Биліктің табиғаты, көпқырлылығы және түрлері. Билік белгілі бір мақсаттарға жету үшін ерекше әдістерді, сенімдер мен мәжбүрлеулерді қолдана отырып, бірлескен қызметті ретке келтіру үшін құрылған адамдар ұжымының қызметі болып табылады.
Алғашқы қоғамға тән биліктің әлеуметтік қызметінің ұғымы рудың ақсақалдар кеңесімен, халықтық жиналыстармен (ежелгі грекиялық агора) жүзеге асырылған тайпалардың, фратриялардың, рулардың қоғамдық билігі. Мұндай билік өзінің қайнар көзінен және оның тасушысынан бөлінбейді, қоғамның жалпы мүдделері мен қажеттіліктерін білдіреді және оның жалпы істерін басқару үшін қолданылады. Мұндай билік мемлекеттік сипатқа ие болмайды, ол қоғамдық (бұқаралық) билік түрінде немесе әлеуметтік мағынадағы билік ретінде көрініс табады. Ол ұжым түрінде ұйымдасқан адамдарға тек таптық емес қоғам жағдайында ғана тиесілі болып қана қоймайды, ол таптарға бөлінген қоғамға да тән болуы мүмкін. Осылайша, еңбек ұжымы әлеуметтік билікті өз мүшелерінің бірлескен өндірістік қызметін ретке келтіру үшін қолданады, ал қоғамның кез келген өзге әлеуметтік бөлігі тиісті ұйымдасқан ұйымның билік тасушысы болып табылады (отбасы, қоғамдық ұйымдар, діни бірлестіктер, партиялар, кәсіпкерлер ассоциациясы және т.б.).
Билік мемлекеттің аса маңызды белгілерінің бірі ретінде көрініс табады. Сонымен қатар билік қажеттілігі қоғам ұйымдастырылуынан келіп туындайды, себебі қоғам өмірін ұйымдастыру биліктің маңызды қызметтерінің бірі, билік арқылы қоғам өмірінің барлық негізгі салаларын тәртіпке және ретке келтіру қамтамасыз етіледі. Кез келген қоғамдағы бірлескен қызмет адамдардың еш уақытта біріменбірі алшақ болмағандығымен түсіндіріледі, себебі біріменбірі араласу адамдардың қоғамда өмір сүруі үшін қажет шарттар болып табылады.
Сондықтан билік генезисін адамдардың ортақ өмір сүру қажеттілігінен іздестіру керек. Дәл осындай ортақ өмір сүруде жеке тұлғаны ортақ қоғамдық мүддеге бағындырудың психологиялық қажеттілігі туындайды, яғни бір тарапта билікке бағыныштылық жағдайы туындаса, екінші тарапта билікке қызығу, билік еркіндігіне ұмтылу сезімі пайда болады. Әрине, билік басымдығы жағдайы тек психологиялық феномен емес, ол – әлеуметтік өмір сүру шартының ықпалында пайда болатын еңбек процесін басқарудың қоғамдық қызметі.
Мемлекет пайда болуымен билік қоғамнан бөлініп, саяси сипатқа ие бола отырып, кез келген мемлекеттің ерекше белгісіне айналады. Яғни билік әлеуметтік қызмет түрінен саяси билік түріне ауысады, ол белгілі бір таптың, өзара ынтымақтас әлеуметтік күштердің, ұлттық элитаның, саяси партияның және т.б. экономикалық мүдделерін айқын көрсетуге қызмет етеді.
Мұндай биліктің табиғаты қоғамды басқарудың дәл мемлекеттік түрлерінде өзінің салыстырмалы нысандағы өзге қоғамдық қызметтерден ерекше дара сипатын иеленіп, қоғамнан бөлініп, оның үстінен ықпал ететін күшке ие болады.
Кез келген саяси биліктің мақсаты – адамдарды өз мүддесін қорғау үшін бағындыру және қолдану. Белгілі бір тепе-теңдік сақталмаса, кез келген қоғамның өмір сүруі мүмкін емес. Оған тек билік арқылы қол жеткізіледі.
«Билік» ұғымы қарапайым өмірде және ғылыми әдебиеттерде әртүрлі мағыналарда қолданылады. Философтар билік мәнін қоғамның объективтік заңдылығы жағынан пайымдаса, әлеуметтанушылар әлеуметтік билік жайлы, ал экономистер шаруашылық экономикасы туралы, заңгерлер мемлекеттік билік жөнінде, саясаттанушылар саяси билік турасында, жаратылыстанушылар табиғатқа билік ету жайлы, психологтар адамның өзіне-өзі билік етуі жөнінде, ата-аналар отбасылық билік туралы, құдайға сиынушылар құдай билігі және т.б. жөнінде ой түйіндейді.
