік заңды (мемлекеттік емес) тұлғалардың жеке меншігінде болуы мүмкін» [1].
Шетелдік субъектілермен Қазақстан Республикасының жер қатынастарының объектілерін:
- Шетел азаматтарының жеке меншік құқығы объектілері;
- Шетелдік субьектілердің жер пайдалану құқығы объектілері деп екі түрге жіктеуге болады.
Яғни, осы тұлғалардың жеке меншігінде үйлерді (құрылыстарды, ғимараттарды) олардың мақсатына сәйкес қызмет көрсетуге арналған жерлер, өндірістік және өндірістік емес, оның ішінде тұрғын үйлер (құрылыстар, ғимараттар) мен олардың кешендерін салу үшін берілген (берілетін) немесе олар салынған жер учаскелері болуы мүмкін.
Мұнан басқа Жер кодексінде тұрақты жер пайдалану құқығының шетелдік жер пайдаланушыларға тиесілі болмайтындығы, тауарлы ауыл шаруашылығын жүргізу үшін ауыл шаруашылық мақсатына арналған жерлерден 10 жылға дейінгі мерзімге уақытша жер пайдалану құқығының берілетіндігі аталып өтілген.
Шетелдік тұлғаларға осы құқықтарды беру механизмі, жалпы процедурасы Жер кодексімен реттелмеген. Жер қатынастарын реттейтін басқа заң актілерінде де шетелдік субъектілермен жер қатынастарына қатысты бірде-бір норма жоқ. Жер кодексінің өзі бұл қатынастарды реттеуді Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттардың еншісіне берген. Сондай-ақ, Республика бекіткен халықаралық шарттардың ұлттық заңдардан басымдығы белгіленіп, оны қолдану үшін заң актісін шығару талап етілмеген жағдайларда олардың жер қатынастарына тікелей қолданылады делінген. Кодексте уақытша жер пайдалану құқығымен шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға және шетелдік заңды тұлғаларға берілетін жер учаскелерінің бір әкімшілік ауданның (қаланың) аумағындағы шекті (ең жоғарғы) мөлшерін облыстық (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) өкілді және атқарушы органдарының бірлескен ұсынысы негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді делінген.
Жер кодексінің бұл нормасын орындау мақсатында ҚР Үкіметі 2003 жылғы 22 қазанда №1071 «Бір әкімшілік ауданның (қаланың) аумағындағы жеке меншік құқығымен Қазақстан Республикасының азаматында шаруа (фермер) қожалығын жүргізу үшін, Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес заңды тұлғасында және оған аффилиирленген тұлғаларда тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін болуы мүмкін, сонымен қатар уақытша жер пайдалану құқығымен шетелдік заңды тұлғаларда тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін болуы мүмкін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің ең жоғарғы мөлшерін бекіту турлы» қаулы қабылдады.
Оларға талдау жасау қолайлы болу үшін өзінде жер қатынастарын реттеуші қандай да бір нормалары бар халықаралық-құқықтық құжаттарды Қ.Т. Адранов шартты түрде үш топқа бөліп көрсетеді [5].
Бірінші топты "биоөнімді жер жүйесіндегі" қатынастарды реттейтін және өзіне табиғи ресурстық, табиғат қорғау, жер, экология тағы басқа да нормаларды қамтитын, осы салаға қандай да бір қатысы бар құқықтар, жалпы алғанда, адам мен табиғаттың қарым-қатынасын реттеугебағытталғанкешендіқұжаттарқұрайды. Аталмыш құжаттарда жер қатынастарын реттеу ірі көрініспен бөлініп көрсетілмейді, ол аралас түрде табиғатқа байланысты барлық құқықтық қатынастардың органикалық бөлігі болып табылады. Бұл топты кешенді табиғат-жер құжаттары деп шартты түрде атауға болады.
Халықаралық құқықта жер тек табиғи феномен ретінде ғана емес, сонымен бірге аумақ ретінде де орын алады. Аумақ деп егеменді мемлекеттің айрықша меншігінде болатын жер бөлігі ұғынылады. Аумақ мәселелерін реттейтін халықаралық-құқықтық құжаттар екінші топты құрайды, оларды аумақтық-жерлік халықаралық-құқықтық құжаттар ретінде шартты түрде белгілеуге болады.
Үшінші топты бір-бірінің аумақтарын жалға алу мәселелері бойынша мемлекетаралық қатынастарды реттейтін, шекаралас жерлердің мәселелерін келісетін екіжақты халықаралық келісімшарттар құрайды.
