Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабына сəйкес, мемлекеттің басты құндылығы – адам жəне адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып танылады [1]. Қазіргі таңда əрбір адам аталған құқықтары мен заңды мүдделерін заңмен тыйым салынбаған кез келген əдіспен қорғай алады. Əрине, көбіне азаматтар өз құқықтарын қорғауды сот өндірісі арқылы жүзеге асырады. Аталмыш құқықтар мен мүдделерді жүзеге асырудың бір нысаны ретінде біз, сот сараптамасын айтамыз. Себебі, дəл осы сараптама арқылы тұлғаның жасалған қылмысқа қатыстылығын, оның кінəсіз немесе кінəлі екендігіне көз жеткізуге болады. Қаншалықты қоғамның техника жағынан қамтылғанына қарамастан, сот сараптамасы ақ пен қараны ажырата алатын жалғыз өндіріс деп санаймын. Біз, үнемі сот сараптамасы дегенде, ойымызға соттық емес сараптама, былайша айтқанда мемлекеттік сараптама деген сөз келмейді. Себебі, мемлекеттік сараптама туралы біз көп біле бермейміз. Жалпы сараптама өте кең таралған ұғым, себебі адам өмірінің кез келген тəжірибелік қызметінде кездеседі. Əрине, бұл оның қаншалықты маңызды екендігін көрсетеді.
ҚР Сот сараптамасы туралы 1997 ж. 12 қарашадағы Заңына сəйкес, сот сараптамасы - шешiлуi үшiн маңызы бар жағдаяттарды белгiлеу мақсатында, арнаулы ғылыми бiлiм-бiлiк негiзiнде жүргiзiлетiн қылмыстық, азаматтық немесе əкiмшiлiк iстердiң материалдарын зерттеу болып табылады [2]. Аталған заңда тек сот сараптамасы туралы, оны жүргізу тəртібі мен негізгі шарттары жөнінде айтылған. Алайда, онда жалпы соттық емес сараптама туралы сөз қозғалмаған. Бұл дегеніміз, мемлекеттік сараптама əлі күнге дейін толық мəні ашылып, анықталмады. Сонымен, «соттық емес сараптама» жəне «сот сараптамасы» арасында қандай айырмашылық бар деген заңды сұрақ туындайды? Сараптама – кең ұғым. Сот сараптамасы – сараптаманың бір түрі болып саналады. Енді соттық емес сараптаманың мəнін ашайық.
Соттық емес сараптама – сот өндірісінен тыс пайдаланылатын арнаулы білімді қолданудың ерекше нысаны. Мұндай сараптаманың соттық сараптамадан айырмашылығы, оны жүргізуде – процессуалдық нысан қарастырылмаған. Яғни, соттық емес сараптама қылмыстық іспен байланысты емес жағдайларда да қолданылады. Қазіргі жағдайда соттық емес, яғни мемлекеттік сараптама кең өріс алуда. Себебі, мұндай сараптамалар адам өмірінің барлық қызметінде қолданылады. Мемлекеттік сараптаманың болуы, зерттеу сараптамаларының қолдану аясы кеңею себебі болып табылады. Мұндай сараптама, əрине, дəлелдеме күшіне ие емес, сондықтан оны тағайындау жəне жүргізу тəртібі, сот сараптамасына қарағанда неғұрлым жеңіл.
Соттық емес сараптама – адамның қорғану құқығын жүзеге асырудың бір нысаны болып табылады, себебі айыпталушы жəне оның заңды өкілі келісімге келіп, яғни ақысын өз қаражаты есебінен төлеп, балама түрде сарапшыны шақыра алады. Соттық емес сараптама процессуалды тəртіп тəріздес, сарапшының қорытындысымен бекітіледі. Егер мұндай қорытындының нəтижесі қолданыстағы заңның ережелеріне сəйкес келмейтіндігі анықталса, бұл қорытынды қылмыстық істі қозғауға түрткі болуы мүмкін. Бірақ, оны іс материалдарына сол түрде (сот сарапшысының қорытындысы ретінде) тіркеуге болмайды. Өзінің процессуалдық мəні бойынша соттық емес сараптаманың қорытындысы – ҚР ҚІЖК-нің 123-бабына сəйкес, өзге құжаттар ретінде танылуы мүмкін [3]. Осыған орай, мемлекеттік сараптама қозғалған қылмыстық іс бойынша сот сараптамасына «бəсекелестік» білдіруі мүмкін.
