Қылмыстық процесуалдық нысан - сот өндірісінің ғылыми негізделген тәртібін бекіте отырып, өзінің мақсатына сәйкес сот талқылауы барысында анықталған фактілерге судьяның ішкі нанымының объективті қалыптасуына септігін тигізеді. Процесуалдық нысан сот қызметінің міндеттерін бекітеді, сот талқылауының жүргізілу тәртібі мен жағдайларын анықтайды, алдын ала тергеудің материалдарын тексеруде соттың белсенділігіне кепілдік береді.
Судья ішкі нанымының қалыптасуын зерттеу барысында процесуалдық заң қылмыстық іс бойынша соңғы шешім шығаруды таңдау барысында үкімнен заңдылықты және негізділікті талап ете отырып, сотқа біршама еркіндік береді. Судьяның ішкі нанымының қалыптасуындағы қылмыстық процесуалдық заңның рөлін А.Р. Ратинов былай жіктейді: «а) дәлелдемелерді бағалаудың методологиялық ережелерін бекітеді және міндеттейді; ә) сот нанымының тәуелсіздігі мен еркіндігін қамтамасыз ететін кепілдіктер береді; б) дәлелдемелерді жинау мен зерттеудің міндетті ережелерін бекітеді; в) дәлелдемелердің қорытындысы шығарылған процесуалдық актілердің реквизиттерін анықтайды және сотты іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді талдауға міндеттейді» [1, 94 б.].
Сондай-ақ, процесуалдық заң қылмыстық іс бойынша дәлелдеу пәнін анықтай отырып, сот қылмыстық ісін қарау нәтижесінде, судьяның сотта істі талқылауының нәтижесінде қандай білімге келу қажеттігін анықтап береді. Заң әдебиеттерінде қылмыстық процесс принциптерінің судьяның ішкі нанымының қалыптасуындағы рөлі туралы өте көп зерттеліп, жазылған. Ол принциптердің қолданылу аясы мен маңыздылығы әр процесуалдық жағдайларда әр түрлі болады. Соттың ішкі нанымының қалыптасуын анықтайтын процесуалдық принциптерге жариялылық, соттардың тәуелсіздігі және олардың тек заңға бағынуы сияқты қағидалары жатады. Енді соттардың тәуелсіздігі мен заңға ғана бағыныштылығы принциптеріне тоқталайық. Судья сот әділдігін атқару кезінде тәуелсіз болады және еліміздің тек Конституциясы мен заңдарына ғана бағынады. Соттың сот әділдігін атқару жөніндегі қызметіне қандай да болсын араласуға жол берілмейді және ол заң бойынша жауапқа тартылады. Нақты қылмыстық істер бойынша судьялар есеп бермейді. Судьялар тәуелсіздігінің кепілдігі ҚР Конституциясы және заңмен белгіленеді. Яғни, бұл принцип бойынша судьяның ішкі нанымының қалыптасуы барысында белгілі бір қылмыстық іс бойынша шешім қабылдау үшін сырттан күштеудің болмауын талап етеді.
Судьялардың тәуелсіздігі және тек заңға бағынуы туралы принципті К.Х. Халиқов түсіндіре келе,«судьялардың тәуелсіздігі және тек заңға бағынуы, яғни халықтың еркінің заңда көрініс табуы, дәлірек айтсақ, халықтың еркіне бағынуы болып табылады және судьялардың белгілі мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға ерекше жағдайда да бағынуына жол берілмейтіндігін» айтады [2, 96 б.].
Соттардың тәуелсіздігі мен олардың тек заңға бағыну принципі соттың үкім шығару барысында жауап беретін барлық сұрақтарын кеңесу бөлмесінде жиналған дәлелдемелер мен заң негізінде өз ішкі нанымына сүйене отырып шешеді. Бұл ретте процесуалдық форма соттан тыс басқа әсерлер мен сотқа күштеудің болмауын реттейді. Сот үкімі - мемлекеттің атынан шағарылады. Соттар сот әділдігін «заң негізінде және заңға сәйкес» жүзеге асырады. Нақты сот ісін шешу барысында соттар басқа мемлекеттік органдарға және ұйымдарға тәуелсіз, олардың сотқа іс бойынша басқа шешім шығарту үшін қысым көрсетуге, басқаша әсер етуге құқығы жоқ. Қаралып жатқан қылмыстық іс бойынша фактілік мән-жайлары туралы және жаза мөлшері туралы бағалауларды жүзеге асырған сот отырысының қатысушыларының ой-пікірлері судьяларға міндетті болып табылмайды. Прокурор, сотталушы және оның қорғаушысы, азаматтық талапкер және жауапкер, жәбірленуші және оның өкілдері дәлелдеу пәніне кіретін фактілердің бар-жоқтығы туралы өздерінің ойларын келтіре отырып, қылмыстық істі қарап отырған судьяға өздерінің талаптарының дұрыс екендігін көрсетеді, бұл жағдай өз кезегінде судьяның ішкі нанымының қалыптасуына әсер етеді.