Жер топырақ ретінде табиғаттың органикалық құрамдасы болып табылады, сондықтан жердің және жер қатынастарының мәселелерін шешуде, ең алдымен, жалпы табиғат қорғау, экологиялық, т.с.с. жататын халықаралыққұқықтық құжаттарға сүйену қажет. Оның үстіне жер тек табиғи жаратылыстық феномен ғана емес, мемлекет аумағы ретінде ұғынылады. Осы мәселені реттейтін аса маңызды халықаралық-құқықтық құжаттардың бірі – Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы болды, оған Сан-Францискода 1945 жылы 24 маусымда Біріккен Ұлттар конференциясының халықаралық ұйымдар құру жөніндегі қорытынды отырысында қол қойылып, ол 1945 жылы 24 қазанда күшіне енді. 2-баптың 4-тармағы былай дейді: Біріккен Ұлттар Ұйымының барлық мүшелері халықаралық қатынастарда күш көрсетуден немесе кез-келген мемлекеттің аумақтық қолсұғылмайтындығына не саяси тәуелсіздігіне қарсы күш қолданудан, сондайақ, Біріккен Ұлттар мақсаттарына сыйыспайтын басқа да әрекеттерден тартынады және БҰҰ Жарғысының бірінші бабының ең бірінші тармағы "халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қолдау көрсетуді, осы мақсатта бейбітшілікке төнетін қауіпті тойтару және болдырмау және агрессиялық актілер мен басқа да бейбітшілік бұзуларды басып отыруды және бейбітшілікті бұзуға әкелетін халықаралық даулар мен ахуалдарды әділет және халықаралық құқық қағидаларына сәйкес бейбіт жолдармен реттеу және шешуді" аталмыш ұйымның мақсаты етіп қояды. Міне, осы мақсатты аталмыш халықаралық ұйым дәйектілікпен атқарып келеді [6].
Халықаралық құқық нормаларының Қазақстан жер құқығына тигізер әсерінің мәселесі барынша көрініп отыр. Осыған орай әлі күнге дейін ғылымның жеке саласына тіркелмеген халықаралық жер құқығын қалыптастыру мәселесіне көңіл бөлу қажет. Осыған байланысты мемлекеттер арасында жер қатынастары мәселелерін реттейтін халықаралық құқық нормалары негізінен қазірдің өзінде жеткілікті қалыптасқан, халықаралық құқық ғылымында бар, бірақ барлық мамандардан өз атауын түпкілікті алып болған жоқ.
Шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдардың Қазақстан аумағындағы жер учаскелерін жерге мемлекеттік меншіктің айрықша құқығы барысында жалға алуы біздің еліміздің егемендігін нығайтудың және оның аумақтық тұтастығын сақтаудың кепілі болып табылады. Қазіргі уақытта белгілі бір мемлекеттің жер ресурстары өзге мемлекеттерге пайдалануға беріледі. Мысалы, қазақстандық Байқоңыр Ресей Федерациясымен пайдаланылады және бұл халықарлық келісімдерді бекіту мен халықаралық құқықтық нормаларды қолдануды талап етеді.
Ендігі мәселе «Байқоңыр» ғарыш айлағын шетел азаматтарына жалға бере отырып, қазіргі таңдағы экологиялық қауіпсіздік пен жалға беру шартының мәселелерін қарастыра кеткен жөн. Байқоңыр ғарыш алаңы 1991 ж. Қазақстан Республикасының иелігіне өтіп, 1993 жылы Ресей Федерациясына 20 жылға берілді. Бірақ жалдау шарты ұзарту мақсатында 2004 жылы 9-10 қаңтарда болған Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстанға сапары кезінде «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға алу мерзімін 49 жылға ұзарту және оны екі жақтың бірлесіп пайдалануы жөнінде ортақ келісімге қол жеткізді. Өкінішке орай, Байқоңыр кешенінен Қазақстан Республикасы аумағына жылына 30-35 мың тонна улы заттар таралады [7].
Қуатты ғарыш ұшу аппараттары ұшырылатын «Байқоңыр» ғарыш айлағына жақын орналасқан аймақтарда ауа-райы күрт бұзылып, 3-5 тәулікке дейін боранды құм суырып, жел болып, температураның (0-600С) төмендеу процесі жиі байқалатыны белгілі. Сонымен қатар Арал теңізі деңгейінің төмендеуі және жердің тұзданып құрғақшылыққа айналу процесі. Сондықтан ғарыш айлағының жұмысы қоршаған ортаға қосымша кері әсерін тигізуде.
Қазақстан Республикасының жер қорының жаңа жер санатын – шаруашылық айналымнан алынған жерлер санатын құру туралы А.Е. Бектұрғановтың пікірін қолдаймыз. Босалқы жерлер шаруашылық үшін пайдалануға жарамды жерлер болып табылғандықтан, қатты ластанған жер учаскелерін босалқы жерлер санатына ауыстыруға болмайды [8].
