Қазіргі таңда басқару құқық шығармашылығы тек кеңейтуші ғана емес, сонымен қатар негізгі нормативтік- құқықтық актілердегі нормаларды бұрмалаушы ретінде өте жиі сынға ұшырайды. Алайда Қазақстан Республикасының қолданыстағы конституциялық- құқықтық жағдайында, атқарушы билік заңға сəйкес уəкілетті органдар атынан нормативті құқықтық актілерді қабылдауға құқылы. Бұл актілер Конституцияның орындалуын, Қазақстан Республикасындағы заңдары мен Президент жарлықтарының жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге бағытталады. Бұл қызметтің жіктелуіне байланысты қайшылықтарға қарамастан, ол құқық қолдану сипатында жəне шешімін табуға болатын дүние.
Біріншіден, профессор А.Тарановтың пікірінше, басқармалық құқық шығармашылығына кең ауқымды тұлғаларға арналған жалпы міндетті мінез- құлық ережелеріне бекітетін актілер ғана жатады. Екіншіден, қоғам мен мемлекетте, қоғамдық қатынастарды реттеуде өз мүмкіндігінің шектеулігі себебінен, барлық мəселелер құқыққа бағынышты емес деген жүйелі көзқарас қалыптасқан [1]. Əрине заңға тəуелді актілердің құқықтық ықпал етуінің өзіндік жақтары əкімшілік процеске белсенді қатысады. Бұрынырақ құқықты қолданудың төмендегі шарттары айқын көрініс тапқан жағдайда ғана өзінің əлеуметтік мақсатын орындай алады деген пікірлер айтылып жүрді:
а) құқықтық жүйенің біртұтастығы
б) ондағы заңның мызғымастығы
в) заңның қоғам дамуының табиғи- тарихи заңдылығына сəйкестігі [2].
Қазіргі заман зерттеушілері аталған пікірмен келісе отырып, кейбір ұстанымдарды нақтылай түсуде. Мəселен, А.А.Таранов заңнамалық актілер мен құқықты қолдану бойынша қызметтің жасампаз жаратылысын атап өтуде. Демек, заңнамалық формалардың имманентік тарихи даму заңдарына сəйкестігі өте шартты [1].
Түптеп келгенде құқықтың өзіндік əлеуметтік өлшемдері бар жəне ол əлеуметтік шындықты реттейді.
Бұл мағынада құқық, Л.М.Вайсбергтің айтуынша, белгілі бір жүйе шеңберінде ғана өмір сүреді [3].
Құқықты қолданысқа енгізудің сипаты нақты фактілік жағдайлармен анықталуы мүмкін. Құқық қолдануға ұйымдасқан тұрақтылық қасиеті тəн болғандықтан, ал құқықты қолдану актілерінің негізінде уəкілетті органдардың ұйымдастырушылық жəне реттеуші қызметі іске асырылатындықтан, құқық қолдану қызметінің классификациясын құқық жүктейтін жəне əкімшілік- юрисдикциялық деп қарастырған абзал болар. Құқық қолдану саласын классификациялаудың осынау үлгісін бірінші тарауда атап өткендей, көптеген зерттеушілер қолдайды.
Қысқасы, құқық қолдану қызметі- басқарудың директивалық нормативтік негізін өмірге əкелумен тығыз байланысты қызмет.
Құқық беру қызметі, А.А.Таранов атап өткендей, императивтік бастамаларды сақтай отырып, диспозитивтік əдістерге көбірек арқа сүйеуде, себебі, басқарудың үйреншікті сипаты өзгеріп, басқарудың өзі қызмет көрсету саласына айналып барады [1]. Сонымен қатар, бұл жұмыс атқарушы биліктің уəкілетті органдардың заңмен бекітілген жағдайларда (мысалы, жол, өрт қауіпсіздігінің нормативтік- құқықтық актілер туралы), басқа субъектілерді басқармалық құқық шығармашылығы арқылы заңнамалық маңызды іс-əрекеттер жасауға оң міндеттеу түріндегі құқықтық мүмкіндіктерімен анықталады.
