Заң шығару қызметі өмірде болып жатқан әлеуметтік, саяси, экономикалық процестерден туындайды, олармен өзара тығыз байланыста болады. Бұл процестер заң нормаларының қалыптасуына өз әсерін тигізеді. Себебі заң актілерін шығара отырып, заң шығарушы орган қоғамның саяси жағдайларына, экономикалық, әлеуметтік, мәдени, рухани дамуының деңгейіне сүйенеді.
Заң шығару қызметі – Парламенттің және Республика халқының, заң шығару өкілеттігі берілген жағдайда Президенттің заң актілерін жасауға бағытталған саналы, мақсатты, шығармашылық қызметі. Бұл шығармашылық қызмет адамдардың қажеттіктері мен мұқтаждықтарынан, мақсаттары мен мүдделерінен туындалады. Ал өз кезегінде адамдардың тиісті қажеттіліктері қоғамдағы қатынастармен, табиғи, қоғамдық жағдайлармен байланысты.
Жалпы қоғам мен адам өмірінің негізінде мыңдаған жылдар бойы, ғасырлар ішінде қалыптасқан объективтік негіздер, заңдылықтар жатыр. Олар біздің еркімізден тәуелсіз және олар адамзаттың әрекетіне белгілі бір шектеулер қояды. Оның ішінде заң шығару қызметіне де тікелей әсер ететіні сөзсіз. Заң шығару қызметімен қоса жалпы құқық шығармашылық қызметі белгілі бір күштің әсеріне байланысты. Ол күш философияда «фактор» деп аталады. Тиісінше, фактор – бұл белгілі бір істің, құбылыстың себепшісі болатын қозғаушы күш [1. 23 бет]. Заң шығармашылығына қатыстырып айтсақ, ол – заң шығару қызметіне қозғау беретін, заң мәтінінің құрылуына ықпал ететін жағдайлар.
Мемлекет және құқық ғылымы заң шығармашылығына қозғау салатын, заңның мәтінінің қалыптасуына әсер ететін, оның негізі болатын объективтік және субъективтік факторды белгілейді. Объективтік фактор субъективтік факторға қарағанда негізгі болып табылады. Себебі ол тарихи процесте уақыты бойынша алғашқы, мағынасы бойынша анықтаушы. Субъективтік фактордың дамуы ақыр соңында объективтік жағдайлармен анықталады. Алайда объективтік негіздердің рөлін көрсететін мұндай көзқарас субъективтік факторлар негізгі емес, туынды, қосымша күш болып табылады деген тоқтам жасауға себеп болмайды. Бұлай дейтін себебіміз, объективтік жағдайлармен анықталатын субъективтік факторлар өз кезегінде тиісінше объективтік негіздерді дамытып немесе өзгертіп отырады. Демек, бұл екі категория өзара байланысты, бірыңғай және де тарихи дамудың екі жағы болып табылады деген қорытынды жасауға болады. Бұл тұжырым заң шығармашылығына да қатысты болып табылады.
Заң шығару қызметі заң шығарушылардың толығымен өз ойларындағысын жүзеге асыруы емес. Заң шығарушылардың іс-әрекетіне олардың санасынан тыс, оларға тәуелсіз болатын, өз бетінше өмір сүретін күш – объективтік негіздер (факторлар) әсер етеді. Объективтік негіздердің заң шығармашылығына ықпалын ашпас бұрын, «объективтік фактор» ұғымының түсінігін, мәнін ашып алу жөн болар. Оны ғалымдар түрліше түсіндіреді. Кейбіреулері оны өте кең тұрғыдан талқыласа,келесі бірі, керісінше, оның мазмұнын өте тарылтады. Объективтік негізді (факторды) кең түсіндірушілер оны қоғамдық болмыспен теңестіреді. Мұндай пікірге келушілердің бірі Н. Карпачевский, В.В. Громаков пен А.В. Орлов. Олардың пікірінше, объективтік фактор – бұл қоғамның материалдық өмірі, адамдардың экономикалық қатынастарының жиынтығы, материалдық игіліктерді өндіру амалы, яғни қоғамдық болмыс ұғымын құрайтынның барлығы [2, С.11; 3, С.4]. Мұндай пікірді қолдаушылар объективтік негізді (факторды) қоғамдық болмыспен, қоғамның материалдық өмірімен, экономикалық дамуымен теңдестіреді. Келесі бір авторлар объективтік негізді қоғамның материалдық өмірінің шарттарына, жағдайына саяды. Мұндай пікірді білдірушілердің бірі Ф.С. Худушин былай дейді: «объективтік жағдайлар – бұл қоғамның материалдық өмірінің жағдайлары. Оның ішінде адамдардың қызметінің сипатын анықтайтын қоғамдық, әсіресе экономикалық қатынастардың барлық жиынтығы шешуші мәнге ие» [4, С.51]. Бұл қөзқарас алдыңғыларға ұқсас, жақын. Бірақ ол объективтік негізді қоғамдық болмыспен теңдестірмейді.
