Қазақстан Республикасы мемлекеттік егемендік пен тәуелсіздікке ие болғалы бері өзін демократиялық құндылықтарды ұстанушы мемлекет ретінде жариялап, жеке адамның құқықтары мен бостандықтарының басымдығын танытып отыр. Ол Қазақстан Республикасы Конституциясының 1- бабының 1-тармақшасында баянды етілген. Онда: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде бекітіп, басты құндылығы адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары табылады» [1]. Еліміздің негізгі заңында бекітілген адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының басымдылығы туралы идея өсіп келе жатқан ұрпақтың құқықтары мен бостандықтарының қалыптасуы мен дамуына кепіл болып табылады.
Қазақстан Республикасы балалық шақты адам өмірінің маңызды кезеңі екендігін танып, балаларды қоғамда тіршілік етуге бейімдеуді қамтамасыз етеді. Сондықтан, Елбасымыз Қазақстанның тәуелсіздік алғанынан бастап неке мен отбасы, бала, ана мен әке институттарын нығайтуды алғашқы орынға қойды. Ол Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2030» даму стратегиясында баяндалды. «Біз өзіміздің болашағымызды және балаларымыздың болашағын қандай күйде көргіміз келеді, осыны айқындап алатын уақыт жетті. Біз бүгінгі кезеңнің міндеттерінен өзге біздің ұрпақтың келер ұрпақтар алдында орасан зор жауапкершілік жүгін арқалайтынын: әкелер мен аналардың, аталар мен әжелердің өз балалары мен немерелері алдындағы жауапкершілігін күнделікті есте ұстауға тиіспіз. Біз өз балаларымыз бен немерелерімізді сонау алыс болашақта, олар біздің жасымызға жеткен кезде қандай күйде көргіміз келеді? Олар әл-ауқатты өмір сүре ме, тоғайған, дендері сау әрі білімді-білікті бола ма? Олар жақсы әрі азат қоғамда өмір сүре ме? Олар бейбіт-татулықта өмір сүре ме? Олар өз қауіпсіздігі мен балаларының қауіпсіздігі үшін алаңсыз бола алар ма, көшелермен емін-еркін жүріп, өз дүние-мүлкі үшін қауіптенбес болар ма? Біз оларға қуатты мемлекет пен өзіміздің жақын және алыс көршілерімізбен достық қарым-қатынасымызды мұра етіп қалдыра аламыз ба? Біз осынау қарапайым, бірақ маңызды сұрақтарға бүгіннің өзінде жауап беруге тиіспіз. Біздің алға қарай тұрақты жылжуымыздың басты шарты — біздің қоғамымыздың алға қойылған мақсаттарға қол жеткізудегі біртұтастығы, халықтың барлық жіктері мен топтарының ортақ міндеттерді шешуге бағытталган стратегия айналасында топтасуы. Біздің басты оң игіліктеріміздің ішінде — халқымыздың, немесе былайша айтқанда, адам ресурстарының сапасы тұр» [2].
Еліміздің қолданымдағы Конституциясының 27 – бабында «Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата- ананың етене құқығы және міндеті» [1] делінген. ҚР Конституциясының бұл бабы балалық шақтың мемлекеттің қорғауында болатыны және ол мемлекетпен танылатын және қорғалатын негізгі әлеуметтік құндылық болып табылатынын бекітіп отыр.
Сонымен қатар, ҚР неке және отбасы заңында еліміздегі отбасы қатынастарының құқықтық тұрғыдан реттелуінің негізгі бастамалары баяндалған [3]. Бұл заң Қазақстан Республикасы конституциялық құрылысының негізі мен адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын баянды ететін еліміздің қолданымдағы Конституциясының нормаларымен тікелей не жанама байланысты болып келеді.
Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңы - балалар мүддесін көздейтін мемлекеттік саясатты бекітіп отыр. Осы заңның 6 - бабында мемлекеттік саясаттың мақсаттары қарастырылған. Олар:
- балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамамсыз ету, оларды кемсітушілікке жол бермеу;
- балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің негізгі кепілдіктерін нығайту, сондай-ақ құқықтары бұзылған жағдайларда оларды қалпына келтіру;
- бала құқықтары кепілдіктердің құқықтық негіздерін қалыптастыру, баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі тиісті органдар мен ұйымдар құру;
- балалардың дене бітімі, интеллектуалдық, рухани және имандылық тұрғысынан дамуына, олардың бойында елжандылық, азаматтық және бейбітшіл сезімдерді тәрбиелеуге, сондай–ақ баланың жеке дами тұлғасының қоғам мүддесі, мемлекет халықтарының дәстүрлі, ұлттық және әлемдік мәдениет жетістіктеріне қол жеткізуі үшін мүмкіндіктерін ашуға жәрдемдеседі;
- кәмелетке толмағандардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін қалыптастыру жөнінде нысаналы жұмысты қамтамасыз ету болып табылады.
