Мемлекет қылмыстық саясаттың бағытын қалыптастыру мен нысанын өзі құрастыратындықтан, қылмыстық саясаттың жүзеге асуы үшін де жауапты болады. Дайындалған заң актісін қабылдап, қолданысқа енгізудің жеткіліксіздігін тəжірибе баяғыда-ақ дəлелдеп берді. Сондықтан оларды жүзеге асыру механизмдері де нақты белгіленіп, нəтижесі талқыланып қылмыстық заңда бекітіліп отыруы шарт. Мұндай механизмдердің қатарында криминализация, декриминализация, сондай-ақ пенализация процестері бар.
Мемлекеттің қылмыстық саясаты қылмыстық заңда өз бейнесін табады дейтін болсақ, ол заңның қызметі Қазақстан Республикасында 1997 жылы 16 шілдеде қабылданып, 1998 жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі жүзеге асырады. Кодекс адам мен азаматтың, мемлекеттің мүдделерін қылмысты əрекеттерден қорғау, қоғамның қалыпты қызмет етуін қамтамасыз ету мен қылмыстылықтың алдын алу міндетінің қылмыстық заңға жүктелгені белгілі. Аталған міндетті жүзеге асыру үшін қылмыстық заң қылмыстылықты жою мен оның алдын алуда дер кезінде жауап беруге қабілет танытып, өз қызметін атқарады.
Дегенмен практика жəне ғылыми қызметкерлер тарапынан айтылған сындар нəтижесінде бұл заңға қазіргі уақытқа дейін көптеген өзгерістер енгізілді. Бұл жол мемлекеттің жүргізіп отырған қылмыстық құқықтық саясатымен тығыз байланысты. Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы Жолдауында еліміздегі қылмыстық құқықтық саясаттың негіздерін белгілейтін төрт іргелі кодексті жаңадан қабылдауды тапсырды, заңгерлер мен ғалымдар арасында бұл кодекстердің жобасы талқыланып жатыр.
Бұл дегеніміз, заң шығарушы қашан да қылмыстар қатарына жататын əрекеттер шеңберін үнемі нақтылап отырады дегенді білдіреді.
К. Маркс былай деп жазған: «...заң шығарушының шартсыз парызы – қылық (проступок) сипаты бар əрекеттердің барлығын жағдайларға байланысты қылмысқа айналдырмау». Əрі қарай «...əділетті заң шығарушы, ең алдымен, мұндай қылмыс болмаған əрекеттерді қылмысқа айналдырмас бұрын оны ең ауыр, ең күрделі жəне ең қауіпті іс деп тануы тиіс» деп толықтырады [1, 82 б.].
Осыдан барып қылмыстар қатарына жататын əрекеттерді анықтау мен белгілеуде (криминализация) заң шығарушы басшылыққа алатын принциптердің маңыздылығы шығады.
«Қоғамға қауіпті іс-əрекеттерді криминализациялау (декриминализация да солай) принциптері неғұрлым абстрактілі жəне жалпы ғылыми қамтамасыз ету деңгейі мен қылмыстық құқықшығарушылықтың негізділігін көрсетеді. Яғни қылмыстық заңның кез келген өзгерістері ғылыми тұрғыда негізделген жəне қылмыстық заңды құрастыру талаптарына (соның ішінде əлеуметтік шындықтың əртүрлі салаларымен байланысына) сай келген болуы тиіс [2, 71 б.].
Ал шын мəнінде криминализация (декриминализация) принциптері қылмыстық жауаптылықты белгілеудің (жоюдың) ережелері мен критерийлерін білдіреді.
Криминализация мен декриминализация процесі қылмыстық заңды қабылдаумен немесе өзгерістер мен толықтырулар енгізумен аяқталмайды, ол бір жолғы акт сипатында емес, əрқашан тұрақты түрде жүргізіліп отырады.
