Экстремизм – ұлттық қауіпсіздіктің негізгі қорқынышы. Қазіргі таңда ғылыми және технология дамуының шырқау шегіне шыққанына және адамзат бірін-бірі тани алатын мүмкіншіліктерге ие болғанына қарамастан соңғы уақытта діни экстремизм тақырыптары бұқаралық ақпарат құралдары бетінен жиі орын алуда. Бұл оқиғалар Ислам дініне де өз әсерін тигізетіні анық. Бірақ Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев 16.03.2000 күні Құрбан айт мерекесіне байланысты жұбайымен Астана орталық мешітіне барғанда баспасөз өкілдеріне берген сұхбатында былай деді: «Исламның ішіндегі эктремистер деп айтылып жатқан сөз жөн емес. Ислам деген дүниежүзілік дін. Екі миллиардқа жақын халық мұсылман дініне бағынады. Сондықтан әлгі бандиттер мен экстремистер әр дінде болып жататын жағдай. Ол екеуін біз ажыратып айтуымыз керек. Ал енді Мұхаммед с.ғ.с. пайғамбарымыздан, діннен қалған мәселелер ондай емес, еш уақытта мұсылманның діні соғыспен, қолына қару-жарақ алып біреуді өлтіріп, заңсыздыққа барып, мемлекетке қарсы жүру деген мәселелер болмайды мұсылманда. Сондықтан осындай нағыз таза мұсылманның, Құранның жолыменен халық жүретін болса, ол елге жақсылық әкеледі, әр адамның өзіне де жақсылық әкеледі деген сөз» [1].
Жалпы ислам діні тазалықты талап ететін дін, адамның жаратылысымен пайда болған әртүрлі қажеттіліктерін халал жолмен табуды, қанағаттандыруды бұйырады. Сондықтан зинақорлық, өсімқорлық, маскүнемдік, нашақорлық сықылды жат қылықтарды лағынеттейді. Ал қоғамда болып жатқан эктремистік оқиғалар тек ислам дініне қатысты деген оларды жоққа шығаруымыз керек, себебі осы діни немесе ұлттық экстремизмді жүзеге асырушылардың біреуі мұсылман болса, соның негізінде осындай пікір қалыптасуда.
Бірнеше жыл бұрын Республика президенті өзінің “Критическое онжылдық” атты кітабында мемлекеттің 70 пайызын мұсылман қауымы құрайтындықтан, ислам діні терроризмге, экстремизмге, радикализмге қатысы жоғын дін танушылар, имамдар ислам дінінің таралу құрылымы мен оларды адамдарға дұрыс, анық жеткізілуін, түсіндіруін сұраған.
Діни экстремистік бағыттағы қылмыстар қылмыскерліктің құрамдас бөлігі болғандықтан, енді негізінен осы қылмыс түрінің себептік негіздерін қарастырамыз. Көптеген ғалымдардың зерттеуі бойынша жалпы экстремизм түрлерінің таралуына экономикалық, этникалық, тарихи, психологиялық, әлеуметтік және саяси мән-жайлардың жиынтығы себеп болады [2].
Е.О. Алаухановтың криминологтардың жұмыстарына жасалған талдамасында оларда себептілікті түсінудің мына төрт тәсілі бар екендігін көрсетеді. Бірінші тәсіл «кондоционалистік» немесе «жағдай» деп те атайды. Яғни, салдар үшін қажетті және жеткілікті жағдайды немесе салдар орын алған мәнжайлардың жиынтығын себеп деп ұғыну керек дейді [3].
Л. Маевская экстремизм туындауының экономикалық, этникалық, тарихи, психологиялық, әлеуметтік және саяси себептерден екендігін айта келе, экстремизмнің ең басты себебі – бұл экономикалық немесе саяси билікке заңсыз таласу екендігін айтады [4].
