Ішкі істер органдарының қызметінде мәні әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау және шешу болып табылатын әкімшілік заң қолдану қызметі маңызды орын алады [1]. Әкімшілік заң қолдану қызметі ішкі істер органдарының әкімшілік қызметінің бір құрамдас бөлігі болып табылады.
Қолданыстағы заңда қарастырылған сол немесе басқа да әкімшілік қылық үшін санкцияны қолдануда әкімшілік заң қолданудың қорғаушылық қызметі жүзеге асады [2, 17 б.].
Әкімшілік қадағалау әкімшілік жазалау және басқа да әкімшілік мәжбүрлеу шараларын орындау сияқты ішкі істер органдарының қызметімен қатар әкімшілік заң қолдану қоғамдық тәртіпті, қоғамдық қауіпсіздікті және басқа да қоғамдық қатынастарды әкімшілік құқық бұзушылықтардан қорғау үшін арналған.
Әкімшілік қадағалаумен салыстырғанда әкімшілік құқықбұзушылық әрекетінің даму динамикасына, нақты құқықтық қайшылықты жоюға немесе болдыртпауға әсер ете алмайды. Әкімшілік жазалау шарасы әрқашанда жасалған іс-әрекетке қолданылады және де құқықбұзушының және басқа да адамдарды жаңадан құқық бұзушылық жасаудан алдын алу үшін санасына әсер ету арқылы құқық қорғау қызметін атқарады. Сонымен қатар бұл қызмет әкімшілік құқық бұзушылық болу себептерін жасалуына ықпал еткен шарттарды анықтауда, және тиісті кәсіпорын, мекеме, ұйым және лауазымды тұлғаларға оларды жою бойынша шаралар қабылдау туралы ұсыныстар енгізуде, яғни әкімшілік заң қолдану қызметін қолдану процесінде жүзеге асырылады [3, 2 б].
Әкімшілік заң қолданудың әлеуметтік құндылығы оның реттеушілік қызметінде көрініс табады. Ішкі істер органдары қорғайтын қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеуде әкімшілік заң қолдану қызметі өзгеше әдіс болып табылады. Соның нәтижесінде нормативтік ұйғарым нақты құқықтық қатынастарға түседі. Мысалы, әкімшілік құқықтық нормалармен белгіленбеген қоғамдық орындарда спирт ішімдіктерін ішуге тыйым салынады. Бұл тыйымды бұзған тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылады. Бұл норамтивтік ұйғарымның мақсаты қоғамдық орындарда азаматтардың жүріс- тұрысын реттеу болып табылады. Заң шығарушы полицияға тек қана қоғамдық тәртіпті және басқа да құқықбұзушылықтың жолын кесу және табу міндетін жүктеп қоймай, сондай-ақ құқықбұзушыға әкімшілік жазаны қолдануға өкілеттік береді.
Ішкі істер органының әкімшілік заң қолдану қызметі әкімшілік қызметтің бір түрі ретінде аталған қызметтен басқа бірқатар арнайы белгілермен сипатталады.
Біріншіден: оны жүзеге асырудың негізі әкімшілік құқық бұзушылық болып табылады; Екіншіден: ол заңмен бекітілген ерекше процессуалдық нысанда жүзеге асырылады; Үшіншіден: оның нәтижесі барлық органдармен, ұйымдармен және азаматтармен орындау міндетті болып табылатын заңдық акт шығарады.
Құқыққорғау қызметінің бір түрі болып табылатын әкімшілік заң қолдану қызметі аймақтық- салалық қағидасы бойынша құрылған, әкімшілік заң қолдану қызметінің органдар жүйесін құрайтын көптеген мемлекеттік басқару органдарымен жүзеге асырылады. Ішкі істер органдарының әкімшілік заң қолдану жүйесінің (оларға: соттар, әр түрлі салалар мен басқармаларда мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдар және олардың лауазымды тұлғалары) құрамдас бөлігі болып табылады. Ішкі істер органдары орындалуын қадағалау заңмен жүктелген ережелерді бұзу туралы істер бойынша әкімшілік заң қолдану қызметін жүзеге асырады. Мұндай жағдай қоғамдық тәртіпті бұзу ерекшелігімен байланысты, жол қозғалысы қауіпсіздігін және басқа да ережелер жедел қолға алуды, құқықбұзушыға жылдам шара қолдануды талап етеді. Заңмен полицияға тек қана қоғамдық тәртіпті және басқа да құқық бұзушылықты ашу, табу міндеті жүктеліп қоймай сонымен қатар құқықбұзушыға әкімшілік жазалау шарасын қолдану өкілеттілігі берілген. Ішкі істер органдарына әкімшілік-қадағалау және әкімшілік заң қолдану қызметін жүзеге асыру өкілеттігінің берілуі олардың құқыққорғау қызметінің тиімділігін арттыру үшін арналған.
