Қай мемлекетті алсақта азық-түлік қауіпсіздігін құқықтық қамтамасыз ету үшін мықты мемлекеттік саясат, мемлекеттік басқару мен реттеу жүргізілуі қажет.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мемлекетік басқару органдарының қызметі мемлекеттің саясатын құрайтын белгілі бір бастамалардың негізінде жүзеге асырылады. Мемлекеттің белгілі бір мақсатқа жетуі үшін ішкі бірлігін, негізгі құрылымын, мәнін анықтайтын бастаушы идеялар мемлекеттік басқарудың қағидалары деп аталады.
Б. Жетпісбаевтың ойынша, қазақстандық патриотизм, саяси тұрақтылық, барлық халықтың мүддесі үшін экономикалық дамыту, қоғаммен келісушілік, мемлекеттік өмірдің маңызды сұрақтарын республикалық референдумда дауыс бере отырып, демократиялық әдіспен шешу қағидаларын бөліп қарайды.[1] Азық-түлік қауіпсіздігін құқықтық қамтамасыз ету үшін көптеген әдіс-тәсілдерді қолдану қажет. Ең алдымен, аграрлық протекционизм қағидасын ұстану, реттеудің индикативті әдістерін қолдану, Қазақстан Республикасының азаматтарына азық-түліктің тұтынудың физиологиялық нормаларына сәйкес жастарынан, мүліктік және лауазымдық жағдайларынан, тұрған және тұратын жерлерінен тәуелсіз азық-түлік тауарларының нақты және экономикалық қол жетімділігін қамтамасыз ету кепілін жасау, Қазақстан Республикасында өндірілетін және сатылатын азық-түлік тауарларының сапасының тамақ өнімдері қауіпсіздігі саласындағы заңдарда белгіленген талаптарға сәйкестігін келтіру, отандық азық-түлік тауарларын өндірушілерге мемлекеттік қолдау көрсету, ішкі және сыртқы қолайсыз факторлардың әсерінен тәуелсіз азық-түлік қорын қалыптастыру, жаңарту және толықтыру, астықтың мемлекеттік қорларын қалыптастыру; барлық жеке меншік түрлері ұйымдарына аграрлық азық-түлік нарығына рұқсат беру жолымен тең бәсекелік ортаны құру, мемлекет пен жеке кәсіпкерліктің өзара әрекеті мен ынтымақтастығы, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінде қоғамдық бірлестіктердің, кәсіпкерлер қауымдастықтарының (одақтарының) рөлін арттыруға көмектесу; елдің азық-түлік тәуелсіздігіне кепілдік беретін көлемде отандық ауыл шаруашылығы өнімін өндіру жолымен аграрлық нарықтың сиымдылығын қалыптастыруды қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығының техникалық базасын жаңарту және аграрлық азық-түлік нарығының күйі туралы ақпараттың ашықтығы принциптерінен құралады.[2]
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі мемлекеттік органдардың құзыреті 3 топқа бөлінеді:
1-Жалпы құзіреті бар органдар, олар - ҚР Парламенті; ҚР Президент; ҚР Үкіметі, жергілікті өкілді және атқарушы органдар.
2- Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылық Министрлігі - арнайы құзіреті бар органдар қатарына жатады.