Билік адамзат қоғамының пайда болуымен байланысты туындады және ол сол қоғамның дамуына бірден-бір ықпал етуші күш болып табылады. Таптар және мемлекет пайда болғанға дейін билік қоғамдық сипатқа ие болып келді, яғни қоғам үстінен қараушы аппарат, мәжбүрлеу мекемелері болмады. Алғашқы қауымдық қоғамда билікті барлық ру мүшелері жүзеге асырды, олардың арасынан ақсақалдар (көсемдер) сайланды.
Заманауи билік концепциялары. Билік феномені көп қырлы. Билік ықпалы кең таралады және барлығына әсер етеді.
Билік – қоғам мен саясаттың іргелі бастауларының бірі. Ол тұрақты адамдар қауымдастығы орныққан барлық жерде, атап айтқанда, отбасында, өндірістік ұйымдарда, түрлі мекемелер мен ұйымдарда бар.
Ғылыми әдебиетте биліктің әртүрлі анықтамалары қалыптасқан, яғни бұл құбылыс күрделі, көп қырлы деп түсінуіміз қажет.
Әрбір дефиниция, әдетте биліктің әртүрлі тараптарына мән беріп, оған талдау жасауда белгілі бір көзқарастарды қалыптастырады. Шартты түрде билікті пайымдаудың келесі қырларын бөліп көрсетуге болады:
- Бихевиористік пайымдаулар бойынша билік ерекше тәртіп үлгісі, онда бір адамдар тобы басқарса, келесі бір адамдар тобы оларға бағынады. Бихевиористік пайымдау билік ұғымын жеке сипатқа иелендіреді, оған шынайы тұлғалардың әсер етуіне алып келеді, мұнда биліктің субъективтік мәніне ерекше көңіл бөлінеді. Биліктің бихевиористік түсінігінің үлгісін Г. Лаесуэлл ұсынады [1]. Оның пайымдауынша, жеке тұлғаларға және билікке ұмтылу еркі және «саяси энергияны» игеру қажеттілігі – биліктің пайда болуына алғашқы импульс. Адам билікті өмір сүруді жақсарту құралы ретінде көреді: байлыққа ие болу, еркіндік, қауіпсіздік және т.б. құндылықтар. Сонымен қатар билік оған қол жеткізуге ұмтылу сияқты өзіндік мақсат болып табылады.
- Биліктің бихевиористік түсінігінен туындайтын нақты тұлғалардың тәртібі түріндегі психологиялық интерпретациясын осы тәртіпті адамдардың санасы мен бейсанасынан тамыр алатын билік қайнар көздерінің субъективтік мотивациясы ретінде ашып көрсетеді. Бұл түрдегі көрнекті бағыттардың бірі – психоанализ. Билік бір тараптың бағынуға, ал екінші тараптың «өз еркімен құлдыққа бас ұсынуы» сияқты өзара қатынаста туындайды. Фрейдтің пайымдауынша, адампсихикасындажекетұлғабостандығына қарағанда жеке басының қорғалуы және өзін-өзі тыныштандыруына басымдық беруші құрылым бар.
Аналитиктер психологиялық бағыну себептерін түсіндіруде әртүрлі пікір ұсынады. Біреулері (Б.Эдельман) оларды өз кезінде көсем және тобыр арасында қалыптасқан гипнотикалық әсер деп көреді, ал өзгелері (Ж. Лакан) – тіл арқылы көрініс табатын адамның бейсанасында қалыптасқан ерекше қабылдау деп түсіндіреді.
- Биліктің бихевиористік және психологиялық болжамына қарама-қайшылық ретінде оның жүйелі түсіндірілуі танылады. Егер алғашқы екі бағыт оның көріністерінің шынайы эмпирикалық тәжірибесін басшылыққа ала отырып, билікті төменнен жоғары қарай түсінуді, яғни жеке тұлғадан қоғамға талпынуды талап етсе, жүйелі әдіс билікті жеке қатынастардан туындайды деп санап, билікті «қабылданған міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету жүйесінің қабілеті» ретінде қарастырады және ол ұжымдық мақсаттардың орындалуына бағытталады. Жүйелі бағыттың кейбір өкілдері (К. Дойч, Н. Луман) билікті топтық шиеленістерді реттеу және қоғам интеграциясын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін әлеуметтік қарымқатынас (коммуникация) құралы деп таниды.