С.Н. Поминов қоғамдағы діни экстремистік көзқарастардың таралуының себептері деп мыналар болып табылады дейді: саяси құрылымдардың қайта қалыптасуы; әлеуметтік-экономикалық дағдарыстар; көпконфессиялы мемлекеттегі сенушілердің діни сезімдеріне, сенімдеріне және дәстүрлеріне тіл тигізіп қаралау; мемлекеттік үкімет органдарының діни қауымдастықтармен сұхбаттасудан өзөздігінен шеттетілуі және сенуші азаматтарға қатынасының енжарлығынан; халықтың біршама бөлігінің өмірлік деңгейінің төмендеуі; оппозиция мен басқа ойларды биліктің басып тастауы; өз алдарына қойған мақсаттарын іске асыру үшін саяси партиялар мен діни топтардың басшыларының үстемдікке ұмтылуы; қоғамның қылмыстануы және басқалар [5].
А.Д. Дәрменов экстремистік бағыттағы қылмыстардың жалпы қылмыскерліктің құрамдас бөлігі болғандықтан, басқа қылмыстар сияқты факторларымен детерминатталатындығын және де осындай факторлардың жиынтығының спецификасы әр түрлі дәрежеде экстремизм себептерінің белсенді туындауына әсері болатындығын айтады. «Сыртқы» детерминаттық құрылым бойынша әлеуметтіксаяси жағдайдағы факторлардың елеулі ықпалы болатындығын көрсетеді. Мұндайларға мыналар қатысты болады: әлеуметтік, демографиялық және саяси факторлар (урбанизация, көші-қон, этникалық, аумақтық, конфессионалдық және де басқа қауымдастық арасында ресурстар мен билікті тең бөлмеуден, азаматтық қоғамның дамымағаны), мемлекеттің әлеуметтік саясаттағы әлсіздігі; экономикалық кешен (еңбекпен айналысудың жалпы деңгейі, жұмыссыздық жағдайы, халықтың әртүрлі тұрмыстық жағдайы); идеологиялық кешен (қазіргі идеологияның ахуалы, саяси мәдениеттің жалпы деңгейде рационалдық стереотиптерінің қалыптаспауы). «Ішкі» факторлық кешені қарастырылып отырған қылмыскерлік мына төмендегіше көрінеді: халықтың кейбір бөлігінің құқықтық санасының төмендігі және олардың санасының белсенді қылмыстануы, қылмыстардың рецидивтілігі мен қылмыстық кәсібиленуі, қылмыстық дәстүрлер мен стигматизация, виктимологиялық факторлар және қоғамдағы құқық бұзушылық болуының жоғары латенттігі (жасырындығы).
Сонымен қатар А.Д. Дәрменов, бұл қылмысты негізінен экстремистік мотивациясы құрайтындықтан, ол өз-өзінің себебі және де өз дамуының «ішкі серіппесі» болады деген шешімге келеді. Жоғарыда келтірілген діни экстремистік бағыттағы қылмыстардың себептік-кешендік факторларының, яғни дәстүрлі «сыртқы» және «ішкі» детерминаттарынан ғана емес, басқа да негізгі себептердің бар екендігін көрсетуге тырысамыз. Қазақстан Республикасындағы діни экстремизнің таралуы мен дамуына тікелей болмаса да мүмкіншілік туғызған мән-жайлар себептер жиынтығын құрайды:
- Қазақстан Республикасы аумағындағы діни бірлестіктер мен діни сенім бостандыққа байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін ең алғаш 1992 жылдың 15 қаңтарында қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер» туралы заңның кейбір баптарының дұрыс жетілмегендігі;
- Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті әкімшіліктердегі діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің ең алғашқы уақыттағы діни бірлестіктердің қызметін бақылаудың төмендігі;
- Қазақстан Республикасына миссионерлік қызметпен келгендердің біразының арнайы тіркелуден тыс қалуы;
- Арнайы тіркеуге тұрған миссионерлердің сол аралықтағы бақылауға толыққанды алынбауы;
- Діни бірлестіктерді тіркеу процедурасында елеулі кемшіліктердің жіберілуі, яғни алғашқыда құқықтық, әсіресе діни сараптаманың жасалмауы, кейінгі сараптамалардың өз деңгейінде болмауы;
- Тарихи негізі жоқ, діни ұйымдар мен секталар, яғни шет мемлекеттерде қандай діни ұйым екендігі беймәлім ұйымдардың тіркеліп кетуі;