Судьяның ішкі нанымының қалыптасу процесі преюдиция мен презумпцияларды қамтиды. Бұл мәселе заң ғылымдарында әлі шешімін таппаған, даулы мәселе болып табылады. Сондықтан біз бұл тарауда осы мәселеге қатысты тек негізгі мәселе - преюдиция мен презумпцияның соттың ішкі нанымының қалыптасуына әсерін қарастырамыз. Алдымен, преюдиция мен презумпция мән- жайларды дәлелдеу емес, дәлелдемелердің бағасын шығаратын тұлға мен соттың қылмыстық істі шешу үшін маңызды деп тапқан мән-жайларын қарастыратын жалпы ережелер жиынтығы болып табылатынын атап өту қажет. Қылмыстық сот өндірісіне қатысты преюдицияның үш түрін бөліп қарастыруға болады: әкімшілік, азаматтық процессуалдық және қылмыстық процессуалдық.
Әкімшілік преюдиция деп қылмыстық істі қарайтын сот үшін әкімшілік жауапкершілікке тартуға құқылы органдардың азаматтарға қатысты жасаған әрекеттері туралы мән-жайларының міндетті болуы. Қазіргі кездегі қылмыстық құқық нормаларының біразы тұлғаны қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін, оған белгілі бір уақыт аралығында әкімшілік жауапкершілік шаралары қолдануы тиіс деп қарастырады. Мұндай жағдайлардың орын алуы әкімшілік жауапкершілікке тартудың сот үшін преюдициясы болады. Бұл жағдайда әкімшілік әсер етудің материалдық құқықтық жағы бар, бірақ оның негізіне әкімшілік құқықтық қатынастар жатады.
Азаматтық іс бойынша шешімнің және үкімнің преюдициясын процесуалдық әдебиеттерде процесуалдық актінің заңды күшіне енген презумпциясымен байланыстырады [3, 213 б.]. Теорияда қарастырылған осы концепция С.В. Курылевтың сынына ұшырады. Оның айтуынша, өзінің заңдық күшіне енген сот үкімінің ақиқаты презумпция нысаны ретінде қарастырылмайды. Қылмыстық процесуалдық заңды күшіне енген әрбір сот үкімі заңдылық пен негізділік талаптарына жауап беруі тиіс. Ал заңның бұл талаптарының үлгісі жағынан да, мазмұны жағынан да ақиқат үкімнің презумпциясына қатысы жоқ [4, 77 б.].
Қылмыстық процесуалдық және азаматтық процесуалдық преюдициялар заңды күшіне енген сот үкімінің орындалу ерекшелігімен, міндеттілігімен тікелей байланысты болады.
Заңды күшіне енген сот үкімінің ерекшелігі - бір тұлғаның жасаған бір қылмысы бойынша қылмыстық іс сол тұлғаға қатысты екінші рет қозғалмауында және сол немесе өзге тұлғаға қатысты заңды күшіне енген үкімнің болуы, оның сол жасаған бір қылмысы үшін екінші рет қылмыстық жауапкершілікке тартылмауында болып табылады (ҚР ҚІЖК 20-бабы). Үкімнің міндеттілігі - белгілі бір лауазымды тұлғалар мен органдардың үкімді сөзсіз және нақты орындауы болып табылады.
