Меншікті теориялық тұрғыдан зерттеу қай қоғам сатысында болмасын қажеттілігін жоймайды. Рим құқығында меншік ұғымына нақты анықтама болған жоқ. Ертедегі комментаторлардың барлық тырысушылығына қарамастан, орта ғасырлардағы iuris civilis білім жинағынан меншікке бірегей анықтама табу сəтсіз болды [1, 377 б.]. Гегель өз жұмысында меншікке позитивті, негативті жəне өмір бойы затқа ерік бостандығы деген анықтама берген [2, 101 б.]. Б. Н. Чичериннің көрсетуі бойынша ерік бостандығы меншіктің маңызды сипаттамасы болып табылады, меншік иесінің еркі тəуелсіз, бірақ «бұл бостандық шекарасы, осындай басқалардың бостандығына тəуелді» [3, 129 б.].
Орта ғасырлардағы Рим құқығындағы негізгі қағидалардың бірі меншікке екі (бірнеше) құқықты болдырмау, сол кездегі феодализмде болған сеньор жəне вассалдың бір жер учаскесіне бірдей
«меншікке құқығына» қарсы келді. Феодалдық құқық, ертедегі Рим құқығы тəрізді меншік құқығы жəне өзге заттық құқықтардың арасындағы нақты айырмашылықтарды көрсетпеді, бұл бір затқа мазмұны жағынан ұқсас бірнеше меншік құқығының орын алуына мүмкіндік берді. Қазіргі континентальдық құқықтық дəстүр шексіз жəне бөлінбейтін, бір тұлғаның қолында шоғырланған меншік құқығын қарастырады.
Англо-американдық құқықта property rights (меншікке құқықтар) жүйесі бар, ол феодалдық ортағасырлық құқық тəрізді əр түрлі тұлғаларға тиесілі, бір жер учаскесіне (жылжымайтын мүлік) меншік құқығының бірдей орын алуына жол береді. Меншікке толық құқық (full ownership) жылжымалы заттарға ғана қатысты орын алуы мүмкін, жылжымайтын мүлікке қатысты əр түрлі шектелген титулдар (titles, estates) мойындалады, себебі дəстүрлі (феодалдық) түсінік бойынша жердің «жоғарғы меншік иесі» тек суверен ғана бола алады. Сонымен қатар, жалпы құқықтағы титулдармен қатар (estates in law), əділеттілік құқығы бойынша да титулдар бар (equitable estates), олар бір жер уаскесіне қатысты, бір уақытта əр түрлі тұлғаға тиесілі болады [4, 731б.].
Жерге меншік құқығы Қазақстан құқық салаларының негізгі институттарының бірі болып табылады. Олай дейтініміз, жер қазақ халқының ең қымбат қазынасы, ата бабаларымыздың ұрпақтарына қалдырған асыл мұрасы.
Жерді табиғи ресурс ретінде қажетімізге қарай пайдалану мен оған иелік ету бүгінгі азаматтардың жеке өзіндік құқығы ғана емес, сонымен қатар ол келешек ұрпақ алдындағы міндеті мен үлкен жауапкершілігі болып танылады. Себебі, жер - қоғамдағы тіршіліктің нақты қайнар көзі, шаруашылық еңбектің негізі, экономикалық жəне экологиялық қоғамдық қатынастардың қайталанбас нысаны. Жалпы алғанда жерге мемлекеттік меншік пен жеке меншік құқығы деген мəселені қарастырмастан бұрын біз меншік құқығы дегеніміз не, оның қандай белгілері бар, осы мəселені шешіп алуымыз қажет. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сəйкес меншік құқығы дегеніміз субъектінің заң құжаттары арқылы танылатын жəне қорғалатын өзіне тиесілі мүлікті өз қалауынша иелену, пайдалану жəне билік ету құқықтары жатады. Осы анықтамаға сəйкес меншік құқығының белгілеріне иелену, пайдалану жəне оған билік ету құқықтары жатады [5].