Қазақстан аумағындағы полигондардың ақтауы жоқ көп санын қысқарту қажет, кейбір полигондарды Ресей аумағына қайта көшіру туралы келіссөздерді бастау керек. Қазақстанда полигондарды жабу мысалы мен тиісті заңнамалық база бар: Кезінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан халқына көптеген қасірет әкелген Семей полигоны жабылды. 2001 жылы 14 желтоқсанда Қазақстан ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы келісімшартты ратификациялады.
Қазақстан Республикасы Үкіметі бұрынғы қолданыста болған ҚР "Жер туралы" Заңының 101-бабы ядролық қару сыналған босалқы жерлердің жергілікті атқару органдарының қарауында болуын жоққа шығаратынына қарамастан, 1996 жылы ақпанда "Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны жерлерін Қарағанды, Павлодар және Семей облыстарының босалқы жерлері құрамына ауыстыру туралы" қаулы қабылдады. 2003 жылы қабылданған Жер кодексінде де ядролық қару сыналған жерлерді пайдалануды реттеуге қатысты қайшылықтар орын алған. Мысалы, Жер кодексінің 137-бабы 2-тармағы мұндай жерлерді Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен аудандық атқару органы қарауындағы босалқы жерлер құрамына ауыстыруға жол береді. Тағы босалқы жерлер шаруашылық айналымға кеңінен түсе алады. Мысалы, Жер кодексінің 46-бабы бойынша босалқы жерлер репатрианттарға (оралмандарға) жеке қосалқы шаруашылық, бағбаншылық және саяжай салуға, тауарлы ауыл шаруашылық өндірісін жүргізу үшін уақытша жер пайдалану құқығымен болса да беріле алады; 71-бабы бойынша заңды және жеке тұлғалар запастағы жерлерде геологиялық, геофизикалық, іздестіру, геодезиялық, топырақтық, геоботаникалық, жерге үйлестіру, археологиялық және басқа іздестіру жұмыстарын территориялық жер ресурстарын басқару органының келісімімен жүргізе алады; 102-бап Қазақстан Республикасы азаматтарының меншігіне жеке қосалқы шаруашылық жүргізу, бағбандық және саяжай салу үшін босалқы жерлерден сол сияқты жер учаскелерін беруге мүмкіндік береді.
Бұл жерде заң шығарушы Қазақстандағы ядролық сынақ аймағында болған барлық жерлер, іс жүзінде нормадан артық радиоактивті ластануға ұшырағанын және халықтың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретінін, сондықтан 143-баптың 1-тармағы бойынша жекеменшікке, тұрақты немесе уақытша жер пайдалануға беріле алмайтынын назардан тыс қалдырған.
Бұл жерлердің барлығы да Жер кодексінің осы бабының 2-тармағы бойынша ауыл шаруашылық айналымынан шығарылуы, тоқтатылып қойылуы тиіс және тек ядролық қару сынақтарының салдарын жою мен кешенді экологиялық зерттеудің барлық шараларын аяқтағаннан кейін, мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда ғана Қазақстан Республикасы Үкіметімен беріле алады [1].
Жер кодексінің осы ережесі Республика Үкіметінің 16 маусым 1997 жылғы қаулысымен бекітілген ластанған және бұзылған жерлерді алып қою, қорғау және пайдалану тәртібі туралы Ережесінде нақтыланған, сол бойынша ядролық сынақтар өткізілген жер учаскелерін беру туралы мәселені осы сынақтардың салдарын жою және аумаққа кешенді экологиялық зерттеу жүргізудің барлық шараларын аяқтағаннан кейін ғана шешуге болады.
Осы орайда, көптеген ғалымдар А.Е. Бектұрғановтың пікірін қолдайды, ол 2010 жылдың өзінде-ақ дағдарысқа ұшыраған ауыл шаруашылық жер-сулардың, химиялық, биологиялық, радиоактивті және басқа зиянды заттармен олардың жол берілетін шекті шоғырлануы мен жол берілетін шекті радиациялық әсер ету деңгейінің белгіленген нормасынан тыс ластанған жерлердің топырақ құнарлылығын қалпына келтіру мәселесіне неге бұл жерлер босалқы жер құрамына ауыстырылады деген сұраққа жауап іздейді. Ғалымның пікірінше, бұл тіпті де дұрыс емес, өйткені босалқы жерлер – бұл қандай да бір мақсатты бағытта пайдалануға жарамды жерлер. Ал консервациялауға тап болған жерлер бұл шаруашылық айналымынан шығарылған жерлер. Сондықтан жер заңнамалығында жерлердің тағы бір санатын – шаруашылық айналымнан шығарылған жерлерді (бұзылған және дағдарысқа ұшыраған) қарастыру қажет. Біріншіден, бұл осындай жерлердің санын біліп отыруға, олардың ластану себебін білуге, екіншіден, тиісті мемлекеттік органдар жерлерді қалпына келтіруде не істеді, қанша қаражат бөлінді және олар қалай жұмсалды, соны түсінуге мүмкіндік береді. Одан әрі ғалым қарастырылып отырған жерлерді қалпына келтіруге қатысты республикалық деңгейде әлеуметтік бағдарлама қабылдаудың өткір қажеттілігі пісіп-жетті деп жазады [9].