- Шетелге діни оқуға кеткен азаматтардың бақылаудан тыс қалуы, әсіресе олардың радикалистік оқу орындары бар мемлекеттерде оқып келуі;
- Діни экстремистік ұйымдарда жасырын дәріс бергендер осындай оқу орнын бітіріп келгендер;
- Харизматикалық жеке тұлғалардың негізсіз радикалистік көзқарасымен құрылған діни ұйымдардың тіркеліп кетуі;
- Қоғамға, әсіресе отбасылық тыныштығын, шырқын бұзатын кейбір діни секта мен миссионерлердің заңсыз іс-әрекеттері және осындай отбасындағыларда келеңсіз жағдайлардың реттелмеуі;
- «Хизбут-тахрир» сияқты астыртын құрылған діни экстремистік ұйымдардың құқық қорғау органдары назарынан алғашқы жылдарда тыс қалып, жіті бақылау етілмеуі;
- Кейбір азаматтардың шетелдерде діни экстремистік ұйымдарда оқытылып жатқандығынан арнаулы қызметтің бақылау жүргізбегендігі;
- Кейбір тіркелмеген секта басшыларының психикалық ауытқуының болғандығы, сондықтан тіркелуге тиісті діни бірлестік басшыларының психиатрлық сараптаудан өткізілмеуі;
- Аталмыш заңдағы діни бірлестіктер, жергілікті діни бірлестіктер, миссионерлер және қолданыстағы конфессия, секта делінген ұғымдарға дұрыс ғылыми анықтамалардың болмауы; Бұқаралық ақпарат құралдарында, әсіресе әлемдік тенденциялық әсері бар интернет жүйесінде халықтардың ұлттық, нәсілдік, әсіресе діни сезімдеріне қарсы материалдардың жариялануы;
- Қазақстандық патриотизмге ашық немесе жасырын қарсы ұстанымы бар, әскерге бармауға үгіттейтін, әсіресе теріс аморалдық тәрбие беретін, психикалық қысымшылық көрсететін, гипноздық әрекеттерді жасайтын, денсаулыққа қажетті дәрігерлік көмектерді беруден бас тартуға үгіттейтін діни ұйымдардың заңсыз әрекеттердің алдын алмауы;
- Қазақстан Республикасына көрші мемлекеттерден діни экстремистік бағыттағы қылмыстарды жасаған адамдардың қашып келіп тығылып, олардың дер кезінде ұсталмауы әрі олардың жергілікті азаматтарға діни экстремистік бағыттағы қылмыстарды жасауға үгітнасихат жұмыстарын жүргізілуіне мүмкіншіліктің болуы;
- Терроризм, сепаратизм, экстремизмнің жалпы түрлеріне және сонымен қатар діни экстремизмге қарсы күрес аясында ынтымақтастық іс-қимыл барысында мәлімет алмасудағы кемшіліктер;
- Жалпы ғылым саласында діни экстремизм туралы ғылыми негізделген теориялар мен концепциялардың жасалмауы;
- Діни экстремизм туралы тек шамалы саясат ғылымы тұрғысынан талданып зерттелуі, ал құқық немесе криминология ғылымдарының аспектілері бойынша жоқ болуы;
- Діни экстремизммен тікелей күресуге міндетті ішкі істер органдарында арнайы қызмет органның алғашқы уақытта құрылмауы;
- Ішкі істер органдарының қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі қызметкерлерінің діни экстремистік бағыттағы қылмыстарға қарсы кәсіби дайындықтарының болмауы;
- Жоғары, орта арнаулы, кәсіптік пен орта мектептерде діни экстремизм туралы лекциялар мен түсіндірме жұмыстарының нашар жасалуы; Қоғамдық және діни ұйымдардың діни экстремизм туралы түсіндірме жұмыстарының кешенді жасалмауы;
- Діни экстремизмге қарсы пәрменді күресу аясында құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйымдардың бірлесіп заңды әрекеттерді жасау үшін кешенді бағдарламасының болмауы;
- Діни экстремизм туралы анықтамалық немесе түсіндірмелік кітапшалардың тиянақты жасалмауы;
- БАҚ-та діни экстремистік әрекеттер жөнінде хабарлама болғанымен, халыққа түсінікті мақалалардың болмауы;
- Жастармен жұмыс жасау саласы бойынша, әсіресе дінге бет бұрған жастар арасында құқық қорғау органдары мен діни ұйымдары қызметкерлерінің алдын алу жұмыстарының төмендігі;
- Діни экстремистік ұйымдарды тану туралы соттардың үкімдерінің 2005 жылға дейін болмауы;
- Қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде діни экстремизмді алдын алу жөніндегі шаралардың өз деңгейінен аз қолданылуы [6].