Жер иелену құқығы – жерді нақты иеленуді жүзеге асырудың заң арқылы қамтамасыз етілген мүмкіндігі. Жер пайдалану құқығы – тұлғаның мемлекеттік меншіктегі жер учаскесін өтеулі жəне (немесе) өтеусіз негізде мерзімсіз (жерді тұрақты пайдалану) немесе белгілі бір мерзім ішінде (жерді уақытша пайдалану) иелену жəне уақытша пайдалану құқығы. Пайдалану құқығы бойынша жер пайдаланушы оның пайдалы табиғи қасиеттері арқылы одан пайда табуды, кіріс алуды заң жүзінде қамтамасыз етеді. Жерге билік ету құқығы – мемлекеттің Қазақстан Республикасы аумағындағы жердің заңдық тағдырын анықтауға заңмен қамтамасыз етілген құқығы, сондай-ақ жердің меншік иесінің өз жер учаскесіне қатысты заң актілерінде тыйым салынбаған мəмілелер жасауға құқығы, яғни ол өз қалауы бойынша кез келген əрекеттер жасауға оның ішінде жерді басқа адамдардың меншігіне беріп, өз иелігінен шығаруға, өз өкілеттігін басқаруға тапсыруға, жерді кепілге беруге, сатуға, сыйға беруге, т.б. əрекеттерді жасауға құқылы.
Жерге мемлекеттік меншік құқығы Қазақстан Республикасында алғаш рет Конституцияда КСРО құрамында болған кезде орнықтырылып, Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясында бекітілді. Мемлекеттік меншік құқығы барлық жерлерді қазіргі кезгі жəне болашақ ұрпақтардың мүддесі үшін жоспарлы жəне ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасында жер мемлекеттік меншікте болады. Жер учаскелері Жер кодексінде белгіленген негіздерді, шарттар мен шектерде жеке меншікте болуы мүмкін. Жер, оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер жəне жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекеттік меншікте болады. Жер - бұл адам мен қоғам үшін тек экономикалық қажеттілік емес, ол табиғаттың басқа да объектілерімен байланысқа түсе отырып, экологиялық мəнге де ие болады. Заңдармен жерді табиғи ресурс, Қазақстан Республикасы халқының өмірі мен қызметінің негізі ретінде сақтау жəне оны ұтымды əрі нысаналы пайдалану қағидалары бекітілген [6, 97б.].
Жердің меншік объектісі ретіндегі ерекшелігі оның кеңістікте белгілі бір шекарада шектелуінен, жылжымайтындығынан жəне табиғи жағдайлар мен қоршаған ортаға тəуелділігінен байқалады.
Қазақстан Республикасындағы жерге меншік ҚР жер заңдарының міндеттеріне, нарық жағдайындағы экономиканың даму шарттарына жауап береді. Конституцияның 6-бабының 1- тармағына сəйкес "Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады жəне бірдей қорғалады" [7]. Мемлекеттік меншік - бұл Қазақстан Республикасы аумағының шегін қамтитын жəне оның меншігі болып танылған жерлер. Жер учаскесіне жеке меншік құқығы - азаматтардың жəне мемлекеттік емес заңды тұлғалардың өздеріне тиесілі жер учаскесін Жер кодексінде белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде иелену, пайдалану, жəне оларға билік ету құқығы. Меншікті пайдалану қоғамның игілігіне қызмет етуі тиіс. Меншіктің субъектілері мен объектілері, меншік иелерінің өз құқықтарын жүзеге асыру көлемі мен шектері, оларды қорғау кепілдіктері заңмен анықталады. Мұндай заң болып Қазақстан Республикасының Жер кодексі жəне республиканың меншік құқығы мен жер пайдалануға қатысты туындайтын қатынастарды реттейтін басқа да заңдары табылады. Қазақстан Республикасының Конституциясы меншік құқығы мəселесінде меншікті пайдалану құқығын алғашқы орынға қояды, себебі жерге мемлекеттік меншік пен жеке меншік құқықтарының негізгі мазмұны болып қоғамның игілігіне қызмет ететін жерді пайдалану құқығы табылады [8, 4 б.].