Биліктің негізгі түрлері. Поляк ғалымы Ежи Вятр билікті жіктеудің бірнеше түрлерін бөліп көрсетеді. Оларға сәйкес, билік ету келесі түрлерге бөлінеді:
- Билікті жүзеге асыру үшін қолданылатын тәсілдерге байланысты:
а) тікелей физикалық билік;
б) ықпал (әсер) ету ( жазалау және кеңшілік, кешірім таныту арқылы);
в) көзқарасына ықпал ету арқылы, яғни үгіт насихат жасап, бірнеше мәрте қайталап, жаттығу арқылы (мысалы, әскердегі тәртіп көмегімен).
Биліктің бұл түрлерінің әрқайсысынан өз билік субъектісін көруге болады: а) тармағы бойынша, мұнда әскер және полиция мәжбүрлеу билігін жүзеге асырушы субъект болып табылады; б) тармағы бойынша, мысалы, экономикалық институттар жазалау және кеңшілік таныту тәсілдерін қолданады; в) тармағына сәйкес бірнеше мәрте қайталау арқылы мектептер, шіркеулер немесе саяси партиялар тұлғаның жеке көзқарасына әсер етуі мүмкін. Бірақ бұл жерде мұндай жолдардың шартты түрде екендігін естен шығармау қажет, себебі бұл субъектілердің әрқайсысы өзге де тәсілдерді қолдана алады.
- Билік субъектісіне қатысты мынадай бөліктерден тұрады:
а) ұйымдар билігі;
б) жеке тұлғаның табиғатқа және өзге адамдарға билік етуі, оған қол жеткізуге адамның биліккежәнеатақдаңққадегентабиғиұмтылысы, сондай-ақ оның психологиялық ерекшеліктері. Әсіресе адамның билікке ұмтылысы қоғамдық қатынастар негізін құрайды. Биліктің өзіндік мәні осы а) және б) формаларының сәйкес келуі арқылы көрініс табады.
Өзінің әлеуметтік мәні, қайнар көзі және тәуелсіз сипаты бойынша бірегей мемлекеттік билік қоғамның типіне, оның қызметіне, тәсілдері мен шектеулеріне байланысты әртүрлі болуы мүмкін.
Мемлекеттік биліктің бірлігі оның белгілі бір көрініс табу формалары және ішкі ұйымдастырылу құрылымымен ұштасатыны даусыз. Барлық билік қызметін рационалды ұйымдастыру принциптерінің құрылымдық және қызметтік бағыттарына сәйкес мемлекеттік биліктің жеке түрлері мен тармақтары бөлініп шығады, олар өкілеттіктерінің сипаттарына қарай жеке құзыреттері шегінде өз бетінше әрекет етеді, бірақ бір-бірін теңестіріп, өзара қарым-қатынаста тең болады. Мемлекеттік биліктің өз қызметін жүзеге асыруы барысында тармақтарға бөліну қабілеті билік бөлінісі принциптерінің негізі болып табылады.
Мемлекеттік биліктің әртүрлілігі бірнеше негіздер: қоғамдағы әлеуметтік күштердің үстемдігі әдісімен; мемлекеттік органдар өкілеттігімен; олардың қызмет етуінің аймақтық ауқымы бойынша анықталады.
Бұл негіздердің алғашқысы қоғамның қандай да болмасын тарихи типіне қарай тиісті әлеуметтік топтың үстемдік етуін білдіреді. Бұл үстемдік тоталитарлық, авторитарлық, демократиялық [2] мемлекеттік билік түрлері арқылы жүзеге асырылады.
Өзінің алғашқы (классикалық) көрініс табуында мемлекеттік билік үстемдік етуші тап диктатурасының көрінісі ретінде және басқа тапты мәжбүрлеп, қысым көрсету арқылы осы таптың ұйымдасқан түрдегі күш көрсетуін қамтамасыз етуі мүмкін.
Билікті жүзеге асырудың демократиялық формалары болмай, жеке және диктатордың бақылаусыз билігі қоғамдық өмірдің барлық салаларына жалпылама кең таралған жағдайда тоталитарлық мемлекеттік билік орнығады. Оның бағыты адам өміріне шектеусіз араласып, азаматтық қоғам институттарын ысырып тастауға бағытталған. Тоталитарлық билік үстемдік құрған сәтте азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру шарттары жоғалып, бір партиялық жүйе орнығып, қоғамды ұйымдастырудың барлық салаларында тек мәжбүрлеу жүйесі қамтамасыз етіледі.