Қазақстан Республикасында діни экстремизмнің таралуы мен дамуының ең негізгі себептері діни экстремистік ұйымдардың, діни экстремистік идеологияларының негізі бойынша «ашық» және «жасырын» детерминаттарынан болған. Діни экстремистік ұйымдардың «ашық» детерминаты, осы ұйымдардың немесе басшыларының діни экстремистік көзқарастары бойынша жазылған әдебиеттер мен кітапшалар, үнпарақшалар, аудио, видеотаспалар, касетталар және басқа құралдармен жасалынған нәрселер. Діни экстремистік ұйымдардың «жасырын» детерминаты – сырт көзге заңға қарсы шықпайтын сияқты болып көрінетін, алайда ұйым мүшелерінің санасында діни экстремистік сананың қалыптасып, сақталуының нәтижесінде кез келген уақытта жарылып, әрекетке ұласуы.
Қазақстан Республикасында діни экстремизнің таралуы мен дамуының себеп-фактролық кешені туралы қысқаша тұжырымдамам мына мазмұнда жазылды: «Қазақстан Республикасында діни экстремизмнің таралуы мен дамуының себеп-факторлық кешені тек дәстүрлі «сыртқы» мен «ішкі» детерминаттарынан ғана емес, ең негізгі ықпал ететін діни экстремистік идеологияның «ашық» немесе «жасырын» детерминаттары болып табылады».
Діни экстремистік бағыттағы қылмыстардың жоғары латенттігінің (жасырындығы) себептерін А.Д. Дәрменов былайша саралайды:
- түсініктік аппараттың жеткілікті қалыптаспауы;
- экстремистік бағыттағы материалдарды тасу, дайындау, тарату сияқты жағдайларды қоғамға қауіпті құбылыс емес қой делінген пікірде қоғамдық пікірдің болуы;
- осы қылмыстарды анықтау мен тергеудегі құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби дайындығы деңгейінің жетілмегендігі;
- қылмыстық іс-әрекеттің жоғары заңдалмаған сипаты және анық салдардың жоқ болуы;
- күрделі криминогенді жағдайларға (өлтіру, бандитизм, т.б) негізделген экстремистік қылмыстарды анықтаудағы құқық қорғау органдарының мақсаттық бағдарының жоқтығы, сөйтіп, ол қылмыстар екінші дәрежелі іс ретінде қарастырылып, қажетті назар аударылмайды [6].
Яғни мұндай жағдайлар шындығында діни экстремистік бағыттағы қылмыстардың көз көрінбеушілігі, жасырындығы назардан тыс қалады да, жалпы осы қылмыстардың таралуы мен даму деңгейін шынайы анықтаудың мүмкіншілігі болмауына апарып соғады. Көбінесе 164, 170 және 337 баптар бойынша қылмыстық істер қозғалады да, ал қалған 96, 103, 104 және басқа баптар бойынша діни өшпенділік, жеккөрушілік мен дінге қатысты сияқты қылмыстардың анықталып, қылмыстық қозғаулардың өте аз болуы діни экстремистік бағыттағы қылмыстардың жасырын болуы күшейе беруі мүмкін.
