Экологиялық зиян ұғымын белгілеу, оның жалпы сипаты мен ерекшеліктерін айқындау проблемасы бүгінгі таңда əлеуметтік жəне құқықтық зор мағынаға ие болып отыр. Əлеуметтік тұрғыдан алғанда ол қоршаған ортаның ауыр күйімен байланысты. Соңғы кездері қоғамдық экологиялық қатынастарға қол сұғудың əлеуметтік зияндығының елеулі түрде өзгергені күмəн тудырмайды, қайта ол келтіретін зиянның сипаты күрделене түсіп, іс жүзінде əр қырынан танылып отыр. Кей жағдайларда оның жағымсыз салдары ұзақ уақыттан кейін жəне мүлдем өзге аумақта пайда болуы ықтимал. Бұл оның шекарамен теңдесетін табиғатын танытады.
Сонымен бірге экологиялық құқық теориясында экологиялық зиян ұғымын зерттеуге көп мəн берілмеуде. «Экологиялық құқық бұзушылық» жəне «экологиялық зиян» ұғымдарын теориялық тұрғыдан терең зерттеу қажеттілігіне 80-жылдардың басында белгілі ғалым С.Б. Байсалов назар аударған [1].
Экологиялық зиянның пайда болу нысандары алуан түрлі болып келеді. Ол адам мекендеген қоршаған табиғи ортадағы сан мен сапалық шығындар арқылы байқалады. Қоршаған ортаның немесе оның жеке объектілерінің ластануы; олардың бұзылуы немесе жойылуы (яғни, олардың сан немесе сапалық жағынан ішінара немесе толық жарамсыз болуы); ортаның тозуы жəне оның компоненттері арасындағы экологиялық байланыстардың бұзылуы (табиғи объектілер жəне жалпы қоршаған орта қызметінің азаюы немесе жоғалуы, жойылуы) арқылы байқалады.
Денсаулыққа келтірілген экогендік зиянды өтеу заң тұрғысынан алып қарағанда күрделі мəселе. Заңгерлердің көбі бұның себебін сондай зиянның туындау жəне пайда болу ерекшелігінде деп тануда. Туындау көзі бойынша ол экологиялық, ал пайда болу сипаттамасы бойынша антропологиялық (адамға қатысты) болып табылады. Сондықтан оны өтеу азаматтық заңдардың денсаулыққа келтірілген зияны туралы ережелеріне сəйкес жүргізіледі.
Сонымен бірге ластанған қоршаған ортаның жағымсыз əсерінің өзге де қоғамдық маңызы бар. Айталық, оның демографиялық салаға қатысы: халық өсімінің бəсеңдеуі, адамның өмір жасының қысқаруы, тумысынан кемтар адамдардың көбеюі. Сондықтан десаулыққа келтірілген экогендік зиянды екі аспект тұрғысынан қарауға болады: біріншіден, ол адамға келтірілген (жеке) зиян, екіншіден, қоғамға келтірілген (қоғамдық) зиян. Жеке жəбірленуші келтірген зиян оның материалдық жəне материалдық емес шығындарының жиынтығымен анықталады. Ал халық арасындағы аурулардан қоғамға келтірілетін зиян ұлттық табыстың төмендеуі, денсаулық сақтау органдарының жəбірленушілерді емдеуге жұмсайтын қосымша шығындары, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтердің гигиеналық жəне алдын алу шараларын жүргізуге шығындары арқылы байқалады [2].
Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі экологиялық қауіптің анықтамасын береді. Соған сəйкес экологиялық қауіп дегеніміз антропогендік жəне табиғи əсерлер ықпалынан, оның ішінде дүлей зілзалаларды қоса алғанда, зілзалалар мен апаттар салдарынан қоршаған ортаның жай-күйі бұзылуының, өзгеруінің болуымен немесе ықтималдығымен сипатталатын, жеке адам мен қоғамның өмірлік маңызы бар мүдделеріне қауіп төндіретін жай-күйін айтамыз. Экологиялық қауіпті объект болып салынуы мен қызметі адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянды əсерін тигізуі мүмкін немесе зиянды əсерін тиізетін шаруашылық объектісі жəне өзге де объект саналады [3].
Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің 23-тарауы 173-бабында төтенше экологиялық жағдай мен экологиялық зілзала туралы анықтама берілген. Онда төтенше экологиялық жағдай деп шаруашылық жəне өзге де қызмет немесе жаратылыстың табиғи процестері нəтижесінде қоршаған ортада халықтың денсаулығына, табиғи экологиялық жүйелердің, өсімдіктер мен жануарлардың генетикалық қорларының жай-күйіне қауіп төндіретін тұрақты теріс өзгерістер болатын аумақ учаскесінде туындаған экологиялық ахуал түсіндіріледі.