Өркениетті қоғам үшін тоталитарлық билік тек тарихи тығырыққа және мемлекет дамуындағы толықтай тоқырауға алып келуі мүмкін. Билік ету тәсіліне қарай биліктің тағы бір түрі – авторитарлық мемлекеттік билік бөліп көрсетіледі. Оның ерекше белгісі – күшті атқарушы билік, әдетте ол көшбасшының жеке басына негізделеді, бірақ ол дамыған парламенттік демократияға сүйенеді. Авторитарлық биліктің орын алуы мемлекеттің антидемократиялық мәнінің көрсеткіші болып табылмайды. Өте күшті орталықтанған билік, кейбір жағдайда құлау мен анархияның қажетті қайшылығы болып табылады. Жалпы алғанда, авторитарлық билік қоғамдық өмірге араласуға және азаматтардың жеке автономиясын бұзуға жол береді. Сондықтан жеке диктатура элементтері бар мұндай қатаң билік альтернативасы (баламасы) ретінде, әдетте демократиялық мемлекеттік билік танылады. Ол қоғамның мемлекеттік билікті кері қарай «жұту» процесі қамтамасыз етілуі мүмкін болып табылатын тек шынайы демократиялық мемлекетте ғана жүзеге асырылады. Тек осындай жағдайда ғана мемлекеттегі бір және бірегей билік тасушысы бүкіл халық болып табылады.
Заманауи демократиялық қоғамдағы билік қарым-қатынастарының сипаты және олардың даму тенденциясы.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы халық билігі сипатындағы шынайы демократиялық билікті қамтамасыз етуге бағытталған ұстанымды қамтиды.
Өз құрамында өзара бейбіт қатынастағы топтарды, қоғамның өзге де әлеуметтік топтарын, ұлттар мен ұлыстарды, этникалық топтарды қамтитын халық мемлекеттік биліктің бір және бірегей қайнар көзі болып табылады. Жоғарыда аталып өткендей, мемлекеттік биліктің халыққа тәуелділік деңгейі осы биліктің өзін-өзі басқару және жоғары билік деңгейін тікелей айқындайды, өзге ешқандай билік оның өз үстемдігін жүзеге асыруына шектеу қоя алмайды. Ол халықтың мәртебесін және еркін білдіреді.
Қазақстан Республикасының жағдайында демократиялық мемлекеттік билік – тәуелсіз Қазақстан халқына тиесілі қоғам және мемлекет істерін тікелей және халық билігінің арнайы тетіктері арқылы Конституцияда бекітілген нысандар мен шектерде билікті басқару қызметі.
Халық билігі принципін бекіту арқылы Конституция ол билікті жүзеге асыру формасы ретінде тікелей демократияны, өкілдік демократияны, президенттік демократияны, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың, партиялар мен еңбек ұйымдарының қызметін айқындайды. Нәтижесінде халықтық билік демократияның бүтін жүйесі түрінде ұйымдастырушылық тұрғыда көрініс табады, азаматтарды мемлекет және қоғам істерін басқаруға араластырып, олардың саяси белсенділігін арттырудың әрқилы формаларын қолданады.
Демократиялық билік халықты толық басқаруды қамтамасыз ету мүддесі үшін жоғарыда аталған барлық билік түрлерінің формаларын пайдаланады. Бұл формалардың маңыздыларының бірі өкілдік демократия, ол өз кезегінде халық және жедел билік қызметін жүзеге асыратын кәсіби мемлекеттік аппарат арасындағы байланыстырушы тармақ болып табылады.
Өкілді органдарды сайлау шынайы халықтық биліктің маңызды бөліктерін бірлестіреді, себебі олар халық билігінің жоғарғы тікелей билігі ретінде қызмет етеді және бір мезгілде еліміздегі халық өкілдігі институтын құрайды.
Өкілдік демократия бүкілхалықтық еркін сайлаулар арқылы мемлекет және қоғам істерін басқаруға қатысты белгілі бір қызмет түрлерін халықтың сайланбалы өкілдерге (депутаттарға) беруін білдіреді, ал депутаттар федерациялар мен оның субъектілері деңгейінде немесе муниципалдық деңгейде жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдарына бірлеседі. Осылайша, бұл форма халықтың толық билікті жүзеге асыруын өкілді демократия жүйесін құрайтын сайланбалы өкілді органдар арқылы қамтамасыз етеді. Дәл осы өкілді демократия институты халықтың заңға сәйкес және жергілікті жердегі халық мәселелерін шешуді қамтамасыз етеді. Осы негізде халық егемендігі көрінісінің демократиялық формалары өкілдік жүйеден бастау алады, ал халық тәуелсіздігінің өзі халық өкілдігі сипатын анықтайды.