ҚР Жер кодексінің 23-бабында былай делінген, Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке меншігінде шаруа немесе фермер қожалығын, өзіндік қосалқы шаруашылық жүргізу, орман өсіру, бағбандық, жеке тұрғын үй жəне саяжай құрылысы үшін, сондай-ақ үйлерді (құрылыстарды, ғимараттарды), олардың мақсатына сəйкес қызмет көрсетуге арналған жерді қоса алғанда, өндірістік жəне өндірістік емес, соның ішінде тұрғын үйлерді (құрылыстарды, ғимараттарды) жəне олардың кешендерін салуға берілген (берілетін) немесе олар салынған жер учаскелері болуы мүмкін [9].
Жер учаскесіне жеке меншік құқығын сатып алу төлемақысын толық төлеген тұлғаның заңдарда тыйым салынбаған жер учаскесімен мəмілелердің (сату, сыйға тарту, кепілдікке қою жəне т.б.) кез келген түрін жүргізуге құқығы бар деп есептейміз. Жер учаскесін жеке меншікке алатын тұлғаның жазбаша өтініші бойынша сатып алу сомасын төлеу он жылға дейінгі мерзімге ұзартып төлеу арқылы да жүргізілуі мүмкін. Учаскені мерзімін ұзартып төлеу арқылы алған тұлғаға соманы толық төлегенге дейін заң бойынша мəміле (сату, жалға беру жəне т.б.) жасауға тыйым салынады. Жер учаскесін кепілге салуға оның бағасының кемінде елу пайызын төлеген жағдайда жол беріледі. Бұл орайда жер учаскесінің бағасы төленген бөлігі ғана кепіл нысанасы бола алады. Жер учаскесінің иесі болып табылатын азамат Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққан кезде жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылуға тиіс немесе бір жыл ішінде он жылға дейінгі мерзімге жалға қайта рəсімделуге тиіс. Тарихи тұрғыда меншіктің алғашқы нысаны болып жерге ұжымдық жəне қоғамдық меншік табылған. Еңбек нəтижесі қоғам мүшелерінің барлығына ортақ тиесілі болған, бұл өмір сүрудің жалғыз мүмкін құралы болған. Алғашқы жерге меншік қатынастары үш негізгі нысанға жинақталады:
Азиаттық (шығыстық) – бұл жағдайда барлық жер қоғам арасында бөлінген, ал индивидтер жəне олардың отбасылары аталған алғашқы ұжымдарға жататын тұлғалар ретінде жер учаскесін пайдаланған. Қоғам өз кезегінде деспоттық мемлекет билігінде болды жəне ерікті меншік иесі болған жоқ. Олар азық-түліктің бір бөлігін дань есебінде мемлекетке беріп отырды;
Антикалық (греко-римдік) – мұнда жердің бір бөлігі қоғам (мемлекет) билігінде болған, ал басқа бөлігі кіші учаске түрінде, парцелл жеке отбасылармен өндірілді жəне олардың меншігінде болды;
Немістік – мұнда жердің қоғамнан бөлінуінің жоғары деңгейі байқалды. Жайылым, ормандарға ортақ меншік жеке меншікке жай қосымша ретінде қызмет етті [10, 738 б.].
Ресейде жеке меншік институтының қайта жаңғыруы 1990 жылы болды. Ресей Федерациясы Конституциясының 9-бабының 2-тармағында «жер жəне басқа да табиғи ресурстар жеке, мемлекеттік, муниципалдық жəне өзге де меншік нысанында болуы мүмкін» деп көрсетілген [11].
Формальды түрде Қытайда 2007 жылдан бастап мұрагерлік құқықты қоса алғанда, жеке меншік мемлекеттік меншікпен бірдейлігі декларацияланған, бірақ жерге жеке меншікті қоспағанда [12]. Бұл мемлекетте жерге жеке меншік танылмайды, барлық жер тек мемлекеттің меншігінде болады, ал азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғалар жер учаскесін тек жалға ала алады.