Қорыта келгенде, шетелдік субъектілермен жер қатынастарын реттеуде ұлттық құқықтық база жеткіліксіз. Бұл қатынастар негізінен халықаралық көпжақты және екіжақты келісімшарттармен реттеліп отыр. Халықаралық шарттардың өзінде де жер қатынастары халықаралық экологиялық құқық шеңберінде ғана қарастырылады. Шетел субъектілерімен жер қатынастарын жан-жақты, жеке реттеуге қол жеткізу үшін халықаралық жер құқығы институтын бөліп шығарған дұрыс деген ойдамын. Осы институт аясында жекелеген мемлекеттердің жерлерін шетел субъектілерінің пайдалану негіздері, қағидалары белгіленетін болады.
Ал Қазақстандағы жер учаскелерін шетел азаматтарының және заңды тұлғаларының өндірістік-экономикалық мақсаттар үшін жеке меншігіне не уақытша пайдалануына беру мәселесіне қатысты жер заңдарын жетілдіру аясында мынадай ұсыныстар жасамақпын:
Жер кодексін «Шетел субъектілерінің жерге меншік және өзге де заттық құқықтары» деген бөліммен толықтыру. Шетел субъектілерінің Қазақстандағы жерге құқықтары өзінің ерекшеліктерімен сипатталады. Отандық жер қатынастары субъектілеріне қарағанда шетел субъектілерінің құқықтары шектеулі, жер иелену, пайдалану мүмкіндіктері тең емес. Олардың жер құқық қатынастарын бірдей заң нормаларымен реттеуге келмейді.
Сондай-ақ, шетел мемлекеттерінің дипломатиялық өкілдіктері мен халықаралық ұйымдардың Қазақстан жерлерін жалға алуының құқықтық негіздерін кодекс деңгейінде қарастырған жөн.
Біз жоғарыда бірнеше мысал келтіре отырып, Байқоңыр ғарыш айлағы мәселесін қорыта келе мынадай ұсыныстар атап кеткен жөн. Жалпы, осы ғарыш айлағын Ресей мемлекетіне 49 жылға ұзақ мерзімге жалға берілген, бірақ экологиялық қауіпсіздік пен адам денсаулығын ойласақ, беретін зардабы тапқан табыстан көбірек болып тұр. Сол себепті, біріншіден, Жер кодексіне ұзақ мерзімді пайдалану мерзімін қысқа 10-15 жыл аралығына беру керек. Екіншіден, шетел азаматтарынан әр алуан зиянды қалдықтардан келген зардап үшін қомақты сомада ақы өндіріліп алынуы керек.
Әдебиеттер
- Қaзaқстaн Рeспyбликaсының Жeр кoдeксi 2003 ж. 20 мayсым № 442-II //Пaрaгрaф aқпaрaттық құқықтық жүйeсi. – 2014.
- Қазақстан Республикасы Конституциясының 6-бабы 3-тармағын ресми түсiндiру туралы Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің 2003 жылғы 23 сәуірдегі №4 қаулысы // Пaрaгрaф aқпaрaттық құқықтық жүйeсi. – 2014.
- Толеугалиев С.Т. Правовой режим земель транспорта в Республике Казахстан: дис. канд. юрид. наук. – Алматы,– 147 с.
- Eркiнбaeвa Л.Қ., Aйгaринoвa Г.Т. ҚР-ның Жeр құқығы: оқy құрaлы. Алматы: Жeтi жaрғы, 2010. – 312 б.
- Адранов Қ.Т. Қазақстан Республикасының шетелдік субъектілермен және халықаралық ұйымдармен жер қатынастарын реттеуінің құқықтық мәселелері: з.ғ.к., дәрежесі диссерт. – Алматы, 2005. – 133 б.
- Альжиков Алибек. Правовой режим земель обороны Республики Казахстан: дис. канд. юрид. наук.: 12.00.06 – Алматы, 2001. – 99 б.
- Косанов Ж.Х. Особенности управленческих, охранительных и вещных правоотношений по поводу земли //Проблемы развития и унификации экологического и аграрного законодательства Казахстана и стран СНГ в контексте интеграционных процессов. – Алматы: Лем, 2005. – С. 243-255.
- Бeктұрғaнoв Ә.E. Жeр құқық қaтынaстaрының мaзмұны. – Aлмaты: Қaзaқ унивeрситeтi, 1999. – 105 б.
- Бектурганов А.Е. Проблемы правового обеспечения рационального использования земельных ресурсов Казахстана // Б.Ж. Абдраимов. Земельное законодательство и судебная практика.