Соттық емес сараптама екіге бөлінеді: мемлекеттік (ведомствалық) жəне жеке. Жеке сараптаманы көбіне келісім негізіндегі немесе балама деп те атайды. Көбіне жеке сараптама белгілі бір тұлғалардың сұраулары бойынша жəне ақылы түрде жүзеге асырылады. Ал мемлекеттік сараптамаға келер болсақ, бұл мемлекеттік органдармен жүзеге асырылатын сараптаманың бір түрі. Мысалы, ҚР Үкіметінің 1996 жылғы 24 қаңтардағы №88 қабылданған қаулысына сəйкес, құрылыс министрлігінің Жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптама жүргізу құқығындағы “Жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптау” республикалық мемлекеттік кəсіпорны құрылды (бұдан əрі “Мемсараптама” РМК). Дəл осындай мемлекеттік кəсіпорындар құрылыс, экология, экономика жəне т.б. салаларында əртүрлі сараптамалар жүргізеді. «Мемсараптама» РМК қызметінің мақсаты: қала құрылысын жоспарлау, аумақтарды дамыту жəне салу, əлеуметтік, өндірістік, рекреациялық, инженерлік жəне көлік инфрақұрылымдары объектілерінің (энергиямен, сумен, жылумен жабдықтау, магистральдық көлік, байланыс, коммуникациялар, коммуналдық-тұрғын үй шаруашылығы жəне тіршілікті қамтамасыз ететін басқа да жүйелерінің объектілерін қоса алғанда) құрылысы жобаларын кешенді бағалау болып табылады. Сот сараптамасын тағайындау негіздері, соттың шешімі болса, ал мемлекеттік сараптамалардың негізі нормативтік құқықтық актілер (министрліктер мен комитеттердің қаулысы, жергілікті органдардың бұйрықтары мен шешімдері) болып табылады.
Енді мемлекеттік сараптаманың кейбір түрлеріне тоқтайық.
- Құрылыс жобалары бойынша мемлекеттік сараптама – мұндай сараптама тапсырысшы мен мердігер, даулы жағдайда келтірілген шығынның көлемі жөнінде көршілер арасында пайда болатын дауларды шешу кезінде қолданылады. Жалпы Қазақстанда құрылыс жобаларына мемлекеттік сараптама жүргізу 60-шы жылдар соңында етек алды. Сол уақыттан бері əртүрлі өзгерістерге ұшырағанына қарамастан, ол өзінің негізгі қағидаларын сақтап келуде. Олар: тапсырысшыдан тəуелсіз сараптама жүргізу, құжаттарды қарау құпиялылығы жəне қорытынды объективтілігі. Құрылыс жобалары бойынша мемлекеттік сараптама жұмыстарына арналған бағалар мен тарифтерді сəулет, қала құрылысы жəне құрылыс істері жөніндегі уəкілетті органның жəне бəсекелестікті қорғау жөніндегі уəкілетті органның келісімі бойынша Мемсараптама белгілейді. Əсіресе, мемлекеттің қазіргі индустриялы-инновация бағдарламасы жүзеге асырылуы кезінде, мұндай сараптаманың орны ерекше.
