Құқық жүйесі жəне заңнама жүйесі арақатынасының мəселесі ұзақ уақыт бойы заң ғылымында өзекті жəне пікірталасқа толы болып келеді. Дəстүрлі түрде құқық жүйесі мен заңнама жүйесінің арақатынасы туралы мəселе қойылады. Соңғысының кең немесе тар мағынада қарастырылуына байланысты бірнеше анықтамасы бар. Тар мағынады – бұл заңдар жүйесі, ал кең мағынада – заңдар жəне заңға тəуелді нормативтік актілер жүйесі. Екі жағдайда да басқа құқық қайнар көздеріндегі құқықтық нормалардың үлкен бөлігі қарастырылмаған. Мысалы, нормативтік шарттар, құқықтық əдеттер, сот прецеденті. Өкінішке орай, мұндай көзқарас кең таралған болып келеді.
Қазақстандық құқықтық жүйе құқықтың басты қайнар көзі ретінде нормативтік-құқықтық акт болып табылатын романо-германдық құқықтық жүйеге жатады. Сондықтан «құқық қайнар көздерінің жүйесі» ұғымы «заңнама жүйесі» ұғымымен алмастырылды,ал құқық қайнар көздерінің мəселелері – құқық жүйесінің жəне заңнама жүйесінің арақатынасы мəселесімен алмастырылды.
«Құқық қайнар көзі» ұғымының өзі көпмағыналы, оның түсінігінде қоғам өмірінің материалдық жағдайлары да, нормалардың заңи міндеттелігінің негіздері де, құқықты оқытудың қайнар көздері де жатыр. Зерттеліп отырған бағытта құқықтың қайнар көзі құқықтың нысанын білдіреді. Əрине, идеалды түрде құқық нормасы нормативтік-құқықтық актілерде бекітілуі керек, бірақ құқықтық норманың туындауы, өзгеруі жəне рəсімделуі өзіне тəн табиғи заңдылықтарға бағынады. Бізге белгілі, мемлекет нормативтік-құқықтық актілерді шығару арқылы құқық шығармашылық процесін аяқтайды. Бірақ бізге құқық қайнар көздерінің түрлерін атап өту ғана емес, сонымен қатар олардың иерархиясын құру маңызды, өйткені құқық нормасының қозғалысы қарапайым қайнар көздерден жетілдендірілгендерге дейін жүзеге асырылады. Біздің ойымызша, құқық жүйесінің заңнама жүйесіне толығымен сəйкес келу жағдайының болуы мүмкін емес, өйткені құқықтық нормалардың генезисінің объективті сатылары бар. Сонымен қатар құқықпен реттелетін қоғамдық қатынастардың өзгеруі нəтижесінде құқықтың да өзгеруіне əкеп соғады, яғни құқық нормаларының туындауының, өзгеруінің, жойылуының ішкі процестері жүйеде шексіз болып келеді жəне жүйенің тіршілік етуінің жəне дамуының бір жағдайы болып табылады.
Су құқығы жүйесі жəне су заңнамасы жүйесі арақатынасын анықтау құқық жүйесі мен заңнама жүйесінің арақатынасының жалпы теориялық мəселесін шешпей мүмкін емес.
Жалпы теориялық көзқарасы жағынан ғылымда жалпы алғанда құқық жүйесі мен заңнама жүйесінің арақатынасын зерттеудің жолдары бар. Мысалы, қазіргі күнде екі жүйенің де болуы, олардың өзара ұқсастықтарының жəне айырмашылықтарының болуы даусыз болып келеді. Құқықтық нормалар жəне олардың өзара байланысты институттар мен салалардағы бірлігі əрекет етуші заңнамамен, сонымен қатар кодификацияланған актілермен де толығымен сəйкес келмейді. Құқық жəне заңнама жүйелерінің мұндай сəйкес келмеуі біріншісінің негізінде құқықтық нормалардың жүйесінің жатуы, ал екіншісінде нормативтік-құқықтық актілердің жатуы түсіндіріледі. Бұл жағдайда құқық жүйесі мазмұнның құрылымы ретінде бастапқы, ал заңнама оның нысаны ретінде екінші болып келеді. Бірінші жүйе кодификациялаусыз немесе нормативтік материалды жинақтаусыз құрылады, өйткені құқықтық нормалардың актілерге орналасқанына қарамастан олардың саласы өзгермейді. Құқық жүйесі заңнама кодификацияланбаған жерде тіршілік етеді, ал құқық саласы – кодекстер жоқ жерде. А.В. Мицкевичтің айтуы бойынша, ешқандай кодификация, құқық жүйесімен сəйкестендірілсе де толығымен бұл жүйені қамти алмайды [1, 191]. Бірақ құқық жүйесі, яғни оны құрушы нормалар оларды бекітетін нормативтік актілерден ерте пайда болады деген тұжырымдар дұрыс болмас. Құқық жүйесі мемлекеттің заңшығарушылық қызметі нəтижесінде қалыптасады жəне белгілі бір заңнама жүйесі шегінде тіршілік етеді. Бұл жерде заңнама жүйесі құқық жүйесіне қатысты бірінші болып келеді.
