1991 жылы кеңес үкіметінің ыдырауымен және егеменді жаңа мемлекетіміздің пайда болуымен Қазақстанның экологиялық заңнамасы дамуының жаңа кезеңі басталды. Бұл кезеңдегі қоршаған ортаны қорғауға байланысты негізгі базистік акт 1991 жылы 18 маусымда қабылданған «ҚазКСР қоршаған ортаны қорғау туралы» заңы болды.
1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда жаңа Конституцияны қабылдаумен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қатынастарды құқықтық реттеудің жаңа кезеңі басталды. Біріншіден, алғаш рет жерге жеке меншік заңды тұрғыдан бекітілді. Екіншіден, Конституцияда еліміздің тәуелсіз дамуы жағдайындағы табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бастаулары бекітілді. Үшіншіден, табиғат пен қоғамның өзара әрекеттесуі саласындағы құқық шығармашылық жұмыстарын күшейтудің конституциялық-құқықтық негізі қалыптасты. Аталған уақыт кезеңіндегі қоршаған ортаны қорғау саласындағы негізгі заңнамалық құжат ретінде 1997 ж. 15 шілдедегі «Қоршаған ортаны қорғау туралы» ҚР заңы танылды. Бұл заң 2007 жылы Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексін қабылдағанға дейін қолданыста болды. Жаңа кодекстің қабылдануымен экология саласындағы нормалар жүйеленіп, бірқатар нормативтік актілер күшін жойды.
Қазақстан Республикасының табиғат ресурстары отандық экономиканың негізі болып табылады. Табиғат ресурстарына Конституцияда ерекше мәртебе берілген. Расында табиғат ресурстарын ұтымды пайдалану мемлекетіміздің өндірістік және өндірістік емес саласының ондаған жылдарға тұрақты дамуын қамтамасыз ете алады. Осы тұрғыдан алғанда шаруашылық қызмет субъектілерін экономикалық ынталандыруға бағытталған табиғат пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатқа ерекше маңыздылық беріледі.
Қазіргі таңда экология саласындағы басқару әдістер төңірегінде қызу пікірталастар орын алып жүр.
Кеңесүкіметіндеұзақуақытбойыбасқарудың әкімшілік-құқықтық әдістері қолданылып келді. Бұл табиғи ресурстарға тек мемлекеттік меншік жағдайындағы жоспарлы экономикаға тән құбылыс болып табылады. 1980 жылдардың соңында жер және экологиялық қатынастарды реттеудің әкімшілік, биліктік әдістерінен қоғамдық қатынастардың қатысушыларының теңдігіне негізделген экономикалық реттеу әдістеріне көшу жарияланған болатын [3, 43 б.]. Қоғамдық қатынастар қатысушыларының теңдігі экономикалық әдістердің жалғыз ерекшелігі емес.
Мысалы, В.Д. Ермаков пен А.Я. Сухаревтың айтуынша, табиғат пайдаланудың экологиялық механизмдері экономикалық және құқықтық жауапкершілік нормалар жүйесін қамтиды, сонымен бірге:
- шаруашылық субъектілерінің экологиялық талаптарды орындауда экономикалық мүдделілігін және жауапкершілігін арттыруды;
- экологиялық міндеттерді шешуге арналған құралдарды тиімді пайдалану мақсатында қаржыларды қалыптастыру және бөлуді қамтамасыз етеді [4, 299 б.].
Экономикалық басқару әдістердің басты белгісі басқарылатын субъектілердің экономикалық мүдделеріне бағытталатындығында.
Экология саласындағы басқарудың экономикалық әдістеріне экологиялық төлемдер мен салықтарды жүргізу, міндетті экологиялық сақтандыру, қоршаған ортаны қорғау бойынша қызметті ынталандыруды жатқызуға болады. Экономикалық әдістер шаруашылық қызмет субъектілерінің материалдық шығындарды анықтаужолыменқызметінәтижесіндеқоршаған ортаның ластануын төмендетуге бағытталған. Экономикалық ынталандырудың мәні жер пайдаланушылардың шектеулі қорғауды қоса жерді ұтымды пайдалануға тікелей мүдделілігін туындатуға болып табылады.