Қазақстан Республикасы аумағында діни экстремизммен күресудің маңызы міндетті және қажетті болып табылады. Себебі Қазақстан Республикасы жерінде 118 ұлт пен этностар тұрады. Сонымен қатар 47 конфессияға қарасты 4000-нан астам тіркелген діни бірлестіктер өз қызметтерін жүргізуде. Ұлтаралық және дінаралық татулықты сақтау – мемлекеттің ең басты міндеті. Қоғам болғандықтан әртүрлі қылмыстар болуы мүмкін. Тағы да мемлекеттің өте қажетті міндеттерінің бірі – мемлекет аумағында тұрып жатқан мелекеттің, қоғамның және барлық азаматтардың қауіпсіздігін, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау.
Қазақстан Республикасы әлемдік қауымдастықтың белсенді мүшесі ретінде терроризм, сепаратизм, жалпы экстремизм түрлерімен, оның ішінде діни экстремизммен Халықаралық заңдарға сәйкес, Халықаралық ұйымдар шеңберінде күресіп келеді.
Қазақстан Республикасы Халықаралық заңдарға сай, Терроршылдыққа, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясы (Шанхай, 2001 ж. 15 маусым) негізінде қабылданған Қазақстан Республикасы 2002 ж. 18 сәуірдегі № 316 – ІІ Заңы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы Шарт (Ташкент қ., 2000 ж. 21 сәуір) негізінде қабылданған Қазақстан Республикасы 2000 ж. 09 қараша № 97 – ІІ Заңы, Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Келісім (Пекин қ., 2002ж. 23 желтоқсан) негізінде қабылданған Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 ж. 2 маусымдағы № 1098 Жарлығы және де басқа Халықаралық заңдар сәйкес нормативтік актілері мен Қазақстан Республикасының «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңы, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі мен басқа нормативтік құқықтық актілер негізінде діни экстремизмнің құбылыстарына қарсы заңды күрес жүріп жатыр [7].
Жалпы ғылыми әдебиеттерде қылмыскерлікпен күрес туралы теориялар мен ғылыми ұсыныстар, концепциялар мен тұжырымдар жасалып келеді.
Қылмыскерлікпен күрес дегеніміз – жүйелік-құрылымдық қызмет, ол үш жүйенің жиынтығынан тұрады: 1) күресті жалпы ұйымдастыру; 2) қылмыскерліктен сақтандыру; 3) құқық қорғау қызметі.
«Күрес» дегеніміз – бір-біріне үстемдік етуді мақсат тұтқан қарама-қарсы мүдделердің, топтардың, пікірлердің белсенді қақтығысы. Бұл – әр уақытта қандай да бір мақсатты көздейтін қызмет.
Діни және ұлттық экстремизммен күресті күшейту мақсатында келесідей күрес жолдарын ұсынамыз:
- Діни экстремизм құбылыстарына қарсы күрес аясындағы ішкі істер органдарының қызметінің негізгі бағыттарын көрсетеді. Соның аясында ІІО-ның тексерісін күшейту және қосымша мамандар тарту.
- Діни экстремизмнің таралуы мен дамуының себептік-факторлық кешенін қарастырып, арнайы түзеу мекемелерінде отырған жазасын өтеуші экстремистермен ашық сұрақ-жауап ретінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бағдарламалар немесе интернет беттеріне шығару.
- Мектеп оқу бағдарламасына “дінтану” пәнін негізгі пәндер тізіміне кіргізу.
- Халықты әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету, жұмыссыздар санын шектеу. Жазасын өтеп шыққандарды жұмысқа тұруын қадағалап, қоғамға қайтадан дұрыс бейімделуін қадағалау.
Бұл ұсыныстардың мақсаты жалпы дінге көзқарасты түзеу, діни сауаттылықты ашу. Діннің қоғамға қажеттілігі мен негізгі ұғымдарын дұрыс түсіндіру. Қоғамда туындап жатқан кез келген қатынастарды жіті назарда ұстау. «Тоғыз ауыз сөздің тобықтай түйіні» мынада: бұндай экстремистік ойлардан аулақ болу үшін, адамзат санасының жаман пиғылдардан арылуы үшін, оның жады өзге мәселелермен, яғни қоғамға қажетті іс әрекеттермен толы болуы керек. Ол дегеніміз: айналысатын ісі, жұмысы, мақсаты, өмірге деген құлшынысы, өзгелерге деген сүйіспеншілігі.