Жоғарыда ерте орта ғасырлардағы, сондай-ақ шет елдердегі, Қазақстан Республикасындағы жалпы меншік ұғымы жəне жерге меншік құқығының теориялық мəселелері қарастырылды. Əр мемлекеттің жерге меншік құқығы олардың мемлекеттік құрылысы, саяси режимі, экономикалық саясаты жəне өзге де факторларға байланысты əр түрлі екендігі байқалады. Қазіргі таңда меншік құқығының ғылыми жəне практикалық маңызы зор. Қорытындылай келе, меншік құқығының теориялық мəселелеріне көп көңіл бөліп оған деген зерттеуді жүргізу керектігі айқын көрініп тұр. Қазақстанда жерге меншік құқығына қатысты заңнамалар жақсы жетілдірілгеніне қарамастан, іс жүзінде олар барлық жағдайда тиісті қолданыла бермейді. Жер учаскесін жеке меншікке беруде мемлекеттік органдар тарапынан бірқатар заң бұзушылықтар орын алып жатады.
Атап айтқанда бір жер учаскесі бірнеше тұлғаларға берілетін жағдайлар болады, мұндай олқылықтарды болдырмау үшін жер қатынастары саласындағы мемлекеттік органдардың бірлесіп, өзара қызмет атқаруы тиіс. Жалпы, жер мəселесіне қатысты мемлекет тарапынан қатаң бақылау жəне қадағалау жүргізілу керек. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Жер кодексі нарықтық экономикаға өту кезеңінде жер қатынастарын құқықтық реттеуде алатын орны ерекше. Осы кодексті жүзеге асыру жəне жерге меншік құқығынан туындайтын қатынастар саласында заңдылықты нығайту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі тиісті нормативтік құқықтық актілерді əзірлеуге тиіс. Оларды қабылдау мен жүзеге асыру еліміздің экономикасын дамытуға, жылжымайтын мүлік нарығын жасауға, жерге меншік құқығынан туындайтын қатынастардың құқықтық реттелуін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Әдебиеттер
- Дождев Д. В. Римское частное право. – М: Норма, 2002. - С. 377-379.
- Гегель Г. В. Ф. Философия права. - М., 1990.-С. 101-111.
- Чичерин Б. Н. Собственность и государство. - СПб.: Изд-во РХГА, 2005.- 129с.
- Право собственности: актуальные проблемы / отв. ред. В.Н. Литовкин, Е.А. Суханов, В.В. Чубаров; Ин-т законод. и сравнит. правоведения. - М.: Статут, - 2008.-731 с.
- Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Азаматтық кодексі (Жалпы бөлім), (11.12.2008 ж. өзгерістер мен толықтырулармен )// «Егемен Қазақстан» 2008.- желтоқсан
- Стамқұлов Ə.С., Стамқұлова Г.Ə. Қазақстан Республикасының жер құқығы. Жалпы бөлім. Оқу құралы. - Алматы: Заң əдебиеті, 2006. – Б. 97-102.
- Қазақстан Республикасының Конституциясы. 30.08.1995 ж. (21.05.2007 ж. өзгерістер мен толықтырулармен )//«Егемен Қазақстан» 2007.- мамыр 22.
- Мұстафаев С.Т., Тоқбаева К.Т. Жер құқығы: Оқу-əдістемелік құрал. - Алматы: Қазақ университеті, 2005.- Б. 4-7.
- Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер Кодексі (06. 2007 ж. өзгерістер мен толықтырулармен)// «Егемен Қазақстан» 2007.- шілде 14.
- Право собственности: актуальные проблемы / отв. ред. В.Н. Литовкин, Е.А. Суханов, В.В. Чубаров; Ин-т законод. и сравнит. правоведения. - М.: Статут, 2008.-738 с.
- Ресей Федерациясының 2001 жылғы 25 қазандағы Жер кодексі.// interlaw.ru/law/docs
- Қытайдың 2007 жылғы 16 наурыздағы Жеке меншік туралы заңы. // interlaw.ru/law/docs