Өз кезегінде əкімшілік- юрисдикциялық қызмет арнайы уəкілетті органдардың, бекітілген тəртіппен əкімшілік деликттер мен құқық бұзушылықтарды қарастыру жəне шешім шығару қызметімен сипатталатын құқық қолдануының бір түрі. Осылайша əкімшілік-юрисдикциялық іс жүргізу əкімшілік процестің дербес түрі болып табылады. Өз кезегінде ол, негізгі екі тармаққа бөлінеді: əкімшілік тəртіппен жүзеге асатын əкімшілік юрисдикция жəне соттық тəртіппен жүзеге асатын əкімшілік юрисдикция.
Іс жүргізу қызметінің бір көрінісі ретіндегі əкімшілік юрисдикция жеке жəне заңды тұлғалардың əкімшілік құқық бұзушылығы мен басқа да əкімшілік- құқықтық дауларды қарастыратын соттар мен басқа да уəкілетті органдар мен лауазымды тұлғалардың əкімшілік іс жүргізу нормаларымен реттелген құқықты жүзеге асырушы жəне құқық қорғаушы қызметі ретінде қарастырылады.
Шындығында, əкімшілік- құқықтық даулар əкімшілік құқық бұзушылық туралы істермен ғана шектеліп қоймайды. Алайда Ю.М.Козлов құрамында нақты əкімшілік- құқықтық дау болмаған жағдайда атқарушы органдарының құқық қорғау қызметтерінің ешқайсысын юрисдикциялық сипаттағы əкімшілік- іс жүргізу қызметіне жатпайды деп нақтылай түсуде [4].
Əкімшілік даулардың жекелеген түрлерінің қылмыстық, азаматтық жəне шаруашылық сот істерінен мазмұндық айырмашылығына байланысты Қазақстан Республикасында əкімшілік іс жүргізу, əкімшілік юрисдикцияның түрлі органдарымен – биліктің атқару органдарымен, олардың лауазымды тұлғаларымен, жалпы соттар мен əкімшілік соттар, əскери жəне экономикалық соттармен жүзеге асырылады.
Əкімшілік юрисдикция саласындағы қолданылатын əкімшілік-құқықтық санкциялар:
- əкімшілік жəне сот тəртібінде;
- жеке, тұлғаға, лауазымды тұлғаға, жеке кəсіпкерлерге жəне заңды тұлғаларға қатысты;
- əкімшілік шаралармен қорғалатын түрлі нормалардың бұзылғандығы үшін;
- əкімшілік юрисдикциядан шығатын жалпы жəне арнайы тəртіпте.
Осыған орай даудың нысанасы даудың, оны қарастыру тəртібінің, қарастыру тəртібін бекітетін белгілі бір органдармен ведомстволық бағыныстылығы (лауазымды тұлғалардың, əскерилердің жəне басқа да тұлғалардың арнайы құқық субъектілігін бекітетін əскери, көліктік жарғылар, құжаттар) сипатына байланысты анықталады.
Əкімшілік- юрисдикциялық қызметтің мақсаты- əкімшілік-құқықтық, жер, қаржы, табиғатты қорғау жəне т.б көптеген құқықтық қатынастарды құқықтық қорғау арқылы мемлекеттік басқару саласында тұрақты құқықтық тəртіпті қамтамасыз ету. Əкімшілік- юрисдикциялық қызмет мақсатының тағы бір өзіндік аспектісі əкімшілік- құқықтық дауларды шешу салдары болып табылады.
Азаматтық құқықта субъективті құқықты мəжбүрлеп жүзеге асыру тек сот құзыретінде. Жария құқықта əкімшілік өкімдер жеке құқықтық келісімдерге қарағанда мəжбүрлі түрде іске асып, сот шешімін қажет етпейді, себебі, əкімшілік актілердің орындалуы мемлекет күшімен бекітіліп, барлық азаматтар мен ұйымдарға міндетті болып табылады. Осыған орай азаматтар мен ұйымдар заңсыз əкімшілік актіні мойындамау арқылы басқару органдарының заңсыз əрекеттеріне жол бермеу мүмкігіне ие болуы тиіс. Дəл осы жерде əкімшілік əділеттің екілік сипаты көрініс табады: бірінші жағы, субъективті, себебі мемлекеттік басқару органының актісін заңсыз деп тани отырып, сот нақты азамат немесе ұйымның бұзылған құқығын, яғни олардың жария құқығын қорғайды; екінші жағы – объективті, сот мемлекеттегі объективті құқықтық тəртіпті орнатады.