Құрылыс жобалары бойынша сараптама келесідей жағдайда жүргізіледі: а) жобаның жобалауға арналған тапсырмаға, өзге де бастапқы материалдарға (деректерге), техникалық шарттар мен талаптарға, сондай-ақ бекітілген қала құрылысы (жоспарлау) шешімдеріне жəне осы құрылыс учаскесінің (алаңдардың, трассалардың) функционалдық мақсаттарға сəйкестігін; б) мемлекеттік жəне мемлекетаралық нормативтерде белгіленген жарылыс жəне өрт қауіпсіздігі, еңбекті қорғау мен қауіпсіздік техникасы жөніндегі міндетті талаптардың сақталуын; в) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасында көзделген құрылыс көлемдерінің негізділігін; г) көрсеткіштердің, оның ішінде құрылыстың есептік немесе сметалық құнының негізділігі мен дұрыстығына арналған сараптамалық бағалауды анықтайды. Көріп тұрғанымыздай, кұрылыстық сараптама мемлекеттің құрылыс жəне жобалау жұмыстарында қауіпсіздік пен тəртіпті сақтауда алатын орны ерекше. Дəл осы сараптама арқылы кез келген жобаланған жəне болашақта қаланатын құрылыстардың адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға жəне флора мен фаунаға қауіп келтірмейтіндігіне көз жеткізуге болады.
- Кедендік сараптама – кеден ісі мəселелерін шешу мақсатында жүргізілетін арнайы ғылыми- тəжірибелік зерттеу болып табылады. Қазіргі нарықтық заманда тауарлардың сапасын анықтайтын сараптама Қазақстанда ерекше орынға ие. Қазақстан өзге мемлекеттермен өзара қатынас орната отырып, басқа шет мемлекеттерге аса құнды тауарларды, яғни мұнай, қара жəне түрлі түсті металдарды, бидай жəне т.б. экспорттайды. Сондықтан осындай стратегиялық маңызды байланыс орнатуда, кедендік сараптаманың орны бөлек. Қазақстан Республикасында кедендік сараптама ҚР Кедендік Кодексіне сəйкес реттеледі. Заңның 453-бабында кедендік сараптаманы тағайындау жөнінде айтылған. Кодекстің келесі баптарында кедендік сараптаманы жүргізу тəртібі, сарапшының құқықтары мен міндеттері, сарапшы қорытындысы мəселелері, қосымша жəне қайталама сараптама мəселелері жəне т.б. айқындалған [4].
Жалпы кедендік сараптаманың міндеттеріне: 1) тауарды сəйкестендіру; 2) шыққан елін анықтау;
- тауар сипатын жəне кодын анықтау; 4) зерттеуге үлгілерді таңдау; 5) техника өнімдерінің техникалық жағдайын анықтау; 6) қоймада тұрған тауарлардың сипатын, тауарлар қорабының жалпы жағдайын тіркеу; 7) тауарлар мен өнімдердің денсаулық сақтау заңдарына сəйкестігін анықтау жəне т.б.
Кедендік сараптама өзінің құрылысы жəне мəні бойынша маңызды сараптамалардың бірі болып есептеледі. Себебі, елге сырттан келген тауарлар мен өнімдердің Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау, қауіпсіздік жəне экономика саласындағы ішкі заңнамасына сəйкес келуін анықтайды. Сол арқылы мемлекетте дəл сол тауар мен өнімді тұтынатын халықтың денсаулығы мен əл-ауқаты осы кедендік сараптамаға тікелей байланысты. Сонымен қатар, аталған сараптама кеден органдарына тауарларды кедендік рəсімдеу кезінде жəрдемдеседі. Кедендік сараптаманың маңыздылығы осыда, деп есептеймін. Алайда, бұл салада да кейбір кемшіліктер бар. Мысалы, Ресей Федерациясында Бас кедендік зертхана 2002 жылы 23 мамырда құрылған. Оны Орталық сараптама- криминалистикалық кедендік басқару деп атайды. Бізде, Қазақстанда, Орталық кедендік зертхана бар. Жалпы бұл мекеме əр түрлі кедендік сараптамаларды жүргізетін орталық ретінде өзін жақсы көрсете білді. Алайда, менің ойымша, осындай орталықтарды дамытуда ресейліктердің тəжірибесін алған жөн, деп ойлаймын. Сол арқылы мұндай мекеменің нақты мəртебесін айқындай отырып, оның негізгі құқықтары мен міндеттерін белгілеп, ұйымдық құрылымын анықтау қажет. Аталған жұмысты жетілдіру мақсатында біздің Кедендік Кодексі мен Ресей Федерациясының Кеден заңнамасын салыстырып, талдау қажет артық болмас [5].