Қылмыстық заңнаманың даму тарихы бұрын қылмыс болып табылмаған іс-əрекеттерді қылмыстар қатарына жатқызуды немесе керісінше заң бойынша қылмыс деп танылатын іс-əрекеттерді қылмыстар қатарынан алып тастаудың көптеген мысалдарынан сыр шертеді. Себебі заң мəңгі емес, ол уақыт өткен сайын өзгеріп отырады. Мəселен, кеңестік жəне қазақстандық қылмыстық заңнаманы салыстыру кезінде екі заң арасында сəйкес емес тұстардың көптігі назар аудартады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің Ерекше бөліміндегі баптардың 30% -ға жуығы мүлде жаңа құрам болса, кеңестік кезеңдегі Қылмыстық кодекс баптарының 35 %дайықазіргізаңдакездеспейді. Тіпті, қазіргі қолданыстағы Қылмыстық кодекстің түпнұсқасында белгіленбеген қылмыс құрамдарының да саны уақыт өткен сайын қордаланып келеді. Осыған байланысты екі заң реттейтін қарым-қатынастарды құқықтық реттеудің ерекшеліктерінің болатыны заңды, яғни қылмыс құрамының жаңа белгілері енгізіліп, қылмыстың кейбір түрлерінің қоғамға қауіптілік дəрежесі өзгертіліп, заңдарға сəйкес туындаған мəселелерді шешуге ұмтылдырады. Осындай өзгерістер мен толықтыруларды енгізу немесе мемлекеттің қылмыстық құқықтық саясатын жүзеге асыру құралы ретінде криминализация жəне декриминализация əдістерін айтуымызға болады.
Н.И. Загородников мұны былайша түсіндіреді: «кейбір қоғамға қауіпті қатынастардың мазмұнының өзгеруі оларды қылмыстық құқықтық шаралармен қорғаудың қажеттілігі болмай қалуында» [3, 53 б.].
Бұл тұрғыда ҚР Қылмыстық құқығы саласының да даму бағыттарын 2002 жылғы тұжырымдамасында көзделген мақсаттарға сай жүргізілгенін айта кету керек. Қылмыстық заңнамамыздың басты міндеттері ҚР ҚК 2-бабында – адам жəне азаматтың құқықтары мен заңды мүдделерін, меншікті, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық тəртіп пен қауіпсіздікті қорғау жəне қылмыстардың, қылмыстылықтың алдын алу деп бекітілген. Ендеше қылмыстық заң – заңды бұзған адамдарды қылмыстық жауаптылыққа тартудың негізділігін қамтамасыз ететін басты құрал қызметін атқарады. Заңды қалыптастыру өте күрделі жəне жауапты мəселелердің қатарында, олар өз алдына зерттеуді қажет етеді. Өз кезегінде қолданыстағы заңдарды жетілдіру; жаңа өмірлік ахуалға сай келетін жаңа заңдарды қабылдау; заңшығарушылық қызметінің сапасын арттыру міндетін шешу қандай да бір заңды жаңадан дайындау мен қабылдау тəртібін қайта қараумен де байланысты десек, оның өзіндік себептері болуы шарт.
Декриминализация процесі тек қана өзіне тəн белгілерге «(критерийлерге) негізделмейді, криминализация процесіне қарама-қайшы. Сондықтан іс-əрекетті криминализациялауға негіз болатын белгілердің болмауы декриминализациялауға негіз береді, яғни іс-əрекеттің қылмыстық тəртіппен қылмыс деп танымау мен жазаланбайтындығына əкеледі.
Декриминализация екі нысанда жүзеге асырылуы мүмкін: іс əрекетті қылмыстар қатарынан толығымен алып тастау жəне оны заңды мінез-құлық деп тану; іс-əрекетті қылмыстар қатарынан ішінара алып тастау жəне оны басқа құқықбұзушылықтар санатына (əкімшілік, тəртіптік, азаматтық құқықтық) ауыстыру.
Декриминализация қылмыстық заңнамада қажеттілігі болмай қалған немесе өіршеңдігі болмаған құрамдарды қылмыстық құқықтық тыйымдардан арылтуға бағытталған, өйткені мұндай нормалардың қолданыстағы заңнамада болуы қылмыстық құқықтық саясаттың қылмыстық жазаның тиімділігі мен қылмыстық нормалардың əлеуметтік шарттылығы принциптеріне қайшы келеді.