Халықтық билік жүйесінде тікелей, шынайы демократия ерекше мәнге ие. Мұның шынайы мәні халық еркін тікелей білдірудегі оның рөлімен айқындалады, яғни құқықшығармашылықтағы сияқты ешбір аралық жалғастырушы бөліктермен бөлінбеген, мемлекеттік құрылыстың мәселелерін шешу процесінде айрықша маңызды орын алады.
Тікелей демократия өкілді органдардың қатысуынсыз, тікелей халық немесе оның бөліктерінің еркін білдіру жолымен мемлекеттік және қоғамдық өмірдің мәселелерін талқылау және шешім қабылдау мүмкіндігін береді.
ҚР Конституциясы тікелей демократия институтын жоғарғы халық билігін тікелей білдіру сипатында бекітеді және олардың қатарына референдум мен еркін сайлауларды жатқызады.
Демократиялық режим жергілікті өзін-өзі басқаруға ықпал етеді, сот органдарының немесе арнайы процедуралар көмегімен шиеленісті жағдайларды шешеді. Басқарудың күштеу әдістерін қолдану мүмкіндігіне тек ерекше жағдайларда, заңмен бекітілген реттерде және еліміздің сыртқы қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда ғана жол беріледі.
Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік билік: оған тән ерекшеліктер мен белгілер. Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздік алған уақыттан бастап, тәуелсіз мемлекет және оның бүкіл азаматтарының өмірі көрініс табатын бүкіл құқықтық базаны түпкілікті өзгерту қажеттілігі туындады.
Қазақстан халқының тәуелсіздігі тұрақтануына сәйкес, республикадағы мемлекеттік биліктің бірыңғай бөлінісі туралы аса маңызды принцип бекітілді: «Республикада мемлекеттік билік біртұтас, ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну, олардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы, өзара іс-қимыл жасау принципіне сәйкес жүзеге асырылады».
Мемлекеттің әлеуметтік шындыққа ықпал етуінің объективтік жолдары мемлекеттік биліктің бірыңғай бөлінісінің табиғи қасиетімен түсіндіріледі, ол әлеуметтік алуан түрлілікті биліктік реттеу табиғатында адекватты негізде қалыптасқан биліктің бірнеше тармақтарынан нақты көрініс табады. Сондықтан Қазақстан мемлекеті бірыңғай мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына ие. Ел аумағында заң шығарушы билікті Парламент, атқарушы билікті Үкімет, ал сот билігін Жоғарғы және жергілікті сот органдары іске асырады. Парламент Үкіметті тарату, Президентті қызметінен аластату туралы мәселе көтере алады, ал Президент Парламентті тарату өкілеттігіне ие.
Мемлекеттің атқарушы органдары ерекше маңызды қызметтерді іске асырады. Оларға: Үкімет, Министрліктер, мемлекеттік комитеттер, жергілікті әкімшілік (облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық), құқық қорғау органдары жатады. Мемлекеттік органдардың әрбір бөлшегінің құқықтық жағдайларын ретке келтіретін арнайы заңдар бар. Мысалы, Конституцияда Прокуратура туралы былай делінген:
«Прокуратура мемлекет атынан Республиканың аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасы Президенті жарлықтарының және өзге де нормативтік құқықтық актілердің дәлмедәл әрі біркелкі қолданылуын, жедел іздестіру қызметінің, анықтау мен тергеудің, әкімшілік және орындаушылық іс жүргізудің заңдылыған жоғарғы қадағалауды жүзеге асырады, заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнінде шаралар қолданады, сондай-ақ Республика Конституциясы мен заңдарына қайшы келетін заңдар мен басқа да құқықтық актілерге наразылық білдіреді. Прокуратура сотта мемлекет мүддесін білдіреді, сондай-ақ заңмен белгіленген жағдайда, тәртіпте және шекте қылмыстық қуғындауды жүзеге асырады» [3].