Кейбір авторлар үкімнің тағы бір қасиетіне оның өзгермейтіндігін жатқызады. Бұл М.А. Чельцовтың ойынша, үкімнің тұрақтылығы қасиетін көрсетеді [5, 425 б.]. Біздің ойымызша, өзгермейтіндік үкімнің қасиеті емес, себебі, ол процесуалдық актіні сипаттайды, бұл қасиет мәні бойынша бізге ештеңе бермейді. Үкімнің тұрақтылығы негізі оның өзгермейтіндігі емес, заңдылығы және негізділігі. Қаралған қылмыстық іс бойынша нақтыланған объективтік ақиқат бойынша шығарылатын үкімді өзгерту туралы мәселе болмайды. Егер үкім заңсыз және негізсіз болса, сот қадағалауымен үкім өзгертіледі немесе ауыстырылады. Дегенмен, сот шешімінің ерекшелігі мен преюдициясы арасында айырмашылық бар. Ерекшелік ұқсастық бойынша қылмыстық іс бойынша шешімнің ұқсас болуының алдын алса, преюдиция бұрын басқа сот актісінде шешім шығарылған, бірақ ағымдағы қылмыстық іс бойынша аса маңызды болып табылатын жеке мәселелер бойынша екінші рет шешім шығарылмауын қадағалайды. Преюдиция ережелері судьяның ішкі нанымын реттей отырып, судьяның ішкі нанымы бойынша шешім қабылдау және дәлелдемелерді бағалау талаптарымен сәйкес болуы тиіс.
Азаматтық және қылмыстық процесуалдық преюдицияларға қатысты теоретиктер арасында екі түрлі көзқарас бар. Кейбір авторлардың ойынша, преюдициялық мәні бар сот шешімін өзгертуден бұрын, қылмыстық (азаматтық) істі қарастырып отырған соттың өз ішкі нанымы бойынша үкім шығаруға құқығы жоқ [6, 82 б.]. Енді бір авторлардың ойынша, егер преюдиция мен сот ішкі нанымының арасында қайшылық туса, онда соттар шешімді өз ішкі нанымы бойынша шығаруға тиіс [4, 214 б.].
Бұл мәселеге қатысты Г.М. Резник сияқты ғалымның пікірі өзгеше. Г.М. Резниктің ойынша, егер сот преюдициялық мән-жайдың ақиқаттығына күмәнданса, оны қайта зерттеуге құқылы және егер судьяның ішкі нанымы бойынша бұл мән-жайлар дұрыс бекітілмеді деген ойда болса, ол істі тоқтатады да, сот қадағалауының негізінде немесе жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты бұрын шығарылған үкімге наразылық келтіру туралы ұсыныс жасайды [7, 11 б.]. Өзге ғалымдардың, мәселен, И.Л. Петрухиннің ойынша, осындай жағдай орын алғанда судья өзінің ішкі нанымы арқылы шешім немесе үкім шығаруы тиіс. Бірақ бұл сот актісі заңды күшіне енбеу керектігін айтады. Жоғары тұрған соттың преюдиция болып табылатын шешімін және жаңа шығарылған үкімінің заңдылығы мен негізділігін тексеру барысында қандай шешім шығарады сол шешім заңды күшіне енетіндігін айтады [1, 360 б.].
Біздің ойымызша, И.Л.Петрухинның айтқан ой-пікірі біртекті және дұрыс. Ал ғалым Г.М.Резниктің ой-пікірімен келісуге болмайды. Өйткені, сот талқылауының тоқтатылуы тек келесі жағдайларда ғана орын алуы мүмкін. Мысалы, сотталушының сотқа келуден жалтаруы немесе оның белгілі бір психикалық немесе өзге ауыр сырқатпен ауырып қалуы, оның сот талқылауына келіп сот отырысына қатысуына мүмкіндігінің болмауы сияқты мән-жайларды айтуға болады. Преюдициялық актінің күмәндігіне байланысты қылмыстық істі сотта қарауды тоқтатып қою, қылмыстық іс жүргізу заңнамаларының бұзылуына және оларға қарама-қайшы келуіне алып келетіндігін көруге болады. Сот қылмыстық істі мәні бойынша қарауға міндетті, бұл жағдайда ол преюдициялық актілердің негізділігін тексеру қажет.
Қылмыстық іс жүргізу презумпцияларының ең маңызды түрлеріне кінәсіздік презумпциясы жатады. Кез келген айыпталушы оның кінәсі заңды түрде дәлелденбейінше кінәсіз болып есептеледі.
ҚР ҚІЖК 19-бабына сәйкес кінәсіздік презумпциясы әр адам қылмыс жасағандығы үшін кінәлілігі осы Кодексте дәлелденгенге дейін және соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін кінәсіз деп саналатыны болып табылады. Ешкім де өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес.