Кеңестік əдебиеттер қылмыстық жауаптылық туындатпайтын барлық құқықбұзушылықтарды əкімшілік құқықбұзушылықтардың қатарына жатқызып, əкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі кодекспен реттеу қажет деген пікірлер келтірілді. Бұл пікірлермен келісу қиын, өйткені қылмыстан басқа құқыбұзушылықтарды бір топқа – əкімшілік құқықбұзушылықтарға жатқызу қиын. Құқықбұзушылықтарды əкімшілік, тəртіптік, азаматтық-құқықтық деп түрлерге бөлу өз-өзін əлдеқашан ақтап, өміршеңдігін танытып қойған. Олардың əрқайсысының жауапкершілікке тарту бойынша сұрақтарды шешкенде өзіндік ерекшеліктерге ие. Оның үстіне, əкімшілік құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың əлеуметтік құқықтық мəні де сəйкес келмейді.
Сонымен бірге қылмыстар мен əкімшілік құқықбұзушылықтар ұғымдарымен бірге қоғамдық ұйымдар алдында жауапкершілік туындататын антиқоғамдық қылықтар ұғымын енгізіп, олардың тізімін арнайы ноормативтік актіде көрсету керек деген де пікір айтылады [4].
Кейбір теоретиктер мен практиктер қылмыстар қатарынан «қылмыстық қылықтарды» ажыратып, қылмыстық қылықтар кодексінде біріктіру керек дейді. Бұл бағыттың қарсыластарының бірі И.М. Гальперин былай дейді: «Біздің ойымызша, қылмыстық қылықтар кодексін қабылдаудың қажеті жоқ. Іс жүзінде тиісті құқықбұзушылықты қалай атау емес, одан туындайтын заңдық салдарда. Қылмыстық кодекске «қылмыстық қылықтарды» енгізу, шын мəнінде, тек қана терминологиялық сипатының өзгеруін ғана білдіреді, өйткені елеулі емес жəне қоғамға қауіптілігі үлкен емес қылмыстардың болуы оларды істегендерге неғұрлым жеңіл жаза қолдануды, тіпті, қылмыстық жауаптылықтан босатуды білдіреді. ҚК-ке қылмыстық жауаптылықсыз «қылмыстық қылықтарды» енгізу қылмыстық заңнама негіздерінің 1-бабына да тікелей қайшы. «Қылмыстық қылықтар туралы» кодексті қабылдау идеясы да негізсіз» [5,66 б.].
Қазіргі уақытта барлық құқықбұзушылықтар екі үлкен топқа бөлінген: қылмыстық жауаптылық туындататын жəне қылмыстық жаза қолданатын құқықбұзушылықтар жəне басқа да құқықбұзушылықтар (əкімшілік, тəртіптік, азаматтық-құқықтық жəне т.б.) бұл криминализация принциптеріне сай жүргізілетін бөліну.
Қандай да бір қылмысты толығымен декриминализациялағанда қылмыстық құқықтық саясатта қиындықтар туындамайды, қылық (құқықбұзушылық) қылмыс болудан қалады да басқа құқықбұзушылықтар санатына өтіп кетеді. Əрине, мұндай қылық «қылмыс» бола алмайды, оған қылмыстық заңнамада ешқандай орын жоқ.
Қиындық мына жағдайда туындауы мүмкін, егер заң шығарушы қандай да бір əрекетті қылмыстық жазаланатын əрекет деп тани отырып, тиісті мемлекеттік органдарға белгілі бір жағдайларда аталған қылмыстары үшін кінəлі адамдарды қылмыстық жауаптылықтан босатуға, оны əкімшілік жауапкершілікпен немесе қоғамдық ұйымдар алдындағы жауапкершілікпен алмастыруға құқық береді.
Мұндай жағдайда адамның жасаған əрекеті қылмыс пен қылмыс еместіліктің арасында тұрады. Заң бойынша ол қылмыс болып табылса жəне ол үшін қылмыстық жаза тағайындалмай, ол үшін əкімшілік мəжбүрлеу немесе қоғамдық ықпал ету шаралары қолданылса мұндай əрекет қылмыс болмайды деген сөз емес. Дегенмен мұндай əрекеттер мен қылмыстық жаза бірден тағайындалатын қылмыстар арасындағы айырмашылықты көрмеу мүмкін емес. Сондықтан заң шығарушы əкімшілік қылықтар мен қылмыстардың айырмашылығын нақты көрсетіп, іс бойынша нақты шешімді дəл көрсетіп қоюы шарт.