Қоршаған ортаны қорғауды және табиғат пайдалануды экономикалық реттеудің тетіктері Экологиялық кодекстің 95-бабында көрініс тапқан, оған сәйкес, мыналар: қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шараларды жоспарлау мен қаржыландыру; қоршаған ортаға эмиссиялар үшiн ақы төлеу; табиғи ресурстардың жекелеген түрлерiн пайдаланғаны үшiн ақы төлеу; қоршаған ортаны қорғауды экономикалық ынталандыру; қоршаған ортаға эмиссияларды басқарудың нарықтық тетіктері; парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін азайтудың нарықтық тетiктері; экологиялық сақтандыру; қоршаған ортаға келтiрiлген залалды экономикалық бағалау қоршаған ортаны қорғауды және табиғат пайдалануды экономикалық реттеу тетiктерiнiң түрлерi болып табылады.
Қоршаған ортаны қорғауға және оның сапасын жақсартуға бағытталған технологиялық, техникалық, ұйымдық, әлеуметтiк және экономикалық шаралар кешенi қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шаралар болып табылады.
Қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iсшараларға:
- экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге бағытталған;
- қоршаған ортаның сапалық сипаттамаларын арттыру арқылы қоршаған орта құрауыштарының жай-күйiн жақсартатын;
- экологиялық жүйелердiң жай-күйiн тұрақтандыру мен жақсартуға, биологиялық әртүрлiлiктi сақтауға, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен молықтыруға ықпал ететiн;
- қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына залал келтiрудiң алдын алатын және оларды болғызбайтын;
4-1) жойылуы қиын органикалық ластауыштарды қоса алғанда, қауіпті химиялық заттарды қауіпсіз басқаруды қамтамасыз етуге бағытталған;
- қоршаған ортаны қорғауға, табиғатты ұтымды пайдалануға және қоршаған ортаны басқарудың халықаралық стандарттарын енгiзуге бағытталған әдiстер мен технологияларды жетiлдiретiн;
- өндiрiстiк экологиялық бақылауды дамытатын;
- қоршаған ортаны қорғау саласындағы ақпараттық жүйелердi қалыптастыратын және экологиялық ақпарат беруге ықпал ететiн;
- экологиялық бiлiмдi насихаттауға, тұрақты даму үшiн экологиялық бiлiм мен ағарту iсiне ықпал ететiн;
- парниктік газдар шығарындыларының көлемін азайтуға және (немесе) парниктік газдардың сіңірілуін арттыруға бағытталған ісшаралар жатқызылады[4].
ҚР ЭК-нің 97-бабына сәйкес, қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шараларды қаржыландыру:
- бюджет қаражаты;
- табиғат пайдаланушылардың өз қаражаттары;
- Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен жүзеге асырылады.
Экологиялыққауіпсіздіктұжырымдамасында табиғат пайдаланушыларды табиғат қорғау ісшараларын жүзеге асыруға және табиғат ресурстарын тиімді пайдалануға ынталандыру экологиялық төлемдер жүйесін қамитын табиғат пайдаланудың экономикалық тетіктері арқылы жүзеге асырылуы тиістігі қарастырылған [6].
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы экономикалық ынталандырудың негізгі мәселелері қолданыстағы экологиялық заңнамада экологиялық нормалар мен талаптарды орындағаны, жаңа экологиялық таза, қалдықсыз немесе аз қалдықты технологияларды өндіріске енгізгені үшін алуға болатын жеңілдіктер туралы ешқандай норма қарастырылмаған. Дегенмен заң ғалымдары өздерінің ғылыми еңбектерінде бұл мәселеге қатысты өз ұсыныстары мен ойларын білдіріп те жүргені белгілі.
