Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарға, жобалау құжаттамаларына мемлекеттік экологиялық және санитарлықэпидемиологиялық сараптамалардың оң қорытындылары және экологиялық рұқсат жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін экологиялық негіздеме болып табылады [1].
Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің 32-тарау 218-бабында жер қойнауын пайдаланушы мемлекеттік экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптамаға жоспарланған қызметтің қоршаған ортаға тигізетін әсеріне баға беру кірген және «Қоршаған ортаны қорғау» бөлімі бар барлық жобалау алдындағы және жобалау құжаттарын ұсынуға міндетті, делінген [2].
Сонымен жер қойнауын пайдалану кезіндегі жалпы экологиялық талаптарға: жер қойнауын Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының талаптарына сәйкес пайдалануы; кен орнын игерудің арнаулы әдістерін қолдану есебінен жердің үстіңгі қабатын сақтау; жердің техногендік шөлейттенуін болғызбау; жер қойнауын су басудан, өрттен және кен орындарын пайдалану мен қазуды қиындататын басқа да дүлей факторлардан қорғау; жер қойнауының, әсіресе мұнайды, газды немесе өзге де заттар мен материалдарды жерастында сақтау, зиянды заттар мен қалдықтарды көму кезінде ластануын болғызбау және тағы басқалары жатады.
Жер қойнауын пайдаланушы жұмыстарды жүргізудің халықаралық тәжірибеде қабылданған стандарттарға негізделген неғұрлым тиімді әдістері мен технологияларын таңдауға міндетті. Сонымен бірге жер қойнауын ұтымды пайдаланылуын, қызметкерлердің, халықтың және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жұмыстарды жүргізуге арналған технологиялық схемалар мен жобаларды сақтауға міндетті болып табылады.
Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде экологиялық талаптар қойылады. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар шаруашылық қызметтің экологиялық жағынан қауіпті түрлері болып табылады және экологиялық талаптар сақталған кезде орындалуға тиіс.
Қазақстан Республикасының Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасында көзделген, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауының ластануын болғызбауға және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың қоршаған ортаға зиянды әсерін азайтуға бағытталған іс-шаралар жүйесі [3].
Қазақстан Республикасының Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Заңының 108-бабында жалпы экологиялық талаптар көрсетілген. Онда жер қойнауын пайдаланудың барлық сатыларында болжауды, жоспарлауды, жобалауды қоса алғанда, Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгiленген экологиялық талаптар басымдық ретiмен сақталуға тиiс делінген. Сонымен қатар жер қойнауын пайдалануға арналған келiсiмшарттарға, жобалау құжаттамаларына мемлекеттiк экологиялық және санитариялықэпидемиологиялық сараптамалардың оң қорытындылары мен экологиялық рұқсат жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу үшiн экологиялық негiз болып табылады. Жер қойнауын пайдаланушы жоспарланған қызметтiң қоршаған ортаға тигiзетiн әсерiне баға берудi және «Қоршаған ортаны қорғау» деген бөлiмдi қамтуға тиiс барлық жобалау алдындағы және жобалау құжаттарын мемлекеттiк экологиялық және санитариялықэпидемиологиялық сараптамаларға ұсынуға мiндеттi.
Жер қойнауын ұтымды әрi кешендi пайдалану мен жер қойнауын қорғау саласындағы талаптарға:
1) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу үшiн, оның iшiнде өндiруге қатысы жоқ мақсаттарға пайдалану үшiн берiлетiн пайдалы қазбалар, кен орындары мен жер қойнауы учаскелерi қорының ауқымы мен құрылымын нақтылы бағалау үшiн жер қойнауын iлгерiлей геологиялық зерттеудiң толымдылығын қамтамасыз ету;
2) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзудiң барлық сатыларында жер қойнауы ресурстарын ұтымды әрi кешендi пайдалануды қамтамасыз ету;
3) бай учаскелердi таңдап өндiруге жол бермей пайдалы қазбаларды жер қойнауынан бөлiп алудың толымдылығын қамтамасыз ету;
4) кен орнын игеру кезiнде сыртқа шығарылатын және жер қойнауында айналыстан шыққан негiзгi және онымен бiр жерде жатқан пайдалы қазбалар қорларын және қосалқы компоненттердi, оның iшiнде минералдық шикiзатты өңдеу өнiмдерi мен өндiрiс қалдықтарын дұрыс есепке алу;
5) бастапқы өңдеу деректерi бойынша мемлекеттiк баланста есепте тұрған пайдалы қазбалар қорларын түзетудi жою;
6) су жинау алаңдарында және ауыз сумен немесе өнеркәсiптiк сумен қамтамасыз ету үшiн пайдаланылатынжерастысуларыжинақталғанжерлерде өнеркәсiптiк және тұрмыстық қалдықтардың жиналуын болғызбау;
7) жер қойнауын су басудан, өрттен және кен орындарын пайдалануды және игерудi қиындата түсетiн басқа да дүлей факторлардан қорғау;
8) жер қойнауының ластануын, әсiресе мұнайды, газды немесе басқа да заттар мен материалдарды жер астында сақтау, зиянды заттар мен қалдықтарды көму кезiнде ластануын болғызбау;
9) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды тоқтата тұру, доғару, кен орнын игеру объектiлерiн консервациялау мен жою жөнiндегi белгiленген тәртiптi сақтау; 10) қалдықтарды үю мен орналастыру кезiнде экологиялық және санитариялықэпидемиологиялық талаптарды қамтамасыз ету;
10) iлеспе газды маңызды стратегиялық энергия көздерiн не мұнай-химия өнеркәсiбi үшiн шикiзат ресурстарын алу және қоршаған ортаға зиянды барынша азайту мақсатында өңдеу жолымен оны барынша пайдалану, жер қойнауын ұтымды әрi кешендi пайдалану мен жер қойнауын қорғау саласындағы талаптар жатады. Жер қойнауын пайдаланушы заңнамада көзделген жұмыс жүргiзу қауiпсiздiгi ережелерi мен нормаларының орындалуын, сондай-ақ авариялардың, жазатайым оқиғалар мен кәсiптiк аурулардың алдын алу және оны жою жөнiндегi iс-шаралардың жүргiзiлуiн қамтамасыз етуге тиiс.