Заңсыз басқару актісінің күшін тоқтату - əкімшілік əділеттің мақсаты, сонымен қатар мемлекеттік басқару органдары мен лауазымды тұлғалардың қызметінің заңдылығына соттық бақылау əдісі ретінде өзін бекіте түседі.
Қатысушылардың құқықтары мен міндеттерінің жүзеге асуын қамтамасыз ететін əкімшілік-іс жүргізу ережелерімен қарастырылған əрекеттері əкімшілік- юрисдикциялық қызметтің мазмұны болып табылады. Əкімшілік- іс жүргізу қатынастар аясында оның барлық қатысушыларына бірдей құқықтық деңгей орнатылғанымен, əкімшілік процесте мемлекет атынан өкілеттілік етіп жатқандықтан атқару органдары мен лауазымды тұлғалардың əрекеттері мемлекеттік- үстемдік сипат алады. Өз қызметтік құзыретіның аясында атқару билігінің субъектілері əкімшілік- құқықтық дауларды қарастыруға, шешуге, басқару қатынастары қатысушыларының іс- əрекетінің заңдылығын өз бетінше бағалауға, қажет болған жағдайда əкімшілік жауапкершілік шараларын қолдануға құқылы. Əкімшілік-юрисдикциялық процестің нəтижесі, əкімшілік құқықтық қатынастарының барлық қатысушыларына орындалуы бірдей міндетті қаулы ретінде көрініс табатын үстем жəне біржақты ықпал ету.
Кез келген юрисдикциялық қызмет сияқты, əкімшілік юрисдикция құқықтық тартыстармен тығыз байланысты, яғни оның барысы санкциялармен қамтамасыз етілген əкімшілік- құқықтық немесе басқа да құқық салаларының нормаларының орындалуымен айқындалады. Əкімшілік құқықтық қатынастардың басқарушы жəне бағынушы тараптары арасындағы немесе атқару билігінің түрлі субъектілерінің арасында пайда болатын əкімшілік құқық туралы өзіндік даулар əкімшілік- юрисдикциялық қызметтің қайнар көзі болып табылады.
Құқық беруге қарағанда юрисдикциялық қызмет құқықтық қатынастар қатысушыларына бір жақты əкімшілік ықпал ету шараларын қолдану мүмкіндігіне байланысты, сондықтан əкімшілік- юрисдикциялық іс жүргізудің арнайы принциптеріне (заң алдында теңдік; кінəсіздік презумпциясы; объективті ақиқатты анықтау; құқық қолданыс қызметіндегі заңдылықты қамтамасыз ету) қажеттілік туындайды.
Əкімшілік юрисдикция ерекшеліктерін əкімшілік процестегі негізгі түрлердің бірі екенін жəне де əкімшілік- іс жүргізу қызметінің жалпы ұстанымдарын назарға ала отырып, əкімшілік- юрисдикциялық процестің негізін салушы принциптеріне:
- заңдылық принципін;
- материалдық (объективті) ақиқат принципін;
- заң алдындағы теңдік принципін;
- кінəсіздік презумпциясы принципін;
- кінə принципін;
- əкімшілік ықпал ету шараларын қолдану барысындағы заңдылықты қамтамасыз ету принципін жатқызуға болады.
ҚР ƏҚБК 9- бабына сəйкес, əкімшілік жаза немесе əкімшілік құқық бұзу істеріне қатысты іс жүргізулік шаралары тек қана осы Кодексті немесе Қазақстан Республикасының заңдарын негізге ала отырып жəне осы актілерде белгіленген тəртіппен жүзеге асуы тиіс [5].
Азамат жəне басқа да тұлғалар өз мүдделерін (соттық, əкімшілік) қорғаудың түрлерін таңдау мақсатында құқықтарға ие болумен қатар, аса қажетті қорғану жағдайларында жауапкершілікке тартылмау мақсатында да құқықтары бар.