Үшінші пікірді білдірушілердің бірі – М.О. Антонян. Ол объективтік негіздер деп субъектінің санасы мен еркінен тәуелсіз болатын жағдайлардың бәрін атайды, яғни «объективтік жағдайлар (объективтік фактор) – бұл жеке адамдардың, топтардың, партиялар мен бүкіл адамзаттың санасынан, еркі мен қалауынан тәуелсіз болатын жағдайлардың бәрі» [5, С. 85 ]. Бұл көзқарас өзгелермен салыстырғанда кең тараған, көп сүйенетін көзқарас. Көп авторлар осы пікірді қолдайды және оған сүйенеді.
«Объективтік фактор» категориясы біршама маңызды. Себебі ол тарихи қозғалыстардың адамдардың санасына тәуелді емес объективтік заңдармен анықталатындығын көрсетуге және тарихтың объективті жүрісі қаншалықты шамада адамдарға, олардың санасы мен ақыл-ойына, іс-әрекетіне, т.б. байланысты екенін анықтауға мүмкіндік береді.
Заңмен реттелуге қажетті қоғамдық қатынастарды таңдау, ол қатынастарға заңи акт нысанын беру заңи ережелерді жасауда қандай да бір жүрістерді таңдау мүмкіндігіне негізделеді. Ол аталғандай объективтік негіздермен байланысты және объективтік қажеттілік шегінде болады. Объективтік негіздер шартты болуы және даму процесінде өзгеріп отыруы мүмкін. Осы уақытқа дейін тарих көрсеткендей, олар әрбір кезде де таңдау мүмкіндігін шектейді. Адам табиғат пен қоғам заңдылықтарынан еркін, бөлек емес. Ол – өзі өмір сүріп жатқан қоғаммен біртұтас, оның мүшелерінің бірі. Белгілі бір тұлға өз қызметінде саналы немесе санасыз, ерікті немесе еріксіз болуы мүмкін. Бірақ ақыр соңында ол, әр кезде де объективтік заңдылықтарға сүйенеді. Бұл дәлелденген түсінік. Олай болса, заң шығаруда депутаттар да осы заңдылыққа мойынсынуы керек. Себебі заң шығарушылардың заң шығармашылығына байланысты жүріс-тұрысы, іс-әрекеті объективті негізделген болып табылады.
Заң шығармашылығына әсер ететін, заң шығарушылардың әрекеті тәуелді болатын объективтік факторлардың бірнеше түрін көрсетуге болады. Оларға, негізінен, экономикалық негіздер, мемлекеттің табиғигеографиялық жағдайы, тарихи-қоғамдық жағдайлар, әлеуметтік негіздер, таптар арасындағы қатынастар, ұлтаралық қатынастар, адамның өмірі, халықаралық қатынас, демографиялық жағдай, көші-қон қатынасы жатады. Өз жиынтығында бұл негіздер заң шығармашылығы қызметінің алғышарты, қозғаушысы болады.
