Қазіргі таңда заңды тұлғаларды қылмыстық жауаптылыққа тарту мəселесі кеңінен талқыланып жүр. Əрине өзекті, əрі күрмеуі қалың заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығы бір күнде шешіле қоятын мəселе емес. Дегенімен күн озған сайын осы тақырыптың көтерілу белсенділігі, оған ғалымдардың, тəжірибелік қызметкерлердің қатысуы күнен-күнге артуда.
2001 жылы біздің Президентіміз Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаев құқық қорғау жəне қолдану органдарының қызметкерлерімен жүргізген координациялық кеңесте ресми түрде алғашқы рет кейбір қылмыс түрлеріне қатысты заңды тұлғаларды қылмыстық жауаптылыққа тарту мəселесін ұсынған болатын.
Қазіргі қылмыстық құқық ғылымында, қылмыс субъектісі, қылмыс құрамының бір элементі ретінде, қылмыс жасаған тұлғаны сипаттайтын қылмыстық құқықтық белгілердің жиынтығы ретінде түсіндіріледі. Қылмыс субъектісінің міндетті қылмыстық құқықтық белгілері Қазақстан Ресрубликасы Қылмыстық Кодексінің /ҚРҚК/ 14 бабының 1 бөлігінде көрсетілгендей есі дұрыстық, жеке тұлға яғни адам жəне қылмыстық заңда көрсетілген белгілі бір жасқа толу. [1, 6]. Бұл қылмыстық құқықтағы дəстүрлі тұжырымды көптеген ғалым-заңгерлер мойындайды жəне оны ешқандай да өзгерткісі келмейді. Атап айтқанда, А.Н.Ағыбаев, Ғ.Ы.Баймурзин жəне т.б. Олардың пікірінше, заңды тұлғаларға жазаның мақсаттарын қолдануға болмайды, сондай-ақ, кеңес қылмыстық құқығындағы əрекет еткен кінə тұжырымдамасы оған кереғар келеді.[2]. Сонымен қатар, С.С.Молабаев: «Қазіргі кезеңде Қылмыстық кодекске заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығы туралы арнаулы норманы енгізуді дұрыс емес деп ойлаймыз, оның өзі 1997 жылы қабылданған жаңа Қазақстан Республикасының ҚҚ Жалпы бөлімінің нормаларының мазмұнынан көрініп тұр».[3, 9 6]. Ал Ресей заңгерлерінің ішінде, М.И.Бажанов, Г.Н.Борзенков, Л.Д.Ермакова Н.Ф.Кузнецова, Л.К.Савюк жəне т.б. Яғни заңгерлердің осы тобы заңды тұлғаларды қылмыстық жауаптылыққа тартуды қолдамайды. Оған мүлдем қарсылығын білдіреді. Бұл топтағы ғалымдардың пікірлерін талдап, келесі мəн-жайларды көрсетуге болады:
- Заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығы ҚРҚК-ң құрылысының, соның ішінде қылмыстық заңның жалпы бөлімінің толықтай өзгеруіне негіз болады.
- Заңды тұлғаларға қатысты қылмыстық жауаптылықты белгілеу, қылмыстық құқықтағы негізгі қағидалар, жеке жəне кінəлі жауаптылық қағидаларына қайшы келеді.
- Қылмыстық құқықтағы жауаптылық қылмыс жасаған адамның санасымен, яғни өзі жасаған іс-əрекетіне есеп беру жəне басқара алу қабілетіне қатысты болып табылады. Кінə, адамның өзінің жасаған іс-əрекетіне деген психикалық қатынасы. Заңды тұлғаларда, кінə деген санат əрине жоқ.
- Заңды тұлғалар қылмыстық заңның шеңберінде қалай жазаланады, яғни оларға қатысты қандай жауаптылық тағайындалмақ деген мəселе.
- Заңды тұлғаларға қатысты қылмыстық жауаптылықты енгізу өзге құқық салалары, атап айтқанда азаматтық, əкімшілік құқық салалары мен қылмыстық құқық салаларының шеңберін ажырату қиынға соғып, бұл салалардың арасында нақты ажырату белгісін салу мүмкін болмай қалатынын айтады.
Заң əдебиеттерін талдай отырып жəне бізбен жүргізген саулнама негізінде, ғалымдардың екінші тобы, заңды тұлғаларды қылмыстық жауаптылыққа тарту қажет деген пікірді ұстануда. Өйткені заңды тұлғалардың қызметінен келтірілетін зардап мөлшері жеке тұлғамен келтірілетін зардаптап əлдеқайда көп деп түсіндіріледі. Олардың пікірінше, барлық қылмыстарға қатысты емес, экономикалық, экологиялық қылмыстарға қатысты заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығы қылмыстық заңда реттелуі қажет деген ұсыныстар жасауда. Бұл топтағы ғалымдарға: Ю.А.Антонова, Б.В.Волженкин, С.Г.Келина, А.В.Наумов, А.С.Никифоров жəне т.б. жатқызуға болады.