Ішкі істер органдары қарайтын әкімшілік құқықбұзушылық туралы істер өздерінің көптілігімен ерекшеленеді. Мысалы, салалық өкілеттіктегі басқа әкімшілік заң қолдану қызметінің органдары бір- екі немесе кішігірім топтағы біртектес әкімшілік қылықтар бойынша заң қолдануды жүзеге асыруға құқықты болса, ал ішкі істер органдары құқықбұзушылық туралы көптеген істерді қарайды: қоғамдық тәртіпті бұзу, шекаралық режим ережесін бұзу, Қазақстан аумағында шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың болу ережесін, жол қозғалысы қауіпсіздігін бұзу, көлікті пайдалану ережесін және санитарлы-гигиеналық ереже туралы.
Ішкі істер органдарының әкімшілік заң қолдану қызметінің ерекшелігі оны жүзеге асыруға әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерді мәні бойынша шешуге және әкімшілік өндіріп алуға өкілеттігі жоқ полиция қызметкерлерінің қатысуы болып табылады. Мысалы, ішкі істер органдары бойынша кезекші, аймақтық полиция инспекторы, полицияның басқа да қызметінің қызметкерлері әкімшілік құқықбұзушылықтың мән-жайын анықтайды, құқықбұзушылардың әрекеттерін саралайды, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырады, басқа да процессуалдық әрекеттерді орындайды, ал бірақ бұл әрекеттердің барлығы істі өкілетті орган немесе лауазымды адам шешу үшін және қарастыру үшін жасалады. Сонымен қатар полиция қызметкерлері басқа органдардың заң қолдану қызметіне жататын (аудандық соттар) істер бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтыруға құқылы. Мұндай хаттамаларды алдын ала ішкі істер органының басшылары ӘҚБтК-інің 635 бабына сәйкес хаттаманың толтырылуының, жасалған құқық бұзушылықтың саралануының дұрыстығын, істі өндіріс бойынша тоқтатуға негіз жоқтығын тексеріп, істің қандай ведомствоға жататындығын анықтап, істі өкілетті органға мәні бойынша шешу үшін жібереді [4]. Тиісті органдарға істі мәні бойынша шешуге жағдай туғызу үшін ішкі істер органдары құқықбұзушыға әкімшілік-процессуалдық мәжбүрлеу шараларын қолдануға құқылы. Мысалы, ӘҚБтК 625 бабына сәйкес сотқа алып келуді жүзеге асырады [5, 197 б.].
