Мал шаруашылығы қазақ үшін жат шаруашылық емес. Ата-бабамыз ерте кезден бері отырықшы мал шаруашылығымен айналысқан. Мал өсіру күн-көрістің негізгі көзі болған, басқаша айтқанда, азық-түлігі мал өнімдерімен қамтамасыз етіліп отырған. Ал қазіргі кездегі қазақтардың азық-түлігі немен қамтамасыз етіліп отыр, оның сапасы қандай? Осындай мал шаруашылығының даму тарихымен аграрлық сала, оның ішінде мал шаруашылығы, ел экономикасының локомотиві болуы үшін барлық мүмкіндіктер бар. Мал шаруашылығы ауыл шаруашылығының мал өнімдерін өндіру үшін мал өсірумен айналысатын саласы. Мал шаруашылығы халықты азық-түлікпен жеңіл жəне тамақ өнеркəсіптерін шикізатпен (жүн, тері, ет өнімдері қалдықтары, т.б.) ауыл шаруашылығы өндірісін күш-көлік жəне тыңайтқышпен қамтамасыз етеді. Мал шаруашылығы өнімдері мен оның қалдықтарынан мал азықтары, дəрідəрмектер мен биологиялық белсенді заттар алынады. Мал шаруашылығы салаларына сиыр, қой, ешкі, жылқы жəне түйе шаруашылықтары жатады. Ірі қара өсіру қоңыржай белдеудің табиғи жəне мəдени жайылымдармен жақсы қамтамасыз етілген орман, орманды дала, дала аймақтарында жақсы жолға қойылған.
Қазақстанның алдағы уақытта ДСҰ-ға кіретініне байланысты ауыл шаруашылық өнімдері мен өңделген өнімдердің отандық стандарттары халықаралық ережелерге сай болуына көп көңіл бөлініп отыр.
Мал дəрігерлік ғылымының алдында мал шаруашылығы өнімдерінің ветеринарлықсанитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз етумен байланысты мынадай екі маңызды мəселе тұр:
- мал шаруашылығының ветеринарлықсанитарлық деңгейінің əрдайым өсіп отыруына ықпал ету;
- денсаулыққа қауіп туғызатын заттар мен микроағзаларды анықтаудың оңай жəне арзан əдістерін жасау.
Азық-түлік қауіпсіздігі қай елдің болмасын тəуелсіздігінің, еркін дамуы мен халқының əл-ауқатының артуының кепілі болып табылады. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау арқылы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар жұмыcтар атқарылуда. Дегенмен, еліміздің агроөнеркəсіп кешенінің дамуына тереңірек талдау жасасақ əлі де шешілмей жатқан мəселелердің жеткілікті екенін аңғаруға болады. Мемлекет басшысы Н.Ə. Назарбаев 2012 жылғы 27 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту алдағы кездегі басты бағыттардың бірі екенін көрсете келе, елімізде ет өндірісінің экспорттық əлеуетін дамыту жөніндегі жобаны белсендірек жүргізу қажеттігін атап өтті. Ол үшін етті мал шаруашылығын дамытып, 2016 жылы ет экспортын 60 мың тоннаға жеткізуіміз керек. Бұл міндетті ойдағыдай орындаудың негізгі алғышарттарының бірі мал тұқымын асылдандыру болып табылады. Ғылыми негіздерге сүйенсек ет, сүт өнімдерін мол əрі сапалы өндіру үшін асыл тұқымды мал басының үлесі 30 пайыздан кем болмауы тиіс. Сапалы жəне арзан ет өнімдерін өндірудің алғышарттарының бірі мал өнімдерінің өзіндік құнының 40-45 пайызын құрайтын мал азығының берік жем-шөп қорын жасақтау болып табылады. Ол үшін жемдік астық дақылдарының көлемін ұлғайтып, елімізде мемлекеттік жемдік астық қорын жасақтап, мал азығының сапасы мен құнарлылығын арттыру үшін құрамажем өндірісін жолға қоюымыз керек. Етті ірі қара мал, қой мен жылқы шаруашылығын дамытып, арзан да сапалы, экологиялық таза мал өнімдерін өндіру үшін жыл сайын миллиондаған гектар табиғи жайылымды игеру қажет.