Адам құқықтарын қорғауда, қоғам мен мемлекетті ішкі және сыртқы қауіптен қорғауда ұлттық қауіпсіздік органдары (ҰҚК) айрықша маңызға ие. Қазақстан Республикасындағы конституциялық ережелер мен нормалар контексіндегі мемлекеттік биліктің бірыңғай біртұтастығы, олардың функционалдық бөлінуі, бөлшектің бүтіннен бөлінбеуі, бірақ жаңа тәуелсіз мемлекетте саяси көптүрлілік бірегейлігі және ұйымдастырылу тұрғысынан ыңғайлы болуын білдіреді, яғни бұрынғыдай абсолютті және примитивті толық билік болмауы тиіс.
Қазақстан Республикасында мемлекеттік биліктің бірегей бөлінуі мемлекеттік органдар өкілеттіктерінің бір кезеңде жайдан-жай бөлінуі емес. Билік тармақтары жоғарғы билік күшіне ие, мемлекеттік қызметтің әр салаларында әрқайсысы өзін-өзі басқарады, олардың жалпы өкілеттіктерін Президент басқарып, қызметтеріне келісім береді, бірақ әрбір билік тармағы толық билікке ие емес, олар өзара әрекеттесе отырып, іс-қимыл жасағандарымен бір-бірінің істеріне араласып, бір-бірін алмастыра алмайды. Тек қызметтерін өзара толықтыра отырып, мүмкін болатын бассыздықтарға жол бермей, бір-біріне шектеу қойып, мемлекеттік билік тармақтары жеке еркіндік және қоғамдық қажеттілік қатынастарын теңестіріп, олардың жалпы үйлесімде дамуына қызмет етеді.
Конституциялық механизмдегі мемлекеттік билік тармақтарының өзара қатынасы олардың бірлескен әрекетіндегі өкілеттіктерді қазақстандық қоғамдағы мемлекет қызметтерін жүзеге асыруға қажетті барлық құқықтық мүмкіндіктерді қамтитындай деңгейде болуы тиіс.
Мемлекеттік билік тармақтарының әрқайсысы халық немесе Қазақстан Республикасының атынан әрекет етеді: ол билік тармақтары жалпы мемлекеттік мүдделерге қатысты Президенттің бірыңғай стратегиялық жолын жүзеге асырып, жалпыға бірдей таралатын 1995 жылғы ҚР Конституциясының нормаларын басшылыққа алулары тиіс. Мемлекет қызметінің нақты ішкі және сыртқы бағыттары өзінің тәжірибелік өзара байланысымен Елбасы атынан жүзеге асырады және қазақстандық Елтаңба, Ту және Әнұран формасында мемлекеттік билік бірегейлігін бекітеді.
Мемлекеттік биліктің конституциялық бірегей бөлінуі Қазақстан мемлекетіне құқықтық сипат береді, оған әлеуметтік әділеттілік мәнін ұғындырады және биліктік құрылымдарды, олардың өкілеттіктері мен жауапкершіліктерін анықтайтын нақты нормаларға бағындырады. Мемлекеттік биліктің тармақтарға бөлінуі, осы билік тармақтары қызмет етуінің негізі болып табылатын «тежемелер мен қарамақайшылықтар» жүйесі мемлекеттік биліктің жалпы қоғам мен азаматтардан алыстауына қарсылық келтіреді. Сондықтан түрлі мемлекеттердің конституцияларында бекітілген, заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарының, сондай-ақ осы мемлекет басшыларының құқықтық өкілеттіктері мен олардың ықпал ету салаларының көлемі әртүрлі болуы түсінікті. Мұндай бөлінудің Қазақстан үшін мақсаты жоғарыда атап өтілгендей, қазақстандық қоғам дамуының нақты тарихи өтпелі кезеңінде бір-біріне өзара тәуелсіз, бірақ толық билікке ие емес билік тармақтарының жалпы алғандағы өкілеттігі біздің мемлекеттің бүкіл әлеуметтік рөлін қамту қажеттілігі болып табылады.
Сондықтан «билік бөлінуі принципі» биліктік өкілеттіктердің орталықтану ауыртпалығы және олардың қолданылуының динамикалық теңдігі бірегей Қазақстан мемлекетінің уақыт талабына сай мақсатты түрде ауысуын білдіреді. Бұл тепе-теңдікті қамтамасыз ету 1991 жылғы 1 желтоқсанда бүкіл халықпен сайланған Қазақстан Республикасы Президентінің тарихи борышы болып табылады.
Әдебиеттер
- Граждан В.Д. Теория управления: учебное пособие. – М., 2005. – С.161-183.
- Лазарев В.В. Общая теория права и государства. – М.: Юрист, – С. 334.
- 30 тамыз 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы.