Жер қойнауын пайдалану қатынастарын реттеуге Қазақстан Республикасы басты көңіл бөледі. Бұның бірден-бір дәлелі осы қатынастарды реттейтін бірнеше нормативтік құқықтық актілердің қабылдануы болып табылады. Осы саланы реттеуде ең алғашқыларының бірі 1992 жылы Қазақстан Республикасының
«Жер қойнауы және минералды шикізатты өңдеу туралы» кодексі болып есептеледі. Ал 1995 жылы мемлекет аумағында парламенттік және үкіметтік дағдарыс кезінде, мемлекеттің саяси және экономикалық тағдырына қауіп төнген уақытында Қазақстан Республикасының Президенті жер қойнауын пайдалану саласының өте маңызды екендігін біліп өзіне берілген құзыреті шегінде жер қойнауын пайдалану қатынастарын реттеуге бағытталған заң күші бар бірнеше Жарлық қабылдады. Бұндай Жарлықтардың қатарына: «Лицензиялау туралы», «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы», «Мұнай туралы», «Салық және өзге де міндетті төлемдер туралы» т.б. нормативтік құқықтық актілерді жатқызуға болады. Кейіннен бұл Жарлықтарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, олар жер қойнауы қатынастарын реттейтін заңдар статусына ие болды.
Жер қойнауын пайдалану өте күрделі процесс және өзара байланысты бірнеше кезеңдерден тұрады. Әр кезеңде жеке құқықтық қатынастар пайда болады. Бұл қатынастарға жер қойнауын геологиялық зерттеу, жер қойнауын барлау мен өндіру, жер қойнауын барлау мен өндірумен байланысты емес жер асты құрылыстарын салу қатынастарын жатқызуға болады. Қаншалықты бір-бірінен айырмашылығы болса да, олардың барлығы жер қойнауына байланысты пайда болады. Сондықтан да бұл қатынастарды толығымен қарастырар алдында, ең алдымен, жер қойнауының жалпы ұғымына тоқталып өтейік.
Жер қойнауының ұғымын толығырақ түсіну үшін, ең алдымен, бұл ұғымды жалпы геологиялық және құқықтық тұрғыда қарастырып өтейік. Жалпы геологиялық тұрғыда жер қойнауы – жер қыртысынан, мантиясынан және ядродан тұратын, оның жоғарғы қабатынан орталығына дейін созылған жердің төменгі қабаты (жер асты). Ал тар мағынада, геологияда жер қойнауына ғылыми-техникалық прогрестің көмегімен пайдалы қазбаларды барлауға мүмкіндік беретін жер қыртысының жоғарғы қабатын жатқызады немесе жер қыртысының жоғарғы қабатының орнына, көп жағдайларда жердің астыңғы қабаты деген ұғымды қолданады.
Заңнамалық тұрғыда, яғни Қазақстан Республикасының «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңына сәйкес жер қойнауы топырақ қабатынан, ол жоқ болса, топырақ қабатынан төмен орналасқан не пайдалы қазбалары жер бетіне шығып жатқан, ал топырақ қабаты жоқ болса, жер бетінен және теңіздердің, көлдердің, өзендердің және басқа да су айдындарының түбінен төмен орналасқан, ғылыми-техникалық прогресті ескере отырып, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге болатын тереңдікке дейін созылып жатқан жер қыртысының бөлігі болып табылады.
Жоғарыда жер қойнауына қатысты айтылып өткен анықтамаларға сай жер қойнауынан пайдалы қазбалардың, минералды шикізаттың шығуы мүмкін екендігі көрсетілген. Минералдық шикізат дегеніміз – жер қойнауының жер үстіне шығарылған, құрамында пайдалы қазба (пайдалы қазбалар) бар бөлігі (тау-кен жынысы, кен шикізаты және басқалар). Бұдан минералды шикізаттың жер қойнауының бөлігі және оның құрамында пайдалы қазбаның болатындығын көруге болады. Ал пайдалы қазба бұл – химиялық құрамы мен физикалық қасиеті оларды материалдық өндіру және (немесе) тұтыну саласында және (немесе) өзге мұқтаждықтарға тікелей немесе өңдеуден кейін пайдалануға мүмкіндік беретін жер қойнауындағы табиғи минералдық түзілім, көмірсутектер және жерасты сулары [1].
Жер қойнауы мемлекеттің халық шаруашылығы қажеттіліктерін қанағаттандыруға, экономикасы мен әл-ауқатын арттыруға арналған табиғи ортаның бір бөлігі болып есептеледі. Қазіргі таңда дүниежүзі мемлекеттері жер қойнауындағы пайдалы қазбалар мен минералдық шикізатқа тәуелділіктері артпаса кеміген жоқ. Өйткені мемлекеттік кірістің 100% табиғи ресурстардан қалыптасатын болса, онда оның 70% жер қойнауын, 30% жер, орман, суды және өзге де табиғи ресурстарды пайдаланудан қалыптасады деуге болады[2].
Бүгінде Қазақстан Республикасы пайдалы қазбалар бойынша табиғи потенциалы дүниежүзіндегі өте бай мемлекеттердің бірі.
«EconRus» мемлекеттерді зерттеу каталогының ресми мәліметіне сәйкес, Қазақстан Республикасы пайдалы қазбалардың жалпы көлемі бойынша дүниежүзі елдерінің арасында алтыншы орынға ие және дүниежүзі ғалымдардың пайымдауынша барланған жер қойнауының құны 10 млрд. АҚШ долларына пара-пар.Сондай-ақ Менделеев кестесінің 110 химиялық элементінің 99 түрі Қазақстан Республикасының жер қойнауының құрамында бар. 70-ке жуық қор анықталып, 60-ы пайдалануға енгізілді.
Қазақстан Республикасы мұнай мен табиғи газдық қоры бойынша бай мемлекеттердің бірі болып табылады. Мұнай қорының мөлшері 9-дан 17,6 млрд. барельге ие(1,2-ден 2,4 млрд. тонна), газ қорының мөлшері 65-тен 70 триллион куб футты қамтиды (1,84-тен 1,98 триллион кубметр). 2008 жылдың статистикалық көрсеткішіне сәйкес, Қазақстан Республикасында мұнай мен табиғи газдың 202-ге жуық кен орны бар.
Жер қойнауын пайдалану құқықтық қатынастарының объектісі ретінде жер қойнауына заң ғылымының көңіл бөлуінің себебі, ең алдымен, жер қойнауының, оны қорғау мен пайдалану ұғымдарын анықтау арқылы оның реттейтін қоғамдық қатынастың аясын анықтау болып табылады.
Сондықтан да жер қойнауын пайдалану құқығының ұғымы мен мазмұнына тоқталып өтейік. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, жер қойнауын пайдалану құқығы жер қойнауын пайдаланушыға берілген келісімшарттық аумақ шегіндегі жер қойнауына иелік ету және оны пайдалану құқығы болып табылады[3].
Көрсетілген анықтамада «келісімшарттық аумақтың» жалпы ұғымына тоқталып кетейік. Келісімшарттық аумақ – жер қойнауын пайдаланушы келiсiмшартқа сәйкес онда жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операциялар жүргiзуге құқылы болатын, геологиялық не таукендiк бөлумен айқындалатын аумақ. Бұл жерде геологиялық бөлу – барлауға, бiрлескен барлауға және өндiруге арналған келiсiмшарттың ажырамас бөлiгi болып табылатын, жер қойнауын пайдаланушы барлау жүргiзуге құқылы жер қойнауы учаскесiн схемалық және сипаттамалық жағынан айқындайтын қосымша болып табылады. Ал тау-кендiк бөлу – жер қойнауын пайдаланушының өндiрудi, барлаумен және (немесе) өндiрумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуды және (немесе) пайдалануды жүргiзуге құқығы бар жер қойнауы учаскесiн графикалық және сипаттамалық жағынан айқындайтын, өндiруге, бiрлескен барлау мен өндiруге жасалатын келiсiмшарттың ажырамас бөлiгi болып табылатын құжат.
Жоғарыда көрсетілген анықтаманың негізінде, жер қойнауын пайдалану саласындағы ұлттық заңнамада жер қойнауын пайдалану құқығығының анықтамасы тиісті дәрежеде берілмеген.
Біріншіден, жер қойнауын пайдалану заңнамасында көрсетілген «жер қойнауын пайдалану құқығы» өзінде жалпы жер қойнауын пайдаланудың негіздерін қамтымайды, өйткені кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру кезінде келісімшарттық аумақ бөлінбейді және жер қойнауын пайдалану жөнінде келісімшарт жасалмайды.
Екіншіден, жер қойнауын пайдалану құқығына анықтама берген кезде, сол анықтамадан туындайтын «келісімшарттық аумақтың» және одан туындайтын геологиялық және тау-кендік бөлулердің анықтамаларын беру қажеттігі туындайды.
Жер қойнауын пайдалану құқығы ұғымын кеңірек түсіну үшін оны объективтік және субъективтік тұрғыда қарастыру керек.
Жер қойнауын пайдалану құқығы объективтік тұрғыда жер қойнауын пайдалану мен жер қойнауынпайдалануқұқығынберудіңтәртібімен шарттарын, жер қойнауын пайдаланушылардың құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану құқығының тоқтатылу негіздерін реттейтін құқықтық нормалардың жиынтығы болып табылады.
Жер қойнауын пайдалану құқығы – субъективтік тұрғыда жер қойнауы учакесін пайдалану мен иелену жөніндегі нақты жер қойнауын пайдаланушының өкілеттіктерінің жиынтығы.
Жер қойнауын пайдалану құқығының объектісі болып жер қойнауы учаскесі табылады. Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Қазақстан Республикасының заңында жер қойнауы учаскесi жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу үшiн тұйықталған шекараларда бөлiп көрсетiлетiн жер қойнауының геометрияланған бөлiгi деп көрсетіледі.
Жер қойнауын пайдалану құқығының субъектісіне жер қойнауын пайдалану саласындағы заңға сәйкес жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу құқығына ие жеке немесе заңды тұлғалар жатады.
Жер қойнауын пайдалану саласындағы құқықтық қатынастың міндетті субъектісі ретінде мемлекет қатысады. Бұның басты себебі, жер қойнауы тек мемлекеттің меншігіне жататындығында. Жер қойнауын пайдалану саласындағы құқықтық қатынастарға Қазақстан Республикасы Қазақстан Республикасының Үкіметі, уәкілетті органдар мен министрліктер және өзге де мемлекеттік органдар арқылы қатысады.
Жер қойнауын пайдалану құқығы:
- беру;
- табыс ету;
- құқық мирасқорлығы тәртiбiмен ауысу; жолымен туындайды.
Жер қойнауын пайдалану құқығын беру жер қойнауын пайдалану құқығын тұлғаға тiкелей мемлекеттiң беруiн бiлдiрсе, жер қойнауын пайдалану құқығын табыс ету жер қойнауын пайдалану құқығын тұлғаға басқа жер қойнауын пайдаланушының беруiн бiлдiредi.
Ал жер қойнауын пайдалану құқығының құқық мирасқорлығы тәртiбiмен ауысуы заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру кезiнде және жер қойнауын пайдалану құқығына ие жеке тұлға қайтыс болған кезде құқық мирасқорында жер қойнауын пайдалану құқығының туындауын бiлдiредi [4].
Қорыта келгенде, жер қойнауын пайдалану құқығы иелену, беру және әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртібі негізінде пайда болады және оны иеленуші субъектіге жер қойнауын иеленуге және пайдалануға деген құқықтар береді.
Әдебиеттер
- Қазақстан Республикасы. 1996 жылғы 27 қаңтарда қабылданған Заң, № 291-IV – Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы. – Алматы: ЮРИСТ, – 96 б.
- Природные ресурсы РК // Интернет-сайт: http://egov.kz/wps/portal.
- Кешубаева З., Тлепбаев А. Анализ нефтедобывающей отрасли в РК. //RFCA RATINGS. – Алматы, 2010. – №3. – 67 с.
- Масалин Е. Что собой представляет закон о недрах Законодательные новеллы о передаче права недропользования и связанных с ним объектов. Усовершенствование или утяжеление механизма? // Юрист. – 2010. – №10. – С. 18-23.
- Базарбаев А.А. Актуальные вопросы контрактов в сфере недропользования. // Сборник материалов научно-практической конференций «Гражданское право и гражданское законодательство. – Алматы, 2009. – 620 с.