Нақ қазір біздің Үкіметтің негізгі міндеттерінің бірі – агроөнеркəсіпті, оның ішінде мал шаруашылығы саласын кешенді түрде дамыту болып тұр.
Жалпы, Үкіметтің «Мал шаруашылығын дамытпай, экономикамызды өркендете алмаймыз» деп үн қатуы мұң екен, еліміздегі игі жақсылардың да назары осы салаға ауа бастады. Бүгінде бабын келістіргендердің дені мал басын көбейтуді жөн санап-ақ жүр.
Əйтсе де қазір кеңестік кезеңдегідей мал басын жоспарлап көбейтудің ауылы келмеске кеткен. Қазірде сонау 30-жылдардан бері өзіндік құнын төмендетпеген қазақтың еділбай қойы, қылшықты қойы, биязы жүнді қойларының тұқымы ұсақталып, өрісіміз тарылып, асыл тұқымды мал алудың тетігін таба алмай жүргеніміз жасырын емес. Ал Голландия, Германия, Норвегия, Австралия тəрізді елдер мал басын асылдандырып, халықаралық ветеринария ұйымының алдында бедел жинап үлгергелі қашан?! Осындайда «ежелден мал өсіру қанында бар мал баққан қазақтың жоғары межеден көріне алмауына не себеп?» деген сауал еріксіз туындайды.
Рас, біз нарықтық қағидаттарды алғаш көңілге түйе бастаған тұста Австралиядан, Англиядан асыл тұқымды қошқарлар алдырып, асылдандыру арқылы мал басын көбейтпекші болдық. Бірақ ұшақпен алдырып, «ұшпаққа шығарады» деген сол қошқарлар үмітімізді ақтамады. «Ақыр соңында австралиялық қошқарлар қазақы ортаға бейімделе алмады. Оларды қазақы қойлармен будандастырғанда жақсы нəтиже бермеді» деген пікірлер қаулап қоя берді. Сөйтіп, мал басын асылдандыруда жолы болғандардың саны боларболмашы көрсеткішке ғана жетті. Не істеу керек? Ал енді болашақта бұл проблемалар өзіндік шешімін табу үшін нендей шаралар қолданған жөн?
Соңғы уақытта осы мал басын асылдандыруға қатысты еліміздің генетиктері «1999-2000 жылдардағыдай шетелден асыл тұқымды малдың өзін алдырғаннан гөрі олардың мұздатылған эмбриондарын алу арзан əрі өте тиімді» дегенді жиі қаузап жүр. Мамандардың есебінше, өзге елдің асыл тұқымды бір қошқары 3000 долларды құрайды. Ал олардың эмбриондарын сатып алу бұдан əлдеқайда арзан. Сондықтан шетелден қошқар тасып əуре болғанша, олардың қатырылған эмбриондарын əкелу əлдеқайда тиімді.
Бұл ретте Эксперименталды биологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры Мəкен Тойшыбеков: «Логикалық түрде ойлап қарасақ, бұл ұсыныстардың жаны бар. Біз осы əдісті өз институтымызда тəжірибемізде қолданып көрдік. Шүкір, мұздатылған эмбриондарынан тұқым алу үрдерісінің нəтижесі оңтайлы болды. Сол асыл тұқымды ағылшын қошқарларының эмбриондарын алып, оларды Еділбай қойына салып көрдік. Нəтижесінде қазақы ортаға бейімделген сапалы тұқым алуға мүмкіндік туды. Біз осы əдіс арқылы бүгінде 52 қозы алып отырмыз. Асыл тұқымды малды көбейту де таптырмайтын əдіс. Сондықтан мал басын асылдандыруда оны тереңдете білгеніміз жөн», – дейді.