Заңнамада қылмыстық жауаптылық əкімшілік жауаптылықпен ауыстырылатын жағдайлар нақты көрсетілген. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 9-бабының 2-бөлігінде көрсетілген: «Осы Кодекстің Ерекше бөлімінде көзделген қайсыбір əрекеттің белгілері формальды болса да бар, бірақ елеулі маңызы болмағандықтан қоғамдық қауіпті емес, яғни жеке адамға, қоғамға немесе мемлекетке зиян келтірмеген жəне зиян келтіру қаупін туғызбаған іс-əрекет немесе əрекетсіздік қылмыс болып табылмайды» деген нормасына сəйкес қоғамға қауіптілігі елеулі емес қылмыстарға қандай қылмыстар жататындығын анықтаудың критерийлері мен тізімі белгіленбеген. Бұл өз кезегінде құқық нормаларын қолдануда қиындықтар туғызып, істі тəжірибеде шешуде қателіктерге жол ашуы мүмкін.
Тағы бір дəлел, əдебиеттерде əкімшілік қылықтар мен қылмыстарды сандық жағынан емес, сапалық жағынан ажыратылатыны келтірілген. Əкімшілік қылықтар немесе құқықбұзушылықтардың қоғамға қауіптілік сипаты болғанымен, ол сипат қоғамға криминалдық қауіптілік қасиетін əкелмейді (бұл жайында ҚР ҚК-нің 9-бабында қылмыс ұғымын бергенде де айтылған) [6].
Қылмыстық саясаттың, қолданыстағы қылмыстық заңдардың тиімділігіне қол жеткізу үшін, соның ішінде қылмыстық заңдағы қылмыстар құрамын декриминализациялауды негіздеу үшін қылмыстар мен қылықтарды ажыратуға көмектесетін келесі белгілерді енгізуді ұсынамыз: 1) заң шығарушы қылмыстық жазадан басқа əкімшілік шаралар қолданылуы мүмкін құрамдарды Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінің барлық баптарының санкцияларында «...немесе əкімшілік ықпал ету қолданылуы мүмкін» деп нақты көрсету;
- Жалпы бөлімнің осындай шаралар қолданылуы мүмкін құрамдар тізбектелген бабында олардың Ерекше бөлімде тікелей көрсетілген жағдайында қолданылатынын бекіту;
- ҚР Қылмыстық кодексінің Жалпы бөлімінде қоғамға қауіптілігі елеулі емес қылмыстардың нақты тізімін анықтау; оны қылмыс құрамдарын жай ғана тізбектеу немесе оларды істегені үшін қолданылатын жазаның максималды шегін белгілеу жолымен көрсетуге болады.
Бұл бағыттар Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексін дайындау барысында міндетті түрде ескерілуі тиіс.
Сонда ғана Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасы Қазақстанның мемлекеттілігін қамтамасыз ететін құрал ретінде танылу бағытында қызмет етуін жаңа Тұжырымдама аясында да жалғастыратынына жəне қылмыстылық деңгейі төмен қоғам құру мақсатына сай келу жолында қызмет етіп, халықаралық деңгейге мемлекеттік жəне қоғамдық институттардың мүмкіндігін танытып, қылмыстық саясатты анықталған даму бағыттарына сүйеніп жүргізуіне жол ашылады.
Əдебиеттер
- Курляндский В.И. Уголовная политика, дифференциация и индивидуализация уголовной ответственности.– В кн.: Основные направления борьбы с преступностью. – М.,
- Злобин Г. А. Основания и принципы уголовно-правового запрета.– Советское государство и право. – 1980. – №
- Загородников Н. И. Советская уголовная политика. – М., 1987.
- Гарбуз А.Д., Сухарев Е. А Кодификация законодательства об ответственности за проступки.– Советское государство и право, 1979, № 9, с. 122-123; Курляндский В.И. Неотвратимость наказания в борьбе с преступностью. – Советское государство и право. – М., 1972. – №
- Гальперин И.М. Социальные и правовые основы депенализации. –М., 1978.
- Центр исследования правовой политики ноябрь 2010 г. Электронная версия документа доступна на вебсайте http://www.zakon.kz/190761-administrativnaja-prejudicija-i.html