Құқық жүйесі мен заңнама жүйесінің сəйкес келмейтіндігін айта отырып, көптеген ғалымдар олардың тығыз арақатынасын жəне өзара байланысын, зерттеліп отырған жүйелердің ортақтығын дұрыс атап өткен. Шынында, бір жағынан, құқық нормасы өзінің құқықтық ресімдеуінсіз, яғни заңнамадан тыс тіршілік ете алмайды. Басқа жағынан, құқықтық акт заңнама жүйесіне жатқызылады, өйткені ол құқықтық нормадан тұрады, яғни құқық нысаны өзінің мазмұнынан бөлек бола алмайды. Бұдан басқа актінің нысанының өзі бірқатар жағдайларда оның құрамдас нормаларының ерекшеліктеріне негізделген. Сонымен, жүйелердің басты сипаты олардың мазмұны, қоғамдық қатынастарды реттеу сипаты болып табылады. Сондықтан көп жағдайларда жинақталған құқықтық нормалардың пəні ретінде құқық саласы сол белгілер бойынша қалыптасқан заңнама жүйесіне сəйкес келеді. Құқық жүйесі мен заңнама жүйесі соншалықты тығыз байланыста, оларды тек қана бірге қарастыру керек.
Құқық жүйесі мен оның сыртқы нормативтікқұқықтық актілерде бекітілуінің арасындағы арақатынасты дұрыс бекіту бұл теориялық жəне тəжірибелік міндет болып табылады. Оны тиісінше шешу актілердің қолжетімділігіне, олардың дұрыс қолданылуына, заңдылықтың нығаюына жəне қоғамды басқарудағы реттеушіліктің жəне тəртіптің жетілдірілуіне септігін тигізеді [2, 110-113].
Қазақстан Республикасының су құқығы – біздің құқықтық жүйеміздің бөлінбес құрамдас бөлігі ретінде жаңа ұлттық мемлекеттілігіміздің құрылуы жəне дамуымен бірге ол туындап, дамып, нығая түсті [3].
Қазақстан Республикасының су құқығы өзінің дамуында үш басты кезеңнен өтті. Бірінші кезең, Ұлы Қазан революциясы мен Кеңес билігінің орнауынан бастап соцализмнің жеңісіне, Қазақ АКСР-нің кеңестік республикаға өзгеруі мен Қазақ КСР Конституциясының қабылдауына дейінгі кезеңді қамтиды. Бұл кезең Қазақ КСР су құқығының туындауы мен құрылу кезеңі болып табылады.
Екінші кезең соцализмнің жеңісі, Қазақ АКСР-нің кеңестік республикаға өзгеруінен бастап КСРО құлдыруына дейінгі кезеңді қамтиды.
Үшінші кезең Қазақстан Республикасының тəуелсіздік алғанынан бастап біздің күндерге дейінгі кезеңді қамтиды.
Бірінші кезеңде Қазақстандағы су қатынастары республиканың жəне КСРО, сонымен қатар РКФСР жəне Түркістан АКСР сəйкес құзыретті органдарымен қабылданған суқұқықтық актілермен реттелген. Бұл келесідей түсіндіріледі, Қазақ КСР Ресей Федерациясының, ал оның бірқатар облыстары (1924 жылға дейін) Түркістан КСР құрамында болды.
Екінші кезеңде Қазақ КСР су құқығы мықты заңи базаны иемденген еді. Ол 1937 жылғы Қазақ КСР Конституциясы негізінде дамып, жетілдіріле бастайды. Бұл кезеңде Қазақ КСР су құқығы кеңестік социалистік құқықтың басқа да салаларынан бөлектене бастайды. Су қатынастарының барлық салаларына өзінің ықпалын кеңейте, тереңдете отырып, ол жеке құқық саласы болды. Осының нəтижесінде республикалық су заңнамасының кодификациясы мəселесі туындап, сəтті шешіледі [4, 175-177].
Үшінші кезеңде су құқығы Қазақстанның тəуелсіздік алуынан кейінгі жаңа нарықтық кезеңде дамуын қамтиды.
Алғашқы Қазақ КСР Су кодексі 1972 жылы қабылданды: сөзсіз, ол қазақстандық су құқығының үлкен прогресін бейнелейді. Оның мазмұнында барлығы дерлік сол заманның кезеңіне жаңа болды. «Су объектісі» түсінігі жəне «су» заңи категориясы, су пайдалану түрлері жəне су объектілерін пайдалануға беру тəртібі, шаруашылық ауыз су су пайдаланудың басымдығы жəне суды ластаудан, қоқыстанудан, сарқылудан жан-жақты қорғау. 1972 жылғы Су кодексінің негізінде қалыптасқан су құқықтық қатынастарының жүйесі Қазақ КСР жалпы экологиялық құқықтық қатынастар жүйесінің құрамына енгізілді жəне дұрыс қызметін атқарды [5, 4].
1991 жылы экологиялық жəне су заңнамасы Кеңес Одағының заңнамасы негізінде құрылған. Су ресурстарын ластаудан, қоқыстанудан, сарқылудан қорғау бойынша нысаналы мемлекеттік декларациялар КСРО жəне Қазақ КСР су заңнамасының негіздерінің қабылдануымен пайда болды. Сол уақытта 1972 жылғы Қазақ КСР Су кодексі əрекет етті [6]. Қазақ КСР Су кодексінің 4-бабында жалпы халықтық игілік ретінде суға айрықша мемлекеттік меншік бекітілді, ал 32-бабында су объектілерін тұрғындардың қажеттіліктеріне беру басымдығы бекітілді [7, 44].
Қазақстан Республикасының су қатынастары саласында заңнама базасы ретінде 1993 жылғы Су кодексі болды [8]. 1993 жылғы Су кодексінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің жəне Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары бойынша комитетінің құзыреттері қарастырылған [7, 45].
1993 жылғы Су кодексінің қабылданған уақыттан бастап мемлекетте экономикалық, экологиялық, құқықтық жəне əлеуметтік қатынастарды реттейтін негізгі заңнамалық актілер қабылданды, оларға Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (жалпы жəне ерекше бөлімдер) [9], Əкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Қазақстан Республикасының кодексі [10], Қазақстан Республикасының Салық кодексі [11], «Қоршаған ортаны қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңы [12] жəне т.б.
Жоғарыда аталған өзгерістерден кейін Су кодексі жаңа редакцияда жасалды. Жасау барысында Қырғызстан, Тəжікстан, Өзбекстан, Ресей, Франция секілді мемлекеттердің құқықтық актілері жəне су құқығының халықаралық нормалары талданды.
2003 жылдың 9 шілдесінде қабылданған Қазақстан Республикасының Су кодексі нарық жағдайларында су қатынастарының жаңа даму кезеңін сипаттайды [13]. Су кодексінің қабылдануы қазіргі уақытта мемлекеттің су шаруашылығында қалыптасқан жағдай мен сол саладағы ескірген заңнама арасындағы қайшылықтарды шешуге мүмкіндік берді.
Бірақ Су кодексінде алдыңғы кодекстің негізін салушы қағидалар сақталған. Атап өтетіні, су қоры, яғни барлық су объектілері жəне оларда орналасқан сулар мемлекеттің Конституциясында көрсетілгендей айрықша мемлекеттік меншікте. Олар: өзендер; теңестірілген каналдар; көлдер; мұздықтар; жер асты сулары; Каспий жəне арал теңіздерінің территориялық сулары.
Сонымен қатар Су кодексінде су қорын басқарудың бассейндік қағидасы сақталған, бірақ бассейндік су шаруашылық басқармаларының құқықтары мен өкілеттіктері күшейтілген.
Гидромелиоративтік жүйелерді басқаруды жетілдіру мақсатында 2003 жылдың 8 сəуірінде «Су пайдаланушылардың селолық тұтыну кооперативi туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданды [14].
Су қатынастары, сонымен қатар 2004 жылы қабылданған «Ішкі су көлігі туралы» Қазақстан Республикасының заңымен [15] реттеледі. «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту жəне пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңына [16] сəйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі 2012 жылдың 7 наурызында «Балық ресурстары мен басқа да су жануарларын, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеу мен тыйым салуды енгізу, оларды пайдалану орындары мен мерзімдерін белгілеу туралы» № 303 қаулысын [17] қабылдады. Сондықтан қазіргі уақытта оларды талқылау мен қолдануды жаңа Қазақстан Республикасының Су кодексі ережелерімен сəйкестендіру керек. Сонымен, су заңнамасының жаңаруы өзімен шектес су биоресурстары бойынша заңнамасының өзгеруіне себепші болды.
Ең бастысы, жаңа заңнаманы талдау жəне оның дамуының динамикасы су құқығының қайнар көзі ретінде Қазақстан Республикасының Су кодексі ғана емес екендігіне көз жеткіземіз. Су заңнамасы Қазақстан Республикасының Су кодексі шеңберінен шығып кеткен жəне қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Су кодексінің ережелерін дамытатын жəне қазақстандық заңнама жүйесінде жеке орын алады.
2003 жылғы Қазақстан Республикасының Су кодексі жəне соның негізінде қабылданған заңдар тəжірибе қажеттіліктері үшін су құқығы жүйесінің жекелеген бөліктерін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл үшін құқық жүйесінің жалпы мəселелері бойынша теорияшылдардың зерттеу нəтижелерін жəне ұғымдар аппаратын тарту қажет.
Мемлекет жəне құқық теориясында құқық жүйесіндегі салаларды бөлудің жəне құқық саласы шегіндегі құқықтық категорияларды бөліп шығару белгілері анықталған [2, 116].
1993 жылғы Қазақстан Республикасының Су кодексінде де, 2003 жылғы Қазақстан Республикасының Су кодексінде де «су қатынастары» ұғымы қолданылады. Жаңа Су кодексінің баптарында су қаныстарының анықтамасы берілмеген. Бірақ Су кодексіндегі терминдік аппаратқа сүйене отырып, су қатынастарын су объектілерін зерттеу, пайдалану, қорғау жəне қалпына келтіру саласындағы қатынастар деп анықтауға болады.
Заң ғылымында су заңнамасымен реттелетін қатынастарды су құқықтық қатынастар деп атайды жəне жер, тау-кен, орман, жануарлар дүниесі қатынастарымен салыстырылады [18, 10].
Су құқығында бұл қатынастар су қорын пайдалану жəне қорғау саласында, су қорын жəне су шаруашылық жүйелерді басқару саласында, сумен қамтамасыз ету саласында, гидромелиоративті жұмыстар жəне су шаруашылық жүйелердің жəне құрылғыларының қауіпсіздігі бойынша жұмыстарды жүргізу саласында жəне т.б. су қатынастары саласында қалыптасады.
Бұл кең қоғамдық қатынастардың жиынтығында өзінің көлемі жағынан шағын топтар бөлініп шығады, олар сəйкес құқық саласының институттарының құқықтық реттеу пəні ретінде қарастырылады. Құқық институтының жалпы теориялық зерттеулері құқық институтының келесідей белгілерін көрсетеді: біріншіден, өзінің оқшау реттеу пəні бар жеке əрекет етуші құқықтық құрылым; екіншіден, жүйенің басқа да элементтерімен өзара əрекет ете алады; үшіншіден құқық институтының негізгі белгісінің бірі, оның ішкі реттілігі жəне бөлінбейтіндігі. Бұл дегеніміз құқық институтын құрушы нормалар тек қана бір қоғамдық қатынастарды реттей алады. Бұл құқықтық категорияның мұндай ерекшелігі жекелеген норманы емес, институтты кез келген құқықтық жүйенің негізгі элементі ретінде санауға мүмкіндік береді [2, 116-117].
Қазіргі жағдайда су құқығының ауқымды құрамдас бөліктері ретінде су құқығының түсінігін, қағидаларын, қайнар көздерін жəне су қатынастарын, су ресурстарына меншік құқығын, су пайдалану құқығын, су қорын пайдалану жəне қорғау саласындағы мемлекеттік реттеуді, су пайдаланудың ұйымдастырушылыққұқықтық механизмін, су даулары мен Қазақстан Республикасының су заңнамасын бұзған үшін жауапкершілікті, сонымен қатар су объектілерін жəне су шаруашылық құрылғыларды əртүрлі нысаналы пайдалануды бекітетін нормалар аталған. Бұл нормалар ғылыми жəне оқу əдебиеттерінде су құқығының институттары ретінде анықталған.
Бірақ қоғам жəне болып жатқан процестер бір орында тұрмайды. Қоғамдық қатынастардың құрылған жəне тұрақты топтары үнемі қозғалыста жəне дамуда болады. Қоғамның дамуы нəтижесінде заңнама да жетілдіріледі. Белгілі бір уақытта қажет болған заңи норма, уақыт өте келе ескіріп, дамушы күштің орнына тежеуіш болуы мүмкін.
Құқықтық институт шеңберінде құқықтық реттеу объектісі жəне оған сəйкес құқықтық нормалар статикалық жағдайда болуы мүмкін емес. Олардың дамуының динамикасы құқық институттарының кеңеюіне емес, олардан жаңа институттардың бөлінуіне əкеледі. Бұл процесс барлық құқық салаларына заңды [2, 117-118].
Су-құқықтық нормалары бар жəне оларға сəйкес құқықтық рəсімдеу беретін заңнама жүйесін қарастырайық. Қазіргі кезде қалыптасқан су заңнамасының жүйесі – бұл тармақталған құқықтық құрылым. Оның ерекшелігі, ол заң нысаны бар нормативтікқұқықтық актілерден тұрады. Бұл актілер сан алуан. Бірақ олар кездейсоқ жиынтық емес, институттарға біріккен нормативтік актілердің бірыңғай жиынтығы.
Су құқығына келетін болсақ, айта кететіні, бұл жерде құқық жүйесі мен заңнама жүйесінің арақатынасының қағидалары ерекше əрекеттеседі. Ең алдымен, су құқығының жүйесі атауы заңнама саласына сəйкес келеді.
Су құқығыжүйесімен су заңнамасыжүйесінің арақатынасын талдаудан келесідей қорытынды жасауға болады: мұндай арақатынастың ең тиімдісі олардың институттарының сəйкестігі. Бұл дегеніміз су құқығының əрбір институты су заңнамасы институтында көрініс табу керек. Бұл жерде теориялық проблеманың тəжірибелік мəні көрініп тұр.
Əдебиеттер
- Мицкевич А. В.Правотворчество в СССР. – М.: Юридическая литература, 1974. – 313 с.
- Лукьянова Е.А. Закон как источник советского государственного права. – М.: Издательство МГУ, – 152 с.
- Мукашева А.А. Становление развитие водного права Республики Казахстан // Государство и право. – 2008. – №2 (39).
- Байсалов С.Б. Водное право Казахской ССР. – Алма-Ата, 1966. – 396 с.
- Боголюбов С.А. Комментарий к Водному кодексу Российской Федерации. – М.: Юстицинформ, 1997. – 36 с.
- КазССР. Водный кодекс от 27 декабря 1972 года. – Алма-Ата: Кайнар, 1973. – 180 с.
- Мукашева А.А. Теоретические и методологические проблемы водного права Республики Казахстан в современных условиях: дис. док. юрид. наук. – Астана, 2010. – 295 с.
- Водный кодекс Республики Казахстан от 31 марта 1993 года №2061XII // http://adilet.zan.kz
- Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (жалпы жəне ерекше бөлімдер) // http://adilet.zan.kz
- Əкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы №155 Кодексі // http://adilet.zan.kz
- Салық жəне бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 10 желтоқсандағы №99-IV кодексі // http://adilet.zan.kz
- Қоршаған ортаны қорғау туралы Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 15 шiлдедегi №160 заңы. // http://adilet.zan.kz
- Қазақстан Республикасының Су кодексі 9 шілде 2003 жыл // http://adilet.zan.kz
- Су пайдаланушылардың селолық тұтыну кооперативi туралы Қазақстан Республикасының 2003 жыл 8 сəуірдегі заңы // http://adilet.zan.kz
- Ішкі су көлігі туралы Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шілдедегі заңы // http://adilet. kz
- Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту жəне пайдалану туралы Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі заңы // http://adilet.zan.kz
- Балық ресурстары мен басқа да су жануарларын, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеу мен тыйым салуды енгізу, оларды пайдалану орындары мен мерзімдерін белгілеу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі 2012 жылғы 7 наурыздағы № 303 қаулысы // http://adilet. kz
- Сиваков Д.О. Водное право: учебно-практическое пособие. – М.: Юстицинформ, 2007. – 264 с.