Заңдылық принципі туралы сөз қозғай отырып, жеке жəне заңды тұлғалардың жауапкершілігіне қатысты негізгі нормаларды билік субъектілерінің шектеулі тобы қабылдай алатынына назар аудару қажет, бұл атқарушы билік тарапынан қысым көрсетуге жол бемейді. Сонымен қатар, Таранов атап өткендей, заң шығарушы адамның ажырамас жəне мызғымас құқықтары мен бостандықтарының ерекше маңыздылығын мойындау арқылы актілердің мəнін, мазмұнын жəне оларды қолдану тəртібін белгілейтін заңдар мен нормативтік- құқықтық актілерге өте жоғары талаптар деңгейін орнатады.
Қазақстан Республикасының Конституциясы əділеттілік орнату мақсатында қатаң талаптар қояды. Соттар Конституция бекіткен адам жəне азамат құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар мен басқа да нормативтік- құқықтық актілерді қолдана алмайды. Сот юрисдикциясы əкімшілік істерге де таралады, демек, қолданысқа жарамсыз заң немесе басқа да құқықтық акті орын алғаны анықталатын болса, сот іс бойынша іс жүргізуін тоқтатуға міндетті.
Əкімшілік құқық бұзушылық істерін анықтайтын əкімшілік-құқықтық актілер ҚР ƏҚБК 4 «Əкімшілік құқық бұзушылық бойынша іс жүргізу» бөлімінде бекітілген. ҚазКСР ƏҚБК мен салыстырғанда ҚР ƏҚБК іс жүргізу жағы айтарлықтай кеңейтілген: əкімшілік жауапкершілікке тартылған жеке жəне заңды тұлғалардың құқықтарының кепілдемесін көтеруге бағытталған нормалар енгізілген, істің барлық қозғалу кезеңдеріндегі іс жүргізу мерзімдері нақтыланған, əкімшілік юрисдикция субъектілерін шектеу институттары енгізілген жəне олардың іс жүргізудегі құзыреті нақтыланған. Мұнда əкімшілік құқық бұзушылық істерін қарастырудың принциптері айқындала түседі, əкімшілік жауапкершілікке тартылып жатқан тұлғаның, жəбірленушінің, іске қатысушы басқа да тұлғалардың құқықтарының кепілдемесі айтарлықтай кеңейтілген. Дəлірек айтқанда, іске қатысушы тұлғалардың өтініштерін қарастыру тəртібі белгіленген: олар міндетті жəне жедел түрде сəйкесінше берілген істі жүргізіп отырған əкімшілік юрисдикция субъектісімен қаралуы тиіс (ҚР ƏҚБК 361бап).
Материалдық (объективті) ақиқат ұстанымы уəкілетті органды іске қатысты жағдайды толық жəне объективті анықтау мақсатында кез келген материал мен істің қатысушыларының түсініктемелерін назарға алуын міндеттейді. Уəкілетті орган төмендегі жағдайларды анықтауы қажет: əкімшілік құқық ұзушылықтың орын алғандығы, аталған тұлғаның құқық бұзушылыққа жауаптылығы, тұлғаның əкімшілік жауакершілікке ұшырауы, жауапкершілікті жеңілдететін немесе ауырлататын бар жағдайлардың назарға алынуы, материалды зақымның келгендігі жəне басқа органға жүгінуге негіздің болуы.
Материалдық принципі мемлекеттік органдардың (лауазымды тұлғалардың) тараптарды, процесс қатысушыларын іс бойынша қаулы қабылдауға дейінгі кезеңде тыңдауы бойынша ережелерді туындатады.
Әдебиеттер
- Таранов А.А. Административное право Республики Казахстан: Академический курс. – 2-е изд., перераб. и доп. – Алматы: НОРМА- К, 2003. с.
- Поленина С.В., Сильченко Н.В. Научные основы типологии нормативно-правовых актов в СССР. – М.: Наука, 1987. с.
- Вайсберг Л.М. Принцип конкретности в изучении социальной патологии. // Диалектика и этика. – Алма-Ата: Наука, с. 54.
- Административное право. / Под ред. Ю.М. Козлова, Л.Л. Попова. – М.: Юристъ, 2001. с. 253-254.
- Қазақстан Республикасының əкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі: Қазақстан Республикасының 2001 ж 30 қаңтардағы №155-ІІ (өзгертулер мен толықтырулар енгізілген) Заңы. // ИПС «Юрист».