Заң шығарушы қандай да болмасын әрекетті толығымен өз қалауы бойынша негізсіз таңдай алмайды. Ол әрқашан да белгілі бір қажеттілікпен, жоғарыда аталған жағдайлармен байланысты болады және ол нақты тарихи мазмұнға ие. Заң шығарушының тиісті шығармашылық қызметтегі әрекетінің аталған объективтік негіздермен байланысты болуы тек бүгінгі күннің ғана емес, қай кезеңнің болмасын қажеттілігі. Себебі ол заңның сапасын, нәтижелігін анықтайды. Оны қазақтың ірі қайраткерлерінің, дана ойшылдарының бірі Ахмет Байтұрсынов кезінде халықтың, жергілікті ұлт өкілдерінің ұлттық психологиясының этникалық ерекшеліктерін, олардың шаруашылық ұйымдастыру факторларын ескере отырып, заңдарды қабылдауды жан-тәнімен талап еткен келесі сөздерінен байқауға болады: «әр халықтың бұрыннан жүріп келе жатқан дағдылы жолы бар. Ол жолды түзеткенде жарамды жеріне тимей, жарамсыз жерін ғана өзгерту тиіс. Олай етпесе, сондай ойып салған жолмен жұрттың көбі жүрмей, бұрынғы дағдылы жолмен кете береді. Әсіресе көзі ашылып, көңіліне сәуле түспеген қараңғы халық болса, ондай жаңадан салған жат жолмен жүру оған тым қиын, сондықтан законның түп үлгісі бір болғанымен, әркімнің бойына қарай киім пішкен сияқты әр халықтың қалпына, салтына, мінезіне қарай заң шығарылады» [6, 248 б.]. А. Байтұрсыновтың бұл пікірі заң шығаруда объективтік негіздердің бірі – тарихи-қоғамдық жағдайларды ескеру, олармен есептесу жағдайын қарастырғанымен, оны өзге жағдайларға да қатыстырып айтуға болады. Себебі одан заң шығарушының әрекетінің объективтік қалыптасқан жағдайлармен, жалпы объективтік негіздермен байланысты болуы керектігін көреміз. Онсыз расында да, заңның қаншалықты дәрежеде тиімді, сәтті болары белгілі. Халықтың бүкіл тарих саласында қалыптастырған әдет-ғұрыптарын, салтдәстүрін, мемлекеттің экономикалық жағдайын, ұлтаралық, халықаралық қатынастарды, әлеуметтік жағдайларды ескермей қабылдаған заңдардың белгілі бір қоғамдық қатынастарды реттеудегі құқық мүмкіндігі шамалы болмақ және ондай заңның халық арасынан қолдау табуы екі талай.
Объективтік негіздерді ескере отырып, заң шығару халықтың өсіп-өнуіне, қалпын түзеуіне, мемлекеттің дамып, өркендеуіне жағдай жасайтындығын көрсетеді. Себебі объективті түрде туындаған, объективті жағдайлармен негізделген заңдар ғана қоғамның барлық салаларының дамуы үшін түпкілікті негіз болатын сапалы, тиімді нормаларды бекітеді. Ал заң шығарушының қызметі мен объективтік негіздің, қажеттіліктің байланыстығы депутаттардың санасы мен еркінің маңызының құнсызданбауына жеткізеді және оларға саналы түрде алдына қойған мақсаттарын жүзеге асыруға сенімділік береді.
Қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеудің тиімді, қажетті деңгейде болуы объективтік заңдылықтарды тану қызметінің дұрыс жүргізілуіне байланысты. Объективтік негіздерді тану барысында, оларды талдау, болашақ заңдылыққа қаншалықты әсер ететінін байқай білу маңызды іс. Демек, заң шығармашылығының объективтік негіздерін танузаңшығармашылығынтиімдіжоспарлаудың және заң актісінің болашақта қолданбалы болуын болжаудың қажетті алғышарты болып табылады. Бұдан шығатын қорытынды: заң шығармашылығының объективтік негіздерін танудың ең бір жетілдірілген деңгейін қамтамасыз ету, оның нәтижелерін пайдалану заң ғылымының негізгі міндеттерінің бірі болуы тиіс. Профессор Р.О. Халфина өз еңбегінде объективтік факторларды ғылыми танудың маңыздылығын өте орынды көрсетеді. «Құқық шығармашылығы процесінде объективтік факторларды ғылыми тану – қоғамның алдына қойылған мақсаттарға жету үшін объективтік заңдылықтарды саналы, мақсатқа сай пайдалану тұрғысынан қарағанда құқық шығармашылығы процесінің маңызды кезеңдерінің бірі. Шынайы өмірде объективтік фактор ғылыммен танылған тетік арқылы ықпал етеді. Бұл тетіктің әрекет етуі барысында объективтік заңдылықтар мен адамдардың, қоғамдық құрылымдардың заңдылықтарымен келісілген, байланысты жігерлі іс-әрекеттерінің диалектикалық байланысы байқалады» [7, С.94-95].