Балалар мүддесін көздейтін мемлекеттік саясат мемлекеттік органдар қызметінің басым саласы болып табылады және:
- баланың құқықтарын заң тұрғысынан қамтамасыз етуге;
- балаларға толымды тәрбие беруді, олардың құқықтарын қорғауды оларды қоғамда толымды өмір сүруге дайындауды қамтамасыз ету мақсатында отбасын мемлекеттік қолдауға;
- аймақтық ерекшеліктерді ескере отырып, балалардың өмірін жақсартуға бағытталған мемлекеттік ең төменгі әлеуметтік стандарттарды белгілеуге және сақтауға;
- баланың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзғаны, оған зиян келтіргені үшін лауазымды тұлғалардың, азаматтардың жауаптылығына;
- баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын қоғамдық бірлестіктер мен өзге де ұйымдарды мемлекеттік қолдауға негізделген [4].
Елімізде жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүгедек, мүмкіншілігі шектелген балаларға әлеуметтік қамқорлық жасауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар қабылданған. Атап айтсақ: «Қазақстан - Балалары», «Жетім балалар», «Мүгедек балалар» және т.б.
Бұдан басқа аталған жағдайларды реттейтін мемлекетімізде бірқатар заңнамалық актілер де баршылық. Олар: «Отбасылық үлгідегі балалар ауылы мен жасөспірімдер үйлері туралы», «Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» және т.б.
Балалардың мүдделерін қорғауға бағытталған халықаралық құжаттар да жоқ емес. Олар: «Бала құқығы туралы» Конвенция, «Балаларды қорғау және шетелден (мемлекетаралық) баланы асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы» Конвенция «Мүгедектердің құқықтары туралы» Конвенциясы және т.б.
Елімізде балалықтың мемлекеттік - құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етілуімен қатар, оның жүзеге асырылуында, құқықтық қорғалу механизмдері аясында, оларды жетілдіру барысында бірқатар қиындықтар кездеседі. Атап айтқанда: балалардың қаңғырып жүрушілігі, балаларды мәжбүрлеп еңбекке тарту, оның ішінде жезөкшелікке, есірткі сатуға баулу, баланың есірткіге құмарлығы, жас өспірімдердің арасындағы қылмыстылық пен құқық бұзушылыққа бейімделуінің өсуі және т.б. Қазіргі таңда бұл проблемалар мемлекеттік қауіпсіздік деңгейіне көтеріліп, қазіргі күннің басты мәселелерінің біріне айналды. Қазіргі жастарымыздың есірткіге құмарлығы адамзаттың тіршілік етуіне үлкен қауіп төндіріп отыр. Бүгінгі күнде Республиканың медициналық мекемелерінде есірткіге тәуелді тіркеуде тұрған 4948 адам кәмелетке толмағандар болып табылады. Статистикалық ақпараттарға үңілсек ересектерге қарағанда балалар есірткіні 2,5 есе жиі қолданады екен [5].
Елімізде әлеуметтік қорғаусыз, ата–анасыз қалған балалар қаншама. Мәліметтерге сүйенсек балалар үйінде мыңдаған жетім балалар тәрбиеленуде. Оның ішінде ата-аналары тастап кеткен балалар да жоқ емес.
Балаларды мәжбүрлеп еңбек етуге итермелеу күннен-күнге өсіп келе жатқан мәселе. Балалардың қиын әлеуметтік және экономикалық дағдарыс кезінде, отбасылық ахуалына байланысты, қайыр сұрауы, автокөліктердің терезелерін сүрту сияқты еңбектенуі күнделікті кездестіретін жәйт болды.
Баланың қорғалуы мемлекеттің басты қызметтерінің бірі. Мемлекет өзінің функциясы арқылы балалық шақты қорғауды жүзеге асырады. Жас ұрпақты дұрыс, салауатты тәрбиелеу үшін, балалықты қорғау механизмдерін жетілдіріп қана қоймай, оны дамыту қажет. Осы ретте отандастарымыздың балаларды асырап алуға ынталандыру саясатын жүргізу қажет, Қазақстандық балаларды шетел азаматтарының асырап алу саясатын тиімді етіп жүргізу, интернаттық мекемелерде тәрбиеленіп жатқан жетім балаларды әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан қамтамасыз ету, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды медициналық қамтамасыз етуді жетілдіру керектігі туындап отыр. Бұл мәселелерді іске асыру барысында еліміз халықаралық тәжірибелерге сүйенуі қажет деп ойлаймыз.
Әдебиеттер
- Қазақстан Республикасының Конституциясы. 30 тамыз 1995 жылы қабылданған. 21 мамыр 2007 жылғы өзгертулер мен толықтырулармен. – Алматы,
- Назарбаев Н.Ә. Қазақстан – 2030: Барлық қазақстандықтардың өсіп - өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы: Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы. - Алматы, 2002. - 96 б.
- Қазақстан Республикасы. Неке және отбасы туралы Заңы. 17 желтоқсан 1998 жылы Парламентпен қабылданған. 21 мамыр 2007 жылғы өзгертулер мен толықтырулармен // Егемен Қазақстан. – 2007. – 22 мамыр.
- Қазақстан Республикасы. Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы Заңы / 8 тамыз 2002 жылы Парламентпен қабылданған // «Юрист» Электрондық жүйесі.
- Проверили и ужаснулись. Достоверной статистики о количестве наркоманов в стране нет: Информация Генеральной Прокуратуры Республики Казахстан // http://info-tses.kz/red/article