- Функционалды құзіреті бар органдар, оларға - Қоршаған ортаны қорғау министрлігі, Су ресурстарын басқару жөніндегі комитет, сот органдары, құқық қорғау органдары, прокуратура органдары және т.б. жатқызуға болады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 6 сәуірдегі N 310 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігі туралы» ереженің 2 бабына сәйкес Министрлiктiң негiзгi мiндеттерi:
- мемлекеттiң аграрлық және өңiрлiк саясатын, стратегиялық жоспарларын, реттелетiн саладағы, атап айтқанда ауыл, балық және су шаруашылығы, өсiмдiктер мен жануарлар әлемiнiң өсiмiн молайтуды және пайдалануды, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау саласындағы мемлекеттік және өзге де бағдарламалар мен жобаларды, ауылдық аумақтарды дамыту, егіншілік, тұқым шаруашылығы мен астық рыногын реттеу, өсiмдiктердi қорғау және олардың карантинi, ветеринария, сусындарды (алкогольді өнiмдер мен этил спиртiнен басқа) қоса алғанда, тамақ өнiмдерiн, былғары (терi илеу және өңдеу), талшықты мақта өндiру мен жүндi қайта өңдеу бөлiгiнде өңдеу өнеркәсiбiн, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау (iрiсiнен басқа), агроөнеркәсіп кешенiн техникалық жарақтандыру, мал шаруашылығы, мелиорация, жердi суландыру және дренаж, ауыл шаруашылығы ғылымы мәселелерiн қалыптастыру және iске асыру;
- бәсекеге қабілеттi ауыл шаруашылығы тауары өндiрiсiн құрудың негізiн жасау, Қазақстан Республикасының азық-түлiктік қауiпсiздiгі мен жұмылдыру дайындығын қамтамасызету;
- орман, аңшылық, балық және су шаруашылығын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды және ауылдық аумақтарды дамыту мәселелерін қоспағанда, реттелетін салада мемлекеттiк бақылауды, қадағалауды және басқаруды қамтамасыз ету;
- агроөнеркәсіп кешенiн ақпараттық-консультациялық қамтамасыз ету болып табылады.[3]
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету әлеуметтік-саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, ұйымдастыру, ақпараттық және азық-түлік дағдарысының алдын алуға және (немесе) жеңуге бағытталған басқа да шараларды әзірлеу мен іске асыру арқылы жүзеге асырылады.
2007 жылғы 27 наурыздағы № 242-III қабылданған «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» ҚР Заңына сәйкес, агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеудiң мақсаттары:
- ауылдық аумақтардың әлеуметтiк және инженерлiк инфрақұрылымын дамыту және ауыл халқын қолайлы тұрмыс жағдайларымен қамтамасыз ету;
- мемлекеттiң азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
- агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды тұрақты экономикалық және әлеуметтiк дамытуды қамтамасыз ету;
- бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнiмiн және оның қайта өңдеу өнiмдерiн өндiрудің экономикалық жағдайларын жасау болып табылады.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Үкiметінің құзыретіне: азық-түлік қауіпсіздігі саласында бірыңғай мемлекеттік саясаттың жүргізілуін қамтамасыз ету; азық-түлік тауарларының мемлекеттік ресурстары қорының көлемін; құрылымын, оларды қалыптастыру, орналастыру сақтау, пайдалану және жаңарту ережелерін бекіту; мамандандырылған ұйымдарды құру және олардың қатысуымен агроөнеркәсiптiк кешендi қолдаудың тәртiбiн айқындау; азық-түлік тауарларының мемлекеттiк ресурстарын басқаруды қамтамасыз ету, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін бекіту; азық-түлік қауіпсіздігінің жай- күйіне мониторинг жүргізу тәртібін бекіту кіреді.
- Азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төну – республика аумағында азық-түлік тауарлары көлемінің төмендеуіне әкелетін жағдайлар, процестер және нақты жағдайлардың, сонымен қатар тамақ өнімінің қауіпсіздігі туралы Қазақстан Республикасы заңнамасы белгілеген талаптардың орындалмауының жиынтығы. Қазақстан Республикасының азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төнген жағдайда азық-түлік тауарларының экспорты мен импортына қажет болған жағдайда уақытша шек қоюға құқылы. [4]
Ал, уәкiлетті органдардың, сондай-ақ облыстардың (республикалық маңызды бар қаланың, астананың) жергілiктi өкiлдi органдарының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі құзыретiне:
- азық-түлік қауіпсіздігі жай-күйінің мониторингін жүргізу;
- азық-түлік қауіпсіздігі жай-күйінің, бағалардың және агроөнеркәсіптік кешен өнімдері нарықтарының мониторингін жүргізу
- азық-түлік тауарларына өткен күнтізбелік жылда қалыптасқан орташа жылдық нарықтық бағаларды, сондай-ақ мемлекеттік ресурстарға сатып алынатын және азық-түлік тауарларының мемлекеттік ресурстарынан өткізілетін азық-түлік тауарларына тіркелген бағалардың деңгейін айқындау әдістемесін бекіту;