Кінәсіздік презумпциясы тек дәлелденген және анықталған мән-жайлар негізінде сотталушыны соттауға болады деген сөзді білдіреді. Дәлелденбеген кінәлілік дәлелденген кінәсіздікке тең болатындығын айта кету қажет. Кінәсіздік презумпциясында сот сотталушының өзін қорғауы үшін берген барлық түсініктемелерін тексеруі тиіс. Мұндай түсініктемелерді тексеру барысында сот оның өз көрсетулерінде дәлелдемелердің нақты көзіне, нақты мән-жайларға сілтеме жасау-жасамауын зерттеуі тиіс. Міне, осы жағдайлар судьяның ішкі нанымының қалыптасуында маңызды рөл атқарады, соттың белгілі бір мән-жайдың дәлелденуіне байланысты күдігі сейіледі.
Соттың сотталушыға өзінің кінәсіздігін дәлелдеуді міндеттеуі сот практикасындағы келеңсіз жағдайлардың ең үлкен заң бұзушылық болып табылады. Кінәсіздік презумпциясы айыптаудың мүлтіксіз дәлелденуін, соттың айыптау қорытындыларының мүлтіксіз дәлелденуін талап етеді, бұл жағдай тек соттаулшының кінәлілігін дәлелдеп отырған фактілердің шынайы, сот отырысында олардың жан-жақты, объективті және толық зерттелуі нәтижесінде анықтаулы, қол жеткізілуі болып табылады. Егер жоғарыда аталғандай шынайылық болмаса, егер сотталушынының кінәлілігін дәлелдейтін фактілер тек болжам ретінде қарастырылса және осы фактілер белгілі бір күмән келтіріетін болса, онда оларды анықталған деп қарастыруға болмайды, бұл өз кезегінде нақты осы бөлігі бойынша айыптауды негізсіз деп тануға толық құқық береді. Сондықтан да, кінәсіздік презумпциясы айыпталушының, сотталушының кінәлілігіне сейілмеген күдік оның пайдасына түсіндірілуі керек деген ереже шығады, сондай-ақ қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңын қолдану кезінде пайда болған күмандар де айыпталушының, сотталушының пайдасына шешілуі тиіс.
Судьяның ішкі нанымының қалыптасуына маңызды әсер ететін келесі презумпция - заңдарды білу презумпциясы. Қоғамдық өмірде ешбір адам заңдарды білмеймін деп өзін өзі ақтай алмайды. Судьяның ішкі нанымының қалыптасуындағы аталған презумпцияның маңызы - тиісті түрде жарияланған заңдар, оның ішінде материалдық-құқықтық заңдар азаматтарға мәлім болып табылады. Сондықтан судья сотталушының кінәлілігі туралы мәселені шешкенде, қылмыстық құқықтық тыйым сотталушыға мәлім болды деген ойға негізделуі қажет.
М.С. Строговичтің ойынша, қарастырылып отырған презумпцияның негізіне азаматтық нақты заң актілері мен құқықтық нормаларды білу жатқызылмайды. Сотталушының кейбір құқықтық нормалар туралы жалпы түсінігінің болуы, яғни заңды немесе заңсыз іс-әрекеттер туралы, әрекеттің қылмыстық жазалаушы немесе қылмыс болып табылмайтындығы туралы түсініктердің жеткіліктігін айтады [4, 204-205 б.].
Біздің бәрімізге белгілісі - әрбір азаматқа нақты қылмыстық құқықтық тыйым салынатындығында. Әрине, азамат нақты жағдайдағы нақты мән-жай үшін нақты жаза болатынын білмеуі мүмкін, бірақ оның санасында оны жасау заңға қайшы екендігі қалыптасқандығы жөн.
Осы тұжырымға қатысты ғалым В.А. Туманов кінәлі азамат заңды, яғни қылмыстық құқықтық тыйым салуларды бұзғандығын білмегендігі және біле алмағандығы туралы мәселені дәлелдеу қажеттігі туралы айтады [8, 122 б.]. Бұл пікірдің қарсыласы ретінде Ю.М. Грошевой заң сотталушыға заңды білмейтіні туралы мәселені дәлелдеуді міндеттемейді. Егер заңның білмеу жағдайы күдік туғызатын болса, судья сотталушының түсініктемелерін тыңдайды және сотталушының заңды қаншалықты білмегендігіне сілтеме жасап отырғандығы негізді екендігіне қатысты қорытындыға келетінін айтады [9, 107 б.].