Сонымен қатар экологиялық зілзала деп шаруашылық жəне өзге де қызмет немесе жаратылыстың табиғи процестері нəтижесінде халықтың денсаулығының едəуір нашарлауына, табиғи экологиялық жүйелердің бұзылуына, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі жай-күйінің нашарлауына əкеп соқтырған қоршаған ортаның орны толмас, терең өзгерістері болған аумақ учаскесінде туындаған экологиялық ахуалды айтамыз. Төтенше экологиялық жағдай мен экологиялық зілзалалар халықтың денсаулығына едəуір қауіп төндіреді. Халықтың денсаулығына төнетін қауіп деп қоршаған ортаның ластануына байланысты денсаулықтың қайталама бұзылу ииілігінің артуы түсіндіріледі.
Денсаулыққа келтірілген экогендік зиянның тағы бір пайда болу нысаны –моральдық зиян, атап айтқанда, экологиялық қолайсыз аумақтан мəжбүрлеп көшумен, кəсібін ауыстыру, бала туу мүмкіндігінен айырылу немесе ауру бала табу қаупімен байланысты тəн азабы. Сонымен қатар табиғат адамның экономикалық талаптарын ғана емес, эстетикалық (рухани) қажеттіліктерін қанағаттандыратын болғандықтан, қалалардағы ағаштарды жою да моральдық зиян факторы болып қарастырылуы мүмкін.
Сонымен, денсаулыққа зиян келтіру қоршаған ортаның сапалық жағдайындағы жағымсыз өзгерістер нəтижесінде экологиялық құқықтық нормалармен тыйым салынған əрекеттер жасалған кезде ғана орын алуы мүмкін. Кейбір ғалымдар экологиялық сақтандыру деп ықтимал қауіпті объектілер иелерінің экологиялық қауіпті объектідегі экологиялық немесе табиғи нəубет, апат салдарынан үшінші адамдарға экологиялық зиян келтіргені үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыруды түсінеді.
Енді біреулері экологиялық сақтандыру ұғымына сақтандыру оқиғасының пайда болуына байланысты сақтандырушыда туындайтын оның өзінің шығындарын кіргізеді. Үшіншілері анықтаушы белгі ретінде табиғат объектілерін сақтандыру арқылы қорғаудың объектілері деп табуда.
Біз экологиялық сақтандыру ұғымын кеңейтіп, оны экологиялық зиянды неғұрлым толық етеу мəселесін шешудегі сақтандыру жүйесінің мүмкіндіктерін қолдану ретінде қарастыратын авторларды қолдаймыз.
Демек, экологиялық сақтандыруды сақтандырудың өзге түрлерінен айыратын негізгі өлшемдерге экологиялық зиян жəне экологиялық қауіп ұғымдары жатуы тиіс.
Бұл ұғымдардың жалпы танылған біркелкі анықтамасы теория мен іс жүзінде əлі қалыптаспағанына қарамастан, заң əдебиетінде экологиялық қауіптерді топтастырудың жекелеген мысалдары бар. Айталық, экологиялық қауіптің мынадай өлшемдері көрсетілуде: техногендік апаттар қаупі; табиғи сипаттағы қауіптер, оның ішінде қауіпті геологиялық құбылыстар (жер сілкіністері, көшкін, жанартаулар жəне т.б.), пайдалы қазбаларды алу барысында жер бетінің опырылуы жəне т.б. Экологиялық қауіптің аталған соңғы өлшемі бірінші екеуімен: экогендік немесе табиғи сипаттағы қауіппен толық қамтылады деп ойлаймыз.
Қоршаған ортаға келтірілген зиян үшін жауапкершілікті сақтандырудың ерекшеліктері ретінде мамандар мыналарды атап көрсетеді: экологиялық зиянның ірі көлемдері мен алуантүрлілігі; сақтандыру оқиғасының пайда болған кезін тура анықтау қиындығы; сақтандырылуға жататын объектілерді алдын ала зерттеу, сондайақ кезең-кезеңімен тексеру жəне инспекциялау, сақтандыру оқиғасының пайда болуы мүмкіндігін анықтау үшін қосымша мəлімет алу арқылы қамтамасыз етілетін қауіп деңгейін қатаң есепке алып отыру қажеттілігі Қоршаған ортаның ауқымды ластануы жəне көлемді экологиялық зиян кезінде жағымсыз салдарды жою, шұғыл жəрдем көрсету жəне экологиялық зиян үшін халыққа өтемақы төлеуді мемлекет ұйымдастырады [1].