Ішкі істер органдарының әкімшілік заң қолдану қызметі ең алдымен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің нормаларымен реттеледі. Кодекс әкімшілік құқықбұзушылық туралы істердің өндірісінің тәртібін анықтайтын тараулары, бөлімдері бар құрылымнан тұрады. Сонымен қатар жеке жақтарын Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің ішкі істер органдарының, олардың қызметтері мен қызметкерлерінің әкімшілік заң қолдану қызметін жүзеге асыруын ұйымдастыратын және реттейтін нормативтік актілер шығарады. Заң актілерінің нормаларында әкімшілік заң қолдану қызметі бағынатын әкімшілік құқық бұзушылық істер бойынша өндірістің міндеттері анықталған. Оның ішінде ең маңыздылары: заңға сәйкес әрбір істің мән-жайларын уақытылы, жан-жақты, толық және объективті түрде тексеріп, шешу. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы істердің мән-жайын тексеруде ішкі істер органдарының қызметтерінің кең аясын қамтиды. Мысалы, полицияның учаскелік инспекторы, ішкі істер органдарының кезекшісі құқықбұзушының жеке басын анықтайды, куәлардан жауап алады, құқықбұзушыдан және жәбірленушіден түсініктеме, айғақ заттарды (құқықбұзушылықтың құралын, заттарын) алады, сараптама тағайындайды және тағы басқа. Олардың дәлелдемелерді жинау және бекіту бойынша қызметтері заңға және заңдық нормативтік актілермен бекітілген процессуалдық нысанда, тәртіпте жүзеге асырылады. Жиналған дәлелдемелерді бағалап нәтижесінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалады. Жасалған хаттама арнайы журналда тіркеледі (кезекші бөлімде немесе кеңседе болатын әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаларды тіркеу). Сол күні жасалған хаттама ІІО бастығына не орынбасарына беріледі. Бастық хаттаманың және жиналған материалдардың дұрыстығын тексереді егер де қателік кеткен жағдайда кемшіліктерді жою үшін тиісті қызметкерге нұсқау береді. Содан кейін ІІО-ның бастығы істің ведомстволығын қарастырады, егер де іс басқа ведомствоның қарауына жататын болса онда сол органға іс-құжат жіберіледі. Істің қаралу орны (құқық бұзушылық жасалған орын бойынша, көлік құралының тіркеу орны бойынша немесе құқық бұзушының тұрғылықты орны бойынша). Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қаралғанда жиналған дәлелдемелер тексеріліп бағаланады, тұлғаға қарсы қозғалған әкімшілік іс сараланады немесе әкімшілік құқық бұзушылықтың болмауы я болмаса әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы жоқ деген қорытынды шығарылады. Егер де тұлға кінәлі деп танылса жауаптылықты жеңілдететін не болмаса ауырлататын мән-жайлар қарастырылады. Сонымен қатар, істі шешуге маңызы бар басқа да жағдайлар, тұлғаны әкімшілік жауаптылықтан босату негізі тексеріледі. Істі қарау істі өндіріс бойынша тоқтату немесе әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы шығарумен аяқталады. Қаулы істі қарастырып болған соң бірден жарияланады. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қаралып болған соң және әкімшілік өндіріп алу мәлімет орталығына құқықбұзушыны тіркеу карточкасы жіберіледі (ІІД Ақпарат орталығына). Онда құқықбұзушы туралы толық мәлімет, құқықбұзушылықтың түрі (бап), құқықбұзушылықтың орны мен уақыты, істің объективті жағын сипаттайтын басқа да мәліметтер, іс бойынша қабылданған шешім, істің сақталу орны (іс құжаттың нөмірі, істің беттері және т.б.) көрініс табады. Бұл мәліметтерді орталыққа жинау, құқықбұзушы туралы жеке тіркеу жүргізу, соның негізінде (бірнеше рет әкімшілік құқық бұзушыларды табуға, статистикалық және талдау мәліметтерін ашуға, әкімшілік құқықбұзушылық және құқықбұзушыларды сипаттайтын), анықтамалық жұмыс жүргізуге мүмкіндік туады.
Сонымен әкімшілік заң қолдану дегеніміз - әкімшілік құқық нормаларымен реттелген билік органдарының, лауазымды тұлғалардың немесе сот органдарының құқық қолдану және құқық қорғау барысында әкімшілік құқық жүйесіндегі болатын талаптарды қарастырып шешім қабылдайтын қызмет. Себебі, ҚР ӘҚБТК-нің 363 және 543-баптарында полиция органдарының әкімшілік құқық бұзушылыққа байланысты іс қозғауына және жеке-дара шешім қабылдауына мүмкіндік беретін юрисдикциялық құзіретінің шегі қатаң анықталған.
Әдебиеттер
- Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдары туралы ҚР Заңы, 25.12.1995 ж.
- Протасов В. Н. Основы общеправовой процессуальной теории. - М.: Юрид. лит., 1991. - 142 б.
- Ноздрин В. Требуется кардинальное совершенствование законодательства // Заңгер. - 2005. - № 11. - 5-6 бб.
- Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс. Алматы, Жеті жарғы, 2001 ж.
- Қазақстан Республикасы ішкі істер (полиция) органдарының әкімшілік құқық қатынастары: Монография / Е.Т.Жалбуров. – Қостанай: ҚРӘдМ ҚАЖК Академиясы, 2009. – 356 б.