Егер адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiретiн болса, жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзуге тыйым салынады.
Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу кезiнде өнеркәсiптiк қауiпсiздiк және өнеркәсiптiк санитария қағидалары мен нормаларының сақталуына мемлекеттiк бақылауды өнеркәсiп қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi орган және санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
Жұмыскерлердiң өмiрi мен денсаулығына тiкелей қауiп төнген жағдайда жер қойнауын пайдаланушылардың лауазымды адамдары жұмысты дереу тоқтатып, адамдарды қауiпсiз жерге тасымалдауды қамтамасыз етуге мiндеттi. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операциялар әсер ететiн аймақтарда халықтың өмiрi мен денсаулығына тiкелей қауiп төнген жағдайда тиiстi ұйымдардың басшылары ол туралы жергiлiктi атқарушы органдарға дереу хабарлауға мiндеттi.
Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операциялар әсер ететiн аймақта халықтың өмiрi мен денсаулығына қауiп төнген жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы жұмысты тоқтата тұруға мiндеттi және халықтың денсаулығы мен өмiрi үшiн қауiпсiз жағдай жасалмайынша және төнген қауiп жойылмайынша, жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияны қайта бастауға құқылы емес. Қауiптi болдырмау үшiн өзге шараларды қолдану мүмкiн болмаған кезде жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операциялардың қауiптi әсер ету аймағынан халық көшiрiлгеннен кейiн ғана жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды қайта бастауға құқылы.
Кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi жер қойнауын пайдаланушыларға Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен ережелерге сәйкес шарт негiзiнде қызмет көрсетедi [4].
Сонымен жер қойнауының анықтамасына тоқталатын болсақ, топырақ қабатынан төмен орналасқан не пайдалы қазбалары жер бетiне шығып жатқан, ал топырақ қабаты жоқ болса, жер бетiнен және теңiздердiң, көлдердiң, өзендердiң, басқа да су айдындарының түбiнен төмен орналасқан, ғылыми-техникалық прогрестi ескере отырып, жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзуге болатын тереңдiкке дейiн созылып жатқан жер қыртысының бөлiгiн айтамыз.
Жер қойнауының мемлекеттiк мониторингi жер қойнауының мемлекеттiк қорын ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету мен олардың өзгеруiн уақтылы анықтау, келеңсiз процестер зардаптарын бағалау, олардың алдын алу және жою үшiн жер қойнауының жай-күйiн бақылау жүйесi болып табылады.
Жер қойнауының мемлекеттiк мониторингiн жүзеге асыру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады. Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары бұзыла отырып жасалған, жер қойнауын пайдаланумен байланысты мәмiлелер жарамсыз болып табылады.
Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасының талаптарын бұзу салдарынан зиян келтiрген тұлғалар, егер тек зиян еңсерiлмейтiн күштiң немесе зардап шегушiнiң пиғылы салдарынан туындағанын дәлелдей алмаса, келтiрiлген зиянды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мөлшерде және тәртiппен өтеуге мiндеттi. Жер қойнауын ұтымды пайдалану саласындағы талаптарды бұзу салдарынан келтiрiлген нұқсанның мөлшерiн жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi орган жер қойнауын пайдаланушылармен бiрлесе отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен айқындайды.
Жер қойнауын қорғау саласындағы талаптарды бұзу салдарынан келтiрiлген нұқсанның мөлшерiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес айқындайды [5].
Әдебиеттер
- Күлтелеев С.Т., Рахметов Е.Ш. Қазақстан Республикасының экологиялық құқығы: Жалпы және Ерекше бөлім. Оқулық. – Алматы: HAS, 2008. – 328 б.
- Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі. – Алматы: ЮРИСТ, – 172 б.
- Қазақстан Республикасының Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Заңы. 2010 жылғы 24 маусымдағы № 291-IV (2011.05.07. берілген өзгерістер және толықтырулармен).
- Еркінбаева Л.Қ., Айғаринова Г.Т. Қазақстан Республикасының Жер құқығы. – Алматы: Жеті жарғы, 2010. – 312 б.
- Байдельдинов Д.Л. Қазақстан Республикасының Экологиялық құқығы. – Алматы, 2005. – 396 б.