Қоршаған ортаға келтірілген залалды экономикалық бағалау – қоршаған ортаны жəне табиғи ресурстардың тұтыну қасиеттерін қалпына келтіру үшін қажетті шығындардың құндық көрінісі.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уəкілетті органның лауазымды тұлғаларды қоршаған ортаға залал келтіру фактісі анықталған күннен бастап бір ай мерзім ішінде қажетті материалдарды жинау мен талдауды жүргізеді жəне келтірілген залалға экономикалық бағалауды белілейді.
Атмосфералық ауаны жəне су ресурстарын белгіленген нормативтерден тыс ластаудан, сондай-ақ өндіріс пен тұтыну қалдықтарын, оның ішінде радиоактивті қалдықтарды белгіленген нормативтерден тыс орналастырудан келтірілген залалды экономикалық бағалау Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін ережелерге сəйкес тура немесе жанама əдістермен айқындалады.
Залалдың салдарынан жою жөніндегі шаралардың құны олардың нарықтық құны бойынша айқындалады.
Қазақстан Республикасының Үкіметімен белгіленген экологиялық қауіпті шаруашылық жəне өзге де қызметтердің субъектілері, үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына, мүлкіне жəне апаттық ластануы нəтижесінде қоршаған ортаға келтірілген зиянды өтеу экологиялық сақтандырудың мақсаты болып таылады.
Тұрғылықты халықты радиациялық қауіпсіздіктен қамтамасыз етудің маңыздылығын ескеріп Қазақстан Рсепубликасының Экологиялық кодексінде бірқатар экологиялық талаптар көзделген. Сонымен қатар радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін радиациялық материалдар мен қалдықтарды пайдалану, трансшекаралық ауыстыру, сақтау, көму кезіндегі, ядролық қондырғыларды жəне объектілерді орналастыруға, елді мекендерді салу кезіндегі жəне өзге де экологиялық талаптар қарастырылған [4].
Жер заңдарын бұза отырып жасалған зиянның əртүрлі түрлері болуы мүмкін. Бұл зиян бірнеше топтарға бөлінеді. Соның ішінде экологиялық зиянды қарастыруға болады.
Сонымен экологиялық зиян дегеніміз – жер заңдарын бұзу арқылы қоршаған ортаға жерге табиғат объектісі ретінде зардап келтірілгенін білдіреді. Бұл зиян Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің талаптарына сəйкес өтеледі. Бұл зиянды толық түрде өтеуге мүмкіндік жоқ, себебі келтірілген зиянды нақты бағалау мүмкін емес. Экологиялық зиянды өтеудің екі əдісі бар: тікелей жəне жанама түрі. Залалды тура əдіспен экономикалық бағалау кезінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уəкілетті органның лауазымды адамдары тəуелсіз сарапшыларды тарта алады.
Залалды экономикалық бағалаудың жанама əдісі залалды экономикалық бағалаудың тура əдісін қолдану мүмкін болмайтын жағдайларда қолданылады. Ал экономикалық зиян дегеніміз жер меншік иелерінің жер пайдаланушылардың мемлекет өзіне материалдық жағынан келтірілген шығындар болып табылады. Бұл шығындарды өтеу толық мөлшерде жүзеге асырылады жəне басшылыққа Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің нормалары алынады. Жер заңдары бұзушылығы моральдық зиянды келтіруі мүмкін. Оны өтеу тəртібі Қазақстан Республикасының Азамттық кодексімен реттеледі [5].
Əдебиеттер
- Байсалов С.Б. Развитие и совершенствованне природоохранного законодательства Казахской ССР // Вестник Академни наук Казахской ССР, 1982 – №10. – с.35.
- Əбдірайымов Б.Ж. Экологиялық зиян: сипаттамасы, денсаулыққа əсері, сот арқылы өтелуі. – Алматы: Юрист, – 112 б.
- Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі. – Алматы: ЮРИСТ, – 172 б.
- Күлтелеев С.Т., Рахметов Е.Ш. Қазақстан Республикасының экологиялық құқығы: Жалпы жəне Ерекше бөлім: оқулық. – Алматы: HAS, 2008. – 328 б.
- Еркінбаева Л.Қ., Айғаринова Г.Т. Қазақстан Республикасының Жер құқығы. – Алматы: Жеті жарғы,– 312 б.