Көптеген ғалымдардың айтуынша, егер де біз заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығы туралы норманы заңдастыратын болсақ, онда қылмыстық құқықтағы дəстүрлі қағида адамның жеке жауаптылық қағидасынан еріксіз түрде бас тартатынымызды айтады.
Құқықта 100 жылға жуық уақыт шамасында сонау рим құқығымен жарияланған заңды тұлғалар қылмыс жасай алмайды деген қағида билік етті. Бірақ та тарихқа көз жүгіртсек, «заңды тұлғалар» деген санатты тұңғыш рет ежелгі римдіктерден кездестіреміз. Рим заңгерлері «заңды тұлға» деген ұғымды ашып көрсетпесе де, олар ұжымдық құрылымдардың белгілерін (universitas) сол кездің өзінде-ақ көрсеткен болатын. [4, 27].
Бірақ, ғылым бар жерде жаңалық пен өзеріс, даму мен ілгеріс болады. Сондықтан да дəстүрлі қөзқарастардан өзгеше пікірлерді ұстанатын ғалымдар əруақытта табылады. Қылмыстық құқық теориясында заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығы туралы мəселені алғашқылардың бірі болып көтерген А.Трайнин болды. [5, 295-297, 298].
Мəселен, С. Познышев, заңды тұлғаларды қылмыс субъектісі ретінде тану мүмкіндігі туралы былай дейді: Бұл мəселені шешу үшін, біз сұрақты əдеттен тыс басқаша қоюымыз керек, яғни заңды тұлғалар өз табиғатына сай қылмыс жасай алады ма деп қоймауымыз керек. Мемлекеттің жазалаудағы негізгі қағидалары тарапынан заңды тұлғаларды қылмыстық жауаптылыққа тарту мүмкін бе деп қоюымыз қажет. Сұрақты осылай қоюдың пайдасы, заңды тұлғалардың өзіндік табиғаты туралы даулы сұрақтың ауырлығын, қылмыстық сот əділдігінің негізгі қағидаларына ауыстырады. Оның негізін түсіндіре отырып А.Трайнин былай дейді, азаматтық құқықтық жауаптылық өздігінен туындамайды, өкілдігі бар жеке тұлғамен жасалған əрекеттің құқықтық салдары заңды тұлғаға ауысқанда, одан көрініс тапқанда ғана пайда болады. Автордың пікірінше, заңды тұлға өздігінен ешқандай əрекет жасай алмайды деген көзқараспен заңды тұлға қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды деген пікір жасауға болмайды. Мəселе басқаша қойылуы керек, белгілі жағдайларда заңды тұлғаға жеке тұлғамен келтірілген тек қана саяси, азаматтық емес сонымен қатар, қылмыстық құқықтық салдарды ауыстыруға болады ма деп қоюымыз керек. А.Трайнин жəне С.Познышев бұл сұраққа бір жақты жауап береді.
Дегенімен теориялық тұрғыда қылмыстық құқықтағы заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығы бірқатар шетелдерде мысалы, АҚШ, Франция, Голландия, Италия, Германияда, Қытайда т.б., заңдастырылған. Дүние жүзілік тəжірибе көрсетіп отырғандай, жетекші шет мемлекеттер заңды тұлғаларды қылмыстық құқық субъектісі ретінде таныған. Мəселен, ағылшын құқығы, заңды тұлғаларды қылмыстық жауаптылыққа тарту мүмкіндігінен бас тартпайды. Мысалы, корпарация сотталуы мүмкін жəне «келтірілген зиян үшін» немесе заңмен жүктелген қандай да бір міндетті орындамай əрекетсіздік ету немесе билікті асыра пайдаланғаны үшін«пасквиль» /ляйвель/ түрінде айыппұлға тартылуы мүмкін.
Шетелдің қылмыстық заңнамасы заңды тұлғаларға қылмыстық жауаптылық белгілеп ауқымды тəжірибе жинады. Мысалы, АҚШ-да Огайо штатының қылмыстық кодесінің 2901.23 параграфында былай делінген: Ұйым қылмыстық қол сұғушылыққа кінəлі деп танылуы мүмкін, егер ұйымға заңмен жүктелген қандайда бір нақты міндет орындалмаса жəне осы кінəлі іс əрекеттерді рұқсат беру, бұйрық беру т.б. жолдармен директорлар кеңесі, сенімді меншік иелері, серіктестіктің мүшелері, басқару органының лауазымды тұлғалары немесе ұйым қызметкерлері мен агенттері өз өкілеттіктерін асыра пайдалану негізінде жасауы негіз болып табылады. [6, 159- 160].
Заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығын Францияның Қылмыстық Кодексінде де белгілеу ұсынылды. Кодексте «заңды тұлғалар ақшалай жазаға жəне мүліктік сипаттағы қауіпсіздікті қаматамыз ететін шараларға тартылуы мүмкін делінген». Көп жағдайда заңды тұлғаларға айыппұл түріндегі жаза тағайындалады. [7].