Айтылғандарды ескере отырып, біздің елде кеден сараптамасын жүргізуде əрине, көптеген қиыншылықтар кездеседі. Алайда, егер, біз шет мемлекеттердің, əсіресе ресей заңнамаларын зерттеп, оларды біздің заңнамаға неғұрлым ұқсас етіп енгізсек, бізде кедендік сараптама жүргізу нəтижелері оң болар еді.
3)Экологиялық сараптама – қоршаған ортаны қорғаудың шынайы құралдардың бірі. Мамандардың айтуы бойынша, экологиялық сараптама қоршаған ортаға келтірілетін зиянды алдын алатын маңызды жəне тиімді құқықтық құралдың бірі болып есептеледі. Əрине, себебі, бізді қоршап, тыныс алып отырған орта – қоршаған орта. Ондағы болып жатқан барлық өзгерістер, əсіресе жағымсыз, тек өсімдіктер мен жануарларға емес, сонымен қатар бізге, денсаулығымызға жəне болашақ ұрпақтарымызға тікелей əсерін тигізеді. Ал ол, өз кезегінде ұлттың əл-ауқатына теріс əсер етуі мүмкін.
Мемлекеттік экологиялық сараптама жоспарланған шаруашылық немесе өзге де қызметтің экологиялық талаптарға сəйкестігін анықтайды, сонымен қатар, осы қызметтің қоршаған ортаға əсер етуі мүмкін əлеуметтік, экономикалық жəне өзге де теріс нəтижелерді алдын алады. Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық Кодесінің 46-бабына сəйкес, мемлекеттік экологиялық сараптаманың мақсаты болып:
- жоспарланып отырған басқарушылық, шаруашылық, инвестициялық, норма шығару жəне өзге де қызметті іске асырудың қоршаған орта мен халықтың денсаулығына ықтимал теріс зардаптарын айқындау жəне шектеу;
- экономикалық даму мен қоршаған ортаны қорғау мүдделерінің балансын сақтау, сондай-ақ табиғат пайдалану процесінде үшінші тараптарға залал келтіруді болдырмау мақсатында жүргізу табылады [6].
Сонымен, экологиялық сараптама алдын алу функциясын, экологиялық талаптардың сақталуын, азаматтардың жағымды қоршаған ортада өмір сүруге деген конституциялық құқықтарын қамтамасыз ететін құқықтық құрал функциясын атқарады. Сараптама нəтижесінде алынатын қорытынды құжат, кейіннен сот өндірісінде дəлелдеме ретінде қолданылуы мүмкін. Мемлекеттік экологиялық сараптама көзделген жəне жүзеге асырылып отырған шаруашылық жəне өзге қызметтің қоршаған орта сапасының нормативтері мен экологиялық талаптарына сəйкестігін белгілейді, сондай-ақ бұл қызметтің қоршаған ортаға болатын мүмкін қолайсыз əсерлерінің жəне солармен байланысты əлеуметтік салдарларының алдын алу мақсатында мемлекеттік экологиялық сараптама объектілерін іске асыру мүмкіндігін анықтайды.
Жалпы жоғарыда аталған заңға сəйкес, мемлекеттік экологиялық сараптама объектілері алуан түрлі. Атап айтқанда, жоспарланып отырған шаруашылық жəне өзге де қызмет жобалары жəне оларға ілеспе, заңда айқындалған кезеңдерге сəйкес қоршаған ортаға əсерді бағалау материалдары; қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерінің жобалары; аумақтарды ұйымдастыру схемаларының жобалары; қалалар мен аумақтарды, оның ішінде арнайы экономикалық аймақтар аумақтарын жəне шаруашылық қызметті жүргізудің айрықша режиміндегі аумақтарды салудың (дамытудың) бас жоспарларының жобалары жəне т.б. [6].