Мысалы, Д.Л. Байдельдинов пен С.Д. Бекишева келесідей экономикалық ынталандыру шараларының тізімін ұсынады:
Экономикалық ынталандыру шараларына мыналарды жатқызуға болады:
- өндіріске экологиялық қауіпсіз технологиялар енгізген жағдайда салықтық және өзге де жеңілдіктер белгілеу;
- экологиялық таза өнімдер үшін үстеме және көтермелеу бағаларын қолдану;
- экологиялық зиянды өнімдерге арнайы салықтар салуды енгізу;
- шаруашылық қызметін жүзеге асыру барысында экологиялық талаптарды сақтаушы кәсіпорындарға жеңілдікпен несие беруді қолдану [7, 165-166 б.].
Ал М.Ж. Абдраимова экономикалық ынталандыру келесідей бағыттар жүзеге асырылуы керек деп болжайды:
- табиғат қорғау шараларын сақтаған жағдайда салықтық жеңілдіктер. Салықтық жеңілдіктер тиісті заңдарда салықтардың жекелеген түрлері бойынша бекітілуі тиіс;
- салықтан босату. Бұл норманы жүзеге асыру үшін нақты салықтар мен алымдарды есептеу тәртібін реттейтін тиісті нормативтік актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Негізгі өзгерістер ҚР Салық кодексіне енгізілуі тиіс;
- шаруашылық қызметін жүзеге асыру барысында экологиялық талаптарды сақтаған субъектілерге жеңілдікпен несие беру;
- инновацияларды енгізу мен табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға ынталандыру;
- тиімді және аз қалдық шығаратын технологияларды ендіру мен дамытуды ынталандыру.
- өндіріс қалдықтарын жою және қайта өңдеуді ендіру мен дамытуды ынталандыру. Бір жағынан, қолданысқа қайта өндіретін жаңа өндіріс құралдарын ендіру керек, екінші жағынан, қолданыстағы құралдарды дамыту қажет. Аталған мәселені шешу үшін техниканы жою жүйесіне кіретін кәсіпорындар мен ұйымдар үшін жерді жалдау төлемдерінің жеңілдетілген базалық ставкаларын белгілеуге болады;
- экологиялық таза өнімдер үшін көтермелеу бағалары мен үстемелер қолдану;
- экологиялық зиянды өнімдер үшін арнайы салық салу тәртібін енгізу [8, 66-67 бб.].
Көптеген ғалымдардың айтуынша, экономикалық ынталандыру туралы нормаларды іске асыру механизмі ретінде салықтық және өзге де жеңілдіктерден өзге, жеңілдікпен несие беру, бюджеттік қаржылар бөлу, жаңа ғылыми, атап айтқанда, табиғат қорғау технологияларын және арнайы құрылғыларды елімізге кедендік алымсыз кіргізу, кейбір жұмыстарды қосымша құн салығынан босату жән т.б. қарастыруға болады. Табиғат қорғау нарығында жұмыс жасайтын және қызмет көрсететін кәсіпкерлерді төтенше техногендік және төтенше табиғи жағдайлардың зардаптарын болдырмау және жою барысында заманауи технологияларды пайдалануын түрлі жолдармен ынталандыру да аталған жеңілдіктер тізімінен орын алуы тиіс [9, 9-10 бб.].
Одан кейін мамандар экологиялық қызмет нарығын дамытудың маңызды ынталандыру шарасы ретінде қоршаған ортаны қорғау мақсатында іске асырылатын кәсіпкерлік қызметті реттеу тетіктерін анықтайтын арнайы заң қабылдау мүмкіндігін айтып жүр.
Э.Р.Черняховскийдің пайымдауынша, кәсіпкерлікке негізделген экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесі нақты нәтиже бере бастауы үшін, бүгін атқарушы билік органдары тарапынан ұзақ мерзімді жоспарлау мен үйлестіру қажет. Бүгінгі таңда табиғат қорғау белгілі бір себептерге байланысты нарықтық өнім болып табылмай отырғандығы себепті тек нарықтық тетіктер арқылы тиімді реттелмейді, сол үшін мемлекет тарапынан үйлестіру маңызды болып табылады. Бұдан басқа табиғат қорғау қызметі қоғамның өмірлік мүдделерінің пәні болғандықтан бұл мүддені бірінші кезекте мемлекет қамтамасыз етуі тиіс [10, 9-10 бб.].