Жалпы, мамандар асыл тұқымды қошқарлардың өзін емес, эмбриондарын елге əкелу бірқатар табыс əкелетініне сенімді. Осы ретте еліміздегі Мал шаруашылығы институтының мамандары да былай деп пікір білдірді:
а) біріншіден, ұшақпен мал басын тасығаннан, эмбриондар əкелген əлдеқайда тиімді жəне шығыны аз;
ə) екіншіден, эмбриондарды еділбай қойының жатырына көптеп салу арқылы егіздетіп төл алуға мүмкіндік бар;
в) егер бұл тəсілді тереңінен жетілдіре алсақ, уақыт өте келе қойды клондау əдісін де меңгеруге мүмкіндік тумақ;
г) бұл əдіс арқылы ғылымның əлеуетін көтеруге де болады.
Егер ғылыми тұрғыда зерттей алсақ, малдың эмбриондарын зерттеу арқылы адам ағзасында болатын ауытқулар мен өзгерістерді де сұрыптап, електен өткізуге болады. Міне, мамандардың пайымдауынша, елге асыл тұқымды малдардың эмбриондарын əкеліп, істің ебін таба білсек, біршама мəселенің түйіні шешілер еді. Ал енді осы істің оңтайлы бағытқа бет бұруына не кедергі? Бұл жайында Мал шаруашылығы жəне ветеринария институтының бас маманы Мархабат Батырханов: «Малды асылдандырудың бірінші сатысы технологиялық жоба арқылы жүреді. Бұл тəжірибемен қатар мінсіз технология да қажет екенін білдірсе керек. Біз былтырдан бері шетелден асыл тұқымды малдардың эмбриондарын əкеліп, оны отандық мал басымен шағылыстыру арқылы мал санын біршама арттырдық. Бұл жетістікке қолымыз жеткенімен, эмбриондардың құрамын анықтауда əлі де болса кібіртіктеп жатқан жайымыз бар. Себебі бізде биотехнологиялық құралдар жағы əлі де болса жетіспеушілік танытуда. Негізінен, асыл тұқымды мал алудың тетігін терең меңгере алмай жатқанының бір себебі, біз осы уақытқа дейін халықаралық ветеринария ұйымына мүше болуға пейіл білдірмедік. Егер біз аталмыш халықаралық ветеринария ұйымына дер кезінде мүшелікке өткенде шетелден асыл тұқымды мал басын алдыруда, асыл тұқымды эмбриондар тасымалдауда, қуатты технологияларға сұраныс берерде біршама жеңілдіктерге қол жеткізер едік. Біздің мал шаруашылығы саласын өркендетудегі бір кемшін тұсымыз осы. Аталған кедергілер шешілгенде ғана осы саладағы мəселелер шешімін табады», – дейді.
Қалай десек те, қазақ баласы «малым – жанымның садағасы» деген қағидамен күн кешті. Жаугершілік заманында да өрісін тарылтпауға, өзегін талдырмауға тырысқан қазақ баласы мал қадірін ұғынған халық. Өркениеттілікке бір табан жақындап, дамушы елдердің қатарына қосылуды көксеген ұлтымыз ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығы саласының жөні бөлек екендігін ескерусіз қалдырмасы анық. Десек те біз əлі де болса көршілерімізден ет-сүт өнімдерін «сұраудан» жалықпай келеміз. Тіпті осы осалдығымыздың аңысын баққан қайсыбір көршілеріміз сапалы-сапасыз өнімдерін елімізге тоғытып-ақ жатыр. Ал бұл үдеріс бізге осы салаға деген реттеу мен бақылауды нығайта түсу қажеттігін меңзейтіндей.