- Республика аумағындағы азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп-қатер туындағаны туралы куәландыратын фактілер анықталған кезде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган статистика саласындағы уәкілетті орган статистикалық ақпаратты жариялаған және жергілікті атқарушы органдардан деректерді алған күнінен бастап бес жұмыс күнінің ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстарды жолдау кіреді. Мониторинг жүргізудің мақсаты азық- түлік тауарларына нақты және экономикалық қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша уақтылы және жедел шаралар қабылдау болып табылады. Азық-түлік қауіпсіздігі жай-күйінің мониторингін жергілікті атқарушы органдардың және мемлекеттік статистика саласында басшылықты, оның ішінде нақты уақыт режимінде басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның деректері негізінде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган жүргізеді. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган азық-түлік қауіпсіздігі жай-күйінің мониторингі негізінде азық- түлік қауіпсіздігі саласында мемлекеттік ақпараттық ресурстарды қалыптастырады. [5]
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган жергілікті атқарушы органдар деректерді өңдеу және деректерді сараптау деректерін жинауды жүзеге асырады. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган азық-түлік қауіпсіздігі жай-күйінің мониторингісіне сәйкес алынған мониторинг деректерін өңдеуді жүзеге асырады. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган тұтынудың физиологиялық нормаларын қанағаттандыруға жеткілікті азық-түлік тауарларына халықтың нақты және экономикалық қолжетімділігін қамтамасыз ету анықтамасын ескере отырып, азық-түлік қауіпсіздігі жай-күйінің мониторингісіне сәйкес алынған мониторинг деректерін талдауды жүзеге асырады. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган азық-түлік қауіпсіздігі жай-күйінің мониторингі негізінде азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік ақпараттық ресурстарды қалыптастырады.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мемлекеттік реттеуінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өлшемдері мен негізгі бағыттарына тоқталсақ, олар:
- азық-түлік тауарларына нақты қолжетімділік;
- азық-түлік тауарларына экономикалық қолжетімділік;
- тағамдық өнім қауіпсіздігінің кепілдігі азық-түлік қауіпсіздігінің өлшемдері болып табылады. Қазақстан Республикасының Үкіметі азық-түлік тауарларының мемлекеттік ресурстарын агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган әзірлейтін азық-түлік тауарларының мемлекеттік ресурстарының қорларын қалыптастыру, орналастыру, сақтау, пайдалану және жаңарту ережелеріне сәйкес қалыптастырады. Азық-түлік тауарларының мемлекеттік ресурстары ішкі аграрлық азық-түлік нарығына реттеушілік ықпал жасау және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен пайдаланылады.
Азық-түлік қауіпсіздігі жай-күйінің мониторингі нәтижелерін талдау мемлекеттік статистикаға басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган ұсынатын азық-түлік тауарларының өндірісі, тауар қозғалысы, ассортименті және бағалары туралы деректер негізінде жүзеге асырылады. Егер республикадағы азық-түлік тауарларының жылдық өндірісі физиологиялық тұтыну нормаларына сәйкес халықтың жылдық қажеттілігінің сексен процентінен төмен болса, онда Қазақстан Республикасының азық-түлік тауарларының түрлері бойынша тәуелсіздігі қамтамасыз етілмеген деп есептеледі. [6]
Қарастырылған тақырыбымызды қорытындылай келіп шешім шығаратын болсақ:
-азық-түлік қауіпсіздігін құқықтық қамтамасыз ету үшін көптеген әдіс-тәсілдерді қолдану қажет.Оған ең алдымен, аграрлық протекционизм қағидасын ұстану;
-отандық азық-түлік тауарларын өндірушілерге мемлекеттік қолдау көрсету;
-азық-түлік қауіпсіздігін құқықтық қамтамасыз етудегі мемлекеттік реттеу органдарының қызметін жетілдіру;
Әдебиеттер
- Бурдуков П.Т., Саетгалиев P.З. Россия в системе глобальной продовольственной безопасности. М. 1999. С.
- Жетписбаев Б.А. Аграрное право Республики Казахстан. Учебник. Алматы. 2000 год. 98-99 беттер.
- Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 6 сәуірдегі N 310 «Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігі туралы» қаулысы. Қайнар көзі: ПАРАГРАФ ақпараттық жүйесі.
- 2007 жылғы 27 наурыздағы № 242-III қабылданған «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» ҚР Заңы. Қайнар көзі: ПАРАГРАФ ақпараттық жүйесі.
- Азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне мониторинг жүргізу ережесін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 12 сәуірдегі № 296 Қаулысы. Қайнар көзі: ПАРАГРАФ ақпараттық жүйесі.
- Аграрная политика. Учебники и учеб. пособия для студентов высш. учеб. заведений / Под ред. Зинченко А. П. - М.: КолосС, - 304 с