Объективтік факторларды тану негізінен заң жобаларын жоспарлау сатысында жүргізіледі деп айтсақ артық болмас. Өйткені жоспарлау барысында заңмен реттелуге тиісті қатынастар мен әлеуметтік қажеттіліктер анықталады. Ал заңдар шығаруға деген мұндай қажеттіліктерді табу, анықтау заң шығармашылығының шынайы объективтік негіздерін тану қызметінің жемісі болып табылады. Жоспарлау кезінде объективтік факторларды зерттеу, талдау, қорыту, олардың заңдар мазмұнының белгіленуіне әсерін байқау әрекеттері жүргізіледі. «Нормативтік құқықтық актілер туралы» заңда белгіленгендей нормативтік құқықтық актілер жобаларын дайындау жоспарларын жасаған кезде мемлекеттік және өзге де органдар мен ұйымдардың, оның ішінде ғылыми ұйымдардың ұсыныстары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және өзге де мүдделі тұлғалардың ... ұсыныстары ескеріледі және де тиістіжоспардыжасайтын, бекітетінмемлекеттік органдар жоспарларға осы актілердің дайындалуын бейнелейтін басқа да көрсеткіштер енгізуі мүмкін (7-баптың 4, 5-тармақтары). Бұл норма жоспарлау кезінде объективтік негіздерді тану мүмкіндігін бекіте түседі. Әр алуан пікірлер, ұсыныстар, ғылыми пайымдаулар тоғысқан жерде шынайылықтың, заңи реттелуге деген қажеттіліктің өз көрінісін берері даусыз жағдай. Жоспарлау заң шығармашылығына қозғау салатын күштерді анықтау арқылы реттеуші процестердің үзіліссіз өтуін қамтамасыз етеді. Жоспарлау негізінде өзекті әлеуметтік мәселелер анықталып, ішкі және сыртқы объективтік негіздердің тікелей немесе жанама әсер етушілігі ескеріледі. Заң шығару қызметінің жемісті болуы жоспарлаумен алдын ала анықталады. Бұл аталғандардың бәрі жоспарлаудың заң шығармашылығының объективтік негіздерін танудағы рөлі мен қажеттігін дәлелдейді.
Объективтік негіздер заңда өз көрінісін табардан бұрын заң шығаруға қатысушылардың санасында таразыланып, қаралуы тиіс. Демек, қоғамдық сана – заң актісі мен заң шығару қызметінің объективтік негіздерін байланыстыратын күш. Сананың құқықты (заңды) жасауға әсері туралы Г.В. Плеханов өз уақытында былай деп жазған екен: «белгілі бір мүддені қорғау үшін оны ұғыну қажет. Сондықтан да құқықтың кез келген жүйесін сананың жемісі ретінде қарауға болады. Құқық қорғайтын мүдделер адамның санасымен анықталмайды, сондықтан құқықтың мазмұны да өздігімен олармен анықталмайды. Алайда қоғамдық санамен тиісті мүдденің адамның миындағы көрінісі қабылданатын нысан анықталады» [8, С. 260]. Заң шығарушы өзінің саналы қызметін атқаруда заң шығармашылығына әсер ететін факторлардың маңызы мен өзіндік құндылығын бағалау қажет. Заң шығармашылығының даму жағдайын және оның жемісті болуын қамтамасыз ету оған әсер ететін негіздерді жанжақты, толық ескермейінше болмайды. Мұны бүгінгі күні заң шығармашылығы тәжірибесі дәлелдеп отыр.
Сонымен, түйіндеп айтарымыз қоғамның объективтік негіздері заңдар шығару қызметін жүзеге асыруда тиісті тұлғалардың таңдау қызметінің мүмкіндіктерін анықтайды. Бүгінде адамзаттың таңдауын анықтайтын объективтік факторлар адамның алдыңғы таңдау қызметінің нәтижесі, жалғасы болып табылады. Олай болса, біздің бүгінгі таңдау қызметіміз ертеңгі таңдау қалай және немен анықталатындығын белгілі шамада алдын-ала анықтайды [9, С.81].
Әдебиеттер
- Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. – Алматы: Қаз КСР «Ғылым» баспасы. – 10-том. –
- Карпачевский Н. Возрастание роли субъективного фактора в строительстве коммунизма // Коммунист Татарии. – № – 1964.
- Громаков В.В., Орлов А.В. Роль субъективного фактора в строительстве коммунизма. – М.: Знание,
- Худушин Ф.С. Ленин о роли субъективного фактора в эпоху строительства социализма и коммунизма // Коммунист Украины. – № 1. –
- Антонян М.О. Соотношение объективных условий и субъективного фактора при социализме. – Ереван: Изд. АН Арм.ССР, – 239 с.
- Байтұрсынов А. Ақ жол. – Алматы. –
- Научные основы советского правотворчества/ Отв. ред. Р.О. Халфина. – М.: Наука, – 320 с.
- Плеханов Г.В. Избранные философские произведения. – М. – Т.11. –
- Объективная закономерность и сознательная деятельность людей /Отв. ред. В.П.Фролов. Краснодар. Кубанский государственный университет,