Корпорация санының көбеюуіне байланысты мемлекеттер, заңды тұлғалардың қылмыс жасауына байланысты қорғану шараларын белгілеуге де тырысқан. Бұл мəселе халықаралық деңгейде де талқыланған болатын. Мысалы, 1953 жылы Римде өткізілген қылмыстық құқық бойынша 4 Халықаралық конгресте; 1957 жылы Афинада өткізілген 7 халықаралық конгресте: заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығы жəне оларға қатысты жазалау сакнцияларын қолдану мүмкіндігі туралы айтылған болатын.
1979 жылы Қылмыстық құқықтың Халықаралық ассоциациялар 12 конгресінде қылмыстық құқықтың аясын кеңейтіп заңды тұлғаларға қатысты тауар өндіруге тиым салу, кəсіпорындарды жабу, ерекше жағдайларда бас бостандығынан айыру мəселелері ұсынылған.
1930 жылғы Италияның қылмыстық заңдылығы бойынша заңды тұлғалар, олардың өкілдерінің жасаған қылмыстары үшін айыппұл түріндегі қылмыстық жазалауға тартылады. [8, 47].
Швецарияның қылмыстық құқығы бойынша, қылмыс субъектісі ретінде тек қана жеке тұлға танылады. Бірақ кейбір арнаулы заңдар, заңды тұлғалардың органдары қылмыстық іс əрекет жасаған уақытта заңды тұлғаларға қылмыстық жауаптылық белгілейді.
ТМД елдеріне қатысты Литва жəне Молдова Республикаларында заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығы көрсетілген. 26 қаңтар 2000 жылғы Литва Республикасы Қылмыстық кодексінің 20 бабында, қылмыстық кодекстің Арнаулы бөлімінде көрсетілген қылмыстық іс əрекеттерді жасағаны үшін ғана заңды тұлға жауаптылыққа тартылады деген норма бар. 18 сəуір 2002 жылы қабылданған Молдова Республикасының Қылмыстық кодексінің 21 бабына сəйкес, заңды тұлға қылмыс субъектісі болып табылады.
Ал Жапон қылмыстық заңдылығы заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығын көздемейді. Сондай-ақ, Ресей, Болгария, Венгрия, Монғол халық республикасы жəне басқа да елдерде, əсіресе ТМД елдерінің көпшілігінде қылмыс субъектісі ретінде жеке тұлға танылады.
Соңғы кезде экономикалық саладағы қылмыстарды зерттеп жүрген ғалымдардың көпшілігі осы салада заңды тұлғаларды қылмыстық жауаптылыққа тарту мəселесін қозғап жүр. Сонымен қатар, экологиялық қылмыстарға қатысты заңды тұлғаларды қылмыстық жауаптылыққа тарту И.Борчашвили, Э.Жевлаков, С.Куставлетов, А.Плешаков жəне т.б., ғалымдардың қолдауын табуда. Бұл мəселеге қатысты, табиғатты қылмыстық-құқықтық қорғауға арналған екі докторлық диссертацияны атап өтуге болады. А.Ф.Повелицина заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығына қатысты көптеген көзқарастрады ой елегінен өткізіп, талдау жасап заңды тұлғаларды қылмыстық жауаптылыққа тарту мүмкіндігі туралы сұрақты қояды. [9, 258-274]. Ал Э.Н. Жевлаков болса, бұл сұрақты қорғауға ұсынады. «Заңды тұлғалар қылмыстық жауаптылққа өз қызметкерлерінің шаруашылық қызмет процесі негізінде абайсызда жасалған, сондай-ақ заңды тұлғалардың мүддесі үшін жасалған қасақана əректтер үшін жауапты болады» деп көрсетеді. [10, 41].
Сайып келгенде, заңды тұлғалардың қылмытық жауаптылығы əлі де болса зерттеуді талап ететін өзекті мəселе, алдағы уақытта мақалада көрсетілген заңгерлердің тұжырымдарын жəне өзге де мамандардың пікірлерін, сондай-ақ шетел тəжірибесін ескере отырып өзіміздің қылмыстық заңдылығымызға сай, дұрыс əрі сапалы өзгерістер мен толықтыруларды енгізуіміз қажет.
Әдебиеттер
- Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексі. – Алматы: ЮРИСТ, 2010. – 144 б.
- Государство и право. №3, №7,
- Молдабаев С.С. Проблемы субъекта преступления в уголовном праве Республики Казахстан. Монография. – Алматы: ТОО «Аян Эдет», 1998. – 156 с.
- Грешников И.П. Субъекты гражданского права: юридическое лицо в праве и законодательстве. СПб., 2002 С.
- Трайнин А.Н. Избранные произведения. Защита мира и уголовный закон. – М.,
- Уголовное право буржуазных стран. Общая часть: - Сборник законодательных актов. – Университет Дружбы народов / Под ред., Н.Н. Игнатова, И.Д. Козачкина. М., 1990. – 250 с.
- Новый Уголовный кодекс Франции.
- Итальянский уголовный кодекс 1930 г.
- Повелицина А.Ф. Уголовно-правовая охрана природы СССР. Дисс. на соиск…. докт. юрид. наук. – Ашхабад,
- 10.Жевлаков Э.Н. Экологические преступления: понятие, виды и проблемы ответственности. Авторферат дисс. на соиск…. докт. юрид. наук. – М., 1992.