Мемлекеттік экологиялық сараптама адам тіршілігінің кез келген жағдайында кездесетін жəне рөлі өте жоғары бағаланатын процестердің бірі болып табылады. Адам өмірі мен денсаулығы, қоғам тіршілігі жəне мемлекет қауіпсіздігі үшін маңызды орынға ие болып табылатын сараптама. Аталмыш соттық емес сараптамалардың əрқайсысы бөлек, алайда олардың барлығы келесідей талаптарға сəйкес болуы міндетті, яғни: 1) осы сараптама аясында тəжірибелік қызметпен айналасатын маманмен жүргізілуі; 2) нəтижелері жазбаша түрде рəсімделеді; 3) сарапшының қорытындысы негізінде сəйкесінше шешімдер қабылданады. Сонымен қатар, сот сараптамасының соттық еместен айырмашылығы: 1) оның ерекше тағайындалуында; 2) сот сараптамасын тағайындайтын субъектілерінде; 3) сараптаманы жүргізетін субъектілердің көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылықта болатындығы; 4) нəтижесі процессуалдық құжат – дəлелдеме күшіне ие қорытынды болуында.
Əрине, соттық емес сараптама аталған күшке ие емес, алайда басқа кез келген жағдайда, мұндай сараптамалар күрделі мəселелерді шешуге ықпалдасады. Мемлекеттік сараптамамен қатар мемлекеттік емес, яғни жеке сараптамалар да жүргізіледі. Олар көбіне келісім негізінде жəне ақылы түрде жүргізіледі. Неліктен осы сараптамалар түрі сұранысқа ие емес. Себебі, мұндай жеке орталықтарға халық аса сеніммен қарамайды. Мұндай орталықтар туралы көп айтылмайды, онда қандай сарапшылардың қызмет атқаратындары белгісіз. Сондықтан, онда қандай сараптамалар жүргізілетіндігі үлкен бір құпия болып келеді.
Жоғарыда қарастырылған сараптамалардың барлығы адамның күнделікті өмірінде кездесетін жəне жүргізілетін сараптамалардың бірі болып табылады. Бірақ, неліктен мұндай сараптамалардың рөлі төмен. Неліктен, мұндай зерттеулердің нəтижелері кейде сот өндірісінде дəлелдеме күшіне ие емес. Əрине, бұлар тікелей сот өндірісінде жүргізілетін сараптамалар емес, бірақ аталған сараптамалар арқылы мемлекет өз халқының денсаулығына сəл болса да көңіл аудартады. Дəл осы сараптамалар негізінде болуы ықтимал апаттар мен дауларға төтеп беріледі.
Қазіргі таңда мұндай мемлекеттік сараптамалардың мəртебесі жоғары емес екендігіне, менің ойымша елдегі құрылыс жəне өндірістік кешендердің өз қызметтерін жүзеге асыру кезінде басшылыққа алмауы себеп, деп есептеймін. Мысалы, белгілі бір тауар өндіруші зауыт аталған сараптамалар өткізбестен, өз қызметтерін жүргізіп жатады. Қоршаған ортаға, тыныс алып отырған ауаға зиянды, тіпті радиоктивті қалдықтарды тастау арқылы, елдің, халықтың қаншалықты уланып отырғанын аңғармайды немесе елемейді. Ал егер, мемлекеттік сараптамалар аталған кəсіпорындарда адал сараптамалар жүргізіп, олардың қызметтерінің қаншалықты қауіпсіз екендігін анықтап, сол қызметті жүргізуге сараптама нəтижесі бойынша рұқсатнама берсе, мемлекеттің экологиясы мен халық денсаулығына осыншама зиян келмес еді. Бұл дегеніміз, мемлекеттік, яғни соттық емес сараптаманың мəртебесін көтеру қажет екендігін көрсетеді.