Экстремизмді шектей білу үшін қазіргі адамзат өмір сүріп жатқан жаһандану кезеңінің ерекшелігін естен шығармау қажет. Жаһандану кезінде әлемдік үстемдік етіп отырған біраз алпауыт мемлекеттер мен қаржылық топтар ашық соғыс отын жағуға мүддесіз болғанмен жер шарының әрбір нүктелерінде локалдық қақтығыстар мен кейбір елдерде азаматтық қан төгістерді іске асырып жатқаны әлем халықтарының көз алдында. Алпауыт мемлекеттер мен қаржылық топтар қазіргі кезеңде өзге мемлекеттердің ішкі саясатындағы кемшіліктерді, оның ішінде: сол қоғамдағы әділетсіздікті, барша байлықтың аздаған топтың ықпалында болуын, адамдардың азаматтық құқықтарының бұзылуын, жасанды демократиялық әрекеттерді, жемқорлықтың қоғам өмірінің барлық жақтарына кеңінен жайылуын өз мүдделері үшін пайдаланып, сол мемлекеттердің ішінде алауыздық туғызып отыр. Себебі аталған себептерді жою мәселесін шешпей экстремизмнің радикалды түрі терроризмге жол бермейміз деген бос сөз. Өйткені жаһандану дәуірінде экстремизм, терроризм әлемдік үстемдік жүргізудің құралы екені күмән туғызбайтын ақиқат. Оны соңғы жүз жылдағы әлемдегі қоғамдық даму тарихындағы орын алған құбылыстар көрсетіп отыр.
Елбасымыз айтқандай: «Егер біз таңғажайыпқа сенсек немесе басқаларға иек артсақ, қол жеткізген жетістіктерімізді жоғалтып аламыз». Діни экстремизм кез келген мемлекеттің қауіпсіздігіне төнген қатер. Экстремизммен бірлесіп күресіп, қазіргі әлемде болып жатқан жағдайлар мен тарих сабақтарынан тағлым алайық.
Қорыта айтқанда, жаңа заман жағдайында, яғни конфессиялық топтардың саяси қайшылықтары кезінде жоғарыда аталған мәселелер ерекше маңызға ие және оларды еңсеру барысында Қазақстанның саяси-құқықтық құрылымы мен ұлттық ерекшеліктері есепке алынып отыруы тиіс.
Ұлтымыздың мақтанышы ұлы Абай:
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дегенде келер ұрпаққа көп жайттан хабар бергені ақиқат. Сондықтан да бұлар Қазақстан Республикасының Президенті Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында мынадай жолдар атап көрсетілгені белгілі:
«Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал. Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда. Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек» [9].
Әдебиеттер
- Назарбаев Н.А. Критическое десятилетие. – Алматы: Атамұра, 2001. – 80 с.
- Назарбаев Н.А. Казахстан – 2030: Процветание, безопасность и улучшение благосостояния всех казахстанцев. Послание Президента Страны народу Казахстана. – Алматы: Атамұра, 1997. – 45 с.
- Алауханов Е.О. Криминология. – Алматы: Жеті жарғы, 2005. – 220 бет.
- Маевская Л.Б. Осторожно, экстремизм! Киев,
- Поминов С.Н. Организация деятельности органов внутренних дел в сфере противодействия проявлениям религиозного экстремизма: Автореф. дисс... канд. юрид. наук. – Москва, 2007. – 29 с.
- Дарменов А.Д. Криминологические аспекты борьбы с экстремизмом в Республике Казахстан: Автореф. дисс... канд. юрид. наук. – Астана, 2006. – 32 с.
- Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясы ( Шанхай, 2001 ж. 15 маусым).
- «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» 2005 жылдың 18 ақпанындағы Қазақстан Республикасының Заңы.
- Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы.