Құқық шығармашылығы құқықтық реттеу жүйесінде негізгі бір орталықты алады. Ол қоғам өміріне қажет нормаларды өмірге əкеліп, кемшілік тұстары барларын өзгертіп, уақыты жеткенін жаңарта отырып, барлық қоғамдық, мемлекеттік институттардың құқықтық негізін жасайды.
Құқық шығармашылығы мемлекеттік құқықтың жəне оның жеке салаларының дамуын жəне жетілуін қамтамасыз етеді, халықтың еркін көрсететін тəртіп ережесін жасауды білдіреді. Құқық шығармашылығының түпкі нəтижесі болып құқықтық нормалардың мəтінінде көрініс тапқан жаңа (өзгертілген немесе нақтыланған) ережелер табылады. Тиісінше ол тікелей мағынада нормативтік-құқықтық актілерде көрініс тапқан, қоғамдық қатынастарды реттейтін құқықтық нормалардың жүйесін жасау ретінде, нəтижесі қоғамда əрекет етуші құқықты белгілеу болып табылатын қызмет ретінде анықталады. Бұл қызмет Қазақстанда уəкілетті органдармен жəне Қазақстан халқымен (референдумда) жүзеге асырылады. «Нормативтікқұқықтық актілер туралы» ҚР заңында құқық шығармашылығын жүзеге асыратын уəкілетті органдардың мазмұны ашылған. Яғни уəкілетті орган – Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда, сондай-ақ сол органдар мен лауазымды адамдардың құқықтық мəртебесін айқындайтын заңнамада белгіленген өз құзыретіне сəйкес нормативтік-құқықтық актілер қабылдауға хақылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен лауазымды адамдары (ҚР Президенті, ҚР Парламенті, ҚР Үкіметі, ҚР Конституциялық Кеңесі, ҚР Жоғарғы Соты, ҚР Орталық сайлау комиссиясы, орталық атқарушы органдар, жергілікті өкілді жəне атқарушы органдар, ҚР Ұлттық Банкі, өзге де мемлекеттік органдар) [1, 1-бап 15-тармақша]. Олардың қабылдайтын нормативтік-құқықтық актілері – бұл құқықтық нормаларды белгілейтін, олардың қолданылуын өзгертетін, тоқтататын немесе тоқтата тұратын жазбаша ережелердің жиынтығы, ресми құжат. Аталған уəкілетті органдардың құқық шығармашылығы қызметі заң негізінде жəне оны орындау үшін жүзеге асырылады. Олардың құқық шығармашылығы қызметінің бағыты мынада: нормативтік-құқықтық актілерін қабылдау арқылы қоғамдық қатынастарды құқықтық жолмен реттеу.
Қазақстанда құқықты жасайтын негізгі əлеуметтік-саяси күш ретінде мемлекеттік билік танылады. Мемлекеттік билік – құқықтың қалыптасуының тікелей қайнар көзі. Ол мемлекеттің тікелей өзімен немесе өкілеттік беру арқылы тұрғылықты халықпен жүзеге асатын қоғамдық биліктің бір түрі болып табылатындықтан, нақ осы мемлекеттік билік құқық нормаларының пайда болуының тікелей факторы ретінде танылады. Кейбір жағдайларда (м/ы референдумда) мемлекет құқық нормасын жасауды тікелей халыққа береді. Алайда халықтың референдум арқылы құқық нормасын қабылдауы мемлекеттің қатысуынсыз болмайды. Демек, мемлекет өз халқымен бірге құқық шығармашылығының əлеуметтік субъектісі, ал оның қызметі құқық шығару қызметінің тікелей қозғаушысы болып табылады.
Құқық шығармашылығы қызметі негізінде экономикалық жəне өзге қоғамдық қатынастар заңды нормалар түрінде көрініс табады. Мемлекет (референдум жағдайында халық) осы қатынастарды құқықтық қатынастар ретінде рəсімдейді, дамуына əсер етеді. Құқық шығармашылығы қызметі арқылы экономикалық жəне өзге де қоғамдық əлеуметтік қатынастар жалпы құқықтық қатынастарға айнала отырып, қайтадан басқа жаңа əлеуметтік қатынастарға əсер ету үшін құқықтық нормаларда бекітіледі. Қандай да бір əлеуметтік қатынастардың, қоғамдық дамудың мұқтаждықтарының анықталуы, оларды құқықтық реттеудің қажеттілігінің пісіп-жетілуі құқық шығармашылығының басталуына себеп болады.
Құқық шығармашылығы – бұл мемлекеттің жалпы заңи реттеу, пісіп-жетілген қажеттіліктерді құқықтық нормаларға айналдыру арқылы заңдық нормаларды қалыптастыру жөніндегі қажеттіліктерді тануы, мойындауы. Мұндай қажеттіліктерді тани отырып, мемлекет тиісінше актілердің қабылдануын анықтайды. Мемлекетпен, оның органдарымен қабылданған нормалар ғана жалпыға міндетті ереже сипатында болады, мемлекеттің мəжбүр етушілік күшімен қорғалады. Референдум арқылы құқық шығармашылығын қоспағанда құқықты жасау – бұл мемлекет органдарының нормативтік құқықтық актілерінің жобасын жасау, өңдеу, қабылдау, жариялау жөніндегі қызметі. Мұны Конституциядан, Парламент, Үкімет, орталық атқарушы органдар туралы, т.б. заң актілерінен көруге болады.
Тұрғылықты халықтың мемлекеттің құқық шығармашылығына қатысуы қай кезеңнің болмасын негізгі мəселесі. Бүгінде халық құқық шығармашылығын тікелей референдум арқылы заң шығаруға қатысу, ерік білдіру арқылы жүзеге асырса, күні кешегі тарихымызда бұқараның референдумнан өзге, қоғамдық ұйымдардың қызметтері арқылы мемлекеттің құқық шығармашылығына кеңінен қатысқанын көреміз. Кеңес өкіметі кезінде қоғамдық ұйымдардың, нақты айтсақ, Бүкіл Одақтық Ленин Комсомол Жастар Одағының, кəсіподақтар мен ерікті қауымдардың, т.б. заң шығармашылығының бастамашысы ретінде болуы, ВЦСПС-тің нормативтік-құқықтық актілерінің жобаларын дайындау мен оларды бекітуге қатысуы, т.б. қоғамдық ұйымдардың құқық шығармашылығы əрекеттерінің кеңінен қолдау тапқандығы соншалық, қоғамдық ұйымдардың нормативтік актілер шығаруы ғылымда жалпы құқық шығармашылығының амалдарының бірі ретінде бекініп, ол құқық шығармашылығын анықтауға негіз болды. Ашып айтсақ, кеңес заңгері Ц.А. Ямпольская жəне т.б. кейбір ғалымдар құқық шығармашылығы деп нормативтік актілерді қабылдау жөніндегі мемлекеттік органдардың қызметін ғана емес,сондайақ мемлекеттің құқық шығармашылығына бұқараның қатысуының əртүрлі нысандарын (халықтың тікелей құқық шығармашылығы мен қоғамдық ұйымдардың жеке нормативтік актілерді шығаруын) анықтады [2. с.170-171]. Кеңес өкіметінде қоғамдық, саяси ұйымдардың құқық шығармашылығы олармен дербес жəне мемлекеттік органдармен бірге жүзеге асырылған.
Қазақстан халқын еркін заңға, жалпыға міндетті құқықтық нормаларға айналдыру – бұл тиісті қызметтің жалпы бағытын көрсететін жетекші, бастапқы идеялармен қатаң сəйкестікте, яғни белгілі бір қағидалар негізінде жүзеге асырылатын процесс. Мемлекеттің кез келген қызметі секілді құқық шығармашылығы да белгілі бір қағидалармен сəйкестілікте жүзеге асады. Оларды нақты атап айтсақ:
- құқық шығармашылығының демократиялығы;
- құқық шығармашылығының жариялығы;
- құқық шығармашылығының ғылыми негізділігі;
- құқық шығармашылығының заңдылығы;
- құқық шығармашылығының құқық қолдану практикасымен байланыстығы.
Қазақстан халқының референдум арқылы құқық шығармашылығы – Қазақстан Республикасының демократиялығының жоғары көрсеткіші. Қазақстанның құқық шығармашылығының мəнінің өзі халықтың еркі референдум тəртібімен жəне мемлекеттік органдардың құқық нормаларын белгілеу, өзгерту немесе жою жөніндегі қызметімен заңға, жалпыға міндетті жүріс-тұрыс ережесіне айналуында. Қазақстан халқы мемлекеттің құқық шығармашылығына тек референдум жолымен заң шығару арқылы ғана қатыспайды, сондай-ақ заң жобаларын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықтың талқылауы, құқық шығармашылығы қызметінің жүзегеасырылуының жариялылығы – мұның бəрі құқық шығармашылығындағы бұқара халықтың атқарар қызметін көрсетеді. Демек, Қазақстанның құқық шығармашылығының демократиялық деңгейін байқатады. Демократиялық қағидасы бұқара халықтың мемлекеттің құқық шығармашылығына қатысуының жолдары мен дəрежесін көрсетсе, жариялылық құқық шығармашылығы қызметінің көпшілік үшін ашық, қолайлы процесс екендігін белгілейді.
Құқық шығармашылығының кəсіпқойлығы қағидасы құқық шығармашылығының сапасымен, құқық шығармашылығы шешімін қабылдау жолдарының, тетігінің тиімділігімен тікелей байланысты. Мұндай қызметке заң жобасын жасау жөнінде кəсіптік білімі мен тəжірибесі бар жетік мамандар (заңгерлер, саясаттанушылар, т.б.) қатысулары тиіс. Жалпы, құқық шығармашылығының кəсіпқойлығы Парламент депутаттарының құқықтық сауаттылығының жоғары деңгейін қалыптастыру, құқық шығармашылығының тиімділігін көрсететін өлшемдерді ғылыми жетілдіру жəне т.с.с амалдар арқылы қамтамасыз етілмек. Құқық шығармашылығының кəсіпқойлығы қағидасының негізінде жобаланудағы құқықтық нормаға бұрынғы ұқсас ережелермен жəне өзге мемлекеттердің құқықтық жүйесімен, сондайақ қоғамдық өмірдің өзге де реттеушілерімен салыстармалы талдау жасау, тиісті құқық жүйесінің өзге де нормаларымен байланысын жəне өзара қатынасын анықтау секілді қажеттіліктер жүзеге асады.
Құқық шығармашылығының келесі қағидасы – құқық шығару процесінің ғылыми сапасын көтеру (ғылыми негізділігі) қағидасы. Бұл үшін қоғамның саяси, экономикалық, мəдениəлеуметтік жүйелерін жан-жақты зерттеп, олардың ғылыми тұрғыдан талаптарын анықтап, қорытынды тұжырымдар жасап, оны қалай сапалы заңға айналдыру жолдарын, бағыттарын белгілеу қажет. Ол үшін ғылыми тұжырымдарды тəжірибеден, тексерістен өткізіп алған абзал. Құқық шығармашылығы барысында туындайтын келесідей қажеттіліктер оның ғылыми негізділігінің нəтижесінде қамтамасыз етіледі: тиісті қоғамдық қатынастарды нормативтікқұқықтық реттеуге деген қажеттілікті білдіретін əртүрлі əлеуметтік факторларды зерттеу, құқықтық нормаларды қалыптастыру кезінде əлеументтік жəне ұлттық құрылымдардың,тұтастай алғанда қоғамның түрлі мүдделерін анықтау жəне мұқият ескеру, ғылымның, техника мен мəдениеттің жетістіктерін пайдалану, құқықтық нормаларды жасаудың ұйымдық нысандары мен процедураларын жетілдіру, т.с.с.
Құқық шығармашылығындағы заңдылық – құқық шығармашылығының келесі қағидасы. Жаңа қабылданатын нормалар Конституцияның талаптарына сəйкес өмірге келуі қажет [3. С.132]. Тек қана қабылданатын нормалар ғана емес, сондай-ақ оларды (нормативтік актілерді) дайындау, қабылдау жəне жариялау, яғни бүкіл құқық шығармашылығы процесі Конституция, заң шегінде, нақты талаптарға сəйкестікте жүзеге асырылуы керек.
Құқық шығармашылығының қағидаларының ішінде аталмай қалғаны – оның құқық қолдану практикасымен байланысты қағидасы. Бұл қағиданың мəні мынада деп айтуға болады: құқық қолдану практикасы құқық шығармашылығы қызметінің нəтижесі болып табылатын нормативтік-құқықтық актілерді өмірде жүзеге асыруға бағыттала отырып, құқық шығарушыға өз еңбегінің жемісін бағалауға, оның тиімділігі, сапасы туралы хабардар болуға, құқық шығару қызметін жетілдіріп отыруға көмектеседі. Құқық қолдану практикасымен байланыста ғана құқық шығарушы өзінің кемшіліктерін, қателіктерін анықтайды, құқық шығармашылығына деген қажеттік-мұқтаждықтарды ашады.
Құқық шығармашылығының бұл қағидалары белгілі бір қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеу негізінде халықтың еркін нормативтікқұқықтық актіге айналдырумен байланысты, нормативтік актілерді дайындау, шығару, өзгерту, жою процестеріне қатысатын органдар мен ұйымдардың қызметінің бастамаларын көрсететін категориялар, жетекші идеялар. Құқық шығармашылығының қағидаларын дұрыс анықтай отырып жəне олардың іс жүзінде жүзеге асуын қамтамасыз ету арқылы құқық шығарушы тиісті шығармашылықтың тиімділігін көтереді, құқық шығармашылығын ғылыми негіздейді. Аталған қағидалар, біріншіден, құқық шығармашылығының негізгі, объективті қажетті жақтарын көрсетеді; екіншіден, құқық шығармашылығы процесіндегі тұрақты заңи байланыстар мен қатынастарды сипаттайды; үшіншіден, өз мазмұнында құқық шығармашылығының нақты нышандары мен ерекшеліктерін қамтиды. Құқық шығармашылығының аталмыш қағидалары (демократиялығы, кəсіпқойлығы, заңдылығы, ғылыми негізділігі жəне құқық қолдану практикасымен байланыстығы) – қай уақыттың болмасын құқық шығармашылығының бастапқы, анықтаушы идеялары.
Кеңес өкіметі уақытында бұдан өзге де негізгі қағидалардың болғанын көруге болады. Əрине, олар – құқық шығармашылығына коммунистік партия тарапынан басшылық ету жəне Кеңестердің толық билік етуі қағидалары. Коммунистік партияның Кеңес заманындағы жетекшілік рөлі оның қоғамның қай саласында болмасын негізгі, анықтаушы, бастапқы жағдайын бекітті. Кеңес Одағы коммунистік партиясы халықтың еркін қалыптастыру жəне оны заңға айналдыруға əсер ете отырып, құқық шығармашылығының, заңдылық актілерінің дамуының негізгі бағыттарын анықтады. Коммунистік партияның съездерінде қабылданылуы керек актілер мен олардың мазмұны алдын ала анықталып, қоғам өмірінің белгілі бір саласында заңдылықты жетілдіру туралы тапсырмалар жасалды. Мысалы, Кеңес Одағы коммунистік партиясының ХХVІ съезінде заң актілерін əрі қарай жетілдіру бағдарламасы қойылды [4. С.313].
Коммунистік партияның құқық шығармашылығындағы жетекшілік, бағыттаушылық рөлі КСРО Конституциясының 6-бабында белгіленді, яғни Коммунистік Партия Конституциямен сəйкестікте жəне оның шегінде:
- заңдылықтың дамуының стратегиялық бағыттарын, оны қолдану практикасының негізгі жолдарын анықтайды;
- кеңестік құқықтық жүйе үшін негіз болатын маңызы бар негізгі заң шығармашылық, өзге саяси, мемлекеттік құқықтық шараларды өткізуге бастамашылық білдіреді;
- қоғамның шаруашылық, əлеуметтік, мəдени өмірінің негізгі мəселелері бойынша құзыретті мемлекеттік органдардың құқық шығармашылығы жұмыстарына тікелей қатысады [5], – деп реттелді.
Кеңестердің толық билігі қағидасы құқық шығармашылығы қызметіндегі Кеңестердің биліктерінің шексіздігін көрсетеді. Яғни өз уақытында Кеңестердің мемлекеттік өкіметтің жоғарғы органы ретінде танылуы, мемлекеттің қандай да болмасын мəселелерін шешу құдіреттілігі, жалпы одаққа, республикаға, əкімшілік-аумақтық құрылымдардың қарауына жатқызылған кез келген мəселені өз қарауына алатындығы, жоғары тұрған кеңес төменгі кеңестердің белгілі бір өкілеттіктерін өзіне алып, керісінше өзінің атқаруы тиіс мəселені төменгі кеңестерге беруі, Кеңес актілерінің тиісті аумақта сөзсіз орындалуы міндеттілігі мен жоғарылығы – Кеңестердің толық билігінің бір бөлігі, көрінісі.
Бұл соңғы екі қағида (құқық шығармашылығына коммунистік партия тарапынан басшылық ету, Кеңестердің толық билігі) қазіргі құқық шығармашылығы негізге алатын, сəйкестікте жүзеге асырылатын бастама, негіз болу қабілеттігінен айырылған.
Құқық шығармашылығы – құқықтық реттеу механизмінің негізгі, бастапқы сатысы. Мемлекет құқық нормасын жасай отырып, құқық қолданушы жəне құқық қорғаушы амалдардың барлық жүйесін əрекетке қосады жəне осылай жеке адамдардың, ұйымдардың, қоғамның дамуына əсер етеді. Оның нəтижесінде қоғамның санасы жəне мемлекеттің саясаты жүріс-тұрыс нормаларына айналады.
Əдебиеттер
- Нормативтiк-құқықтықактiлертуралы 1998 ж. 24 наурыздағы№ 213-1 Қазақстан Республикасының Заңы (2011.15.07. берілген өзгерістер жəне толықтырулармен)
- Ямпольская Ц.А. Общественные организации и развитие советской социалистической государственности. –М.: Юр. лит., – 197 с.
- Жоламан Қ.Д., Мұхтарова А.Қ., Тəукелов А.Н. Мемлекет жəне құқық теориясы. – Алматы: ҚазМЗУ баспа полиграфия орталығы, 1999. – 320 б.
- Теория государства и права. /под ред. С.С.Алексеева. –М.: Юр. лит. – 480 с.
- 3 Конституция (Основной закон) СССР 1977. –М.: Политиздат, 1980.