Айтылғанның барлығын ескере отырып, мемлекеттік жəне жеке сараптаманың мəртебесін көтеру мақсатында, мұндай орталықтар келесідей құқықтарға ие болуы керек:
- егер аталған сараптамалар қолданыстағы ҚР ҚІЖК, АІЖК ережелеріне қайшы келмеген жəне заңда белгіленген барлық талаптарға сəйкес жүргізілген жағдайда, сараптама қорытындысы – нақты қылмыстық немесе азаматтық іс бойынша дəлелдеме күшіне ие болуы;
- жеке сараптама орталықта мемлекеттік лицензия негізінде мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылуы жəне ондағы сараптамалар құны мемлекет бекіткен баға бойынша жүргізілуі;
- мемлекеттік сараптамалардың қорытындысы республика аумағында міндетті күшке ие болуы;
- жалпы мемлекеттік сараптамалар, оны жүргізу жəне тағайындау тəртібі туралы заңның қабылдануы;
- мемлекеттегі сарапшылардың құқықтары мен міндеттерін нақты айқындау, олардың мəртебесін белгілеу жəне жауаптылық деңгейін заң жүзінде көрсету:
- мемлекеттік сараптаманы жүргізуші тұлғалардың құқықтық мəртебесін айқындау, олардың құқықтары мен міндеттерін заңды түрде бекіту.
Қорыта келгенде, мемлекеттік сараптама кез келген мемлекет тіршілігіндегі маңызды əрі қажет сараптамалардың бірі болып табылады. Елде болып жатқан əртүрлі өзгерістер адам санасында, олардың өмірлерінде белгілі бір із қалдыруда. Əрине, мұндай іздердің адам үшін жағымды əрі қауіпсіз болуы – кез келген мемлекеттің мақсаты. Сөз соңында айта кеткен орынды, аяқ басқан XXI ғасыр зертхананың материалдық-техникалық негізін нығайтуды талап ететіндігі даусыз, өйткені, сот- сараптама қызметінің жабдықтық негізінің жаңартылуы сараптама қызметін сапалық деңгейге көтеруге жағдай жасайды. Ал бұның өз кезегінде мемлекеттегі болып жатқан өзгерістерді жеңіл көтеруге көмектеседі. Жоғарыда қарастырылған мемлекеттік сараптамалардың маңызды түрлері жалпы, кез келген қоғамда алатын орны ерекше. Себебі, дəл осы сараптамалар арқылы біз болуы ықтимал апаттар мен дауларды, келіспеушіліктер мен жағымсыз оқиғалардың алдын аламыз.
Əрине, Қазақстанда мемлекеттік (соттық емес) сараптама жүргізу, олардың түрлері, жалпы мəртебесі жөнінде тəжірибелік жұмыстар өте аз. Алайда, тəуелсіздік алғанымызға тек 20 жыл ғана болды. Бұл болашағы үлкен мемлекет үшін аз ғана мерзім болып табылады. Сондықтан аса үлкен үмітпен, біз болашақта жоғарыда аталған мəселелер өз шешімін табады деген ойдамыз. Дəл сол кезде, мемлекеттік сараптама халық арасында сенімге ие болып, адам мен азаматтардың жəне жалпы мемлекет қауіпсіздігі мен бейбітшілігін қамтамасыз етуде өз орнын табады деп сенеміз.
Әдебиеттер
- Қазақстан Республикасының Конституциясы. 1995 ж. 30 тамыз., Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21мамырдағы №254-ІІІ Заңдарымен енгізілген өзгертулер мен толықтырулармен. – Алматы: Жеті Жарғы, 2007. – 75 б.
- Қазақстан Республикасының Сот сараптамасы туралы. - 1997 ж. 12 қарашадағы № 188-1 Заңы.
- Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексі. – Алматы: Жеті жарғы,
- ҚР Экологиялық Кодексі. – Алматы: Юрист, 2009. – 164 б.
- Сарсембаев М.А. Таможенная экспертиза в Казахстане и международное право/ Казахстанский журнал международного права. – 2004. - №3 (15) - с. 16-20.
- ҚР Кеден Кодексі. – Алматы: Юрист, 2009. – 250 б.