Біздің ойымызша, ҚР экологиялық кодексінің «Қоршаған ортаны қорғауды экономикалық ын таландыру» деп аталатын 103-бабын алып тастау ерте жасалған әрекет деп санаймыз. Себебі елімізде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін табиғат пайдаланушылардың орны ерекше екендігі белгілі. Өкінішке орай, табиғат пайланаушылардың басым көпшілігі тек пайда табу мақсатын көздейтіндігін ескерсек, табиғат пайдаланушылардың қоршаған ортаны қорғау мен табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға ұмтылдыру қазіргі нарық заманында тек сөз жүзінде мүмкін емес екендігі де бізге белгілі. Сол себепті ҚР Экологиялық кодексінде бұрын болған 103-бапты қайта енгізіп қана қоймай, сонымен қатар ол бапта қоршаған ортаны қорғауды экономикалық ынталандырудың нақты шараларын да бекіту дұрыс болады деп санаймыз. Сөйтіп, ол бапты төмендегідей ұсынамыз:
Экономикалық ынталандыру келесі бағыттар бойынша жүзеге асырылуы тиіс:
- табиғат қорғау шараларын сақтаған жағдайда салықтық жеңілдіктер. Салықтық жеңілдіктер тиісті заңдарда салықтардың жекелеген түрлері бойынша бекітілуі тиіс;
- салықтан босату. Бұл норманы жүзеге асыру үшін нақты салықтар мен алымдарды есептеу тәртібін реттейтін тиісті нормативтік актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Негізгі өзгерістер ҚР Салық кодексіне енгізілуі тиіс;
- шаруашылық қызметін жүзеге асыру барысында экологиялық талаптарды сақтаған субъектілерге жеңілдікпен несие беру;
- инновацияларды енгізу мен табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға ынталандыру;
- тиімді және аз қалдық шығаратын технологияларды ендіру мен дамытуды ынталандыру.
- өндіріс қалдықтарын жою мен қайта өңдеуді ендіру мен дамытуды ынталандыру.
- экологиялық таза өнімдер үшін көтермелеу бағалары мен үстемелер қолдану;
- экологиялық зиянды өнімдер үшін арнайы салық салу тәртібін енгізу.
Қазақстан Республикасы экологиялық кодексіне тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін сәйкесінше экономикалық ынталандыру шараларына байланысты ұлттық заңнама жүйесіне де тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет.
Әдебиеттер
- Культелеев С.Т. Экологическое право Республики Казахстан. – Алматы: Дәуір, 2003. – 328 с.
- Байдельдинов Д.Л. Экологическое законодательство Республики Казахстан. – Алматы: Жеті жарғы, – 188 с.
- Абдраимов Б.Ж., Боголюбов С.А. Земельное право России и Казахстана. – М.: Юристъ, 2007. – 454 с.
- Экологическое право России / Под ред. В.Д. Ермакова и А. Я. Сухарева. – М.: ИМПЭ, 1997. – 480 с.
- Земельное право / Под ред. С.А. Боголюбова. – М.: НОРМА-ИНФРА-М., 2000. – 400 с.
- Концепция экологической безопасности Республики Казахстан на 2004-2015 годы: одобрена Указом Президента Республики Казахстан от 3 декабря 2003 года № 1241 // Справочно-правовая система Юрист,
- Байдельдинов Д.Л., Бекишева С.Д. Экологическое право Республики Казахстан. – Алматы: Интерлигал, – 312 с.
- Абдраимова М.Ж. Проблемы правового обеспечения экологической безопасности Республики Казахстан: диссертация на соискание ученой степени кандидата юридических наук. – Алматы,
- Черняховский Э.Р. Проблемы формирования экономического механизма предпринимательства на рынке природоохранных работ и услуг // Экономика природопользования: Обзорная информация. – М.: ВИНИТИ, 2004. – № 5. – С.77-82.
- Косдавлетов К.К. Правовые основы экологической безопасности Республики Казахстан: Автореф. канд. юрид. наук:12.00.06. – Алматы, 2000. – 29 с.