Кейбір ғалымдар азаматтың заңды білмеуін қылмыстық істі қарау барысында соттың жеңілдететін мән-жайы ретінде қарастыруды ұсынып отыр. Бірақ аталған тұжырымға байланысты олар ешқандай негізді аргументтер айтпайды. Осыған орай біз бұл тезистің өте қатты сынға ұшырайтындығын айта кетуіміз қажет. Қазіргі уақытта қылмыстық заңнамада бізге белгілі болатындай салғырттық сияқты жеңілдететін мән-жай қарастырылмаған. Бірақ қылмыстық құқық теориясында салғырттық шеңберінде заңдарды білмеуді жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырмаған. Халықтың жаппай өздерінің құқықтарын қорғау жағдайында және жүйелі түрде баспасөз беттерінде тек қабылданған заңдар ғана емес, сонымен қатар заңдардың жобаларының жариялануы кезінде кез келген азамат заңдарды білмедім деген сылтау айтуға ешқандай негіз болмайды. Егер біз заңды білмеу жағдайын қылмыстық істі қарау кезінде сотталушының кінәсін жеңілдететін мән-жай ретінде қарастыру тезисін ұсынған ғалымдардың пікірін қолдайтын болсақ, онда келесі ситуация қалыптасады. Сотталушы қылмыстық заңның ережелерін білмеді және білуге тиіс болмады, бірақ сот сотталушының іс әрекетінде қылмыс құрамы жоқ деп ақтау үкімін шығарудың орнына, ол айыптау үкімін шығарады және жеңілдететін мән-жай ретінде заңды білмеуін негізге ала отырып, жаза тағайындайды.
Кейбір ғалымдар жеке қылмыстық процесуалдық презумпциялардың қатарына мыналарды жатқызады: а) судья, тергеуші, прокурор, анықтаушы және сарапшының объективтілік және құзыреттілік талаптарына сәйкес келмеуі, егер оларға қарсылық білдіруге негіз болған фактілер анықталса; б) айыптау үкімін шығаруға тек сотталушының кінәсінің мойындауының орын алуы жеткіліксіз болып табылуы; в) заңда көрсетілген жағдайларда сараптаманың міндетті түрде өткізілуі; г) процесуалдық құқық қатынастары қатысушыларының құқық субъектілігі.
Жоғарыда аталған мән-жайлармен толық келісуге болмайды. Біріншіден, процесуалдық презумпцияларды жеке және жалпы деп бөлудің өзі даулы мәселе болып табылады. Екіншіден, қылмыстық процесуалдық заңнаманың аталған жағдайлары презумпция терминінің тікелей түсінігінде оған жатқызылуына ешқандай негіз жоқ. Мысалы, судьяға қарсылық білдіру жағдайында оның объективтілігі және құзыретті еместігі презумпцияланбайды, заң бойынша осындай қарсылық білдірудің мән-жайы ғана дәлелденеді. Заңда көрсетілген жағдайларда (ҚР ҚІЖК 241-бабы) сараптаманың міндетті түрде өткізілуі, бұл мән-жай басқа дәлелдемелердің қайнар көздерімен дәлелденуге жатпайды.
Сонымен қорытындылап айта кететін болсақ, процесуалдық презумпциялар мен преюдициялар судьяның ішкі нанымының қалыптасуын тежемейді, керісінше, қылмыстық іс бойынша судьяның алған білімдерін реттейді, объективті шындық жағдайларына сәйкес судья білімі мазмұнының қалыптасуына зор ықпал етеді.
Әдебиеттер
- Теория судебных доказательств в советском уголовном процессе. - М., «Юридическая литература», 1973. - 735 с.
- Халиков К.А. Проблемы судебной власти в Республике Казахстан: диссертация д-ра юрид. наук: 00.09. - Алматы, 1998. - 319 с.
- Строгович М.С. Учение о материальной истине в уголовном процессе. - М., 1947. - 276 с.
- Курылев С.В. Основы теории доказывания в советском правосудии.- Минск, 1969. - 204 с.
- Чельцов М.А. Курс уголовно-процессуального права: Очерки. - СПб., 1995. - 842 с.
- Дорохов В.Я. Законная сила приговора в советском уголовном процессе // Советское государство и право. - 1954. -№6. - С. 25-35
- Резник Г.М. Внутреннее убеждение при оценке доказательств. - М.: Юридическая литература, 1977. - 120 с.
- Туманов В.А. Вступление в силу норм советского права. - «Учеб. зап. ВИЮИ», вып.7. М., с.101-131.
- Грошевой Ю.М. Проблемы формирования судейского убеждения в уголовном судопроизводстве. - Харьков: Вища школа, 1975. - 143 с.