Елбасының биылғы Жолдауында айтылғандай, ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау алдағы кезде ауыл шаруашылық тауар өндірушілерін кредиттеуді кепілдендіру, лизинг бағдарламаларын арзандату, шаруаларды қаржыландырудың балама жолдарын инвестициялауды экономикалық ынталандыру шараларын қарастыру керек. Отандық агроөнеркəсіп кешенін тиімді, бəсекеге қабілетті деңгейде дамыту үшін алдағы кезде, жыл сайын орта есеппен 250-300 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінуі керек. Осы тұрғыдан алғанда отандық ауыл шаруашылық тауар өндірушілерді қаржыландыру өте өзекті мəселе екені айқын. Сондықтан ауылда агроөнеркəсіп кешенін мемлекеттік қолдауды күшейтудің негізгі бағыттарының бірі – ауылшаруашылығы банкін ашу. Өйткені ауылда республика халқының 46 пайызы тұрады.
200 мыңға жуық ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінен басқа білім, денсаулық, мəдениет, спорт тағы басқа салада жұмыс істейтін кəсіпкерлер бар. Бір сөзбен айтқанда, ауылдағы банк клиенттерінің саны 1 миллионнан асады. Ауыл тұрғындарының əлеуметтік жағдайын жақсарту, елді азық-түлікпен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығының экспорттық əлеуетін арттырып, бюджетке қомақты қаржы түсіру, осының бəрі ауылда ауыл шаруашылығы банкі керек екенін дəлелдей түседі.
Біз Беларусь, Ресей мемлекеттерімен Біртұтас экономикалық кеңістікте жұмыс істеуге кірістік, олай болса, онда жұмыс істеп жатқан отандық ауыл шаруашылық тауар өндірушілеріне қолайлы жағдайлар жасалуы тиіс. Ресей мен Беларусь шаруаларына жері мен мүлкін кепілдікке алып, ұзақ мерзімге, арзан несие беретін, бөлімшелері барлық аудан, қалаларда орналасқан агробанктер жұмыс істейді. Бізде де шаруаларға қолайлы жағдай жасайтын осындай банк болуы тиіс.
Ауыл шаруашылығы саласының бəсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету үшін біз тұрақты түрде жаңа инновациялық технологияларды ендіріп отыруымыз керек. Соңғы жылдары өсімдік шаруашылығына нөлдік ылғал сақтау, тамшылатып суару сияқты жоғары сапалы өнімді қамтамасыз ететін технологиялар ендіріліп, олар өзінің жемісін беруде. Қазіргі кездегі біздің алдымызда негізгі шешілуі тиіс мəселелер:
- мал шаруашылығын дамыту жəне ветеринария саласында мемлекеттің бірыңғай саясатын айқындауымыз;
- азықтық өнімдердің қауіпсіздігі жəне малдардың жай-күйін қамтамасыз етуде, асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында ғылыми зерттеулердің мемлекеттік тапсырысында, асыл тұқымды мал шаруашылығы жəне ветеринария саласында мемлекеттік қолдау шараларын əзірлеу қажет;
- мал шаруашылығы жəне ветеринарияны кадрлық, ғылыми жəне ақпараттық қамтамасыз ету саясатын дайындау;
- мал шаруашылығы, ветеринария саласында халықаралық қарым-қатынастың жəне Қазақстан Республикасын халықаралық ұйымдарда таныстыруда, КО, ЕурАзЭҚ, ТМД, ДСҰ жəне ХЭБ шегінде ветеринарлық ұйымдарды қосқанда басымдылықты анықтау.
Əдебиеттер
- «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 9 шiлдедегi №278 Заңы.
- Абалкин Л. Экономическая безопасность: угрозы и их отражение, 1994-234 стр.
- http://kk.wikipedia.org/wiki/
- Абдильдина Л.И., Бельгибаев К.М. «Ауыл шаруашылығы экономикасы», – Алматы: Қайнар, 1996. – 608 с.
- Налиболлаұлы Н. Үйірлі жылқы шаруашылығы ұлттық технологияны дамытудың баламасыз жолы// http://www.egemen.kz/2012/10/23/348528/.